ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ТІЛДІК ТҰЛҒА МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

О.К. Бекмаганбетова¹, Б. Шалабай²
¹ филология мамандығының докторанты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университеті, Көкшетау, Қазақстан, e-mail: oralsyn90@mail.ru
² филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау, Қазақстан, e-mail: bshalabai@mail.ru

ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ТІЛДІК ТҰЛҒА МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Мақалада тіл біліміндегі тілдік тұлға мәселесі қарастырылды. Осы орайда, зерттеуші ғалымдардың тілдік тұлға мәселесін сипаттайтын зерттеулеріне ерекше назар аударылды. Зерттеушілер пікірлеріне сүйене отырып, тілді тілдік қызмет құралы ретінде қарастыратын, тіл-мәдениет-тілдік тұлға үштігінен тұратын лингвомәдениеттану айқындамасы тілдік тұлғаны рухани, этикалық, психикалық, әлеуметтік компоненттерден тұратын және өзінің мүкіндіктерін сөз арқылы жүзеге асыратын «жеке адам» ретінде зерттелетіні анықталды.

Кілт сөздер: тілдік тұлға, ұлттық тұлға, мәтін, көркем тілдік тұлға, нақты тілдік тұлға.

КІРІСПЕ
Қазіргі филология ғылымында адамның тілге тигізген әсері және тілдің адамға, оның ойлау жүйесіне, мәдениетіне етер ықпалы қандай дәрежеде екендігін анықтау мәселесін антропоцентризм бағыты негізінде зерттеуге кірісті.Осыған байланысты лингвистикалық зерттеулердің қазіргі кезеңінде «тілдік тұлға» ұғымына қатысты мәселе ерекше орын алады.
Антропоөзектік парадигмада «тілдік тұлға» түсінігі мен оның анықтамасының пайда болып, оның зерттеу қағидасы мен теориясы орыс тіл білімінде жасалғанымен, «тіл және тұлға» мәселесі, тілдің қызметі мен өмір сүруін оны тұтынушы тұлғамен байланыстылықта зерттеу идеясы тіл білімінде барлық кезеңдерде де болды. Еуропа тіл білімінде бұл теорияның пайда болуының тарихи алғышарттары тілдің әлеуметтік табиғаты, тіл мен сөйлеудің, жеке адам мен ұжым тілінің ара қатынасы (В. Гумбольдт, И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ф.де Соссюр және т.б.) туралы мәселелердің қозғалуымен сипатталады.
В.А.Маслова «Тілдік тұлғаға алғаш бетбұрыс жасалуы неміс ғалымы Й.Вайсгербердің есімімен байланысты, ал орыс тіл білімінде алғашқы қадамды тілдік тұлғаны зерттеудің екі жолын, яғни автор тұлғасы мен кейіпкер тұлғасы арқылы шығу жолдарын көрсеткен В.В.Виноградов жасады», − деп көрсетеді [1, 118].
«Тілдік тұлға» терминін нақтылап, ғылымға 1982 жылы МАПРЯЛ-дің VI Халықаралық конгресіндегі «Роль прецедентных текстов в структуре и функционировании языковой личности» атты баяндамасы арқылы енгізген академик Ю.Н.Караулов «Русский язык и языковая личность» еңбегінде тілдік тұлға теориясына қатысты тілді зерттеуге байланысты ғылыми тәсілдерді жинақтап, сонымен қатар В.В.Виноградовтың [2] және Г.И.Богиннің [3] еңбектерінде қарастырылған «тілдік тұлға» ұғымын толықтырады [4].

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Тілдік тұлға мәселесіне зерттеуші үш тұрғыда келетіні белгілі:
1. Сананың қалыпты және өзгерген күйіндегі тіл, сөзжұмсам және сөйлеу қызметі психологиясын зерттей отырып, яғни психолингвистика тұрғысынан;
2. Тілді үйрену процестеріне талдау жүргізетін лингводидактика тұрғысынан;
3. Таза филологиялық тұрғыдан, көркем әдебиет тілін зерттей отырып қарастыру, өйткені «Тілдік тұлға дегеніміз – тілде (мәтіндерде) және тіл арқылы көрініс тапқан тұлға. Оның негізгі белгілері тілдік құралдар негізінде реконструкцияланады» [4, 3]. Әрбір мәтіннің ар жағында тұлға, яғни оның авторы тұрады.
Қазіргі кезеңде «тілдік тұлға» және «тілдік тұлға құрылымы» ұғымдарының жалпы теориялық түсініктері анықталып, тілдік тұлға типологиялары, модельдері жасала бастады. Оны екі бағытта зерттеу үрдісі қалыптасқан. 1) Лингво-мәдени бағыт бойынша тілдік тұлға белгілі бір тілді және ұлттық-мәдени дәстүрді ұстанушының жиынтық бейнесі ретінде қабылданады. Соңғы кездері «тілдік тұлға» ұғымын лингвомәдениеттанушылық бағытта ұлттық мәдениетпен тығыз байланыстағы белгілі бір ұлттық-тілдік-мәдени қоғамның мүшесі ретінде қарастыру үрдісі белең алып отыр. В.В.Воробьев лингвомәдениеттанудың объектісі ретінде тіл мен мәдениетті ұштастырған ұлттық тілдік тұлғаны атап, өзінің монографиясында «адам» (ұлттық тұлға), «тіл», «ойлау», «мәдениет» (материалдық және рухани) ұғымдарының арақатынасын қарастырады [5]. В.А.Маслова тілдік тұлғаны әлеуметтік құбылыс деп танып, ондағы жекелік бастаманы атап, тілдік тұлғаның тілдік дәстүрлердің қалыптасуына әсерін көрсетеді [1,120]. Жоғарыдағы аталған зерттеушілер пікірлеріне сүйене отырып, тілді тілдік қызмет құралы ретінде қарастыратын, тіл-мәдениеттілдік тұлға үштігінен тұратын лингвомәдениеттану айқындамасы тілдік тұлғаны рухани, этикалық, психикалық, әлеуметтік компоненттерден тұратын және өзінің мүкіндіктерін сөз арқылы жүзеге асыратын «жеке адам» ретінде зерттейтіндігін көреміз.
2) Лингводидактикалық бағыт жеке адамды тілдік қабілет жиынтығы ретінде жадығат негізінде зерттейді. Осы бағыт өкілі Г.И. Богиннің ғылыми еңбегінде тілдік тұлға моделі тілдік тұлға дамуы деңгейлерінің жүйеленген тізімінен тұратын құрылым ретінде көрініс табады. Зерттеуші тілдік тұлғаны тілдік іс-әрекеттерді орындауға, тілдік шығармаларды жасауға және қабылдауға қабілетті адам ретінде қарастыру тұрғысынан лингводидактиканың орталық ұғымы ретінде қарастырады [3, 9].
Осы екі бағыт шеңберінде төмендегідей аспектілерде зерттеу орын алған:
− когнитивтік (А.П.Бабушкин, Ю.Н.Караулов және т.б.) аспектінің негізінде «адамның іс-әрекеті мен қызметі көп жағдайда оның білімі арқылы, ал тілдік әрекеті тілдік білім арқылы айқындалады» [6, 22] деген қағида жатыр. Когнитивист ғалымдардың пікірінше, тілдік тұлғаның негізгі қасиеттері ұлттық концептілердің вербалдануының әр түрлі деңгейлеріндегі тілдік бірліктердің семантикалық толығуы арқылы көрініс табады;
− тілдік тұлғаны прагматикалық (прагмалингвистикалық) (И.П.Сусов, Е.А.Горло және т.б.) тұрғыдан зерттеу мәтін авторының тілдік әрекетін мәтіндегі жасырылып тұратын әсер ету тәсілдерін есепке ала отырып саралауды білдіреді;
− коммуникативтік (К.Ф.Седов, С.А.Сухих және т.б.) аспектіде тілдік тұлға ең алдымен коммуникативтік тұлға ретінде, яғни «тілдік-мәдени және коммуникативтік құндылықтарды, білім мен ұстанымдарды ұстанушының жалпы бейнесі»– ретінде
қарастырылады [7, 22];
− ұлттық (В.В.Воробьев және т.б.) аспектідегі еңбектерде тілдік тұлға ұлттық тілмен қаруланған ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде анықталады.
Көрсетілген аспектілердің қай-қайсысы да тілдік тұлға феноменін объективті түрде сабақтастықта сипаттауға үлес қосары сөзсіз.
Қазіргі тіл білімінде зерттеушілердің ғылыми дәлелдемелері бойынша көптеген тілдік тұлға типтерінің барлығы айқындалған. Атап айтсақ, мәдени кеңістік тұрғысынан В.И.Карасик сөздік тілдік тұлғаны, коммуникативті қызмет тұрғысынан С.А.Сухих тілдік тұлғаның психологиялық типтерін, сөйлеуші тұлғаны И.П. Сусов, диалектілік тілдік тұлғаны В.Д.Лютикова, эмоционалдық тілдік тұлғаны В.И.Шаховский, орыс тілдік тұлғасын Ю.Н.Караулов, батыс және шығыс мәдениеттері тілдік тұлғасын Т.С.Снитко қарастырған, сонымен бірге тарихи тілдік тұлға, элитарлық тілдік тұлға типтері бар. Тілдік тұлға типологиясы негізінде тілдік ерекшеліктер (адамның вербалдық іс-әрекетінің қайталанып отыратын ерекшеліктері) алынады. Зерттеушілер жекелей алғанда тілдік тұлға типтерін ойлау, мінез-құлық, әлеуметтік мәртебесі, білімі және т.б. қатысты ажыратады.
Тілдік тұлғаның даралық сипатын оның шығармаларының ерекшелігін танытатын мәтіндер негізінде зерттеуге арналған еңбектер қатары көбейе түсуде. Осы тұрғыда тілдік тұлға мәселесі қазіргі орыс тіл білімі мен қазақ тіл білімінде төмендегідей бағыттарда қарастырылып келеді деп шартты түрде белгілейміз: 1) нақты тұлғаның тілін оның когнитивтік және прагматикалық интенцияларын назарға ала отырып талдау – Д.Н.Шмелев [8], Т.Е.Пшенина [9], Н.А.Бурмакина [10], А.Б.Жуминова [11], Ш.С.Ниятова [12] және т.б. Катулланың тілдік тұлғасын зерттеген Т.Е. Пшенина «тілдік процесс кезіндегі жасаушы және қабылдаушы тұлға туралы сөз болған кезде тілдік тұлға (нақты тілдік тұлға, ұлттық тілдік тұлға) ашық жүйе болып табылады, біз белгілі бір автордың шығармасы сияқты аяқталған дискурсқа кездескен кезде ол жабық жүйе саналады» [9, 9] – деу арқылы тілдік тұлғаға қатысты жүйе түрлерін ұсынады.
2) көптеген ғылыми еңбектерде тарихи тұлғалар тілін диахрониялық тұрғыдан сараптау орын алған, жыраулар тілдік тұлғасын олардың поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесін таныту арқылы зерттеген Б.И.Нұрдәулетова: «біздің зерттеуіміздің нысанынына айналып отырған жыраулар феномені ерекше тұлғалық нышанда танылады. Жыраулық тілдік тұлғаны талдау арқылы көз жеткізген тілдік тұлға туралы өз пайымдауымыз бар. Біздің ойымызша, тұлға – интеллектуалды ерекше жаратылыс иесі» [13, 148] – дейді. I Петрдің тілдік тұлғасына диахрониялық тұрғыдан сипаттама берген Қазақстандық ғалым Н.И.Гайнуллина автор образы мен кейіпкер бейнесі проблемасының тіл білімінде кең көлемде зерттелуіне байланысты нақты тілдік тұлғаны бөлек, өз шығармашылығында көркем тілдік тұлғаны жүзеге аысратын көркем сөз шеберлерінің, яғни ақын-жазушылардың тілдік тұлғасын бөлек қарастыруды ұсынады [14, 12].
3) бөлек-бөлек мәтіндер негізінде тілдік тұлғаны модельдеуге арналған зерттеулер де пайда бола бастады: А.А. Реформатскийдің тілдік тұлғасын оның ғылыми еңбектерін зерттеу материалдары негізінде Е.В. Красильникова бастаған авторлар тобы [8]; сот материалдары арқылы А.Ф.Конидің тілдік тұлғасын З.В.Баишева [15] қарастырған; Б.С. Каримова [16] қазіргі кездегі саясаткердің тілдік тұлғасын публицистика материалдары негізінде зерттеп, «бірегей тілдік тұлға», «элитарлық тілдік мәдениетті ұстанушының тілдік тұлғасы» терминдерін қатар қолданады; Қазақ ғалымы Қ. Жұбановтың ғылыми еңбектері негізінде тілдік тұлғасын зерттеген Ф.Е.Терекова оны кәсіби қызметіне байланысты әлеуметтік тұрғыдан түсіндіріп, оны «қазақи тілдік тұлға» ретінде таниды [17, 26]; О.Ф.Кучеренко Л. Толстойдың тілдік тұлғасын оның хаттарының негізінде зерттеп, «күшті тілдік тұлға» терминін «қарапайым» тілдік тұлғаларды тілде, ғылымда, тарихта, өнерде із қалдырған өзіндік орны бар тұлғалардан ажырату үшін қолдануға болатындығын айтады
[18].
4) шығармадағы кейіпкерлердің тілдік тұлғасын ашу арқылы шығарма авторының тілдік тұлғасына шығуды мақсат тұтқан зерттеулер де кездеседі. Э.Хеменгуэйдін әдебикөркем шығармаларындағы кейіпкерлерінің тілдік тұлғасын З.А.Кузневич [19],
Б.Соқпақбаевтің шығармаларындағы кейіпкерлері арқылы жазушының тілдік тұлғасын Ж.Б. Саткенова [20], балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасын З.А.Абдуллина [21] осы бағытта қарастырған.
5) тілдік тұлға бойындағы қасиеттерді оның ұлттық болмысына сай қарастырған еңбектер ғалым Ю.Н. Караулов зерттеуінен бастау алатыны сөзсіз. Осы тұрғыда әсіресе, орыс тіл білімінде біркелкі зерттелген бұл мәселеге қазақ тіл білімінде қазіргі таңда шындап ден қойылып, зер салынып өзіндік сала ретінде дамып келеді. Өз зерттеуінде ұлттық тұлға терминін қолданған Ислам Айбарша [22] ұлттық мәдениеттің тілде орныққан тілдік бейнелеріне талдау жасайды. Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттарын зерттеген Ш.М.Елемесова [23] дара тіл өзгешелігін лингвостилистикалық және псохолингвистикалық сабақтастықта талдайды. Т.Ізтілеуовтың тілдік тұлғасының дискурстық сипатын зерттеген Ф.Б.Қожахметова «тілдік тұлға дегеніміз − ұлт тілі мен ұлт мәдениетінің ақпаратын сатылы деңгейде толық меңгерген тілдік-мәдени құзірет иесі» [24] ретінде анықтауға болатындығын айтады. М. Дулатұлының тілдік тұлғасын зерттеген Г.Е.Имашева М.Дулатұлы тіліндегі қазақ ұлтының рухани дүниетанымы оның тіліндегі «ғаламның бейнесі» ретінде байқалатындығын айта келіп, сонымен бірге тілдік тұлға туралы ««тілдік тұлға» есімі, оның айтқан сөздері, шығарған өлең-жырлары, жазған мақалалары ел есінде мәңгі қалуы тиіс» [25, 7], − деген пікір білдіреді. Абайдың тілдік тұлғасын зерттеген Г.Ә.Мұратова қазақ тіл біліміндегі тілдік тұлғаның классикалық үлгісін ұлы Абайдың қазақ әдеби тіліндегі орнын саралау арқылы айқын көруге болатындығын атай келіп, тілдік тұлға мәселесін анықтауда «өзі меңгерген ұлт тілі мен мәдениетін өзгеге таныта отырып, тілді тұтынушы ретінде әрі тілді жасаушы ретінде, тұтастай алғанда тіл тарихына (синхронды, диахронды күйіне), тілдің дамуына қандай үлес қосқанын айқындау мәселесі – тілдік тұлға мәртебесін одан әрі бекіте түсетін немесе оның тағы бір қырын, яғни толыққанды тілдік тұлға болмысын ашатын басты ұстаным болуға тиіс» [26, 11] − деп біледі.
Соңғы кездері тілдік тұлғаны түсіндіруге бірнеше бағытта келу үрдісі қалыптасқандығын байқауға болады:
1. Тілдік тұлға болып табылатын жеке адам қалыптасуының негізгі жүйелерін анықтау (тегі, өмір сүрген ортасы, әдеби және тілдік, ұлттық-мәдени ықпал т.б.);
2. Жеке адамның тілдік тұлғалық болмысын құрайтын жеке қасиеттерін танытатын ерекшеліктерді көрсету, яғни оны өз бетінше білім алу,өзін-өзі жетілдіру, тәрбиелеу, өз тілдік тәжірибесін ұрпақтарына мұра етіп қалдыруда жеке жауапкершілігін сезіну, білім дағдыларын игеру, шеберлік дағдыларын меңгеру, игерген білімдері мен тәжірибесін болмыс өзгерту үшін қолдану т.б. қасиеттерден тұратын күрделі, көпсатылы зерттеу нысаны ретінде оның тілінің ассоциативтік-вербалдық, лингвоковнитивтік, прагматикалық деңгейлерін сипаттаудан тұратын деңгейлік талдау арқылы қарастыру қажет екені айқындалды [27, 14-15].
Көрсетілген деңгейлердегі жеке тұлғаның ұлттық болмысын ашудың маңыздылығы туралы ғалым Ж.А.Манкееваның пікірлеріне жүгінсек: «Аталған деңгейлердің дамуының белгілі бір тілдік тұлғада көрініс табуы әртүрлі дәрежеде өрістеп, түрлі сипатта көрінеді. Оның шығармашылық танымдық мазмұны дүниетанымдық, мәдени құндылықтар жүйесінен тұрады. Сондықтан тілдік тұлғаны алдымен ұлттық тілдік тұлға ретінде түсінеміз. Себебі тілдік тұлға табиғаты тұлғаның ұлттық мәдени сатысымен тікелей байланысты», − [28, 281-284] болып шығады.
Cонымен бірге тұлғаның өмір сүруінің негізін құрайтын, оның мақсаттары, ниеттері мен ұстанымдарын белгілейтін шығармашылық қажеттіліктері туралы да айтуға болады. Тұлғаның қоршаған әлемге, айналадағы басқа адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасы арқылы анықталатын құндылықтар жүйесі, яғни адамның материалдық және рухани игіліктері мен мұраттары, белгілі бір әлеуметтік, мәдени және адамгершілік құндылықтарды таңдап алуының себептері оның танымындағы ғалам бейнесін ашу арқылы анықталынады. Ал танымы мен мақсат-мүдделерінің прагматикалық әлеуеті оның тілі арқылы көрініс табады.
Зерттеушілер тілдік тұлға қалыптасуына әсер ететін факторлар ретінде «баланың өскен ортасындағы жағдайды, мектепте білім алу процесі мен білім берген оқытушылардың тілдік тұлғалары типтерін, прецеденттік мәтіндер сипатын, яғни жеке адам тілді қолдану барысында үлгі етіп алатын мәтіндерді атайды. Тілдік тұлғаның элитарлық типінің қалыптасуына классикалық көркем әдебиет мәтіндері тірек болып табылады» [29, 9] – деп тілдік тұлғаның қалыптасуы сәби кезінде басталып, өмір бойына жалғасатындығын айтады.
Тілдік тұлғаны сипаттау үшін көптеген терминдер ұсынылған, енді лингвистердің алдында олардың бәрін жинақтап бір жүйеге келтіру міндеті тұр. «Русский язык» энциклопедиясында Ю.Н.Караулов «тілдік тұлға» терминіне синоним болған атаулардың тізімін берген: «Субъект (әлемді ұғынып, оны өзінің сөзжұмсамында бейнелеп көрсетуші адам), индивид, мәтін авторы, тілді ұстанушы, информант, актив//пассив (белсенді//салғырт) информант, сөйлеуші//тыңдаушы, сөйлеу портреті, идеолект, автор образы» [30, 672].
Осылардың ішінде ең жалпы және кеңінен таралғандары деп адамның тілге қатынасын көрсететін терминдер саналады, яғни «тілді ұстанушы», «сөйлеуші − тыңдаушы» адресат.
Тілдік тұлға типтерін градациялау (басқыштарға орналастыру) тарамдалған, бұтақталған күйде болуы мүмкін, ең кең таралғаны тілдік тұлғаны үш саты тұрғысынан қарастыру. Ол зерттеушінің тіл мен адам мәселесіне қай тұрғыдан келуіне, яғни абстракция дәрежесіне байланысты болады.
− Тіл нақты мәтіндер материалында зерттелуі мүмкін; ол мәтіндер тілдің жалпы жүйесінің мәтінде, нақты тіл ұстанушы – жеке тілдік тұлғаның сөйлеу актілеріндегі нақты көріністері ретінде қарастырылуы ықтимал.
− Тіл сол тілде жазылған нақты мәтіндерден тыс алынып, ұлттық тіл, этнос тілі, ұжым тілі ретінде және өзге ұлттық тілдерге, басқа тілдік құрылымдарға қарама-қарсы қойылып қарастырылады, бұл ұлттық тілдік тұлғаны талдауға мүмкіндік береді.
− Тілді жалпы зерттеу – homo sapiens үшін типологиялық жағынан жалпы, әмбебеп, семиотикалық және антропологиялық мәні зор тілдік жүйені зерттеу, бұл тілдік тұлғаны жалпы адамзаттық ауқымда қарастыруға мүмкіндік береді [12, 11].
Сонымен, тілдік тұлға деп бір жағынан, кез келген тіл ұстанушыны түсінсек, екінші жағынан, тілдің жүйелік ұғым, түсініктерін, мәтіндерді функционалды талдаумен қосатын индивидтің тілдік қабілетін сипаттаудың кешенді тәсілін түсінеміз [30, 671]. Өз еңбектерінде тілдік тұлғаға берілген бірнеше анықтаманың ішінен Ю.Н.Караулов мына нұсқаны дұрыс көреді: «Тілдік тұлғаның астарында мәтінді жасаушы мен қабылдаушы, адамның ерекшелігі мен қабілетінің жиынтығын айтамыз, олар (мәтіндер):
а) құрылымдық-тілдік күрделілігі дәрежесі бойынша;
ә) болмысты қаншалықты дәл және терең бейнелейтіндігі бойынша;
б) белгілі бір мақсаттық бағыттылығы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді» [31, 3].
З.А.Абдуллина «Тілдік тұлға дегеніміздің өзі ұлттық тіл ортасында ұлттық құндылықтар арасында тәрбиеленген, ұлттық рух пен ұлттық тілді толық меңгерген жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты бойына жинақтаған индивид», − деп тұжырымдайды [21, 15].
Б.И.Нұрдәулетова «тілдік тұлға» терминіне мынадай анықтама береді: «Тұлға – интеллектуалды ерекше жаратылыс иесі. Кез келген адам мен болмыс тұлғаның деңгейін бере алмайды. Кез келген шығармашылық адамы жеке-дара тұлға бола алмайтыны белгілі. Тұлғаға ең алдымен даралық қасиет тән. Яғни, «өзгелер» деп атауға болатын жалпылама ортақ болмыстан ерекшеленіп бөлініп шыққан өзіндік бітім-болмысымен анықталуы қажет. Екіншіден, тұлға адамзатқа тән құндылықтарды тап басып тани білуі, сезініп қабылдай алуы тиіс және сол құндылықтар үддесінен өзі де көрініс беруі керек. Үшіншіден, тұлға тудырған интеллектуалды таным нәтижесі белгілі бір мәдениет түрінде (сөз өнері, сурет, мүсін, музыка т.б.) көрініс беруі қажет» [13, 148].
Ф.Б.Қожахметова: «Тілдік тұлға – тілді нақты қолданушының жіктеме белгілерінің ғана жиынтығы емес, аялық білімнің де көрінісі, ғаламның тілдік көрінісі негізінде анықталатын суреткердің әлем үлгісі» − деп анықтайды [24, 16].

ҚОРЫТЫНДЫ
Өзге жеке адамдарға ұқсамайтын өзіндік ерекше сапалық қасиеті бар бірегей адам ғана тұлға бола алатыны белгілі. Яғни, елден ерек адам емес, тұлға талаптарына жауап беретін адам – тұлға. Адам тұлға болып тумайды, тұлға болып қалыптасады. Тілдік тұлға да солай. Тұлға өзге адамдармен, әлеуметтік институттармен қатынаста, әлеуметтік байланыстар жүйесінде танылуы тиіс, таныла отырып тарихи тұлға ретінде белгілі болады. Демек, тұлға өмірінің мәні «қарым-қатынас құндылығы» деңгейінде ашылады.
«Тілдік тұлға» ұғымы қоғамдық қарым-қатынастар, мәдениет жүйесі арқылы анықталынатын және биологиялық ерекшеліктер себепші болатын саналы қызмет пен қарым-қатынастар субъектісі болып табылатын «тұлға» ұғымын тірек етеді. Тұлға – шығарманы жасаушы, сонымен қатар тарихтың, мәдениеттің әрі өнімі, әрі субъектісі. Адамның қажеттілігі таным, ойлау және қарым-қатынас құралы болып табылатын тіл арқылы қанағаттандырылады, сол себепті тұлға тіл арқылы, яғни тілдік тұлға ретінде ашылуы керек [27, 21.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Маслова В.А. Лингвокультурология . − М.: Академия, 2001.− 208 с.
2 Виноградов В.В. О художественной прозе. – М.,Л. 1930.− 360 с.
3 Богин Г.И. Модель языковой личности в ее отношении к разновидностям текстов//Автореф. дисс. докт. филол. наук. Л., 1984.− 31 с.
4 Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность//Отв.ред.
Д.Н.Шмелев.− М.: Наука, 1987. – 261 с.
5 Воробьев В.В. Лингвокультурология (Теория и методы). – М., 1997 с.
6 Маслова В.А. Введение в когнитивную лингвистику//Учебное пособие.− М.: Флинт: Наука, 2004.− 296 с.
7 Карасик В.И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс.− М.: Гнозис, 2004 с.
8 Язык и личность (Отв.ред.ак. Д.Н.Шмелев)// − М.:Наука, 1989.−21с.
9 Пшенина Т.Е. Дискурсивное описание языковой личности Катулла // Автореф. дисс.
канд. филол. наук. – Алматы, 2000. – 31 с.
10 Бурмакина Н.А. Лингвокогнитивный и прагматическиий уровень языковой личности А.П.Степанова // Автореф. дисс. канд. наук. – Тюмень, 2007. – 22 с.
11 Жуминова А.Б. Тезаурус языковой личности О.Сулейменова // Автореф. канд. дисс. – Алматы, 2004. – 26 с.
12 Ниятова Ш.С. Махамбеттің тілдік тұлғасы. Фил. ғыл. канд. дисс. Алматы. – 2007. – 144 б.
13 Нұрдәулетова Б.И. Конитивтік лингвистика.− Алматы, 2011.− 311 б.
14 Гайнуллина Н.И. Языковая личность Петра Великого (Опыт диахронического описания). – Алматы: Қазақ университеті, 2002.− 141с
15 Баишева З.В. Языковая личность судебного оратора А.Ф.Кони // Автореф. дисс.
докт. филол. наук. – Уфа, 2007.− 46 с.
16 Каримова Б.С. Языковая личность современного политика (на материале русскоязычной публицистики Казахстана) // Автореф. канд. дисс. – Алматы, 2006.− 24 с.
17 Терекова Ф.Е. Языковая личность К.К. Жубанова (социолингвистическое освещение) // Дисс. канд. филол. наук. – Алматы, 2004. – 131 с.
18 Кучеренко О.Ф. Языковая личность Л.Н.Толстого (на материале переписки) // Автореф. дисс. канд. филол. наук. – Караганда, 2004.− 30 с.
19 Кузневич З.А. Языковая личность в литературно- художественном дискурсе Эрнеста Хеменгуэя // Автореф. дисс. канд. филол. наук. – Иркутск, 1999. – 23 с.
20 Саткенова Ж.Б. Кейіпкер тілінің когнитивтік аспектісі (Б.Соқпақбаев шығармалары бойынша) // Канд. дисс.автореф. – Алматы, 2005. − 24 б.
21 Абдуллина З.А. Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тілдік тұлғасы (Б.Соқпақбаев,
М.Гумеров, М.Қабанбаевтың шығармалары бойынша) // Канд. дисс. автореф. – Алматы, 2008.− 24 б.
22 Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті // Фил. ғыл. докт. диссертациясы. – Алматы, 2005. – 295 б.
23 Елемесова Ш.М. Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттары (Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бойынша) // Фил. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2003.− 127 б.
24 Қожахметова Ф.Б. Тұрмағамбет Ізтілеуов тілдік тұлғасының дискурстық сипаты //Фил. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2004. – 124 б.
25 Имашева Г.Е. Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы «Ғаламның тілдік бейнесі»
// Фил. ғыл. докт. дисс. автореф. – Алматы, 2009.− 56 б.
26 Мұратова Г.Ә. Абайдың тілдік тұлғасы: дискурстық талдау мен концеп туалды жүйесі // Фил. ғыл. докт. автореф. – Алматы, 2009. – 56 б.
27 Ермекова Ж.Б. Мағжан Жұмабаевтың тілдік тұлғасы// Филол.ғыл.канд.дисс.− Алматы, 2010.− 144 б.
28 Манкеева Ж.А. Абайдың шығармалары тілін «тілдік тұлға» тұрғысынан зерттеу мәселелері // Қазақ филологиясы: еіз негіз (ғылыми мақалалар жинағы).− Алматы: Арыс, 2010. – 352 б.
29 Сиротинина О.Б. Языковая личность и факторы, влияющие на ее становление // Термин и слово: Межвуз. сб.; Нижегородский ун-т. Н.Новгород, 1997.]
30 Караулов Ю.Н. Языковая личность // Русский язык. Энциклопедия / Гл.ред. Ю.Н.Караулов. – 2 – ое изд. – М.: Большая Росс. Энциклопедия, Дрофа, 1998.− с. 671-672
31 Караулов Ю.Н., Красильникова Е.В. Русская языковая личность и задачи ее изучения//Язык и личность.− М.: Наука, 1989.− С. 3-10

В статье рассматривается проблема языковой личности. В связи с этим особое внимание уделено исследованиям ученых, характеризующие проблему языковой личности.
Дано определение языковой личности, состоящей из духовного, этического, психического и социального компонентов, лингвокультурологическая позиция которой состоит из трех составляющих язык-культура-языковая личность и реализующая свои возможности посредством слова.

The article considers the problem of linguistic personality. In that regard, researches of the problem of linguistic personality is deserving of particular attention. It is given a definition for linguistic personality, that contains moral, ethical, psychological and social pillars, where linguistic cultural position representing three components: language — culture — linguistic personality, and fulfilling their personality by way of word.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *