Абай Құнанбайұлы өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Абай Құнанбаев – тұнып тұрған бір құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама, ғалым. Туысы бөлек, бесігі өлең, оқуды өмірден алған. Оқуға зерек, ұғымға ұшқыр, талантты болған.
Абай атамыздың поэзиясы – ағартушылық көзқарасы қоғамның дамуындағы бір елеулі кезеңді бейнелеу арқылы халықтың тағдырын, ұлттық мінез-құлқынтарихи тұлғадан кең арнада алған. Бар асылын, ойын заман жастарына, келер ұрпаққа да арнаған. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Киелі «ұстаз» сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай үлкен мен кішіге, ұл мен қызға, әке мен балаға өмірлік еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, тәлім мен тәрбие, достық – жолдастық, қарыз бен парыз сияқты қасиеттердің терең мағынасын жырымен де, оқиғаларымен де жеткізе білді.
«Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп Абай атамыз айтқандай, білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары санауымыз қажет. Адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, білімге жұмсау керек. Ойын –сауықты кейінге қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, үйрен дей келе:
«Дүние де, өзі мал да өзі
Ғылымға көңіл бөлсеңіз» , — деген тамаша тұжырымға келді емес пе?!
«Ғылым таппай мақтанба» атты Абай атамыздың өлеңінде:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз…» — деп, адам болуға ұмтылған әрбір адамзаттың бойына адамгершіліктің қандай нәрін, қандай ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін жазып кеткен.
Адамгершіліктің мәні жөнінде терең толғаған ақын өз ойын ар, ұят, намыс ұғымдар адам өзінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар екенін, әр адам өзіне-өзі жауапты екенін аңғарта айқындай түсіндіре келіп: «Осы да есеп бола ма, Ар, абұйыр тапқанға? Миың болса жолама Бос желігіп шапқанға…», «Абиыр қайда, ар қайда? Өз басыңа не пайда?…», «Достық, қастық, бар қызық жүрек ісі, Ар ұяттың бір ақыл-күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса өзге қылық, Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі», — дейді. Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай – қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен…», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», — деп түйеді. Абай түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өз ары алдында жасалған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу болып табылған.
Абайдың адамгершілік туралы, «Адам» деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түс-кенде дем беруші, рух беруші пайхам-барымыз, рухани көсеміміз. Абай 19 ғасырдың ортасында дүниеге келіп, 20 ғасырдың басында бұл дүниеден кетіп қалған жоқ. Абай заттың адамы емес, рухтың адамы. Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек.
Жан тазалығы адамның алдына қойған мұрат-мақсаттарының биік адами дәрежеде болғанына да байланысты. Абай жолымен жүріп келе жатқан қазіргі қазақ философиясы да осы мәселелерге өте зор көңіл бөлуде. Әрине рухты, сананы өзгерту, дамыту мәселесі қилы кезеңдердің баршасында қоғам алдына қоярлық маңызды тапсырма. Абай өз парызын түсініп саналы түрде жаңа ізденістер мен ерекше әрекеттер жасап адамтану, адамгершілік ілімінде көп жаңалықтар ашты. Абай дүниетанымының басты мақсаты адамды барынша кемелдікке жеткізу, ол кемелдікті адамға лайықты түрде көрсету, пайдалану, бүкіл өміріне азық ету, басқаға да шарапатын тигізу.
Мектепте оқу-тәрбие үрдісінде Абай мұрасын қолдану өсіп келе жатқан ұрпақтың ақыл-парасаты биік болуына, мінез-құлқы, іс-әрекетіне ықпалы зор екені даусыз. Абайдың педагогикалық көзқарасындағы басты нысаны «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп жас буынды елдің, халықтың қамын ойлайтын, адал қызмет ететін ұрпақ болуға шақырады.
– Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп
Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп ұрпағына даналық ақылын айта отырып, талапты болуға, жақсыдан үлгі алуға, ғылым, білім үйренуге үндейді.
Ұлы Абай балалар мен жеткіншектерге эстетикалық тәрбие беруде халық мұрасының тәрбиелік күшін-жоғары бағалаған. Өзінің өлеңдері мен қара сөздеріне халықтың мақал-мәтелдерін, нақыл сөздерін салт-дәстүрлерін орынды пайдалану арқылы балалар мен жеткіншектердің болмысқа деген эстетикалық- көзқарасының, талғамының, сезімінің қалыптасуына ықпал етті. Абай өз өлеңдерінде мақсатын, ішкі-жан сырын, ешбір бүкпесіз жайып салады. Абай эстетикалық тәрбиенің құралы ретінде халық музыкасының маңызына да тоқталады.
Қорыта айтқанда, ақын өлеңдерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың барлығы адам баласын ойландырмай қоймайтын өсиет-өнеге толы. Сондықтан да Абай өлеңдерінде тәрбиелік арналар аса мол деп сеніммен айта аламыз.

 Назирова Бакытгуль Жандосовна
Бесқарағай ауданы, Бескарагай ауылы, «Бесқарағай колледжі» КММ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *