Б. МҰҚАЙДЫҢ «ӨМІРЗАЯ» РОМАН-ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Е. Султан1, Г.Р. Даутова2, Г.С. Султанбаева3
1PhD, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қ., Қазақстан Республикасы, yertaysultan@gmail.com,
2PhD, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қ., Қазақстан Республикасы, gulnazdautova001@gmail.com
3саяси ғылымдарының докторы, профессор Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қ., Қазақстан Республикасы, sultanbaeva@gmail.com

Б. МҰҚАЙДЫҢ «ӨМІРЗАЯ» РОМАН-ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Жаһандану жағдайындағы қазіргі мәдени-интеграциялық үдерістер көркем мәтін құрылымының өзгеруіне, стиль мен ойдың жаңаруына ықпал етуде. Заманауи мәдениет көпқырлылығымен, қарама-қайшылығымен, көп тілділігімен ерекшеленеді. Оның ықпалы жаңа жанрлық формалар мен нұсқалардың пайда болуына алып келді. Мақалада қазақ тағдырындағы қаралы кезең 1986 жылғы оқиға, ызғарлы желтоқсандағы ұлы мұрат жолында қыршыннан қиылған боздақтар туралы ой қозғайтын танымал жазушы Б. Мұқайдың «Өмірзая» шығармасының жанрлық ерекшелігіне ғылыми талдау жасалады. Шығармадағы негізгі кейіпкерлердің тағдырларының шынайы берілуіндегі авторлық тәсіл айқындалады. Романның негізгі ұстанымы болып табылатын «шындық концепциясының» туындыдағы берілу деңгейі басты образдардың бейнесі негізінде сипатталады. Жазушының «роман» терминінің жанрлық шегарасынан асып, шығарманың құрылымына трагедияға тән сипаттарды енгізіп, синтезді роман түзудегі әдіс-тәсілдері қарастырылады.

Кілт сөздер: роман, жанр, трагедия, синтез, ғылыми талдау.

КІРІСПЕ
Қазіргі әдебиеттің даму барысынан классикалық дәстүрден ауытқу аңғарылады. Бүгінде әртүрлі жанр элементтерін бойына жинаған роман-эссе, роман-мысал, роман-ертегі, роман-сұхбат, роман-симфония, роман-трагедия, роман-сканворд және басқа да синтездік туындылар дәстүрлі романға өзгеріс әкелді. Әлем әдебиетінде және оның ажырамас бөлігі болып табылатын қазақ әдебиетінде орын алған романның түрлену үдерісін, соның негізінде пайда болған жаңа синтездік формаларды қазіргі романистердің үздік шығармалары негізінде терең зерделей отырып, бүгінгі романның жанр ретіндегі көркемдік әлеуетін айқындау әдебиеттанудағы өзекті мәселелердің бірі.
Тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып, жетпіс жыл бойы үстемдік еткен ресей үкіметінің жымысқы саясатын жүзеге асырушылардың тұлғасын бейнелеген Б. Мұқайдың «Өмірзая» романында өмір қиындығына шыныққан рухани қуаттылықты қамтыған, моральдық сапасы жоғары азаматтар бейнесін көре аламыз. 1989 жылы «Өмірзая» деген атпен драмалық туынды болып жарияланып, 1992 жылы сахна төріне қойылған туынды, 1998 жылы роман болып өңделген. Романның жүйесінде трагедия жанрына тән құрылымдық элементтердің болуы, туындының бастапқыда драмалық шығарма болып жазылғандығынан да болса керек. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын иеленген бұл шығарма кейіпкерлері суреткер өзі өмір сүріп отырған кезеңнің тұлғалары.
Мақаланың мақсаты жазушылар арасында үрдіске айналған заман бейнесін шынайы қалпында беру мақсатында нақты бекітілген жанрлық шегаралардан асып, роман формасына үстеме жанрларды «құрылыс материалы» ретінде пайдалану әдісін Б.Мұқайдың «Өмірзая» романына ғылыми талдау жасау негізінде ашып көрсету.



НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ прозасының роман жанры да күннен күнге дамып, кемелденіп келе жатқаны белгілі. Күрделі жанр саласындағы көркем туындыларында өзіне тән машық-мәнерімен, баяндау стилімен дараланып, идеялық шеберлігімен ерекшеленіп тұратын жазушының бірі – Баққожа Мұқай. Қаламгер сомдаған кейіпкерлер бүгінгі таңдағы замандас бейнесін айшықтандыра отырып, оқырман көңілінен берік орын алады. Прозаның қай түріне қалам тартпасын шығармада заман шындығын көркемдік шындыққа айналдыру үшін жазушы терең ізденіс пен ауқымды мәселелерді ой қазық етеді.
Кез-келген қаламгерде көркем шығарма жазудағы басты мақсат мол материал қамти отырып, замана шындығын көркем шындықка айналдыру жолында қызмет ету екені белгілі. Сол уақыт тынысын көркем шындыққа айналдыруда бір тақырыптың өзі алуан түрлі сипатқа ие болуы заңды. Бұл, әрине, әр қаламгердің сол шындықты өз көзқарасы, өз ой танымы тұрғысынан эстетикалық дәрежеде жеткізе білуіне байланысты. Баққожа Мұқайдың прозалық, я болмаса драмалық туындыларында болсын, замана шындығы барлық поэтикалық көріністерді қамти отырып, табиғи деңгейде жеткізіледі. Еліміздегі ызғарлы желтоқсандағы ұлы мұрат жолында қыршыннан қиылған боздақтар туралы ой қозғайтын Б.Мұқайдың «Өмірзая» шығармасы «роман» терминінің жанрлық шегарасынан асып, сол кезеңнің сан бейнелі шындығын беруде үстеме жанр ретінде «трагедияны» құрылымдық элемент ретінде сәтті пайдаланған туынды. Бұл шығарманы жазудағы авторлық нысана – Кеңес үкіметінің сыңаржақ саясатының қазақ халқының ұлттық болмысы мен қоғамдық құрылысына тигізген ауыр зардаптарының соңғы түйінді тұсын жеткізу. Қазақ халқына құлдық қамытын кигізген солақай саясаттың ұлттық ұрпактың рухани сана-сезіміне қандай әсері болғаны жан-жақты көрсетіледі. Міне, осындай саясаттың қазақ топырағына, менталитетіндегі жүргізу әсерінің «жемісін» суреттеу Б. Мұқай шығармаларының тақырыптық аясына тән. Оқырманға сол кезең шындығын ашып, көркемдеп жеткізетін бұл романда қазақ халқының ержүрек, намысшыл мінезі мен аңғалдығы, отаршылдық пиғылдың сан түрлі құйтырқы саясатының болмысы, яғни кереғар екі топтың арасындағы күрестің сипаты жеткізіледі. Алғашқы топ – халықтың болашағы үшін жанын аямай күрескен шындықты алға тартып «аттандаған» Алдияр Ақпанұлы бастаған топ болса, келесі топ «заманың тазы болса, түлкі боп шал» идеясының төңірегінде жиналған, қара бастарының қамы үшін ештеңеден тайынбайтын Мұса Байларовтың айналасына жиналғандар. Романда екі топтың арасындағы қарама-қайшылықты табиғи түрде шешуге тырысқан жазушы өмір шындығын нанымды суреттеген. Шығарма әкелген жаңалығының бір қыры – әдебиетке қызғылықты характер қосуы. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың өрмекшінің ұясындай торланып алған тобырлық әрекеттері Мұса Байларов пен Жақия Тайлақұлы секілді «мықтылардың» келбеті арқылы бейнеленсе, ғалым Алдияр Ақпанұлы бейнесі арқылы көп шындықты жеткізуге, тереңдетіп ұсынуға талпынып, типтік үлгідегі характер сомдайды. Бұл бейнеден адам баласына тән жақсы қасиеттің бәрі адалдық пен білімділік, төзімділік секілді қасиеттерді анық көруге болады. Шығармадағы бас қаһарман Аяған бейнесі типтік қуаты зор образ ретінде ұсынылады. Романның басынан аяғына дейін өмірдің ауыр зардаптарынан көз ашпайтын, заманның ащы дәмін ғана татқан, бірақ өз дегенінен айнымаған кейіпкер адамгершіліктің биік болмысы ретінде бағаланады. Ал, жамандық ұғымының жинақталған типтік бейнесін Мұса Байларовтың бойына жинақталғанына шығарманың өн бойынан оқырман көз жеткізеді.
Роман негізінде қазақ басындағы қасірет – шынайы оқиға жатыр. Сол бейбітшілік күндегі қазақ болашағын тереңнен ойлап шырылдаған кейіпкерлер басындағы оқиғалар тізбегі автор тарапынан көркем баяндалады. «Белгілі бір дәуірлік шындықтан көркем шығарма туғызу үшін, бәрінен бұрын материал керек. Ал, материал табудың суреткерлік тәсілі – сол дәуірдегі адам тағдырын қазу қопару, «тірі документтерді зерттеу»» [1, б. 54] — деп академик 3. Қабдолов көрсеткендей, уақыт тынысын орнықты да дәл суреттеудегі жазушы шеберлігін ерекше атап өту қажет. Қаламгер өзі өмір сүріп отырған дәуірдің келелі мәселелерін тілге тиек ете отырып, заман сырын, замандас келбетін шынайы кескіндей білген. Роман-трагедия сынды синтезді жанрдағы күрделі шығарманың сюжет желісін бір арнаға салуда түрлі көркемдік тәсілдерді пайдаланады. Романның жанрлық шегарасын кеңейтеді. Сондықтан да автор сомдаған кейіпкерлер бейнесі, сюжеттік желілер, жалпы шығарма құрылымы өзіндік ерекшеліктерге ие.
«Баққожа Мұқайдың шығармашылық саладағы отыз жылдық еңбегінің ең қомақтысы өзі туып өскен өлкенің Хан тәңірі сияқты асқақ биігі — биыл Казақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған «Өмірзая» романы», — деп жазушы Сұлтанәлі Балғабаев бағалағандай романның қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше [3, б. 4].
«Бұл еңбегімді казақ елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болған ерлердің әруағына арнадым» [5, б. 3] — деп жазушы романға келу жолындағы өз ұлтының алдындағы жауапкершілікті тереңінен түсінеді.
Б. Мұқайдың аталмыш шығармасы қазақ халқының бодандық бұғауындағы басынан кешірген оқиғаларының ірілі-ұсағын астарлы оймен түйіндеген. Жазушының өмір туралы философиялық концепциясы көркемдік тұрғыда қаламгерлік суреткерлікпен көрініс тапқан. Осы арада, бұл екі ұғымның бірлігі жайлы сыншы С.Әшімбаевтың пікірін келтіре кеткен орынды: «Суреткерлік сөзбен сурет салу ғана емес немесе болған, болуы мүмкін қызықты, мазмұнды оқиғаны көркемдік тілмен баяндау, сүлесоқ күйде суреттеп шығу да емес. Суреткерлік өмірдегі жай көзге танымайтынды таныту, жұрт байкамағанды байқату, елемегенді електен өткізіп көрсету, білмегенді биіктете елестету, танымағанына таңқалтып, дүйім қауымды таныту, шын мен жалғанның, ез бен ердің, адал мен арамның, кесепат пен парасаттың ішкі-сыртқы белгілерін таңбалап беру, басқаны қасіреттің қайғысына ортақтастыру, рақаттының бағына қуанту, жақсылыққа тебіренту, зұлымдыққа лағнет айтқызу. Ал, ойшылдық болса, жазушының осы қасиетіне имандай иландырып, айтқанына ажар беретін, көрсеткеніне көрік бітіретін, шығармасына қан жіберіп, жан беріп тұрған күретамыр іспетті. Суреткерлік — жазушының зеректегі десек, ойшылдық — зерделігі, кемелдігі, бейнелеп айтқанда кемеңгерлігі. …Суреткерлік көргендік – терең ойшылдық пен пайымды парасаттылықтың ұштасқан жерінен жазушы творчествосындағы өміршең философия, басқаша айтқанда,интеллектуалдық концепциясы жарқырап көрінеді. Осындай жағдайда ғана шынайы жазушы әдебиет атты адамтану ғылымында, басқаның бақытын қолдап, адамдық асқақ сезімді қорғайтын, сөз өнерінде жаңалык ашып, мұратты жауһар ойымен көркем сөзбен гауһар мұрана тұрғыза алады» [8, б. 24].
«Өмірзая» романы XX ғасырдың cоңғы кезеңіндегі қазақ тарихының ащы шындығын суреттейтін салмақты туынды. Әрбір туындының бойында оқырманын шығармадағы шырғалаң иірімдеріне бірге тартар күш – шындық. Жазушының осы шындықтың адам тағдырына әсерін тереңдете көрсету, ауыр халді көркемдей түсу жолында өзгеше бір қаламгерлік қуатпен еңбек еткені шығарманың өн бойынан байқалады. Жазушы шығармаларында белгілі бір тақырыптардың көркемдік шешім табуы, характер сомдауындағы қыруар ізденісі ең алдымен өмір шьндығын көркем шындыққа жеткізуіндегі шеберлігі деуге болады. Ендеше, жиырмасыншы ғасырдың соңындағы қазақ тарихының басындағы шындықты жоғары деңгейде көркем шындыққа көркемдеп, әлеуметтік талдау арқылы ұлттық ерекшелікті сомдап суреттеген «Өмірзая» — автор шығармашылығьның ерекше шыңдалған асуы. Өз кезеңіндегі көркем шындықтың эстетикалық сипатын сомдаған жазушының поэтикалық ізденістері аталмыш шығарманың жемісі.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта айтқанда, роман мазмұндық, құрылымдық, тақырыптық тұрғыдан толықтай трагедияға кұрылған. Шығарманың өн бойынан әдебиеттің екі тегі эпос пен драманың шебер синтезін көруге болады. Роман кейіпкерлерінің тағдыры, олардың суреттелуі, бірінен соң бірінің басына түсетін қайғы, мұң, зар элементтері трагедияның жанрлық ерекшеліктері болып табылады. Аяғанның адал жары – Әсемнің асқынған ауру әсерінен қаза табуы, Хадишаның көзсіз махаббаттың қырсығына шалынып, жетімдіктің азабын еселеп тартуы, Аяған үшін аянбай інілік қызмет атқарып жүрген Асылханның саяси қастандықтың құрбаны болуы, Аяған мен Әсемнің бүлдіршіндері — Олжас, Елжас, Бибілердің балалық бал дәурендерінің өкінішпен өтуі кімді де ойландырмай қоймайды. Аяған кеңестік үкіметтің өз дегенін істетпей қоймайтынына анық көзі жетіп тұрса да, қасқайып қарсы тұрды. Ақыры, оны майыстыра алмасын білген «мықтылар» оны өлтіріп тынады. Бұл шығармадағы адамгершілік идеялар, адамзаттық ізгіліктер принципінің аяқ асты болғанындай әсер қалдырады. Бірақ керісінше, шығармадағы трагедиялық кейіпкерлер мен трагедиялық сюжеттердің берілуі арқылы шын мәніндегі Жақсылық пен Ізгілік, Адамгершілік, Имандылықтың аражігін автор жоғары деңгейде дәріптейді. Мұның барлығы жазушының романды трагедияның жанрлық ерекшеліктеріне тән құруын айқындай түседі.
Трагедияның жанрлық ерекшелігі – шынайы өмірдегі шиеленіскен тартысты, бір-біріне қарама-қарсы күштердің ымыраға келмес күресін, қақтығысын бейнелеу. Онда қоғамдағы түрлі көзқарасты ұстанған күштердің, кертартпа топтардың арасындағы тартыс суреттеледі. Өмірдегі ауыр жағдайлар мен аласапыран кезеңдегі адамзат басына түскен ауыртпалық баяндалып, шығарма көп жағдайда негізгі кейіпкердің қазаға ұшырауымен аяқталады. Бірақ жеке адамның трагедиялық халге ұшырауы оның үміті кесіліп, арманы орындалмады деген сөз емес, керісінше, ол ғұмырын арнаған арман-мақсаттың биік те асқақ екендігін танытады. Демек «Өмірзая» шығармасын құрылымдық, мазмұндық, сондай-ақ тақырыптық концепциясы роман-трагедияға құрылған, эпос пен драманың синтезінен тұратын қазіргі қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік туындылардың бірі деуге толық негіз бар.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Қабдолов З. Сөз өнері: оқулық. — Алматы, 2002. — 360 б.
2 Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. — Алматы: Жазушы, 1970. — 351 б.
3 Балғабаев С. Біздің Баққожа // Қазақ әдебиетi. — 2013. — 25-31 қаңтар.
4 Бахтин М.М. Эпос и роман. – СПб. Азбука, 2000. – 301 с.
5 Мұқай Б. Өмірзая. – Алматы: «Парасат» журналы, 2004, — 480 б.
6 Затонский Д.В. Модернизм и постмодернизм. Мысли об извечном коловращении изящных и неизящных искусств / — М.: ACT: ФОЛИО, 2001. — 256 с.
7 Жұмалиев Қ., Қабдолов З., Ахметов З. Әдебиет теориясы. Классикалық зерттеулер: көп томдық. – Алматы: Әдебиет әлемі, 2013. – 412 б.
8 Әшімбаев С. Азаматтыққа адалдық: әдеби-сын мақалалар, зерттеулер, толғаныстар. – Астана: Раритет, — 2007.
9 Ахметов З. А. Современное развитие и традиции казахской литературы / отв. ред. Е.В. Лизунова. — Алма-Ата: Наука, 1978. — 328 с.

Е. Султан1, Г.Р. Даутова2, Г.С. Султанбаева3
Жанровая специфика роман-трагедии «Омирзая» Б. Мукая
1, 2,3 Казахский национальный университет им. аль-Фараби,
Алматы, Казахстан
В эпоху глобализации современные культурно-интеграционные тенденции влияют на обновление структуры художественного текста, стиля и сознания. Современная культура отличается своей многогранностью, противоположностью и многоязычием. Его влияние привело к появлению новых жанровых форм и вариантов. В статье проведен научный анализ жанровой специфики произведения «Омирзая» известного казахского писателя Б. Мукая, который описывает историю декабрьских событий 1986 года, когда молодые люди жертвовали своей жизнью ради благой цели. Определен авторский подход по описанию судьбы главных героев этого произведения. На основе характеристики главных героев разносторонне анализируется «концепция справедливости», которая является основой романа. Рассматриваются методы возникновения синтезного романа, где автор выходит за границы жанра романа и использует в структуре произведения характерные черты трагедии.

Y. Sultan1, G. Dautova2, G. Sultanbayeva3
Genre specificity of the novel-tragedy «Omirzaya» of B. Mukai
1,2,3 Al-Farabi Kazakh National University,
Аlmaty, Kazakhstan In the era of globalization, modern cultural and integration trends affect the updating of the structure of the artistic text, style and consciousness. Modern culture is distinguished by its versatility, opposition and multilingualism. His influence led to the emergence of new genre forms and variants. The article conducted a scientific analysis of the genre specificity of the work of Omirzai by the famous kazakh writer B. Mukai, who describes the history of the December events of 1986, when young people sacrificed their lives for a good purpose. Defined the author’s approach to the description of the fate of the main characters of this work. Based on the characteristics of the main characters, the «concept of justice», which is the basis of the novel, is analyzed in a diversified manner. The methods of the origin of the synthesis novel, where the author goes beyond the boundaries of the genre of the novel and uses the characteristic features of the tragedy in the structure of the work, are considered.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *