ӘКІМ ТАРАЗИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СУРЕТКЕР СУБЪЕКТИВИЗМІ

М. Оразбек1, Г.Кажибаева2,
1филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, makpal_zere@mail.ru 2филология ғылымдарының кандидаты, доцент м., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, guldenkgk@mail.ru

ӘКІМ ТАРАЗИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ СУРЕТКЕР СУБЪЕКТИВИЗМІ

Мақалада Әкім Тарази шығармашылығындағы авторлық субъективизм және қаһарман мәселесі қарастырылады. Көркем мәтін мазмұнындағы қаһарман мен автор арақатынасы зерттеледі. Сондай-ақ көркем шығармадағы қаһарман психологиясы, ісәрекеті және автордың дүниетанымы жан-жақты талданады.

Кілтті сөздер: автор даралығы, шығармашылық әлем, көркемдік, әдеби қаһарман, әдеби қаһарман психологиясы, бейсаналылық, ішкі әлем.

КІРІСПЕ
Жазушының шығарманы жазу және шығарманы тудыру мәселесіне өте ерте заманнан бастап назар аударыла бастаған. Ежелгі грек ойшылдары Платон, Сократ, Аристотель еңбектерінде ақын-жазушының шығармашылық қасиетіне жете мән берген. Платонның «Ион» диалогы еңбегінде жазушыны «құдайдың жер бетіндегі шебері» деп бағалайды. Яғни құдайдың идеяларын, одан келетін ақпаратты көркемдеп, ерекше шеберлікпен басқаларға жеткізуші деп қарастырады. Орта ғасырда неміс философы Гегель де шығарма иесі авторды «абсалютті идеяны» жеткізуші ретінде зерттейді. Шығыс ойшылы Аристотельдің «Философиялық трактатында» Алланы бірінші тұлға деп алып, осы бірінші тұлға біздің жазуымызға, шығарманы тудыруымызға себепкер деп түсіндіреді. Демек, көркем шығарма иесі автордың әдеби туындысы кез келген, жай адамнан шыға салмайды. Ол құдыреттің таңдауымен жаратылысы бөлек адамдарға ғана тән.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ әдебиетінде сондай жаратылысы бөлек жазушы – Әкім Тарази. Себебі Тарази шығармаларында қай заманды суреттесе де, адамның өзіне тән жеке тағдыры, ерекше болмысы, басқаша мінез-құлқы танылады. Қандай қиын қыстау кезеңді суреттесе де адам табиғатының жұмбақ жаратылысы сезіледі. Кейіпкердің айырықша түр тұрпатын, оның қимыл әрекетін шығарманың соңына дейін бақылап, оқырман сол кейіпкермен бірге өмір сүреді. Оған жазушының кез келген шығармасынан мысал келтіруге болады. «Ақбердінің ауласы» романы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ ауылы мен қазақ баласының тауқыметті тағдырын суреттеуге арналған. Қаршадай бала Бораштың көзімен, ой-түсінігімен сол уақтағы адамдардың қажыр-қайратын, ерік-жігерін, төзімділігін, алдағы күнге деген нық сеніміне көз жеткізесің. Бораш мектеп табалдырығын енді ғана аттаса да, есті бала. Намысшыл бала. Айналасына ой сала қарайды. Шығарма Бораштың анасымен, кішкентай бауырларымен поездан түсіп нағашысының ауылына келе жатқан сәтін суреттеуден басталады. Жасының кішілігіне қарамастан інісін арқалап, саз, батпақ жолда нағашысының соңына ілесе алмай арқасындағы баламен жерге құлаған сәтін автор: «Бураштың көзінен жас шығып кетті, абырой болғанда, нағашысының байқамағанын медет етті, намысқор бала өзінің әлсіз сәтін өзіне кешірмейтін» деп суреттейді. Соғыс кезінде үлкен адам тұрмақ, баланың өзі де қайсар, намысқой, жігерлі болғанын байқаймыз. Балаға деген аянышпен бірге, ризашылық сезім пайда болады. Автордың кейіпкерді суреттеген кездегі субъективті ойлары оқырманның да сезінуіне жетелейді. Демек автордың “Субъективтілік жағы – адамның өзіндік сәулесі, өзін-өзі сезінуі болып табылады” [1,160 б.] деген зерттеуші В. Орловтың пікіріне сүйенсек, автор өзі жаратқан көркем туындысында бар шығармашылық күш-қуатын қаһарманын суреттеу арқылы танытады. Автор объективті әлемге деген субъективті түсінігі мен ұйғарымын жария етеді. Сөйтіп, оның кейіпкерлері де ешкімге ұқсамайтын, автордың индивидуалды һәм субъективті шығармашылық әлемінен өріліп шыққан образдар деп батыл айтамыз. “Көркем образ – ой мен сезімнің жиынтығы. Қай жерде бұлардың біреуі жоғалса – сол сәтте көркем образ да күйрейді, өнер де аяқталады… Көне үнділіктер өнер дүниесін адамның өзі ие бола алмайтын еркінен, тоқтата алмайтын тілектері мен кернеген сезімдерінен туады деп санаған” [2, 193 б.] деген орыстың эстетик зерттеушісі Юрий Борев. Олай болса, көркем шығармадағы образдар жүйесі автордың ішкі ойы мен лықсыған сезімінен сүзіліп шығып, оның жаратылыс атаулының титтей де болса бір ерекше құбылысын танытуға тырысқан шығармашылық белсенді әрекеті деп білеміз. «Ақбердінің ауласы» романында жазушы соғыс кезіндегі алақандай ауыл адамдарының өздеріне тән қарапайым тұрмысы болса да, әрқайсысы ерекше болмыс екенін аңғартады. Романда Ақбердінің өзі мен оның үй-жайын: «Атақты батыр әрі ауқатты адам Ақберді жиырмасыншы жылдары асыл тұқымды жылқы өсіріп сатумен айналысқан, Ақбердінің ұзын атқорасы мен Ақбердіге тең, сол кісіге тәнті бес-алты үй шоғырлана жиылып төрт бұрыш жасай келіп, сырт жағы тұтас, есік-терезесіз жабық бекініс құратын. Өзге дүниеден оқшау, ішіме ешкімді жібермеймін, тыста не болып жатыр, онда менің шаруам жоқ дегендей меңіреу де саңырау біртұтас берік әлем» деп суреттейді. Осы үй тұрмысын суреттей бастағанда-ақ Ақбердінің жай адам емес, айналасындағыларға жұмбақ, құпия сырлары басқаларды да қызықтыра түседі. Романда тағы бір кейіпкер Шура жеңгесін: «Бұрын періште деген сөзді талай есітіп жүрсе де, өзі жатқа соғатын ертегі-жырларда талай-талай айтып жүрсе де, «періште» деген сөз бұл үшін мағынасыз, көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін мағынасыз дыбыс қана еді, анасы Шура жеңешесін «ақ періштем» дегенде, Бураштың кеудесіне періште деген атау Шура жеңешесі болып қона қалды. «Ақ періштедей, — деп ол іштей қайталады, — ақ періште деген осы екен ғой!» Автор Шураның түр келбетін жіпке тізгендей суреттемесе де Бораштың «періште деген осы екен ғой» деген таңданысынан ақ, әйел адамның тартымды, сыйқырлы сұлулығын тап басып тануға болады. Бураштың да мінезіндегі ашық, өзі қатарлы балалардан жасқанбайтын батылдығын, өткірлігін оның іс-әрекеті мен ойын ойнауынан аңғартады: «Айналасы екі аптаның ішінде Бураш екі Шаңғарақшы көшесін де игеріп алды, өзі қатарлы балалармен танысты, кімнің қайда тұратынын аңғарды, кімнің кім екенін, әркімнің мінез-құлқын ажырата бастаған, бұның басқалармен көбінесе бас қосатын жері — асық ойнайтын тақыр аландар, кешқұрым өрістен қайтқан малды қарсы алатын саз». Автор өзінің балалығы өткен сонау соғыс жылдарындағы қарапайым ауылдың жанкешті тұрмысын суреттеу арқылы қазақ мінезіндегі тұрақтылық, төзімділік, жанашырлық, сенімділік сияқты қасиеттің қандай қиыншылықты болсын жеңуге болатындығын дәлелдейді. Романда соғыс кезіндегі Ақбердінің ауылында тұрмыстың ауырлығына қарамастан, адамдардың неғұрлым жайдары өмір сүруге ұмтылғаны кейіпкерлер өмірін суреттеуден танылады. Ауылға Шура жеңгесінің, әнші келіншектің көшіп келуі адамдардың өміріне өзгеріс, серпіліс әкеледі. Тарази қаламынан туған кейіпкерлер мінезімен, іс әрекетімен оқырманды тартып, еріксіз өзіне ертіп әкетеді. Өнерді зерттеуші эстетиктердің тұжырымы бойынша көркем образдар суреткер санасынан туған субъективті ой-қиялының жемісі. Олай болса, айрықша феномен тектес кейіпкер табиғаты өзін-өзі танытумен қатар автор табиғатына да терең мән бергізеді. Сондықтан кез келген автор көркем шығармасында өз заманынан озып туған кесек кейіпкер жаратуға міндетті емес, немесе қоғамда болған қайраткерлер мен батырлар, билер т.б. тарихи тұлғалардың образын жасауы да мақсат емес. Ең негізгі мақсат – автордың қиял кеңістігінде емін-еркін шарықтап, жан-дүниесін жарып шыққан және оның ізгі арман-мұратын барынша әйгілейтін бейне жасау. Әкім Тарази өз шығарамаларында өзінің ізгі арман-мұратын әйгілейтін бейнелер жасаған. Әдебиеттанушы ғалым Б.Майтанов «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі» деп аталатын еңбегінде: «Кез келген образдың тасасында белгілі бір идеялар бас көтеретінін, кейіпкер толғаныстарынан, сөзі мен іс-әрекетінен жазушы концепциясы шаң беретінін сезесіз. Қоғам тіршілігі, заман ағымы қаһармандар бойындағы түрлі қасиеттерден, олардың күрделі қарым-қатынастарынан, дүние-таным, көзқарастарынан көрінбек» [3,16 б.] деп түсіндіреді. Ақиқатына келсек, шығарманың идеясы кейіпкер әрекетінің нанымды, сенімді болуымен, нағыз адамға тән ой-сезімімен танылады. Шындығында Әкім Таразидың «Қорқау жұлдыз» романында да бір әулеттің отбасында болған оқиғаларды суреттеу арқылы қазақ болмысын, отбасылық тәрбие, жеке адамның психологиясы сияқты мәселелер қозғалады. Әулеттің «атына кір келтірмеу» деген қасиетті ұғымды қалыптастырған отбасының, бойжеткен қызының мінезін түсінбей трагедияға ұшыраған тағдырын суреттейді. Орыс зерттеушісі Гинзбург Л.Я.: “Әдеби қаһарман арқылы автор өзінің белгілі бір көзқарасы, таңдап алған қарым-қатынасы тұрғысынан адамды түсіне алатынын дәлелдейді. [4, 5 б.] деген пікір айтады. Тәрбиелі отбасында өскен қыздың байқамай жасаған ағат мінезін түсінбей, алыс ауылға жіберіп, отбасына жолатпай жазалауы оқырманның да қарсылығын туғызары сөзсіз. Өзінің ішкі сырын басқаларға білдірмей, ешкімге түсіндіре алмай, әдептен аттай алмаған қыздың ақыры өзіне қол жұмсауы шынымен де өкінішті, аянышты. Бұл мәселе автордың өзін де ойлантып, басқаларды да ойландыруға қозғау салған. Шын мәнінде қазақ қоғамында отбасындағы балалармен санаспау, олардың ойларына мән бермеу, ішкі дүниесіндегі сырларын түсінуге тырыспау сияқты жағдайлар бар. Адамның ішкі дүниесіне үңілуден гөрі, сыртқы бөтен елдің сөзіне еру, басқа адамдардың ойын тыңдау, өсекке еру деген сияқты мінездің басым екендігі аңғарылады. Демек кейіпкерлер арасындағы тартыс, конфликт негізінде және кейіпкерлердің түрлі психологиялық көңіл күйі арқылы автордың да қоғамдық көзқарасы, дүниетанымы, позициясы танылады. Суреткер кейіпкер әлеміне саналы түрде үңіліп, оның мінезінің сан-қилы қырларын ерекше әдіс-амалдармен аша отырып, өзінің де рухани және көркемдік әлемінің бай болмысына үңілгенін байқай алмай да қалады. Бұл да бір творчестволық процесс барысындағы ғажап құбылыс.
“Көркем шығарма тапсырыстан емес, шындықтан тұруы (тууы – М.О.) керек. Сонда ғана оның түп негізі немесе алынған факт автордың өзіне де сауал тастап, жұмбақ жасырады” [5, 273 б.]. Демек, орыстың белгілі ойшылы Добролюбов айтқандай, автор атаулы әйтеуір бір әлеуметтік тапсырыстан туатын шындыққа емес, қоғамда өз жүрегін шын толқытқан, өзіне де сауал тудыратын “жұмбақ” шындықтың шымылдығын қуатты қаламы, қайратты жігерімен бейнелеуі керек. Сонда ғана автор ойы мен сезімін тербеткен өмір шындығы оқырманды да он сан ойға қалдыратын, эстетикалық та, эмоциялық та сезім тудыратын көркемдік шындықты кесе көлденең тарта алады.
Ә.Таразидың “Тасжарған” романында кеңестік кезең шындығы мен адамдардың сан алуан мінезі бейнеленген. Әдебиетте үлгілі, көпке сыйлы, сегіз қырлы бір сырлы коммунистбасшының образын көркем шығарма мазмұнына арқау ету “модаға” айналған тұстағы автордың өзі өмір сүрген әлеуметтік орта мен қоғам талабына саналы түрде жауап берген шығармасы деуге болады. Шығарманың бас кейіпкері коммунист Омар Берденов, Ұлмекен, дос-серігі Әли және Аспанбай Мамыржан, Матеков, Қойкелді, Аблез т.б. кейіпкерлер
Көркем шығарма мазмұнынан кейіпкерді біз әуелі сыртқы бейнесі мен өзіне тән ісәрекетінен танимыз. Ол кейіпкердің танылу немесе кейіпкермен танысу процесінің басты бастау көздері болып табылады. Өйткені “қаһарманды тану [узнавание] термині көбіне басқаша мағынада, яғни оның есімінің құпиясын білу, шыққан тегін анықтау, әлеуметтік жағдайы мен туыстық байланысын тану деген мағынада қолданылып жүр” [6, 16 б.]. Ал ақиқатына келсек, қаһарманды тану оның ішкі әлемін тану тұрғысынан, сол арқылы автордың ішкі әлеміне үңілу болып шығады. Яғни авторлық субъективизмі болып табылады. Әкім Тарази кейіпкерлерін өмірбаяны немесе шыққан тегі арқылы ғана таныстырмайды. Керісінше жазушының кейіпкері күрделі оқиғалар мен ауыр жағдайларды басынан кешіріп, қиналған, қажып, шаршаған сәттерінде танылады. Оның адамдық болмысы нақты оқиға барысында алға шығады. Кейіпкерлерінің жақсы немесе жаман, оғаш қылықтары олардың іс әрекеті мен көңіл күйі арқылы анық байқалады.
Автор бас қаһарман мен басқа кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты ашуда айрықша шығармашылық тәсіл қолдануға ұмтылып, күтпеген, тосын оқиғаларды алға тартады. Омар Маңғыстауға ұшып бара жатқан жолда апатқа ұшырай жаздайды. Ұлмекеннің соңынан Сарыағашқа кетіп бара жатып жолда, поезда біреудің өлімінің куәсі болады. Шығарманың бас кейіпкері Омар небір шым-шытырық оқиғаларды басынан кешіріп, үнемі сын шақтардан аман-есен шығып отырады. Себебі автор кеңестік кездегі адамдарға қанша тиым салса да, тағдыр тауқыметі таусылмайтынын көрсеткісі келген секілді.
Автор көркем шығарма мазмұнындағы кейіпкер болмысын ашу негізінде оны қаһарман дәрежесіне дейін көтеріп, адамгершілік парасат-пайымы арқылы өз табиғатын, яғни шығармашылық тұлғасын да танытуға жол ашады. Сондықтан да “Суреткер дегеніміз өзін (орнын – М.О.) өз ішінен тапқан жан… Өз орнын белгілі бір ортадан таба алмаған адам өмір сүре алмайды. Егер ол ортада өзі жоқ болса, онда ол оны басқа бір адам баласынан ғана іздей алады және тек жеке-дара адам мен орта ғана оны оята алады” [7,359 б.] деген неміс философы Фридрих Шлегельдің бұл пікірі ХVІІІ ғасырдың соңында айтылғанмен, суреткер табиғаты жөніндегі ақиқат ой-пікірдің бірі екені рас. Суреткер өзінің ішкі жан-дүниесі мен эстетикалық сезімін, қиял-фантазиясын рухани әлеміне үйлестіру арқылы ғана көркем дүниенің кілтін өз уысынан шығармасы ақиқат. Ол кілт – өзіндік “мен”. Осы “мен” автордың рухани әлеміне ой-түрткі болып, оған қозғау салғандықтан да көркем дүниені жаратуға мәжбүр. Сондай-ақ ол кейіпкерлермен санасуға, олардың іс-әрекетіне, мінез-құлқына ерекше мән беріп, шығарма мазмұнында рухани болмысына өзі де төселеді.
Ә.Таразидай автордың мақсаты үлгілі, өзі ғалым, өзі аңшы, мерген, көпшіл коммунист-басшының образын бейнелеу болғанмен, көркем творчество барысында кейіпкер болмысын оның туа біткен жаратылыстағы мінезін суреттеумен және өмірдегі әрқилы қиын жағдайлардан шығу немесе сол қиындықтарға төзу, күресу қасиетін аша білуімен ерекшеленеді. Жазушы тек үлгілі кейіпкер жасаймын деп әуреленбейді. Қанша коммунист болғанымен ол небір тосын жағдайларды басынан өткізеді. Ал кеңестік кезеңде коммунист қоғамға бағынышты болды. Сондықтан ол кісі өлімі сияқты оқиғаға араласпауы, қылмыс болған жерде жүрмеуі тиіс еді. Ал бірақ жазушы кейіпкерді күрделі психологиялық жағдайда суреттеу әдісін таңдайды. Ол әдіс автордың қоғамдық позициясына толық үйлесе келіп, творчестволық процесс барысында кейіпкердің жан дүниесін ашуға жете мән бергенін аңғартады. тапсырыс тұрғысынан қаһарман табиғатын ашуға кіріптар екені де кәміл.
Жазушы Ә.Тарази “Кен” романында адам баласының тылсым психологиясын, көңіл күйінің ерекше құбылыстарын суреттегенде бір әулеттен тарағандардың характері арқылы әр ұрпақты өмір сүрген әлеуметтік ортасы мен қоғамдық жағдай қалыптастырған мінез ерекшеліктеріне сай типтендіре бейнелеуге ұмтылған. Бір ғана Қараспановтар әулетінің үш буын ұрпағының тағдыр-тауқыметін қым-қиғаш сюжеттік оқиғалармен бейнелей отырып, бүкіл бір дәуірдің келбетін, қоғамның бет-бедерін жинақтай суреттеуді көздеді.
Нақты айтқанда, Пірәли ақсақал – 1970 жылдардың арғы-бергі жағындағы тіршілікті көрген адам. Ол осы уақыттың жиынтық бейнесі деуге болады. Ал одан бергі кезеңді Кәкіш, Мәрзия, Берген, Ботабай, Сәния мен Сағат, Гүлсім мен Нұрәлі, Бәкен т.б. толып жатқан кейіпкерлер арасындағы қақтығыс, тартыс арқылы отбасындағы жағдайларды [Кәкіштің әйелінің өлімі, Ботабайдың әкесінің өлімі, Кәкіштің ұрлығы, Ботабайдың түрмеге түсуі т.б.] және елдің әлеуметтік өмірінде маскүнемдік, ұрлық, суық жүріске салынушылық сияқты етек алып бара жатқан ерсі қылықтарды топтап көрсетуді нысана еткен. Сөйтіп, қоғам өмірін жылым құрттай жайлап бара жатқан әлеуметтік кеселдерді адам характері арқылы типтендіріп бейнелеу негізінде бүтін бір әулеттің үш ұрпағының әлеуметтік-азаматтық бітім-болмысын ашуға ұмтылған автор позициясын байқаймыз. Автор, бәлкім, мұндай ойсыз образдар арқылы қоғамдағы қиыншылық пен қиюы қашқан тіршілікті, адам тағдырының талмау сәттерін көрсеткісі келген де шығар. Бір жағынан, автор қазақ елінде қанат жайып келе жатқан өндіріс ошақтарының ұлт мінезіне, тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізе бастағанын суреттеуді негіз еткен деуге болады. Себебі қазақ жеріндегі әр түрлі ұлттардың бос уақытында бірігіп алып “бас жазуының” салдарынан көптеген қазақтың ішкіштікке салынып, моральдық жағынан азғындауын суреттеуі авторлық позицияның астарлы мәнін байқатады. Автор кейіпкерлердің әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы мен адамдық болмысындағы ерекшелікті олардың өміріндегі берекесіз тіршілігін суреттеу арқылы көрсетеді. Ғасырлар бойы ата дәстүрді сақтаған қазақтың кеңестік кезеңдегі салты мен дінінен айырылып, құдайсыздыққа ұшыраған халін анық көрсетуге ұмтылғанын байқаймыз. Рухсыздық, ішкіштік пен тұрақсыздық, отбасын бұзушылық, нәпсіқұмарлық шынында да қоғамда жиі кездесетін құбылыс болды. Бұл құбылыстың астарын адам табиғатынан іздеп, оны күнделікті күйбең тіршілікте әдетке айналдырғанын, сөйтіп атадан балаға жаман әдеттер мен мінез құлықтың жұғысты болғанын анық аңғарамыз.
Сырттай қарағанда жаймашуақ көрінетін сол бір кезеңдегі жалпы ұлтқа тән мінезді, жеке адамға тән бітімді кейіпкерлерді қызметіне, кәсібіне, мамандығына сай бейнелеу, олардың өмір сүрген әлеуметтік ортасын типтендіре суреттеу – 80-ші жылдарға тән әдеби дәстүр болды десек қателеспейміз. Жазушы сол кезеңдегі ұлттың деградацияға ұшыраған кейпін, ел мінезінің өзгеруін жекелеген қаһарман болмысы арқылы ашып көрсетеді. Былай қарағанда коммунист басшының образын жасағанмен, осы қаһарманның болмысы арқылы ұлттың моральдық тұрғыдан кері кету процесін де меңзейді.
Әдебиеттегі әлеуметтік типтендіру мәселесі ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде жаппай белең алған құбылыс болды. Қазақстандағы өндіріс тақырыбына тұңғыш рет көрнекті қаламгерлер жол салып бергені белгілі. “Елуінші жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбына арналған жаңа романдар жарық көрді. Ғ.Мұстафинның “Қарағанды” (1952), Ғ.Мүсіреповтың “Оянған өлке” (1953), Ә.Сәрсенбаевтың “Толқында туғандар” (1953) романдары қазақ даласында өндіріс орындарының пайда бола бастауынан бергі ұзақ процестің, қазақ жұмысшыларының туып, қалыптасуының көркем шежіресін жасады” [134,93 б.]. Демек, осы шығармаларда өндіріс ортасындағы хал-ахуал, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын типтендіре суреттеу – әлеуметтік характерлердің нақты үлгісін жасағанының ұлттық әдебиеттегі ашық көрінісі деп танимыз. Бірақ Әкім Тарази қаһармандарының болмысы арқылы сол қоғамға деген авторлық субъективті көзқарасын жеткізе алды. Әкім Тарази қаһармандарында да типтік кейіпкерлер бар.

ҚОРЫТЫНДЫ
Көркем әдебиетте типтендіру тәсілі біріншіден, шығармада суреттеліп отырған типтік бейне мен олардың өмір сүріп отырған қоғамын, қоршаған әлеуметтік ортасының ортақ халжағдайын және нақты сол кезеңде орын алған адам тұрмысын, тіршілігін жинақтап, оқырман алдына белгілі бір уақыттың, объектінің толық суретін, бет-бедерін ашып берді. Мұнда авторлар қоғамда және әлеумет ортасында басым идеологиялық қағидалар ықпалында болып, оған үнемі баса мән беріп отырды. Сондай-ақ уақыт пен қоғамның ортақ құбылысының, әлеумет арасында жаппай етек алған жағымсыз жағдайлардың авторларға әсер етуі қоғам мен адамның типтік келбетін жасауға жиі ықпал етті.
Екіншіден, типтік образ арқылы автор нақты бір ортада, қоғамда қалыптасқан көпшілікке тән мінез құлық, қадір-қасиет, моральдық ұстаным, адам баласының психологиялық ерекшеліктерін танытуға күш салады. Сөйтіп, қоғамның адамды мәжбүрлеген идеологиялық кері саясатын да суреттегенін байқаймыз.

Әдебиеттер
1. Орлов В.В. Особенности чувственного познания. – Пермь: Книжное издательство, 1962. – 220 с.
2. Борев Ю.Б. Эстетика. – М.: Политиздат, 1969. – 336 с.
3. Майтанов Б. Қазақ прозасындағы замандас бейнесі. – А.: Ғылым, 1982. – 148 б.
4. Гинзбург Л.Я. О литературном герое. – Ленинградское отделение: Советский писатель, 1979, –224 с.
5. Добролюбов Н.А. О классиках русской литературы. – М.: Дет. Лит. 1986. –300 с.
6. Гинзбург Л.Я. О литературном герое. – Ленинградское отделение: Советский писатель, 1979, –224 с.
7. Шлегель Ф. Эстетика. Философия. Критика. В двух томах. Т. 1. – М.: Искусство, 1983. – 480 с.

В статье рассматривается проблемы героя и индивидуальный субъективизм автора в творчестве Аким Тарази. Исследуется отношение автора и героя в художественном содержании текста. А также сделан анализ психологии героя, действие, поступки и мировоззрение автора в художественном произведении.

The article deals with the problems of the hero and the individual subjectivity of the author in the work of Akim Tarazi. The author’s relationship with the hero in the artistic content of the text is investigated. And also an analysis of the psychology of the hero, the action, actions and worldview of the author in the work of art.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *