ЖАҢА ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ – ТІЛДІҢ ИММУНДЫҚ ТЕТІКТЕРІН ЖАҢҒЫРТУШЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Ш.Қ. Құрманбаева1, Б.К. Шагирбаева2
1педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Нұр-Сұлтан, Қазақстан, e-mail: shynar.kapantaikyzy@gmail.com
2PhD докторант, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,
Көкшетау, Қазақстан, e-mail: b_shagirbaeva73@mail.ru

ЖАҢА ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ – ТІЛДІҢ ИММУНДЫҚ ТЕТІКТЕРІН ЖАҢҒЫРТУШЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Мақалада латыннегізді жаңа қазақ жазуына көшу кезеңінде маңызды орын алатын емле ережелерін үйрету мәселелері қарастырылады. Жаңа емлені үйретуде педагог-тілші қауымға артылар міндеттер жайлы баяндалады. Жаңа графиканы оқытуда оқылым, жазылым дағдыларын дамытудың қажеттілігі айқындалады. Жаңа қазақ жазуын тілдің иммундық тетіктерін жаңғыртушы күш ретінде қарастыра отырып оқытудың маңызы айқындалады.

Тірек сөздер: жазу, латыннегізді, емле, үйрету, әдістеме, жаңғыру.
КІРІСПЕ
Жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді.
Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп, халық арасында кеңінен айтылып, әр алуан жұмыстар жүргізіліп келеді. 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген болатын [1].
Елімізде басталып кеткен жазу реформасы әлеуметтік санада үлкен өзгерістер тудыруда. Латын графикасына көшудің маңыздылығы мен қажеттiлiгiн бүгінгі күнде егемен Қазақстанның кез келген саналы азаматы жақсы түсінеді. Бүгінгі күнде жаңа жазуға көшудің кезеңдік жоспарына сәйкес жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері жасалды [2]. Енді сол ережелерді алдымен тілші мамандарға оқыту мәселесі қолға алынуы қажет.
Латын графикасына көшу үдерісінде ең алдымен білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Бірінші кезекте латын әліпбиі негізіндегі жаңа жазу мен емле ережелерін жалпы көпшілікке меңгерту қажеттілігі ортаға шығады. Балабақшаларда, мектептерде, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында, жалпы оқу үрдерісінде жаңа жазу мен оның емлесін үйрететін мамандар мен тиімді әдістемелік жүйенің қажеттігі туындайды. Өйткені жаңа әліпби негізіндегі қазақ жазуының жаңа емле ережелерін меңгертудің тиімді әдістемесі тілдің иммундық тетіктерін жаңғыртып, қайта іске қосуға үлес қосатыны сөзсіз.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақтың латын әрпіне көшуі бүкіл ұлттың оқу-жазуды қайтадан үйренуін талап етеді. Үлкенді-кішілі барлығымыз жаңа жазуды қолдануды әліпбиге қайта-қайта жалтақтап қарап, буындап жазып, ежелеп оқудан бастаймыз. Балабақша, мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісіне жаңа жазу біртіндеп, арнайы бағдарламалар бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болғандықтан, балалар, оқушылар мен студенттердің жаңа жазуға бейімделуі айтарлықтай ауыртпалықсыз жүзеге асатын болады. Әрі оқу үдерісінің қызу ортасында жүрген,латын графикасымен бұрыннан таныс оқушы-студент қауымбұл өзгерістерді кезекті оқу жүктемесі, міндетті меңгерілуі тиіс ақпарат ауқымы деп жеңіл қабылдап, еркін игеріп кететін болады. Дұрыс түсіндіріліп, дұрыс үйретілген жағдайда, заманауи жаңаша ойлауға бейім жастарымыз жастық жігер-күштің арқасында аз-ақ уақыттың ішінде меңгеріп алары шүбәсіз.
Ал міндетті оқу кезеңін артқа тастаған ересек қоғам өкілдері үшін жаңа әліпбимен оқып, сауатты жазуды меңгеріп кету біршама уақытты, ынта-жігерді қажет етеді. Кириллицаға негізделген қазіргі қазақ жазуын тұтас сурет күйінде қабылдап, көзбен қармап көріп, жылдам оқып жүрген адам бір күнде қайтадан жаңа әріптерді дыбыстап, ежіктеп оқу деңгейінен бастайды. Қайтадан автоматты түрде оқу деңгейіне жеткенше бірталай жаттығу мен уақыт қажет болады. Жаңа жазумен барынша көп шұғылдану ғана адамның графикалық ойлау дағдысының қалыптасуына мүмкіндік береді.
Латын графикасына көшу үдерісінде ең алдымен білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Бірінші кезекте латын әліпбиі негізіндегі жаңа жазу мен емле ережелерін жалпы көпшілікке меңгерту қажеттілігі ортаға шығады. Балабақшаларда, мектептерде, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында, арнай курстарда – жалпы оқу үрдерісінде жаңа қазақ жазуы мен емлесін үйрететін мамандар қажеттігі туындайды. Бұл үшін ең алдымен осы жаңа графика негізінде оқу-жазуды үйрететін педагог мамандардың білімін жетілдіру маңыздылығы айқындалады.
Латын қарпі негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін халықтың барлық санатына аз уақыт аралығында үлкен қарқынмен, сапалы түрде меңгерту ісі педагог мамандарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміздегі әрбір педагог маман бұл істің маңыздылығын терең түсініп, қазақ жазуындағы тың өзгерістерді алдымен өзі меңгеруге ұмтылуы қажеттігін алға тартатын шешуші сәт – осы кез. Латын әліпбиіне көшудің кезеңдік жоспарына сәйкес үстіміздегі жылы елімізде педагог қызметкерлерге арналған латын қарпі негізіндегі жаңа қазақ емлесін меңгерту курстары ашыла бастады.
Латын графикасына көшу үдерісінде сонымен қатар мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің қызметшілеріне қойылатын талап еселеніп, ісқағаздарын жазбаша жүргізу жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Бірінші кезекте латын әліпбиі негізіндегі жаңа жазу мен емле ережелерін жүйелі меңгеріп, мемлекеттік маңызы бар құжаттар айналымын сауатты жүргізу қажеттілігі туындайды. Қоғам өмірінде үлкен рөл атқаратынісқағаздарының сауатты, дұрыс жазылуының саяси, тарихи, экономикалық тұрғыдан маңызы зор екені белгілі. Бұл салада да тек әліпбиді ғана меңгеріп алу жеткіліксіз, мамандыққа қатысты көптеген терминдердің жазылуындағы өзгерістерді де дұрыс түсініп, жазуда сауатты қолдану қажеттігі туындайды. Кеңестік кезеңдегі «Өмiр бойы азық боларлықтай бiлiм беру» деген оқу мақсатының үлгісі бүгінде «Өмiр бойы оқып үйрену» үлгісіне ауысқан[3]. Сондықтан күн сайын толассыз ауысып жатқан ақпараттар ағымы әрбір маманның білімін үнемі жетілдіріп отыруын талап етеді.
Латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ жазуы негізінен білім беру жүйесінде ғана арнайы оқытылатынын ескерсек, қоғамдағы білім ошақтарына қамтылмаған топ – жеке тұлғалар мен ересектердің жаңа жазу негізіндегі оқу-жазу сауаттылығын көтеру мәселесінің өзектілігі айқындала түседі.Қазіргі Қазақстан қоғамының ауқымды бөлігін білім беру жүйесіне тартылмаған, орта, жоғары оқу орындарын тәмамдап, қызмет атқарып жүрген немесе зейнеткерлік жасынан жеткен ересек қауым құрайтыны белгілі.Айталық, ертеңгі күні жаңа әліпби барлық салаға ене бастаған кезде адамдардың ақпараттық ашықтық пен тұрақтылық, қандай да бір әлеуметтік топтың құрамына жату, өзін-өзі жүзеге асыру тәрізді заңды қажеттіліктері туындай бастайды. Жаңа жазуды бір адамдар меңгермей қалған болса, олар өзін қоғамнан шет сезіне бастайды. Бұл олардың психикасына, денсаулығына кері әсер ететін болады. Олай болса, қоғамымыздағы ересектер қауымына жаңа қазақ жазуын меңгертуді дереу қолға алып, жүйелі түрде ұйымдастыру – мемлекеттік маңызы бар үлкен міндет болмақ.
Бүгінгі қоғамда тек өзін-өзі үнемі дамытуға, жаңа білімді қабылдауға бейім, қоғамдағы өзгерістерге ашық дара тұлғалар ғана бәсекелестікке қабілетті бола алады және тек солар ғана бәсекелестікке қабілетті өзгеше қоғам үлгісін құра алады. Сондықтан қоғамымыздың әрбір мүшесінің латын әліпбиі негізіндегі жаңа қазақ жазуы мен емле ережелерін меңгеру қажеттілігі олардың жеке бас өмір сапасын арттыру қажеттілігімен астасады.Еліміздегі әрбір азаматтың өмір бойы білімін жетілдіруге толық құқығы бар. Ерікті адам тұлғасының даму үдерісі бүкіл өмір бойы тоқталмайды. Осыған сәйкес оның ақыл-ой, парасаты кемелденіп, өмір сүру белсенділігі, болашаққа деген үміті арта түседі. Олай болса, жаңа жазудың әлеуметтік маңызы мен мәнін жете түсінген қоғамның әрбір мүшесі жазу реформасына өз жекебас мүддесі тұрғысынан қарай отырып, жаңа жазуды сауатты меңгеріп, қолдану арқылы қазақ тілінің жаһандық деңгейде дамуына елеулі үлес қосатынын сезінуі тиіс.
Жаңа жазу емлесін меңгерту мәселесі тиісті дәрежеде шешілмеген жағдайда мынау цифрлық қоғамда жаңа жазуды сауатты қолданып жүрген адамдар мен әлі меңгермеген қауымның арасында ақпараттық түсініспеушілік кеңістігі пайда болуы мүмкін. Сол себепті қоғамның барлық санаттарындағы тұлғалардың жаңа әліпбиді меңгеруіне жағдай жасау мемлекеттік деңгейде қамтамасыз етілетін болады.Бүгінде жаңа жазу емлесін меңгертудің әдістемесін дамыту, қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету ісі қолға алынуда. Жақында ғана Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы жаңа емле ережелерін ересектерге, жаппай көпшілікке түсіндіретін, меңгертетін, оқытатын білікті тренер мамандарды даярлауға арналған «Жаңа емле» атты оқу-әдістемелік құралын баспадан шығарды[4].
Жаңа жазуды меңгеру барысында әрбір адамның алдында ең алдымен барынша жылдам әрі сауатты жазу және қарқынды оқу дағдысын қалыптастыру қажеттілігі туындайтыны ескеріле отырып, оқу-әдістемелік құралға енгізілген жаңа емлеге сәйкес түзілген тапсырмалар жүйесі жазылым және оқылым дағдыларын меңгертуді көздейді. Жазылым тапсырмалары қолдағды қалыптастыра отырып, емле ережелерін меңгертуге бағытталса, оқылым тапсырмалары көздағды қалыптастыру арқылы қармап оқуға баулиды. Сонымен қатар оқылым тапсырмалары орфоэпия заңдылықтарын меңгертуді негізге ала құрылды. Оның себебі, кеңестік кезеңде жазылуы бойынша оқудың нәтижесінде ауызша тілдің сазы бұзылып, дұрыс айту нормалары – орфоэпия заңдылықтары сақталмайтын болды. Бұл кемшілік қарапайым жастар тілінде ғана емес, сөзді өз кәсібінің құралы етіп жүрген арнайы мамандық иелері тілінің өзінде жаппай кездесе бастады. Журналистер, дикторлар, әншілер тілін былай қойғанда, қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының өзі сөз ырғағын бұзып сөйлейтін болды. Бұл тіліміздің басты ерекшелігі – үндестік заңына, сол арқылы тілімізге төніп келе жатқан үлкен қауіп болатын. Жаңа жазуымыз тіліміздіңосы ішкі гармониясы мен әсемдігін қалпына келтіруге қызмет ететіні көңіл қуантады.Жаңа жазуды үйрететін әрбір оқытушы маман осы мәселені ескеріп, орфоэпияға сәйкес дұрыс оқытуды қолға алар болса, тіліміз де, өзіміз де рухани жаңғырарымыз сөзсіз. Оқу-әдістемелік құрал мазмұны емле ережелерінің тарауларына сәйкес құрылып, жаттығулар жүйесі осы ережелерді меңгертуге арналды. Тапсырмалар жүйесі таным әрекетінің деңгейлеріне сай өз ішінде емле ережесінің ғылыми негіздерін білу, түсіну деңгейіндегі жаттығулары (есте сақтаңыз, анықтаңыз, астын сызыңыз, көшіріңіз, мән беріңіз, табыңыз, т.б.); қолдану мен талдау деңгейіндегі жаттығулар (жаңа қазақ жазуымен жазыңыз, орнына қойыңыз, бағандарға бөліңіз, топтастырыңыз, қатесін түзетіңіз, дұрыстығын тексеріңіз, талдау жасаңыз, талқылаңыз, түсіндіріңіз, себебін айтыңыз, т.б.) және жинақтау, бағалау деңгейіндегі жаттығулардан (жалғастырыңыз, құраңыз, құрастырыңыз, уәжділігін дәлелдеңіз, т.б.) тұрады.
Қазіргі күні ақпараттың орасан зор көлемін игеру мүмкін емес. «Білім = ақпарат» формуласы бүгінгі күні ескірген, білім ақпарат емес. Білім игеру процесі – қайталау емес, ал сабақ – тексеру емес. Адамзат тарихы «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал» деген қағиданың ақиқаттылығын дәлелдеп отыр. Бұрынырақта білім берудің басты қағидасы «Үйрету!» болса, бүгінгі күні басты идея «Үйрену!», тіпті «Үйренуге үйрену!» ұстанымына айналған. Сондықтан емле ережелерін оқушылар түсініксіз, ауыр, жаттап алуды қажет ететін, миға салмақ салатын ақпараттар ағымы ғана деп емес, ойланып, жүрегінен өткізу арқылы терең сезінуге болатын, ішкі түйсікпен анықтауға болатын аса құнды мәліметтер деп қабылдауына қол жеткізу керек. Оны не үшін білу қажет, бұл ақпаратты дұрыс түсініп, біліп алу менің өміріме қандай өзгерістер әкеледі деген сұраққа жауап іздету керек. Ұстаздың басты мақсаты – шәкіртіне білімді өздігімен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік түсінік қалыптастыруына тиімді жағдай жасап, бағыт-бағдар сілтеу. Сол кезде ғана әр шәкірт өзіндік түсінік қалыптастыра алады, осылайша қазақ тілінің теңдесі жоқ ерекшелігін айқындайды, соған иланады. Бұл сезім оның тілінің болашағына деген сенімін арттырады. Ал тілінің болашағын әрбір адам мемлекетінің болашағымен, сәйкесінше, өзінің болашағымен байланыстыратыны белгілі.
Оқу үдерісінің нәтижелі болуы оқытушы қолданатын әдіске ғана байланысты емес. Басқаша айтсақ, қазіргі күнде сәнге айналған әдіс-тәсіл, технологияларды үйіп-төгіп қолданса да, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмауы мүмкін. Өйткені оқытудың нәтижелілігіне ең алдымен ұсынылатын материалдың беделі әсер етеді. Оқытушы ұсынатын тілдік материалын өзі дұрыс түсінбей, соған байланысты өзі де аса ұнатпайтын болса, ол оқушысына да оны жеткізе алмайды. Оқушы ұстазына иланып, көзсіз соңынан еруі үшін оқу материалы үлкен махаббатпен ұсынылуы керек. Қазіргідей тарихи кезеңде бізге өзі тілін шексіз сүйетін, оның әрбір ерекшелігін таңғалдырып, тамсандырып түсіндіретін ұстаздар керек. Әрбір емле ережесінің себебін, негізін дұрыс түсіндіретіндей өзінің тілдік интуициясы, орфографиялық қырағылығы жоғары маман болу үшін ең алдымен оқытушы маман өзініңтеориялық білімін тереңдетуі керек. Осы мақсатта «Тіл-қазына» орталығы шығарған оқу-әдістемелік құралда жаңа емле ережелерінің әрбір тақырыбына қатысты қысқа да нұсқа, түсінікті теориялық материал берілген. Теориялық материалды ұсынғандар – емле ережелерін құрастырған тілші-ғалымдар.
Сонымен қатар, жаңа әліпби емле ережелеріндегі бірқатар өзгерістергекейбір тілші мамандардың өзінде түсініспеушілік туындап отырғаны да жасырын емес. Кез келген уақытта қоғамдағы жаңа реформаларға қарсы шығатын адамдар тобы болады. Оның себебін адамның дағдылы әрекеттерден арылғысы, жан рақаты аумағынан шыққысы келмеуімен түсіндіруге болады. Жаңа деп ұсынылып отырған жүйені зерттеп, танымай, ерекшеліктерін ажыратпай, тек қана жаман жақтарын санамалау – пессимист адамға тән қасиет.
Бұл жағдайда әрбір тілші маманның жүрегіне жақын келген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. …Сананың ашық болуы, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі», — деген сөздерін басшылыққа алуымыз керек деп санаймын [5].
Айталық, жалпы түркі халықтарының латын графикасындағы әліпбиге көшу кезеңінде және емле әзірлеу барысында қиындық тудырған басты мәселелердің бірі – кірме (шеттілдік) сөздердің жазылуы оқыту барысында да көптеген сұрақтар туындатуда. Тіпті кейбір тілші мамандардың өзі жіңішкелік (ь) белгісін алып тастауға, «әп-әдемі» сөздердің қазақи үлгіде айтылып, жазылатынына қарсы пікір білдіруде. Кирил әліпбиіне негізделген қазіргі қазақ жазуында орыс тілінен енген кірме сөздерді еш өзгеріссіз қабылдау және өзіндік айтылым нормасына бейімдемеу сияқты кеңестік тоталитарлық саясаттың салдарынан санамызда қалыптасқан теріс стереотиптер оңайлықпен жойыла қоймайды. Оған уақыт керек, үйретуге мықты білім мен білік, әдіс керек. Көп жағдайда осы біз жабысып жүрген сол «әдемі» сөздердің өзі орыс тіліне де басқа шет тілдерден енгенін, орыстар оларға жіңішкелік (ь) белгісін қосып, өз тілдеріне бейімдеп алғанын, түпнұсқа тілінде ол сөздер мүлдем басқа екенін, тіпті қазіргі біздің жаңа емледегі нұсқамызға жақын екенін біле бермейміз.
Мысалы, «альбом» сөзі ағылшын тілінде (album) – «албұм» деп айтылса, «ателье» сөзі француз тілінде (atelier) – «әтөли» деп айтылады. Швед астрономы А.Селсиустың (Anders Celsius) құрметіне аталған температураны өлшеу шкаласының атауы «цельсий» сөзі
«селсиус» деп айтылады. Алкоголь – арабша «الكحل, al-kuħl», ағылшынша «alcohol» сөзі «алкахол» деп айтылады. Сонда біздің «қия алмай» жүргеніміз қандай сөздер болғаны? Орыс тіліндегі жіңішкелік белгісі қосылған қате нұсқасын емес, түпнұсқа тілдердегі айтылуына жақын етіп өз тіліміздегі нұсқасын қолдануымыз керек емес пе! Міне, оқыту барысында осындай уәждерді келтіре отырып, дәлелдей көрсету арқылы тілдік сананы жаңғыртуымыз қажет.
ҚОРЫТЫНДЫ
Білім деген – тек дағды мен білік қана емес, сонымен бірге адами қасиет. Абайдың «Адам бол!» деген басты өмірлік қағидасы да соны меңзейді. Сондықтан «қоғамға қызмет жасау үшін білім беру» мақсаты бірінші кезекте тұруы керек. Қытайдың ғұламасы Конфуций ұстаз қызметінің маңызы туралы: «Егер адамдарды жеті жыл бойы жақсы адам оқытса, оларды шайқасқа жіберуге болады», — деген екен. Олай болса, жаңа жазу емлесін меңгертуге арналған әрбір сабағымыз құлдық санадан арылып, тіліміздің иммундық тетіктерін оятуға, рухын көтеруге, қасиетін танытып, беделін арттыруға бағытталуы тиіс. Өзіміз сүйіп оқытсақ, біз оқытқан шәкірттер де ертеңгі күні ана тіліміздің жанашыры болары, мәртебесін асқақтатары анық.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Назарбаев Н.Ә. Тіл тағдыры — ел тағдыры // Ана тілі. – 2006. — № 46 (831). – 1-2-б.
2 «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы. – Алматы: А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2018.
3 Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Оқу құралы. – Алматы, 2009. — 263 бет.
4 Жаңа емле. Оқу-әдістемелік құрал. – Құрастырғандар: ф.ғ.д., профессор
Қ.Күдеринова, т.б. — Астана, 2019. – 134 б.
5 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты мақаласы // Егемен Қазақстан,№70 (29051). 12 сәуір, сәрсенбі 2017 жыл.

Ш.К. Курманбаева1, Б.К. Шагирбаева2
Новое казахское письмо – ценность, модернизирующая иммунные механизмы языка
1Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева, Нур-Султан, Казахстан
2Кокшетауский государственный университет имени Ш. Уалиханова, Кокшетау, Казахстан
В статье рассматриваются вопросы обучения правилам правописания, которые важны при переходе на новый казахский алфавит, основанный на латинскую графику. Определяются обязанности, которые возлагаются на учителей-языковедов при обучении новым орфографическим правилам. Отмечается необходимость развития навыков чтения и письма в обучении новой графике. Важность обучения определяется тем, что новая казахская письменность рассматривается как обновляющая сила языковых иммунных механизмов.

Sh. Kurmanbayeva1, B. Shagirbaeva2
New Kazakh letter — value, upgrading the immune mechanisms of the language
1L.N. Gumilev Eurasian National University,
Nur-Sultan, Kazakhstan
2Sh.Ualikhanov Kokshetau State University
Kokshetau, Kazakhstan This article is considered the questions of the teaching of the right, which is necessary during the transition to the new Kazakh alphabet, based on the Latin graphics. Differentiated relationships that are accustomed to the newer oriferous laws of language teachers. There is a need to develop reading and writing skills in teaching new graphics. The importance of teaching is determined by the fact that the new Kazakh law is regarded as renewing the immune mechanisms of language.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *