АСАН ҚАЙҒЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЕЛДІК МҰРАТ

А.Д. Әлтай, С. Ш. Айтуғанова
филология ғылымдарының докторы, профессор; филология ғылымдарының
кандидаты, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан

АСАН ҚАЙҒЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЕЛДІК МҰРАТ
Қазақ әдебиетінің тарихында ақын-жыраулар поэзиясының орны ерекше екені белгілі. Мақала қазақтың төл әдебиетінің басында тұрған белгілі жырау Асанның өмірі мен шығармашылығын талдауға арналған. Мақалада Асан Қайғы толғауларының тақырыбы мен көтерген мәселелері қарастырылған. Осы тұста жыраудың шығармалары оның замандасы Қазтуғанның толғауларымен салыстырыла отырып қарастырылады. Оның толғауларындағы ата жұрт, атамекен тақырыбы және осы ұғымдармен сабақтаса көрініп отыратын өз заманындағы ел тағдыры, әлеумет өміріне байланысты ойидеялардың берілу ерекшеліктеріне талдаулар жасалған. Бұл ерекшеліктер «Қырында киік жайлаған…», «Құйрығы жоқ, жалы жоқ…», «Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің…», «Көлде жүрген қоңыр қаз…», «Бұл заманда не ғаріп?» т.б. толғауларынан нақты мысалдар келтіріліп, дәлелденген. Сонымен қатар Асанның бейнелі қолданыстарды қолданудағы шеберлігі шығармаларындағы дидактика мен философиялық таным тұрғысынан талданып, тұжырымдар жасалады.
Кілт сөздер: елдік мұрат, жырау, толғау, тарихи тұлға, дидактикалық сарын, тәуелсіздік, философиялық таным, ел тағдыры.

КІРІСПЕ
Қазақ мәдениетінің даму тарихында ұлттық төл әдебиеттің бастауында тұрған ізашар тұлға ретінде ғана емес, жалпы қазақ дүниетанымының өзіндік ерекшелігін, қазаққа ғана тән көзқарастың бірегей белгілерін танытатын тұлға ретінде бағалануға лайықты, ел жадындағы сөздерде аңызы мен ақиқаты араласа ұсынылатын ойшыл жырау – Асан қайғы Сәбитұлы.
Қазіргі уақытта да қазақ даласының кез келген түпкірінен «Асан қайғы айтқан екен…» деп келетін алуан нұсқалы сөздерді жиі естуге болады және сол сөздердегі Асан сөзі сол өңірге, сол төңіректегі жер-суларға қатысты болып шығады. Ал Асан қайғыға байланысты кең таралған әңгіме оның Жерұйықты іздеуі екендігі баршаға мәлім.
Осы орайда Асан қайғы туралы ел аузындағы аңыздарға қатысты ой түйінін ұсынсақ, бұл әңгімелерден Асанның қазақ жерінде өмір сүргені анық тарихи адам екендігі байқалады. Сонымен бірге Асан қайғының елге жайлы қоныс болар жерді іздегені де анық [1]. Тек ел аңыздары ойшыл жыраудың сол әрекетін өзінің аңсар-арманымен сабақтастыра дамытып, тарихи оқиғаны аңыздық элементтермен байытып жіберсе керек. Бұл тұрғыдан қарағанда, тарихи Асан жыраудың жалпы халықтың арман-аңсарын арқалаған аңыздық бейнеге айналып кетуінің өзі оның халық тарихындағы орны ерекше тұлға болғанын байқатады.
Аты аңызға айналған жыраудың дүние салған мерзімі де, топырақ бұйырған жері де аңызға ұласып кеткен. Аңыздардың бірі Асан қайғының жатқан жерін Ақтөбе аймағынан іздеуге жетелесе, енді бірі үш жүздің басын қосқан қарт Ұлытау өңірінен бұйыртады. Қалай болғанда да, Асан қайғы – қазақ даласының ойға бай, тілге шешен сөз иелерінің бірі.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Асан Қайғы шығармаларын өз дәуірлесі Қазтуған жыраумен салыстыра қарасақ, бұл екі жыраудың бір-бірінен бөлектене танылатын тұстары олардың елдік мұрат жолындағы ісәрекеттерінің сипатына қатыстылығын байқаймыз. Мақсат ортақ болса да, екі жыраудың елдік деңгейдегі қайраткерлік істерінің мазмұны бір-бірінен бөлекшелеу келеді. Қазтуған толғауларынан оның әрекетшілдігі, қандай да бір істің бел ортасында өзі араласа жүріп, қарекет жасайтыны аңдалса, Асан қайғыдан жол нұсқау, ақыл-кеңес беру үлгісіндегі әрекет басым сезіледі. Осы жәйттерге назар аударар болсақ, Асан қайғының бізге белгілі жыртолғаулары айтылған кезеңде жыраудың жасы ұлғайып, белсенді әрекеттен қала бастағанын, сол себепті өмірден көрген-түйгендерін ұлағат ете және салиқалы ақыл-ойға ден қоя ұсынғанын байқаймыз. Жыраудың ішкі мазмұны динамикаға толы жырларының өзінде бітімге бейімділік, тыныштықты алдыңғы орынға қою сияқты мақсаттардың жетекші мән иеленуінің бір сыры осында жатса керек. Оның жыр-толғауларының: Еділ бол да, Жайық бол, Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе, Жаныңды аяп тұрыспа. Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те, қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа… [2, 26] – деген үлгіде келуінің өзі толғау иесінің ақыл-ойға кемел жасқа келгендігін, адам өмірінің мәніне парасат арқылы ден қоятынын танытады.
Асан қайғы туындыларының мазмұны мен сол туындылардың әрқайсындағы ойтүйіндерді басшылыққа алсақ, оның жыр-толғауларын тарихи оқиғалармен сабақтастыра, іштей үш кезеңге жіктей тануға келеді. Бірінші кезең қазақтардың ноғайлы жұртынан ірге ажырата, өз мемлекетін құруға бет түзеген алғашқы жылдарымен орайласса, екінші кезең Қазақ хандығының өзіндік саяси бағыт-бағдарын белгілеуге, айналадағы жұртқа дербес ел ретінде танылуға ұмтылыс жасалған жылдармен айқындалады, ал үшінші кезең хандықтың біршама нығайып, ендігі кезекте ішкі тірлігін тиянақтау, елдің өз ішіндегі түрлі сипаттағы қарым-қатынастар мен байланыстардың жөн-жобасын қалыптастыру жолдарын нақтылай бастаған жылдарын танытады.
Асан қайғы жырларына осы тұрғыдан зейін аударсақ, оның жыр-толғауларынан сол уақыттың тіршілік тынысын, ел ішінде көріне бастаған кейбір қайшылықтарды, елдің көңіл ауанын, бойға дарытқысы келетін және бойдан арылтқысы келетін мінездері мен міндерін көрер едік. Жыраудың алғашқы кезеңге тән жыр-толғауларын «Қырында киік жайлаған…» және «Құйрығы жоқ, жалы жоқ…» деп басталатын шығармалары құрайды.
Асан қайғының ел мен жер қадірі, ел мен жер алдындағы Ер парызы хақында кеңінен қамти жырлаған туындысы – «Қырында киік жайлаған…» толғауы. Жалпы мәтінге қарай отырып, бізге дейін толық көлемде жетпегенін аңғаруға болатын бұл толғаудың баршаға белгілі нұсқасы:
…Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің… [2, 23] – деп басталатыны мәлім. Осы үзіндідегі соңғы тармаққа назар аударсақ, бұл шумақтың алдында бізге белгісіз шумақтар болғанын байқаймыз. Дегенмен, кейінгі шумақтарға сүйене отырып, аталмыш толғаудың жалпы құрылымы қалай түзілгенін пайымдауға болады. Яғни әр шумақта әуелі нақтылы бір жердің ерекше қадір-қасиеті бейнелене келіп, шумақ түйінінде сол жерге тұрақтай алмаған ел билеушісіне деген жырау реніші ашық айтылады.
Бұдан кейінгі шумақтарда жырау Ойыл мен Еділ бойын сипаттай келіп:
…Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген Еділ деген қиянға, Еңкейіп келдің тар жерге.
Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду… [2, 23] – деп түйеді.
Үзіндінің соңғы екі жолынан анық көрінетіндей, Асан қайғының реніш-наразылығы бір жерге тұрақтамай, көше беруге байланысты ғана туындамаған. Жырау наразылығы жеке бастың қамынан туған реніш емес, ата қонысқа ие болып отырудың жолдарын ортаға салар алқалы кеңес болмағанына, ақылдасқанның өзінде, ел тірлігіне ықпалды жандардың ортақ бәтуаға келісіп, ортақ тіл табыса алмай жүргеніне қатысты туған, ел тағдырына алаңдаудан туған әрекет.
Ел күйіне алаң Асан қайғы ел тізгінін ұстағандарға ренішін білдірумен, кемшілігін бетке айтумен ғана шектелмейді, көргені мен түйгені мол парасат иесі болғандықтан, әрі халыққа да, ханға да сөзі өтімділігін сезінгендіктен және өзінен сол жұрттың салиқалы ой күтетінін түсінгендіктен, ендігі жерде ел көңіліндегі алаңды тарқату үшін не істеу қажеттігін де, сол әрекетті жасаған жағдайда нені мақсат ету керектігін де айқындай көрсетеді. Жыр түйінінде жыраудың:
…Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!.. [2, 23] – деп кесіп сөйлеуі сондықтан. Демек, жырау мақсаты – ата қонысты қолда ұстау. Өйткені қарт жырау ата жұртты қайырлы қонысқа айналдырғанда ғана, ел тірлігіне құт-береке кіреді деп түсінеді.
Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде ел мен елдің бөлінуін өз көздерімен көріп, әрекет ортасында болған Қазтуған жырау мен Асан қайғы күні кеше бір хандық аясында тірлік кешкен жұрттың ендігі жерде бөлінуі қажеттігін қапысыз түсінсе де, қалай бөлінуі қажеттігіне келгенде екі түрлі бағыт ұстағанға ұқсайды. Нақтылай айтқанда, Қазтуған: «Қайырлы болсын сіздерге Менен қалған мынау Еділ жұрт!..» – деп, өз елінің басындағы ахуалға көндіге, ата қоныстың ендігі иесі – кешегі қоңсылас, бауырлас жұртқа қасиеттісін аманат ете, өз жұртына басу айта түйіндесе, жоғарыда айтқанымыздай, бұл жағдайға Асан қайғының көзқарасы басқаша танылады. Асан қайғы жыр-толғауларында құтты қоныс – Жерұйық идеясының жетекші маңыз иеленуінің бір ұшы да осы тұста жатса керек.
Асан қайғының ел ішінде кең танымал сөздерінің бірі – «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер…» деп басталатын толғау. Жыраудың елге белгілі бұл сөздері ұзақ толғаудың бір үзігі болуы да ықтимал. Десек те, жорамал жетегінде кетпей, қолда бар мәтінге сүйене отырып, жыраудың ой-мақсаты жайында ой өрбітіп көрелік.
Риторикалық сауал үлгісінде келетін бұл толғаудың төрт жолы бірдей құрылымда, яғни жоғарыда берілген алғашқы тармақтың үлгісін сақтай отырып, берілген. Осы бір ғана шумақты екі түрлі оқып, екі түрлі мағынада қабылдауға болады. Бұл үшін әр тармақты іштей логикалық екі бөлікке бөле оқып, мағыналық өзгерістеріне назар аударған абзал. Осылай еткен жағдайда бұл толғау мынадай үлгіде көрінеді: Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер? Шыбын шықса, жаз болып, таздар қайтіп күн көрер, Жалаң аяқ балапан, қаздар қайтіп күн көрер? [2, 24].
Әр тармақтағы логикалық бөлікке логикалық екпіннің қалай түсуіне байланысты тармақ мағынасы өзгереді. Бірінші жағдайда тармақтардың алғашқы бөлігі (қарайта берілген тіркестер) нақты объектіге тікелей қатысты проблеманы көрсетіп, тұтастай көркемдік мазмұнға пессимистік бояу үстейді. Толғаудың пессимистік мәнде қабылдануының тағы бір себебі – «қайтіп күн көрер?» деген сауалмен аяқталуы. Осыған орай, шығарманы тығырыққа тірелген жыраудың жан айғайы іспетті қабылдауға болады және осылай қабылдап та жүрміз.
Әйткенмен, толғауды басқаша мәнде де түсінуге болады. Жоғарыда айтқанымыздай, әр тармақтың алғашқы бөлігі нақты проблеманы көрсетеді. Алайда, бұл проблемаларды шешуге адам баласының құдірет-күші жетпейтіні анық. Өйткені құланның құйрық-жалы, жыланның аяқ-қолы жоқтығы да, жылына бір рет жаз болып, шыбын шығатыны да, қаздардың жалаң аяқ жаралатыны да және олардың адам қалауымен өзгеріп кетпейтіні де – шындық. Ендеше, жырау адам баласы өзгерте алмайтын жағдайды неліктен проблемаға айналдыруға тиіс?
Біздіңше, жыраудың алға тартып отырғаны – проблема емес, жағдайдың өзі. Егер тармақтардың алғашқы бөліктерін жағдайдың көрінісі ретінде қабылдасақ, онда екінші бөлікті құрайтын риторикалық сауалдар әрі сауал, әрі соған берілген жауап болып шықпақ. Бұл жағдайда әр тармақтан «Құйрығы жоқ, жалы жоқ болғанымен, құлан да күн көріп жүр» деген үлгідегі жауаптарды табуға болады. Бұлай түсінген жағдайда толғау әлдебір қиындыққа кезіккен елдің еңсесін көтере жігерлендіруге бағытталған оптимистік туынды ретінде қабылданады. Әрине, біз бұл ойымызды ортаға салған кезде үзілді-кесілді пікір ретінде ұсыну ниетінен аулақпыз, тек осы толғауды басқаша мәнде қабылдауға болатынын да аңдатуды жөн көрдік.
Асан қайғының бүгінге дейін жеткен толғаулары қатарынан қазақ пен ноғай бөлінген жылдар еншісіндегі шығармаларына тән сипаттар ретінде ата жұрттан қоныс аударған ел көңіліндегі алаңдаушылық, қимастық, сағыныш, реніш сезімдерінің, сондай-ақ, елдің ертеңгі күнінің жақсы боларына деген сенімділіктің көрініс табуын айтуға болады. Жырау шығармаларынан танылатын мұндай көңіл күйлері оның өзіне де тікелей қатысты болғаны хақ.
Ал жыраудың бұдан кейінгі кезеңдегі іс-әрекеттерінің қандай бағытта өрістерін ел ертеңіне деген кәміл сенімділік айқындаса керек. Бұл орайда жырау шығармашылығының екінші кезеңі ретінде Жәнібек хан ел тізгінін қолға алған жылдардың алғашқы тұсын атауға болады. Бұлай деп тануымызға мүмкіндік беретін негізгі себеп – Асан қайғының өз сөздері.
Мәселен, ол Жәнібек ханға қатысты айтылатын әйгілі толғауында: Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің. Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!. [2, 24] – деп бастап, одан арғы тармақтарда ханның оғаш қылықтары мен іс-әрекеттерін бетке айтып, өткір сынайтыны белгілі.
Осы арнау-толғауға байланысты айтылған пікірлерде жыраудың ханды сынай отырып, ақыл-кеңес бергені, елдің жайын, әлеуметтің қамын алға тартқаны және осы жағдайлар негізінде оның ел басқару ісіне белсене араласқаны айтылып келеді. Мұндай пікірлердің орынды екені анық. Өз тарапымыздан біз айтылған жәйттерді қайталамас үшін толғау мәтінінің көркемдік-идеялық жақтарына назар аударғанды жөн көрдік.
Асан қайғының сынап тұрған әміршісі – ел билігіне келіп-кеткен әлдебір байбатшаның бірі емес, ел тарихында жарқын із қалдырған, дербес елдің іргесін нығайту жолында ерен істер тындырған, сол ерліктері мен еңбектерінің арқасында халық жадында «Әз-Жәнібек» аталып, қасиеттеле ардақталған бірегей хан.
Олай болса, ақылман жыраудың халық қастерлеген ханды аяусыз сынап, сынап қана қоймай, сөз соңында: «Хош-аман бол, Жәнібек, Енді мені көрмейсің!» – деп үзілді-кесілді шорт қайыруының сыры неде? Бұл сұрақтың жауабын: «Асан қайғы Жәнібек ханнан жасы үлкен болғандықтан, батыл-батыл сөйлеген», – деп қайыра салсақ, тым асығыс, тым қарабайыр түйін болмақ. Себебі – толғауда көтеріліп тұрған мәселе адам жасының үлкенкішілігіне тіреліп тұрған жоқ, одан әлдеқайда маңызды, әлдеқайда ауқымды жағдай.
Нақтылай айтқанда, Асан қайғының жанына тыныштық таптырмай тұрған жағдай – ел тағдыры.
Осы орайда мәтінге сүйене отырып, толғаудың айтылған уақыты хақында ой түйер болсақ, бұл уақытты ХV ғасырдың жетпісінші жылдарының алғашқы ширегі деп шамалауға болады. Себебі – 1471-1480 жылдар аралығында хандық құрған Жәнібек билікке келер тұстың қарсаңында Қазақ хандығы Сыр бойына қайтып оралып, Түркістан аймағының біраз жерін өзіне қаратқан болатын және осы жағдайға байланысты хандық құрамындағы халық саны да өскен еді. Осы жағдайларды ескерсек және ханның да ет пен сүйектен жаралған адам нәсілі екенін назарда ұстасақ, билік тізгінін қолына жаңадан алған ханның масаттанып, масайрауға жол бергенінен еш сөкеттік аңдалмас еді. Алайда, жас хандықтың керегесі біршама кеңейгенімен, нығайып, орныға қоймағанын көзбен көріп жүрген Асан қайғыдай ел жанашыры үшін елдің тізгінін қолға алған ханның, бір сәт болса да, алаңсыз сайранға жол беруі мейлінше қатерлі қылық көрінуі де заңдылық. Ал ел сөзін ұстаған жанның мұндай жағдайда үнсіз қалуы мүлде мүмкін емес. Демек, аталған толғау Жәнібек хан билігінің алғашқы жылдарында айтылуы әбден ықтимал.
Асан қайғының Жәнібекке айтқан толғауындағы ой жеткізу түзілімі үш бөліктен тұрады. «Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің…» деп басталып, «…Осыны Асан біледі, Мұны неге білмейсің?» деп аяқталатын алғашқы бөлік ханның іс-әрекеттеріндегі кемшілікқателіктерді сынауға арналса, «…Тіл алсаң, іздеп қоныс көр, Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір, Мұны неге білмейсің?!» деп келетін екінші бөлікте жыраудың діттеген мақсаты айқын көрінеді. Ал «…Ай, Жәнібек, ойласаң, Қилы-қилы заман болмай ма…» деп басталатын соңғы бөлікте қамсыз тірліктің ақыры ел басына қандай зобалаң боп үйірілуі ықтималдығын көркем бейнелеу тәсілімен астарлай жеткізген. Жалпы, осы толғауда портреттік суреттеуден бастап, астарлау, меңзеу, ишаралау, салыстыру сияқты көркемдеу тәсілдері молынан ұшырасады. Мұндай көркемдік белгілерінің молдығы Асан қайғының жырау ретіндегі ерекше қасиеттерінің бірі оның суреткерлігі екендігін көрсетеді.
Жыраудың осы кезеңге тән туындыларының бірі – «Бұл заманда не ғаріп?» толғауы. Аталмыш толғауды Жәнібекке айтылған толғаумен тұстас туынды ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін себеп – жырда көрініс табатын ел көңіліндегі алаңның жерге, ата жұртқа байланысты болуы. Ал ел көңіліндегі алаңды толғаудағы негізгі мәселе ретінде тануға жол ашып тұрған жәйт – сөз түйінінің осы проблемаға арналуы.
Ой жеткізу барысында дидактикалық шығармаларға тән сөз саптау үрдісі қолданылған бұл толғаудың бастауында жырау өзіне-өзі риторикалық сауал қойып алып, одан кейінгі жолдарда сол сауалдың жауаптарын бірнеше нұсқада ұсынады және жауаптардың барлығы жер мен адам жаратылысына қатысты беріледі.
Жырау толғауына зейін қойсақ, «Ақ қалалы боз ғаріп», «Ел жағалай қонбаса, бетегелі бел ғаріп», «Қаз-үйрегі болмаса, айдын шалқар көл ғаріп» мазмұнында ұсынылған жауаптардан бары мен базары игілікке айналмаған жердің қай-қайсы да қадірінен айырылатынын аңдаймыз. Ал қалған жауаптардың бәрі адам баласының қадір-қасиетіне байланысты. Осы «ғаріптердің» қатарында мына дүниедегі ең ауыр «ғаріптік» ретінде жырау ер жігіттің ата жұртынан қол үзуін ерекше екпін сала көрсетеді. Мұның сыры, бірінші кезекте, дәл осы ауыртпалықтың толғау туған кезеңде ел көңіліндегі аса маңызды проблемамен байланысып жатқаны анық. Дана жыраудың толғау түйінін:
«Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп» [2, 25] – деп қайыруының өзі Асан қайғы үшін ата қоныстың қаншалықты маңызды болғанын танытады. Ал жырау өз дәуірінің перзенті ғана емес, сол дәуірдің сөзін ұстаушы тұлға болып табылатынына ден қойсақ, дербес хандық аясына ұйысқан қазақ елі үшін де ата жұрттың қаншалықты маңыз иеленгенін бағамдауға болады.
Демек, Асан қайғының аталмыш толғауы жыраулар поэзиясында дидактикалық толғаулардың өнегелі үлгісін негіздеуімен қатар, сол кезеңдегі ел мұратын бейнелеуімен де маңызды.
Ата жұртты ардақ тұтқан, қайырлы қоныста берекелі тірлік кешуді көздеген ел мұраты Асан қайғының бірнеше жыр-толғауының өзекті тақырыбы болып табылады және бұл дүниелерден жырау шығармашылығының үшінші кезеңіне тән сипаттарды тануға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл кезең өз тізгінін қолына алып, іргесін нығайтып, еркін тірлікке бетбұрыс жасаған елдің өз ішіндегі қарым-қатынастары, өзіндік өмір салты қалай түзілсе абзал боларын пайымдауды көздеген жыр-толғаулардан тұрады. Басқаша айтқанда, бұл кезеңдегі Асан қайғы туындылары жаңа мемлекеттегі қоғамдық сананы қалыптастыруға қызмет етеді. Ойшыл жыраудың бұл кезеңге тән шығармаларын «Есті көрсең кем деме…», «Көлде жүрген қоңыр қаз…», «Еділ бол да, Жайық бол…» деп басталатын толғаулары құрайды. Бұл қатарда «Еділ бол да, Жайық бол…» толғауына қатысты ойларымызды алдыңғы тұстарды айтып өткендіктен, бұл тұста аталған толғаулардың екеуіне байланысты сөз қозғау жөн болар.
Ел ішінің берекелі болуын, қазақ баласының кемелдікке, ағайынның татулыққа ұмтылуын құптай, әр адамның келеңсіз мінездерден бой тарта, адамгершілік қасиеттерге бой ұра өсіп-өрбуін өнеге ететін «Есті көрсең кем деме…» толғауын ой ұсыну тұрғысынан іштей үш мазмұнға жіктей қарастырсақ, алғашқы жолдан басталып, «…Насихатын алмағыл…» деп түйінделетін бірінші бөлікте жырау әр адамның бойын аулақ ұстағаны жөн болар қажетсіз мінездер мен әрекеттерді айқындай көрсетсе, «Бақыты оянған ерлердің…» деген жолдан «…Ел ауызына қарасар» деп бітетін тармақ аралығында бағы жанған адамның сын-сипатын бейнелейді, ал соңғы бөлікте бағы жанған адамның бақыты баянды болуы үшін қандай әрекет, мінездерден аулақ болуы қажеттігі кеңес етіледі.
Толғаудың осы үлгіде түзілуінің өзі Асан қайғының қалың ел және елге өнеге болар тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ізгі ниетке негізделуін ерекше құнттағанын байқатады. Ақылман жырау жалпақ елге қарата айтқан сөзінде: Есті көрсең кем деме, Бәрі тұйғын табылмас.
Қарындасың жамандап,
Өзіңе туған табылмас… [2, 25] – деп, ғибратты кеңес бере ойландырса да, яки «Бақыты оянған ерлерге»:
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа…
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама… [2, 25] – деп, астамшылықтан аулақ болуға шақырған пікірлерін ашықтан-ашық жеткізсе де, түпкі мақсаты – ағайын мен ағайынның, хан мен қарашының арасында алауыздық тууына жол бермеу, соның нәтижесінде ел ішінде ырзықты тіршіліктің орнығуына жол ашу. Ал толғаудың ашық ақыл айту, жол нұсқап, жөн көрсету үлгісінде келуі де – Асан қайғының елге сөзі өтімді қадірменді жырау болғанына айғақ.
Ауызы уәлі жыраудың «Көлде жүрген қоңыр қаз…» толғауы ой ұсыну үлгісі жағынан «Бұл заманда не ғаріп?» толғауымен ұқсастық танытқанымен, айтар идеясы тұрғысынан басқаша мәнге ие. Себебі – «Бұл заманда не ғаріп?» толғауында ата жұртты қоныс ету идеясы алға тартылса, кейінгі толғауда атамекеннің әр пұшпағын қасиет тұта қадірлеу қажеттігі, ел ішіндегі берекелі тірлікті сақтай білу қажеттігі ой қазығына айналған. Бұл жәйттің өзі аталмыш толғау айтылған кезде елдің ата қонысқа оралып, орнығып үлгергенін сездіреді. Сол себепті ендігі елдік мақсат – елдің құтын, жердің берекесін қашырмау болып отыр. Өз кезегінде бұл мақсат жырау туындысынан көрініс тапқан.
Толғауда табиғат дүниесі мен адам тіршілігі бірімен-бірі ұштаса суреттеліп, жаратылыста қадірсіз ештеңе жоқтығы, тек әр нәрсенің қадір-қасиетіне жете білу қажеттігі бейнелей жеткізіледі. Жырау: Көлде жүрген қоңыр қаз Қыр қадірін не білсін!
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін! [2, 26] – деп қонтраст параллель түзгенде де, діттеген ниеті – адам баласы үшін атамекеннен қасиетті қоныс болмайтынын санаға сіңіру.

ҚОРЫТЫНДЫ
Ата жұрт, атамекен тақырыбы және ұдайы осы ұғымдармен желілесе көрініп отыратын ел тағдыры, әлеумет өміріне байланысты ой-идеялар, бейнелі қолданыстар арқылы ұсынылатын дидактикалық мазмұн – Асан қайғы толғауларын даралай танытатын сипаттар. Тарихта болған Хасан Сәбитұлының ел жадында «Жерұйық» іздеген Асан қайғы болып жатталып, ұрпақтан ұрпаққа аңыздық тұлғаға айнала жетуінің бір себебі де оның толғаужырларында ел мен жер тағдырының аса маңызды орын алуында жатқаны анық.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы,1991.
2. Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық. /құрастыр. М.Мағауин, М.Байділдаев. – Алматы, 1989.





А.Д. Алтай, С.Ш. Айтуганова
Идеи отчизны в произведениях Асанкайгы
Евразийский национальный университет им. Л.Н.Гумилева
Астана, Казахстан В статье рассматриваются основные темы и проблемы толгау Асанкайгы. Анализируются дидактические и философские познания в произведениях жырау, делаются выводы.

A.D. Altay, S.Sh. Aituganova
Ideas of the fatherland in works of Asankaygi
L.N.Gumiyov Eurasian national university,
Astana, Kazakhstan
The article is devoted to the main topics and problems of Asangkaig’s tolgau. The didactic and philosophical knowledge in the writings of zhyrau is analyzed, conclusions are

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *