Б.Ш. Құралқанова
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Павлодар, Bota0975@mail.ru
ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ЖАНР МӘСЕЛЕСІ
Мақалада әдебиеттану ғылымындағы жанр мәселесі қарастырылған. Әдеби жанрдың теориялық мәселелеріне арналған белгілі ғалымдардың еңбектеріне талдау жасалған, Ғылыми талдаулар негізінде жанр поэтикасы туралы өзіндік ой-тұжырымдар жасалған. Жанрлық белгілер анықталған. Сондай-ақ тек пен жанрдың өзара байланысы да сөз болған.
Түйін сөздер: әдеби жанр, жанрлық белгі, поэтика, тек, жанрлық түр.
Әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі – жанр мәселесі. Жанрда нақты бір тарихи кезеңнің бейнесі көрініс табады. Әдеби жанрлардың бай тарихи дәстүрі бар, себебі «поэзия өнері» туралы ғылым – поэтиканың өзі «поэзия тектерін», жанрлар (эпопея, трагедия) мен олардың түрлерін (Аристотель) талдаудан басталған еді.
Әдебиет дамуының әр түрлі кезеңдеріндегі жанрлардың өзіндік сипаты, жанрлардың өзгеру, бірігу, жіктелу заңдылықтары, жанрлар жүйесінің қызметі, әр қилы жанрлық түрлердің поэтикасы, жанрлар типологиясы ертеден-ақ ғалымдардың назарына ілігіп, көптеген зерттеулердің нысанына айналды. Осыған орай белгілі ғалым Р.Нұрғали: «Жанрды — әдебиеттің тегі, әдебиеттегі түрлер, оның табиғатын танып, даму барысын пайымдауда бүгін әр түрлі ағым, әр түрлі мектеп өз тұжырымын ұсынады» [1, 189], — деп жазады.
Қазіргі уақытқа дейін әдебиеттану ғылымында қалыптасқан жанр туралы бірнеше тұжырымдамаларды атауға болады. Олардың біреуі схоластикалық теориялардан; екіншісі – ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы социологиялық мектептерден; үшіншісі – «формалистік» және «морфологиялық» қағидалардан; төртінші біреулері – Бахтин, Фрейденберг, Пропптың жанрлық-генетикалық идеяларынан бастау алды.
«Әдебиет теориясы» еңбегінің авторлары Р.Уэллек пен О.Уоррен де әдеби жанрды шығарманың пішіні ретінде түсіндіреді: «Шартты түрде жанр деп ортақ «сыртқы» (өлшем, құрылым) және «ішкі» (көңіл-күй, қатынас, ой, басқаша айтқанда – тақырып және аудитория) пішіні теориялық тұрғыдан анықталатын әдеби шығармалардың тобын айтамыз» [2, 247-248]. Ғалымдардың айтуынша, жанрлық даму нәтижесінде ескі жанрлар жүйесі бұзылып, «ішкі» және «сыртқы» пішіндердің бірлігі жойылады. «Жанр туралы біздің теориямыз «ішкі» пішінге емес, «сыртқы» пішінге тәуелді. Сондықтан да жанр дегеніміз саяси роман немесе жұмысшылар өміріне арналған роман емес, октавамен жазылған «Гудибрас» немесе сонет болып есептеледі» [2, 250].
Яғни, жоғарыда келтірілген тұжырым жанрды формалді көзқарас тұрғысынан анықтайды.
Зерттеушілердің назарын аударған мәселелердің тағы бірі – жанрлар тарихы мен типологиясы. «Жанрлар қалай және неліктен өзгереді?» деген сауалға жауап ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында бір-біріне қарама-қарсы екі теория дүниеге келді [3, 49-51].
Біріншісі – Ф.Брюнтьердің биологиялық түсініктемесі (жанрлар тірі ағзалар сияқты туады, өмір сүреді және өледі).
Екіншісі – Б.Кроченің теориясы. Бұл теория бойынша көркем шығарма – сезімтүйсіктің (интуицияның) жемісі. Кроче теориясының негізгі қағидасы – жанрды жоққа шығару. Бұл, әсіресе, ХХ ғасыр басында кеңінен тарады, себебі бұл кезеңде дүниеге келген әдеби туындылардың тектік, жанрлық белгілерін ажырату күрделене түскен еді. Әдеби шығарманың құндылығы авторлық субъективизмнің көрінуінде деп есептелінді.
1930 жылдары Италия мен Германия әдебиеттану ғылымында Кроче идеясы П.Ван Тигемнің «вулкандық» теориясында өз жалғасын тапты. Бұл теорияға сәйкес туындының дүниеге келуі жанартау тәрізді, оны ұғынуға болмайды. Теорияны жақтаушылар автордың жанрдан тәуелсіздігін қостады.
ХХ ғасырдың басындағы Б.Кроче, П.Ван Тигемнің теориялары қазіргі әдебиеттануда да өз мәнін жоғалтқан жоқ. Қазақ әдебиетінде де аталмыш қағидаларға ұқсас пікірлер бар. «Егер нақты (точный) ғылымдардағы заңдылықтарды белгілі бір тұрақты жүйеге түсіру мүмкін болса, көркемөнер шығармаларынан туындаған заңдылықтар мұндай қатаң жүйеге әрдайым бағынбайды, сондықтан да олар дайын формулалалар мен ережелердің ауқымына сия бермейді. Рас, көркемөнер заңдылықтарында да логикалық пайымдаулар белгілі бір роль атқарады, алайда суреткерлік творчествода түйсіктің, шығармашылық интуицияның маңызы әлдеқайда басым болмақ» [4, 104], — деп жазады С.Асылбекұлы.
Жанрлар теориясында формалистік бағытпен қатар психологиялық бағыт та орын алды. Психологиялық бағыт бойынша жанрларға анықтама беруде негізге адамның (жазушы, оқырманның) әлемге деген психологиялық қатынасы, эмоционалдық қабылдау ерекшелігі алынды. Психологиялық бағыт өкілдерінің тағы бір назар аударған мәселесі – жанрларды шығармада бейнеленген уақытқа орай жіктеу. Осыған байланысты: «Әдеби шығармалардың әр қилы түрлеріндегі ұқсастық проблемасын уақыт өзгешеліктері және онымен тығыз байланысты психологиялық қатынастардың өзгешеліктерімен түсіндіруге болады» [3, 58], — деген пікірдің таралғанын да айтуға болады.
А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде де жанр табиғатына байланысты ой-тұжырымдар айтылған. «Бұл еңбекте А.Байтұрсынов фольклорлық, әдеби тектерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті» [1, 50б], — дейді Р. Нұрғали.
А.Байтұрсынов жазба әдебиеттің сындар дәуірінің дарынды сөздерін әуезе, толғау, айтыс-тартыс деп үш топқа бөліп қарайды. Бұлар қазіргі әдебиеттану ғылымындағы – эпос, лирика, драма. Ғалым әуезе, яки әңгіме түрлі сөздерді былайша жіктейді: «Бұл топқа кіретін сөздер толып жатыр. Оның бәрін түгелдеудің қажеті жоқ. Басты-басты түрлерін алғанда, олар мынау болады: 1) Ертегі жыр, 2) тарихи жыр, 3) әуезе жыр, 4) ұлы әңгіме(роман), 5) ұзақ сөз, 6) аңыз өлең және әңгіме, 7) көңілді сөз, 8) мысал, 9) ұсақ әңгіме» [5, 447]. Бұлардың ішінен зерттеуші «Ұлы әңгіме, яки роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз» [5, 448], — деген анықтама беріп, роман жанрының негізгі белгілерін атап көрсетеді. Зерттеуші ойының құндылығы сол, роман жанрының өзіне тән ерекшеліктерін санамалай келе, повесть (ұзақ әңгіме), әңгіме (ұсақ әңгіме) жанрларын да салыстырмалы түрде анықтайды: «Ұлы әңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады. Онан да шағындау түрі ұсақ әңгіме деп аталады. Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәр-бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар: ұлы әңгіме сөзін алыстан айдаған аттарша жайыла бастайды; ұзақ әңгіме жақыннан айдаған аттарша жайыла бастайды; ұсақ әңгіме мүше алып оралып келе қоятын аттарша бастайды» [5, 450]. Ғалым жанрларға жіктеуде көркем уақыт тұрғысынан келгенін байқауға болады. А.Байтұрсыновтың бұл ой-тұжырымы қазіргі әдебиеттануда өз жалғасын тапты.
Жанр теориясының дамуына ерекше үлес қосқан ғалым – М.М.Бахтин. Ғалым жанрлар мен әдеби шығарманың ішкі диалогтық сипатының арасындағы байланысты дәлелдеуге тырысты. Зерттеушінің пікірінше, диалог автор мен оқырман немесе кейіпкер мен оқырман арасында болу қажет. Жанрлар да осы диалогтың көріну сипатымен анықталады. Шындығында да, жанр функцияларының бірі — жазушы мен оқырман арасындағы дәнекерлік. М.Бахтин алғашқылардың бірі болып жанрдың мазмұндық жағына көңіл бөлді [6, 454-455].
Көркем шығарманың жанрлық белгілері көптеген объективті және субъективті себептерге байланысты екені белгілі. Дегенмен, жалпылама түрде белгілі бір ұлттық әдебиет дамуында типтік жанрлық белгілер туралы сөз қозғауға болады. Мысалы, классицизм дәуірінде жанрлық атаулар туындының маңызды типологиялық белгілерін көрсететін. Бұл кезеңде әдеби жанрларға нақты талаптар қойылып, міндетті түрде жазушы тарапынан орындалып отырды. Классицистер жанрлық категориялардың табиғатын түсіндіруге ұмтылған да жоқ. Оларды толғандырған мәселелер ауқымына «жанр тазалығы», оның «өміршеңдігі, жаңа жанрларды анықтау енді».
ХІХ-ХХ ғасырларда жанрлық категорияларға деген көзқарас өзгерді. Бір жағынан, жаңа эстетикалық қағидалар ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі жанрлық құрылымдарды жадында сақтай отырып қалыптасса; екінші жағынан, «ескі» және «жаңа» жанрлар өзара шығармашылық қарым-қатынасқа түсті, «ескі» жанрлар жаңадан игерілді.
Біз жоғарыда жанрдың туып, қалыптасу және даму процесін әр қилы түсіндірген ғылыми мектеп, ағымдардың болғанын атап өттік. Әсіресе, шет ел әдебиеттану ғылымындағы жанр туралы концепциялар өте қызықты. Жанрлар туралы түрлі концепцияларды салыстыру мәселенің мәнін тереңірек түсінуге көмектесетіні сөзсіз.
Сонымен, жанр туралы теориялар тарихына шолу жасау нәтижесінде көз жеткізгеніміз: жанрдың мазмұн категориясы ма, әлде пішін категориясы ма деген сауалға әр қилы ғалымдардың түрліше жауап бергендігі. Жанрларды әдеби туындылардың құрылымы, пішінімен тығыз бірлікте қарастыру қажет деген қағиданы ұсынған формалистік мектеп өкілдері болды.
Формалистік мектептің игі дәстүрлерін жалғастырумен бірге, қажет жерінде кейбір қағидаларын қайта қарай отырып, ғалымдар жанрлардың мағыналық жағына назар аударып, «жанрлық мазмұн» терминін қалыптастырды. Бұл терминнің негізін М.М.Бахтин қаласа, одан әрі дамытқан Г.Н.Поспелов болды. Ғалымдар жанрдың пішіндік және мазмұндық жақтарын айырып көрсетеді. Дегенмен, Г.Н.Поспелов формалистік теориялардан үзілдікесілді бас тарта отырып, жанрлық мазмұн мен оны айқындайтын жанрлық пішіндер арасындағы байланысқа жеткілікті назар аудармайды. Басқа зерттеушілер жанр — мазмұн мен пішінді байланыстыратын категория деген байламға келеді. Тағы бір зерттеушілер жанр пішіннің мазмұндылығын сипаттайды, әдеби «конструкцияға» айналған мазмұн дейді [7, 321]. В.Е.Хализев «әдеби жанрлар (мазмұндық, мағыналық қасиеттерінен басқа) құрылымдық, пішіндік қасиеттерге де ие екенін айтады [8, 333]. Егер классицизм дәуірінде әрбір жанрдың өзіне ғана тән тұрақты белгілері болып, белгілі бір қалыптасқан ережелер мен нормаларға бағынса, ХІХ-ХХ ғасырларда жанрлар арасындағы шекара біртіндеп жоғала бастады.
В.Е. Хализев әдебиеттегі жанрлық құрылымдардың екі түрін ажыратады. Біріншіден, дайын, «аяқталған» канондық жанрлар, екіншіден, жаңа өзгерістерге икемді жанрлар [8, 337]. Тағы бір зерттеулердің авторлары жанрды көркем шығарманың құрылымы, композициясымен байланыстырады [9].
К.Ахметов жанрдың – пішіннің мазмұндылығын сипаттайтын категория екендігін айта келіп, «әр жанр түрлі қасиет-белгілердің кездейсоқ жиынтығы емес, нақты да бай көркем мағына арқылы мейлінше жеткілікті игерілген пішіндік бөлшектердің жүйесі. Бұл дегеніміз өзінің архитектоникасы, сыртқы бейнесі, колоритінде нақтылы көркем мағынаны заттандырып (білдіріп) көрсетуге қабілетті пішін (форма)» [10, 241], — дейді.
Жоғарыда айтылғандарды сараптай келе, жанрды әрі мазмұндық, әрі пішіндік категория деген қорытындыға келеміз, себебі, жанрлық мазмұн мен оны айқындайтын жанрлық пішіндер арасында байланыс бар.
Жалпы әдебиеттану ғылымында жанр табиғатының түбегейлі шешім таппағанының бірнеше айғақтары бар:
Алдымен, арнайы ғылыми еңбектерде терминологиялық аппараттың толық жасалмағанына, әдеби тектер мен жанрларды ғылыми жіктеудің (классификациялаудың) негізгі принциптері анықталмағандығына назар аударылады. Мысалы, Г.Л.Абрамович «Әдебиеттануға кіріспе» атты еңбегінде: ««Жанр» ұғымының мазмұны ұдайы өзгеріп, күрделеніп отыратындықтан, жанр теориясының әлі күнге дейін нақтыланбай келе жатқандығы да белгілі» [7, 213], – деп жазады. Жанр, тек, түр терминдері көбінесе бірінің орнына бірі қолданылады да, әрқайсысының нақты анықтамасы жоқ, әрине бұл жерде ең бастысы – терминологиялық міндетті шешу емес, әр түрлі жанрлар, тектердің өіне тән заңдылықтарын зерттеу болып табылады.
Дегенмен, егер «сөздің мәні» анықталмаса, оның терминологиялық анықтамасы берілмесе, көркем шығармашылық заңдылықтарын, әдеби туындының жанр поэтикасын зерттеу мүмкін емес.
Қазіргі әдебиеттану ғылымында «жанр» термині кем дегенде үш түрлі мағынада қолданылады.
Біріншіден, «әдебиеттің тектері мағынасында» қолданылады. Л.И.Тимофеев былай деп жазады: «Жанр» француз тілінен аударғанда тек деген мағынаны білдіреді. Біз бұдан былай екі термин қолданамыз: жанр (тек мағынасыда) және жанрлық түр (түр мағынасында). Себебі түрдің ішінара жанрға бөлінуі артық» [11, 344]. Бұл пікірді ғалым
Қ.Жұмалиев те қостайды: «…жалпы көркем әдебиетті эпос, лирика, драма деп үш топқа жіктеуге болады. Бұлай жіктеушілікті әдебиеттің тегіне қарап бөлушілік деп атайды. Ғылыми зерттеулерде әдебиет тектерін жанр деп атайды. Бұрын да, кейін де «әдебиеттің тектері» деудің орнына «жанр» дейтін. Эпостық жанр, лирикалық жанр, драмалық жанр. Дұрысының өзі де осы. Профессор Л.Тимофеев пен Н.Венгровтар: «әдебиет тегін жанр деп атау дұрысырақ», – дейді. Біз де осы пікірге қосыламыз. Сондықтан бұл кітапта әдебиеттің тегі мен әдеби жанр деген терминдер бір ұғымда қолданылады. Кейбір әдебиетшілер «жанр» деген терминді әдебиеттің тегіне емес, түріне қолданайық дегенді ұсынып жүр. Бірақ бұл, бізше дұрыс емес. Біріншіден, жанр ғасырлар бойы әдебиеттің тегі мағынасында қолданылып келді. Екінші, тіл мамандары, француз тілінде бұл сөздің ең дәл мағынасы тек, ал «түр» қосалқы ұғымда айтылатындығын растайды» [12, 224]. Қазақ әдебиеті энциклопедиясындағы З.Ахметовтың да берген анықтамасы осы пікірлерге саяды: «Орныққан жүйе бойынша әдеби шығармалар негізінен үш топқа бөлініп, жіктеледі: эпостық жанр, лирикалық жанр, драмалық жанр. …әдебиет дамуына байланысты жанрлық түрлер үнемі толысып жаңа сипат алып, молыға түседі. ХХ ғасырда эпикалық жанрдың роман, повесть сияқты түрлері кеңінен қанат жайып, өркендеді, драмалық жанр дамыды, жазба поэзияға тән жанрлық түрлер пайда болды» [13, 250-251]. Екіншіден, «жанр» ұғымы әдеби түр деген мағынаны білдіреді. А.Квятковскийдің «Поэтикалық сөздігінде» «жанр» осы мәнде түсіндіріледі: «Жанр (французша – тек, түр) орыс поэтикасында жанр деген сөзбен бір текке жататын әдеби шығармалардың белгілі бір түрі белгіленеді».
Үшіншіден, «әдеби түрлердің ішінара бөлінуі «жанр» деп атау да кездеседі. «Біздіңше, «тек» деп бейнелеу тәсілдерін (эпикалық, лирикалық, драмалық) атап, ал «түр» ретінде эпикалық, лирикалық, драмалық тектердің белгілі бір түрлері (роман, ода, комедия), ал «жанр» деп әдеби түрлердің өзара жіктелуін (тарихи роман, сатиралық поэма) атаған дұрыс сияқты» [7, 213], – деген пікір де таралған.
Дәлірек айтқанда, жоғарыда келтірілген үш анықтаманың екіншісі шындыққа жанасымды, яғни жанр – әдеби тектің түрі, «әдеби түрдің» синонимі. Біз зерттеу жұмысымызда да «жанрды» «әдеби түр» мағынасында қолданатын боламыз.
Жанрды осы тұрғыдан анықтау кең тараған түсінік қана емес, сонымен бірге берік тарихи дәстүрлерге сүйенеді. Ал «жанр» терминнің бұдан басқа анықтамалары сыни көзқарасты қажет ететін сияқты. Алдымен, «жанр» терминін түрішілік категория ретінде қабылдау, бір жағынан, бұл ұғымның мағынасын тарылтып, этимологиялық мәнін бұзса, екінші жағынан, терминдердің орнын ауыстыруға алып келеді. Ал «жанрды» әдеби тек ретінде түсінуге ешқандай негіз жоқ. Сонымен бірге тектің түрлерін анықтауға кедергі жасайды.
Сонымен, поэтиканың бұл саласында аталмыш ұғымдардың келесі типологиялық сипаттары айқындалады: тек (эпос, лирика, драма); жанр (эпопея, роман, повесть, трагедия); жанрлық түр (тарихи роман, лирикалық повесть, сатиралық поэма және т.б.). Бұл анықтамалар белгілі бір мөлшерде тарихи дәстүрлерді де, этимологияны да, әдеби ойдың қозғалысын да, әдеби тенденцияларды ескеруден туған.
Жанр туралы ғылымның ауқымына енетін төмендегідей мәселелерді атап көрсетуге болады: тек пен жанрдың ара қатысы, әдеби тектер мен жанрлардың типологиясы. Аталған міндеттердің оңтайлы шешілуі жанрдың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қазіргі жанрологияда осы мәселені шешудің әр түрлі жолдары қарастырылады.
Жанрлық белгілердің саны мен сипаты – әдебиет тарихындағы өзгермелі құбылыс болғанымен, олардың (жанрлардың) жанрлық дәстүр туралы сөз қозғауға мүмкіндік беретін тұрақты мазмұндық және пішіндік белгілері болатындығында сөз жоқ.
Әрине, белгілі бір жанрды зерттеу барысында оның неғұрлым тұрақты және өзгермелі белгілерін айыра білген жөн. Негізінен теориялық тұрғыдан тұрақты жанрлық белгілерге ерекше назар аударылады. Дегенмен, бұндай жіктеудегі негізгі қиындықтар әдеби процестің тарихи өзгеруіне, жанрлар эволюциясына байланысты туындайды. Сонымен бірге, неғұрлым тұрақты, тарихи жағынан қайталанып отыратын жанрлық белгілер шығармаларды жіктеуде негізгі көрсеткіш болып табылады. Әдебиеттану терминдері ретінде негізінен дәстүрлі жанрлық атаулар қолданылады – мысал, баллада, поэма, роман, повесть және т.б. Бұлар жанрлар эволюциясы үрдісінде көптеген өзгерістерге ұшырап отырды. Осыдан шығарманың жанрлық атауын белгілеуде әдебиеттанушылар, жазушылар және оқырмандар арасында келіспеушіліктер туындайтыны сөзсіз.
Әдебиеттанушылар тарапынан қызу пікірталас тудырған мәселелер қатарына тек, жанр, жанрлық түрлердің арасындағы байланыс мәселесін жатқызуға болады. Бірақ бұл мәселеге тоқталмас бұрын алдымен, «жанрлар жүйесінің» өзін анықтап алған жөн. «Жанрлар бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, бірін-бірі байытып отыратындықтан, белгілі бір жүйе құрайды». Яғни, жанр – бұл белгілі бір жүйе. Жүйелілік ұғымында жанр құрушы факторларды анықтау түсініледі. Сондай-ақ, әдебиет дамуының белгілі бір кезеңінде жанрлар өзгермелі факторларға, әр түрлі белгілеріне орай ажыратылатындықтан, әдебиеттанушыларға ерекше міндет жүктеледі: жанрлардың өзін ғана емес, жанрларға бөлуде ұстанатын негізгі принциптерді зерттеу және жекелеген жанрлар мен олардың тарихын ғана емес, әрбір дәуірдегі жанрлар жүйесін зерттеу қажеттілігі туындайды. Шындап келгенде, жанрлар бір-бірінен тәуелсіз өмір сүрмейді, олар тарихи тұрғыдан өзгеріп отыратын жанрлар жүйесін құрайды. Яғни зерттеуші жекелеген жанрлардағы өзгерістерді ғана емес, жанрлар жүйесіндегі өзгерістерді де қырағылықпен байқай білуі тиіс. Әдеби тек пен жанр, жанрлардың өзара қарымқатынасына байланысты қарама-қайшы екі пікірді келтіргенді жөн көріп отырмыз. Біріншісі, «әдебиеттің тектері мен жанрларының арасына үзілді-кесілді шек қоюға болмайды. Сол сияқты жанрлық түрлер де өз ерекшеліктерін сақтай отырып, бірін-бірі байытып, толықтырып отырады», – деген Ш.Елеукеновтің пікірі [14, 13]. Екіншісі, «қазіргі уақыттағы негізгі жанр заңдылығын былайша сипаттауға болар еді: қазір тектердің бірігуі (синтезі) және жанрлардың жіктелуі (дифференциация) орын алуда» [15, 4]. Яғни, алғашқы тұжырым бойынша әдеби тек пен жанр ғана емес, жанрлар да бірбірімен белсенді қарым-қатынасқа түседі; ал соңғы пікірге сүйенсек, бір тек аясындағы жанрлар өзара жіктеледі. Біздің ойымызша, екі пікірдің де жаны бар. Ойымызды дәлелдеп көрейік: сырттай қарағанда, екі тұжырымдағы айтылған ойдың қарама-қарсылығына қарамастан, сайып келгенде, екеуінің ұқсас тұсын байқамауға болмас. Мысалы, тектердің «синтезі» деген мәселеге келсек, лирикалық және драмалық бастаулардың бірігуі нәтижесінде повесть жанр ретінде дамып, баии түседі, бірақ не тектік, не жанрлық сипатын жоғалтпайды. Сондай-ақ, жанрдың жаңа ішкі түрлері белгілі бір жағдайларға байланысты дүниеге келетіні де дау туғызбайды. Ал енді жанрлардың өзара байланысына келетін болсақ, повесть жанрының бойында әңгіме немесе роман т.б. жанрлардың қасиеттерінің табылуы да бүгінгі күннің шындығы.
Сонымен, жанрды әдеби тектің түрі ретінде қарастыру оның (жанрдың) пішіндікмазмұндық, объективті-субъективтік табиғатын түсінуге мүмкіндік береді.
Әдебиеттер тізімі:
1. Нұрғали Р. Сөз өнері эстетикасы: Монография. – Астана: Елорда, 2003. -424б.
2. Уэллек Р., Уоррен О. Теория литературы. – Москва, 1978. – 248с.
3. Чернец Л. Литературные жанры. – Москва: Издательство Московского университета, 1982. – 192с.
4. Асылбекұлы С. Қазіргі қазақ повестеріндегі заман шындығы (1970-89): филол.
ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссерттация. 10.01.02 – Алматы, 1997 – 159б. – 0497РК00.
5. Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын,1991. – 464б.
6. Бахтин М.М. Вопросы литературы и эстетики. – Москва: Художественная литература, 1975. – 504с.
7. Абрамович Г. Введение в литературоведение. – Москва: Просвещение, 1979. – 352с.
8 Хализев В.Е. Теория литературы. – Москва: Высшая школа, 2000.- 488с.
9. Жанр и композиция литературного произведения (Межвузовский сборник. Ред.коллегия: проф. А.М.Гаркави и др.) Вып. 1. — Калининград, 1974. – 157с
10. Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Оқу құралы. – Қарағанды: Арко, 2004. – 332б.
11. Тимофеев Л. Основы теории литературы. – Москва: Просвещение, 1976. – 548с.
12. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы, 1960. – 246б.
13. Қазақ әдебиеті энциклопедиясы. – Алматы: Білік, 1999. – 745б.
14. Елеукенов Ш. От фольклора до романа – эпопеи. – Алма-Ата: Жазушы, 1987. — 349с.
15. Кузьмичев И. Литературные перекрестки: Типология жанров, их историческая судьба. Волго-Вятское книжное издательство, 1983. –208с.
В статье рассматривается проблема жанра в литературоведении. Анализированы труды известных ученых, посвященных вопросам литературных жанров. На основе научных анализов сделаны своеобразные заключения. Определены жанровые признаки. Также показана взаимосвязь между родом и жанрами.
The article considers the problem of genre in literary criticism Analyzed the works of famous scholars devoted to questions of literary genres. Based on scientific tests made a kind of imprisonment. Defined genre signs Also shown is the relationship between genus and genre.