ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШІРУ РЕФОРМАСЫНЫҢ ТАРИХ НЕГІЗІ

Ж.С. Таласпаева1, Н.М. Рахманова2, А.Г. Абдраимова3
1ф.ғ.к., профессор, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Петропавл қ., Қазақстан Республикасы, е-mail: talaspaeva@inbox.ru
2ф.ғ.к., профессор, Алматы университеті, Алматы қ.,Қазақстан Республикасы, е-mail: 55mm@ mail.ru
3 магистрант, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті,
Петропавл қ., Қазақстан Республикасы, е-mail: a.gabitovna95@mail.ru

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШІРУ РЕФОРМАСЫНЫҢ ТАРИХ НЕГІЗІ

Мақалада ХХ ғ. 20-40-шы жылдарында қазақ жазуын латын графикасына көшіру және оны жүзеге асыру барысы талқыланған. Қазақстан мен түркі түркі тілдес халықтардың әліпби реформасына тарихи талдау, жаңа әліпбишілер қоғамының мақсаты, қазақ жазуын латын графикасына көшіру жөніндегі қоғамдық пікір динамикасы туралы жазылған.Жаңа әліпбиді қабылдау мәселесі төңірегіндегі пікірталастар қарастырылған.1927 жылы құрылған «Жаңа әліппешілер қоғамының» жүргізген ісшаралары туралы ақпарат берілген. Жазуды өзгертуге байланысты жүргізілген реформалар жайында деректер келтірілген. Латындандыру барысында ұлт республикалары Орталық Атқару Комитеті, өлкелік, аудандық атқару комитеттері жанындағы көмектесу бөлімдерінің атқарған рөлі талданған. ҚазАКСР үкіметінің қарарлары бойынша жергілікті өкімет пен халық ағарту органдары жаңа әліпбиді үйрету жұмыстарының барысы қарастырылған.

Кілт сөздер: Латын графикасы, реформа, қазақ әліпбиі, тарихи-лингвистикалық саралау.
КІРІСПЕ
Қазақстанда қазақша оқулықтарды алғаш кирилл әліпбиі негізінде Ы.Алтынсарин жасаса, А.Байтұрсынов қазақ дыбыстарын араб әліпбиімен қазақтың төл дыбыстық артикуляциясына дәл келтіре отырып, сауат ашудың тиімді әдістерін ұсынды. Ал ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Т.Шонанұлы, Е.Омаров, Ш.Сарыбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Бегалиев, Қ.Басымов, С.Аманжолов, А.Садуақасов, С.Жиенбаев сияқты т.б. ғалымдардың ғылыми мақалалары мен еңбектерінде әліпби мәселелері сөз болып, сауат ашу оқулықтарын жасап, бастауыш сынып әдістемесі ғылымына өзіндік үлестерін қосты. Бастауыш мектептегі сауат ашу, тіл дамыту, оқу дағдыларын қалыптастыру мәселелері Х.Арғынов,
Ғ.Сүлейменов, М.Жұбанова, Ш.Әуелбаев, С.Рахметова, Т.М.Әбдікәрім, К.Бозжанова, Б.Баймұратова, Г.Уәйісова, Б.Қабатаева, Р.Ізғұттынова сияқты ғалымдардың еңбектерінде зерттеу нысанына алынды. Cауат ашудың кіріктіріле-сараланған жүйесі біртұтас білім беру құралы ретінде К.Д.Ушинский, И.Н.Шапошников, В.Г.Горецкий, В.К.Павленко, Ә.Мұханбетжанова зерттеулерінде қарастырылды.
ХХ ғ. 20-40 жылдарында Қазақстанда жазуды өзгертуге байланысты екі реформа іске асырылды. ХХ ғ. бірінші ширегінде Иран, Түркия, Әзірбайжан және Қазақстанның Мирза Мелкомхан, Әли Мухамадхан Уейси, Саид Нафиси, Мирза-Фатали Ахундов, Халел Досмұхамедов, Нәзір Төреқұлов, Мұхтар Мурзин және т.б. сияқты алдыңғы қатарлы интеллегенция өкілдері мұқият тарихи-лингвистикалық сараптау негізінде араб жазуы олардың елдеріндегі халықтар тілінің табиғатына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген болатын. 1917 ж. революциядан кейін кеңес өкіметі орнаған соң, КСРО халықтарының экономикалық және мәдени сұраныстарына сәйкес және халық бұқарасының игеруіне оңай жазуға өту шұғыл қажеттілі деп саналды. Ол кезде кеңес өкіметі КСРО құрамындағы түркі халықтарының бұрынғы жазуын орыс әліпбиіне (кириллицаға) көшіру әрекеті қатты дауға айналатындықтан, оны елдің патша заманындағы ескі, орыстандыру саясатының қалдықтары деп түсінбесін деген оймен мұны іске асырудың басқа жолдары мен сатыларын қарастырды [1, 46].
Араб әліпбиінің орнына латын әліпбиін енгізу мәселесін ХІХ ғасырдың 60-65 жылдары Әзірбайжандық ғалым, драматург Мырза-Фатали Ахундов көтерді. Ол өзінің жобасын Түркия және Иран үкіметтерінің басшыларына да ұсынып көрді. Алайда бұл елдердің билеушілері мен ғалымдары араб жазуына қарағанда, латын графикасының тиімділігіне келіскенімен, идея қолдау таппады. Тек 1908 жылы үкімет тарапынан болып жатқан қысымшылдыққа қарамастан, Түрік парламентінде жаңа әліпби мәселесі көтеріліп, арнайы комиссия құрылады. Бірақ құрамында түріктің атақты адамдары болған мүшелері арасында бірлік болмай, бір жылдан кейін комиссия тарап кетеді.
1923 жылдан бастап қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері, оқушы жастар, оқытушылар латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесін көтерген болатын. 1923-27 жылдар аралығында Қазақстанда жаңа әліпби төңірегінде жаңа әліпбиді қолдаушылар мен бұрынғы әліпбиді жақтаушылар арасында күрес жүрді. Қазақстан үкіметі әліпби мәселесіне байланысты бөлінген екі топқа ашық түрде пікірлерін айтып, талқылаулар өткізуге барлық мүмкіндік жасады.
1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын да ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырды, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды және т.б. 1925 жылы Н.
Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты [2, 98].
1926 ж. ақпанда Баку қаласында Бүкілодақтық 1-түркологиялық съезі өткізіліп, КСРОның түркі тілдес халықтарының жазуын латын әрпіне ауыстыруға арналды. Осы съезде Жаңа түрік әліпбиінің Орталық комитеті құрылды.
Съезге дейін көпшілік ұлт республикаларында латындандыру мәселесі бойынша оқытушылармен кеңестер жүргізу, арабшылармен пікірталас өткізу, кейбір республикаларда латын әліпбиін сараптамадан өткізіп, жариялау сияқты бірқатар жұмыстар жүргізілді. Бүкілодақтық І-түрікшілер съезі тіл, жазу мәселесімен айналасқан әлемнің аса талантты ғалымдарының басын қосты. Арабшылар да өздерінің ең мықты күштерін көрсете білді. Бұл съезд Шығыс халықтары жазбасының даму жолдары жөнінде бүкілодақтық көлемде айтуға тиісті болды.
Жаңа әліпбиді қабылдау мәселесі дауысқа салынып, 7 дауысқа қарсы 101 дауыспен латын әліппесін жақтаушылар басым түсіп, латын әліппесінің негізінде құрылған жаңа түрік әліпбиін алуға қарар шығарылды. Съезге Қазақстаннан А. Байтұрсынов, Е. Омаров, Н. Төреқұлов және т.б. Қаз АКСР Ағарту Халық комиссариаты мен зиялы қауым өкілдері қатынасты. Басында А. Байтұрсынов бар қазақ арабшылары съезд реформаланған араб әліпбиін алсын деген ниетпен латындандыруға қарсы барлық күштерін салды [3, 115].

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Түрікшілер съезі латындандыруға көшу ісінде аса зор рөл атқарды. Республика делегаттары өз жерлеріне қайтып оралған соң жұмыстарын бастады. Бұл жұмыстың негізгі бғыттары: баяндамалар оқу арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жиналыстар, конференциялар, сессияларда сөз сөйлеу, мерзімді басылымдарға жариялау, брошюралар шығару, одан кейін қолдайтын ұялар, мектептерде, кәсіпорындарда, оқытушылар даярлайтын курстарда латыншылар тобын құру мен оны нығайту арабшылармен айтыстартыс жүргізу.
1927 жылы Қазақстанда «Жаңа әліппешілер қоғамы» (ЖӘҚ) құрылып, Республика үкіметінің басшысы, белгілі мемлекеттік қайраткер Н. Нұрмақов төраға болып сайланды, құрамында Телжан Шонанов, Ғаббас Тоғжанов, Ораз Жандосов болды. Сондай-ақ республикада ресми мемлекеттік орган ретінде «Жалпы әліпби комитеті» (ЖӘК) құрылды. ЖӘК өзінің орталық, өлкелік, аудандық комитеттері және төменгі ұялары мен үйірмелері болды. ЖӘК-тің жергілікті комитеттер мен ұялары сауатсыздықты жою пункттері мен жаңа әліпбиді үйретуші алғашқы үйірмелерді ұйымдастырды [2, 99].
Латындандыру барысында ұлт республикалары Орталық Атқару Комитеті, өлкелік, аудандық атқару комитеттері жанындағы көмектесу бөлімдері үлкен рөл атқарды. Бұл, әсіресе, латындандырудың орталық штабы Бүкілодақтық жаңа түрік әліпбиінің орталық комитеті құрылғаннан кейін күшейді. Бүкілодақтық орталық комитетінің пленумдарында бірнеше принциптік мәселелер қарастырылып, шешілді. Бүкілодақтық орталық комитет құрылғанға дейін латындандыру ісінде біртұтас басшылық болмады. Жер-жерлерде жаңа әліпбиді жасау ісі бұрынырақ басталған-ды. Территориясы араласып жатқан және тіл жағынан туысқан республикалар да бірыңғай дыбыстарды әртүрлі сызбамен қабылдады.
Латын әліпбиін енгізуді жүзеге асыру туралы мемлекеттік бағдарлама негізіндегі ҚазАКСР үкіметінің қарарлары бойынша жергілікті өкімет пен халық ағарту органдары жаңа әліпбиді үйрету жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Ол үшін әртүрлі оқыту әдістері, соның ішінде алыс ауылдар мен қыстауларға мәдени жорықтар да қолданылды. Жаңа латын әліпбиін жалық арасында белсенді түрде енгізу барысында ауылдар, аудандар, округтар, оқытушылар бірлестіктері мен қоғамдық ұйымдар арасында социалистік жарыстар өткізу әдісі қолданылды. Қазақстанның еңбекші табы бұл мәдени жорыққа белсенді түрде қатынасты.
1928 жылдың басынан мектептерге жаңа әліпби енгізіле бастады. Халық ағарту комиссариаты коллегиясының 1928 жылдың 3 қаңтарындағы шешіміне орай барлық техникумдар мен басқа оқу-ағарту институттарында ана тілін оқыту мен барлық жазба жұмыстары жаңа әліпби негізінде жүргізілді.
Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша 1928-1929 жылдары барлық түрдегі мектептердің бітіруші топтары мен кейбір мектептердің төменгі топтарына жаңа әліпби енгізілді.
Біртіндеп латын әліпбиі білім, ғылым және мәдениет салалары мен жергілікті халық тұрмысына толықтай енгізілді. Жаңа әліпбиге көшу жұмысы қалалық мектептерде аса қарқынмен жүргізілді. Мектептерде арнайы ұйымдар мен үйрімелер ашылып, апта сайын латын тілінен сабақтар жүргізіліп, үгіт-насихат ісі қолға алынды.
Жаңа әліпбиге көшудің өз қиыншылықтары болды. Латын жазуының кейбір әріптерінің жиі өзгеріске ұшырауы оны қабылдаушылар арасында түсініспестік туғызды. Латын әрібінің кейбіреулері бірнеше рет өзгеріске ұшырап, оқытушылардың өздері де жазу барысында қай әріпті қолдану керектігін білмей қиналған кездері жиі кездесті. Латын әліпбиін жасауда мамандар арасында қайшы пікірлер туындады. Әліпбиді насихаттау барысында жас ерекшеліктері ескерілмеді. Жаңа түркі жазуының негізін ұзақ талқылау мен өңдеуден кейін 1929 жылдың 7 тамызында КСРО Орталық Атқару Комитетінің төралқасы мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Жаңа қазақ алфавитін (әліппесін) енгізу» турасындағы қаулыны қабылдады. 14 тамызда жаңа әліпбиді Халық ағарту комиссариатының барлық жағдайды ескере отырып, бүкіл қазақ мектептеріне латын әліпбиін толықтай енгізудің соңғы мерзімін 1930 ж. 14 тамызына, яғни Қазақстанның 10 жылдық мерейтойына дейін аяқтауды белгіледі. 1930 жылы құрылған жаңа түрік әліпбиінің Орталық Комитеті 1933 жылы КСР Одақтық ОАК-нің жанындағы жаңа әліпбидің Бүкілодақтық орталық комитеті болып қайтадан құрылып, 40- жылдың соңына дейін жұмыс істеді.
Қазақстанда латын жазуынан кириллицаға көшіру мәселесі ұлт зиялыларының еңбектерін, әдеби шығармаларын орыс тілінен аударудан басталды. 1934 жылдың 1 қаңтарындағы Қазақ АКСР-і ХКК-нің «Қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аудару үшін төленетін 10 мың сом бөлу» турасындағы бұйрығы шығып, біртіндеп қазақ тіліндегі шығармаларды орысшаға аудару мәселесі қолға алына бастады [4, 62].
Ал БК(б)П ОК-і мен Одақтық ХКК-нің 1938 ж. 13 наурызындағы «Ұлт республикалары мен облыстарында міндетті түрде орыс тілін оқыту» жөніндегі шешімнің қабылдануы орыс әліпбиін қабылдаудың уақыты жеткенін білдірді. Осы қаулы негізінде 5 ақпанда Қазақ КСР ОАК мен ХККнің бұйрығы шығып, міндетті түрде қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту турасында қарары қабылданды.
Орыс тілін барлық қазақ мектептерінде оқытудың қажеттігі «біріншіден, КСРО-дағы көпұлтты халықтардың өзара байланысы мен шаруашылық пен мәдени саласының одан әрі дамытады, екіншіден, ұлт кадрларына орыс тілін білу ғылыми және техникалық таным саласында жетіле түсуіне жол ашады, үшіншіден, қазақ еңбекшілеріне Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері мен Әскери-Теңіз Флотында әскери қызметін сәтті атқаруға барлық жағдайды туғызады» деп түсіндірілді. Осы үш себепті негізге ала отырып Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі мынадай қаулы қабылдады:
1. 1938 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық қазақ мектептерінде орыс тілін
міндетті пән ретінде енгізу;
2. Барлық бастауыш қазақ мектептерінде орыс тілі сабағын 2 сыныптан, ал барлық толық емес орта және орта мектептерде 3 сыныптан бастап өткізу;
3. Бастауыш, толық емес орта және орта мектептерде оқылатын орыс тілі пәнінің қажетті ынғайына қарай бөліп көрсету.
Бұл қаулы негізінде бастауыш, толық емес және толық орта мектептердегі орыс тілін оқытудағы сағат саны нақты белгіленді. Орыс тілі мен орыс әдебиетін оқыту, Оқу-ағарту комитетіне 1938-39 оқу жылына арналған орыс тілі оқулықтарын, әліппесін, оқу кітабын, грамматикалық оқу кітабын шығару жүктелінді. Сонымен қатар орыс тілі пәніне арналған қосымша әдістемелік оқу құралдары мен сөздіктер шығару мәселесі де қойылды. Орыс тілі сабағын осы тілді жақсы білетін қазақ мұғалімдері немесе қазақша жақсы білетін ұстаздар жүргізуге тиісті болды. Арнайы қысқа курстар ашып, орыс тілі мамандарын даярлау міндеттелінді. 1 қыркүйектен бастап барлық жоғары оқу орындарына, атап айтқанда педагогикалық училищелер, мұғалімдік, педагогикалық институттар мен Қазақ Мемлекеттік университетінде міндетті түрде орыс тілін оқыту, олардың бағдарламаларына осы пәнді енгізу және арнайы үш жылдық орыс тілі мен әдебиетін оқытатын бөлім ашу көзделінді. Осы қаулыда айтылғандарды Оқу-ағарту комитеті тиісті бақылауына алып, тексеріп отыратын болды [5, 31].
Тура осы күні Қазақ КСР ХКК-і мен Қазақстан ОАК-нің «БК(б)П ОК-і мен Одақтық ХКК-нің ұлт республикалары мен облыстарында міндетті түрде орыс тілін оқыту ісшараларын жүзеге асыруға байланысты қабылдаған қаулының орындалу барысына байланысты қаулы қабылдап, әр облыстан орыс тілін жүргізетін ұстаздарды даярлайтын курсқа қанша адам қабылдау жөнінде шешім шығарды. Мәселен, Ақтөбе облысынан бұл курсқа – 40, Алматы облысынан – 75, Шығыс Қазақстаннан – 55 адам қабылданатын болды
[6, 28].
12 сәуірде республиканың Халық ағарту комитеті барлық облыстық, қалалық, аудандық халық ағарту бөлімдеріне орыс тілін оқытудың сапасын көтеру жөнінде бұйрық берді. Онда орыс тілін оқытудың саяси және мәдени маңызы барлығы айтылып, міндетті түрде орыс тілін енгізуді қолға алу қажеттігін көрсетті [7, 19].
«Орыс жазуы» мен оның емлесіне қатысты С. Жиенбаев, М. Балақаев, Ш. Сарыбаев, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев және т.б. тіл мамандары арасында түрлі пікірлер айтылды. Жаңа жазудың орфографияның қиын тұстары барлығы, бұл кірме сөздерге ғана емес, төл сөздерді дұрыс жазуға да қатысты екендігі талдауға алынды. Мәселен, 1939 ж. 16 наурызында ұлт зиялыларының арасында орыс әліпбиіне көшу мәселесіне орай кеңес тартысты өтіп, тіл мамандары арасында түрлі пікірталас туындады.
Ғ. Мүсірепов, С. Бәйшев, М. Әуезов, Н. Саурамбаев, Х. Әділгереевтер де орыс жазуының латыннан қарағанда жеңілділігін растай отырып, орыс әріпін қазақ жазуына ыңғайлауда Әзірбайжан республикасының жасаған жобасын негізге алып жасау мәселесіне тоқталған [8, 53].
1939 жылдың 13 желтоқсанында «Жаңа әліпбиге көшуге даярлық жасау» жөніндегі Орталық комитеттің қаулысы жарық көрді. Онда жаңа жасалған әліпбиді көпшілік талқысына салу, одан кейін Қазақ КСР ХКК-і мен К(б)П ОК-нің талқысына беру мәселесі айтылды. Осы жылдың 20 желтоқсанынан 1940 жылдың 15 қаңтары аралығында барлық облыстық, қалалық, аудандық партия, комсомол, кәсіподақ белсенділері мен зиялылар арасында, ұжымдарда жаңа әліпбидің жобасын талқыдан өткізу белгіленіп, облыстық орталықтарға, ірі қалаларда әліпбиге байланысты жиылыстар өткізу үшін арнайы мамандарды жіберілді [6, 34].
1940 ж. 2 қарашасында Қазақ КСР ХКК-нің «Латындандырылған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» қаулы қабылданды. Бұл қаулы бойынша 41 әріптен тұратын жаңа әліпбидің 32 әрпі орыс жазуына, ал қалған 9-ы қазақ тіліне ыңғайландырыла жасалды. Атап айтқанда і, қ, ғ, ң, ө, ә, ү, ұ, һ сияқты әріптер енгізілді.
1940 ж. 13 қарашасында 2 қарашадағы қаулы негізінде «Латындандырылған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданып, орыс графикасына көшу елдің саяси және мәдени дамуына әсер тигізетіндігі, сондай-ақ КСРО құрамындағы ұлттар арасындағы достықты нығайта түсетіндігі айтылды. Жаңа жазбаға көшудің нақты мерзімі белгіленді. Бұл Заң республиканың өлкелік мерзімді басылымдарында жарияланды. [6, 34].

ҚОРЫТЫНДЫ
Мерзімді басылымдар да осы мерзімге дейін толық орыс жазуына көшірілуі көзделінді. Сондай-ақ барлық бастауыш, орта, жоғары оқу орындары да осы мерзімге дейін көшуге міндеттелінді. Бұл аталған іс-шаралар жүзеге асуы үшін үгіт-насихат жұмыстарын өрістету, арнайы үгітшілерді даярлау, мұғалімдер үшін екі апталық курстар ашу, барлық баспаханаларды орыс жазуына ыңғайлап даярлау, талқылаудан өткен жаңа орыс жазуын Қазақ КСР-нің V Жоғарғы Кеңесі cессиясына бекітуге қою көзделінді
Заң қабылдана салысымен ХКК-і орыс графикасына көшірудегі ісшараларды қадағалайтын арнайы комиссия құрылып, төрағалығына ХКК-нің төрағасы Н. Оңдасынов сайланды. Оның құрамында Қ. Шәріпов, Ғ. Бұзырбаев, М. Әбдіқалықов, С. Бәйішев, Киселев, Резник, Ә. Сәрсенбаев, І. Кеңесбаев, С. Аманжолов сияқты зиялылар болды [6, 36].
ХХ ғасырдың 20-40 жылдары қазақ жазуын үш бірдей арабқа, латынға, латыннан орыс жазуына(кириллица) көшіру еліміздің мәдени даму барысына біршама кедергілер келтірді. Бұл біріншіден, жаңа әріп жасауда, оны насихаттауда, жаңа оқу құралдарын, кітаптарды шығаруда баспаханаларды ыңғайлауда көп қаражатты қажет етсе, екіншіден, араб жазуынан енді латын жазуын қабылдап, терең біліп келе жатқанда орыс жазуына көшіру тұрғылықты халықтың арасында қобалжулар туындатты. Алайда үкімет пен партия бұның бәрін халық жауларының әрекетіне таңды. Сонымен қатар қазақ жазуының бірнеше рет өзгеріске ұшырауы мәдени құндылықтарымызды пайдалануда біршама қиындықтар тудырды.
Бүгінде барша қоғамның қызу талқысын тудырған латын жазуына көшу мәселесінің астарында да рухани тұрғыдан әр қазақтың ішкі жаны, жүрегі – тілін жаңа жазуға ауыстыру арқылы ұлттық бірегейлігін сақтау жатқанын көреміз. Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керегін және болашаққа барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтты.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақты анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы кірме сөздерден арыламыз. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы ақпараттық кеңісткке кіруге тиімді жол ашылып, түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, қарым-қатынас интеграциясы күшейеді деген сенімдеміз.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Қазақ әдебиеті. 1989.
2 Еңбекші қазақ. 1928. №137.
3 Төреқұлов Н. Жаңа әліпби неге керек? М., 1924.
4 Хұсайынов К.Ш. Латын графикасы негізделген қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы. – Алматы, 2007 ж. – 410 б.
5 Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010 ж. – 380 б.
6 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – 1992 ж. – 448 б.
7 Нысанбек Ү. Қоғам және дәуір. – Алматы, 2008 ж. – 57 б. 8 Күдеринова Қ. Түркі тілдерінің әліпбиі мен емле тарихы. – Алматы, 2016 ж. – 336 б.

Ж.С.Таласпаева1, Н.М.Рахманова2, А.Г.Абдраимова3
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру реформасының тарих негізі
1,3 М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Петропавл қ., Қазақстан 2 Алматы университеті, Алматы қ.,Қазақстан
Мақалада ХХ ғ. 20-40-шы жылдарында қазақ жазуын латын графикасына көшіру және оны жүзеге асыру барысы талқыланған. Қазақстан мен түркі түркі тілдес халықтардың әліпби реформасына тарихи талдау, жаңа әліпбишілер қоғамының мақсаты, қазақ жазуын латын графикасына көшіру жөніндегі қоғамдық пікір динамикасы туралы жазылған. Жаңа әліпбиді қабылдау мәселесі төңірегіндегі пікірталас қарастырылған.1927 жылы құрылған «Жаңа әліппешілер қоғамының» жүргізген іс-шаралары туралы ақпарат қарастырылған. Жазуды өзгертуге байланысты жүргізілген реформалар жайында деректер келтірілген. Латындандыру барысында ұлт республикалары Орталық Атқару Комитеті, өлкелік, аудандық атқару комитеттері жанындағы көмектесу бөлімдерінің атқарған рөлі талданған. ҚазАКСР үкіметінің қарарлары бойынша жергілікті өкімет пен халық ағарту органдары жаңа әліпбиді үйрету жұмыстарының барысы қарастырылған.

Zh. Talaspaeva1, N. Rahmanova2, А. Abdraimova 3
History of the reform of the translation of the Kazakh alphabet into Latin script 1,3 M. Kozybayev North Kazakhstan state University
2 Almaty University, Almaty, Kazakhstan
The article deals with the issues: in the 20-40-ies discussed the translation of Kazakh writing into Latin script and the progress of its implementation. On the dynamics of public opinion on the translation of Kazakh writing into Latin script. The discussion on the perception of the new alphabet is considered.The information about the activities of the «society of New alphabets», created in 1927, is considered. Provides information about the reforms carried out in connection with the change record. In the course of romanization, the role of assistance departments at the Central Executive Committee of the national republics, regional Executive committees is analyzed. Under the resolutions of the government of the KazAKSR provides for the progress of local authorities and public education to study the new alphabet.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *