Ә.Қ. Шапауов1, Е.И. Туровская2, М.Ә. Қабыкен3
1ф.ғ.к., профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік
университеті, Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы, е-mail: shapau@mail.ru
2ф.ғ.м., Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы
3аға оқытушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан Республикасы
КОМЕДИЯДАҒЫ ШЫНДЫҚ
Мақалада заман шындығы қазақ ұлттық драматургияның комедиялық шығармалары негізінде қарастырылады.
Кілт сөздер: комедия, драма, тартыс, күлк, шындық
КІРІСПЕ
Драмалық шығармалар негізінен: трагедиялық, драмалық, комедиялық болып іштей жіктелгенімен, олардың әр қайсысының бойынан бірінің табиғаты танылып жатады. Комедияға қоятын талапты драма, трагедияға қоюға болмайды, оның жанрлық табиғатына сәйкес өзіндік ерекшелік, белгілері бар. Ал, драмада трагедия, комедияның элементтері жүретін болса, керісінше шығармаға өң беріп, ажарлап тұрады.
Комедия – драма жанрының негiзгi бiр түрi. Комедиялық шығарма — қоғамдағы келеңсiз, адам өмiрiндегi кереғар, жағымсыз әрекеттердi көрсету, сынау үшiн және келешек ұрпақты осы қылықтардан сабақ ала отырып сақтау үшiн күлкiлi, әрi адамзатқа салмақ салар жағы бар көркем шығарма. Комедияның бiрнеше тәсiлмен дамитыны белгiлi. Комедиялық шығарманың әр элементi күлкi тудыратындай болуы шарт. Нағыз комедия кейiпкерлерiнiң тiлiне күлесiз, киген киiмiне, қимылына, сөйлеген сөзiне, жауабына күлесiз. Комедияның табиғатына, зерттелуіне байланысты көптеген еңбектер бар [1].
Ал, қазақ ұлттық драматургиясында комедия алғашқы кезеңде М. Әуезовтің, Б.Майлиннің, Ж.Шаниннiң күлкi жанрына арналған шығармаларында көрiнiс болды.
А.Байтұрсынұлы:” Тартыстың өзi басты-басты үш тарау болып бөлiнедi: 1) мерт, яки әлектектi тартыс [трагедия], 2) сергелдең, яки азапты тартыс [драма], 3) арамтер, яки әурешiлiк [комедия]. Тартыс күйге ән-күй қосылса, тартыс зауықты деп аталады. Тартыс сөз қу тiлдi болса, қулықты деп аталады; қисыны қызық болса, күлдiргi тартыс болады; сиқыр мазмұнды тартыс сиқырлы деп аталады…»,- деп сараласа, Ә.Тәжiбаев докторлық диссертациясында” [3,127] қазақ комедиясының алғашқы нұсқаларын, ауыз әдебиетiмен байланысын атап өтсе, Р.Нұрғалиев докторлық диссертациясында [4,228] комедия жанрына арнайы тоқталып, сараптап: сатиралық комедия және лирикалық комедия деп ұлттық ерекшелiк ыңғайына лайықтап, қорытындыға келеді, ал, Ж.Әбiлов кандидаттық [5,79], әрі докторлық диссертацияларында [6,229] комедиядағы ұлттық ой-сана проблемасы мен мәңгүрттiк проблемасының диалектикасын, халықтық түрін кеңінен қарастырады.
Комедия жанрының шарттарына жауап бере алатын алғашқы қазақ комедиографтары: Б.Майлин, Ж.Шаниндер ертеректе ел арасына тараған әзiлге, қулық, күлкiге бөленген әңгiмелердiң желiсiн алып, өңдеп, жандандырып, тамаша сахналық туындылар тудыра бiлдi. Ауыл арасында жүрiп, кейiпкерлерi де елмен қоян-қолтық араласа отырып, өз шығармаларын қойғанда, бұндай өнердi дала, қыр қазағы көре қоймағандықтан, әрi өздерi таңның атысы, күннiң батысы сауықшыл қазақ ауылдары жаппай тамашалап, демеп отырған. Ел өнерпаздары сол замандарда кәсіби театр жасады деп айтуға толық құқымыз бар.
Орыс әдебиеттанушы ғалымдарының өзiнде комедия жанрының сан түрлерi бар. Мысалы; С.Наровчатов шартты түрде:“сатирические, лирические, иронические, сентиментальные, романтические”[7,248],-деп бөледi. В.Сахновский-Панкеев: ”Комедия– счастливый жанр. Комедию любят все. Ведь ее непременный спутник – смех !” [8,224], десе, Н.Н.Киселев: “Комедия – это не просто пьеса, содержащая элементы смешного, это драматическое пройзведение, в котором комическое выступает доминирующим эстетическим качеством, когда и содержание конфликта, и способ его воплощения, и образы главных героеев комичны [9,9],- деген нақты ой-пiкiрлер айтады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Бейiмбет Майлин– күлкiнiң шеберi. Б.Майлин комедиялары бiр актiлi және көп актiлi болып екiге бөлiнедi. Комедия – Б.Майлин шығармашылығының басым бөлiгi. Себебi, автор ғасыр басындағы тұрмысы төмен, қараңғылығы басым қазақ ауылдарындағы, елдiң жаппай сауаттану кезiндегi күлкiлi элементтердiң негiзiнде болашақ шығармасына өмiрлiк басты желi ете алған. Әсiресе, қулығы басым молдасымақтардың айласы немесе “сауаттылықты жою” кезiндегi мұғалiм алдына әйелдерiн бергiсi келмейтiн ауылдың аңқау еркектерiнiң қылықтары, бозбала мен бойжеткендер арасындағы күлкiлi эпизодтар т.б. iсәрекеттерден тамаша сахналық туынды шығара бiлген. Бiр ескерерлiк Б.Майлиннiң алдында қазақ драматургиясы тарихында үлгi аларлық дәл сондай деген сахналық өнердiң болмағанына қарамай классикалық дүниелердi мұраға қалдырды.
Дәстүр жалғастығының көрінісі ретінде 1970-90 жылдар аралығындағы ұлттық драматургиямыздың белді комедияшылары қатарына Қ.Мұқамеджанов, С.Адамбеков, С.Жүнiсов, М.Хасенов, О.Бөкей т.б. жатқызуға болады.
Сәкен Жүнісов — комедия жанрына үш драмалық туындысын арнаған. “Қысылғаннан қыз болдық” атты музыкалық комедиясының басталу жүйесi, үлгiсi Б.Майлиннiң “Ыбыраймыз, Ыбыраймын” (1928ж) атты диалогке құрылған шағын өлеңiмен жүйелес, тiптi салыстыра қарасақ басқы жолдарына шейiн сол үлгiге салған. Бұдан пьеса авторы С.Жүнiсовтiң қазақтың бiр туар ұлы, ақын, драматургы, әңгiменiң алдына жан салмас шеберi Б.Майлиннiң шығармашылық өнерiн жалғастырғанын көремiз. Б.Майлин өлеңiн “кеше”, “бүгiн”- деп екi кезең, екi заман ағымына құрса, С.Жүнiсов комедиясының авансценасындағы шағын прологын осы шақ формасына, “бүгiн” атты заман ағымына келтiрген.
Б.Майлиннiң “Ыбыраймыз, Ыбыраймын”(1928) атты диалогке құрылған шағын өлеңiнде Ыбырай байдың заманындағы өктем дауысы, iсi мен совет заманы, конфискация тұсындағы өшiп бара жатқан кезеңiн орынды суреттейдi.
“Қысылғаннан қыз болдық” екi актiлi пьесада драматург ұстанымы бойынша ондағы көтерiлетiн мәселе екеу болуы шарт. 1) Бiрыңғай күлкiге арналуы қажет болса, 2) Күлкi астарында әлеуметтiк, адами мәселе, адамзат трагедиясын мысқылға, сатиралық образдарға телiп, сынауы шарт.
Комедияның көтеретiн мәселесi – совхоздағы мәдениет, көркем өнерпаздар үйiрмесiнiң хал-жағдайы. Авансценасындағы директор мен белгiсiз адам арасындағы диалогында д и р е к т о р д ы ң. ”Тұрмысымыз ежелден дұрыс-ау, әттең, мәдениетiмiз нашар аталып бюрода бұйраланып тұрмыз-ау !” — дегенiнен бар сырды аңғаруға болады. Комедиядағы оқиғаға қатынасушылар құрамы, яғни көркем өнерпаздар үйiрмесiнiң штаттық құрамы да күлкі тудырады. Бiрде-бiр кейiпкерлерiнiң өнерге деген бейiмi, ыңғайы жоқ. Тiптi көркемдiк жетекшiсi – Жұматтың негiзгi мамандығы — мал дәрiгерi.
Бiрiншi көрiнiстегi оқиға бастамасы да күлкi тудыруға бейiм тұр. Мысалы:” перде сырғып ашыла бере совхоз өнерпаздарының шағын ән-күй ансамблiнiң құрамындағылар ән салып жатыр. Өнерлiлер құрамы: Алтынбек – милиционер; Айгүл — оқытушы; Майра — басбух, декреттегi әйел; Сәния — аспазшы, декреттегi әйел. Ансамбльдiң қос жағында екi коляскада — сәбилер ұйықтап жатыр. Әнге қосылып сәбилердiң шыр -шыр еткен жыласы, оған ашуланған “с о в х о з д и р е к т о р ы . Осындай жерге балаларыңды шулатып әкелудi қашан қоясыңдар ! Ертең астанада сендердi тыңдай ма, балаларыңды тыңдай ма ? — дегенiне д е к р е т т е г i ә й е л д е р. Ендi қайда тастаймыз бұларды ? Декретiмiздi де дұрыс пайдаланған жоқпыз’’ дегендерiнен, комедиялық негiзгi тартыс — директор мен совхоз жұмысшыларының арасында. Совхоз милиционерi Алтынбек пен мал дәрiгерi Жұматтың арасындағы диалогтерi де күлкiлi жағдай жасай алады. Мысалы: Ж ұ м а т. Балаларды жаман үйрететiн аналары. Қыңқ етсе болды, қолақпандай шыныны көмекейлете бастайды, -десе, А л т ы н б е к. Ер жеткенсоң бөтелкелерге бұлар үйiр болмағанда, кiм үйiр болсын!
Драматург кейiпкер тiлiне де зор мән берген. С ә н и я н ы татаршалатып: ’’Ғадетләнбәсiн дисәгiз, балалар бахшасын нигә ашмисыздар. Бахша ашылми деп, пәрзәнт кутәрмәймiз ба ? Иари онда…’’,-дегенiн ұлттық өрнек жасайды.
Д и р е к т о р. «Бала көтеру үшiн менен рұқсат сұрайтын шығарсыңдар, жаман қатты. Бұлардың бала тапқышына не берерсiң…’’,- деп, қалтасынан соска кигiзген екi кiшкентай шөлмек шығарып,- мә, аудандағы аптекадан зорға сұрап алдым,- деуi де ерiксiз езу тартқызады. С. Жүнiсов совхоз директорының бейнесiне терең комедиялық характер бітіріп, »ең арты балалардың емiздiгiне’’- дейiн ойлайтынын (үйiрмеден бөлек) тiлге тиек етiп, күлкi тудыртып тұр.
Драматург С. Жүнiсов бұл комедия да тек қана осы тақырып аясында ғана, күлкiлi ситуацияларды ғана сөз етiп қана қоймай, қоғам, заман шындығын да қоса қабат берiп отырады. Мысалы: Сол кездегi елдi жерде жұмыс жетпеушiлiк, кiлең қартайған адамдар қалуы, туған ауылына жаны ашымайтын шенеунiктер т.б. қоғамдық, әлеуметтiк мәселелердi де тiлге тиек етiп отырады.
Д и р е к т о р. Қай жасың бар ? Қазiр жоғарғы оқу орнына түссе-ақ жастардың бiрi орала ма елге ? Елде де шаруа, жұмыс, былайша айтқанда, ел тағдыры күтiп тұр-ау, ауыл азаматы емеспiз бе дейтiн қайсың бар ? Бес жылғы оқу аздай, аспирантура, одан соң докторантура. Одан соң елге несiне келедi ?… Жалпақов деген агрономның баласын бес жыл совхоз күшiмен оқыттық. Оқуын бiтiрген соң »климат жарамайды’’ деген справка алып, астанада қалыпты»
С. Жүнiсов бiр кездегi совхоз мүлкiн, байлығын бас мамандардың бас пайдасына пайдаланушылық әрекеттердiң бетпердесiн де ашып бередi.
Өнер ұжымындағы адамдардың барлығында бiр ұран — совхоздағы мәдениет мәселесi. Комедия соңында бар қиындыққа шыдаған совхоз коллективi мәдениетте iрi табысқа қолдары жетедi. С.Жүнiсов комедияның эпилогын Бейiмбет Майлин өлеңiнiң үлгiсiмен, дамыта отырып аяқтайды.
Сәкен Жүнiсовтің “Кроссворд немесе әзiл маскарад” атты екi бөлiмдi сатиралық комедиясы алғаш рет бойынша 1983 жылы Семей қаласындағы Абай атындағы музыкалы драма театрында режиссер Е.Обаевтың шеберлiгiмен жүзеге асты. Қарағанды драма театрында 1989 жылы, Павлодар қаласында Ж.Аймауытов атындағы музыкалы драма театрында 1994 жылдың қаңтар айында белгiлi өнер қайраткерi Е.Тәпеновтың режиссерлығымен сәттi жалғасын тапты. Ал М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылып, ертеңiнде “Орталық Комитеттiң” тарапынан нұсқау берiлiп, театр репертуарынан алынып тасталды. Ол жөнiнде белгiлi театр, драматургия сыншы Ә.Сығаев: “Әуезов театры сахнасында небәрi бiрақ рет көрсетiлген “Кроссворд…” Орталық Комитеттiң нұсқауымен суырмаға қалай сып бергенiн бiлмей де қалды. Хайуандардан да бетер, мақұлықтан ары тұрған адам-азғындардың сұрқия сүлдесiн Маймыл, Түлкi, Қасқырдың кейпiнде маска арқылы күлкiлi көрсететiн драмашының асқан шеберлiгi әлдекiмдердiң шамына тидi. Қайсыбiреулер сахнадан өздерiн танып жатты. Кейбiреулер бiр-бiрiне күдiкпен қарай бастады” [10,78] ,- деп әдiл бағасын берген. “Кроссворд…” пьесасы турасында баспасөз беттерiнде ғалым, сыншылар қауымынан әртүрлi пiкiрлер болды [11].
Пьесаның бiрiншi көрiнiсiндегi оқиға бiр қалалық мекеме бөлiмнiң бастығы
Орынбасар Амировичтiң есiгiне кiру үшiн телмiрiп отырған қарапайым адамдар өкiлiдерi. Бастықтың қоңырауы шылдыр еткенде секретарь әйел Зоя iшке енiп, жылдам қайта шығып сырттағыларға:” Махаббаттың алғашқы белгiсi не ?’’ деп кiруге зарығып отырғандарға сауал тастайды. Iле-шала Зоя . ”Ал, кiм тез табады (күлiп), соны Орынбасар Амирович қабылдайды”,- дегенiнен-ақ iштегi бастықтың жұмыс уақытында ерiгiп, кроссвордты ермек қылып, қарапайым халықты елемей отырғанынан қандай адам екенiн сездiртедi. Бастықтың бұл қылығына шыдай алмаған жасы егде тарта бастаған Б а қ а й. Бұны бiзден неге сұрайды ? Сонда моральдық жағымызды тексеру ме?« –дегенiне музыкант-педагог М ұ р а т. Жоқ аға. Бұл — кроссворд, сөз жұмбақ, кейбiр адамдардың осындай хоббиi болады. Қайтесiз, бiлгендерiмiздi айта берейiк’’, –деп кейiстiк бiлдiрiп отыра бередi . Екiншi көрiнiстегi оқиға -Орынбасар Амировичке масхана бастығы Хайдаров мұңын шағып отырумен басталады. Өзi 34 жыл адал еңбек етiп келе жатса да шенi әлi күнге дейiн »капитан’’, ал өз тұстастарының алды »генерал’’, »полковник’’ болып жатқанын арасында тiлге тиек етiп қояды. Осы көріністен іле-шала пьесадағы қақтығыс, тартыс өрбiп кете барады. Бұл – шығармадағы алғашқы тартыс, қақтығыстардың басы. Бастық бiрге өскен тел құрбысы Хайдаровты бiрiншiден, мәдениетсiзсiң, есiктi қағып кiрмедiң, екiншiден, өзiнiң биiк қызметiн бетiне басып, айқайламай сөйле, жұмысың болса тез айттың,- астына ала бередi. «О р ы н б а с а р. Ал, естiсең сол, сенi майорлыққа қалалық милиция бөлiмi биыл да ұсынған екен, мен биыл да сызып тастадым. Қарсымын !
Х а й д а р о в. Қарсымын, неге ?
О р ы н б а с а р. Званияңды көтеретiндей соңғы 15 жылда ерекше еңбегiң жоқ.
Х а й д а р о в. Оу, вытрезвительдiң начальнигiнде не еңбек болуы керек көзге түсерлiк.? Немене мен гектарына 15 центнердiң орнына 20 центнер астық оратын диқанмын ба немесе бiр сиырдан пәлен литр сүт сауып жоспарды асыра орындайтын сауыншымын ба ?-деп екеуара талас-тартыс диалогы әр әңгiменiң басын қозғап айтысып отырады. Яғни, О р ы н б а с а р: ’’Медвытрезвитель жоспар орындамайтынын, сендер сол алқаштармен ауыз жаласып, тiптi пара аласыңдар’’ , –деп жапқан жаласына шыдай алмаған Х а й д а р о в
(жүрегiн басып, қиналып). Сонда бiз маскүнемдерден, бичтерден пара алмақпыз ба.? О-оһ!
Қисын жоқ қой, қисын…Сонда…менiң…парақор…ұры…болғаным ба?Дәлел»
Хайдаров ашуын «iшiне« бүге қойып, өзiнiң басты шаруасы — жаңа жылға құрдастарын қонаққа шақырып жатқанын, телефон арқылы өзiңдей үлкен адамды шақыруға ұят санап, ауызба-ауыз айтуды жөн деп тапқанын айтып Орынбасарды көндiредi. Креслоға бiржола үйренiп алған Орынбасар өзiне-өзi Хайдаров шығысымен. »Ұсталмаған ұры’’. Көрейiк бүгiн тұрмысыңды да, қызметтегi қылмысыңды да. Шынында да осыларды тым еркiнсiтiп жiбердiк. Бүгiн бiр тексерiп көрейiншi’’- деп күптi көңiлiне медеу тапқандай болып масайрайды.
Kелесi көрiнiстегi оқиғада — айықтырғыштағы тiршiлiк әрекетi жүрiп жатады. Масхана медбибiсi мен шомбал қара милиция қызметкерi күнделiктi, жаттанды рәсiмдерiн жасап, қабылдап жатыр. Хайдаров үйiнен »тойып’’ шыққан жаңа жылды ерте қарсы алушылар «түнгi көбелектей« айықтырғышқа топырлап кезек-кезегiмен түсе бастайды. Алғашқы болып Бақай-почтальон түседi.
С. Жүнiсов ойының әдеттегiден тың шешiмi – айықтырғышқа түсушiлерге өмiрдегi табиғатына сәйкес бiр-бiр «аңдық маска« кигiзiп, арнайы салқын бөлмелерге қаматады. Драматург мақсаты — өмiрдiң бұралаң жолын, iшiп-жеу, халық үстiнен күн көру, жағыну, өтiрiк қылымсу, арандату, басыну т.б. қаракеттердiң бетiн ашу, алдын алу. Пьесаның өмiршеңдiк негiзгi мәнi де осы.
Айықтырғышқа келiп түскен ’’клиенттерге’’ табиғатына сәйкес бiр-бiр маска кигiзедi: Бақай-’’қоян’’, Симулянский-’’түлкi’’, Ашот-’’борсық’’, Бөрiбай-’’қасқыр’’ , Фарид-’’есек’’ , Олег Hиколаевич-’’мысық’’ , Мұрат-’’маймыл’’ .
Жаңа жыл алдында »қызу жұмысты’’ бiр тексерiп шықпақшы болған бастық Орынбасар Амировичтiң де масханаға тап болуы — тосын, ерекше жағдай. Үстiнде қызмет киiмi болғанымен қалтасында еш құжаты жоқ, шомбал қара милиционерге өзiн мойындата алмай (себебi, ешқашанда қызмет бабымен жұмыс орнын араламайтын, кабинетiне ешкiмдi қабылдамайтын тоң мойын) алдыңғылардың соңын алып, «арыстан« маскасына ие болып қатарға қосылады.
Драматург С.Жүнiсов комедиялық шығармасының оқиғасын күлкiлi, ащы мысқыл тартысқа құрып, жаңа жыл қарсаңында »маскарад’’ ұйымдастырып, көрерменiнiң, қалың қауымның жүрегiне жылы жол тауып, оқиға тартысын, персонаждар әрекеттерiн қоюлатып, бүкпесiз шындықты, өмiрдегi шын келбеттерiн, сиықтарынан хабар бергiзу үшiн, »бет перделерiн’’ жауып бiр-бiрiне өз аттарынан сырларын айтқызатын тың амал ойлап тапқан.
С. Жүнiсов кеңес заманында халық атынан iшiп-жеушiлердiң, әлеуметтiк теңсiздiк, қызметiн жеке басына пайдаланушылардың шын портретiн сескенбей сахналаған. Пьесаның бiрiншi бөлiмi – кейiпкерлердiң кезек-кезегiмен маска киюлерiмен аяқталады. Шығарманың экспозициясы да толық ашылады.
Екiншi бөлiмдегi оқиға айықтырғыш iшiнде жалғасады. Оқиға тартысы да қыза түседi. Ақ төсектiң үстiнде жатқан «мастар«. Аңдар арасындағы басты әңгiме — »қоғамда кiм жегiш’’, — деп даурығысып, бәрi ’’Орынбасар Амирович’’ деп бас салысады. Аңдардың бiреулерi қорғаса, бiреулерi керiсiнше жегiштiгiн дәлелдегенсiп, өздерiнше айыптайды. Аңдар айтысы басталады да кетедi. Пьеса шындығы көзiмен қарағанда, аңдар өмiрдегi өздерiн танымай, тiршiлiктегi келеңсiздiк атаулыны ортаға салады. Араларында тек қана қу түлкi Арыстан (Орынбасар) кiрiп келгенде де жазбай танып, асты-үстiне түсiп »үлкен адам’’, байқап сөйлеңдер деп!,- жылмаңдай отырысады.«аңдар« өмiрiнен мысалдар келтiрейiк:
«М а й м ы л. Пой-пой ! Пой-пой ! Бүгiн бүкiл зоопарк көшiп келген бе ? Ой, сабазай, айуандардың жатысын-ай !«А р ы с т а н. Айуаның не, ей ?
М а й м ы л. Айуан деген мына сен — Арыстан, сен — Қасқыр, сен — Түлкi, сен — Борсық. Ал, өттерiң жарылып кетсе де !
А р ы с т а н. Iшкен екенсiң, жұртқа ұрынбай жайыңа тұр, көргенсiз ! ,– деп қай жерде де Арыстанның кеуде көтермек пиғылы қалмайды.
Драматург С. Жүнiсов әр айуанның iшкi жан дүниесiнен де сыр оқытады. Мысалы,
«Қоян« (Бақай) — қалалы жерде көп уақыттан берi адал еңбегiмен почтальон., 14 баласымен 4 бөлмелi үйде тұратын iшкiш. Бiр ғажабы қалалық үлкен мекеменiң меңгерушiсi Орынбасар Амировичпен көршi.
Түнгi қонақ -Мысық (Олег Николаевич) -өмiрдегi негiзгi қызметi- студент, болашақ журналист. Қаладағы қонақ үйлерде орын болмай (шынында олардың тiлiн таба алмай), түнеп шығар жер iздеп жүрiп, ақыры амалы таусылып «масханаға« келедi. Басында шомбал қара милиционер өз аяғымен келген бейбаққа таң қалып »аузыңнан арақ исi шықпайды деп’’, оның »далада үсiп өлемiн ғой, қонып шығайын’’,- дегенiне құлақ аспай қуып шығады. Түнгi қонақ көп ойланбай iшiп келiп »заңды қонақ’’ болып рәсiмiмен қабылданады.
Маймыл (Мұрат) – музыкант-педагог, үйленбеген, үйсiз-күйсiз, тұрмыстың ауыртпашылығы әбден езiп жiберген бейбақ жан. Айықтырғыш өзiнiң айтуынша тұрақты мекенi, демалыс орны. Алғаш кiрiп келгенде м а й м ы л (Мұрат). »Пой-пой ! Бүгiн бүкiл зоопарк көшiп келген бе ? Ой, сабаз-ай, айуандардың жатысын-ай ! ’’–деп барлығына бiрбiр тиiсiп өтуiнде үлкен сыр бар. Тiптi мына эпизод езу жиғызбайды. “Айуандар”-деген сөзге намыстанып қалған Арыстанды (Орынбасар), Түлкiнi (Симулянский) былай деп жақсы қатырады. М а й м ы л (Мұрат). “Биыл жазда курортқа келген бiр профессор осында түсiп қалды. Сол айтады:”Адамдарды өлiм ғана теңейдi”,-деушi едi бұрынғылар, ал бұл кезде “Адамдарды вытрезвитель теңейдi”,-дейдi. Так што, айғайлама, жолдас арыстан ! Сен түгiлi профессордың өзi де мына бiзбен тең сөйлескен, әттең ондай кiсiлiгi бар адамдар ендi түсер деймiсiң !”- дегенiнде ұлт, ұрпақ арына бататын сөз бар.
Маймыл (Мұрат) айықтырғышта күнде жататын үйi болғандықтан да оның үйреншiктi орны, төсегi, аяғына киетiн тәпiшкесiне дейiн бар, сол үшiн қасындағылармен сөзге келуiнде де ащы мысқыл, ауыр ой, салмақ бар. С.Жүнiсов Мұрат бейнесi арқылы өмiрдегi музыкант, педагогтардың көпшiлiгiнiң үйсiз-күйсiз, айлығы тамағына әрең жететiн халдерiн комедиялық шығармасына арқау етiп, кеңес үкiметi заманында құпия, бәрi жақсы делiнiп келген тұсында да ашық айтып, шындығын әшкерелеп бередi.
Арыстан (Орынбасар) – айықтырғышқа ойламаған жерден келiп түседi. Орынбасар Амирович өмiр тұрмысынан кабинетiнде төрт қабырғаға қарап артта қалғанын бiр түннiң iшiнде сезiнедi, күйiнедi, ерiксiз қатты ойға шомады. Пьесаның әлеуметтiк мәнi де осында. Бастықтың тоң мойыны әбден сiресiп қалғаны сонша, жар бере қоймайды. “Ә” дегенде аңдар айтыс-тартыс диалогтарындағы негiзгi әңгiме арқауы “қоғамда, өмiрде, осы кiм жегiш, iшкiш, пайдакүнем” дегенде, барлық аңдар бiр ауыздан шу етiп “Орынбасар Амирович” деп даурығысады. Оған арыстан кейпiндегi Орынбасар өзiнiң табиғи қалпына түсiп кеткенiн бiлмей шыр-пыр болады да қалады.
Пьеса шарықтау шегiне жетiп, »маскалы аңдар’’ сырласуынан шындықтың бетi ашылып, осы болып жатқан, кеткен ақауларға «кiм кiнәлi« деген заңды сауалға тұспалмен, жобамен жауап алғандай болған сәтте айықтырғыш бастығы, капитан Хайдаров үйiнде ұйықтап жатып, небiр ауыр түс көрiп, сандырақтап оянады. Күйеуiнiң жанайқайына ас үйден жүгiре басып келген әйелiн көргенде одан бетер ыршып кетедi. Сөйтсе ұйқылы-ояу күйiнде әйелi қолындағы нан жаятын оқтау – дубинка ұстаған милиционер болып көзiне елестейдi. Жөнiне ендi келген капитан өз қонақтарының түгелдей айықтырғышқа түскенi – тәттi түсiндегi қиялы екенiне қатты қуанып кетедi.
ҚОРЫТЫНДЫ
“Кроссворд немесе әзiл маскарад” атты екi бөлiмдi сатиралық комедияның көтерген мәселесi – бүгiнгi өмiрдегi шындық. Қазiргi заманда да айықтырғыштағы оқиға барысы осы сатиралық туындының айналасында. Драматург С. Жүнiсов елiмiздегi iндет – маскүнемдiктiң, халық басындағы трагедиялық халдiң бетпердесiн ашып, көрсетедi. Пьеса авторы көптеген жағдайлардан шетпұшпақтап, ишара тастап, “ойлан, ұрпақ” ұранын да қатар көтерiп отырады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
Фильдинг Г. Комедия. М., 1954. В.Андре. Бесчеловечная комедия (О Бальзаке).М.:1967. Фролов. О советской комедии.М.:,1954. Судбы жанров драматургии.М:,1957. В.Сахновский-Панкеев. О комедии. М.:,1964. В.Волькенштейн. Драматургия..М.:,1969. Ю.Манн. Комедия Гоголя «Ревизор «. М:,1966. Н.Н.Киселев. Проблема русской советской комедий.Т.:, 1974., И.Л.Вишневская. Гоголь и его комедии.М:1976., Вишневская . Комедия на орбите. М:,1979. А.Журавлева. А.Н.Островский — комедиограф. М:, 1981.
Байтұрсынов А. Ақ жол. А:1991. /Құраст. Р.Нұрғалиев/
Тәжiбаев Ә. Қазақ драматургиясының қалыптасуы мен дамуы: Филол. ғыл. докторы ғыл.дәреж.алу үшін жазылған диссертация. Алматы, 1970.
Нұрғалиев Р. Қазақ драматургиясының жанрлық проблемалары: Филол.ғыл. докторы ғылыми дәреж. Алу үшін жазылған диссертация. Алматы. 1982.
Әбiлов Ж.Қ.Мұқамтежанов драматургиясы: Филол.ғыл.канд…дисс. А.,1995.
Әбілов Ж. Қазақ комедиясының генезисі мен жанрлық негіздері. ф.ғ.д., ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. Алматы. 2001.
Наровчатов С. Необычное литературоведение. М: Дет.лит.1981.
Сахновский-Панкеев В. О комедии. Л-М: Искусство. 1964.
Киселев Н.Н. Проблемы русской советской комедий 20-30-х годов. Автореферат на соис.уч.степ.докт.филол.наук. Москва. 1973
Сығаев Ә. Өмiрдiң өз шындығы //”Қазақ әдебиетi” 4.02.1994.
Сапаев Ғ. Масханадағы маскарад //”Семей таңы” газетi,6.03,1998ж, С.Алпысов.
Айықтырғыштағы ағайындар //”Орталық Қазақстан” газетi, 19.01.1989.
М.Құрманғалиұлы.Мыйтрезвитель//”Сарыарқа самалы” газетi, 12198,.1994 .
A. Shapauov, Y. Turovskaya, M. Kabyken
Comedy and today’s
Sh.UalikhanovKokshetau State University Kokshetau, Kazakhstan Eurasian National University named after L.N. Gumilyov, Astana, Kazakhstan
Comedy and today’s. The is a problem of negative sides of contemporary reality speculated in the article.
А.К. Шапауов, Е.И. Туровская, М.А. Кабыкен
Комедия и сегодня
КГУ им. Ш. Уалиханова, Кокшетау, Казакстан
Евразийский национальный университет имени Л.Н.Гумилева, Астана, Казахстан
В статье в основе комединых произведении казахской национальной драматургии рассматривается проблема негативных сторон современной действительности.