М. Оразбек1, Г. Кажибаева2
1филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, makpal_zere@mail.ru
2филология ғылымдарының кандидаты, доцент м., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, guldenkgk@mail.ru
ҒАЛЫМ Р. ТҰРЫСБЕК – ҰЛТ РУХАНИЯТЫН ЖОҚТАУШЫ
Мақалада ғалым Р.Тұрысбектің зерттеу еңбектеріндегі ғылыми ой-тұжырымдар сараланды. Зерттеу еңбектеріндегі ғылыми пайымдауларының мәні көрсетіліп, әдебиеттану ғылымына қосқан жаңалықтары сөз болды. Ғалымның ғылыми стиліне тән ерекшелігі талданды. Ғалым зерттеулерінің әдеби процесстегі өзіндік қырлары дараланды. Ғалым Р.Тұрысбектің ұлт руханиятын жоқтаушы, танытушы болмысы ашылды.
Кілтті сөздер: әдеби процесс, ғалым тұлғасы, ұлт мұраты, ұлттық руханият.
КІРІСПЕ
Артына өшпес мұра қалдырған асыл сөз шеберлері қазақта аз емес. Ал олардың мұрасы туралы зерттеулер мен сын-пікірлер айту біздің парызымыз. Ғалым Тұрысбек Рақымжан «Ұлт мұраты және руханият» (Астана, 2008) атты зерттеу еңбегінде ХV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар мұрасынан бастап бүгінгі тәуелсіздік кезең әдебиетіне дейінгі әдеби процесс турасында сөз қозғайды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кітап үш бөлімнен тұрады. Ғалым қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні, әдеби процеске үлес қосқан ақын-жазушылар және оларды зерттеген ғалымдар турасында салмақты ой айтуды өзінің парызы санаған.
«Алыптар мен асылдар» деп аталатын бірінші бөлімде Бөлтірік шешен, Махамбет, Жамбыл, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ілис Жансүгіров, С.Мұқанов, Баубек Бұлқышев, Шона Смаханұлы, Ғабит Мүсірепов, Күләш Ахметова шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында алар орны туралы ойға қонымды пікірлерін ортаға салған. Сондай-ақ Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Т.Қожакеев, Р.Нұрғали, С.Әшімбаев, Ж.Дәдебаев, Д.Ысқақұлы сияқты әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері мен қоғамда атқарған өнегелі істерін, адамдық қасиеттері мен ұстаздық бейнелерін тілге тиек еткен. Ғалымның оқығаны мен көргенін, үйренген өнегесі мен алған тәлімін жинақ түрінде шығарып, жариялауын өзінен кейінгі ұрпаққа зор үлгі деп санауға болады.
«Шеберлік пен Шешендік» деп аталатын мақалада Бөлтірік шешеннің қазіргі қазақ қоғамында қозғалып отырған имандылық, бірлік, адамдық сияқты мәселелерді көтергеніне жете тоқталады. «Асылы шешен сөзі, шешімі нақты: ол елді бірлік, ынтымаққа шақыру. Бұл бір. Екіншіден, ел-жер тақырыбы, тарихы мен тағдыры қай кезең, уақытта да қымбат, қастарлі болған. Үшіншіден, ата-ана орны, ұл-қыз тәрбиесі-отбасында басталып, қанат қаққанда қатайып, ұшқанда соның нәтижесін, жемісін көретіні ұлттық болмысымыздан, тарих тағылымынан танылады. Ер-азамат орны да, әйел-ана қадірі де, бала-болашақ бейнесі де өз орындарында маңызды» [1.18-19] деп шешеннің отбасынан бастап, ел бірлігі мәселесіне дейінгі ойларын талдай келе мынандай тұжырым жасайды: «Бұдан шығатын қорытынды: Бөлтірік шешен сөздері тарих тағлымынан сыр шертіп, оны ұрпаққа үлгі-өнеге етеді. Шешен ойлары мен толғаныстарынан атамұра, дәстүр өнегелері, ұрпақтар жалғастығы терең танылады. Шешен сөздері қоғам құбылыстарын, кезең көріністерін, өміруақыт шындықтарын тамыршыдай тап басып көрсетеді» [1.19] деп бағалайды. Шындығында
Бөлтірік қазақ тарихында шешендігімен әрі батырлығымен аты шыққан тұлға. Кітапта оның батырлығы туралы жазған Жамбылдың естеліктерінен мысал келтіріп, шешеннің өз заманында ел алдында беделді адам болғанын еске түсіреді.
«Серт пен Сенім» мақаласы Махамбеттің ұлт мұраты жолындағы күресін, қазақ поэзиясында ақын өлеңдерінің алатын орнын талдауға арналған. Ұлт мұратын орындауда аянбай күрескен Махамбет ақынның еліне, халқына жігер берген, рухын оятқан өлеңдері қазіргі ұрпақтың да санасына қозғау салу керектігі ойға оралады. Қазіргі Отанына, еліне, тіліне, ұлтына деген сүйіспеншілігі кеміген ұрпақтың ойына Махамбет өлеңдері түрткі болары сөзсіз. Ғалым Махамбеттің өскен ортасы, ақындық өнері, болмысы мен мінезін жеке-жеке бөліп талдаған. Сондай-ақ Махамбетті зерттеген ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, өмірі мен өнері туралы нақты деректер келтірген. Мысалы Махамбеттің өскен ортасы туралы айтқанда Б.Аманшиннің ойларына тоқталады: «Көне кітаптардың бірінде ақын ылғи да «Махамбет жырау» деген атпен аталады. Қазақтың халық поэзиясының дәстүрінде өз жанынан сөз (өлең) шығарушы адам сол өңірдің өлеңдерін жатқа білмейінше ақындығын таныта алмағаны белгілі. Махамбет те бастапқы кезде өзінен бұрынғы ақындардың жырларын толғайтын жырау ретінде көзге түссе керек. Сонымен бірге оның шебер домбырашы болғаны, өз жанынан бірнеше күй шығарғаны соңғы кезде анықталып отыр» [1.31]. Ақынның «Жалған дүние», «Арғымақтан туған қазанат», «Арқаның қызыл изені», «Ай астында бір көл бар», «Азамат ердің баласы», «Атадан туған аруақты ер» деп аталатын өлеңдеріндегі философиялық ой астарына үңіледі. Махамбеттің жауынгерлік рухтағы өлеңдерінің өзі дүниенің мәні мен адам баласының өмірін толғайтын терең мағынаға ие екенін түсіндіруге ұмтылған. Ақын мұрасы туралы зерттеуін: «Махамбет мұрасының мәңгілік сипаты – Ұлт мұратын, Азаттық ұранын, Тәуелсіздік талаптарын кең көлемде жырлап, Ұлы халық пен Ұлан даланың дауысын, тыныc-тірлігін жан-жақты көрсетіп, сол арқылы өлең-өнердің құдырет-киесін биік белеске көтеруінде деп білеміз» [1.48] деп қорытындылайды.
«Даналық пен даралық» мақаласында қара сөздің хас шебері Жамбыл ақынның шығармашылыған оның өмір сүрген уақытымен, қоғамдық-әлеуметтік жағдайлармен тығыз байланыста жан-жақты қарастырған. Ақынды зерттеушілер қазақ әдебиетінде аз емес. Сондықтан ол туралы зерттеулерді жүйелеп көрсетуді естен шығармаған. Жамбылды зерттеген ғалымдарды атаумен бірге, арнайы жинақтар тізімін ұсынады: «…жеке жинақ, ұжымдық еңбектер түрінде жарық көрді («Жамбыл Жабаев творчествосы», «Ж.Жабаев. Шығармаларының толық жинағы», «Жыр алыбы» (естеліктер), «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы», «Дастан ата» т.б.)» [1.49]. Сондай-ақ оның өлеңдерін жанрлық ерекшелігіне қарай: «Жамбыл шығармашылығы, негізінен – арнау-өлеңдерден, айтыс-дастандардан, жыр, толғаулардан тұрады» [1.51] деп жіктеп көрсетеді.
«Мұра мен мирас» мақаласында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген М.Ж.Көпейұлының көптомдығына (1-7 том) енген шығармаларын талдаған. Ақынның алғашқы кітабына енген шығармалары «ишарат өлеңдер, аңыз өлеңдер немесе рауаяттар, өзі туралы айтқандары, сапар өлеңдері, насихат үлгілері, тікелей сын өрнектері, тұлғалар жыры, жоқтаулар, хат өлеңдер, айтыс нақыштары, аңыз дастандар» [1.64] деген тақырыпқа бөлінгені және аталған тақырыптар аясында топтастырылған өлеңдердің мазмұнын талдауды көздейді. Сонымен қатар ақынның халық мұрасын жинаудағы ерен еңбегін де айта кетуді өзінің басты парызы санайды. Ғалым өз мақаласында: «Басты байқалар жайт: М.Ж.Көпейұлы халық әдебиеті үлгілерінен бастап танымал тұлғалар туындыларын жинап, жариялаған тұстарда оның ұлт мұраты мен руханиятына қажетті игілікті істер деп қарағаны, кемел келешектің қымбат қазыналары ретінде танығаны байқалады… сол себепті де көптомдыққа енген туындылар халық мұрасы, өмір өнегесі, тарих пен тағдыр, терең таным мен тәлім-тәрбие ісін жан-жақты көрсетуімен құнды» [1.64] деген баға береді. Ғалым өз кітабында ұлт мұратын жүзеге асыруды басты міндеті деп таныған, сол жолда аянбай еңбек еткен, күрескен, шығармашылық мұра қалдырған қаламгерлер еңбегін зерттеу арқылы өзі де қазақ руханиятын дамытуға үлес қосты деп атауға болады.
Ірі қаламгерлер шығармашылығын зерттеумен қоса аталған кітапта қайраткерлердің еңбектерін де саралайды. Соның бірі – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан мемлекет қайраткері Д.Қонаев. «Д. Қонаев және Руханият» деп аталатын мақаласында Д.Қонаевтың ұлт руханиятындағы орын-үлесін, оның естелік жазбаларындағы ұлт мәдениеті туралы салмақты ойларын, қазақ жазушыларымен тығыз байланысын, әсіресе әйгілі тарихи трилогия авторы І.Есенберлинмен достық қарымқатынасын, қазақ өнерінің майталмандары: К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Ш.Аймановтармен жақын жүргені туралы ой-толғамдарынан ұлт мұраты жолындағы зор тұлғасын тануға болады. Мақалада: «Мен Шәкен Аймановпен етінен ет кесіп беруге бар дос едім. Жарқылдап кеп табысып, қимай айырылысатынбыз» деген Ш.Айманов туралы естелігінен немесе Ш.Жиенқұлова жайлы: «Кейде оны татар, бірде моңғол, тіпті украин ба деп шатастырып алғандай едік. Сөйтсек би құдыретін жетік меңгерген Шарамыз шуваш та, индонезиялық та боп кете береді екен. Бұл дарынның ғана қолынан келеді» деп зор талант иесін таныған қайраткердің естеліктерінен үзінді келтіру арқылы оның шығармашылықты, өнер мен мәдениетті жоғары бағалағандығын көрсетеді.
Кітапта ақын-жазушылар еңбегін зерделеумен қатар, батыр қаламгердің де өмірі мен шығармашылығын ұлт мұраты мен руханиятын дамытудың үлгісі деп қараған. Ұлт тарихында батырлығымен есте қалған Бауыржан Момышұлы артына зор шығармашылық мұра қалдырғаны баршаға аян. «Бауыржан Момышұлы: Елдік пен Өрлік» мақаласында халық батыры, жауынгер жазушының шығармашылығын бірнеше тарауларға бөліп, жүйелеп зерттеген. «Шығармашылығы», «Ақындығы», «Хаттар сыры», «Даналық мәйектері», «Мақал-мәтелдері», «Қанатты сөздер» деп бірнеше тарауларға бөліп, шығармаларында нақты қандай мәселені көтергенін атап көрсетеді:
«Халық тарихы мен тағдырына көп көңіл бөлінеді. Ұлттың басты байлығы – Тілдің тағдыр талайы, келешегі хақында маңызды мәселелер көтеріледі. Тіл тамырына балта шабушы «шөре-шөрелер сын тезіне алынады. Ана тілінің, ұлт мектептерінің дамуы мен бағыт-бағдарлары нақтылы көрсетіледі. Тіл байлығын арттырып, оның дамуы мен тазалығы жолындағы мұрат-міндеттер айқындайды. Орта және жоғары мектепте оқытылатын тиісті пәндерге назар аударады. Ана тілін дамыту мен сауаттылықты арттырудағы арнайы сөздіктердің орын үлесіне маңыз беріледі» [1.97]. Ғалымның Б.Момышұлының еңбектерінде көтерген мәселелерді нақты жіктеп көрсетуіне қарасақ, жауынгер жазушының қазақ тілінің тағдырына қатты алаңдағанын байқау қиын емес. Өзінің барлық шығармаларында ана тілінің мәселесін көтеріп отырған. Демек шын мәнінде ұлт мұраты жолында аянбай еңбек еткен тұлға болып табылады.
«Ұлттық мұрат тұғыры еді» мақаласында Кеңес кезеңінде өмірімен де шығармасымен еліне ерен еңбек еткен Шона Смаханұлының сатиралық туындыларын, мысалдарын талдаумен қатар қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу жолындағы күресін үлгі тұтады. Сатирик-қаламгердің шығармашылығын: «сатиралық поэзиясы», «сатиралық прозасы», «ән-өлеңдері, «нақыл сөздері» деп жүйелеп зерттейді. Астарлы ой мен тұспал сөздерінде өмір шындығы, қоғам қайшылығы, мың құбылған адам мінезі туралы салмақты ой жатқандығын айқындап берген.
ҚОРЫТЫНДЫ
Кітапта ғалымдық пен ұстаздықты қатар алып жүрген ірі тұлғалардың өмірі мен еңбектеріне жете мән берілген. Өмірде көзі көрген, өзі тәлім-тәрбие алған ардақты ұстаздарының ұлт мұраты мен руханиятына қосқан елеулі үлестерін бүгінгі және кейінгі ұрпаққа жеткізген деп санаймыз. Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Т.Қожакеев, Р.Нұрғали, С.Әшімбаев, Ж.Дәдебаев сияқты ғалымдардың әрқайсысының ғылымға қосқан үлестерін жан-жақты саралап берген. Сондай-ақ «Ағыстар мен арналар» атты екініші бөлімде және «Парыз бен парасат» деп аталатын үшінші бөлімде әдебиет туралы сынпікірлері мен ой-толғамдарын ортаға салады. Қоғамдағы жазушы мен ғалымның орны, шығарманы жазу мәнері, жазушының қоршаған ортамен қарым-қатынасы туралы сұхбаттары жарияланған.
«Ұлт мұраты және руханият» кітабы ұлт тарихында шығармашылық мұрасымен, қайраткерлік істерімен, күрескерлігімен із қалдырған тұлғалардың еңбектерін зерделеп, зерттеген еңбек болып табылады.
1. Тұрысбек Р. Ұлт мұраты және руханият // Зерттеу мен зерделеу. – Астана: Арай, 2008. -632 б.
Ученый Турисбек Рахимжан является исследователем национальной духовности. Его книга «Идея нации и духовности» (Астана, 2008), в которой говорится о литературном процессе от наследия XV-XVIII вв. до современной литературе независимости.
The scientist Turisbek Rakhimzhan is a researcher of national spirituality. His book «The Idea of the Nation and Spirituality» (Astana, 2008), which refers to the literary process from the heritage of the XV-XVIII centuries. to the modern literature of independence.