ЖАЗУШЫ СЕРІК АСЫЛБЕКҰЛЫНЫҢ «АҚ ҚАРҒА» ПОВЕСІНДЕГІ ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ КӨРІНІСІ

Г.Б. Тоқшылықова
Абай атындағы ҚазҰПУ, «Әдебиеттану» мамандығының PhD докторанты,
gulnaz_lit75@mail.ru

ЖАЗУШЫ СЕРІК АСЫЛБЕКҰЛЫНЫҢ «АҚ ҚАРҒА» ПОВЕСІНДЕГІ ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ КӨРІНІСІ

Мақалада жазушы, аудармашы, драматург Серік Асылбекұлының соны шығармашылық ізденісінен туған «Ақ қарға» повесі талданады. Аталған туындыдағы экзистенциализмнің көрінісі жан-жақты сөз болады. Соның ішінде экзистенциализмнің күрделі концепцияларының бірі – жатсыну категориясы негізгі кейіпкердің ой-өрісі, ісәрекеті, көзқарасы арқылы талданады. Жазушының негізгі идеясымен қатар қосалқы идеялар да анықталып, қоғам бен адам, қоғам тудырған ережелер мен тәртіп арасындағы қайшылықтар нақтыланады. Айтар ойы, көтерген мәселесінің бір болуы тұрғысынан автордың туындысы жапон жазушысы Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» шығармасымен салыстырыла, сабақтастырыла талданады. Екі жазушының шығармасына ортақ – адамның өзін қоршаған ортасын жатсынуы, жалғыздықты басынан кешуі, өз өмірінің мәнін түсіне алмай дал болуы, қоғамға деген қайшылыққа толы көзқарасы көрсетіледі.

Кілт сөздер: авторлық позиция, негізгі идея, экзистенциализм, жатсыну, абсурдтық әлем

КІРІСПЕ
«Серік Асылбекұлы – жарық дүние сұлулығына тойымсыз құштарлықпен ынтық адам атаулының жан әлеміндегі артықшылықтар мен осалдықтарды қысқа қайырымға қыруар құбылыс сыйғызып, қамтып «жеңіл жазудың» классикалық үрдісі бойына сіңген жазушы» [1,124] болғандықтан алғашқы туындысымен-ақ көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген, әлі күнге заманауи шығармаларымен өз оқырманын жоғалтпаған салмақты жазушы. Қарқынды беталысынан жаңылмаған қаламгердің бүгінде аударма саласында, проза, драматургия жанрында шоқтығы биік туындылары біршама.
Автордың бүгінгі біз сөз еткелі отырған «Ақ қарға» повесі орталықтан шеткері жатқан «Ақиін» атты қарапайым қазақ ауылының тұрғындары, нақты айтқанда, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі Жаңабек жайындағы оқиғаға құрылған. Бас-аяғы шымыр, авторлық позициясы мен идеясы айқын, композициясы жинақы берілген туындыда қазақы әдет-ғұрып, мінез, ұлттық салт-сана суреттеу типінде жинақталып берілген. Соның нәтижесінде шығармада ұлттық характер, ұлттық болмыс, әлеуметтік сынау, жатсыну сынды мәселелер басы ашық беріледі. Бұл өз кезегінде қаламгер қарымының қуаттылығын аңғартады.
Шығарманың атауы – «Ақ қарға». Бірақ әңгіме құс жайында емес. Повесін осылай атау арқылы автор шығарманың негізгі идеясынан хабар береді. Идеясы – «көп қара қарғаның ортасына бір ақ қарға пайда болса, қалғандары соны жан-жақтан шұқылап, күн бермейді» [2,171] деген халық түсінігі арқылы қандай заман болса да, қандай білімді немесе ерекше жан болып туылса да, адамның өз ортасынан бөлінбеуінің қажеттігін ұғындыру. Автор оқырмандарына өз ауылдастарын сол бар артықшылық-кемшілігімен қабылдай білуі тиіс екенін, өйткені оның кемшілік деп танып жүргенінің өзі олардың ерекшелігі екенін түсіндіруге тырысады. Жазушы О.Бөкей де «Көптен кеткен көмусіз қалар» деген халық мәтелін «Атау кере» шығармасына эпиграф етіп ала отырып, Еріктің баю үшін елден жырақ кетіп, шешесінен, әйелінен айрылып, өмірінің трагедиямен аяқталуы оқиғасын жазуы да осы идеяны меңзейді. С.Асылбекұлы да өзі сол ауылда туып, өссе де, аз күн газет оқыдым деп көзқарасы, іс-әрекеті өзгеріп шыға келгені аздай, өзін ерекше паңдана ұстауды әдетке айналдырған Жаңабек – «ақ қарғаны» ел аузында (Келдібай, Өзипа) «шіркін» деп атайтынын көрсетеді. Шығарманы толық оқып шыққан оқырман «ақ қарға» атанудың пәлендей жақсы еместігін, көппен көрген нәрсенің ұлы той екенін, жалғыз қалудың бұрыстығын түсінеді. Бірақ, бұл астары қалың туындының негізгі идеясы ғана. Сол себепті біз герменевтикалық әдісті басшылыққа аламыз.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ.
Повесть барысында ұлтымыздың сан түрлі салт-дәстүрінен хабардар боп отырамыз. Ол түсінікті де, қазақ аулының той-томалақсыз отыруы мүмкін емес. Наурыз мерекесінде немесе қыз ұзатып, келін түсіріп, құда шақырып, киіт киіп, қалың мал беріп, баласын сүндетке отырғызып мәре-сәре болған ел қуанышына ауыл адамдары түгел жиналады. Жұрт басы қосылғанда ләңгі тепкен, асық атқан, әткеншек итерген бала-шаға жүреді. Мысалы, ауыл басшысы Келдібай жаңадан қызметке келіп, әйелі Гүләйім екеуі сіңісе алмай жүргенде анасы бір малды сойғызып, оларды үй-ішімен ерулікке шақырады. Осыдан бастап олардың араласқұраластығы, сыйластығы күн сайын нығая береді. Бұл да бір тәлім алатын қазақтың әдемі дәстүрлерінің бірі. Автор ауыл адамдарының тілімен сөйлейтіндіктен, повесть жеңіл оқылады. Шығарма осынысымен құнды, тартымды дей аламыз. Бейне бір кейіпкерлер жаныңда жүргендей, жанды адамдар секілді әсер қалдырады: «матасекіл», «кәмунизм», «рахатизм», «топыли», «телебезір», «көлиган», «кәллә», «мәшинес», «нербіни», «мілитса» деген ауызекі тілдегі сөздермен қатар, қазақ аналарының өз балаларын «көктігілсін», «қара тігілсін», «жер тартқырлар» деп қарғайтын қазақи мінез-құлықты тап басып, шынайы көрсете алған. Суреткер туындысының ерекшелігі де сонда – көңілге жылы тиетін, таза бұлақ суындай мөлдірлік астарынан ұлттық мінезді, психологияны байқаймыз. Ұлттық мінез-құлық өзгермелі құбылыс десек, повестен кеңестік заман ырқымен әбден түрленген мінезді де кездестіреміз (Тоқтар сындылардың «пейіштің зәм-зәм суы деп» арақпен дос болғандығы т.б.).
Шығарма кейіпкерлері де көп емес: негізгілері Жаңабек, әйелі Өзипа, анасы Сырғалы. Жаңабек – жастайынан әкесінен айрылып, әпкелері мен жесір шешесінің жүзіндегі жоқшылық пен мұңды оқып өскен жасқаншақтау, кекшілдеу, бұйығы мінезді жігіт, табиғатынан жуас болса да намысшыл, бастық атаулыдан сырт жүретін, жағымпаздануды білмейтін, бұйығылау жігіт, әкесі ұста болғандықтан қолының місекерлігі бар. Әйелі Өзипа – ененің де, күйеудің де тілін таба білетін нағыз қазақы келін. Үй шаруасына да, түз шаруасына да бірдей, ақкөңіл, бауырмал, аяулы жан. Өзін ауыл почтасына жұмысқа қойғаны үшін қайынағасының да үй тірлігін арасында ризашылықпен барып бітіріп келетін, екі әулеттің арасындағы таныстықты әрі қарай табыспен дамытып әкеткен ақылды келін. Күйеуімен бір ауыз сөзге келіп ұрысып, жекіп, бұйырмай-ақ айтқанын істетіп отырады. Яғни, «еркегінің еркелеп діңкесін құртатын», бәрін ақылмен шешетін жан. Ол тіпті күйеуін атымен атамай, «апамның баласы-ау» деп сөйлейді. Оның не нәрсені де ақыл таразысына салып істейтіндігі алғаш күйеуінің сын мақаласы шыққанда ол секілді есі шығып қуанбағанынан білінеді. Бір ауылда тұрып, отын оттап, суын бірге сулап отырғанда баспасөз арқылы қайынағасының қорасын айдай әлемге әшкере қылғанын әбес көреді, артын ойлайды, көңіліне келетін болды деп үлкендігін сыйлайды. Расында Өзипа – Жаңабектің басындағы бағы болатын. Енесі мен келіні арасында нәзік сыйластық, өзара түсіністік бар. Жаңабектің анасы – Сырғалы. Кейуананың өміріне ризашылық көңілін автор қазақ ұлтына тән тәубешілдікпен аузына салады. Мұсылман дінінде, жалпы шығыс халқының дәстүрлі мәдениетінде терең орын алған «тәубе» ұғымы жөнінде философ Ғ.Есімов былай дейді: «Тәубе деген – адамның бұл дүниеде барлығына қанағат етуі. Тәубе басы – адамның тірі, бар болу болса, одан кейін Алланың берген несібесіне разылық білдіруі, одан әрі бұйрыққа, Жаратушының әміріне сәйкес ғұмыр кешу болып табылады. Бұл үшін сабырлылық, шыдамдылық, рахымдылық пен ізгілік сияқты қасиеттер адам болмысының негізін құрауы керек» [3, 108]. Осы тәубешілдік арқасында біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп келе жатқан Сырғалы сынды кейіпкерлер игілік пен ізгілік, мейірімділік пен бауырмалдық, тәубешілдік, барға қанағат, жоққа нысап сияқты қазақ халқының бойындағы тамаша қасиеттерді оқырман көңіліне жеткізеді.
Жалпы автор өз повесінде қазақы ауылдың тұрмыс-тіршілігін бейнелей отырып, үлкен проблемаларға бой ұрады. Әділет пен ақиқат іздеп, коммунистік мораль іздеген және соның бәріне имандай сенген Жаңабек әділетсіздікті көріп, партия құрамындағы бюрократтардың зорлығымен «совет саудасының тәртібін бұзғаны» үшін газеттегі штаттан тыс тілші куәлігінен, ауылдағы жұмысынан айрылып, қайырлап қалған кемедей болып қалады. Өмірінде диплом түгілі аттестат алып көрмеген Жаңабекке дүкенші туралы шындықты айтқаны үшін тілші куәлігінен айрылу ауыр тиеді. Бұл әділетсіздік оны есеңгіретіп тастады, аулына келгесін де сүлесоқ болып жүреді, кейде көзін бір нүктеге қадаған күйі сағаттап, тапжылмастан отырады да қояды, кейде айдалаға жоқ іздеген адамша өзді-өзі қаңғырып кетеді. Ойын күлкіні былай қойып, дүние қамын тәрк еткен кісіше ешкіммен сөйлеспей, оңашаланып, тұйықталып қалды. Онсыз да жұрттан саяқтау жүретін жас жігіт мүлде тұйықтанып алды. Ешуақытта басқа жұрттың бақытын күндеп көрмеген, пешенесіне жазылған қоңыр тірлігін күйттеп жүрген жігіт: «Апыр-ау, сонда бұл шындық деген қайда?
Шындық дейміз, әділет деп аһ ұрамыз. Жанымды жалдап, әділет үшін шырқырағанымда сол әділеттің маған тартқан сыйы осы ма?» деп өзін-өзі тергеуге алғанымен, жауабын таба алмайды. Осылайша өзінің таным-түсінігі мен қоғам талабы сәйкес келмейтінін түсінеді. Жаңабек басындағы бұл жағдайды – экзистенциализмнің күрделі концепцияларының бірі – жатсыну категориясына жатқызуға болады. Ғылымда «жатсынуды – адамның өзінің жеке қарым-қатынастарын, қызметтерін, және нәтижелерін жатырқауының тумасы мен салдары болып табылады» [4,180] деп түсіндіреді. Адам тағдырына үңілуде С.Асылбекұлының сәтті ізденістері байқалады. Оның кейіпкеріне оптимизм тән, жақсы өмір сүруге ұмтылады. Автор шығарма арасында «қоғамда тұрып сол қоғамнан тыс өмір сүре алмайсың» деген ой тастап отырады. Жаңабек ауылдастарының саяси белсенділіктерінің төмендігіне іштей қанша көңілі толмаса да, әңгімеге мүлде араласпай тағы отыра алмайды. Жұрт саябір тапқан бір тұста:
— Ал енді Ирак Кувейтті басып алыпты, оны есіттіңіздер ме? – дейді мәслихаттың тақырыбын басқа арнаға бұруға тырысып.
— Көтек, не дейді? – Шай құйып отырған осы ауылдағы соңғы хабарларды жедел таратушы сөзшең жеңгейлердің бірі Қорлығайын от басып алғандай шоршып түседі. – Қашан, шырағым-ау?
— Тап осы өткен жетіде – дейді Жаңабек сол Кувейтті басып алуға өзі де қатысып қайтқан адамша. – Саддам Хусейн бүкіл әскерін шекараға жинады да, бір күнде басты да алды.
— Құсайінің кім, әлгі біздің Құлманбетиярдың Қызылордадағы «мәшинес» баласы емес пе? – дейді осы кезде төрде отырған «Ақиіннің» жасы үлкен шалдарының бірі Жарылқап аузындағы бауырсағын қызыл иегімен малжаңдап жатып. – О балаға не көрінген, ондай басбұзарлығы жоқ сияқты еді ғой.
— Ата-ай, о балаң қалаға барған соң бұзылыпты ғо», Қызылорданың «көлигандары» кісіні бұзбай қоя ма? – дейді қу тілді Әбділдә деген тракторшы аңқау шалды енді мүлде адастырып [2,152]. Міне, осылайша дастарқан басындағылар Жаңабек көтерген бүгінгі күннің саяси өміріндегі осы бір ең маңызды мәселені түсінбей, Иракты Қызылордамен, оның атақты президентін осы ауылдан шыққан Құлманбетиярдің теміржолшы баласымен шатастырып, әңгіме төркінін мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. Мәтінді оқып отырып, еріксіз күлесің, бірақ риясыз, таза күлкі емес. Ауыл адамдарының саяси сауатсыздығы мен аңғалдығына, ешнәрсенің байыбына бармай, қамсыз, әрекетсіз, самарқау тірлік кешіп жатқандығына ызалана күлесің. Баяғы сол Абай, Ахмет, Мағжан, Міржақыптар айтып кеткен бейғам, ішіп-жеп, ұйқысы қанғанына риза боп, тоқмейілсіген қазақ қалпы, өзгеріс жоқ. Автор оқырманға Жаңабектің тілші болуын қазақ қоғамының «кертартпа» мінездеріне деген қарсылықтары қордалана келіп, қолына еріксіз қалам ұстауға мәжбүрліктен туғандай етіп түсіндіргенімен, астарлы ақиқат оның:
— Әй, неменелеріне жетісіп күледі-ай сонда? Тура қағанақтары қарық, сағанақтары сарық болып тұрғандай. Оу, тым болмаса осылар сол кувейттіктердің бұлардыкындей жаман жаппа тамдарда емес, кранынан ыстық суы да, жылы суы да сарқыраған, ауласы кипаристердің көлеңкесіне көмілген, керек десеңіз, іштерінде айналасы ат шаптырым бассейндері бар қазіргі замандық жайлы коттедждерінде тұратындарын, дастарқандарынан қысы-жазы көкөніс пен жемістің неше атасынан бастап бекіренің уылдырығына дейін үзілмейтінін, балаларының тек қана американ компьютерлерімен ғана жабдықталған кең, сәулетті сарайларда оқитындарын да білмейді ғой» [2,153] деген сөздерінен айқын аңғарылып қалады. Әрине, білмейді. Қайдан біледі. Кеңес үкіметінің ұстанған саясаты осы болды. Халық артық ештеңе ойламауы керек, оқуын оқып, жұмысын істеп жүре беруі қажет, қала берді Жаңабек ұқсап қойын бағып, жырақта шеттетіліп жүрсе де мейлі. Автор өз кейіпкерін Жаңабек деп қою арқылы қазақ аулының да бар жаңалықты біліп, жақсы өмір сүруге хақысы бар екенін түсінсе екен дейді. Әйтпесе, тып-тыныш жатқан ауылдан аяқ астынан пайда болған «ақ қарға» сынды кейіпкерді оқырман күліп алсын деп тудырмайтыны анық. Жалпы үкіметтің Джонатан Свифт айтқандай аңқау халыққа «бос бөшке» жайындағы ертегіні оқытып, сыртынан түрлі сұмдық саясатын жүргізетін сұрқиялығы бүгінде басы ашық мәселе. Қалың құмның ішінде елеусіз күйде, ешқандай саясатқа араласпай, ештеңе талап етпей, өз күнін өзі көріп жатқан қазақ ауылдары тым көп. Соның бірі атақты Сырдың кісі аяғы жете бермейтін жағалауында, орталық атаулының қай-қайсысынан да тым бұру жатқан бұл ауылдан Жаңабек сынды кейіпкердің шығу себебі тереңде. Сырттай қарасаң, тамақтары тоқ, ешқандай уайым-қайғысы жоқ ауыл сынды. Бірақ, олардың өмірінде қандай мән, қызық бар. Жалғыз кітапханадан өзге мәдени ошағы да жоқ. Ауылды жұмыссыздық жайлаған. Іліп алар ең тамаша жұмыс – мотористік жұмыс. Оның өзіне сырттай көз тігіп, бастықтың тамырын басып, иеленгісі келетіндер көп. Жазықты болған Жаңабектің үлесіне тигені – қой бағу, қойшылық кәсіп болғаны да соны аңғартады. Астары қалың осы кейіпкері арқылы автор ерте ме, кеш пе кеңес үкіметінің сызып берген жолымен жүріп, ештеңеге араласпай жататын момын ауылдың қамсыз қалпы өзгеретінін, одан да оқыған адамдар шығып, өз құқығын талап ететінінін сездіреді. Бірақ, Жаңабек сынды өзгеше ойлайтын, билік құрған шеңбердің ішіне сыймайтын модерн кейіпкер үкіметке керек еместігі оның қанатын аяусыз қырқып, өздеріне бағындырған әрекетінен анық аңғарылады. Жер бетінде бар екені де, жоқ екені де белгісіз айдалада ақ отау жатқан момақан қазақ аулының тұрғыны Жаңабекті көп ішінен шыққан «ақ қарға» есебінде жаңашылдыққа ұмтылдырып, санасына серпіліс жасап шығаруда автордың мақсаты не деген сұрақ туады. Автордың мақсаты – жеңіл күлкі туғызу емес, Жаңабектен жирендіру емес, керісінше Жаңабек ұқсап, қоғамда, дүбірлі дүниеде болып жатқан өзгерістер мен тарихи оқиғалардан хабардар болып, ұйқышылдықтан, бейғамдықтан арылып, жан-жағына сергек қарап, мына өмірден өздеріне тиесілі дүниеден құр қалмаудың керек екенін түсіндіруде деп ойлаймыз.
С.Асылбекұлының аталған повесі көтерген мәселесі тұрғысынан жапон жазушысы Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» шығармасын еске түсіреді. «Құм құрсауындағы әйел» – Кобоға әлемдік даңқ әкелген шығармасы. Оның негізгі тақырыбы – адам мен қоғам, адам мен оған жау буржуазиялық қоғам арасындағы тартыс. Бұл роман жарық көргенде зерттеушілер Абоны жапон әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің тағдырын айқындайтын жазушы дегенді айтты. Оған дәйек болған автордың тек Жапония ғана емес, бүкіл әлемге ортақ жалпыадамзаттық мәселені көтере білуінде. Мұны ол өте жоғары көркемдік деңгейде атқарғандығы соншалық жапон әдебиеті әлем әдебиетіндегі өзіне лайықты орнын алды.
Екі шығарманың да айтар ойы бір. Қаламгерлер адам мен қоғам қақтығысын, қайшылықтарын сипаттай отырып, адамның қоғамнан қашып құтыла алмасын, тығырыққа тіреліп, жанталасатынын, яғни, өз тағдырына өзі қожа бола алмайтындығын көрсетеді. Абэ романдарының қайсысы болсын қаншалықты қиялдан туған, шартты десек те, оқырманның көз алдына біршама әжуалы, бірақ айшықты, ең бастысы – бүгінгі Жапонияның астарлы ақиқаты келеді. Екі шығармадан да оқырман биліктің халыққа безбүйректігі, төрешілдік, адамның жалғыздығы, ертеңгі күні үшін алаңдаушылығы, өзі өмір сүріп жатқан қоғамға қажетсіздігі сияқты күнделікті өмірде кездесе беретін келеңсіз жайттарды анық көреді.
Жазушы Кобо Абэ жасаған абсурдтық әлемде оқырман ешқандай қиындықсыз өзі күн сайын кездесіп жүрген адамды аяусыз жұтып отырған жансыз бюрократизм машинасын, биліктің қатігездігін, жалғыздықты, ертеңгі күнге деген сенімсіздікті көрді. Оған мұғалім Никидің еркінен тыс шұңқырға қамалып, құм тазалау жұмысына зорлықпен жегілуі дәлел бола алады. Барлық нәрседен көңілі қалған әрі заң мен адам құқығының аяққа тапталуы Никиді қашу туралы шешім қабылдауға мәжбүр етеді. Күнделікті өмірде тәртіп деген түсініктің астарында ақылға сыймайтын азап бар екені белгілі. Ол азап: қаптаған құжаттар – келісім шарттар, лицензиялар, жеке бас куәлігі, рұқсат қағаз, атағыңды бекіткені жөніндегі куәлік, тіркеу құжаты, мүшелік билет, марапатталғаны туралы құжат, қарыздық міндеттемелері, сақтандыру полисі, табысы туралы декларация, төлем түбіртектері, тіпті ататегі туралы анықтама – қысқасы, ойға келуі мүмкін барлық қағазды жинап шығуы қажет. Кобо Абэ кейіпкерлері өзі өмір сүріп отырған қоғамға қажетсіз, керексіз екенін түсінеді. Дәл осы қоғамды автор өз оқырмандарына ішкі жағынан көрсетуді, осы механизмді жүргізіп отырған пружиналарын ашып көрсетуді мақсат етеді.
Префектура үшін ұжым ретінде – адам ешкім емес. Оның көзқарасы есепке алынбайды, мемлекет қоғам ретінде құмға батқан ауылдың жай-күйіне алаңдамайды. «Біздің кедей префектурада бірдеңеге қол жеткізу мүмкін бе? Біздің қазіргі жасап жатқан жұмысымыз ең арзан… Ал егер үкіметке сенсең сол, олар ана жақта есеп-қисап жасап, ойланып-толғанып болғанша бізді құм көміп те тастайды. Жел үрген құмды үкімет табиғат апаты деп есептемейді, содан да біздің шығындарымызды төлемейді» [2,106]. Газет, журнал арқылы қоғамдық пікір туғызғанмен, яғни жалпы халықтың ауыл тұрғындарына жаны ашығанмен, ақшалай көмек жасай алмайды. Ал үкімет мүлде көңіл бөлмейді. Таңқаларлық дүние! Ауылды жұтып қоймас үшін, құмға тосқауыл қою үшін адамды шұңқырға қамау – ең арзан жұмыс күші және ол ауылды сақтап қалады. Біз осы тұста адамның қоғамға деген адал қызметінің түкке тұрғысыз екенін түсінеміз, әрбір адам алып механизмнің, бюрократиялық машинаның елеусіз бір тетігі іспетті. Ол машина детальдарын бекітіп отырады, бірақ машина ол үшін қызмет етпейді, машина оның игілігін күйттемейді [5,11]. Міне, Кобо айтқан қоғам шындығы, әлеумет жайы осы.
Батыстың көптеген жазушылары тудырған әлемнің «тұйықталған, оңашаланған» моделі адамның стихиялық қоғамдық күштермен езіліп-жаншылып, құл болғанын, оның толықтай қоғамды жатсынуы (Жаңабек, Ерік). Мұндай жағдайда тұлғаның шынайылығы мәселесінің өткір қойылатыны белгілі, оның өзін-өзі бағалауы, қайталанбайтын белгілері қалыптан тыс ұлғайып көрінеді.
Физикалық капитуляция соңынан моральдық капитуляция келеді деп зерттеуші
А. Злобин айтпақшы, енді автор кейіпкердің бейімделу трагедиясын суреттейді. С.Асылбекұлының повесінің көркемдік шешімінде Жаңабектің шетке қой бағуға кетуі ең дұрыс шешім секілді көрінеді, себебі одан басқа лайықты жұмыс та жоқ. Ал Кобо Абэде Ники өзін жоғары қоятын, өзін құм тазалаудан басқа, жақсы жұмысқа бейімім бар, лайықтымын деп ойлайтын. Ол өзінің қалада өткен өмірін барлай қарағанда көңіл көншітетін, мәнді ештеңе таба алмайды: жәндік жинау, ешқандай қуаныш, жаныңа рахат сыйламайтын махаббат қатынасы, күнделікті қызықсыз, сүрең тіршілігі мен өсек пен көре алмаушылыққа былыққан қызметі. Шындығында өмір осында, құлдықта. Оның адамның «акция сатып алып, өмірін сақтандырып, кәсіподақ пен басшының алдындағы екіжүзділіктен» қоғамдағы өмірден еш айырмасы жоқ. Ол «көмектесіңдер» деген дауысты естімес үшін, құлағын бітеп тастайды. Ештеңе ойламас үшін теледидар даусын барынша ашып қояды». Ал Жаңабектің «әркім өзінің алтыбақан-өмірінің тізгінін мықтап ұстау керек» деп өз-өзін сабырға, ақылға шақыруынан әлі де бас имеген асаулығын, алдағы күннен үміт күтетінін аңғару қиын емес. Еркін ойлау – уақыт пен ұрпақ алдындағы ұлы жауапкершілікті терең сезінген ерен тұлғаның тұлғалық еншісіндегі қасиет. Өйткені ғалым Р.Бердібай тілімен айтқанда «жауапкершілікті тұлға ғана еркін. Сондай-ақ еркіндікті шынайы түйсіну де жауапкершілікті қажет етеді» [6,36]. Екі шығарма кейіпкері де экзистенциалдық вакуум құрбаны болды деуге болады.
Кобо Абэ де туындысында жас ұрпақ алдындағы жауапкершілік және олардың қоғамдағы орны туралы ойға жетелесе, жеке адам мен қоғамның қатынасында адамның жаншылып қалмауы керектігі, адамгершілік мұраттардың әрдайым жоғары тұруы тиісті жайлы жар салады. Серік Асылбекұлы адамның өмірдегі миссиясы ішіп-жеу ғана емес, жалпыадамзаттық мәселеге өзіндік үн қосып, жауап іздеуі керек, бюрократиялық машинаның бір тетігі емес, өмірдің кірпіші боп қалануы қажеттігін түсіндіреді. Сондықтан да оның кейіпкері Жаңабек ауыл адамдарының рухани тоқырауына қарсы тұрғысы келеді, солардың санасын оятуға өз әлінше тырысып бағады. Жан-жақтан әркім өз құндылығын тықпалап жатқан жаһандану заманында біздің өз құндылықтарымызды, өз болмыс-келбетімізді сақтап қалу, ол үшін адамзаттың бастан кешкен осынау тағылымдарын ескеру, сабақ алу – міне, қос сөз зергерінің туындыларынан алар пайымымыз осы болуға тиіс.



ҚОРЫТЫНДЫ
Біздің пайымымызша, автор негізгі кейіпкеріне Жаңабек деген есімді бекер беріп отырған жоқ. Оның газет оқып, көзі ашылып, қазақ өмірін басқа өмірмен салыстырып, жаңашылдыққа ұмтылған талабына сәйкестендіріп қойып отырғаны айқын. «Нағыз қайта құру, жариялылық заманының рухына сай келетін дүниелер… бізде жоқ. Әлі тоқырау дәуірінің шаң-тозаңынан арыла алмай жүрсіздер – кілең бір көпіртіп келіп мақтау, жоқты – бар, жабыны – тұлпар, қара қарғаны – сұңқар ретінде дәріптеу» [2,156] деген Жаңабек сөзінің ауылдастарына қарата айтылған сөзі осыған дәлел. Зерттеуші В.В.Савельева есім беру мен атау қоюды екіге жіктейді: бірінші реттік номинацияға: кейіпкер есімі, әкесінің аты, тегі, лақап аты; екінші реттік номинацияға: кейіпкерге телінген жалпы есімдер, есімдіктер, сөз тіркестері, перифразалар, троптар, «эмблематикалық телінімдер» жатады [7,79]. Есім кейіпкер жайында кейде ашық та анық ақпарат беріп тұратын болса, кейде керісінше мағлұматты мүлдем жасырын сақтайды. Қазақ прозасында есім – прототип («Менің атым Қожа» — Қожа – Бердібек), есім – характер (Оралхан Бөкейдің «Жетім бота» повесіндегі Ақботаны), есім – неологизм байланыстарымен бірге жалпы есімнің кейіпкерге телінуі жиі кездесіп отырады. С.Асылбекұлының аталған повесіндегі авторлық номинация белгілі бір код қызметін атқарып отыр. Жалпы номинация үдеріс ретінде көркем шығарманың тақырыптық-идеялық арқауында өзіндік маңызға ие. Кейбір есімдер мен фамилиялардың бойында автор кейіпкерге берген мінездеме элементтері міндетті түрде болады. В.Савельева бұндай есімдерді «сөйлейтін» есімдер деп атаған (Жаңабек). Жаңабек те сондай, ол өзі туралы айтылған әңгімелерді құлағына да ілген жоқ, өзі жаңа көзқарастағы жан болғасын мұндай әңгімелерді «ескіліктің қалдығы ретінде қабылдады». «Түптің түбінде бір кезде бұл өңірге де сын мен өзара сын, демократия, пікірлердің плюрализмі келуі керек қой. Ендеше сол әділ заманды бір табан болса да жақындата беруге тиіспіз. Ал сол демократия шеруінің басында» [2,155] Сибаділлаев Жаңабек өзін көріп, «ол бұрын өзінің бойынан аңғармаған жаңа бір қасиеттерді» байқағандай болды.
Көркем мәтіннің авторы әлем тілдерінде бар кез-келген есімді қолдануға қандай құқылы болса, өз жанынан ойлап тауып ат қоюға соншалықты ерікті. Мұндай есімдерді антропономикалық неологизмдер дейді. Жаңа сөздердің бұл түрі ағым, жанр қырынан қарағанда әуелі фантастикалық туындыларда, одан соң көбіне романтикалық және сатиралық қаһармандарға тән.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ 1 Мәдібай Қ.Қ. Әдеби мұраны зерттеу: оқу құралы. –Алматы: қазақ университеті, 2014. – 215б. 2 Асылбекұлы С. Рәбиғаның махаббаты (әңгімелер, повестер, пьесалар). –Алматы:
«НұрлыPress.KZ», 2015. -320б.
3 Есім Ғ. Сана болмысы. 12-кітап. –Алматы: Қазақ университеті, 2010. -320б.
4 Человек в мире отчуждения. Коллективная монография. –Алматы: Білім, 1996, с.111.
5 Кобо Абэ. Кэндзабуро Оэ. Құм құрсауындағы әйел. Бөтен бет. Жапон жаны. Астана, 2006. -477б.
6 Бердібаев Р. Роман және заман. –Алматы: Жазушы, 1967. -165б.
7 Савельева В.В. Художественная антропология. – Алматы: Абай атындағы АлМУ,
1999. – 203 с.

В статье анализируется повесть «Белая ворона» писателя, переводчика, драматурга Серика Асылбекулы, возникшая в результате его творческих поисков. Всесторонне рассматривается проявление экзистенциализма в названном произведении. Категория отчуждения как одна из сложных концепций экзистенциализма анализируется посредством кругозора, действий, взглядов главного героя. Наряду с основной идеей писателя выявляются и вспомогательные идеи, показываются противоречия между обществом и человеком, правилами и порядком, устанавливаемые обществом. Произведение автора с точки зрения основной идеи, рассматриваемой проблемы анализируется в сравнении, сопоставлении с произведением японского писателя Кобо Абэ «Женщина, обволакиваемая песком». В произведениях двух писателей рассматривается общая тема, как отчуждение человеком окружающей среды, проживание в одиночестве, не понимание смысла и сути жизни, противоречивые взгляды на общество.

The article analyzes the story “The White Crow” by the writer, translator, playwright Serik Asylbekuly, resulting from his creative searches. The manifestation of existentialism in this work is fully considered. The category of alienation as one of the complex concepts of existentialism is analyzed by means of the outlook, actions, and views of the protagonist. Along with the main idea of the writer, the auxiliary ideas are also revealed, the contradictions between society and man, the rules and order established by society are shown. The work of the author from the point of view of the main idea, the problem under consideration is analyzed in comparison, comparison with the work of the Japanese writer Kobo Abe «Woman enveloped in sand.» In the works of two writers, a common theme is considered as the alienation of the environment by a person, living alone, not understanding the meaning and essence of life, and contradictory views on society.





Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *