К.М. Шакирова
магистр, аға оқытушы, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық
институты, Арқалық, Қазақстан
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ ҚАПАН САТЫБАЛДИН ТАЛДАУЫНДА
Мақалада Қапан Сатыбалдиннің әдеби-сын толғамдары қарастырылады. Қаламгер қазақ әдебиетінің көркемдік мәселелерін ұдайы назарда ұстап, әр жанрдың өзекті жайларына көңіл бөліп отырғандығы баяндалады. Қазақ поэзиясының сол кезеңдегі даму бағыттарына қатысты нақтылы пікірлер, негізді ой-тоқтамдар жасағандығы талданады. Қазақ поэзиясындағы оң беталыстарды жинақтай айта отырып, елеулі олқылылықтарды айқын саралағандығы талқыланады. Ұлт әдебиетінің дамуындағы өзекті мәселелерден қалыс қалмай, ақындық өнерге бойлаған қаламгерлердің шығармаларын нақтылы саралап, оң мен терісін бағамдап отыру дағдысы айқын екендігі анықталады.
Түйін сөз. Сөз өнері, көркемдік, әдеб-сын, лирика, қаламгер, қазақ поэзиясы, шеберлік тәсілдері
КІРІСПЕ
Шығармашылық жолында сөз өнерінің әр жанрында жазып, жанын ашқан қаламгер Қапан Сатыбалдиннің әдеби сында да өзіндік ойлары қалды.
Қапан Сатыбалдиннің әдеби-сын мақалалары қаламгердің тек өз шығармашылығы емес, жалпы қазақ әдебиетінің көркемдік мәселелеріне ұдайы ой қосып, пікір ұластырып отырғанын көрсетеді. Жазушының «Поэзиядағы беталыс», «Қазіргі қазақ драматургиясы туралы бір-екі сөз», «Қазақ совет драматургиясы мәселелері», «Драматургиямыз есейіп келеді», «Қазақ киноөнері», «Сөз киносценарий туралы», «Саттар Ерубаев», «Әке жолы», «Кәрі тарлан», «Аяулы дос», т.б. әдеби-сын мақалалары оның әр жанрдың өзекті жайларына көңіл бөліп отырғанына, соның ішінде өзінің шығармашылық ғұмырбаянында елеулі белес болған драматургия мәселелеріне жан-жақты барлау жасап отырғаны айғақ.
Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу кезеңдерінің куәсі, сол әдебиеттің бар жанрда өрістеуіне өзіндік шығармашылық үлесін қосып өткен қаламгер Қапан Сатыбалдиннің көркемдіктің басты ұстаным, қағидаларына қашан да қырағы қарағаны, сақ болғаны әсіресе осы, өзекті мәселелерді жүйелі жеткізіп, нақтылы қоя білуімен ерекшеленетін әдеби-сын мақалаларында айқын.
Өткен, ХХ ғасырдың 40, 50-жылдары әдебиетті өрістету, өркендету бағытында ой қозғап, тұжырым, тоқтамдар жасамаған кәнігі қаламгер жоқтың қасы. Сол уақыттың ортақ шаруаға деген ұмтылыс басым үрдісі Қапан Сатыбалдиннің де қалам қарымына, азаматтық, қаламгерлік ұстанымын ұштап отыруына қамшы болғаны даусыз. Жанып отырып жанашыр ой айту өнегесін қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілдері өздері көтеріп, көрсетіп отыратын сол дәуірде айтарын батыл да ашық айтып, әдебиет шаруасына араласуы – Қапан Сатыбалдиннің қаламгерлік беталыс, бағытының бұрылмайтын, бұлжымайтын суреткерлік заңдылық, табиғатын танытты десек, асырып айтқандық емес.
«Әдебиет және искусство» журналының 1948 жылғы сандарындағы қазақ совет поэзиясы туралы ой көтерген «Поэзиядағы беталыс» сын мақаласында Қапан Сатыбалдин талғамы таза, көркемдік шеберлік тәсілдерге мейлінше төселіп қалған қаламгер екендігін таныта отырып сөйлейді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жазушы журнал бетінде поэзиялық туындылар кем басылып келе жатыр деп орынды мәселе қозғап, көтереді. Әдеби журналдың мәні, міндеті мен мақсаты туралы толғамдары тек сол кезең үшін емес, бүгінде де көкейтесті.
«Журналдың биылғы жеті нөмірінде алпысқа жуық, ірілі-ұсақты өлең басылды. Олардың көбісі – әдебиетте соңғы жылдары көрініп жүрген жас ақындардікі. Бұл – поэзия үшін өте аз. Жалпы журналдың қай нөмірінде болсын поэзия ең көп беріледі дегенде екі-үш беттен асқан емес. Журнал редакциясы бұл жанрға біртүрлі үркіп қарайды. Ай сайын келесі нөмірдің жоспары жасалғанда поэзия керек десе ауызға да алынбайды. Журналдың басқа материалдары жіберіліп болған соң, кездейсоқ қолға түскен өлеңдерден, немесе бұрыннан редакция портфелінде жатқан өлеңдерден осы жарамды деген үш-төртеуі жіберіле салады. Міне, журнал редакциясында поэзияға деген «құрмет» осындай. Енді қай ақын биыл қалай көрінді? Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы поэзиямыздың қандай жетістігі немесе кемшілігі бар? Басқа туысқан ұлт республикаларының поэзиясымен салыстырғанда біздің поэзия қай жерде жүр? Поэзиямызда не бар, не жоқ? Үлкен поэзия болу үшін біздің поэзияға не жетпейді? Міне осы сұрақтарға журналда биыл басылған өлеңдер арқылы нақтылы жауап алуға тырысайық» [1, 226 б.].
Қапан Сатыбалдин Ғали Орманов, Қасым Аманжолов, Дихан Әбілев сынды ақындардың туындыларын талғам таразысына тартады.
«Көптен бері қалам ұстап келе жатқан ақындардан журналда биыл көп басылғандар: Ғали, Қасым, Дихан. Ғалидың «Днепр оты», «Бетпақ дала дастаны» атты ұзақ өлеңдері; Қасымның «Сырдария», «Ленин өлімі» атты өлеңдері; Диханның «Қасым» атты кішкентай поэмасы басылды» [1, 227 б.].
Әрі қарай Қ. Сатыбалдин Ғали Ормановтың «Бетпақ дала дастаны» – көркемдік талғам таразысына, айқын да нақтылы талдауға тартады. Поэзияның жаратылысына батыл барлау жасаған пікірлер айтады. Ғали Ормановтың сырбаз, сыршыл лирикасының құнын ашады. Жанрдың жайынан хабар берер тоқтамдарға барады.
«Ғали «Бетпақ дала дастаны» деген сюжетсіз ұзақ өлеңінде кешегі өлік Бетпақ дала мен бүгінгі өмір жүрегі соққан Бетпақ даланы суреттейді. Екі Бетпақ даланың образын ақын лирикалық сурет арқылы береді. Кешегі Бетпақ туралы:
Ғасырлар көнбей қарысып Жер еді «Бетпақ» атанған. Үстінде түндер жарысып
Үндемей жылдар аттанған, –
десе, бүгінгі Бетпақ дала туралы:
Жаңғыртып жапан аласын,
Жамырап жатыр күшті шу
Төсіне Бетпақ даланың –
Тіршілігін жайлап тікті ту, –
дейді. Осы екі куплетте екі түрлі картина бар. Ақын Бетпақ бейнесін, онда бүгін қайрат төккен халық құрылысшыларының қимылын осындай ақындық сөз бейнелері арқылы беруге ұмтылады. Бұл өлеңнің негізгі өзегі – Мойынты–Шу теміржолын салып жатқандардың ерлік еңбегі, солардың тұйық жатқан тандыр далаға тіршілік әкелген жалынды жігері. Өлеңде Ғалидың өз стилі, өз үні бар» [1, 227 б.].
Қапан Сатыбалдин өлеңнің сұлу өрімін атап көрсетіп, Ғали ақынның ақындық бетін жеткізе отырып, кезеңнің идеялық талабын тәп-тәуір өлеңге нар жүгін артқандай ауыр салмақпен, мін етіп айыптаңқырап ащылау да айтып тастайды.
«Бірақ өлең Бетпақ дала тақырыбын кең қамтып бере алмаған. Былайынан ақынның сөз саптауы сұлу көрінгенімен, Бетпақ даладағы еңбек майданы, ондағы қайрат дауылы өлеңде оқушыны бастан-аяқ баурап отырмайды. Ғали өлеңнің аяқ жағында гүлденген Бетпақ дала туралы сөз қылып жалпылап кетеді» [1, 227 б.].
Қапан Сатыбалдиннің өлең танымы таза талғам тұрғысынан келгенде –тастай. Бірақ бір өлеңге дүниенің бар мәнін, мәселенің жай-жапсарын түгел сыйғызбады дегендей мін айтуы, әрине, сол кезеңнің дүмпуінен туындаған пікірлер екені тайға таңба басқандай айқын көрінеді.
«Днепр оты» деген өлеңінде Ғали Украинаның күре тамырындай кең арналы өзені Днепр арқылы Украин халқының ерлік бейнесін береді. Әсіресе, осы өлеңнің мына бір-екі куплеті Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Украин халқының неміс-фашист басқыншыларына қарсы ерлік күресін дәл беретін сияқты.
Күйікті сол бір өлкенің, Кеудесі құсап сондағы. Күрсіне тулап күндіз-түн Көрмеді дамыл ол-дағы.
Ашу мен кектің лебіндей
Алысып жатты арнасы.
Ажалды жауды – көріндей Аңдиды жаға, жылғасы, –
деген сияқты куплеттер бізге сүйікті Днепрдің ауыр жылдардағы ашуын, кек
толқынын әдемі суреттеп бере алады.
Ғали биыл журналда осы екі өлеңімен бой көрсетті. Бірақ, бұл өлеңдер Ғалидың поэзиядағы орнын көрсеткендей өлеңдер емес, Ғалидың өз стилінде өзінің ақындық манерасын сақтай отырып сөз қуалап жазған өлеңдерінің бірі. Олай болатын себебі, бұл екі өлеңінен Ғалидың бүгінгі өмірдің ең актуальды, ең маңызды тақырыптарын сөз қылғаны байқалмайды» [1, 228 б.].
Дихан Әбілевтің «Қасым» атты шығармасына Қапан Сатыбалдин бірден мін айтып кетеді. «Қасым» деген поэмасы демейді, «поэма сияқты ұзақ өлеңі» дейді. Әрі қарай шығарманың баяндау сарынымен жазылған сипатына көңіл бөліп келіп, мынадай нақтылы кемшіліктер төңірегінде ой-тоқтамдар жасайды. Мұнда да автордың поэтикалық талғамы, көркемдік талабы таза көркемдіктің мәселелерін тап басып тани қоюда төтесінен түсіп жатар байқампаздығына айғақ болып тұр.
«Себебі, бір адамның атына құрылған өлеңде сол адамның образын бергендей, нақтылы сюжетті оқиға жоқ. Ақын бізге ол туралы өлең бойында үнемі қабарлап отырады. Дихан Қасымның образын оқиға, сюжет арқылы бермейді. Соның салдарынан ақын бұл өлеңін жап-жақсы замыслға құрғанымен, оны көңілдегідей етіп ақындық бояуын айқын жағып бере алмаған. Өлеңде декларация көп, серпілу, желпіну көп, бірақ (ақын ойынша, біздің заманның алдыңғы қатарлы аяулы жасы) боздақ Қасымның айқын бейнесі жоқ»[1,
229 б.].
Ақын Дихан Әбілевтің лирикадағы өзіндік орнына иек арта отырып, осы «Қасым» атты ұзақ өлеңінің сәтсіздігін жеткізуде Қапан Сатыбалдин әдебиет мәселесіндегі ақжарма адалдығына айғақ болардай бір сырды ұғындырады.
Әрі қарай «Қорғасын толқыны» топтамасында Дихан ақынның жазу машығы, мәнері, өлеңдегі өз үнін таныту мақсатында айтылған ой-тоқтамдары негізді.
«Егіс жыры» – Диханның биыл жазған өлеңдерінің ішіндегі ең тәуірлерінің бірі. Бұл – биік пікірлі ақынның өлеңі. Олпы-солпы, бөгде сөздері бар куплеттер бұл өлеңнен де кездеседі. Сондай куплеттерін сызып, өлеңді әлі де болса сұлулап жона түссе мұнан да гөрі көркем өлең болуы шексіз» [1, 230 б.].
Өлеңге сұлу сөз аздық етеді, сезім керек, мінез ашып отырып, ой тастап отырып, олпысолпысы жоқ жұмыс өлең болсын дегенді пісіріп барып айтудан автор жалықпайды. Ақындық өнерге бой созған жастың да, жасамыстың да шығармаларын нақтылы мәнде саралап, сыр суыртпақтап, ойға тартып отырып оң мен терісін бағамдап отыру дағдысы айқын.
«Қабікен Мұқышев, Жұбан Молдағалиев, Садықбек Адамбеков сияқты жас ақындар биыл бірнеше жақсы өлеңдерімен көзге түсті.
Әсіресе Жұбан Молдағалиевтің «Колхоз жырлары»деген циклмен жазған «Колхоз қаласы», «Кім кінәлі», «Ауыл түтіні», «Жаңалық», «Еңбек күн» атты өлеңдерінде ақындық жаңалық, жақсы талаптың жұрнағы бар. Жұбан өзінің басқа қаламдас құрбыларындай сөз сұлулығын қуаламай, қарапайым сөздермен-ақ үлкен пікір айтады. Өлеңдерінде лирикалық нәзік сезім бар. Жұбан өлеңдері әрі қысқа келеді. Ол – өлеңді бірыңғай сюжетке құрып жазуға, шама келгенше риторикаға, жалған патетикаға ұрмай жазуға тырысып жүрген ақын»
[1, 232 б.].
Қапан Сатыбалдин «Әдебиет майданы» жыл бойы жариялаған поэзиялық туындыларды тұтастай талғам таразысына сала отырып, қазақ поэзиясының сол кезеңдегі даму бағыттарына қатысты нақтылы, қисынды пікірлер айтады. Поэзияның өсу, өрлеу нышандарына көңілі толып, толқып сөйлейді. Қарабайырлық, жалаң ой қуалаушылық сынды жадағай өлеңшілдіктен бойды аулақ ұстауды міндеттейді.
Осының барлығы туған әдебиеттің өріс-өркені, бүгіні мен ертеңі алаңдатып отырған қаламгерлік болмыс, азаматтық ұстанымның түп-төркін бастауларын айқындап жатқан шығармашылық бет еді.
Жан-жақты қаламгер Қапан Сатыбалдиннің ұлт әдебиетінің дамуындағы қандай да бір өзекті мәселелерден қағаберіс қалмай, үн қосып отырғаны – жазушы жанының сергектігі.
Қапан Сатыбалдин шолу мақаласында қазақ поэзиясындағы оң беталыстарды жинақтап айта отырып, елеулі-елеулі олқылықтарды айқын саралауында келешектің қамын жеп отырып, талай принципті мәселелерді стратегиялық мәнде күн тәртібіне қойған.
«… Жас ақындар болсын, аға ақындар болсын үйдек-түйдек келе жатқан сияқты. Бәрінің де бірақ іздену, өсу үстінде келе жатқаны, өлеңді жалпылама тақырыптан гөрі, нақтылы тақырыптарға, құрғақ риторикадан гөрі, сезімге, поэзиялық сюжетке құрып жазуға дағдыланып жүргендігі ақындардың соңғы өлеңдерінен өте-мөте байқалады» [1, 233 б.].
… Қорытып айтқанда, поэзиямыздың бүгінгі бет алысы дұрыс кетіп бара жатқан сияқты. Үлкен поэзияға талаптанып, құлашты кең сермеуге тырысатын сияқтымыз. Ақындарымыз шын мағынасында кең тынысты профессионал поэзия жасауға күш салып жүргендігі көп өлеңдерден байқалады. Соғыстан бұрынғы поэзиямыздағы құрғақ шешен өлең бүгінгі поэзиямыздан аз кездеседі» [1, 236 б.].
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ өлеңінің көркемдік жүгі мен әлеуметтік арқауы жайлы батыл ойлар айту Қапан Сатыбалдиннің сол шолу мақаласы жазылған тұста бұрынғы қай кезеңдегіден де күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болатын.
Ақындық өнерге бойлаған қаламгерлердің қолтаңбасы туралы дәл осылайша айқын тоқтамдар жасап отыруы Қапан Сатыбалдиннің әдеби өрістегі өзіндік өресін ғана емес, әдеби сын балаң кезеңдегі кешеуілдеп туып келе жатқан шақтағы қаламгерлік қағылездігін, азаматтық ұстанымын, белсенділігін, терең білім, пайымын көрсетеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4 томдық. – Алматы: Жазушы, 1975. – 4 т.: Очерктер. – 300 б.
2.Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.
3. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: Мектеп, 1969. – 244 б.
4. Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия. – Алматы: Ғылым, 1960. – 473 б.
5 Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – Алматы: Жазушы, 1997. – 281 б.
К.М. Шакирова
Казахская поэзия в анализе Капана Сатыбалдина
Аркалыкский государственный педагогический институт им. И.Алтынсарина
Аркалык, Казахстан
В статье рассматриваются литературно-критические высказывания Капана Сатыбалдина. Писатель отмечает, что для него важна жанровая значимость произведения, но при этом художественные проблемы казахской литературы всегда находятся в центре внимания. Анализируется казахская поэзия того периода. Обсуждается позитивные тенденции в казахской поэзии и выявляются серьезные проблемы. Указывается, что наиболее важной проблемой в развитии национальной литературы является способность четко оценивать произведения писателей.
К.M. Shakirova
Кazakh poetry in the analysis of Kapan Satybaldin
Arkalyk state Pedagogical institute named after Y. Altynsarin
Arkalyk, Kazakhstan
The article considers literary criticism of Kapan Satybaldin. The writer notes the importance of work`s genre significance, but at the same time the artistic problems of Kazakh literature are always in the center of attention.Writer notes the artistic problems of Kazakh literature and gives attention to the actual genres of Kazakh genre. It is analyzed Kazakh poetry of that period. Also it is discussed positive tendencies in Kazakh poetry and revealed some serious issues. It is pointed out that the evaluating of writers` work is the most important problem in the development of national literature.