Ұ.М. Есенбекова
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Л.Н. Гумилев
атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан, ultmudde@mail.ru
БҰҚАРАЛЫҚ САНАНЫ АҚПАРАТТЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ӘСЕР ЕТУ АРҚЫЛЫ БАСҚАРУ МҮМКІНДІКТЕРІ
Бұқаралық сананы басқару – жаңа дәуірде коммуникация саласына жүктелген қосымша функция болып қалыптасуда. Адам мен қоғамды басқару жеке тұлға мен бұқараның психологиясының заңдылықтарына сүйеніп, коммуникация тетіктері арқылы іске асырылады. Ғылыми тұрғыда қазіргі коммуникация – ақпаратты жасаушыдан оны тұтынушыға бағытталған мәліметтер ағынын анықтайтын күрделі процесс.
Мақалада бұқаралық коммуникацияның қоғамның рухани құндылықтарын сақтауға және халықтың көңіл-күйіне, пікірі мен мінез-құлқына ықпал ету модельдері зерттелген. Идеологиялық, саяси және экономикалық мәселелер бойынша қоғамдық пікір қалыптастырудағы баспасөз, радио, телевизияның рөлдері талданған.
Автор коммуникацияның прагматикалық типологиясы негізінде рухани және әлеуметтік құндылықтар туралы қоғамдық пікірді «конверсиялау» тұжырымдарын анықтауды мақсат еткен. Ақпарат құралдары адамның психологиясын танып, оны ынталандыру арқылы әлеуметтік тұрақтылық пен үйлесімді қоғам құрудың, дамудың кілтін табуға жол ашады деген қорытынды жасайды.
Түйін сөздер: коммуникация түрлері, коммуникация функциялары, прагматикалық аспект, коммуникативтік әрекет, коммуникацияның типологиясы, визуалды коммуникация, мәдени сұраныстар, экрандық мәдениет.
КІРІСПЕ
Қоғамды басқару, адамды басқару жеке тұлға мен бұқараның психологиясының заңдылықтарына сүйеніп, коммуникация ережелерін іске қосу арқылы жасалады. Ғылыми аспекті тұрғысында қазіргі коммуникация – ақпаратты жасаушыдан оны тұтынушыға бағытталған кодталған мәліметтер ағынын анықтайтын күрделі процесс. Коммуникацияны адамдар арасындағы әлеуметтік жүйелерде ғана жұмыс істейтін құбылыс деп ауқымын тарылтуға болмайды. Табиғатта коммуникацияға жақын көріністерді жануарлар әлемінде (аралардың қарым-қатынасы, құстардың тілі және т.б.), жансыз механизмдерде (құбыр жүйесі, көлік пен телефон, компьютерлердің бір-бірімен өзара байланысы) байқауға болады.
Коммуникцияның себебіне жеке және топтасқан индивидтердің ақпаратқа деген қажеттілігі мен мұқтаждығын жатқыза аламыз. Көпшілік мақұлдаған ғылыми терминологиялық базада коммуникацияны 3 түрге бөліп қарайды: бірінші, тікелей қарымқатынастар (жеке тұлғалар арасында); екінші, жанама өзара қатынастар; үшінші, жанама түрдегі квази қатынастар.
Жеке тұлғалар арасындағы қатынастар – екіжақты ақпарат алмасу формасына негізделген. Бұл жерде коммуникатор хабарламаларды алушының да, берушінің де рөлінде болады. Бір кеңістік пен уақыт шеңберінде жүретін коммуникациялық процеске қатысушылар бір-бірімен тікелей байланысқа шығады. Олардың қарым-қатынасы диалог түрінде өрбиді және екі индивидтің арасындағы байланыс сөз түрінде ғана емес интонация, бет әлпеттің өзгерісі, эмоциялар сияқты символдық формада да жүріп отырады.
Өзара жанама қатынастар – қосымша көмекші құралдарды қодланып жүргізіледі. Процестің қатысушылары кеңістік пен уақытпен бөлініп тұруы мүмкін. Дегенмен қағазға жазылған хат, телефон мен радио байланыс түрлері, телеконференциялар мен Интернет арқылы пік алмасу осы жанама қатынастардың құралдары санатына енгізіледі. Жеке қатынастармен салыстырғанда жанама форма кеңістік-уақыт шектеулерін еңсеруге қауқарлы.
Жанама квази қатынастар – баспа, телевизия, радио, Интернет және басқа да бұқаралық коммуникацияларды қолданатын әлеуметтік қарым-қатынастардың ерекше түріне жатқызылады. Бұл қатынастар уақыт пен кеңістіктің шегінде ақпараттық-мағыналық мазмұнға қолжетімділікті өрістетін монолог түрінде жүзеге асырылады және бейнелеуші формалар арқылы ақпарат ауқымы белгісіз аудиторияға таралады. Ақпараттық ағындар біржақты сипатпен хабарламаларды оқырманға, көрермен тыңдармандарға жеткізеді [1].
Қалыптасқан дәстүр бойынша коммуникацияның 3 функциясын ажыратып көрсетуге болады:
1. Ақпараттық функция (идеяларды, түсініктерді, көзқарастар мен ойларды өрнектеп, хабарламаларды басқа коммуниканттарға таратады).
2. Бағалау: жеке бағалау мен қатынастарды білдіру.
3. Аффектілік: эмоциялар, көңіл-күйлерді, сезімдерді жеткізу.
Осы 3 функцияға 3 гуманитарлық ғылымның салаларын сәйкестендіре аламыз:
1. Лингвистика және философия (когнитивті функция).
2. Әлеуметттану мен әлеуметтік психология (бағалау функциясы).
3. Психология мен әдебиеттану (аффектілік функциясы).
Бұған қосымша коммуникация формаларына жазбаша, ауызша, визуалды және т.б. жатқызамыз. Бұл нысандар бір-бірінен хабарларды арнайы кодтау жүйелерімен ерекшеленеді. Коммуникация құралдары – әртүрлі байланыс түрлерін біріктіріп, жіберуші мен алушының арасындағы уақыт пен қашықтықты еңсеру үшін (мысалы, кітапта: сөздер, әріптер, суреттер, графиктер) кейбір технологияларды қолданады.
Бұқаралық коммуникация құралдары бұдан басқа әртүрлі байланыс түрлерін қамтуы мүмкін. Мысалы, теледидар мен кинотеатр ауызша айтылған сөздер мен суреттерді, музыкаларды қолданса, газет – жазбаша тілдік формалар, шрифтер мен инфографика, иллюстрациялар арқылы таралады [2].
Коммуникацияның кейбір түрлері мен құралдары технологиялық шектеулермен байланысты. Дауыстап айтылған сөздердің алысқа таралуы оны айтқан адамның дауысының күші мен қабылдаушының есту қабілетіне ғана байланысты. Баспа материалдарының қуаты уақыт пен кеңістіктің өзгеруіне мүлдем тәуелді емес. Вербалды емес сигналдар (бет-әлпет) хабарды жіберушінің қалауынсыз қабылдаушыға бай ақпарат береді. Жеке тұлғалар арасындағы диалогқа куә болған адам сол ақпаратты еріксіз қабылдаушы да болып саналады.
Америкалық зерттеуші Эдвард Сепирдің пікірінше, негізгі қарым-қатынас құралына: тіл, ишараттар, қоғамдық мінез-құлықты ұқсату және «әлеуметтік ымдасу» (коммуникативті мінез-құлықтың жаңа актілерінің жасырын процестері) жатқызылады. Ортақ байланыс құралдары қоғамдағы алғашқы коммуникативтік үдерістерді жеңілдетуге бағытталған: тілдік және символдық түрленулер, коммуникативтік әрекетті жүзеге асыру үшін нақты жағдай жасауға керек [3].
Тілдік өзгерістер кодтарды таңбалық «аудармаға» (мысалы, ауызша тілді жазба түріне ауыстыру, Морзе әліппесі және т.б.) алмастырумен байланысты болып коммуникацияны оған кедергі келтіретін жағдайларда да (мысалы, уақыт пен қашықтық) қолдануға мүмкіндік береді. Символикалық жүйелер (теңіз флотының жалау-сигналдары, семафор және светофор, армияның коммуникативтік ортасындағы керней үні және т.б.) вербалды хабарламаларды таңбалар түрінде емес тұтастай түсінікті тілге аудара алады. Бұндай формадаға коммуникация хабардың жылдам қабылдануы қажет болған жағдайда, қарапайым «иә»/«жоқ» деген жауаптар керек болғанда қолданылады. Мысалы, «тапсырыстар талқыланбайтын» әскери қызметте немесе жолда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жүргізушісін қауіпті бұрылыстардан тез сақтандыру үшін ұзақ мәтіндік хабарлар жарамайды.
Бұқаралық коммуникацияны қоғамның рухани құндылықтарын сақтауға және халықтың көңіл-күйіне, пікірі мен мінез-құлқына идеологиялық, саяси, экономикалық немесе ұйымдық ықпал ету үшін баспасөз, радио, телевизия мен кинотеатр, дыбыс және бейне жазу арқылы жүйелі түрде ақпарат тарату деп анықтаған дұрыс. Бұқаралық ақпарат құралдары хабар мен мәліметтер таратуда: 1) жаппай аудиторияға бағытталған; 2) қолжетімді; 3) ақпаратты өндіру мен таратуда корпоративтік үлгіге негізделген сипатымен ерекшеленеді.
Бұқаралық коммуникация құралдары баспаны, телевизия мен радионы, бейнематериалдар мен телемәтіндерді, билбордтар мен жарнамалық панельдерді, телефон, компьютер және басқа да байланыс желілерін біріктіретін үйдегі видеоорталықтарды қамтиды. Бұл жерде баспа деп – кітаптарды және өзге де баспа материалдарын басып шығаратын кәсіпорынды атаймыз. Ал, корпоративтік басылымға қоғамның ұстанымын және пікірін бұрмаламай, жалпы жұртшылықпен байланысу, жұртшылықты өз жетістіктері мен жоспарлары туралы ақпараттандыру функциялары жүктелген корпоративтік газет немесе журналдарды жатқызамыз.
Сонымен қатар, корпоративтік басылымдар корпоративтік мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралына жатқызылады.
Қазіргі жаңа дәуірдегі бұқаралық коммуникация құралдарының қызметі мынандай шарттарды қамтиды:
1) бұқаралық коммуникацияның мерзімділігі мен таралымын қамтамасыз ететін технологиялық мүмкіндіктер мен техникалық құралдардың болуы;
2) бұқаралық коммуникацияның мотивациясын арттыруға ықпал ететін ақпараттың әлеуметтік маңызы:
3) дисперсия мен анонимдік жағдайда бұқаралық аудитория мұқият ойластырылған құндылықтар жиынтығын талап етеді;
4) баламалық пен нормативтік сипаттағы бұқаралық коммуникация көп арналылықты және комуникативтік құралдарды таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Жоғарыда айтылған коммуникация құралдарының негізгі сипаттары негізінде 1910 жылдан бері бұқаралық коммуникация құралдарының ғылыми теориясы түзіле бастады. Бұл ғылыми теорияларға немістің әлеуметтанушысы, философы Макс Веберді идеялары айтарлықтай әсер етті. Ғалымдар бүгінгі қолданыстағы теорияларды 3 топқа біріктіріп қарауда: саяси бақылау функциясы, жанама түрдегі рухани бақылау функциясы, мәдениеттану функциясы.
Бұлардан бөлектеніп тұратын «ақпараттық қоғам» теориясы осылардың бәрін қоытушы, біріктіруші әлеуетке ие болуда. Бұл теорияның негізін қалауға америкалық әлеуметтанушы ғалымдар Дэниел Белл, Элвин Тоффлер, Гарольд Лассуэл және анненберг мектебінің өкілі Джордж Гербнер, жапон әлемуттанушысы Йошита Масуда және басқалар көп еңбек сіңірді.
Ақпараттық қоғам немесе постиндустриалды деп аталатын қоғам теориясының іргесін құрайтын тұжырым бойынша бүгінгі қоғамда ақпарат өндірістің басты қайнар көзіне, құралына және өніміне айналуда. Бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратты қолдану мен оны бағалауды ерекше ынталандырады. Қоғамдағы баршы өзгерістер ақпараттың мазмұнына емес оны тарату тәсілі мен құралына және оны ары қарай қолдануға байланысты болуда
[4,5,6].
Көптеген арналар арқылы ақпарат жеткізу мен қабылдау ерекшеліктерін, БАҚ-тың қоғамдық санаға, адамның мінез-құлқына және іс-әрекетіне әсерін зерттеу қазақстандық журналистика ғылымында жаңадан зерттелуде. Қазақ ғалымдары бұқаралық коммуникацияны философия, әлеуметтану, психология, этнография, лингвистика және басқа гуманитарлық ғылымдар мәселелеріне сәйкес қарастыруда. Бұқаралық коммуникацияның теориялық және прагматикалық аспектілерін барынша терең талдауда пәнаралық бағыттар (медиапсихлогия, психолингвистика, социопсихология, социолингвистика, әлеуметтану және т.б.) маңызды деп санаймыз.
Бұқаралық коммуникацияның прагматикалық аспектісін зерделеу, ең алдымен, аудиторияға және жеке адамға мақсатты әсер ету механизмін анықтау мен қажетті нәтижені қамтамасыз ететін психологиялық факторларды анықтау үшін қажет. 1948 жылы америкалық саясаттанушы Г.Лассуэлл ұсынған «коммуникативтік әрекеттің» үлгісіне кіретін компоненттер түрлі теориялық модельдерде міндетті түрде кездеседі.
Бұл модельде байланыс бір бағытты, сызықтық процесс түрінде ұсынылады: «Кім хабарлайды? Нені? Қандай арнамен? Кімге? Қандай әсермен?». Әлеуметтік компоненттер жиынтығы міндетті түрде қатысады: а) ақпараттық; ә) технологиялық (техникалық); б) психологиялық [7].
Бір жақты коммуникативтік қарым-қатынаста ешқандай кері байланыс болмайды.
Кейіннен бұл модель компоненттер арасындағы міндетті түрде болуы тиіс байланыс түрі «кері байланыстың» қосылуымен жетілдірілді. Осылайша бір-бірімен байланысқан компоненттердің тұйық тізбегі түрінде қабылданған байланыс процесі өзгерді. Байланыс ағынын анықтайтын ақпарат көздері, аудиторияның әлеуметтік құрамы мен коммуникацяиға қатысатын тілдік ерекшелік сияқты қосымша компоненттер процестің мазмұнын одан әрі қоюлата түсті.
Прагматикалық аспектіде ықпал ету функциясы шешуші рөл атқаратын компоненті басым модельдерге деген қызығушылық артуда. Осындай факторлардың тізімін коммуникациялық теорияны дамытушы америкалық ғалым Дж.Гербнер анықтады. Ол бұқаралық коммуникацияның әлеуметтік маңызды әсерін ақпарат құралдардың өздері емес, белгілі бір әлеумттік топтар – саясаткерлер мен экономистер, бәсекелес әлеуметтік институттар, жарнама берушілер, сарапшылар мен бұқара аудитория анықтайды деген тұжырым жасайды [8].
Дж. Гербнердің үлгісі бойынша авторлық мәтінді дайындайтын коммуникатор (адам немесе жасанды интеллект, компьютер) бұқаралық аудитория қабылдайтын мәтіндегі фактілер мен нақты оқиғаны айшықтайтын тетіктердің басты буыны болып саналады. Коммуникациялық арнаға арнайы таңдалған оқиға, мәтіннің мұқият редакциялануы мен қолданылатын коммуникативтік құралдар сол оқиғаны немесе фактіні аудитория қаншалықты шынай қабылдайтынына ықпал етеді. Ақпарат көздерінің қысымымен коммуникатор аудиторияға әсер ете алатын коммуникациялық процестің басты компоненті деп танылады. Бұған байланыс құралдарының арқасында пайда болатын психологиялық факторлар көмектеседі. Осыған байланысты сөйлеу әсерінің ақпараттандыру және сендіруге негізделген психолингвистикалық моделіне жүгіну де пайдалы деп санаймыз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Мақалада көтерілген тақырыпты қорыта келе бұқаралық коммуникациядағы шектеулі кері байланыс қоғамдық коммуникацияға «орташа тыңдаушыға (оқырман)» бағыт ұстау қажеттігін көрсетіп, оның қызығушылығына кепілдік беретін ерекше талаптар қояды деген тұжырым жасай аламыз. Өйткені, қызығушылығын жоғалтқан көрремен, тыңдарман мен оқырман кез-келген уақытта басқа коммуникациялық формаларды таңдап ауысып кетеді немесе байланыс арнасынан бас тартып өшіре алады.
Бұқаралық коммуникацияның теориялық негізін қалаушы америкалық әлеуметтанушы П. Лазарсфельд «екі деңгейлі коммуникациялық ағын» заңдылығын ашқан. Ғалым бұқаралық ақпарат құралдарымен берілген ақпаратты, ең алдымен, «көшбасшылар» қабылдап, қорытып, содан кейін ғана аудиторияға жеткізсе, осы үлгіде таратылған ақпараттың бұқаралық санаға әсер ету тиімділігінің жоғары болатынын анықтаған.
Бұқаралық коммуникацияның ақпаратын таратуда жеке адамдар арасындағы қарымқатынастың рөлін анықтауды «бастапқы топты қайта ашу» деп атайды. Осылайша, коммуникативтік функциясы арқылы бұқаралық коммуникация құралдары қоғамдық санаға, адамның психологиясы мен іс-әрекетіне әсер ете отырып, коммуникативтік процестің күрделі компоненттерін зерттеудің маңызын дәлелдеп келеді [9].
Бұқаралық коммуникацияның прагматикалық типологиясының негізінде қоғамды біріктіру мен рухани, әлеуметтік құндылықтар туралы қоғамдық пікірді «конверсиялау» тұжырымдары жатыр. Ақпарат табиғаты позитивті де, негативті де болуынан қоғамда екі түрлі процестерді өрбітеді: интеграциялау (біріктіру) және дифференциациялау (ыдырау). Әлеуметтік ынтымақтың төмен деңгейіндегі қоғамдар үшін ыдырау процесі жойқын тұрақсыздыққа соқтықтырады. Бұл мемлекет үшін де, азаматтар үшін де қауіпті үдерістердің дамуына жол ашады. Сондықтан да, бұқаралық коммуникация адамдар арасындағы қарымқатынастарды, индивидтерді қоғамның мүшесі ретінде сезінуіне, жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне қызмет етуі тиіс.
Бұқаралық коммуникация адамның өзін жеке тұлға ретінде тануына мүмкіндік береді, әлеуметтік құндылықтардың маңыздылығын түсінуге, дұрыс мінез-құлық үлгілерін қабылдауына, қоғамның белсенді мүшесі болуына үндеп, дағдылар қалыптастырып үйретеді. Адамның психологиясында өзін-өзі тануға ұмтылу, оны ынталандыру – әлеуметтік тұрақтылық жағдайында үйлесімді қоғам құрудың, дамудың кілті.
СПИСОК ИСПОЛЬЗОВАННЫХ ИСТОЧНИКОВ
1 Dominick J. R. Social Effects of Mass Communication / Joseph R. Dominick // The dynamics of mass communication: Media in the digital age / Joseph R. Dominick – McGraw-Hill Higher Education, 2011. – p.466.
2 Социальная психология. Краткий очерк. Под общ. ред. Предвечного Г. П. и Шерковина Ю. А. М., Политиздат. 1975. – 319 с.
3 Vinterhoff-Shpurk P. Mediapsihologiya. Osnovnyie printsipyi. [Media psychology. Basic principles]. (Moscow: Publishing of humanity University, 2009. – 249 p.). [in Russian]
4 Bell D. The coming of post-industrial society: A venture of social forecasting. –
N.Y.: Basic Books. – 1973. – 253 p. ISBN 0-465-01281-7
5 Тоффлер Э. Третья волна [The Third Wave]. Philosophy//1980. – М.: АСТ, 2010. – 784 с. ISBN 978-5-403-02493-8.
6 Y.Masuda. The Information Society as Post-Industrial Society. Washington, 1983. – 295 p.
7 Lasswell H. D. The Analysis of Political Behavior: An Empirical Approach// London: Routledge and Kegan Paul, 1949. p.249.
8 Gerbner’s General Model // Communication
Theory https://www.communicationtheory.org/gerbners-general-model/
9 Lazarsfeld P. An episode in the history of social research // Perspectives in American history. 1990. – 168 p.
Ұ.М. Есенбекова
Управление массовым сознанием инструментами информационнопсихологического воздействия
Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева,
Астана, Казахстан
В современном мире управление массовым сознанием становится одним из важнейших функций коммуникации. Управление человеком и обществом основывается на закономерностях психологии личности и общества, реализовывается коммуникационными инструментами. В научном плане современная коммуникация представляет собой сложный процесс, определяющий поток информации, распространяемый от источника к потребителю.
В статье исследованы модели влияния массовой коммуникации на сохранение духовных ценностей общества, формирование взглядов и поведения населения. Также анализирована роль прессы, телевидения и радио, Интернет коммуникаций в изменении общественного мнения по идеологическим, политическим и экономическим вопросам.
Целью автора является определение «конверсии» общественного мнения о духовных и социальных ценностях на основе прагматической типологии коммуникации. Автор приходит к выводу, что средства массовой информации могут играть ключевую роль в построении общественной стабильности и гармонии через познание человеческой психологи и ее стимулирование.
Yessenbekova Ulbossyn M.
Mass consciousness management tools information and psychological impact
L.N.Gumilyov Eurasian National University,
Republic of Kazakhstan, Astana
In the modern world, the management of mass consciousness is becoming one of the most important functions of communication. The management of man and society is based on the laws of the psychology of the individual and society, implemented by communication tools. Scientifically, modern communication is a complex process that determines the flow of information from the source to the consumer.
The article examines the models of the influence of mass communication on the preservation of the spiritual values of society, the formation of the views and behavior of the population. Also analyzed the role of the press, television and radio, Internet communications in changing public opinion on ideological, political and economic issues.
The aim of the author is to determine the «conversion» of public opinion about spiritual and social values based on a pragmatic typology of communication. The author comes to the conclusion that the media can play a key role in building social stability and harmony through the knowledge of human psychologists and its stimulation.