БҰЙРЫҚТЫ АЙТЫЛЫМДАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БЕРІЛУ ЖОЛДАРЫ

М.М. Ашкеева
педагогикалық ғылымдар магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университеті, Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы, e-mail: ashkeyeva.madina@mail.ru

БҰЙРЫҚТЫ АЙТЫЛЫМДАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БЕРІЛУ ЖОЛДАРЫ

Берілген мақалада бұйрықты айтылымдардың отандық, орыс, ағылшын тіл білімі ғылымдарындағы зерттелу тарихына және олардың сөйлеуде берілу жолдарына шолу жасалады. Автор отандық және шетел лингвистикасындағы бұйрықты айтылымдардың зерттелуін талдайды. Дәстүрлі грамматикада, өкінішке орай, етістігі екінші жақта, бұйрық райда тұрған сөйлемдер ғана бұйрықты сөйлемдер деп қана қарастырылғаны атап өтіледі. Дегенмен, бұйрықты сөйлемдердің берілу формасы тек қана бұйрықты формада келмейтіндігі, сонымен қатар, прагматикалық факторлар әсерімен хабарлы, сұраулы сөйлемдер формасында да жанама түрде білдірілу мүмкін екендігін автор мақалада шетел лингвистикасындағы зерттеулер арқылы баса ашып көрсетеді. Яғни, сөйлем түрлерін формасына қарап емес, интенциясына қарап бағалау маңызды екендігі айтылады. Соған сәйкес, мақалада бұйрықты айтылымдардың сөйлеуде конвенционалды және конвенционалды емес жолдармен, тура және жанама түрлерде берілетіндігі түсіндіріледі.

Түйін сөздер: бұйрықты айтылым, иллокуция, перлокуция, прагматикалық фактор, директивтер, тура, жанама

КІРІСПЕ
Тіл танымында бұйрықты сөйлемдерді зерттеудің өзіндік бір тарихы қалыптасқан десек, қателеспеспіз.
Жалпы, бұйрықты айтылымдар — бұл тарихи тұрғыдан алғанда адамзат тілімен бірге ең алғаш пайда болған сөйлем түрі, басқаша айтқанда бастапқы тілдесу формасы. Тіпті діни тұрғыдан қарастырар болсақ та, бұйрықты айтылым бірінші болған. Мысалы, Мұса пайғамбарға уахи етілген «Таурат»: «Сонда Құдай «Жарық пайда бол!» деді. Сөйтіп, жарық пайда болды. Жарықты Күн деп атады» деп басталса, Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбарға уахи етілген «Құрани Кәрім»: «Ол бір істі қаласа тек қана оған «Бол!» дейді. Сонда ол болады» дейді [2, 20-21].
Тіл танымы ғылымында бұйрықты айтылымдар, жалпы сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай жіктеу қашаннан бері өзекті мәселелердің бірі болып келе жатыр.
Сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай зерттеу тарихы сонау ертеден басталады. Ең алғашқы талпыныстар сонау антикалық кезеңде-ақ жасала бастаған, бірақ бұл кезеңде сөйлемдер «сөйлемдердің белгілі бір типі ретінде емес, көркем-әдебиеттегі ерекшелігі тұрғысынан зерделенді [3, 237]. Басқаша айтқанда, бұл зерттеулер риторика мен шешендік өнерде туындаған қажеттіліктер шеңберінде, таза практикалық мақсатта жүргізілді. Сонау антикалық дәуірден бастау алса да, сөйлемдері айтылу мақсатына қарай жіктеу мәселесі әлі күнге дейін өз жалғасын табуда, оның үстіне, әр ғалым, әр мектеп өз классификациясын ұсынады.
Құрылымдық лингвистика кезінде, яғни ХХ ғасырдың 70-80 жылдарына дейін лингвистикада тілді сөйлеушіден шартты түрде тәуелсіз жүйе ретінде қарастыратын теориялар үстемдік етті. Ғалымдарды бәрінен де бұрын тілді адамның қалай қолданатыны емес, тілдің формальдік құрылымы қызықтырды. Осыған орай сөйлемдер де, оның ішінде бұйрықты айтылымдар да біржақты тұрғыдан, «формадан мазмұнға» қарай принципінде зерттеліп, олардың нақты табиғатын ашу мүмкін болмады [4, 6]. Яғни хабарлап тұрған, соңында нүктесі бар кез келген сөйлем хабарлы деп, сұрап тұрған, соңында сұрау белгісі бар сөйлем сұраулы сөйлем деп, императивті формада тұрған сөйлем бұйрықты деп, ал адамның эмоциясын білдіріп, соңында леп белгісі тұрған кез келген сөйлем лепті сөйлем деп қарастырылды. Сөйлемдерді бұлайша таза формасына ғана қарап бағалау нәтижесінде неше түрлі классификациялар жасалды, әрбір классификацияда сөйлемнің жаңа қыры ашылып, жүйеге бағынбады, әсіресе, бұл сұраулы мен бұйрықты сөйлемге қатысты.
Бүгінде сөйлемдерді жіктеу мәселесі мүлде басқа қырдан, прагматикалық, оның ішінде сөйлеу актісі теориясы тұрғысынан қарастырылады. Дәстүрлі тіл біліміндегідей біржақты емес, ең алдымен, «мағынадан формаға» және кейін «формадан мағынаға» қарай принципін ұстана, сөйлемдерді жіктеуде сөйлемнің формасына емес, мағынасына, сөйлеушінің сөйлем арқылы білдірмек ниетіне басымдылық беріледі.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Отандық лингвистикада дәстүрлі түрде сөйлемдерді айтылу мақсатына қарай жіктеуде олардың төрт түрін бөліп көрсетеді: хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті. Сұраулы сөйлемнің келесідей мағыналық түрлерін бөліп көрсетеді: ашық сұрақ, альтернативтік сұрақ, риторикалық және түрткі сұрақ [5, 6]. Яғни мұнда сұраулы сөйлемнің өзінің анықтау, білу сияқты функцияларынан басқа оның іске қосушылық (риторикалық, түрткі) қасиеті бар екендігі мойындалады.
Сол сияқты орыс тілінің 1954 жылғы грамматикасында сөйлемдер хабарлы, сұраулы және бұйрықты сөйлемдер болып жіктеліп, сұраулы сөйлемдер өз кезегінде сұраулыбұйрықты, риторикалық, және нағыз сұраулы деп үшке бөлінеді [7]. Яғни әртүрлі айтылымдардың бір-бірінің орын алмастыру мүмкіндігі осы кезеңен-ақ белгілі бола бастаған.
Ал Қ.Жұбанов болса, қандай сазбен айтылатынына қарай сөйлемді үш түрге бөлген: 1) хабар сазды сөйлем; 2) сұрау сазды сөйлем; 3) леп сазды сөйлем [8]. Яғни ғалым формадан бұрын интонацияның, экстралингвистикалық фактордың маңыздылығын алға қояды. Бұл орайда, орыс ғалымы А.М.Пешковкий де сөйлемдерді олардың формальдік тұрғысынан сипаттап жазып, олардың қатарына интонацияны да кіргізді. Ол айтылымның грамматикалық және интонациялық жақтары сәйкес келмеуі мүмкін екендігін атап өтеді. Арнайы сұраулы сөздер қатысқан айтылымдар интонацияға орай хабарлы да, сұраулы да, бұйрықты да немесе лепті де болуы мүмкін. Хабарлы сөйлемдер, өз кезегінде, сұраулы интонациямен айтылуы мүмкін. Сол сияқты императивті емес сөйлем бұйрықты интонациямен, керісінше, императивті сөйлем бұйрықты интонациямен айтылмауы мүмкін [9].
Ағылшын тілінде ұзақ уақыт бойы бұйрықты сөйлемдер «формасына қарай мағынасы» қағидасымен зерттелді. О. Есперсен [10], Л.С. Бархударов, Д.А. Штеллинг [11], Е.А. Натанзон [12] тілек, өтініш, бұйрық, өкім, жалыну, сұрау, т.б. мағыналарда тұрып, адамды іс-әрекетке итермелейтін сөйлемдердің барлығын императивті деп атап, оларды императив, яғни бұйрық раймен ғана байланыстырды. Тек кейін, ХХ ғ. екінші жартысынан бастап ғалымдар (О.Есперсен, Б.А. Серебренников, А.В. Бондарко, Д.А. Штелинг, А.И. Изотов және т.б.) «императив», «повелительное наклонение» және «побудительные предложения» деген түсініктерді анықтау, анығырақ айтқанда, ажырату мәселесіне аса ден қойды. Императивті сөйлемдер – бұл баяндауышы етістіктің бұйрық рай формасында тұрған сөйлемдер деп анықталып, «побудительный» деген атау «императивный» деген сөзге қарағанда анағұрлым кеңірек екендігі мойындалды [4]. Бұйрықты сөйлемдерді тереңінен зерттеу оның тағы басқа қырын, қалау раймен байланыстылығын ашып берді, сөйтіп «волеизъявление» деген атау алдыңғы фонға шықты.
Мысалы, орыс тілінің 1980 жылғы академиялық грамматикасында алғаш рет оптативті сөйлемдер ажыратылып, бұл сөйлемдердің, яғни, бұйрық райдан басқа қалау райдың бұйрықты айтылымдарды білдіруде жұмсалуы мүмкін екендігі аталып өтті. Барлық сөйлемдер екі топқа жіктелді: сұраулы және сұраулы емес. Сұраулы емес сөйлемдерде сөйлеуші өз сөзі бағытталған кісіге белгілі бір ақпаратты хабарлауға тырысады, яғни белгілі ақпаратты жеткізуге талыпынады. Ол не хабарлай, не өз тілегін айтады, талап етеді немесе сұрайды. Сұраулы сөйлемдер, керісініше, ақпарат іздеуге бағытталады [13, 88]. Сұраулы емес сөйлемдер щеңберінде айтылымдардың үш түрі ажыратылады: хабарлы, бұйрықты және тілек мағынасындағы.
Бірақ бұйрық пен тілекті (қалаудың) бұлайша синонимдес қарастыру ғасырдың тек екінші жартысында ғана басталды десек, сірә, қателесерміз. Тілекті сөйлемді (оптативті) айтылымдар классификациясы қатарында қарастыру қазақ тіл танымы тарихында да кездеседі. Сонау ХІХ ғасырдың басында-ақ А.Байтұрсынов өзінің «Тіл-құрал» еңбегінде сөйлемдердің айтылу мақсатына қарай сұраулы сөйлем, лепті сөйлем және жай сөйлем деп жіктеумен қатар, олардың қатарына тілекті сөйлемді де енгізген. Ол тілекті тілек білдіруші деп қана қарастырмай, оның келесідей түрлерін атап көрсетеді: бұйрық түрде, өтініш түрде, үгіт (ақыл) түрде, жай тілек түрде [14, 160]. Осылайша, ғалым тілекті сөйлем мен бұйрықты сөйлем арақатынасын ашып көрсетеді.
Колшанский Г.В. бұйрықты айтылымдардың семантикасын зерттей келе, «она относится, в основном, к волеизъявлению, то есть осознанному выражению в языке побуждения» деп атап өткен [15, 99].
В.В. Виноградов та, бұл орайда, мазмұны бойынша ерік білідіру түсінігі анағұрлым кеңірек екендігін, оның «побудительность» түсінігімен қатар, тілек мағынасын қамтитындығын айтса [16], Ермолаева Л.С. хабарлы және сұраулыға қарама-қайшы келетін ерік білдіру түсінігін бөліп қарастыру сөйлемнің коммуникативті типтерін толық қамту үшін қажет, «побудительность» және «тілек» түсініктерін ерік білдіру түсінігі шеңберінде жеке бөліп қарастыру дәрежесі тарихи тұрғыдан алып қарағанда өзгермелі деп атап өткен
[17, 46].
А.М. Пешковский «егер өз жеткізбек ойымызбен сөйлесушіге әсер етіп, оның еркіне ықпал жасағымыз келсе, оны өзіміз қалағандай әрекет жасауға итермелегіміз келсе, біздің сөзімізді бұйрықты деп атауға болады» деп атап өткен [9, 392].
Соңғы кездері орыс лингвистикасында да, қазақ лингвистикасында да бұйрықты сөйлемдер аясында тағы да бір атау «директивтер» пайда болды. Бұл атау өз негізін сөйлеу актісі теориясынан алады. Алғашында батыста пайда болған бұл концепция біртіндеп отандық лингвистикада да белең алуда. Бұл теория тұрғысындағы ерекшелік, сөйлемдердің айтылу кезіндегі экстралингвистикалық факторлар, олардың сөйлеуге тигізетін әсері ескеріледі.
Эрвин Трипп американдық ағылшын тілінің директивтерін зерттеп, мұндай сөйлемдер арқылы сөйлеуші өзінің қандай коммуникативтік ниетін жеткізетіні жөнінде нақты баяндап берген. «Адамдар сөйлегенде жиі ойындағысын турасынан айтпайды, біз көздеген мақсатымызға әртүрлі жолдармен жете аламыз, олардың көбі жанама сипатта («people do not often literally say what they mean. We can accomplish the same ends by various means, many of them indirect») деп тұжырымдайды ғалым өз талдауында [18, 25].
Прагматиканың бұйрықты айтылымдарды зерделеуде тигізген ең үлкен қолғабысы осы, сірә, бұйрықты айтылымдардың берілу жолдарының сырын ашу болар. Прагматикалық тиімділік тұрғысынан бұйрықты айтылымдар басқа сөйлем түрлері кейпінде келіп те өз иллокутивті ниетін жүзеге асыра алады. Яғни белгілі бір иллокутивті мақсаты бар бұйрықты айтылымдар перлокуциялық нәтижеге жету барысында локуциялық тұрғыдан алуан түрлі формада келуі мүмкін. Локуциялық әртүрлілік, өз кезегінде, әртүрлі тілдік құралдар арқылы көрініс табады. Яғни кез келген сөйлеу актісін ішкі мағына және сол ішкі мағынаны сырттай білдіретін тілдік құрал бірлігі ретінде қарастыруға болады. Тілдік құрал мағынаға сай таңдалып, қолданылады және қолданылу өз кезегінде бірте-бірте тілдік форманың, яғни қайтадан тілдік құралдың қалыптасуына әкеледі. Яғни аталған бұл мағына, функция және форма өзара тәуелді: форма функцияға, функция мағынаға тәуелді. Сонымен қатар форма — бұл мағынаның сыртқы бейнесі, ал функция — сол ішкі көрінбейтін мағына мен сырттай оның бейнесі, форманы, байланыстырушы көпір, басқаша айтқанда мағынаны форма етуші.
Осыған орай, бұйрықты интенцияны (мағына) білдіретін тілдік құралдарды (форма) да 3 түрлі тұрғыдан сипаттауға болады: функционалдық (конвенционалды/конвенционалды емес); формальдік (негізгі және перифериялық); стратегиялық (тура және жанама).
Белгілі бір тілдік форманың иллокутивті күші оның тілдік семантикасына қандай мөлшерде сәйкес келетініне байланысты сөйлеу актілерінің берілу құралдарын екі топқа жіктеу бар: конвенционалды және конвенционалды емес.
Конвенционалды бұйрықты айтылымдар өз ішінде екі түрге бөлінеді: тілдік конвенциялар және сөйлеу конвенциялары[19, 80]. Тілдік конвенцияларға иллокутивті күші оның тілдік, жүйелік бекітілген семантикасына сәйкес келетін формалар жатады. Мысалға, бұйрық рай формасы тіл жүйесінде іске қосу мағынасын білдіреді. Сөйлеу конвенцияларына иллокутивті күші олардың тілдік семантикасынан емес, қолданылу конвенциясына байланысты туындаған құралдар жатады және соның нәтижиесінде бұл құралдар белгілі бір иллокутивті күшті білдірудің стандартты яғни конвенционалды тәсіліне айналады. Мысалға, бұйрықты сөйлемдердің берілуінің сөйлеу конвенцияларына қазақ тілінде ма,ме/ба, бе/ па, пе/ ағылшын тілінде can/could, will/would модальдік етістіктері бар жалпылама сұрақтарды жатқызуға болады.
Конвенционалды емес деп иллокутивті күші толығымен коммуникативтік жағдайға байланысты болып келетін құралдарды атайды. Ондай айтылымдардың бұйрықты екендігін тек сол контекст негізінде анықтауға болады. Мысалы: «Есік ашық қалды» деген сөйлем айтылған жағдайға, яғни контекстіге байланысты бұйрықты мағынада жұмсалуы мүмкін.
Сөйлеу актісінің коммуникативтік мақсатын жүзеге асырудың тілде әр түрлі жолдары бар. Тиімді қарым-қатынас орнатуға тырысқан, яғни тыңдаушы арқылы белгілі бір иллокутивті ниетін перлокутивті етуге тырысатын сөйлеуші сол ортаға және жағдайға ең лайық келетін тілдік құралдарды таңдауға тырысатыны хақ.
Бұйрықты сөйлеу актілерінің берілу құралдары тілдің әр түрлі деңгейлеріне жатады және келесідей бірліктер тобын құрайды: райдың морфологиялық формалары, лексикаграмматикалық құралдар, тұйық етістік және модальдік етістіктер, сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлері (хабарлы, сұраулы, бұйрықты) интонация арқылы және күрделі толықтауышы бар синтактикалық конструкциялар (ағылшын тілінде). Бұл орайда, бұйрықты айтылымдарды білдіретін құралдарды функционалдық-семантикалық өріс тұрғысынан негізгі (орталық) және перифериялық топқа жіктеуге болады. Аталған тілдік құралдар негізгіге және перифериялық топқа бұйрықты айтылымдарды білдіру жиілігі бойынша жайғастырылады, яғни бұйрықты айтылымдарды білдіретін тілдік құралдардың функционалдық-семантикалық өрісінің орталығын ең жиі қолданылатындар, перифериясын аса жиі қолданылмайтындар құрайды [20, 8]. Аталған тілдік құралдардың ішіндегі доминанттысы — императивті сөйлемдер және оның өзегі — тура мағынасы іске қосу болып табылатын бұйрықты рай. Бұйрықты рай формасы бұйрықтан бастап шақыруға дейінгі барлық мағыналық реңктерді білдіре алады. Ал қалған формалар кіші өріс преифериясын құрайды.
Бұйрықты айтылымдарды білдіретін тілдік құралдардың бұлайша қолданылу жиілігі бойынша негізгі және перифериялық тілдік құралдар деп және жоғарыда аталып өткендей, семантикасы бойынша конвенционалды және конвенционалды емес деп топталуының бәрі сөйлеушінің өз иллокутивті мақсатын перлокутивті ету үшін ойластыратын стратегияларына байланысты.
Сөйлеу актісін жүзеге асыру стратегиясы тұрғысынан бұйрықты сөйлеу актісінің берілуінің екі негізгі тәсілін бөліп көрсетуге болады: тура және жанама.
Тура тәсілде сөйлеушінің белгілі бір иллокутивті ықпал жасауда қолданатын тілдік құралдарының иллокутивті күшін тыңдаушы бірден таниды және түсінеді. Мұндай тәсілдегі сөйлеу актілерін тура сөйлеу актілері деп атайды. Яғни олардың коммуникативті функциялары сөйлемнің сәйкес синтактикалық формасымен, сәйкес перформативті етістікпен, т.б. индекстермен беріледі [21, 16].
Иллокутивті күш индекстерінің сипатына қарай сөйлеу актілерін тағы да екі формаға жіктеуге болады: эксплицитті (иллокутивті ниет жеке бір тілдік элемент арқылы беріледі) және имплицитті (иллокутивті күш астарлы түрде тілдік форманың семантикалық құрылымында ).
Бұйрықты сөйлеу актілерінің тура эксплицитті тәсілі осы шақтағы ашық рай формасындағы преформативті етістіктердің 1-ші жақта тұрған есімдікті зат есіммен байланысуы арқылы жүзеге асады. Бұл эксплицитті перформативтер сөйлеушінің иллокутивті ниетінің сипатын нақты анықтайды. Перформативті етістіктің семантикасына қарай сөйлеу әрекеті бұйрық, өтініш, ұсыныс, кеңес, рұқсат, тиым, жалыну, талап, ескерту , т.б. ретінде қабылданды.
Тура бұйрықты айтылым имплицитті түрде формасының грамматикалық мазмұнында іске қосу мағынасы бар тілдік құралдар арқылы беріле алады. Мұндай формаға бұйрықты райдағы императивті сөйлемдер жатады. Императивті сөйлемнің грамматикалық формасы сөйлеушінің адресатты іске қосу не қоспау ниетін білдіреді, яғни бұйрықты иллокутивті күш оларда грамматикалық түрде көрініс табады және тілдік конвенцияға байланысты берілген синтактикалық форма бейнесінде жүзеге асады [22, 224].
Бұйрықты айтылымдар, сонымен қатар, белгілі бір лингвистикалық емес факторлардың ықпалына байланысты тура білдірілмей, тұспалданып та жеткізілуі мүмкін. Мысалға, бөтен не аз таныс адамдармен сөйлескенде, кішінің үлкенмен тілдесуінде немесе орындатқызуға ниеттенген іс-әрекеттің күрделілігіне т.б. жағдайларда жанама сөйлеу иллокутивті ықпал жасаудың тиімді тәсілі болмақ.
Жанама сөйлеу актісі коммуникативті функция және сөйлем түрі арасында сәйкестік болмаған кезде орын алады [23]. Тіл танымы ғылымында жанама сөйлеу актісін әркім әрқалай түсіндіреді деуге болар.
Орыс тіл білімі ғылымында жанама сөйлеу актісі транспозиция теориясы тұрғысынан түсіндіріліп, жанама айтылымдарды транспозицияланған сөйлемдер деп атайды. Оған сәйкес, транспозицияланған сөйлемдердің (формальдік сипаты бойынша бір прагматикалық типке жатса да, басқа бір прагматикалық типтің иллокутивті мағынасымен қолданылатын сөйлемдер) мағынасы көптеген лингвистикалық және лингвистикалық емес сипаттағы факторлардың әсер ету нәтижиесі ретінде қарастырылады [24, 281].
Шетелдік лингвистикалық прагматикада жанама сөйлеу актілерін логикалықинференциалдық тұрғыдан түсіндіру кездеседі. Оған сәйкес айтылымның тура және жанама мағыналары арасында тілдік түсіндірме қарым-қатынастары орнайды. Мысалға, Дж.
Серльдің пікірінше, жанама сөйлеу актісі белгілі бір иллокутивті акт басқа бір иллокутивті акті арқылы жүзеге асқанда орын алады. Сөйлеуші өз коммуникативтік ниетін жанама түрде білдірген кезде бір локутивті актіге екі иллокутивті акт сәйкес келеді: біріншілік (жанама) және екіншілік (тура), яғни айтылым біруақытта екі иллокутивті күшке ие [23, 186].
Кейбір ғалымдар сөйлеу әрекетін тілдік құбылыстан тыс кең тақырыпта қарастыра отырып, тілдегі жанама сөйлеу актісін мүлде жоққа шығарады деуге болады. Атап айтқанда, Р.Конрад автобус жүргіншілерінің «Сіз шығасыз ба?» деген сұрағын тереңінен талдай отыра, жанама сөйлеу актілері деген шындығында жоқ, олардың астарында ойда елестетілген, реалды емес, потенциалды сөйлеу актілері жатады, бірақ олар коммуниканттардың санасында жоспарланған деген қорытынды шығарған [25, 358]. Ғалымның пайымдауынша, адресат өзіне қойылған сұрақты сөйлеушінің өз күрделі коммуникативтік ниетін жүзеге асыру үшін жасаған алғашқы қадамы, өзінше бір жалпы шолуы деп біледі және адресат қалыптасқан тілдік әдет әсерінен немесе логикалық тұрғыдан қорытындылай отыра, одан кейін сөйлеуші тарапынан келесі бір қадамның жасалатынын, нағыз іске қосатын айтылымның айтылатынын алдын ала біліп, сезіп, әдептілік хақында әрі қарай сөйлеушінің білдірмеген екінші қадамына жауап қайтарады, бұған сөйлеу актісінің перлокутивті актісі дәлел, яғни адресат айтылмаған бірақ айтылыммен ымдалған іс-әрекетті орындайды. Бірақ ғалымның жанама сөйлеу актісін бұлайша ойша толық айтылымның сырттай аяқталмай айтылған бөлігі деп қарастыруы қатаң сынға ұшырады.
Зерттеуші Е.И.Беляева Р.Конрадтың мысал ретінде алған айтылымы мен Дж.Серльдің талдап қарастырған жанама айтылымдарын екі бөлек құбылыс деп атап өтеді, яғни «Сіз шығасыз ба?» деген сұрақ қойылған жағдай мен «Тұз әперіп жіберсеңіз болмай ма екен?» деген сұрақ айтылған жағдайды екі түрлі деп есептейді. Себебі «алдыңғы сөйлем сұраулы сөйлеу актісіне лайық барлық параметрлерге ие, яғни ақпараттық қажеттіліктің болуы және сол қажеттілікті толтыруға тырысу мұнда айқын байқалады. Ал үстел үстіндегі жағдаятқа келер болсақ, мұнда сөйлеуші үшін адресаттың әрекетті жасай алатындығы айқын. Ендеше мұндай жағдайда сұраулы сөйлем өз межесінен тайқиды және сұрақ енді сұрақ болудан қалады, сұрақ кейпіндегі бұйрықты айтылымға айналады» дейді зерттеуші [23, 35].
Е.И.Беляеваның айтқан дәлелдеріне келісе отыра, біз де жанама сөйлеу актісін бұлайша аяқталмаған сөйлем деп қарастыруды жөн көрмейміз.
Бұйрықты сөйлеу актісінің жанама тәсілдері өте көп және алуан түрлі. Ағылшын тілінен таңдаған зерттеуіміз бойынша жанама тәсіл мысалдардың негізгі бөлігін құрайды. Ең жиі кездескен топ — әр түрлі модальдік етістіктер қатысқан хабарлы сөйлемдер. Одан кейін қолданылуы жиілігі бойынша сұраулы сөйлемдер тұр.
Бұйрықты айтылымдардың жанама берілу тәсілдерін де бұйрықты комплекс элементтерінің (айтылым адресаты, бұйрықты интенция актісінің агенті) сөйлемнің семантикалық құрылымында бар-жоқтығына қарай эксплицитті және имплицитті деп жіктеуге болады
Жанама имплицитті формалар коммуникативтік ниетті білдірудің конвенционалды емес тәсілдері болып табылады және олардың бұйрықты сөйлеу актілерінде қолданылуы коммуникацияның нақты шарттарымен анықталады және де сөйлеушінің орын алған жағдай күйін бағалауы, айтылым мазмұнының актуальді жағдайда орынды/орынсыздығы, коммуниканттар арасындағы қарым-қатынас иерархиясы, сияқты т.б. экстралингвистикалық факторларға байланысты. Бұйрықты айтылымдардың жанама имплицитті тәсіл арқылы берілуіндегі негізгі құрал — хабарлы сөйлем түріндегі ымишаралар.
Конвенционалды емес тілдік құралдар арқылы берілген кейбір бұйрықты сөйлеу актілерінің мән-мағынасы коммуникативтік акт орын алған жағдаймен тығыз байланысты болып келеді және тек коммуниканттардың сол жағдай туралы белгілі бір фондық білімдері болғанда ғана іс-әрекетке итермелейтін сөлеу актісі ретінде қабылданады.
Эксплицитті жанама тәсіл арқылы берілген бұйрықты сөйлеу актісінің семантикалық құрылымында сөйлеушінің иллоуктивті мақсаты көрінетін және сол сөйлеу актісінің табыстылығымен байланысты жағдай компоненттері болады. Мысалға, сұраулы сөйлемдерді көп жағдайларда эксплицитті жанама директивті сөйлеу актісіне жатқызуға болады. Сұраулы сөйлемнің іске қосу мақсатында жұмсалғандығын, яғни өзінің міндетін, интеррогативті күшін жоғалтатындығын келесі жағдайларда білуге болады: адресаттың жауапты реакциясы ақпарат жайлы сұранысқа жауап болмайды; адресат өтінішті орындауға келіседі не одан бас тартады; бұйрықты сұрақтар оңтайлы бағдарланған болып келеді.
Прагматикалық тұрғыда олардың сипаты келесідей: адресаттың өзі қалаған әрекетті жүзеге асыру мүмкіндігі; талап етілген әрекетті орындауға деген ниеті; ниет етілген әрекетті орындауға қажет материалдық объектілердің болуы; адресаттың орындайтын әрекеттерінің аталуы [23, 29].
Сұраулы сөйлемдерің жоғарыда аталған семантикалық түрлерінің ішінде қазақ тілінде кеңінен тарағаны – адресаттың орындайтын әркеттерінің аталуы. Мұндай бұйрықтысұраулы сөйлемдер сұраулық шылаулар мен «қайтеді» көмекші сөзі арқылы жасалады. Ағылшын тілінде кеңінен тарағаны — сөйлеушінің қалаған әрекетін адресаттың орындай алу мүмкіндігін анықтауға бағытталған сұраулы сөйлемдер.Ондай сөйлемдерде модальдік етістік индикатив формасында да (can), конъюнктив формасында да (could) қолданыла береді.
Бұйрықты сөйлеу актісі ретінде пайдаланылған хабарлы сөйлемдерге келер болсақ, олар бұйрықты иллокутивті күшке келесі жағдайда ие болады: сөйлеушінің пікірінше өзгерісті қажет ететін іс күйін хабарлап және сол арқылы адресаттың әрекет жасауына мотив ретінде қызмет ете алса.
Хабарлы сөйлемдер әр түрлі мазмұндағы ақпаратты береді:
— орындалуға тиіс әрекет әлі жүзеге аспағанын хабарлайды;
— адресаттың орындап жатқан әрекетіне теріс баға береді;
— сөйлеуші үшін жағымсыз жағдай не күйді білдіреді;
— әрекеттің уақытылы орындалуын ескертеді;
— іс-әрекет жасалса не берілген жағдай жалғаса берсе, оның қаланбаған салдарларға әкелуі мүмкін екендігін көрсетеді;
— көрсетілген әрекеттерді орындауға мүмкіндік беретін іс күйін баяндаса;
— бұйрықты сөйлеу актісінің шын ниеттілік принципі айқын көрініс тапса, яғни сөйлеуші не өзге бір мәртебелі тұлғаның тілегі баяндалса; — адресаттың алдағы іс әрекеті болжанса.
Сөйлеу актісі бір немесе бірнеше айтылымдармен жүзеге асуына байланысты жай және күрделі сөйлеу актілеріне ажыратылады:
1) — Жатақханаға… — деді ол маған бірдеңесін өткізіп қойғандай қабағын шытып. — Сен енді мынаны түсіріп бермейсің бе? (Ә.Нұршайықов)
“I don’t want breakfast. Can I have the shutters opened please?”(Е.Hemingway)
2) Содан соң әйел қызына қарады. — Майра, қалқам-ау, тал түс болды. Қонақтарыңа шай қайнатып бермейсіңдер ме? — деді. (Ә.Нұршайықов)
“Can you move just a little to this side? That’s fine. I’ll clean you up for breakfast.” (Е.Hemingway)
1-ші реттік нөмірдегі бұйрықты айтылымдар жай бұйрықты сөйлеу актілері. Ал 2-ші қатардағы — хабарлы және бұйрықты сөйлемдер тізбегінен тұрған күрделі бұйрықты сөйлеу актілері. Күрделі сөйлеу актілеріндегі тізбектескен сөйлемдер өзара прагматикалық байланыста болып келеді, яғни хабарлы сөйлеу актісі, бұйрықты сөйлеу актісінің жүзеге асуына мотивация ретінде жүреді. Бұйрықты сөйлеу актісінің дискурстағы орнына байланысты хабарлы сөйлеу актісі бұйрықты сөйлеу актісінің алдында тұрып негіздеме немесе одан кейін тұрып, түсіндірме қызметін атқарып тұрады [23, 30-31].
Бұйрықты сөйлеу актілеріне ілескен семантикалық айтылымдар олардың табысты жүзеге асу шарттарымен сай келеді. Мысалға, күрделі бұйрықты сөйлеу актісінің құрамына кіретін хабарлы айтылымдар сөйлеушінің адресатқа өтініш не кеңес білдіру себебін түсіндіріп тұрады. Яғни күрделі бұйрықты сөйлеу актілерінде бұйрықты айтылымдардың өзі доминантты рөлді иеленеді ал хабарлы сөйлемдер қосымша элемент ретінде жүреді және олардың алынып тасталуы коммуникативті мақсаттың жүзеге асуына үлкен кедергі келтіре қоймайды.
Күрделі сөйлеу актілерінде доминантты сөйлеу актісінің табысты жүзеге асуына септігін тигізе алатын өзге де қосымша элементтер кездеседі. Оларға мына келесі аталғандар жатады:
1 адресаттың хабарламаны алуын қамтамасыз ететін, оның назар аудартатын
элементтер;
2 адресатты көптеген тыңдаушылар арасынан бөліп көрсететін немесе көңілін аудартатын қаратпа сөздер;
3 қарым-қатынас орнату элементтері, бұлар сонымен қатар қосымша сыпайылық қызметін атқарады;
4 алдағы сөйлемнің мазмұнын таныстырып тұратын метакоммуникативтік элменттер;
5 өзінен бұрын тұрған сөйлеу актісін түзеу қызметін атқаратын қарсылықты жалғаулық қатысқан сұраулы айтылымдар;
6 өз алдында тұрған доминантты директивті сөйлеу актісін күшейте түсу мақсатында қайталанып не түрленіп айтылатын императивті сөйлемдер;
7 адресаттың іс-әрекетті жүзеге асыру мүмкіндігін не ниетіне шектеу қоя отырып, сол арқылы директивті сөйлеу актісін аздап жұмсағырақ ететін шартты айтылымдар [23, 32]

ҚОРЫТЫНДЫ
Сонымен, бұйрықты сөйлемге қатысты жоғарыдағы заманауи шетелдік лингвистика дәлелдеріне және ХХ ғ. басындағы қазақ тіл білімі ғылымындағы классификацияға негізделетін болсақ, бұйрықты сөйлем дегеніміз – бұл бір адамның келесі бір адамды іске жұмсау не итермелеу арқылы қоршаған орта жағдайына өз қалауынша өзгеріс енгізуге талпыныс нәтижесінде айтылатын сөйлем. Яғни, егер бұйрықты сөйлемді мұндай қырдан алып қарайтын болсақ, дәстүрлі тіл білімінде жіктеліп қарастырылған кез келген сөйлем түрі (хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті) кең мағынасында бұйрықты сөйлем бола алады деген сөз. Себебі кез келген сөйлем – не хабарлы, не сұраулы не т.б. болмасын, қоршаған ортадағы бір жағдайды өзгерпек үшін айтылады. Бірақ бұйрықты сөйлем мақсатының спецификасы сонда, ол қоршаған орта жағдайына екінші тараптың нақты сыртқы реакциялық іс-әрекетімен өзгеріс енгізуді көздейді. Сондықтан да, А.Жұбанов ағамыз жіктегендей, сазына қарап алғандағы кез келген сөйлем түрі, тек қана бұйрық рай формасындағы емес, сонымен қатар, хабарлы да, сұраулы да сөйлемдер, егер екінші тарапты белгілі бір нақты сыртқы іс-әрекетке жұмсау үшін айтылса, онда оларды хабарлы да, не сұраулы да емес, дұрысы, бұйрықты сөйлем деп қарастырған жөн. Осыған орай, біздің пайымдауымызша, бұйрықты сөйлемдердің қолданылуын кең мағынадағы және тар мағынадағы деп екіге бөліп қарастыруға болады. Кең мағынадағы бұйрықты сөйлемдер — тіл мәдениетіне қарай ауызекі тілде жиі қолданылатын екінші тарапты іске тура жұмсайтын, яғни көбінесе етістігі екінші жақта бұйрық раймен білдірілген бұйрықты сөйлемдер. Тар мағынадағы – бұлар күнделікті тіршілікте аса қолданыла қоймайтын, әдетте хабарлы не сұраулы сазбен оранып, астарында екінші тарапты іске жұмсау ниеті жатқан жанама бұйрықты сөйлемдер
Дәстүрлі грамматикада өкінішке орай, етістігі екінші жақта, бұйрық райда тұрған сөйлемдер ғана бұйрықты сөйлемдер деп қана қарастырылады. Қазақ, орыс не ағылшын оқулықтарында берілгендерге сүйенсек, әлі күнге дейін сөйлемді айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті деп жіктейді. Жалпы, бұлай жіктеудегі топ атаулары дұрыс болғанымен, жіктеу негізі, біздің пайымдауымызша, кезінде А.Жұбанов атағандай, сөйлем сазына (интонациясына) ғана сәйкес топтастырылуы керек. Ал сөйлемнің айтылу мақсаты әрдайым сөйлемнің сазына сай келе бермейді. Бұл ол сөйлемнің жанама мағынада астарланып тұрғандығының белгісі. Жанама сөйлеу актілерін мағыналық тұрғыдан талдағанда, жанама сөйлеу акітілерінің бірыңғай еместігін ескерген жөн. Анығы, бұл жерде жанама сөйлеу актілерінің конвенционалдық деңгейі туралы сөз қозғаған жөн болар. Бірқатар жанама сөйлеу актілері бұйрықты жағдайларда тұрақты түрде және жиі қолданылуына байланысты бұйрықты сөйлемдер ретінде қабылданып кетеді. Бұл, өз кезегінде, берілген мағыналардың идиомалануына, тұрақты тіркеске айналуына әкеп соқтырады да, кейде олар тура бұйрықты ретінде қабылданып жатады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Зимняя И. А. Речевая деятельность и психология речи. Основы теории речевой деятельности. — М.: Наука, 1974. — 367с.
2 Елубай С. Қиямет-қайым ғасыры. — Алматы: Мереке, 2011. — 343 б.
3 Бахтин М.М. Проблема речевых жанров.Эстетика словесного творчества. – М., 1979. – с.237-281
4 Лобанова Е.В. Автореферат дис. на канд. филол. наук. –СНЦ РАН., 2011. -23 с.
5 Әміров Р.С Жай сөйлем синтаксисі. -Алматы: Мектеп, 1983. — 199 б.
6 Қазақ ССР Ғылым Академиясы. Қазақ тілінің грамматикасы ІІ Синтаксис. – Алматы:
Ғылым, 1967. – 218б.
7 Грамматика русского языка. – М.: АН СССР, 1954 – 444 c.
8 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Алматы: Ғалым, 1999. — 152- 390 бет.
9 Пешковский А.М. Русский синтаксис в научном освещении. — М.:Учпедгиз, 1976. — 511 с.
10 Есперсен О. Философия грамматики. — М.: Иностр. лит., 1958. — 404 с.
11 Бархударов Л.С., Штеллинг Д.А. Грамматика английского языка — М.: Высшая школа, 1963. — 428 с. 12 Натанзон Е.А. Побудительные предложения в современном английском языке: дис.
. канд. филол. наук. -М., 1955.-204 с.
13 Русская грамматика. — М.: Наука, 1980. — 717 с.
14 А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы – қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері. — Алматы: Ана тілі, 1992. – 300 б.
15 Колшанский Г.В. Коммуникативная функция и структура языка — М.: Наука, 1984. — 175 с.
16 Виноградов В.В. Исследование по русской грамматике. -М.: Наука, 1975.- 559 с.
17 Ермолаева JI.C. Типология наклонений в современных германских языках // Вопросы языкознания. 1977. — № 4. — С. 97-106 c.
18 Davies E.C. On the semantics of syntax: Mood and Condition in English. -L.,1979. – 205 p.
19 Morgan J.L. Two types of convention in indirect speech acts // Syntax and Semantics:Pragmatics — N. Y.: Academy Press, 1973 – 261p.
20 Назари Ф. Способы выражения побуждения в современном русском языке:
Автореф. дис. канд. филол. наук. — М., 2012. -18 c.
21 Хельбиг Г. Проблемы теории речевого акта // Иностранные языки в школе. 1978. — №5 — C. 11-21.
22 Brown P. Levinson S. Universals in language usage: politeness phenomena — Cambridge: Cambridge University Press, 1978. – 323p.
23 Беляева Е.И. Грамматика и прагматика побуждения: Английский язык. — Воронеж.: ВГУ, 1992. — 168с.
24 Иванова И.П., Бурлакова В.В., Почепцов Г.Г. Теоретическая грамматика современного английского языка. — М.: Высш.школа, 1981. – 285c.
25 Конрад Р. Вопросительные предложения как косвенные речевые акты // Новое в зарубежной лингвистике. Вып. 16. — М.: Прогресс, 1985. — С. 349-384



М.М. Ашкеева
История изучения побудительных предложении и способы их выражения
Кокшетауский государственный университет им. Ш. Уалиханова,
г. Кокшетау, Республика Казахстан,
Данная статья излагает краткую историю изучения побудительных предложении в отечественной, русской и английской лингвистике, а также, описывает способы их выражения. Автор статьи предполагает что, побудительное предложение понимается во многом, как предложение с местоимением 2-лица и глоголом в повелительном наклонении. Однако, стоит учитывать прагматические факторы в определении типа предложения, благодаря чему, в некоторых случаях, казалось бы, повествовательные и вопросительные по форме предложения могут оказаться, вовсе, не повествовательными и не вопросительными, а, вообще, побудительными. Такой способ выражения побуждения определяется, как не конвенцианальный способ выражения побудительного предложения. В статье, также, объясняются прямые и косвенные формы передачи побуждения в предложении. Анализируя исследования по побудительным предложениям, автор намекает на то, что, к сожалению, даже в нынешней отечественной лингвистике побудительное предложение истолковывается не должным образом и благодаря такой недооценке, побудительное предложение все еще понимается многими только как предложение, где имеется обращение 2-лицу с глоголом в повелительном наклонении.

M.M. Ashkeyeva
A short history of researches on imperative sentences and ways of their expression.
Sh. Ualikhanov Kokshetau state university, Kokshetau, the Republic of Kazakhstan,
The article gives a short outline to the study of imperative sentences in Kazakh, Russian and English linguistics and describes how they can be expressed in a speech. The author of the article assumes that the imperative sentence is understood in many respects as a sentence with a pronoun and a verb in the 2 person. However, if to take into account pragmatical factors in determination of the type of a sentence, then in some cases, sentences which seem at first to be declarative and interrogative in the form, can turn out to be imperative sentences as well. This way of expressing imperative sentences is called unconventional method. The article also describes direct and indirect forms of expressing imperative sentences (directives). Thereby, the author points out the importance of judging the type of sentence not by the form but by intention behind it. Analyzing researches on imperative sentences, the author slightly indicates, that, unfortunately, even in the modern Kazakh linguistics the imperative sentence is interpreted not properly and due to such underestimation, it is still understood by many wrongly.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *