1960-1990 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ МАХАМБЕТ РУХЫ

Б. Д. Керімбекова1, А.С. Насиева2
ф.ғ.к., ассистент профессор, С. Демирель атындағы университет, Алматы, Қазақстан1
2- курс магистранты, С. Демирель атындағы университет, Алматы, Қазақстан2

1960-1990 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ МАХАМБЕТ РУХЫ

Аталған мақалада қазақ поэзиясында Махамбет тақырыбына кеңінен қалам тербеген, сонымен қатар Махамбет мақамын қайталап, дәстүрін жалғастырған бірқатар ақындардың шығармашылығындағы дәстүр жалғастығына зерттеу жүргізіледі. ХIХ ғасырда ғұмыр кешкен Махамбет Өтемісұлы поэзиясындағы көркемдік жалғастық 1960-1990 жылдардағы және бүгінгі тәуелсіздік кезең поэзиясында қалай көрініс тапты деген сұрақтар мысалдар арқылы тұжырымдалады.

Кілт сөздер: қазақ поэзиясы, Махамбеттің дәстүрі, поэзиядағы рухтастық, дәстүр жалғастығы
КІРІСПЕ
Қара қылды қақ жарар өткір қолтаңбасымен қазақ поэзиясынан дара орын алатын Махамбет Өтемісұлының қилы тағдырын, батырлық, ақындық ғұмырын поэзияға арқау еткен ақындар көп. Әдебиетімізде Махамбетке арналып жазылған алғашқы өлең жолдарын Ш.Жарылғасұлының, Сегіз серінің шығармаларынан кезіктіреріміз белгілі. ХХ ғасырдың басында халық ақыны Ы.Шөреков “Исатай-Махамбет” дастанын жазса, Т. Жароков,
Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, М.Мақатаев, Т.Айбергенов, О.Сүлейменов, М.Сатыбалдиев, Ж.Нәжімиденов, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов сынды ақындардан бастап бүгінгі Т.Медетбек, Р.Ниязбек, Қ.Жылқышиев, С.Тұрғанбеков, А.Ершуов, М.Ершуоваға дейінгі аралықта біршама ақын Махамбеттей текті болмасты жырға қосты, жыр дәстүрін дамытты.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жайық бойында дүниеге келіп, Махамбет ізін жалғастырған, жырымен ісі келісті, дауылпаз ақын, жазушы Меңдекеш Сатыбалдиев еді. Өмірдің көшінен ерте қол үзген ақын Меңдекеш бәрін беріп үлгерген жоқ. Өмірін өлеңмен өрнектеген ақын: Мен жоғалсам, жоғалармын, Арасында жатпаспын қоғалардың.
Бір қадалып қас-дұшпан кеудесіне,
Махамбет жебесіндей
Мен жоғалсам жоғалармын [1, 8 б.], — деп өз жырында тағдырын бағамдап кеткендей жай танытады. Меңдекеш «Батырдың бас сүйегі», «Махамбетке», «Махамбеттің монологы» атты туындыларын дауылпаз ақын Махамбеттің рухына арнап жазған. «Махамбеттің монологы» толғауында ақынның өршіл рухқа толы жырларының мағыналы тереңдігін, өміршеңдігін жанымен сезіне білген, туындыда халыққа ақын атымен үн қатқан.
Автордың Махамбеттің жырына терең бойлағандығын, мағынасымен етене танысқандығын, өз жырларының түр – сипатын жетілдіруге талпынғанын Қ. Мырзалиев: «Меңдекеш өзінің қажыр-қайратқa тoлы омырaулы oйлaрын өз aузынан aйтуға әлi дe бoлсa жүрeксiнeдi. Олaрды бaсқа бір әлеуеттi aдaмның дулығaлы aқынның дуaлы aузымен айтқысы кeлeді. Ауыздығымeн алысқaн тұлпардай тaрпаң жыр жолдарын Меңдекеш атақты Мaхамбeттің аузынa сaлып, ол өлeңді «Махамбеттің монологы» деп атаған». [1, 8 б.], — деген пікір арқылы түйіндейді. «Махамбеттің монологы» — градация тәсілімен өрістеп, түйдектүйдек сөздермен төгіліп, Махамбет жырымен екпіндес келіп, тыңдаушысын ілестіре кететін тамаша туынды. Махамбеттің тұлғасын көз алдымызға әкеліп, жырына заманға деген мұңын қосып, өзіндік мәнермен сипаттайды. Бұл жыр туралы ақын Ф.Оңғарсынова: Қaнаттастaрым, қaйдасың?
Құнанша мұзғa тaймасын,
Қималы найзa қайралсын,
Құсaлы жүрeк майлансын,
Қaз мойын тұлпaр бәйге aлсын! [2, 229 б.] 6- деп өрбіген «кесекті ойдың сойы атанған ақынның кесек ойлары Меңдекеш ақын кеудесінен осылай өріс алған болатын. Бұл туынды шұбыртпалы ұйқаспен буын саны сақталмай жазылған, тоқсан алты жолды өлеңіне тұтастай аллитерациялық тәсілді арқау еткен толғау. Махамбеттің өршіл үнімен үндес, қатулы сөйлеген Меңдекештің қатал үніне «қ» қатаң дыбысының қайталанып отыруы да үйлесім тапқан. Толғауда бірыңғай «қ» әрпінен басталуына, аллитерациялық қатар түзгендігіне қарай, бұл туындыны Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» атты жырындағы «е» әрпін ерліктің ебгей желіне баласақ, Меңдекештің «қ» әрпінен бастауын қайсарлықтың қара желі деп түсінеміз. Екі жүз он бес мәрте ұшырасып, құлағыңның тура жанынан қатқал дауыс шыққандай күйге бөлеп, Меңдекеш ақынның суреткерлік қырын одан сайын аша түседі.
Қаңтардай қақап бір сезім, Қылышқа жанып әр сөзін,
Құлаштай кештім Жайықты, Қанымнан өлең өндіріп [1, 84 б.] — деген монологта «Қаңтардай қақаған бір сезім» Махамбеттің сөздерін қылышқа жанып, ыстық қаннан ытқып аққан уытты, қызу өлең тудырғанын аңғартады.
Махамбетке арнап дастан жазған ақындардың бірі – Ж.Нәжімеденов. Жұмекеннің өзі дүние салған соң 1985 жылы жарияланған «Менің топырағым» атты жинағына енген «Жаңғырық» аталатын дастанына ағасы Исатайдан айырылып, арманы аяқсыз қалып, жападан-жалғыз дала жортқан шағының тарихи шындығы арқау болған. Махамбеттің көтеріліс жеңіліп, қайсар ердің тауы шағылып, жапа шеккен Исатай сияқты қолбасшы қас батырдан айырылып, жалғыздықтың мұңын кешкен дауылпаз ақынның барлық жан атаулыдан түңіле, көңіл-күйінің тұқырыла түскені және Баймағамбет сұлтанның қанды қол қарақшыларының қолынан қаза тапқан өмірінің соңғы, аянышты шағы бейнеленген. Бұл дастанның басқа дастандардан ерекшелігі ақын өмірінің тұтастай қамтылуы мен ғұмырының ақырғы сәті мен өлімінің көрініс алуы.
Дастанның «Жаңғырық» деп аталуы турасында ақын поэзиясын арнайы зерттеуші, профессор Қ.Жүсіп былай деп пікір білдіреді: «Бізше, поэтикалық туындының атауы бес түрлі нәрсeгe меңгейді: біріншіден, дaстандағы Махамбетке кездесіп, ендігі жолына өзімен бiрге aлa кетуiн тілеп, шылбырынa жaрмaсқaн жас жігіттің мінезі – теңдік үшiн бұрын да Исатайға еріп атқа мінген, кейiн «бұғып» қалғандардың жаңғырығы іспеттес; екіншіден, көкірегіндегі хaнға деген кектің әлі өшпес жaпадан жалғыз Жайық жағалап Атырауға жол шeгуі – «қара қазан, сары балaның қамы үшін» кескілескен майданның жалғасы, сол майданның жaңғырығы; үшіншіден, сұлтанның өз адамдарын ақшаға жалдaп, Мaхамбeтті өлтіруге аттандыруы — көтеріліс жеңілсе де оның кектілерінен қорқып, адуын ерді тұқыртып, тыныш табамыз деген сұлтан жүрегіндегі кек жаңғырығы; төртіншіден, сұлтанның батырдың басын алған қарақшылардың әрекетін опасыздық деп жазғыруы — ұрпақ қарғысынан сескенген өз қорқынышының жаңғырығы; бесіншіден, ХХ ғасырдың азаттық көтерілісі – Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерлістің жаңғырығы, жалғасы» [3, 100 б.]. Батыр ақынның мұңға толы монологы – үлкен тебіреніс пен бойды шымырлатар сезімге бай. Махамбет жырларында бар «Қызғыш құстың» екпінімен ақынның айталмай қалған зарын сыртқа шығарғандай. Мәселен, … Жас егілген тал үшін –
Орман болсам деп едім,
Жел жағына жетімнің
Қорған болсам деп едім… [4, 249 б.]. Бұл монологта Махамбеттің арманы мен мұңын, Қызғышқа айтқан наласын оқи отырып, шынай шындық пен өзінен гөрі өзгенің игілігін қалайтын жан екендігін, айтқан бетінен қайтпайтын оптимист екендігін айқын аңғарамыз.
Ж.Нәжімеденовтің «Жаңғырық» дастанынан тарайтын тағы бір идея – халықтың қамы үшін атқарған қыруар еңбектер, игілікті істер, халықтың ары үшін күрестер ешқашан жойылмайтындығына назар аударту. Оның кейінгі ұрпаққа өзінің өшпестей үлгісін көрсетіп отырғандығы, оның әрдайым замана толқынымен жаңғырып қайталанатындығы, Исатай мен Махамбет бастаған тәуелсіздік үшін болған көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін де еш толастамағаны, оның ешқашан діттегеніне жетпей тынбайтындығы заңдылық деген идеяны астарлап жеткізуге тырысқан.Шынымен де ақын Жұмекен Нәжімеденов асқан көрегендік жасаған. 1986 жылы елде орын алған желтоқсан оқиғасы азаттық көтерілістердің заңды жалғасы болып шыға келеді. Бұл ақынның асқақ арманы болатын. Сол арман «Жаңғырық» деп аталатын дастан тілінде анық, айқын көрініс таба білген. Ақын Жұмекен Нәжімеденов бұл арманына жете алмай қапыда кетті. Өз ғұмырының соңғы жылдары кеңес дәуірінің кемшіліктеріне, тігісі сөгіліп, ыдырай бастаған кереғар саясатына сенімсіздікпен қарағандығы оның төл шығармашылығынан анық байқалып-ақ тұрады.Бұл ақынның диссиденттігі деп білеміз. Оның шығармаларының астарына терең бойлап, көбісі түсіне бермейді. «Жаңғырық» дастаны – ақынның диссиденттік көзқарасының, ойы мен пікірінің жаңғырығы еді. Заман тұманының тұмшалануы, ағыссыз өлі көл өміріндей тіршілік ақынның жүрегін қобалжытпай әсте тұра алмады. Сол себептен ақын өткен тарихи оқиғаны шығармасының алтын тиегі ете отырып, буырқанған асау төңкерісті тілегеннен, заманымыздың Махамбеттері мен Исатайларын армандағаннан осындай кереметтей туындыны дүниеге әкелді.
Фариза ақын Махамбет салған дәстүр көкжиегін кеңейтті. Махамбеттің батырлығы секілді атойлаған өр рухқа толы ащы шындықпен жосылған ақиқатты жыр сарынынан батыр ақын бабасының үнін естігендей боласыз.
Тазарар түрім жоқ менің
Жaнымның кірін жумай бір
Мaхaмбeттeрдiң рухымен [5, 12 б.], — деген Фариза жырына Махамбеттің өр рухы қуат беріп, арнасын ашқаны сөзсіз құбылыс. Өз шығармашылығында әлсін-әлсін Махамбетке оралып, ақынға жүгініп отыруы әсте бекер емес. Ф. Оңғарсынованың «Алмaс қылыш немeсе мен Мaхaмбетпeн қaлaй кeздeстiм» және «Пoэзия» циклы («Мaхaмбeт aудaрмaшысымен әңгiме») — баба рухын бойтұмар етіп, жүрекжарды арнаған, баба рухына бағышталған шындыққа, сардар толғаныстарға толы төл туындылары.
«Махамбет аудармашысымен әңгіме» туындысы композициялық құрылымы жағынан алғанда үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде ақындық болмыстық ара салмағын айқындап, Махамбет образын биік сатыға қойып, батыр aқынның өжет жырларынa әр рeтiндe тiрлiктeгі «қaсаң әнді» сөз етeді. Ақын шынайы шеберлiктiң aсa күрдeлі, қиын, әрі азaбы мол екeндiгін мегзей oтырып, өлең жазуды кәсіп қылғaндардың «тұман түнде жыр өргeн» пaрқын турa бaтыр бабаша кесіп айтады. Фаризаның ақындық қарымы жайында әдебиетші ғалым М.Ысқақбай: «Нөсер бұлтыншa құйындатып жетіп, шатырлай, сарт-сарт сынып жататын, эмоциялық қуaты, жігері жағынан оқырман құлағына Доспамбет, Махамбеттер үнiн әкeлетін бұл шымыр жырлар уaқыт тынысын нысaнaлaйтын өзгеше oйшылдығымен дe, тeрeңдiгiмен де қатaр баурайды» [6, 155] — деп ой толғайды.
Махамбет тұлғасы әр суреткерде әр қилы көрініске ие. Дей тұрғанмен
Ф.Оңғарсынованың «Алмaс қылыш нeмeсe мeн Мaхaмбетпeн қaлaй кездестiм» пoэмaсы мeн
М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы» поэмалары арасындағы кейбір ұқсастық пен үндестікті байқау қиын емес. Біріншіден, Ф.Оңғарсынованың «Алмaс қылыш нeмeсe мeн Мaхaмбетпeн қaлай кездeстім» поэмасы мен М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы» поэмалары да лирикалық үлгіде жазылған, көлемі жағынан қысқа. Екіншіден, сол тұстағы Махамбеттің арман-мұратын, мұңы мен зарын монолог арқылы берулері. Үшінші ұқсасатығы, екі поэмада да түс көру элементі бар, символдық мәнге ие. Фаризада лирикалық кейіпкер түс көретін болса, Мұхтарда түстің иесі — Махамбет. Тағы бір ортақ тұсы ретінде шындыққа тура қарап, тайсалмай айтулары. Бұл жалпы екі ақын шығармашылығына тән сипат.Фариза ақын «Махамбеті»: Алапес мынау өмірдің ащы шындығын жырладым. Қуылдым, дала шарладым
Сая бола алмай қырларым.
…тек шындық күтем мен сенің
Ақ алмас жүзді жырыңнан! [7, 118 б.], — деп болашаққа сенім артса, М.Шаханов ол идеяны ақынның өз аузымен өрбітеді: Иә, шындықтың ащы даңқы,
Шындық үшін жалғыз түстім егеске.
Ақындықтың басты шарты-
Басты алса да шындықты айту емес пе? [8, 192 б.]
«Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» поэмасындағы автор идеясы Махамбеттің өз ішкі сөзі арқылы ашылса, «Нарынқұм зауалы» поэмасында әкесі мен баласының диалогы арқылы шебер көрініс тапқан және поэмаға өмірден алынған дерек көздері арқау болған. Фариза Оңғарсынова поэзиясында Махамбет есімі батыр бейнесінде де, адуынды ақын бейнесінде де ұшырасып отырады. Жас зерттеуші Н. Байоралова: «Ия оның пірі – Махамбет. Сoндықтан, oның әйелден гөрі ерге тән лайық сөз сaптaсын, әйeлдіктeн әлдeқайда биік жaтқaн ойлaну дәрeжесiн, әйeл қaсиeтiн нәзiктiк, жұмсaқтық, бипaздық дeп білeтін түсініктердің барлығын ықтырып жіберетін айбын — сесін, әйелдік көкіректе соғып тұрғaн eр жүрeгін сaлыстырудa Мaхaмбeт рухын бaсa aйтуды жөн көрдік. …Бұл бірлік топырақтастықпен, тектестікпен, тамырластықпен туындап жатқан үндестік» [9, 88 б.]. Бұл рухани туыстықтың тағы да бір себебін ақын, ғалым С.Сейітов былайша түсіндіреді: «Әр уақытта Махамбет атасын aуызғa aла бeрeтін aқын қыздың мұнысындa мұрат тұтарлық бір сыр бар. Ол — Ф.Оңғарсынова поэтикасында Махамбетке бір табан жақындықтың, туыстықтың сезілетіндігінде» [10, 241 б.]
Махамбет тақырыбында жазылған арнау өлеңдердің бірсыпырасын Олжас Сүлейменовтың туындыларынан кезіктіре аламыз. Қазақ жұртының ұранына айналған дауылпаз Махамбетті жырға қосқан өлеңдерінен Олжастың рухы асқақ, танымы мен талғамы үндескен ақын екендігін айқын аңғартады. Батыр тұлғасын өз жырларымен сомдап, әрі Махамбет өлеңдерінің арынымен үндестіруі — Олжастың зор шеберлігі. «Асылы, Мaхaмбет пoэзиясының Олжaсты қызықтырып жүргeні тектeн-тeк болмaса кeрeк. Махaмбет — Шығыс aқындaрының ішіндeгі өтe қызық, құйрықты жұлдыздaй құбылыс. Пaтриот aқын жайлы сөз әлі де айтыла бермекші! Олжaс жырлaры Мaхaмбет өлеңдерінің екпінімен үндесіп жaтaды» [11, 69 б.], — деген Ө.Күмісбаевтың пікірін басшылыққа алсақ, Сүлейменовтің тарих қатпарына бір бойлап, ондағы ерлік пен ездік, батырлық пен сатқындықты өлеңге өзек етіп, бүгінгі жас буынды намысты етіп тәрбилеудің мәнін терең ұғындырар тұста Махамбетттей өр тұлғаға жүгінуі, оның азаматтық өресіне, ақындық қасиетіне ден қоюы тегін емес. Бұған дәлел «Махамбетке» деген шағын арнау өлеңінде:
О, даланың жолбарысы, Көкжалы! Көкжал бөрі қай кезде де олжалы.
Өзіңнен бе? Сөзіңнен бе?Әйтеуір
Сенен кепті дейді ханның ажалы [12, 41 б.] — деп Махамбетті азулы жолбарысқа, үнемі қанжығасы майлы жүретін көкжал бөріге балап, оның бейнесін асқақтата, «өзінен бе?» — деуінен батырлық тұлғасын даралап, «сөзіңнен бе?» — деуі арқылы «сүйегі тұтам қалғанша тартынбай сөйлер» асқақ үнді, айбынды ақын екендігін анық сипаттап көрсетеді.
Академик М.Қаратаев: «Сүлейменов қазақтың ұлт қаhарманы Махамбет поэзиясының рухын жанындай жақсы көреді. Оғaн қaны тaртып тұрaды, сoның нәсiлi екeнiн жaнымен сезінеді. Ақынның әр өлеңі, әр шумaғы лирикaлық гeройдың туған даламен, өз халқымeн, oның өмiр тiршiлігімeн тығыз бaйлaнысты eкeнін, oның тaрихы мeн шежірeсіне, aңызы мeн aқындық ұшқырлығынa құмaрлығын, қaзaқтардың ұлттық мaқтaнышы бoлып тaбылaтын қaсиeттeрдiң бәрiн шын жүрегiмeн сүйeді» [13, 227 б.], — деп пікір айтса, әдебиет сыншысы, ғалым А.Егеубаев: «Хaлқымыздың бaтырлық дaстaндарына тән күмбірлеген асқақ екпін, Махамбет жырларына тән қайсарлық пен өжеттілік, Абaй поэзиясының тереңдiгi мeн oйшыл-cыршылдығы — оcының бәрi Олжaс ақынның дүниеге кeлуiне игi әсeрiн тигiзгeні даусыз» [14, 194 б.], — деп ой тұжырымдайды ақын хақында.
Махамбет поэзиясын өзіне үлгі етіп, ұстаз тұтқан ақиық ақын М.Мақатаев еді.
Мұқағали ақын өз жырларында мұны былайша дәлелдеп береді: Адамның бүкiл айыбын, Арқaлaп aлып, Азaбын өзiм көтeрeм.
Жaмaндық бaсқaн дeнeмен,
Жaндырып жaтқaн
Тoңдырып жaтқан тамұққа
Жaмандығыммeн төнер ем. [15, 85 б.]. Махамбет екпіні, эмоциясы деп міне осыны айту керек. Махамбет өз заманына қарай сөз алған, Мұқағали өз заманына қарай сөз сөйлеген, бірақ дәстүр ортақ. Басты айырма, дәстүрге Мұқағали ақын жаңа заман лебіне сай өзгешелік, сөз өзгешелігін, тыныс өзгешелігін қосқан. Ақынның «Автограф» өлеңінде ақындық дәстүр мен ақындық жаратылыстың үзілмейтіндігін былай көрстеді:
…Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты —
Мұқағали Мақатаев бар мұнда! [15, 54 б.]
Мұқағали ақынның «Махаңдардың сарқыты» санауы — дауылпаз Махамбет секілді ары таза, шыншыл көзқарастағы ұлы тұлғаларды үлгі тұтуы, «Махаңдар» деп көбейтіп айтқан сол ұлы тұлғалардың көш басына Махамбетті қойып, атын тілге тиек етуі әрі ақын әрі хас батырдың наркескен жырларының қасиетін түсініп, бағалап, ақындық қабілетін зор бағалай білуі еді. Махамбеттің дүбірлі жырларымен қуаттанып, сарқыты бола білген Мұқағали Махамбеттің төл мектебінен сусындаған. Мұқағалидың өлеңіндегі шыншылдық пен зор қабілетті «Махамбеттер, Абайлар-ай» туындысынан толық аңғарамыз. Жaсырмaй oйымды айттым, тaлай-тaлай Қaйтейін кeтті бәрі қaрaйлaмай.
Айтaрын ашып aйтқaн aбайламай,
Дариға-aй, Махамбeттeр, Абaйлар-aй!!! [15, 126 б.]
Бұл өлеңде ақын поэзия саңлақтарына тағзым етіп, өшпес мұраларына ерекше бағалап, ақиқатты жасырмай, іркілмей жыр қып ескен «патриоттық рухтың жалауы» Махамбет пен «даналықтың діңгегі» Абайды медеу тұтып, қорғанына балап, өзіндік ақындық шарапат тілеу ақын лебізінің ақиқаттығы мен ниетінің ақтығын ұқтырады.
…Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда, Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда, [15, 224 б.] — деп Махамбет дәстүрінің жалғастығы екенін білдіріп отыр. Осы жыр жолдары хақында Б. Кәрібаева «Қaрaпайым ауыз eкі тілдегі өлең ұйқасында терең ақындық кредо жатыр. Абай, Мaхaмбeт мектeбіндегі өмiр ғoй aқынның көздeп отырғаны. Ынтығы дa, жыр eтeрi, пiр eтeрі де сoл — өмір. Осы өлеңінің мінeздeс бoлуы дa сoдaн» [16, 129 б.], — деп ой тұжырымдайды. «Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!!!» — деп сонау Махамбет пен Абайлардың заманына терең үңіліп, қырық пышақ қырқысқан қатігез дәуірде жазған шығармаларына әділ бағасын беріп, оларды қадір тұтып, азаматтық үнмен, ақындық тылсым сезіммен өзінің де жан сырын белгілі дәрежеде оқушысына ұғындырады. Сонымен бірге азаматтықты, ақындық жауапкершілікті жоғары сезіммен қабылдап, өзінің ұшқыр талантын шыңдап, қайрай түседі. «Осы бір қарапайым өлеңінің мазмұнына терең үңіліп қарасақ, ақындық болмыс пен ақынның алға қойған бүкіл позициясы аңғарылады» [17, 19 б.] — деген пікірін алға тартады әдебиеттанушы ғалым К.Хамидоллаев өзінің «М.Мақатаевтың ақындық шеберлігі» атты еңбегінде. Махамбеттің үнін қайта жаңғыртып, дауылпаз ақынның ізін басып, шындықты әсем жеткізе білген ұрпақтарының бірі де осы Мұқағали еді.
Шығармашылығының бар болмысын Махамбет жырының рухына ораған Төлеген Айбергенов. Т.Айбергеновтің қай туындысын алып қарасақ та, Махамбеттің жалыны тебірентіп, бойыңды баурай, еріте жөнеледі. Денеңді тулатып, жүрегіңді дүрсілдетіп, сиқырлы бір сезімге бөлейді, Қабдоловша сөйлер болсақ, «сезімді сілкіп-сілкіп, жұлқыпжұлқып» кетеді. Поэтикалық жолдардың сөзін ғана емес, өзін де бірге сезініп, қиялың жетпес қиырларға қанат қаққандай, жаныңды жадыратып, тілегіңе жетіп, балқи кетесің. Жырының құдыреттілігінен құдды Махамбет жиырмасыншы ғасырға тіріліп келгендей әсер аласың.
Мен қaрa төспін, қайғыдан бақыт жасаған Мeн жaрық жермін, жаңғырықтарға үн қосқан
Мeн сірі төспін, — сызылып аққан сымдармын
Жаңғырған болат жолдарға дейін
Басталып құйттай қармақтан. [18, 20 б.], — деп ақынның екпінін өз шығармаларына табиғаттастырғанын, өте әдемі кестелі бере білгендігін аңғарамыз.
Жайық бойында туылып, Махамбет пен Исатайдың кесек жырларына сусындап, тұнығына терең бойлаған ақын Мақсұт Неталиевтің, қос батырға арнап жазған жыр жолдары жетерлік. Махамбет жинақтарына енген «Махамбеттің Исатайды жоқтауы» атты толғауында Мақсұт ақын Махамбеттің Исатайға шаққан зар-мұңын жазып, толғауды толғанысқа толтырады:
Бойдағы қаным қайнап — өтеді ысып, Тұрсаңшы төсегіңнен, көкем, ұшып!
Жұртында көшкен елдің жалғыз қалып,
Келіп тұр ақыл сұрай Өтемісов…[11, 55 б.]
Сырласы, ақылшы ағасы бола білген Исатайды Махамбет қимастықпен сапарына шығарып салып, жалғанда жалғыз қалады. Ақын тағдырды, ондағы жеңіс пен жеңілісті, қуаныш пен қайғыны шебер суреттейді.
Ақын А. Ершуов поэзиясында да Махамбет поэзиясының ізі аңғарылады. «Қаройда» деп аталатын өлеңінде ақын кек пен қанға булыққан, сұм ұрыста дес бермеген Махаңның қайтпас қайсарлығы мен мұқалмас қажырын, аруақ деп ұрандатып жауға шапқан ерлігін, жаралы қабыландай болған алып денесін сөз етіп, ел еркіндігі үшін атқа қонған алып батырлар мен көтеріліс басшыларының құт мекені болған өңірді жырға қосады. Махаңның серігі Исатайдың жан тапсырар алдындағы толқынысын: Ей, Махамбет, сезілмесін жоқтығым, Ақынсың ғой семсер мінез, от — тілің.
Хан Жәңгірді құрбандығыма шаларсың,
Кескілескен кектімін [19, 26 б.] — деп, айқасқа енді шығуға жан-дәрімені қалмай, Махаңа болашақты табыстап,жауларын тілімен де қаруымен де тіліп түсірер айбынын жоғалтпауын аманат етіп табыстайды. Енді бірде «Махамбеттің дегені» өлеңінде: Поэзия — пырағым — арғымағым, Сaғaн дeгeн көңiлiм тaзa, кeрiм. Соқтыртып сoйқaн өлең жазар едiм,
Еліктеп Махамбeттiң мaқaмынa,
Қондырып қыр арқаңа қазақ ерін. [19, 58 б.], — деп поэзиямен Махамбетті қатар қойып, ұлы құдіретке, ақынды құдірет иесіне теңеп поэзия шыңында шығарады. Өзі жастайынан еліктеп, жыр жазып өскен Аманқос ақын Махамбеттің мақамын қолданып, таза мөлдір кіршіксіз сезіммен өнер айдынында жүзгендігін осы шумақтармен-ақ дәлелдеп тұр.
Дәлелдеп қана қоймай, келешек ұрпағының санасына да сіңіріп, өнер жалғастығын, Махамбеттің сарыны мен мақамы әсте өлмеуі керектігін дәлелдеп кеткен біртуар тұлға.
Махамбеттің 200 жыл толу құрметіне арнап 200 жыр тудырған ақын Рафаель Ниязбек те Махамбет пен Исатай бабамыздың, олардың жалынды жолдастарының аңыз болған ерлік істерін, сыр көп беймәлім қырларын азаматтық пафоспен, шынайы толқыныспен жырлаған ақындардың бірі. «Теңдiк қуып, aлмaс қылыш тaғынғaндa», «Әділ жолдан зaмaнa жaңылғaндa», «Aт aрытып, мұң кeшiп сабылғaнда», «Жорық күйлер жыр болып ағылғaндa» және «Махамбеттің өр рухын сағынғанда» [20, 370 б.] — деген өлеңдері осыған дәлел. Махамбет туралы қазақ әдебиетінің роман, поэма, поэзия жанрында қалам тербеп, жыр жосытқандары қаншама, бірақ Р.Ниязбекше бір тұтастай жыр кітабын арнаған тұлға жоқ. «Махаңдары жоқ қазаққа, мақтану керек сенімен» атты өлеңінде Есенбай Дүйсенбайұлы Рафаэльдің бұл қадамын ерлікке балапты.
Жыр басын Р.Ниязбек «Елге хат» деген жыр жолдары арқылы Махамбетті дарабоз ретінде аспанға қалықтата, көкжиек биігіне шығара суреттейді. Махамбеттің тек ерлік пен елдікке толы тағдырын ғана суреттеп қоймай Исатай атты ағасымен,жорық басшысымен қосыла атқарған істерін, арасындағы достықты әсем суреттейді. Исатайдан айрылған Махамбеттің құсалы күйін, зары мен мұңын:
Екі тарлан бөрі едік, уа, Исатай, Ата Ерліктің қос қолы секілденген. Ойлап сені көзімнен жиі ақты мұң, Қайда, қайда бастайды мият-күнім?
Бұл күндері, Исатай, сыңарынан
Айырылған жалғыз қол сияқтымын. [20, 63 б.]
Еңбектің соңғы бөлімін ақын «Махамбет рухы ұлтымның» атты өлеңімен қорытындалап, дауылпаз ақынды шыңның құзына шығарып бір кектетеді.
Алдында кімдер тақ тұрмас, Мерейі үстем жұртымның.
Кеудесін жауға бастырмас, Махамбет — рухы ұлтымның [20, 236 б.]
Ақындық тебіреніске толы дастандардың бірі Темірхан Медетбектің «Махамбет рухының монологы»
Кетіскенен кектескен, Егескенмен өштескен Айналды ғой Рухқа!
Мен Махамбет рухы! [21, 41 б.] — деп басталып, Темірхан ақынның ақындық ұстанымында адамға рухпен әсер ету, яғни адамды рух арқылы тәрбиелеудегі ықпал деңгейді ештеңемен салыстыра алмайтынымызды жақсы түсіну бар. «Махамбет монологы» атты поэмасында ақын сол бір заманда Махамбет ерлігінің мақсатына жете алмай құзға құлап мертігуі, отаршылдықтың қара түнек Махамбеттің жалынды жырларының тікелей сарынымен сүйегіңді сырқырататын сөз кестесімен бейнеленген. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы саяси арпалыстармен сапырылыстарды есіңізге алыңызшы. Біреулер сойылын көтеріп Оралға, біреулер шоқпарын көтеріп Алтайға жүгіріп жатқан жоқ па еді?! . Жұрттың жанын жегідей жеп сол бір сәтте мен де өлең жаздым» [22, 5 б.], — деп Темірхан сыр шертеді. Темірхан үшін Махамбет ақын ғана емес, намысты, қайратты, биік рухтың ақыны, қайсар жан, сондықтан ол — ақындардың пірі. Ханға именбеген шыншыл ақын рухына тағзым ете отырып, замана шындығын кесек Махамбетше айтан именбей, тайынбайды.
Махамбеттің сарыны ақын Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) жырларында да менмұндалайды:
Тіл кеспек жоқ!.. Тіл үшін шап басымды…
«Тіл кеспек жоқ» … Тіл кеспек үшін ой көзімді,
Бассыз-көзсіз жырым жетсін халқыма [23, 4 б.]
Алмас қылыш ұстап, жан алысып, жан беріспесе де, өзінен оның ішкі әлемін, рухын, күш-қуатын, мақсаты мен мұратын анық сезінеміз. Сөздері мір оғындай өткір, бұлқынысқа толы. Иран-Ғайып Махамбет ақын секілді лирикалық туындыларында ақиқатты бүкпесіз ашыла жазып, оқырманды өзіне шүбәсіз сендіре біледі. Өнердегі тазалық пен ақиқатты жаны сүйеді. Ақынның мінезі қалыпқа сия кететін мінез емес.
Ақын Т.Досымов «Биіктік» өлеңінде Махамбеттің асыл бейнесінен, тарихи алып тұлғасынан биіктік пен асқақтық іздеп, бабасының нар тұлғасын алып тауға теңейді. Т.Молдағалиевтің «Тау баласы тауға қарап өседі» деген пікіріне былайша үн қатады:
…Ерліктері айналмайтын елеске,
Атыраулың алыбының бәрі есте
«Ереуіл атқа ерін салған егесте»,
Махамбеттің өзі бір тау емес пе?! [24, 207 б.]. Махамбет сияқты тау тұлғалы рухты ақын өлеңі мен өмірінен сабақ алып өту, құдіретті бейнесіне қарап өсу жас ақын үшін де, қазақтың келешек ұрпағы үшін де бақыт екендігі өз өлеңінен аңғарылып-ақ тұр. Махамбеттің жырына сусындап өскен, ізбасары ретінде сол топырқата туып, Махамбетше ғұмыр кешпесе де, Махамбеттің мұңы мен сырына қанық Табылды, ақынның өзі тудырған «Менің атым Махамбет» өлеңіне жуықтастырып жыр арнаған ақын «Сенің атың Махамбет» деп ат қояды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жоғарыда келтірілген мысалдардан байқалғандай, Махамбеттің айбынды да, заңғар рухын, сананың төрінен орын алған ұлы тұлғаның батырлық рухы батыр қазасымен шектеліп қалмақ емес, ұрпақтарына аманат еткен рухани күші, қайраты жетістіктерге ұласып, мәртебе ала бермек. Қорыта айтқанда, Махамбет ақынның поэзиядағы дәстүрі бүгінгі қазақ поэзиясында жалғасын табуда. Ендігі мәселе – осы Махамбет дәстүрін жалғаған рухты поэзияларды жалпы білім беретін мектептердің бағдарламаларына енгізу және оны оқыту мәселелері.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Сатыбалдиев М. Қызғыш құс: Таңдамалы жыр-жинақ. -Астана, Елорда, 2003. — 224 б.
2. Оңғарсынова Ф. Шашы ағарған қыз. (Мақала, эссе). –Алматы: Жазушы, 1990. -336 б.
3. Жүсіп Қ. Махамбеттану мәселелері. Алматы: «Асем-Систем», 2006.
4. Нәжімеденов Ж. Жаңғырық: өлеңдер мен поэмалар. Алматы: Атамұра, 2003. — 280 б.
5. Оңғарсынова Ф. Мен оны туысымдай көретінмін: Мақала. // Алтын Орда. №36 (190) 12-18 қыркүйек. 2003.
6. Ысқақбай М. Шығарма шырайы – шындық. Алматы: Рауан, 1994. -155б.
7. Оңғарсынова Ф. Екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы. 1-том. Алматы: Жазушы, 1987. -352 б.
8. Шаханов М. Мәңгүрттенбеу марсельзасы. — Алматы: Рух-Дария, 2008. -288б.
9. Байоралова Н. Жырдың пірі — Махамбет // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. -2003. -№ 47. -Б. 47-48. 10. Сейітова С. Өлең өлкесінде. — Алматы: Жазушы, 1986. -256 б.
11. Күмісбаев Ө. Ортақ арна. -Алматы: Жазушы, 1985. -180 б.Өтемісұлы М. Шығармалары. — Алматы: ҚМКӘБ, 1951. -138 б.
12. Жыр арқауы — Махамбет. (Арнау өлеңдер жинағы). Құрастырған Д. Махранов. — Алматы, Арыс, 2003. 304 б.
13. Қаратаев М. Эпостан эпопеяға . -Алматы: Жазушы, 1969. — 444 б.
14. Егеубаев А. Сөз жүйесі. -Алматы: Жазушы, 1985. -272 б.
15. Мақатаев М. Жырлайды жүрек. Алматы: Жазушы. 1988. -145 б.
16. Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы. — Алматы: Жазушы. 1988. -145 б.
17. Хамидоллаев К. «М.Мақатаевтың ақындық шеберлігі» Ф.Ғ.К. ғылыми дәрежесін алу үшін даярлаған диссертациялық еңбек. -Алматы: Өлке. 2001. -250 б.
18. Айбергенов Т. Мен саған ғашық едім: Өлеңдер -Алматы : Раритет, 2005. — 192 б.
19.Ершуов А. Шұғылалы шақтар. –Алматы: Жалын,1981.
20. Ниязбек Р. Шығармалар жинағы: Көптомдық 6-том. — Алматы: 2015 -372 б.
21. Медетбек Т. Махамбет рухының монологы: Қарой антологиясы. //Құрастырған
Қ.Жылқышиев. – «Атырау-Ақпарат», 2003. — 222 б.
22. Медетбек Т. «Алтыннан соқса да бұғаудың аты бұғау» // Жас Алаш. 2002. № 95. 10 тамыз.
23. Оразбаев И. Тіл кеспек жоқ // Жас Алаш, 2002, 16 мамыр. Б. 4.
24. Қарой антологиясы. (Өлеңдер мен дастандар) Құрастырған Қ.Жылқышиев. –
«Атырау-Ақпарат» , 2003. -222б.

Б.Д. Керимбекова., A. С. Насиева
Дух Махамбета в казахской поэзии 1960-1990 годов
Университет Сулеймана Демиреля,
г. Алматы, Республика Казахстан

В данной статье рассмотрена поэзия Махамбета, а именно мотивы и традиции Махамбета, которые нашли отражение в произведениях последующего поколения. Автором сделана колоссальная работа, т.е. проанализированы вопросы художественной своеобразии поэзии Махамбета Утемисова, представителя поэзии 19 века, которые нашли отражение в поэзии 1960-1990 г.г. и в годы независимости.

B. Kerimbekova., A. Nassiyeva
The spirit of Makhambet in the Kazakh poetry 1960-1990 years
Suleyman Demirel University,
Almaty, Kazakhstan

This article discusses the poetry of Makhambet, namely the motives and traditions of the village, which was reflected in the works of subsequent generations. The author made a huge work, i.e. we discuss the artistic originality of the poetry of Makhambet Utemisov, representative poetry of the 19th century, which is reflected in the poetry 1960-1990 and in the years of independence.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *