А. Туймебекова
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.,
atuymebekova@mail.ru
Б. МОМЫШҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ӘДЕБИ-
ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР
Мақалада Б.Момышұлының шығармашылығындағы әдеби-теориялық мәселелер қарастырылады. Б.Момышұлының «Соғыс психологиясы» шығармасы зерттеледі. Әңгімедәрісте соғыс жағдайындағы және одан кейінгі әдебиеттің, өнердің алдында тұрған көкейкесті мәселелер мен міндеттерінің өрнектелуі талданады. Шешен де өткір сөйлеу Б.Момышұлына тән ерекшелік екендігін көрсетеді. Б.Момышұлы шығармашылығының даралығы дәйектеледі
Кілтті сөздер: соғыс психологиясы, әңгіме-дәріс, көркемдік, қаһармандық психология, ұлттық әскери ілім.
КІРІСПЕ
1944 жылы 19 қаңтарда СССР Ғылым академиясының қазақстандық филиалының залында академия басшыларының ұйымдастыруымен ғылым және өнер қайраткерлерінің таңдаулы өкілдері алдында 6 күнге созылған полковник Б.Момышұлының әңгіме-дәрісінің стенограммасы қалың жұртшылыққа «Соғыс психологиясы» деген атпен жетті.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
«Соғыс психологиясында» Мәскеуді қорғаушы қазақстандық панфиловшылар дивизиясының, оның ішінде автордың өзі тікелей куәсі болған «Талғар полкінің» жауынгерлік ерлік шежіресі, әйгілі қолбасшы И.В.Панфиловтың әскери дарыны мен адамдық тұлғасы, ұрыстағы солдат пен командирдің орны, парызы мен психологиясы тарихи-психологиялық тұрғыда жан-жақты баяндалды. Бұл әңгіме-дәрісті жаңа сипатты ұлттық әскери ғылымның негізін қалаған бірегей теориялық-практикалық еңбек деуге болады. Автордың басынан кешкен тікелей соғыс тәжірибесіне, терең талдау мен қорытуға құрылған құнды материал өзінің кең ауқымдылығымен, жүйелілігімен, тарихи негізділігімен және баяндаушының парасат-пайымының кеңдігімен кейінгі зерттеулерге негіз, дерек көзі болды.
Әңгіме-дәрісте сондай-ақ соғыс жағдайындағы және одан кейінгі әдебиеттің, өнердің алдында тұрған көкейкесті мәселелер мен міндеттер кеңінен қозғалды. Мұның бірнеше себептері болды:
Баяндаушының аудиторияға бейімделуі: ғылым, өнер қайраткерлері өздеріне соншалықты таныс емес соғыс жайын, психологиясын кеңірек білуді, түсінік алуды мақсат тұтты, әсіресе жазушыларды соғыс шындығы мен ондағы адамның сезім-күйі, жағдайы, қаһармандық пен оған мүлде қарама-қарсы қорқақтықтың психологиялық негіздері, оның ұрыс кезіндегі әр алуан көріністері айрықша қызықтырды;
Баяндаушы-автордың өзі де аудиторияның талабына табиғаты, ішкі мақсат-мұраты тұрғысынан біршама жақын келді: шығармашылықпен белсенді айналысуға мүмкіндігі болмаса да, әдеби процесті, шығармашылықтың ерекшеліктері мен талаптарын жақсы сезінді, бұл тақырыпта қызулана, шабыттана сөйлеген ол көптен жан-дүниесінде қорытылған, жүйеленген ой-толғаныстарын түйдек-түйдегімен ортаға салып, әдебиеттің, өнердің келелі мәселелерді көтерді, ой бөлісті.
Бұған Б.Момышұлының ішкі дайындығы да мол болды. Ұрыс күнделігі мен майдан жазбаларын тыңғылықты жүргізуі, А.Бектің «Арпалыс» кітабына материал беруі және шығармашылық процеске, түрлі талқылау жиындарына белсенді қатысуы, ел басшылары мен зиялы азаматтарға хаттар жазуы, өзінің де аракідік уақыт талабы мен міндетіне сай туындылар жазуы (өлеңдері мен толғаулары, мақал-мәтелдер шығаруы т.б.) – Б.Момышұлының қаламгер ретінде іштей қалыптасуының маңызды кезеңі болды. Сол себепті де әңгіме-дәрісте әдебиеттің көкейкесті мәселелерінің өткір қозғалуы кездейсоқтық емес, автордың өзіне де маза бермей, ерекше толғантқан уақыттың өткір талабымен, сұранысымен туған жайлар еді.
Сондықтан да бұл айтулы әңгіме-дәріс ұлттық әскери ілімнің алғашқы бірегей зерттеуі, ой қорытуы болумен қатар әдебиеттану ғылымында да өзіндік орны, маңызы бар еңбек деп білеміз.
«Соғыс психологиясында» айтылған ой-пікірлер мен принцип-тұжырымдар бұған дейінгі хаттарында да, А.Бектің «Арпалыс» кітабына байланысты сөйлеген сөздерінде де ұшырасады. Бірақ бұл қайталаулар әңгіме-дәрісте тереңдетіліп, мысалдармен дамытылып, нақтыланып жүйелене түседі.
Шешен де өткір сөйлеген Б.Момышұлы сөзінің эмоциялық қуаты аудиторияға, әсерлі жоғары болды. Ол ой тереңдігінен, дәлел-тұжырымының нақтылығынан, адамның сезіміне, көңіл-күйіне айрықша ықпал жасайтын сөздерді ойнатып-құбылтып пайдалануынан көрінеді.
Шешен де өткір сөйлеу Б.Момышұлына бұрыннан тән ерекшелік, табиғат сыйы десек, республика зиялы қауымы алдындағы бұл әңгіме-дәрісі де нағыз шешендіктің, сөз қадірін, қуатын терең сезінудің және пайдаланудың көрінісі болғаны сөзсіз. Бұл ыңғайда айтылатын бір ой – жалпы Б.Момышұлы бабалар дәстүрін бойына сіңіріп, бүгінмен жалғастырған сөз құдыретін, қасиетін ұғынған айтулы тұлға.
-Ұрыс үстіндегі жауынгердің, командирдің психологиясын өте жетік біліп, ғылыми талдау-зерттеулер жүргізуі кейін Б.Момышұлының қолына қалам алғанда психологжазушы болып қалыптасуына игі ықпал жасады;
-Ұрыстағы солдаттың психологиясын зерттеу, нақты соғыс тәжірибесі авторға көп материалдар берді, іштей қорытылған, сұрыпталған ойлар, өмір шындықтары жазушы туындыларына сұранып тұрды;
-Өз кезеңіндегі шығып жатқан туындыларда ұрыстың негізгі шешуші тұлғасы солдат психологиясының шынайы ашылмай жатуы Б.Момышұлына ой салды, толғантты, кейін шығармагершілікпен айналысқанда, кешегі соғыста опат болған, ерлік көрсеткен қаруластардың сезім-сырларын, арман-мұратын кейінгі ұрпаққа шынайы жеткізу парызым деп санады.
Әдебиеттің өрелі мәселелерін жан-жақты қозғаудан Б.Момышұлының көркем шығармадағы психологизмнің орны туралы пікірлері мен кейін жазушы ретінде қалыптасуындағы суреткерлік ұстанымы көрінеді.
Жалпы, соғыс тақырыбына жазылар туындының басты өлшемі шындық болуы тиіс, ол бұрмаланбауы қажет деген қағиданы Б.Момышұлының сөйлеген барлық сөздерінен, хаттары мен күнделік-жазбаларынан тұрақты кездестіреміз. Мұндай ой-тұжырымдары «Соғыс психологиясында» да тереңдетіліп, жүйеленіп беріледі.
Автор дәрістің кіріспесінде ой тиегін әдебиетке қатысты мәселермен былай өрбітеді:
«Мен неліктен соғыс жөнінде жазып жүрмін? Өйткені, соғыс адам өміріндегі ең бір дүр сілкінерлік, жан түршігерлік оқиға. Тылда адам соғыс туралы ойша елестетіп қана жүреді. Майданда ой жүзінде елестету егер де ол ақиқаттан биік тұрса жақсы, бірақ соғыста қазіргі заманғы ақиқаттан биік еш нәрсе де жоқ, сондықтан ақиқат шындықты талап етеді. Сіздер театрдан немесе кино экранынан соғыстың көріністерін көріп жүрсіздер, бірақ сіздер оның ішкі мән-мазмұнын кинодан да, театрдан да көре алмайсыздар, себебі көптеген жазушылар мен өнер қызметкерлері соғыс туралы шындықты, ақиқатты терең түсіне алмайды, долбарлап, қиялдан шығарып жазады, мұнысы шындыққа сай келмейді» [4,13-14],- деп жазады Б.Момышұлы.
ҚОРЫТЫНДЫ
Б.Момышұлы көркем шығармадағы ойдан шығарудың, қиялдың орнын өте жақсы түсінеді. Дей тұрғанмен, автордың айтуында сол қиял, ойдан шығару ақиқаттан, шындықтан биік тұрса ғана жақсы. Ал қиял мен ойдан шығару ақиқатты, шындықты көмескілеп, бұрмалап көрсетсе, бұл барып тұрған зиян. Б.Момышұлының көзқарасы, ұстанымы осыған саяды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1991. -572 б.
2. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. 4 т. – Алматы: Жазушы, 1978. — 194 б.
3. Ақшолақов Т. Көркемшығарманың эстетикалық табиғаты. – Алматы: Ғылым,
2001. – 430 б.
4. Қаратаев М. Шеберлік шыңына. – Алматы: ҚМКӘБ, 1963. – 296 б.
5. Майтанов Б. Сөз сыны. – Алматы: Ғылым, 2001. – 215 б.
6. Нұрғали Р. Телағыс. – Алматы: Жазушы, 1986. – 439 б.
7. Ыбырайұлы М. Халықтық мінез хақында. // Абай журналы. 1996, № 2. – 103 б.
8. А.Байтұрсынов. Әдебиет танытқыш. – Алматы, Жібек жолы, 2002. – 208.
9. Майтанов Б.. Қазақ романы және психологиялық талдау. –Алматы, Санат, 1996. – 336.
10. Г.Пірәлиева. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері. – Алматы, Алаш, 2003. – 327 б.
11. Б.Момышұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1т. –Алматы, Жазушы, 2002. – 480 6.
В статье рассматриваются литературно-теоретические проблемы творчества Б.Момышулы. Изучается психология войны в их произведениях. Анализируется как изображается в рассказе-лекции актуальные вопросы изадачи, которые стоят перед литературной военных и послевоенных лет, показывает на материалах повести острый речь писателя. Таким образом, выводится своеобразие творчество писателя
The article discusses the literary and theoretical problems of B.Momyshuly’s creativity. We study the psychology of war in their works. Analyzed as depicted in the story-lecture current issues of the challenges that face the literary military and post-war years, shows on the materials of the story a sharp speech of the writer. Thus, it is displayed with.