КІРМЕ ЕСІМДЕРДІҢ ТЕК-ТАМЫРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ СІҢІСУ ЖОЛДАРЫ

Б. Әбдуәлиұлы филология ғылымдарының докторы, қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы, Қазақстан
Республикасы

КІРМЕ ЕСІМДЕРДІҢ ТЕК-ТАМЫРЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ СІҢІСУ ЖОЛДАРЫ

Қазақ есімдерінің тарихы көне замандардан бастау алады. Бүгінге дейінгі уақыт аралығындағы үздіксіз дамудың нәтижесінде өзіндік қоры қалыптасып, ономастиканың дербес саласына айналып отыр. Тарихи тұрғыдан қарағанда тілдің ішкі мүмкіндіктері және сыртқы факторлар арқылы үлкен екі бағытта дамығанын көреміз. Мақалада осылардың ішінде сыртқы әсерлерге, яғни тілімізге еніп, төл элементтерімізге айналып кеткен кісі есімдеріне назар аударылады. Олардың ішінде түрлі тарихи дәуірлердегі қытай, араб, еврей (араб тілі арқылы), парсы, орыс тілінен енген есімдердің мағыналық ерекшеліктері айқындалады. Көне түркі жазбаларындағы есімдер мен қазіргі қолданыстағы нұсқалары қатар беріледі, сондықтан олардың құрылымындағы дыбыстық өзгерістер айқын көрінеді. Тілдің заңдарына бейімделіп, төл компоненттерге айналғаннан кейін де даму үдерістері тоқталмайды. Кірме сөздер өзара бірігіп, кісі есімдерінің жаңа бір үлгілерін жасайды. Тарихи еңбектер мен сөздіктер материалдарына сүйене отырып, жат сөздер мен есімдердің төл есімдерге айналу үдерісіне талдаулар жасалады.

Түйін сөздер: кісі есімдері, ішкі фактор, сыртқы фактор, қазақ есімдері, араб есімдері, парсы есімдері, көне еврей есімдері, моңғол есімдері, орыс есімдері, қытай есімдері.

КІРІСПЕ
Тіл лексикасындағы кісі есімдері қорынының қалыптасуында сыртқы және ішкі факторлардың болатыны белгілі. Яғни, қай дәуірде болсын мемлекеттердің өз ішіндегі қарым-қатынас, қоғамдық сана өзгерістері төл есімдердің пайда болуына, құрылымдарының жүйеленуіне себепші болса, өзге елдермен қатынас орнап, сыртқы әсерлер белең алған тұста кірме есімдер мен кірме сөздердерден жасалған есімдер арқылы лексикалық қор құрамы жаңарып, толығып отырады. Қазақ есімдерінің құрамы да бірыңғай төл элементтерден тұрмайды, мұнда сонымен қатар тарихи дәуірлерде түрлі тілдерден еніп, қалыптасқан кірме сөздердің де үлесі бар. Бұл жөнінде біршама зерттеулер жүргізілгені мәлім. Атап айтқанда Н.Оңдасынов «Парсыша-қазақша сөздігінде» [1] және «Араб текті қазақ есімдерінде» [2], сонымен қатар қазақ есімдері қалыптасуының тарихи кезеңдерге топтастыра зерттеген ғалым Т.Жанұзақов кірме есімдердің мәселесіне де біршама тоқталады [3]. Сонымен қатар «Қазақ тілінде қалыптасқан араб текті кісі аттарының этнолингвистикалық сипаты» атты кандидаттық диссертациясында Ж.Ағабекова кірме есімдердің игерілу ерекшеліктеріне талдаулар жасайды [4]. Рысбаева Г. Қ. Араб-парсы тілінен енген есімдер туралы мақаласында арнайы тоқталады [5]. Көріп отырғанымыздай бұл зерттеулердің барлығында негізінен араб-парсымен арадағы байланысқа назар аударылады да, басқа тілдерден енген есімдер туралы мәліметтер берілмейді. Антропонимдер тарихын жан-жақты зерделеу мен даму заңдылықтарын жүйелеу мәселесінде атқарылатын жұмыстарымыздың толыққандылығы үшін есімдердің лексикалық қорындағы әрбір бірліктің шығу тегі мен мағынасы анықталуы тиіс.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ тіліндегі көне тұлғалы кісі аттарының құрамында төл және кірме сөздерден жасалғандар бар. Алайда есім таңдауда барлығы бірдей қазақ есімі ретінде танылады. Өйткені олардың әрқайсысы дыбыстық әрі рухани-танымдық өңдеулерден өтіп, қазақтың тілі мен санасына етенеленіп, өткен тарихымыздағы түрлі кезеңдердің белгісі ретінде тілімізде сақталып келеді. Тілдік талдаулар нәтижесінде қазақ есімдерінің құрамында қытай, моңғол, парсы, араб, еврей, орыс тілдерінің элементтері бар екенін анықталып отыр. Шығу тегі жағынан өзге тілдерге тән сол есімдер түрлі елдермен арадағы тікелей немесе жанама (келесі бір тіл арқылы енген) байланыстың айғағы болып табылады және антропонимдік мағынасы арқылы сол елмен арадағы қатынастың мазмұнын да қамтиды. Бұл тарих деректерімен салыстырғанда айқындала түседі.
Көне түркі, онан әріректе ғұн дәуірінде де (ғұндардың түркі тілдес тайпа екені тарихтан белгілі [6, 60]), көрші жатқандықтан қытайлармен арадағы түрлі жағдайдағы байланыс үзілген емес. Л.Н.Гумилев өз зерттеулерінде біздің дәуірімізге дейінгі 25-ші жылдан бастап отыз жыл ғұндардың қытайға бағынып, мәдени өмірінде түрлі алмасулардың болғаны жөнінде деректер келтіреді [7, 184-186],. С.Ш. Хасанованың пікірінше: «Батыс түрік қағанатына қарағанда, Шығыс түрік қағанаты Қытай империясы мен тибеттіктердің ықпалында болған» [8, 80]. Көрші елдердің арасындағы қарым-қатынас тек тәуелділікте ғана емес, дербес жатқанда да болатыны белгілі. Тарихта жібек саудасы, саяси мәселелер және тағы басқалар бойынша Қытаймен екі арада түрлі байланыстардың болғандығы туралы деректер көп. Бұл екі тілге ортақ сөздердің қалыптасуында өзіндік рөл атқарғаны белгілі. Жазба ескерткіштер материалдары бойынша дайындалған «Көне түркі сөздігінде»1 біршама есімдердің шығу тегі қытай тілімен байланыстырылады. Олардың кейбірі қазірге дейін антропонимдік қорда да, қолданыста да сақталып келе жатыр. Екі тілге ортақ дыбыстық формасы мен мағынасы жағынан ұқсас ондай элементтер төмендегідей:
БҰРҚАН (қыт. burχan І [қыт.тіліндегі фо, bvyr ’будда’] 1. будда – нирванаға жеткен тұлға; 2. елші, пайғамбар; 3. бурхан, табынатын пұт. ІІ жалқы есім. Будда – Будда ілімінің негізін салушы (Шакья-Муни деген сол; Burχan qulї (Бурхан құлы) жалқы есім [9, 127]. Қазіргі қазақ тілінде Бұрқан, Бұрқанбай антропонимдері бар;
ТАЙШЫ (тajši [қыт. даши, dai-ši] I. Ұстаз, аға тәрбиеші; 2. Белгілі адам) [9, 528].
антропонимдер Тайшыбай, Тайшыбек.
КҮНШАЙ (quncuj [қыт. гунчжу, koŋ-čy] I. ханша; текті тұқымнан шыққан әйел; ІІ жалқы есім, яғни кісі есімі) [9, 466]. Бұл қазақ тіліндегі, қазір мағынасы көмескіленген Күншай есімімен (әйел есімі) сәйкес келетін секілді.
ТАУ (қыт. тілінде Тяо — «биік шың, тау» мағынасында) [10, 230-231]. Таудай биік болсын, ел-жұртқа тірек болсын деген мақсатта қойылған Таужан, Таумұрат, Таудай, Таубай секілді антропонимдер кездеседі.
ІНЖУ (jenčü І [қыт. …чжэньчжу, činčyŋ] 1. Інжу; 2. Ауыс. Жас күң, тұтқын) [9, 256]. Ауыс мағынасында «асыл, қымбаттық» дегенді білдіретін Інжу, Інжугүл деген есімдер бар;
ШАҢ (čаŋ (чаң) IІІ (қыт. тілінде [қыт. чжан, čioŋ] атақ, дәреже, шен… ČАŊ IV. čаŋ senüŋ (чаң сенүң) жалқы есім және қытай әскербасының титулы) [9, 139].
Қазіргі тілімізде Ақшан, Шантай, Шаңкерей, Шаңқұлақ т.б. антропонимдерінің құрамындағы шаң (шан) тұлғаларындағы компонент сол көненің қалдығы болса керек. Себебі көне түркі ескерткіштеріндегі атақ-дәреже атауларының көпшілігі кейінгі ғасырларда кісі есімдеріне айналып, антрополексемалар ретінде орныққаны белгілі. Ал көне түркі жазбаларында сол кездің өзінде-ақ чаң тұлғасының жалқы есім ретінде қолданылғаны туралы деректер бар..
ШЫН (čїn (чын) І [қыт. чжэнь, čin] шындық, ақиқат) [9, 148]. Бұл сөз қазіргі қазақ тілінде осы мағынасымен кеңінен қолданылады, сонымен қатар Шынтас, Шынасыл, Шынболат, Шынтемір т.б. антропонимдерінің компоненті ретінде сақталып келеді. Ауыс мағынасы нағыз дегенді білдіреді.
ЖИЕН (қыт. тілінде шен тұлғасында кездеседі) [10, 230-231] – ұзатылған қыздан туған туыс мағынасында) Жиенбай, Жиенбек, Жиембет секілді антропонимдер туыстық атауларға байланысты қойылған.
ЖАМБЫЛ (қыт. тілінде ямэн > йамун мекеме мағынасында) [10, 232]. Қала, ел жиналған мекен мағынасында қойылған Жамбыл есімі бар. Синонимі қала (Қалабай).
Көрші жатқан екі ел арасында ғасырлар бойғы қатынастың нәтижесінде осындай ортақ лексикалық бірліктердің қалыптасқаны белгілі, алайда олардың нақты қай тілге тән екені арнайы зерттеулерді талап етеді.
Сөздік қорымызда сақталған бірліктердің арасында монғол тілімен байланыстыларын қазіргі тіл тарихын зерттеушілер үлкен екі дәуірге бөліп қарастырып жүр: «біріншісі – көне дәуір де, екіншісі – ХІІ ғасырдан кейінгі, яғни Шыңғыс хан бастаған – монғол шапқыншылары Қазақстан мен Орта Азия жерін және оны мекендеген түркі тілдес руларды жаулап алып, үстемдік жасаған дәуір. Бірінші дәуірде түркі, монғол тілдерінің, соның ішінде қазақ тайпалары тілдерінің шығу тегі, базистік лексиканың, түбір тұлғалар мен сөз жасаушы моделдердің туыстығы, ортақтығы немесе сәйкестігі сөз болса, екінші дәуірде бұл тілдердің

1 Древнетюркский словарь. – Ленинград: «Наука», – 1969. — (XXXVIII) 127 б.
жоғарыдағы тарихи жағдайларға байланысты ықпал-әсерін, өзара ауыс-түйісті қарастырған дұрыс болады» [11, 56]. Қазақ есімдерінің лексикалық қорындағы моңғол тілімен байланысты көне антропонимдерді тілдік тұрғыдан талдағанда, осы екі түрлі байланыстың белгілерін көреміз: біріншісінде – екі халыққа ортақ тілдік моделдердің, ұлттық дәстүр мен дүниетанымның белгілері көрініс береді; екіншісінде – жорық жылдарына тән лексика: әскери шен, атақ және қару-жарақ атауларынан болған есімдер.
Тілдер арасындағы сөз алмасудың түрлі тарихи себептері бар. Соның бірі түркі-монғол тілдерінің ортақтығы жөнінде Ғ.Мұсабаев «Ең алдымен түркі тілдері мен монғол тілдері — ерте заманда бір тілден өрбіген туыс тіл. Нақты тарихи жағдайға, қоныстың шалғайлығына байланысты әрқайсысы өзіне лайық даму жолын тауып, алшақтана келе жекеленіп, екі басқа тіл болып қалыптасқан», — деп Г.Д.Санжеевтің пікірін қуаттайды [12, 13]. Мұндай пікірлер Л.Н.Гумилев [7, 22], І.Кеңесбаев [13, 47-48], Қайыржанов А.Қ [14, 275] т.б. ғалымдардың еңбегінде де кездеседі. Ә.Қайдаров пен М.Оразов екі тілге ортақ элементтердің бар екенін айта келіп, моңғол тілінде кездесетін сөздің бәрін кірме сөздер деп қабылдауға болмайтындығын ескертеді [19, 71-72]. Ал түркі-монғол тілдерінің ортақтығын тереңірек зерттеген ғалым Базылхан Б. «Қазақ-монғол тілдерінің сөздік қорындағы қырық мыңдай (40000-дай) сөздің — осы екі тілдегі тұлғасы мен мағынасы ортақ үш мыңдайы (3000-дай) бір және екі буынды түбір сөзден жасалған. Осы үш мыңдай түбір сөздің түбір морфемалары мен қосымша морфемаларының дыбыстық жүйесі дәл ұқсап сәйкеседі» — деген жолдар ілгеріде айтылғандай бір негізден тарағандығының дәлелі болса керек [16. 40]. Демек, қазақ-моңғол тілдеріне ортақ сөздердің алғашқы кезеңіндегі элементтер екі тілдің біріне тән дегеннен гөрі екеуіне ортақ деген орынды секілді. Енді солардың антропонимге айналған кейбіріне тоқталып көрелік. Монғол-қазақ тілдеріне ортақ сөздерден болған антропонимдер:
АҒА. моңғ. ақа > ах (аға) [17, 45] – Ағабек, Ақатай, Ақажан түрлерінде қолданылады.
БАДАЛ. монғол тобына жататын бурят тілінде бодо тұр (встать), ал монғ. тілінде: босох (тұру, түрегелу) тұлғасында «тоқталу, бөгелу» дегенді білдіреді [18, 38]. Қазақ тілінде Бадалов, Бадалбаев секілді фамилиялар бар. Бұл тұрғыда ол Тұр, Тоқта антрополексемаларымен мағыналас.
МӨҢКЕ (монғ. күміс ақша) [19, 322]. Мөңке ақшаға, дүниеге бай, күмістей асыл болсын деген мағынада қойылған. Синонимдері: Теңге, Теңгебай, Теңгеш;
НАҒАШЫ (моңғ. нагац) Нағашыбек, Нағашыбай антропонимдері бар [19, 124].
САДАЙ, САДАН (туыс, туған мағынасында) [19, 134]. Сатай, Сәден антропонимдері бар. Қазақ тілінде Туғанбек, Туғанбай секілді түрлері бар.
СҰҢҚАР (құс — монғ. шонқұр > шонхор (сұңқар) [18, 40]. Қазақ тілінде Ақсұңқар, Байсұңқар, Сұңқарбек секілді түрлері қолданылады.
Мұнан өзге қазақ тіліндегі кісі есімдеріне негіз болған қазақ пен моңғолға ортақ Бөле (монғ. бүле > бүл (бөле) [18, 40 б.]; Дөнен монғ. дөнөн > дөнен (мал) [18, 40]; Темір «төмөр» [18, 40], Елші монғ. елчі > елч (елші) [18, 47] т.б. сөздер көптеп саналады. Бұлардың барлығы сонау ерте дәуірлерде ортақ негізден тарап, бүгінге жеткен тілдік-жәдігерлер болып табылады.
Қазақ-моңғол тілдік байланысының екінші кезеңінде енген есімдерге негізінен монғол хандары мен әскербасыларының аттары және әскери атаққа байланысты санаулы сөздер жатады. Олардың түрлері төмендегідей (аса көп емес): Шағатай, Батый, Сыпатай (Сүбедей), Ноян, Ноянбай, Нөкер, Түмен, Тұманбай, Сайын т.б. [3, 46]. Бұлардың барлығы Шыңғыс ханмен байланысты тарихтағы танымал тұлғалардың есімдері. Моңғол тіліндегі мағынасы қандай болғанына қарамай бұлар қазақ тіліне антропонимдік туынды мағынасы бойынша енген, яғни бала осы тұлғалар секілді болашақта ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр болсын деген тілекпен қойылады.
Араб тілімен байланысты кісі аттарының тілімізге ену жолдары туралы тарих деректерінен белгілі. Антропонимдік тұрғыдан алғанда олардың мағынасы алуан түрлі:
– Ислами әдебиеттерде Алланың 99 сипаты, яғни есімі аталады, олар түгелге жуық
қазақ есімі ретінде қолданылады. Мысалы, Рақман (Рахман), Рақым (Рахим), Мәлік (Мәлик), Әзіз (Ъазиз), Жапар (Жаббар), Қапар (Ғаффар), Кәкім (Хаким) т.б.
– Төрт ұлы халифаның есімі: Әбу Бәкір Сыдық (қазақ тілінде әрқайсысы жеке есім), Омар, Оспан, Әли;
– төрт ұлы имамның есімі: Ағзам, Мәлік, Шәпи, Ақымет т.б. Мұнан өзге де пайғамбарлардың, сахабалардың, исламды ғылыми тұрғыдан негіздеп, тереңдете зерттеген ұлы ғалымдардың есімдері қазақ есімдеріне айналды.
Біршама есім өмірдің түрлі салаларында қолданылатын сөздерден жасалған: Ақыл (ар. ғәқыл – адамның ойлау қабілеті) [20, 23]. Қазақ тіліндегі нұсқалары: Ақыл, біріккен тұлғалы Ақылбек, Ақылбай, Ақылтай. Алуа (ар. Халуа — жаңғақ дәнінен қант немесе бал қосып істелген тәтті тағам [20, 22]): Қалуа, Алуа. Азамат (ар. ғәзәмәт — 1. Белгілі бір мемлекеттің азаматы; 2. Жасы кәмелетке келген адам [20, 20 б.]): Азамат. Хамза (ар. — дәрілік өсімдік [19, 149]): Хамза, Қамза, Қамзе. Біріккен тұлғалылар Қамзабек, Қамзабай, Хамзебай.
Қазақ антропонимдерінің құрамында парсы тілінің де элементтері көптеп кездеседі. Олардың мағыналық сипаты төмендегідей: Абат (п. абат Ел қоныстанған құнарлы, шаруаға қолайлы мекен [20, 18]): Абат, Абатжан, Абатнұр т.б. Азат (п. азад — ерікті, еркін, тәуелсіз адам [19, 21]).: Азат, Азатхан, Азатбай т.б. Ақан (п. аһән — темір): Ақан, Ақанай, Ақанәлі т.б. Ақын (п. ахун — өлең шығарушы, жыршы [19, 27]): Ақын, Ақынжан, Ақынбек, Ақынтай т.б. Баба (п. баба әкесінің әкесі, арғы ата [19, 40]). Баба, Бабалық, Бабажан, Бабахан, Ақбаба, Нұрбаба т.б. Дүрия (п. дүрие — жібектен тоқылған әдемі мата [19, 168]): Дүрия, Кекіл (п. кәкүл — баланың немесе жылқының маңдайындағы бір шоқшаш немесе қыл [20, 86]): Кекіл, Кекілбай және дыбыстық варианты Көкіл тұлғасында қолданылады. Көдек (п. кудәк — нәресте, бала, сәби [19, 89]) Көдек, Көдекбай, дыбыстық жағынан өзгерген түрлері: Қодық, Қодықбай. Рауан (п. рэван — таңның қылаң тартып, ата бастаған кезі, бозарып атуы [20, 145]): Рауан.
Қазақ есімдерінің құрамында мұнан өзге де тілдердің элементтері кездеседі, алайда олар араб, парсы, орыс тілдері арқылы енгеннен кейін осы тілдерге тән есімдер ретінде танылады. Олардың ішінде орыс тілі арқылы енгендері мынандай болып келеді: Мәтібай, Мәтіби (Матвей), Әндірбай (Андрей), Сәтен (Сатин), Болысбек (Волостной), Майыр (Майыр), Жандарал (Генерал). Шығу тегі жағынан бәрі орыс тіліне тән емес. Мысалы, Матвей көне еврей тілінен алынған – Матфей, мағынасы – ‛құдайдың сыйы’ (Құдайберген) [24, 235]. Андрей көне грек тіліне тән. Мағынасы – батыл, ержүрек [24, 54].
Белгілі бір сөздің бірнеше тілде өмір сүруі мүмкін. Мұндай құбылыс лексикалық қордағы жекелеген сөздерде ғана емес, кісі аттарына негіз болған немесе кісі аты ретінде қолданылып жүрген тұлғалардың арасында да кездеседі. Мысалы, тілімізде Адам, Адамбек, Адамбай секілді есімдер бар. Діни аңыз бойынша бұл адамзат атаулының атасына берілген есім. Адам сөзін Е.Б.Бекмұхаметов араб тіліндегі сөз деп берсе (Адам ата ар. миф. діни аңыз бойынша, жер бетінде бірінші пайда болған кісі [20, 19], Л.З. Рүстемов те осы пікірді қолдайды (ар. адам: Адам, человек [21, 17]), ал профессор Т.Жанұзақов Адам к.евр.қызыл, жирен түсті ер адам (балшықтан жасалған кісі, пенде) деп, еврей тілінен аудармасы бойынша түсінік береді [19, 21]. Бұл жерде алғашқы екі ғалым араб лексикасында бар болғандықтан, әрі осы тіл арқылы енгендіктен араб сөзі ретінде қарастыратын болса керек. Осыған ұқсас мысалды В.У.Махпировтың еңбектерінен кездестіреміз. Ол исламның Орта Азия антропонимдеріне елеулі ықпалы болғанын айта келіп, «…Мuhammed, Іbrahim, Іshak, Nuһ и.др. эти имена не исконно арабские, а в свою очеред, заимствованные исламом у иудеев. Заимствованные имена адоптировались на арабской языковой почве (например: Авраам — Ибрагим, Иисус — Иса, Исаак — Исхак и др.) и именно в этой форме были усвоены тюрками, что дает основание считать арабскими займствованиями [22, 23-29]» — деген пікір білдіреді. Сөздердің түрлі тілдерге ортақтығы жөнінде тағы бірер мысал: Батыр (Баһадүр) сөзінің дыбыстық нұсқалары араб-парсы, монғол, түркі тілдерінде кездеседі. Мұны Е.Б.Бекмұхамедов парсы тілінен енген кірме сөз деп қарайды [20, 42]. Ал Э. Севортян араб тіліндегі нұсқасын бере отырып, біздің жыл санауымыздың алғашқы жылдарында Кавказда белгілі болғанын және шығу тегінің түркі-монғолға тән екеніне ғылыми дәлелдер келтіреді [20. 84]. Сол секілді Баба (п. әкенің әкесі, арғы ата) сөзін Е.Б.Бекмұхаметов «Баба (п.) 1. Әкенің әкесі, арғы ата. 2. Жасы ұлғайған, көпті көрген кемеңгер қария» – деп парсы тіліндегі нұсқасын көрсетсе, Бафин оның бір нұсқасы қытай тілінде де бар екенін айтады [20, 76]. Ал көне түркі сөздігінде (Баба – әке) түркі тіліне тән сөз ретінде беріледі [9, 76]. Бірнеше тілге ортақ бір түбірден тарайтын антропонимдерге негіз болған мұндай сөздер әлі де тереңірек зерттеуді талап етеді.
Кірме антропонимдер туралы айтқанда тілімізде көне еврей тілінің элементтері де бар екенін ескерген жөн. Олар исламның қазақ даласында қанат жаюымен байланысты, араб тілі арқылы, негізінен пайғамбарлар есімі ретінде енген. Тілімізге сіңісіп, кеңінен орын алған ондай антропонимдердің біразы төмендегідей:
Айша (ар. Гайше – көне евр. Айше – ұзақ өмір сүруші, өмірге құмар, құштар): Ғайша, Қайша [19, 155]. Дәуіт (Сүйікті, сүйген, ғашық болған мағынасында [19, 62]): Дәуіт, Дәуітбай, Дәуітәлі. Жүніс (Иона – көгершін [19, 84]): Жүніс, Жүнісбек, Жүнісбай, Жүнісәлі. Жүсіп (Иосиф 1. Көбейсін, көп болсын; 2. Әдемі, жақсы [19, 84]): Нұсып, Нүсіп, Жүсіп, Түсіп т.б. Ибрагим (Авраам есімінің айтылу түрі. Ел ағасы деген мағынада [19, 86]): Ыбырайым, Ыбырай, Ыбыш, Ыбыкен, Ыбыраш, Ибрак т.б. Иса (Иисустың арабша айтылу түрі — Құдай сыйы, құдай құтқарады [19, 87]): Айса, Ғайса, Ғайсын. Біріккен тұлғалы есімдер: Исалы, Исахмет, Исабай, Исабек, Исағали, Исатай, Исахан т.б. Ләйла (ар. әллайлун – түн, кеш. (Ләйләти-л-қадр). Көне евр. тілінде Лиля [19, 176]. Қазақша Ләйлә түрінде айтылады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ тілі лексикасындағы кірме есімдердің табиғатына жүргізілген тілдік талдаулар олардың арасында тікелей есім түрінде енгендері мен түрлі ұғым атаулары ретінде енген сөздерден жасалғандары бар екенін көрсетіп отыр. Сөзіміздің басында атап өткеніміздей олар қазір дыбыстық жағынан үлкен өзгерістерге түсіп, жаңаша сипатқа ие болған. Сөйтіп қазақ антрпонимдері деген біртұтас жүйенің құрамдас бөлігі ретінде өмір сүріп жатыр. Кірме есімдер тек қана дыбыстық жағынан өзгеріп қойған жоқ, сонымен қатар қазақ тілінің антропонимжасамдық заңдарына сай формалары қысқарып, оған түрлі қосымшалар жалғанды (Мұхаммед – Мұқаш, Мұқатай, Мұқажан т.б.), шығу тегі түрлі тілдерге тән компоненттер бірігіп, тіркесіп, жаңа формалар қалыптасты. Мысалы, араб тілінен енген компоненттер өзара бірігіп, Ырысжан, Нұрәлі, Хақназар, Құрманәлі, Ғалымжан т.б.; парсы тілінен енген компоненттер өзара бірігіп, Досқожа, Досмырза, Есқожа, Досжан, Ақынжан есімдері; араб-еврей компоненттері бірігіп, Исахмет, Жүнісқали, Дәуітәлі, Нұржүсіп, Исағали, Исалы; еврей-парсы элементтері бірігіп, Жүсіпақын, Мырзажүсіп, Досмайыл; арабпарсы элементтері бірігіп, Бақытжамал, Рақымжан, Нұрақын, Есқали, Досалы, Нұрғалым, Нұрсерік т.б. есімдер жасалды. Шығу тегі жағынан өзге тілдерге тән болғанмен, дыбыстық әрі құрылымдық жағынан игеріліп, бұрынғы мағынасы қазақ халқының ұлттық дүниетанымына бейімделді. Сөйтіп, екі жақты өзгеріс (дыбыстық әрі мағыналық) осы есімдерді өзінің шығу тегінен мүлде алшақтатып, біртұтас қазақ есімдерінің құрамына сіңіріп жіберген еді, сондықтан қазір олар қазақ есімі ретінде ғана танылады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Гумилев Л.Н. Хұндар. – Алматы: Қазақстан, 1998. 60 б.
2 Гумилев Л.Г. Көне түріктер. – Алматы, «Білім». 1994. 184-186 бб.
3 Хасанова С.Ш. Көне түркі жазба және араб-латын жазбалары. – Алматы: РБК, 1994.
—88 б.
4 Древнетюркский словарь. – Ленинград: «Наука», – 1969. — (XXXVIII) 127 б. 5 Бафин Б. Қазақ пен қытай тілдеріне ортақ кейбір сөздер туралы // Қазақ тіл тарихы мен диалектологиясының мәселелері кітабында (4 шығуы). – Алматы: ҚазССР ҒА баспасы. 1962. 230-231 бб.
6 Қайдаров Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998ж.
7 Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі тарихынан. – Алматы: Мектеп, 1988. 13 б.
8 Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы, «Білім». 1994. 22 б.
9 Кеңесбаев I. Қазақ тілі туралы зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1987. 47-48 бб.
10 Кайржанов А.К. (Астана) Этнолигвистическая ситуация в Евразийских степях. В сб.: Мир языка (материалы научно-методической конференции, посвященной памяти профессора М.М.Копыленко) – Алматы: КазГУМОиМЯ, 1999. 275 б.
11 Қайдаров Ә., Оразов М. Түркологияға кіріспе. – Алматы, 1982. 70-71 бб.
12 Базылхан Б. Алтай төркіндес тілдердің ортақтығы туралы мәселе// ҚР. Ғылым министрлігі. – ҒА Хабарлары. Тіл әдебиет сериясы, 1996 №2. 112-120бб.
13 Нұрмағамбетов Ә. Бес жүз бес сөз. –Алматы: Рауан, 1994. 38 б.
14 Базылхан Б. Монгол-казах толь. – Улаанбаатор «Өлгеий». 1984. 322 б.
15 Жанұзақов Т. Есіміңіз кім? Ваше имя? – Алматы: Қазақстан, 1989. 124 б.
16 Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. – Алматы, «Ғылым», 1971. – 218 бет.
17 Бекмұхаметов Е.Б. Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. – Алматы: Қазақстан, 1977. 23 б.
18 Рүстемов Л.З. Араб-иран кірме сөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Алматы, 1989. 17 б.
19 Махпиров Н.И. Антропонимы в «Дивану лугат ат-тюрк» и «Кутадгу билик» // в сб. Советская тюркология. 1979. №4. 23-29 бб.
20 Севортян Э.В. Аффиксы глаголообразования в Азербайжанском языке. – Москва: Наука, 1962. 84 б.
21 Зима Дмитрий и Надежда. Тайн имени: Как назвать вашего ребенка: 365 тайн имени. – Москва: «РИПОЛ классик», 2006. – 640 стр.

История казахских имен берет свое начало из далеких времен. В результате непрерывного развития до сегодняшного дня приобрела собственное богатство и превратилась в отдельную сферу ономастики. С исторической точки зрения мы видим два направления развития: через внутренние возможности языка и внешних факторов. В статье особое внимание обращается внешним факторам, то есть, личным именам, вошедших из других языков и адаптированных законами казахского языка. Выясняется семантические особенности взаимствования имен китайского, арабского, древнееврейского (через арабский), персидского, русского языка. Продолжается процесс и после адаптации, заключающиеся в том, что взаимствовенные имена, объединяясь между собой, образуют новые модели. Опираясь на исторические материалы и словарии в статье обобщаются примеры и делается анализ осваивания элементов других языков в казахском языке.

The history of Kazakh names comes from ancient times. As a result of continuous development, up to today, own wealth has been transformed and turned into a separate area of onomastics. From a historical point of view, we see two directions of development: through the internal capabilities of the language and external factors. The article is described its attention to external factors, that is, personal names entered from other languages and adapted by the laws of the Kazakh language. It turns out the semantic features of the mutual names of Chinese, Arabic, Hebrew (through Arabic), Persian, Russian. In the nature of personal names continues the process even after adaptation — mutual names, joining together to form new models. Based on historical materials and dictionaries, the article provides examples and analyzes of the law of mastering elements of other languages in the Kazakh language.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *