Н.К. Смагулова, А.К. Курманова, С.К. Жукенова
Ф.ғ.к., доцент, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы
п.ғ.м., ак.доцент, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,
Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы аға оқытушы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы
ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚ: ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ
(№АР05135711 «Жаңа білім мазмұнына сай когнитивті — компенсаторлық (бейімдеушілік) стратегиялар негізінде функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың
методологиясы» атты гранттық қаржыландырылған ғылыми жобасы негізінде жарияланды)
Мақалада жаңартылған білім мазмұнының негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселесі қарастырылған. Бүгінгі өзгермелі қоғамда оқытушы білім алушыға тек қана ғылым негіздерін оқытып қана қоймауы тиіс. Осы тұрғыда оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың мақсаты мен міндеттері, «функционалдық сауаттылық» ұғымы, оның даму тарихы зерттелді. Отандық және шетелдік ғалымдардың функционалдық сауаттылыққа қатысты еңбектері жүйеленіп, сараланды. Жаңартылған білім мазмұнының өзіндік ерекшелігі айқындалды. Оның дәстүрлі білім жүйесінен өзіндік жаңалығы көрсетілді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың мәні мен маңызы танытылды.
Кілт сөздер: ұлттық, білім, құндылық, жаңартылған, функционалдық, сауаттылық.
КІРІСПЕ
Бүгінгі қоғамға постиндустриалды әлемде кез келген өзгерістерге тез бейімделе алатын адамдар қажет. Сондықтан бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Осы тұрғыдан келгенде, «Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерістің алғашқысы өзің бол» деген тұжырым жаңа формациядағы мұғалім бейнесін қалыптастыруға үлкен септігін тигізуде. Себебі бүгінгі ұстаз – рухани дамыған, шығармашыл, жаңалыққа ұмтылғыш, білім құндылығын түсінетін, өз пәнін, оны оқыту әдістемесін терең білетін, жеке тұлғасын әрі қарай дамыту мотивациясы қалыптасқан білікті де білімді маман болуы тиіс. Ұлтымыздың ұлы ғалымы, ағартушы- ұстаз А.Байтұрсынов : «Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі басқаларға үйретпекші нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткеніне тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы ғылымды білерге керек» [1, 252], — деп оқытушы, мұғалімдерге талаптар қояды да, ары қарай осы талаптарды орындағанда қазақ оқытушыларының да, оқушыларының да ұтатын тұстарын көрсетеді.
Осы тұста «Маған айтсаң — мен ұмытамын. Маған көрсет — сонда мен есте сақтаймын. Менің өзіме әрекет етуге мүмкіндік бер – сонда мен үйренемін» деген қытай даналығының да мәні зор. Себебі ол бізден не істеу керек? нені өзгерту керек? нені жетілдіру керек?деген сауалдарға жауап беруді қажет етеді. Бұның өзі «сөз үйретпейді, әрекет үйретеді» деген ұстанымның маңыздылығын көрсетеді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазіргі уақытта адамның білімі мен білімділігіне қойылатын жоғары талап тарихи заңдылық. Себебі қазіргі кәсіби білім беру жүйесі ұстаздардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Оның бірден бір дәлел ақпартттық- технология жанжақты дамыған қоғамда білім беру кеңістігінде болып жатқан өзгерістер болмақ. Олай дейтін себебіміз, ғасырлар бойы ұрпақ болашағының кемел болуы саналы тәрбие мен сапалы білімге қатысты екенін ұғынған алдыңғы буын әрдайым білім жүйесіндегі өзгерістерге үнемі ашық болып келді. Қашанда ілгерілеуге апаратын басты шарт –сапалы білімге келіп тірелетіні заңдылық.
Еліміз егемендік алғаннан бастап, білімнің, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өсіпөркендеуіне жол ашылды. «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс, оларды оқыту нәтижесі сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру қажет» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаздар қауымының алдына үлкен міндет қойды. [2]
Өзгермелі қоғамда өмір сүріп жатқан жас ұрпақты заман сұраныстарына сай, әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алатын, өмір бойы алған білімдерін күнделікті қолдана білетін тұлға ретінде қалыптастыру мәселесін шешу үшін көптеген қадамдар жасалды, жасалып жатыр.
2012 жылғы 27 қаңтардағы Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мектеп оқушылырының сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойған еді. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, яғни оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануға үйрету. Осы тұрғыдан келгенде, бразилиялық педагог П.Фрейре: «Өмірді оқыту/үйрету керек, өмірмен оқу/үйрену керек»,- десе[3], ХІХ ғасырдың ұлы педагогы К.Д.Ушинский: «Адамды өмір бойы үйретуге болмайды, оны өмір бойы оқуға үйрету керек» дейді[3]. Себебі білім — өмірде өз қажетін таба алатын білік пен дағды. Одан «не нәрсеге үйренсек те, оның барлығы да өмірмен тығыз байланыста болғаны абзал» деген ой түйіндейміз. Бұнің өзі қазіргі заманғы өмір бойы білім алу тұжырымымен үндеседі. Оған жетудің бірден бір жолы – функционалды сауаттылықты қалыптастыру болып табылады.Ал функционалды сауаттылық кез келген тұлғаның әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына ілесіп отыруы, өзінің мамандығы бойынша білімін үнемі жетілдіріп отыруын білдіреді.
«Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды. Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек»,- деп атап айтты.
[4].
Даму тарихына келетін болсақ, «Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. 1990 жылы ЮНЕСКО бойынша халықаралық сауаттылық жылы болып жарияланады. БҰҰ 2003-2012 жылдарды бұл ұғымның кең аясында сауаттылықтың он жылы деп жариялаған болатын.
Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі.
«Функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесінің бүгінгі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үдерісінің орталық тұлғасы білім алушы және оның алған білімінің түпкі нәтижесі құзыреттіліктер болып белгіленуі өзектілігін арттырып отыр. Функционалдық сауаттылық – адамның ортаға тез бейімделіп, қарымқатынасқа түсе алу қабілеті мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Функционалдық сауаттылық тұлғаның бүгінгі еңбек нарығында бәсекеге түсе алуға қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Дегенмен функционалдық сауаттылық білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Демек функционалдық сауаттылық тұлғаның сапалық сипатын арттыру тұрғысынан қарағанда жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.
Функционалдық сауаттылық проблемасына зерттеушілер әр қырынан келгені белгілі. Атап айтсақ, білім беру философиясы тұрғысынан Б.С.Гершунский, В.В.Мацкевич, С.А.Крупник; үздіксіз білім беру аспектісінде С.А.Тангян, И.А.Колесникова; құзіреттілік тұрғысынан А.В.Хуторской, О.Е.Лебедев қарастырған.Функционалдық сауаттылықтың теориялық және практикалық жағынан зерттелуі көптеген ғылыми еңбектерге арқау болған. Нақты тоқталатын болсақ, Т.И. Акатов студенттің тілдік фунционалдық сауаттылығын тілдік мәдениетпен байланыста қарастырса, Л.М.Перминова, О.Е.Лебедев оқушылардың фунционалдық сауаттылығын қалыптастыру технологиясын зерттеген. Сондай-ақ, Н.Оразахынова, Г.М.Кенжебаева, А.К.Рауандина сынды отандық ғалымдарда қазақ тілі сабақтарында оқушылардың фунционалдық сауаттылығын арттыру мәселесін қарастырған.
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығынқалыптастыру үшін оның теориялық-әдіснамалық негіздері анықталуыкеректігі белгілі. Ол теориялық- әдіснамалық негіздер алға қойылып отырғанкелелі мәселенің бастау көздерін танытады. Дегенмен пәндік сауаттылық, функционалды сауаттылық, оқытудың түпкі нәтижесі ретінде оқушылардың игерген құзіреттіліктеріне байланысты ғалымдар жүргізілген зерттеулерді қарастыра келе, бүгінгі таңда отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде «функционалдық сауаттылық» ұғымын қолдануда бірізділік жоқ екені байқалды.
Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың көрсеткіші ретінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың қабылдануы – оқыту әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту болып табылады.
Ұлттық жоспардың мақсаты — Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау.
Ұлттық жоспарда мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау, білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету, стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар, білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу, мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту, мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту көрсетілген.
Осыған орай, оқушылардың функциялық сауаттылығын дамытуға білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары), оқыту нысандары мен әдістері, білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі, мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары, мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі), барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы, атааналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлін қамтамазыз ету бүгінгі білім беру жүйесінің негізгі тетіктерінің бірі.
Ғалым Ж.Қараев: «Мектептерге дәстүрлі әдістер мен тәсілдерден гөрі тиімділігі жоғары жаңа сападағы дидактикалық құрал қажет. Дүние жүзі педагог ғалымдарының пайымдауынша, мұндай құрал болып оқытудың педагогикалық технологиясы табылады. Сол себепті қазіргі кезде білім жүйелерін технологиялық негізде құру – педагогикалық ғылым мен практиканың жаңа, болашағы мол бағыты болып отыр», – дейді [5,1].
Мектеп қабырғасында оқушы бойында функционалдық дағдылар қалыптастырудамектеп бағдарламасын жаңарту қажеттігі туындап, жаңартылған білім беру мазмұны негізінде бүгінгі күнгі білім беріліп жатыр.Орта білім мазмұнын жаңарту барысында қазіргі өмірде кең ауқымды дағдыларға көп көңіл бөлінеді. Кең ауқымды дағдылар деп – сыни тұрғыдан ойлау, алған білімді шығармашылықпен қолдану, ғылыми -зерттеу жұмыстарын орындау, ақпараттық коммуникативтік технологияны қолана білу; коммуникативтіліктік, топта және жеке жұмыс жасау, көшбасшылық біліктілігін айтуға болады. Бұл дағдылардың негізі жалпыадамзаттық және этномәдени құндылықтар болуы тиіс, оқушыларға күнделікті, сондайақ алдағы өмірдегі проблемаларды өздігінен шешуіне мүмкіндік береді. Жаңартылған білім мазмұны жағдайындағы мектептің ерекшелігі –оқушы – таным субъектісі, ал мұғалім оқушылардың танымдық әрекетінің ұйымдастырушысы қызметін атқарады. Осыған орай, жаңартылған білім беру мазмұнының дәстүрлі бағдарламадан төмендегідей ерекшеліктерін атап өтуге болады.
1. Пән мазмұнының спиралді қағидатпен берілуі, яғни пән мазмұнының қарапайымнан күрделенуі.
2. Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы;
3. Бір білім беру аясындағы және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі;
4. Оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастыру;
5. Оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік-рухани қасиеттерін қалыптастыру;
6. Білім беру деңгейлері аралығында пән бойынша сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қою;
7. Бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сәйкес келуі, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға назар аударылуы;
8. Оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұстаным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысу)
Жаңартылған білім мазмұны оқушының алған білімін ұзақ уақытқа сақталып, белсенді құралға айнаулы үшін, ақпарат баланың танымында ойлау процестері негізінде табиғи түрде қалыптасып, жүйеленуі міндеттерін жүзеге асырады. Дәстүрлі білім беру мазмұнында қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарын дайындауда, оқу бағдарламаларын құрастыруда оқытудың психологиялық негіздері толық ескіріле бермеді. Сондықтан болуы керек қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қалыптасқан тілдік және әдеби білім тұлғаның белсенді құралына айналмауы күрделі мәселе болды. Тілдің тек қарым қатынас құралы ретінде белсенділігін қызмет етуі деп түсінбеу керек. Кез келген тілді үйренуші тұлға дайын тіркестерді жаттау арқылы да шектеулі сөйлеу жағдаяттарында қарым- қатынасқа түсуге болады. Бірақ ол тіл үйренуде жүйелі, іргелі, ойлау процесінен өтіп, құрылым ретінде қалыптасқан ақпарат, білім қоры негізінде қалыптаспайды. Қысқа уақытқа жадыда сақталған дайын, ойсыз қолданылатын формалар ретінде қолданысқа түседі. Білім алушыда тілдік білім, ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениеті қалыптасуы үшін оның таным белсенділігін арттырып, дайын ақпаратты қабыладаушы ғана емес, ойланушы, сараптаушы
тұлғаға айналдыру керек. «Сөйлеу дегеніміз – ойлау. Ойлау дегеніміз – тану, сөйлеу – қарымқатынас жасау. Адам ойлаған кезде тілдік материалды пайдаланады жҽне ой сҿйлес тҥрінде беріледі [6,117].
Сондықтан тіл мен әдебиет туралы білімді ақпарат ретінде ұсынбай, баланың дербес ізденісі мен ойлауының нәтижесі ретінде қалыптасуына мүмкіндің беретін оқыту әідстемесін құру керек. Бүгінгі қоғам мен білім берудің жаңа парадигмаларының сұранысын қанағаттандыру үшін тұлғаның функционалдық сауаттылығын қалыптастыруды жүйелі түрде сабақ үрдісіне енгізу заман талабы.
Білім алушы бойынаоқу (оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым), ойлау (білу, түсіну, қолдану, талдау, салыстыру, бағалау), шығармашылық ойлау, логикалық ойлау, сыни ойлау, алгоритмдік ойлау, проблемалық ойлау, технологиялық ойлау, тілдік құзіреттілік, оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту арқылы құзіреттіліктерін қалыптастыру — жаңартылған білім беру мазмұнының басты ерекшелігі тұлғаның функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында екенін ескерілуі қажет.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында тілдік құрылымдар мен әдеби мәтін бір жағынан қарым- қатынас құралы және үйренуі обьектісі болып табылады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Түркі әлемінің ойшылы Жүсіп Баласағұнның: «Білім – адам баласының ортақ қазынасы» деген терең пікіріне зер салып, ой түйсек терең мән бар. Бүкіл адамзат баласының ғылымды игеріп, жаңалықтар ашып, әлемнің жұмбақ сырларын ашқаннан бері де талай ғасыр өтті.
Бүгінде біз, ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттың молдығы сондай, қабылдау мен түйсінудің өзі адам баласына көп күш түсіруде. Ал осындай заманның жас өскінін қалай оқытамыз, халық даналығына бой салсақ, «жақсыға үйретеміз, жаманнан жирендіреміз». Бұл бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен міндет.
Қорыта айтқанда, функционалдық сауаттылықа негізделіп отырған жаңартылған білім мазмұны оқушыға әр түрлi бiлiк дағдыларын қалыптастырып, ақыл-ой қабiлетiн жан жақты дамытуды мақсат етеді. Осы орайда, бiлiм беруде шәкiртке тек дайын бiлiмдi меңгертiп, оны қайталаумен шектелмей оқушының өзiндiк iзденiсiне, өзiндiк әрекетіне бағдар берiп, өзін және жолдастарының білімін өздігінен бағалай білу дағдыларын қалыптастыру көзделедi.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
2 Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (17.01.2014), – Астана, 2014
3 Әлімов А. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. ̶ Алматы, 2013. – 446 б.
4 Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы (14.12. 2012), – Астана, 2012
5 Қараев Ж. Шығармашылық пен жасампаздықтың жаңа моделі // – 2 ақпан 2004. -№2
6 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеу.–Алматы, 1990
Смагулова Н.К., Курманова А.К., Жукенова С.К. Функционалдық сауаттылық: жаңартылған білім мазмұны
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Көкшетау қ., Қазақстан
В статье обсуждается функциональная грамотность учащихся на основе содержания обновленного образования. В сегодняшнем меняющемся обществе учитель должен не только научить ученика основам науки. В связи с этим было изучена цель и задачи формирования функциональной грамотности ученика, концепция «функциональной грамотности», история его развития. Были систематизированы и проанализированы работы отечественных и зарубежных ученых по функциональной грамотности. Было идентифицировано особенности содержания обновленного образования. Показана его новизна от традиционной системы образования. Было продемонстрировано суть и значения формирования функциональной грамотности учащихся.
Smagulova N.K, Kurmanova A.K, Zhukenova S.K.
Functional literacy: content of updated content
Kokshetau State University named after Sh. Ualikhanov
Kokshetau city, Kazakhstan
The article dwells on the main functional literacy of students based on the content of the renewed system education. In today’s society which is changing so rapidly the teacher must teach the student more than just the basics of science. That is why the goal and tasks of the functional literacy of the student, by the concept of «functional literacy» and the history of his development were studied. The works of the scientists of our country and foreign scientists connected with functional literacy were systematized and analyzed. The peculiarities of the content of the renewed education were identified. The article shows the novelty of a new system of education as well as the essence and significance of the development of functional literacy of students.