ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ФОНЕТИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІҢ САЛҒАСТЫРМАЛЫ СИПАТТАМАСЫ

Т. Қалибекұлы
филология ғылымдарының кандидаты, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, Алматы, Қазақстан
Республикасы, e-mail: tolkyn.kalibek@mail.ru

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ФОНЕТИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІҢ САЛҒАСТЫРМАЛЫ СИПАТТАМАСЫ

Аннотация. Мақалада қытай тілі мен қазақ тіліндегі фонетикалық бірліктердің салғастырмалы сипаттамасы жасалып, екі тілдегі дыбыстар мен буындардың өзіндік ерекшеліктері, жасалу жолдары мен түрлері тілдік деректермен көрсетіледі. Сонымен бірге, қытай тіліндегі кейбір фонетикалық бірліктерді қазақ тіліне аудару мәселелері де сөз болады.

Кілт сөздер: дыбыстық бірлік, дыбыс, буын, шынму, юньму, тон, термин, аударма

КІРІСПЕ
Тіл – қарым-қатынас құралы. Тіл бұл қызметін сөйлем арқылы іске асырады. Бұл туралы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынұлы: «…айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады» [1, 157 б.] деп жазады. Әрине, сөйлемді құрайтын тілдің басқа құрылымдық деңгейінің бірліктері. Тілдің құрылымдық деңгейлерінің ішінде грамматиканың алатын орны ерекше. Өйткені тіл қарымқатынас құралы ретіндегі өзінің негізгі қызметтерінің бірін атқаруда тілдің грамматикалық заңдылықтары үлкен рөл атқарады. Ал құрылымдық жүйенің бірінші сатысында фонетикалық бірліктер тұрады және олар келесі деңгейді құраушы бірліктері болып табылады. Сондықтан да қай тілдің табиғатына үңілмек болсақ та, ең алдымен, тілдің дыбыстық қабатын аттап өте алмайтындығымыз белгілі.
Қытай тілі мен қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін айқындауға байланысты салғастырмалы сипатта жазылған зерттеулердің саны айтарлықтай көп емес. Ал олардың зерттеу нысандарын саралайтын болсақ, бұл бағыттағы жұмыстар қытай тілінің лексика саласы бойынша П.Н.Дәулетованың, грамматика, оның ішінде синтаксис саласы бойынша Т.Қалибекұлының сөз тіркстеріне, Ж.Тұрсынәліқызының сөйлем синтаксисіне, ал морфологиялық ерекшеліктеріне қатысты А.Сүлейменова мен Р.Б.Желдібаеваның кандидаттық диссертациялық жұмыстарын айтуға болады. Ал қытай және қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктерін сипаттайтын еңбектер қытай тілін практиалық мақсаттарда үйретуге бағытталған оқу құралдарында ғана болмаса, жоқтың қас деуге болады.
Фонетиканың зерттеу нысанына тілдік дыбыс, оның таңбасы әріп, фонема және буын, тасымал, т.б. жатады. Тілдің дыбыстық жүйесі әр тілде әр түрлі, яғни ондағы дыбыстардың саны мен сапасы, айтылу ерекшеліктері басқа-басқа болады. Белгілі бір халықтың сөйлеу мүшелерінің дыбыс шығаруға қалыптасқан дағдысы, артикуляциялық базасы болады. Енді осы қытай және қазақ тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне тоқталайық.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қытай тіліндегі негізгі фонетикалық бірліктер: дыбыс (音素), буын (音节) және фонема (音位).
Дыбыс, яғни тілдік дыбыс – ең кіші тілдік бірлік. Қытай тілінде қалыптасқан дәстүр бойынша дыбысқа берілген анықтама: «音素是从音色角度划分出来的语音中最小的单位».
Яғни тілдік дыбыс дегеніміз – дыбыс сапасы жағынан бір-бірінен ажыратылатын ең кіші фонетикалық бірлік. Мысалы, 人rén (адам) деген сөз r, e, n деген үш дыбыстан құралған. Қытай тілінде дауысты дыбыстар жеке-дара тұрып та буын құрай алады. Мысалы, 鹅 é (қаз) сөзі «е» дыбысынан ғана құралған. Путунхуада (普通话, қытай халқының ортақ тілі) 32 дыбыс бар. Тіл-тілде дыбыстар дауысты және дауыссыз болып екі топқа топтастырылатынын ескерсек, путунхуадағы дауысты дыбыстардың саны – 10 ( a, o, e, ê, i, u, ü, – i (тіл алды), – i
(тіл арты), er), дауыссыз дыбыстардың саны – 22 ( b, p, m, f, d, t, n, l, g, k, h, j, q, x, z, c, s, zh, ch, sh, r, ng).
Қытай фонологиясында ертеден бері келе жатқан дәстүр бойынша бір иероглифтің дыбысын (字音) шынму, юньму және тон сынды үш бөлшекке бөліп қарастырады. Мысалы, 花huā (гүл) иероглифінің шынмуы – h, юньмуы – uā; 庄 zhuāng (егістік) иероглифінің шынмуы – zh, юньмуы – uāng. Тон – сөйлеу кезінде буынның жоғары немесе төмен, көтеріңкі немесе бәсең болып өзгеруі, ол негізгі дауысты дыбыстың үстіне қойылады. Мысалы, 快 (kuài) тез, жылдам.
Қытай тіліндегі шынму мен юньму тіл-тілде айтылып жүрген дауысты және дауыссыз дыбыстармен байланысты, бірақ олардан айырмашылығы бар. Дауысты және дауыссыз дыбыстар – жалпы фонетикаға қатысты терминдер болса, шынму мен юньму – қытай фонологиясына тән терминдер. Олар – иероглифтің дыбыстық құрамына (жасалуына) қарай бөлінген түрі. Бұлай бөлу иероглиф дыбыстардың алдыңғы және соңғы болып орналасуына, яғни дыбыстардың орналасу рет-тәртібіне байланысты: шынму – буынның басында тұратын дыбыс, юньму – буынның соңында тұратын дыбыс.
Шынму (инициал) – буынның басында тұратын дауыссыз дыбыстар. Қытай тілінің путунхуасындағы 22 дауыссыздың 21-і (ng-нан басқалары) шынму бола алады. Бұлардың ішінде n мен r шынму болумен қатар юньвэй да бола алады. Ескере кететін жайт, қытай тіліндегі шынмуды дауыссыз дыбыстармен шатастырмау керек, шынмулар дауыссыз дыбыстардан жасалады, бірақ дауыссыздардың барлығы шынму бола бермейді, мәселен, 中 zhōng сөзінің құрамындағы ng (қазақ тіліндегі «ң» дыбысымен пара-пар) шынму бола алмайды, ол тек дауыстылармен бірігіп келіп юньмуды жасауға қатысады. Кейде буынның басында дауыссыз дыбыс болмауы мүмкін. Олар «нөлдік шынму» деп аталады. Мысалы, 阿 (ā), 爱 (ài), 雨 (yǔ), 音(yīn), 五 (wǔ), 奥 (ào), 晚 (wuǎn).
Юньму (финаль) – буынның құрамында шынмудың соңынан тұратын дыбыстар. Қытай тілінің путунхуасында 39 юньму бар. Юньму, көбінесе, дауысты дыбыстан жасалады, кейде дауысты мен дауыссыздың тіркесінен де жасалады. Мысалы, 声母(shēngmǔ) сөзінің құрамындағы екі иероглифтің юньмуы – еng мен u. Юньмудың өзі іштей жалаң юньму (单韵
母), күрделі юньму (复韵母) және мұрын жолды юньму (鼻韵母) болып үш топқа бөлінеді.
Жалаң юньму бір ғана дауыстыдан жасалса, күрделі юньму екі немесе үш дауысты дыбыстың тіркесінен жасалады, ал мұрын жолды юньму екі немесе үш дауысты дыбыстың n немесе ng мұрын жолды дыбыстармен тіркесуі арқылы жасалады. Күрделі юньму құрылымы жағынан юньту (韵头), юньфу (韵腹) және юньвэй (韵尾) болып үшке бөлінеді.
Юньфу – юньмудың құрамындағы ең анық айтылатын дауысты дыбыс, ол «негізгі дауысты дыбыс» деп те аталады. Мысалы, 远 (yuǎn) сөзінің құрамындағы – а. Юньту – (介音деп те аталады) юньфудың алдынан тұратын дауыстылар: i, u, ü. Ал юньвэй – юньфудың соңынан келетін дыбыстар: i, u (о) және мұрын жолды дауыссыздар n, ng. Мысалы,

韵母 юньму 韵头юньту 韵腹юньфу 韵尾
юньвэй
ai a i
ou o u
uo u o
en e n
in i n
ian i a n
uan u a n
uang u a ng

Қытай тілінің путунхуасында шынмулардың барлығы дауыссыздардан, ал юньмулар негізінен дауысты дыбыстардан жасалады. Кейбір юнмулардың құрамында n және ng дасыссыздары кездеседі, n шынмудың да, юньмудың да құрамында кездесе береді: 男nán (ер) сөзінің алында тұрған n – шынму, ал соңында тұрған n – юньму. Дауыссыз дыбыс ng тек юньмудың құрамында ғана кездеседі. Мысалы, 东dōng (шығыс), 听tīng (тыңдау, есту).
Буын – дыбыстан кейінгі ең кіші тілдік бірлік. Қытай тілінде буын шынму, юньму және тоннан құралады. Буын жасау үшін оның құрамында міндетті түрде дауысты дыбыс болу керек. Қытай тілінде бір иероглиф бір буыннан құралады. Мысалы, 语音学yuyinxue
(фонетика, дыбыстаным) үш иероглифтен жасалған, ол «yu», «yin», «xue» сынды үш буынға бөлінеді. Қытай тілінің путунхусында 400-дей буын бар, бұлардың құрамында тек 100-дейі ғана көп ұшырасады. Қазіргі қытай тілінің фонетикасын үйренудің ең ұтымды жолы – осы 400 буынды меңгеру.
Қытай тілінде сөздердің құрамындағы буындардың саны төрттен аспайды, мысалы, 教 jiào (үйрету, оқыту) сөзі j, і, a, o сынды төрт дыбыстан құралған.
Буын дегеніміз – сөз құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстардың тобынан құралған фонетикалық бөлшек. Қазақ тілінде буынды үш түргі бөледі: ашық буын, тұйық буын және бітеу буын. Егер дауысты дыбыстарды шартты түрде – А, дауыссыз дыбыстарды шартты түрде – Б әрпімен таңбалайтын болсақ, буын түрлерін былайша өрнектеуге болады:
Ашық буын – жеке дауыстыдан тұратын немесе дауыстыдан басталып, дауыстыға аяқталатын буын.
1) А: а, ә, е; а+та, ә+же, е+не, о+қы, ө+ре, ы+дыра, т.б.
2) БА: де, же, не;ба+ла+сы, жа+ға, да+ла+да, же+ді, т.б.
Тұйық буын – дауыстыдан басталып, соңы дауыссызға аяқталатын буын.
1) АБ: ал, ақ, ат, ас, үй; ақ+тар, әл+ден, ән+дет, ой+лан, т.б.
2) АББ: ант, өрт, ұлт, ұрт; ыңқ-ыңқ (етті), т.б.
Бітеу буын – басында да, соңында да дауыссыз дыбыс тұратын буын.
1) БАБ: бас, көз, көл, қол, бет, тас, бас+тық, бал+шық, көл+шік, тас+тақ, бөл+шек+тер, бұл+бұл+дар, т.б.
2) БАББ: қант,бұлт, қарт, жарқ-жұрқ, т.б.
Қазақ сөздерінде буынның 6-ақ түрі ұшырасады екен. Олар: А, БА, АБ, АББ, БАБ, БАББ [2, 15].
2002 жылы жарық көрген «Қазақ грамматикасында» буынға тән мынандай сипаттар көрсетілген:
— буын болу үшін оның құрамында дауысты дыбыс болу керек;
— бір дауысты дыбыс жеке тұрып, бір буынды құрайды;
— дауыссыз дыбыстар жеке тұрып, буын құрай алмайды; — сөзде неше дауысты дыбыс болса, сонша буын болады;
— қазақ тілінде сөздің басындағы буын ғана дауыстыдан басталады, ал басқа буындар дауысты дыбыстан басталмайды;
— буында мағына болмайды;
— сөздердің айтылуындағы буын саны мен жазылудағы буын саны әрқашан бір-біріне сай келуі шарт емес және т.б.
Осындай буынға сипаттама беріле келе, аталған еңбекте тек екі ғана буынның түрі көрсетіледі: ашық буын және тұйық буын [3, 93 б.]. Мұнда басында да, соңында да дауыссыз дыбыс тұратын буын ретінде қарастырылатын бітеу буын тұйық буынның бір түрі деп көрсетіледі.
Ал қытай тіліндегі буын түрлерін былайша өрнектеуге болады:
А, АБ, БА, БАА, БААА, АА, БАБ, БААБ, ААА, ААБ.
1) А: ā 啊
2) АБ: ān 安
3) БА: bā 八
4) БАА: duō 多
5) БААА: piào 票
6) АА: ōu 欧
7) БАБ: lěng 冷
8) БААБ: liǎng 两
9) ААА: yào (іаo) 药
10) ААБ: yáng (іаng) 阳
Екі тілді салғастырып қарайтын болсақ, қытай және қазақ тілдерінде буынның А, АБ, БА және БАБ түрлері ғана ұқсас келеді.
Фонема – мағына ажырататын ең кіші дыбыстық бірлік. Мысалы, 爸 (bà) әке және 妈
(mā) шеше, ана сөздерінің құрамындағы дауысты дыбыстар (а) ұқсас, оларды b және m фонемалары арқылы бір-бірінен ажыратамыз.
Тон – сөйлеу кезінде буынның жоғары немесе төмен, көтеріңкі немесе бәсең болып өзгеруі. Қытай тілінде буында тон міндетті түрде болу керек, ол негізгі дауысты дыбыстың үстіне қойылады. Тонның сөз мағынасын ажырату қызметі болады. Мысалы, 买 мен 卖 иероглифі mаi болып оқылады. 买төртінші тонмен оқылады да, «сатып алу» мағынасын, ал 卖үшінші тонмен оқылып, «сату, сатып беру» мағынасын береді. Тағы бір мысыл, 妈mā – ана, шеше, 麻má – кендір, кенеп, күнжіт, 马mă – ат, жылқы, 骂mà – ұрсу, балағаттау.
Қытай тілінде де екпін бар бірақ оның орыс және ағылшын тілдерінде екпін сияқты сөз мағынасын ажырату қызметі жоқ.
Әр түрлі тілдердегі сөздердің дыбыстық жағынан ұқсас болумен қатар, айырым жақтары мен өзіне ғана тән ерекшеліктері де болады. Қытай тілі фонетикасын қазақ тілі фонетикасымен салыстырғанда, оның мынадай ерекшеліктері байқалады:
— қытай тілінде бір иероглиф бір буыннан құралады;
— буын шынму мен юньму және тұтас буынға түсетін тоннан тұрады: шынму – буынның басындағы дауыссыз дыбыс, юньму – шынмудан кейін тұратын дауысты дыбыс, тон – сөйлеу кезінде буынның жоғары немесе төмен, көтеріңкі немесе бәсең болып өзгеруі;
— қытай тілінде тон сөз мағынасын ажырату қызметін атқарады;
— қытай тілінде буын жасау үшін оның құрамында міндетті түрде юньму болу керек.
— қытай тілінде буынның құрамында дауыстылардың саны дауыссыздарға қарағанда әлде қайда көп болады. Мысалы, 跳tiaо (секіру; билеу) құрамында тек бір ғана дауыссыз бар, яғни t, ал қалғандары, яғни i, a, о – дауыстылар, кейбір буындар тек дауыстылардан ғана құралады, мысалы, 额 é (маңдай).
— қытай тілінде буын құрамында екі, тіпті үш дауысты дыбыстар да қатар келе береді, бірақ дауыссыздар қатар келмейді.
— қытай тілінде дауыссыздар (n мен ng дауыссыздарынан басқалары) ешқашан буынның соңынан келмейді.
Қазақ тілінде буын жасау үшін оның құрамында міндетті түрде дауысты дыбыс болуға тиісті және оның саны біреуден аспау қажет.
Қытай тілінде екі немесе үш дауыссызыздың тіркесінен басталатын сөздер мүлде кездеспейді, буынның құрамында екі немесе үш дауыссыздар қатар келмейді. Дауыссыздар тек буынның басында және соңында кездеседі. Қытай тілінде zh ch sh ng дыбыстары екі әріптен құралғанымен, олар – бір ғана дыбысты білдіретін фонемалар болып табылады.
Қазақ тілінде қос дауыссыздардан басталатын сөздер жоқ. Ендеше тілімізде қос дауыссыздан басталатын буындар да болмайды. Осы тұрғыдан Сқақ, Смаил, Слан, Смахан, Спатай, Рсалды, Рза тәрізді сөздер жазуда былайша таңбаланады: Ыс+қақ, Ыс+май+ыл немесе Сы+май+ыл, Ы+рыс+ал+ды, Ри+за немесе Ыр+за. Орыс тілінде сөздер де, буындар да екі немесе үш дауыссыз дыбыстан бастала алады және аяқтала да береді: студент, спорт, стиль, текст, т.б. [2, 14 б.].
Қазақ тілінің төл сөздерінде дауыссыздардан аяқталатын сөздер де, буындар да кездеседі. Мысалы: ұлт, қант, бұлт, жұрт, күрт, т.б.
Түркі тілдері мен финно-угор тілдерінде сөздердің басында дауыссыз дыбыстардың тіркесіп келмеу ерекшелігіне сай, бұл тілдерде екі немесе үш дауыссыздың тіркесінен басталатын төл сөздер кездеспейді [4, 214 б.].
Буын үндестігі, тасымал тек қазақ тіліне ғана тән құбылыс, қытай тілінде буын үндестігі, тасымал жоқ.
Қытайда лингвистикалық терминдер ұлттық мемлекеттік тілде қалыптасқан. Ал біздің елімізде лингвистикалық терминдер ұлт тілінде толық қалыптаспаған, орыс тіліндегі атаулардың үлес салмағы басым. Сондықтан да қытай тіліндегі лингвистикалық терминдерді қазақ тіліне аудару – өте күрделі мәселелердің бірі. Жалпы фонетика бойынша салғастырмалы талдаулар жүргізуде жүйесі бөлек екі тілдің деректерін талдау мен түсіндіруде қиындық тудыратын жайттардың бірі – фонетикалық атаулар. Мысалы: фонетикада ең көп ұшырайтын语音атауын мысалға алайық, 语音тіл біліміне қатысты кейбір сөздіктерде «тілдік дыбыс», «фонетика» болып берілген [5, 45 б.].
Қытайда жарық көрген «Ханзу тілі фонетикасы және ханзуша хат 汉语语音与汉字» атты қос тілде жазылған оқу құралында «什么是语音» деп сұрақ қойып, оған былайша жауап береді: «语音是人类语言的物质外壳,可感知的声音;是人类发音器官的一种生理活动,是人类发音器官发出的具有一定意义的声音。». Авторлар берілген анықтаманы былай аударған: «Фонетика дегеніміз не?», «Фонетика – адамзат тілінің материалдық тоны, қабығы, құлаққа естілетін дыбыс. Ол дыбыстау мүшесінің бір түрлі физиологиялық қыймылы, адамның дыбыстау мүшесінен шыққан, белгілі мағынаға ие дыбыс» [6, 1 б.]. «Тілдік дыбысқа» берілген (фонетикаға берілген анықтама емес) осы анықтамадан не түсінуге болады? Авторлар 语音-ді «фонетика» деп қате аударған, ол – «фонетика» емес, «тілдік дыбыс».
«Қытай тілі фонетикасының негіздері» аты оқу құралында “语言中能表示一定意义的声音就是语音,它和其它的声音有本质区别” деген анықтаманы, яғни тілдік дыбысқа берілген анықтаманы қазақ тіліне былай аударған: «Тілдегі белгілі мағынаны білдіретін дыбыстар фонетика делінеді. Оның басқа дыбыстардан мәндік айырмашылықтары болады». Ал “汉语语音是汉语的物质外壳 ” дегенді «Қытай тілі фонетикасы қытай тілінің заттық қабығы» деп аударған [7, 6 б.]. Міне, бұл аудармада да语音-ді қате аударған. 语音-нің
«фонетика» және «тілдік дыбыс» болып екі түрлі аударылатыны рас, бірақ «фонетика» мен «тілдік дыбысты» бір-бірімен шатастырмау керек.
音素 оқу құралдары мен сөздіктерде «дыбыс», «аллофон», «тіл дыбысы» және «дыбыс
элементі» деп түрлі-түрлі аударылып жүр.
声母және 韵母 – қытай тілі фонетикасына ғана тән құбылыс. Бұлар ағылшын тіліне «initial» және «final» болып аударылса, орыс тіліне «инициал», «финаль» болып аударылып, арнаға түскен. Қытайда жарық көрген кейбір сөздіктерде 声母 атауы «шыңму» және «буын алды дауыссыздары» [8, 164 б.] болып берілсе, 韵母атауы «юньму», «финаль» және «қосар дауыстылар» болып берілген [8, 243 б.]. Ескеретін жайт: 韵母атауын «қосар дауыстылар» деп беру дұрыс емес сияқты, өйткені күрделі юньмулар үш дауысты дыбыстың тіркесінен де жасала береді: iao, iou, uai, uei. Кейбір оқу құралдарында 声母атауы «буын басы дауыссыздары» [6, 44 б.] деп берілсе, 韵母 «буын соңы дыбыстары» болып берілген [6, 72 б.]. Қазақстанда жарық көрген кейбір оқу құралдарында олар «ләмдем», «дәмдем» деп берілген [7, 6 б.]; [9, 4 б.]. Қытай тіліндегі шынму мен юньмудың дауысты және дауыссыздармен айырмашылығы бар. Дауысты және дауыссыздар жалпы фонетикаға қатысты терминдер болса, шынму мен юньму қытай фонологиясына тән терминдер екенін естен шығармаған жөн сияқты.
声调 атауы сөздіктерде «тон», «ырғақ», «дыбыс тоны», «дыбыс екпіні», «екпін», «сарын», «дауыс» болып түрлі-түрлі аударылып берілген. Кейбір еңбектерде қазақшаға аударылмай «шыңдияу» болып та беріліп жүр. 2013 жылы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Қытай тілінің фонетикасы» атты оқу құралында 声调бірде «тон», бірде «ырғақ» болып екі түрлі беріліп отырған [10, 32 б.].
韵头 (юньту), 韵腹 (юньфу) және 韵尾 (юньвэй) атаулары да әр түрлі аударылып жүр.
Бір оқу құралдарында «үндем басы», «үндем ортасы» және «үндем соңы» деп берілсе [9, 16
б.], енді бір оқу құралында «басқы буын соңы дыбыстары», «центрлі буын соңы дыбыстары» және «аяққы буын соңы дыбыстары» болып берілген [6, 76 б.]. Қытайда жарық көрген тіл білімі сөздігінде бұл үшеуі «басқы дауысты дыбыс», «аралық дауысты дыбыс» және «соңғы дауысты дыбыс» болып берілсе [8, 242–243 бб.], тағы бір сөздікте 韵头атауы «басқы дауысты», 韵尾 атауы «соңғы дауысты» болып берілген [11, 368 б.].
Жоғарыдағы сияқты қазақ тіліндегі аудармасы бір арнаға түспеген, мағыналары мен ұғымдары шатастырылып жүрген фонетикалық атаулар жетерлік. Сондықтан қытай тіліндегі фонетикалық атаулардың қазақ тіліндегі аудармасын бір арнаға түсіру керек деп санаймыз.
Қазіргі таңда қытай тіліндегі фонетикалық атауларды қазақ тіліне аудару мәселесі де – кезек күттірмейтін күрделі мәселелердің бірі болып отыр.
Сонымен қатар, қытай тіліндегі пиньиньдерді, яғни жоғарыда айтылған 400-дей буынды қазақша таңбалау мәселесі де әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Бұл мәселе орыс тілінде әлде қашан шешімін тапқан. Қазақ тілді БАҚ-та хань ұлтының аты-жөні, жер-су атаулары, т.б. орыс тілі бойынша таңбаланып жүр. Мысалы, 毛泽东 (Máo Zédōng) «Мао Цзэдун», 习近平 (Xí Jìnpíng) «Си Цзиньпин», 鲁迅 (Lǔ Xùn) «Лу Синь», 广州 (Guǎngzhōu) «Гуанчжоу», 重庆 (Chóngqìng) «Чунцин», т.б. Соңғы кездері қытай тіліндегі кейбір бірліжарым атаулар БАҚ-та қазақ тіліндегідей айтылып, қазақ тіліндегідей жазылып жүр. Мысалы, 北京 (Běijīng) бұрын «Пекин» болып айтылып келсе, қазір «Бейжің» болып айтылып та, жазылып та жүр. 新疆 (Xīnjiāng) сөзі орысша «Синьцзян» болып жазылса, қазақ тілінде «Шыңжаң» болып жазылып жүр.
Қытай тіліндегі «ng» дыбысы қазақ тіліндегі «ң» дыбысымен, ал «i» дыбысы қазақ тіліндегі «і» дыбысымен негізінен сәйкес келетіндіктен, 平(píng) иероглифін «пің» деп таңбалауға болады. Орыс тілінде «ng» дыбысы болмағандықтан, оны «н» дыбысы арқылы таңбалайды, ал «n» дыбысы «н» дыбысының артына жіңішкерту белгісі «ь» қойылып, «нь» болып таңбаланып жүр. Қазіргі қазақ тілінде орыс тілі арқылы енген мыңдаған шетелдік сөздер мен терминдер бар, біз оларды орыс тіліндегідей айтып та, жазып та жүрміз.
Қытай тілінің грамматикасын студенттерге үйрету үшін, алдымен онда қолданылып жүрген терминдердің мағыналық айырмашылығын, ұғымдарын бір-бірінен ажырата білу керек. Сондай-ақ фонетикалық терминдердің қазақ тіліндегі аудармасын бір арнаға түсіру қажет.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қытай және қазақ тілдеріндегі фонетикалық бірліктерді салғастыру барысында төмендегідей қорытынды жасауға болады:
Қытай тілінде бір иероглиф бір буыннан құралады. Буын шынму мен юньму және тұтас буынға түсетін тоннан тұрады. Тон сөз мағынасын ажырату қызметін атқарады.
Қытай тілінде буын жасау үшін оның құрамында міндетті түрде юньму болу керек. Қазақ тілінде буын жасау үшін оның құрамында міндетті түрде дауысты дыбыс болу қажет.
Қытай тілінде буынның құрамында дауыстылардың саны дауыссыздарға қарағанда көп болады. Қазақ тілінде буынның құрамындағы дауысты дыбыстың саны біреуден аспайды.
Қытай тілінде буында мағына болады, ал қазақ тілінде буында мағына болмайды.
Қытай тілінде дауыссыздар (n мен ng дауыссыздарынан басқалары) ешқашан буынның соңынан келмейді. Қазақ тілінің төл сөздерінде дауыссыздардан аяқталатын буындар кездеседі.
Қытай тілінде екі немесе үш дауыссыз дыбыстың тіркесінен басталатын сөздер мүлде кездеспейді, буынның құрамында екі немесе үш дауыссыздар қатар келмейді. Қазақ тілінде екі немесе үш дауыссыздың тіркесінен басталатын төл сөздер кездеспейді.
Буын үндестігі, тасымал тек қазақ тіліне ғана тән құбылыс, қытай тілінде буын үндестігі, тасымал жоқ.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Байтұрсынұлы А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Абзал-Ай, 2013. – 640 б.
2 Қалиұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Фонетика. Лексикология. – Алматы: Әлішер, 2004. – 152 б.
3 Қазақ грамматикасы. – Астана: Фолиант, 2002. – 784 б.
4 Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: Санат, 1993. – 496 б.
5 Қалибекұлы Т. Қытайша-қазақша-орысша фонетикалық терминдер сөздігі. – Алматы:
Кие, 2010. – 68б.
6 Ділда Түсіпқанқызы, Елшат Әділбекұлы. Ханзу тілі фонетикасы және ханзуша хат 汉语语音与汉字. – Күйтың: Іле халық баспасы, 2010. – 149 б.
7 Мәсімхан Д., Мамытан Қ. Қытай тілі фонетикасының негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 162 б.
8 Ілікенов М. Ханзуша-қазақша тіл ғылымы сөздігі. – Бейжің: Ұлттар баспасы, 1984. – 438 б.
9 Жылқыбекұлы Б. Қытай тілінің әліппесі. – Алматы: Мерей, 2011. – 108 б.
10 Нұрсаидов М.А., Анипина А.К. Қытай тілінің фонетикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. – 85 б.
11 Дүкенбай Назари. Ханзуша-қазақша тіл ғылымы атауларының салыстырмалы шағын сөздігі. – Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1985. – 431 б.

Т. Калибекулы
Сопоставительное описание фонетических единиц в китайском и казахском языках
Казахский университет международных отношений и мировых языков им. Абылай хана, Алматы, Казахстан
В настоящей статье дается сопоставительное описание фонетических единиц в казахском и китайском языках, звуковые и слоговые особенности и способы образования и виды в двух языках показаны языковыми данными. Вместе с тем, также затронут вопрос о переводе некоторых фонетических единиц китайского языка на казахский.

T.Kalibekuly
Comparative Description of Phonetic units in Chinese and Kazakh languages
Kazakh Ablai Khan University of International Relations and World Languages,
Almaty, Kazakhstan
Abstract. This article provides a comparative description of phonetic units in Kazakh and Chinese languages furthermore sound and syllable features, types, ways of formation of two languages are shown by language data. At the same time, the issue of translating a few Chinese phonetic units into Kazakh was also raised.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *