ҚАЗАҚ САЯСИ ШЕШЕНДІГІ ЖӘНЕ САЯСИ ЛИНГВИСТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ

Н.Ж. Құрман
педагогика ғылымдарының докторы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік
университеті Қазақстан филиалының профессоры, Астана, Қазақстан

ҚАЗАҚ САЯСИ ШЕШЕНДІГІ ЖӘНЕ САЯСИ ЛИНГВИСТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІ

Мақалада қазақ саяси шешендігі мен саяси лингвистика мәселелері сөз етіледі. Қазақстанның рухани жаңғыру кезеңінде қазақ саясаткерлерінің сөзіндегі шешендік сөз үлгілерін талдай отырып, тыңдаушыларды сендірудің стартегиялары мен тактикаларын қолдану жолдары қарастырылады.

Кілт сөздер: саяси шешендік, сөйлеу және тілдік құралдар, рухани жаңғыру кезеңі,саяси дискурс, сендіру стратегиялары мен тактикалары, ықпал ету.

КІРІСПЕ
Қазақ саяси лингвистикасының өзекті мәселелерінің бірі — қазақ саяси шешендігі саласы. Қазақ тілін қазақстандық мемлекеттік қызметшілер мен саясаткерлер саяси шешендік деңгейінді меңгеруі маңызды болып табылады. Өйткені «Өнер алды – қызыл тіл» деп санайтын қазақ халқы мемлекеттік қызметшілер мен саясат саласындағы тұлғалардан олардың қазақша сөйлеу, сендіру, әсер ету, ықпал ету әдістерін қанщалықты меңгергеніне қарайтыны сөзсіз.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» [1], [2] -деген сөзіне зер сала үңілуіміз керек.
Қазақ халқының барлық мәдени-тарихи, рухани болмысы қазақ тілінде сақталған. Қазақ тілі, қазақша саяси шешендігі — саясаткерлер үшін халыққа өз ойын жеткізу, дегеніне сендіру және ықпал ете алуы үшін, ізгі ойларын халықтың көкейіне қондыра алуы үшн қолданатын, саясаткердің сөзін тыңдайтын, оқитын адамдарға ортақ рухани кодын ашатын «алтын кілті». Осы кілтті меңгерген сая саткерлер қазақ халқының қандай үміті мен уайымын түсіне де алады, халыққа түсіндіре де алады. Мемлекеттік қызметшілер мен саясаткерлердің қазақ тілін, қазақ саяси шешендігі әдістерін білмеуі – халықпен тіл табыса алмауына алып келетін күрделі мәселе.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ саяси шешендігінің құдіретін Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шамақадарынша жарайды, бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек» [3], — деген ойынан түсінуге болады.
Қазақ тілін білу мен қазақ шешендігін білу – екі түрлі мәселе. Оны да Ахмет Байтұрсынұлы былай көрсетеді: «Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Сөзді қолдана білу – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бәрі бірдей пайдаланбайды» [3].
Қазақ саяси шешендігі мәселесін арнайы зерттеу нысаны етіп қарастыруда, қазақ сөздерінің тіркесімділік қабілеттерінің керемет икемділігін, ойдың қандай түрі мен деңгейін білдіруде сөйлеу тақырыбына соншалықты бейімделгіш қасиетін тануға болады. Бұл ретте тек қазақтың ауызша сөз үлгісі ретінде сақталған шешендік сөздерден ғана емес, қазақ жазушылары мен ақындарының да тыңдаған, оқыған адамның санасына нейротолқындық деңгейде әсер ету әдістер негізінде құралған сөз үлгілерін көре аламыз.
Шындығында, қазақ шешендік сөздерінің түп тамырында суггестия феноменінің тұрғаны даусыз деп ойлаймыз. Себебі, «Жақсы адаммен өткізген бір сағаттық сұхбатым – жүз жасаған ғұмырмен тең» деп санаған қазақтың даналығында «Жүз жаса!», «Мың болғыр!», «Мың жаса!» деген баталардың туындау себептері — сана мен сананың диалогін түсінетін, бейсана «әлемінде» бірге қыдырыстап, ой теңізінде бірге сүңгіп, ой түбінен маржан сөздер теріп алып, шынайы өмірге қайтып келе алатын әдістерді меңгерген адамдардың болуынан хабардар етеді.
Қазақ шешендігінің ерекшелігі, оның түптамырында әрбір қарапайым қазақтың қазіргі кез келген адамғак қол жетпестей көрінетін нейроғылымдардың яғни нейрофизиология, нейроанатомия, нейропсихология, нейрохимия, құрылымдық лингвистика, нейрокибернетиканың әдістерін жете меңгергендігінде.
Сондықтан да қазақ халқы «Өнер алды – қызыл тіл» деп айта алатын деңгейге шыққан. Суггестияның ізгі жолдарын яғни жақсы сөздің құдыретімен адамды емдеу жолдарын қазақ шешендік саласында көптеп кездестіруге болады. Оның жарқын көріністері – бата беру, қуанышты сәттірді биік деңгейде жырлау, көңіл айту және жаман хабарларды жеткізу әдістерін қолдануы. Мысалы,
Айналасын жер тұтқан — Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас — Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан — Дәулет таймас демеңіз. Жарлыны жарлы демеңіз; Жарлы байға тең келіп, Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз: Жалғыз көпке теңеліп, Бір жапанда соғысып, Кегін алмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр — Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон — Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие — Құлын салмас демеңіз. Қулық туған құлаша — Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге — Дәулет бітпес демеңіз. [4]

Бұхар жыраудың бұл жыры — дүниенің өзгермелі, дамушы, трансформациялық келбетке ие құбылыс екенін көрсеткен саяси данышпандық, саяси-философиялық толғау. Өйткені келтірілген деректер – айқын деректермен көрсетілген, өмірдің бұрынғы мысалдары негізінде дәлелденген. Ел басқару ісінде болған Бұхар жырау өзінің халқына саяси тағылымды үйрету арқылы, қоғамды сабырлы, ұстамды, бауыр, ізгі болу жолы арқылы біртұтас бүтін етіп ұстау жолын көрсеткен.
Сондықтан бұл жырды тыңдаған / оқыған адам Табиғаттың өзгермелі болатынына қалай да сенеді. Бұл жыр — адамды қоғамда өмір сүру барысында жамандық жасамауға, сабырлы болуға үйрететін шешендік модельдегі тағылым. Оның үстіне қазақ санасында жатталған өлең құрастыру үлгісін қолданып, жалпы ұлттық дүниетаным картинасында лайықты орнын таба алатынына сенімді болған Бұхар жыраудың суггестия әдісін меңгергенін айқын көрсетеді.
Қазақ саяси шешендігінің қазіргі заман талаптарына ере алмай қалып жатқан себептері, күнделікті ауызекі сөйлеу стилінің ерекшеліктерін де көптеген тұлғалардың игере алмауынан. Бірақ бұл ретте, мемлекеттік қызметшілер мен саясаткерлерге арналған қазақ саяси шешендігіне байланысты оқу құралдардың да болмауы — тіл саласын зерттеушілер үшін үлкен сын деп айтар едік. Қазіргі кезде қазақ тіліндегі сөздіктердің көптеп шығарылуы – қазақ тіліндегі байлықты жан-жақты түгендеп, санаққа алып, жинақтау. Ендігі ретте осы байлықтың қызмет етуіндегі жаңа бағыттарға сай зерттеулер жасап, оның бат-бағытын айқындау ісі тұратыны белгілі. Соның маңызды бағыты — қазақ саяси лингвистикасы, оның ішінде саяси шешендігін зерттеу, оқыту, үйрету жолдары.
Қазақ саяси шешендігіндігін қалыптастыруда құрылымдық лингвистиканың нәтижелері теориялық сенімді лингвистикалық база болып табылады. Өйткені құрылымдық лингвистика тіл құрылымындағы бірліктердің өзара қарым-қатынасын зерттейді және олардың түрлі оппозициялық қатынастарын қарастырады. Опопозициялық талдау, дистрибутивтік талдау, тіл бірліктерінің семантикалық қырын талдау, сөйлемді актуалдық мүшелеу, тікелей құраушылар бойынша талдау, трансформациялық талдау әдістері тіл бірліктерінің өзіндік табиғатын терең танытады.
Біршама уақыт қарастырып келе жатқан және оқыту тәжірибемізде азды-көпті қолданған саяси шешендікке баулу әдістерінің ішінде келесідей тілдік тәсілдерді талдап өтеміз.
Ең алдымен, жалаң сөйлемдерді орынды қолдану, әсіре қызыл құралдарды қолданбай, «Аз сөз — алтын» ұстанымымен сөйлеу жолдарын қолдану. Бұл әдісті саяси шешендікте ел алдында маңызды мәселенің табиғаты түсіндіруде қолдану өте орынды болады. Мұнда ой күрделілігі қажетсіз. Өйткені тақырып – анық, мәселе — оны түсіну. Мысалы,
«Көз – қорқақ, қол — батыр». Іске көшу керек. Уақыт тығыз».

Келесі әдіс – көркемдеуші, ойды әсірелеуші құралдарды өте орынды және сақтықпен қолдану. Ойдың әсіре екені көрінбеуі керек. Мұнда да мысалға Бұхар жыраудың жырларынан өрнек келтіреміз.

Енді алдыңнан шығайын — Қар, жаңбырдай себелеп.
Ежелгі дос жау болмас, — Шірнеуіште хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас, — Көңілінде кірдің таты бар. [4]

Саяси шешендікті үйретуде бұл тәсілді талдай отырып, сақтықпен ғана, әсірелеуші тілдік құралдарсыз, бірақ ащы да айқын айтылған ойды көрсетуге болады. Психологиялық талдау жасап көрейік. Ашуы келген адам өзін ашуландырған адамға «маған қара», «көзіме қара», «алдыма кел», «бетке айт» дейтін қолданыстарды ұдайы падаланатыны белгілі. Яғни осыған дейін екі адам быр-бірінің ығында немесе оң жағында, сол жағында яғни қатарласып жүреді. Ал ашу қайнаған деңгейге жеткенде қатарластар енді бір-біріне қарама-қарсы тарапқа шығады. Сондықтан да Бұхар жырау «Енді алдыңнан шығайын — Қар, жаңбырдай себелеп» дейді. Яғни «мен енді бір қатарда емеспін, қарсы тараптамын және енді қаржаңбырдай себелеп, тоңдырамын, болмаса, үсітемін, адастырамын, бірақ қалай да тоқтатамын» дейді. Бұл жерде қолданылған әсіре құралдар — «қар, жаңбырдай себелеп». Нақты табғи құбылыс. Бірақ астарлы мағына емес, «сол қар мен күштің қуатын, әдісін ұстанамын» деген мағына. Тыңдаған адам қар мен жаңбырдың себелеуін біледі, көп ойланбайды, бірден теңестіреді де, Бұхардың қарсы тарапқа шыққанын ұғынады. Керемет тәсіл. Өлең жолымен берілген саяси тосқауыл. Қуаты бар, аямайды, тоқтатады. Тоқтатуға барын салады. Келесі жолдардағы саяси шешендіктің үлгісі – екі рудың («Керей қайда барасың» немесе «Садыр қайда барасың») түп атасы бір туыс екенін ұғындыру үшін қолданылған әдіс:

Ежелгі дос жау болмас, — Шірнеуіште хаты бар.

Бұл жердегі саяси мақсатты шешуде қолданылған тілдік әдіс – «шірнеуіш» сөзінің қолданылуы. «Шірнеуіш» сөзін тілшілер мен тарихшылар түрліше түсіндіреді. Ол түбінде мөр басылған құжат, пергамент немесе тасқа басқан дүние, ежелгі уәделескен құжаттар сақталатын орын, өазіргіше арқыим дегенді білдіруі мүмкін екенін айтады. Бұхар жырау тыңдаушысының тарихи жадысына «сәттік саяхат жасату үшін «шірнеуіш» сөзі арқылы суггестия әдісін қолданады. Яғни «шірнеуіш» сөзі арқылы Бұхар «бірге болуға келіскен атабабаларымыз, сен емес. Бұзатын да сен емессің. Ата-бабаңның жолын бұзба, болашаққа кесірі тиеді» деген үлкен ескерту жасайды. Бір сөз арқылы ұлттық тарихи бейсанадағы ақпарттың барлығын тігінен де, көлденеңінен де қозғап өтетін «шірнеуіште хаты бар» деген сөзі бұл жерде барлық қазаққа айтылған саяси ескерту.
Үшінші лингвистикалық әдіс — саяси шешендердің қазақ халқының өмір сүруінде басты тірек болған АР категориясына жататын сөздерді қолдану. Қазіргі кездегі қазақша саяси шешендік сөз үлгілерін қарастыратын болсақ, кейбір саясаткерлер тыңдаушыларына бірден осы деңгейде сөз бастайды-дағы тыңдаушыларын бірден тұқыртып, басын төмен түсіртіп тастайды. Ал қазақта «Еңсең түспесін ешқашан» деген бата (установка) бар. Оны сөз сөйлеу барысында ұмытпау керек. Абайдың өлеңдерін де барлығы бірдей «ұрысып жатқандай» көретін себебі — дана ақынның шығармаларында жоғары моралдық тілдік құралдарды қолданылғандығы. Бұл ретте діни қызметшілерге мешітке кірген адамдарға уағыз айту барысында қолданылатын әдістің бірі екенін атап кетеміз . Әине бұл сала – басқа сала. Дегенмен, қоғамды саяси-моралдық жағынан көтеріп, демеп, қолдайтын орындардың уағыздан кейін толық жаман күймен мешіттен кетуі – ол адамдардың діннен безіп кетуіне жасалған жол болуы мүмкін. Қасиетті Хадисте де «Құранды қорқытпай үйретіңдер» деген тағылым бар екенін уағыз айтушылар да ұмытпау керек.
Ал нақты саясаткерлерге байланысты айтатын болсақ, бұл ретте ақиқаттың келбетін танытатын тілдік құралдарды қолдану үшін, қазақ ұлттық моралдық құндылықтар жүйесін өте жақсы меңгерген болуы тиіс екені белгілі. Одан соң халықтың әділдік, білім, бейбітшілік, атамекен (туған жер, ата-баба қорымдары), еңбек, достық, ұрпақ (жеті ата, қыз бала), тарих (жеті ата, ру) толып жатқан аксиологиялық жүйенің тілдік атаулары мен олардың функционалдық-коммуникациялық мақсат-міндеттерін меңгеруі керек.
Мысалы Бұхар жыраудан үлгі алып қарастырсақ: Алыстан жанжал сөз келсе, Азулы сөйлер жүгініп. [4]

Яғни жанжал сөзді бітіммен келістіру функциясын «азулы адам» атқаруы керек. Азулы – қайратты, қуатты, күшті, сөзі даулы адам екені белгілі. «Сөзімен орақ оратындар» бұл категорияға кіре бермейді, себебі олардың көбі – уәде береді, істі атқара алмайды. [5]
Ал Бұхар айтқан үлгіде келген жанжалды шешу не жою мақсаты тұрғандықтан тек «азулы адам» ол процеске қатысады. Себебі бұл арады жанжал, міндетті түрде қандай да бір моралдықкатегорияның бұзылуынан ғана туындады. Мәселе — соны шешу. Саяси шешендіктің құдіреті де сонда «Бір ауыз сөзбен келген жауды тоқтатады». «Бір ауыз сөзбен» ел басына келген отты өшіреді.
Төртінші лингвистикалық әдіс – дәл және қысқа да нұсқа тауып айту. Бұл ретте шешен қысқа интервьюлерде, халықпен болған кездесулерде, ел алдында әлеуметтіктұрмыстық мақсатпен сөз сөйлеуде, мысалы «Наурыз» тойында ел алдында сөз сөйлеуде т.б. өзінің ойын дәл, айқын және өте әсерлі етіп беруде қолданатын тілдік құралдар қарастырылады. [6] Сонымен бірге қарсы тараптан келген сөзге уәж айтуда моралдық тұғырынан түспей, бірақ сөзбен жеңіп шығу үшін, осы төртінші деңгейдегі әдісті игеру маңызды.
Қарсы тараппен сөз айтысқанда Ұлы жүздің биі Қарабидің Орта жүз Қошқарұлы Жәнібекке үйреткен сөздері осы мақсатта айтылған.
Қайтып кірер есікті
Қатты серпіп жаппағайсың.
Қайтып көрер досыңа
Қайрылмастай сөз айтпағайсың.
Осыны есіңе ала жүрсең,
Ешкімнен кем де, қор да болмайсың.
Бесінші лингвистикалық әдіс – құлаққа да жағатын, айтға да әсем әрі ағылып-төгіліп тұратын тәтті сөздер айту.
Бұл әдістерді қазақтың тұрмыс-салтына байланысты тойларда, қонаққа бару мен қонақты қарсы алуда, «мың жылдық құдаларға» тағы сондай көңілдің кірбеңін жуып кетіріп тастайтын қуаты бар салт-дәстүрлерде айту өте орынды. Құттықтауларда, егер ресми орында құттықтау болса, тәтті сөздердің шектеулі болуы керек. Ал егер шаңырақтың ақ дастарқанының басында болса, әсем сөздер мен тілектердің сандығын ақтара ашу орынды болады. Бірақ артынан ұмытып кетпеу үшін, сөйлеген шешен әр сөзінің артында ертеңгі күннің салмағы тұратынын да жақсы білгендіктен, коммуникативтік жағдаяттың деңгейі мен дәрежесін алдын ала орнымен бағалап алады. [7]
Бұл әдіс – саяси шешендікте де қолданылатын әдіс болғандықтан, әрине, өзіндік шектеулілігі болатыны анық. Шешен түрлі фигурларды қолдана отырып, өзінің шынайы таза көңілін жеткізуге ұмтылғандықтан Абайдың «Іші алтын, сырты күміс, теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы» деген ұстанымын басшылыққа алады. Яғни бұл деңгейдегі әсіре көркем сөздер көп болса да, композициялық құрылымы тегіс, әбден қырланған болуы – талап.
Бұхардың келесі жырларынан алған үзінділерді үлгі ретінде көрсете аламыз.
Алыстан қызыл көрінсе, — Манат емей немене.
Көтеріліп ұшқан соң, — Қанат емей немене. Екі жақсы бас қосса, — Санат емей немене.
Сусағанда берген су берген — Шекер емей немене. [4]
Саяси шешендікте ең басты мәселе — ойда туындаған ниет, сөйлеудің басты идеясы, тақырыбы. Шешен қандай тілдік құралдарды қолданса да осы басты мәселелердің тізгінін нық ұстауы тиіс. Тыңдаушылар саяси-қоғамдық мәселеге байланысты түрлі реплика тастап жатса да, журналистер тұтқиылдан сұрақтар қойып жатса да, шешен өзінің басты сөйлеу идеясынан ауытқымауды сәт сайын санасында ұстап тұруға жаттығуы тиіс. Кейде өзіне қойылған сұрақ пен күтпеген репликаларға қатысты мынадай амалтәсілдер қолдануға жаттығуы керек.
— сұраққа сұрақпен жауап беру;
— риторикалық сұрақ қойып, сұрақ қойған адаммен эвристикалық сұхбат деңгейіне өтіп кету;
— мәселенің / сөйлеу тақырыбының көлемін аса ұлғайтып жіберіп, дәл қазір ол үшін шешім шығару асығыстық екенін көрсету;
— қарама-қайшылықтармен көрсету; (қазақ шешендерінің әрдайым қолданып келген әдісі: «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің»);
— кейіптеу (Ұлы Абайдың «Қысты» кәрі құда бейнесінде суреттеуі сияқты); — салыстыру әдісін қолдану. [7]
Қазақтың керемет саяси шешендері тарих желісінде елдіктің, тұтастықтың туын жықпай ұстап, қазіргі ұрпаққа жеткізгені — саяси шешендіктің де үлкен қуатын падалануымен байланысты деп айта аламыз [8]. Өйткені сөзге түсінген қазақ халқы сөз өнерін жоғары бағалайтын қазақ халқы саясаткерлердің қазақ тілінде сөйлеуін талап етіп жүр. Ал шындығында, елмен өз тілінде және өз кемеңгерлік дәрежесінде тіл табысу – өмірдің заңы. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мен саясаткерлерге көмек беру үшін, қазақ сасяи лингвистикасы мен саяси шешендікті үйрету әдістемесінің зерттелуі күн тәртібінде тұрған өзекті тақырып екенін тағы бар атап өтеміз.


ҚОРЫТЫНДЫ
Ахмет Байтұрсынұлының «Сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп тізу – тіл қисыны деп аталады» деген. Мақалада қазақ саяси шешендігінің лингвистикалық қырына байланысты кейбір мәселелер қарастырылды. Бұл мәселенің тіл білімінде де, қазақ тілін оқыту әдімтемесінде де арнайы жете зерттелмей жатқандығын атап кету керек.
Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге, саясаткерлерге меңгерту үшін, оның лингвистикалық базасы мен оған сүйенетін әдістемелік негіздемесі арнайы зерттелуі керек. Сонда ғана «Қазақ саяси лингвистикасының» және «Қазақ саяси шешендігіне баулу әдістемесінің» мәселелері жан-жақты қарастырылатын болады, қисыны қалыптасып, түзу желісі түзіледі.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР:
http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-
bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақтан халқына Жолдаулары. —
http://www.akorda.kz/kz/addresses
А.Байтұрсынұлы. Әдебиет танытқыш. – Алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежіре, — 2013. Т.1: — 384 б.
Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары. — Алматы: Қазақстан Республикасы мәдениет қоры; «Мұраттас» ғылыми- зерттеу және баспа орталығы, 1992. — 95 б. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері: Оқу құралы. — Алматы: Білім, 2003. — 164-б.
Қыдыршаев А.С. Шешендіктану : гуманитарлық саладағы колледж, гимназия, лицей және орта мектеп оқушыларына, сондай-ақ шешендік өнерді жаңадан бастап игеруші жас мамандарға арналған оқу құралы / Қыдыршаев, Абат Сатыбайұлы, — Орал : Ағартушы, 2004
. — 156 б.
Құрманова Н., Мухлис К. Текст теориясы және тексты талдау әдістемесі. — Алматы, 2000. – 100 б.
Құрман Н. Қазақ тілін оқытудың әдіснамалық негіздері. –Астана: Сөздік, 2008.- 160 б.

Н.Ж. Курман
Казахская политическая риторика и проблемы политической лингвистики Казахстанский филиал Московского государственного университета имени М.В. Ломоносова Астана, Казахстан
В статье рассматриваются проблемы казахской политической риторики и политической лингвистики. Анализируя речь политических деятелей в контексте эпохи духовного возрождения Казахстана, рассматриваются пути применения стратегии и тактики убеждения слушателей.

N.Zh. Kurman
Kazakh political rhetoric and problems of political linguistics
Kazakhstan branch Lomonosov Moscow State University

The article aims at researching the problems of Kazakh political rhetoric and political linguistics. Analyzing the speech of politicians in the context of the era of the spiritual revival of Kazakhstan, it discusses ways of applying the strategy and tactics of persuading listeners.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *