Ұ.М. Есенбекова
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Телерадио
және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры м.а., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан, электронды пошта: ultmudde@mail.ru
БҰҚАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ҚҰРАЛДАРЫНДАҒЫ
САЯСИ КОММУНИКАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Мақалада саяси ақпаратты таратуда, қоғамдық пікірлер қалыптастыруда саяси коммуникацияның атқаратынын күрделі функциялары зерттелген. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтардың позициясын, көзқарастарын өзгерте алады, олардың танымдық және объективті баға беру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Автор қоғамдық пікірді қалыптастыруда саяси коммуникацияның мүмкіндіктері жоғары деген тұжырым жасайды.
Мақаланың басты мақсаты – саяси коммуникацияның күрделі, қоғамдық қатынастарда маңызды рөл атқаратын құбылыс екенін көрсету болды. Автор демократиялық қоғамда медиа қандай жағдайда ақиқат пен әділдік принциптеріне бағынып жұмыс істейді деген мәселеге жауап іздейді. Саяси коммуникацияның қалыптасуына бұқаралық медианың әсері жүйелі талданды.
Түйінді сөздер: саяси коммуникация, бұқаралық коммуникация құралдары, коммуникативтік мүмкіндіктер, жаңа медиа, сананы бұрмалау, ақпараттық технологиялардың әсері.
КІРІСПЕ
Ақпараттың маңызын түсінгелі бері БКҚ «биліктің төртінші тармағына» айналғаны туралы жиі айтылуда. Саясат пен саяси процестердің бұқаралық коммуникация құралдарына (БКҚ) тәуелділігі жыл өткен сайын күшейіп келеді. БКҚ өз аудиториясына өте күшті ықпал етеді. Сондықтан да, біздің өмірімізде олар маңызды саяси ақпаратты таратып қана қоймай, сонымен бірге қоғамда түрлі пікірлер қалыптастыруда күрделі функциялар атқарады. БКҚ-ның ақпарат тарату қызметі азаматтардың позициясын, көзқарастарын қажетті арнаға бұрып, олардың танымдық және объективті баға беру мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімделуі де ақпарат құралдары үшін басты мақсат болып қалуы тиіс. БКҚ саяси салмағы оның сынау мен бақылау функцияларын жоғары деңгейде орындауына байланысты. Бүгінгі мемлекеттер ақпарат құралдарын өз ықпалына алып, оларды қатал идеологиялық бақылауда ұстауға қауқары бар. Алайда, демократиялық дәстүрлері орныққан елдерде БКҚ өздерінің функцияларын толық іске асыра алады. Ондай елдерде ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан бақылау тек соғыс жағдайында ғана іске қосылады.
Сөз бостандығы қағидаларына сүйенген демократиялық қоғамдардағы БКҚ биліктің ісін бақылау мен сынауға ерекше құлшыныспен қатысады. Бұқаралық медиалар демократиялық қоғамдардың ажырамайтын құрамдас бөлігі саналады. Олар әртүрлі саяси күштер мен қоғамдық топтардың өздерінің ұстанымдарын қалың бұқараға жеткізуіне көмектеседі. Саяси өмірде ақпарат құралдары тек позитивті рөл ғана емес, сонымен бірге саяси амал-айлаларын, қулықтарын іске асырғысы келген күштердің қолдарындағы құралға айналып кетеді. Жалған құндылықтар мен жалған көзқарастар қалыптастыру арқылы қоғамдағы күштерді басқа бағытқа ауысуға мәжбүрлейді.
Сананы бұрмалаудың классикалық теориясын жасаған америкалық ғалым Герберт Шиллер АҚШ-тың билік басындағы элитасы өз үстемдігін қамтамасыз ету үшін 5 әлеуметтік мифті іске асыру арқылы қол жеткізіп отырғанын айтады. Олар:
1) азаматтардың жеке басының бостандығы мен таңдау еркіндігі;
2) Конгресс, сот және президенттік биліктің, ақпарат құралдары сияқты аса маңызды саяси институттардың бейтараптығы;
3) адамның өзгермейтін эгоистік табиғаты, оның агрессияшылдығы, күш көрсетуге жақындығы, байлыққа құмарлығы және тұтынуға деген құштарлығы;
4) қоғамда әлеуметтік шиеленістердің, адамдарды пайдалану мен қанаудың жоқтығы; 5) сырттай қаншалықты тәуелсіз көрінгенмен жарнама берушілер мен Үкіметтің бақылауындағы БКҚ-дың алуан түрлілігі және олар тұтастай қияли санаға әсер ететін индустрияны құрайды [1, 115].
Осындай әлеуметтік мифтерді халықтың санасына орнықтыру үшін бұрмалау технологиясы жылдан жылға өз арсеналын толықтырып отырады. Ол арсеналда: фактілерді сапырылыстырып жалған ақпарат жасау, өтірік пен жалаға құрылған жаңалықтар, қолдан жасалған қоғамдық пікірлер және тағы басқа да құралдар көрермендер мен оқырмандар аудиториясын өзінің дегеніне көндіруге бағытталған. Жарнама бизнесіндегі имидж-мейкинг (саяси қайраткерлердің жасанды тартымды бейнесін жасау) арқылы сайлау науқандары кезінде кандидаттарға сөйлеу мәнерінен бастап киім үлгілерін таңдау арқылы электоратқа жағымды бейнені сомдап, жеңіске жеткізу технологиясы Батыс елдерінде ғана емес, Ресей, Украина, Грузия, Азербайджан, Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттерінде де қолданылып жүргенін білеміз.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Саяси коммуникация жеке ғылыми бағыт ретінде коммуникацияның теориясында, саясаттану мен әлеуметтану ғылымдарында зерттелген. Сонымен бірге, саясат тарихы, саяси философия, саяси әлеуметтану және саяси антропология сияқты ғылымның пәнаралық салаларында да саяси коммуникацияның теориялық негіздеріне деген қызығушылық байқалады.
Неміс зерттеушілері Отфрид Яррен мен Патрик Донгестің еңбектерінде «саяси коммуникация» ұғымына анықтама берудің қиындығы «саясат» пен «коммуникация» ұғымдарына берілетін дефиницияның күрделілігі айтылады.
Орыс зерттеушісі М.Н.Грачевтің «Саяси коммуникация: теориялық-әдістемелік сараптама» тақырыбындағы докторлық диссертациясында «саяси коммуникация» ұғымы 1940-жылдарда ғылыми айналымға енгізілген. Саяси коммуникацияның процестері мен көріністерін жүйелі түрде анықтап, зерттей бастаған Гарольд Дуайт Лассуэл болды. Америкалық саясаттанушы, әлеуметтанудың чикаголық мектебінің негізін қалаушы Лассуэл ақпараттың адам санасына әсерін, қоғамдық пікірді қалай қалыптастыруға болатынын зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі. Ол АҚШ-ты «санасы өте бұрмаланған қоғам» деп атаған болатын. Биліктегі адамдар «телевизия мен радионы, баспасөзді қолданып, адамның еркінен тыс, оның түйсігі арқылы бағындыра алады» деген гипотезаны дәлелдеп шықты [2, 75].
Сол Гарольд Лассуэл 2-ші дүниежүзілік жылдарында АҚШ-тағы насихаттың қалай жүргізілгенін зерттей келе, саяси коммуникацияның маңызды ғылыми бағыт екенін көрсеткен. Ғалымдардың арасында саяси коммуникацияның теориялық фундаментін жүйелі түрде қалауды бастады.
1970-жылдардан бастап саяси коммуникация жеке ғылыми бағыт ретінде қалыптасты. XX-ғасырдың соңғы 20 жылында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жылдам дами бастады. Олар адам өмірінің барлық салаларына кірігіп, әлеуметтік болсын, қоғамдық болсын барлық қатынастарда маңызын күшейтіп келеді.
Индустриалды қоғам толық ақпараттық қоғамға ауысып үлгермесе де, бұқаралық коммуникацияның әлемдегі орны жылдам өсуде. Ежелгі замандардан бері грекиялық пен римдік дерекнамаларында коммуникация элементтері саяси ықпал ету құралы болғанын көреміз. Платон өзінің «идеалды мемлекет» туралы ой-толғамдарында ежелгі мифтерді қайта жазу керектігін айтқан екен. Сол мифтердегі өздері табынған «құдайлардың» жаман қылықтарын алып тастап, адамдарға оларды тек жақсы жағынан көрсетіп, тәрбиелеу керектігін жазған.
Аристотель болса саяси қызметтегі коммуникациялық аспектіге «ортақ игілік үшін» аса қажет деген баға берген. Цицеронның да еңбектерінде саяси қарым-қатынаста өзара байланыс, яғни, коммуникация «жалпыға бірдей тәртіп» орнатуға қызметт ететінін жазған. Орта ғасырдағы Батысеуропалық ойшылдары Фома Аквинский мен Августин де өздерінің діни-философиялық жұмыстарында адамдардың арасындағы өзара қарым-қатынас Жаратушы берген қасиет екеніне назар аударған. Жаңару дәуірінде Николо Макиавеллидің туындыларында адамдардың көңіл күйі мен мінез-құлқын өзгерту үшін олардың саяси санасына әсер ету мәселелері қаралған [3, 46].
Біздің дәуірде баспа ісінің дамуы ғалымдар арасында саяси коммуникация құбылысын, оның адам өміріндегі, мемлекет пен қоғам дамуындағы орнына байланысты түрлі пікірлер мен ғылыми тұжырымдар айтылды. Мысалы, XVI-ғасырда өмір сүрген ағылшын философы, материалист Томас Гоббс баспа ісін «көтеріліске шақыратын у» десе, XVII-ғасырда ағылшын поэты, ойшылы, саяси қайраткер Джон Мильтон, француздың атақты философы, жазушы Шарль Луи Монтескье бұқаралық ақпарат құралдарын билік органдарының, монархтардың қызметіне «қоғамдық бақылау орнату үшін өте қажетті құрал» деп санаған.
XIX-ғасырдың ортасынан бастап саяси коммуникация марксистік идеология тұрғысынан қарастырыла бастайды. Бұл тұжырым бойынша баспа бетінде жарияланған әрбір материал түрлі құндылықтар мен идеяларды бұқараға жеткізу үшін қажет деп түсіндірілді. Маркстік тұжырым бойынша коммуникация тек құрал ретінде қаралып, оның табиғатына саяси рөліне онша мән берілмеді.
Бұдан кейінгі кезеңдерде немістің атақты әлеуметтанушысы, философы, тарихшысы Макс Вебер, неміс және британ философы, шыққан тегі еврей Карл Маннгейм саяси коммуникацияны мемлекет пен қоғамның арасындағы қатынастарға байланысты, саяси биліктің табиғаты мен жұмыс істеу механизмдеріне қатысты зерттей бастады. олардың еңбектерінің басты нәтижесі – бұдан былай саяси коммуникацияға деген біржақты, қарапайым көзқарас жойылды. Саяси коммуникация күрделі, қоғамдық қатынастарда маңызды рөл атқаратын құбылыс екені дәлелденді [4, 125].
БКҚ қоғамдық сананы бұрмалау мүмкіндігі өте жоғары. Бірақ, бұндай ғажайып құралдың кемшіліктері де жоқ емес. Басты кемшілік – өздеріне қажет ұпай жинап, қажет пікір қалыптастырып жүрген биліктің халықпен кері байланысы үзіледі. Өйткені, билікке қажетті ақпарат таратуға үйренген ақпарат құралдары халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуге ұшталмаған, оған ұмтылмайды да. Билік халықтың нақты көңіл-күйі мен қиындықтары жайлы объективті ақпарат таба алмайды. Осының салдарынан әлеуметтік шиеленістерге ұшыраған қоғамдарда жалған елеске, жалған түсінікке шырмалған билік дұрыс шешім таба алмайды. Сөйтіп, шиеленіс өршіп, саяси партияның, топтың биліктен аластауына алып келеді.
БКҚ қызметі мемлекет пен қоғам үшін пайдалы, аса тиімді болуы үшін биліктің өзінен бастап барлық ақпарат көздері бір ғана топтың мүддесіне емес, бірнеше ықпалды күштердің бақылауында болғаны абзал. Сонда ғана, билікке таласқан, бірін-бірі аңдып отыратын демократиялық күштер өздерінің бақылауындағы бұқаралық медианы шынайылық принциптеріне бағынып жұмыс істеуге бейімдейді. Меншік нысаны да бұндай қоғамдарда әралуан болғаны жақсы: мемлекеттік, жекеменшік және қоғамдық. Осындай жағдайда ғана БКҚ өздерінің басты функциясын ақиқат пен әділдік тұрғысынан атқаратын болады [5, 63 б.].
ҚОРЫТЫНДЫ
Жаңа әлемдегі ақпараттар ағыны қарама-қайшылықтарға толы. Осындай жойқын күші бар тасқынның арасынан жеке адамның өзіне қажетін табуы өте қиын. Тіпті, мол ресурстары бар топтардың өзі зор ақпараттық көлемнің арасынан сараптап, өздеріне тиімдісін бөлшектеп шығару үшін көп қаражат пен күш жұмсауы тиіс. Бұндай жағдайда БКҚ басты мәселесі де тұтынушыға керекті ақпаратты ғана анықтап, ұсыну болып отыр. Ақпарат құралдары анығында ақпаратты таратуда екі түрлі тәсілді қолданады: толық және дәйекті түрде, үзінді, қысқаша түрде баяндау. Бірінші тәсілді көбінесе баспасөз қолданады. Газет пен журналдар мәселені терең, толық етіп жеткізуге құлықты. Екінші тәсілді телевизия, радио және басқа да жаңа медиалар қолданады [6, 226].
Олар өздерінің аудиториясының ақпаратты қысқаша үзік түрінде таратады. Бұл тыңдаушы мен көрерменге оқиға мен мәселені терең түсіну үшін қиындықтар да туғызады. Осыны түсінген саяси технологтар түрлі манипуляциялар арқылы қоғамдағы пікірді өзінің ыңғайына қаратып жатады. Өзі түсіне қоймаған мәселелер мен оқиғалардың мәнін көрермен мен тыңдаушы журналист айтқан комментарийлер арқылы қабылдауға дағдыланып қалады. Ойлауға, басқа ақпарат көздері арқылы ары қарай тексеріп көрудің орнына көрермен өзіне сырттан таңылған пікірге алданады.
Осылайша бірте-бірте көрермен мен тыңдарман аудиториясы өзі ойлап, тұжырым жасаудан қалып, экрандағы бейне мен сөздерге елтіп, манипуляцияға бейімделе береді. Бұқаралық коммуникация құралдарының жаңа замандағы басты функциялары мен рөлі жылдан жылға өсе бермекші. Ұлт пен мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеуі үшін қазақ журналистикасының кәсіби деңгейі жоғары болуы тиіс. Сонда ғана Қазақ елі, қазақ ұлты ғаламдану процесінде өзіндік бет-бейнесін сақтап, өзінің ақпараттық қауіпсіздігін күшейте алады.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Тимофеева Л.Н. Власть как политическая коммуникация: материалы методологического семинара. – М.: Издательство РАГС, 2014. – 231с.
2. Адаир Дж. Эффективная коммуникация: Обязат. условие для успеш. ведения бизнеса: пер. с англ. М.: ЭКСМО, 2003. – 237 с.
3. Березин В.М. Массовая коммуникация: сущность, каналы, действия. М.: РИПхолдинг, 2003. – 174 с.
4. Вебер М. Избранные произведения. М.: Культура, 1990. – 320 с.
5. Соловьев А.И. Политология: Политическая теория, политические технологии: Учебник для студентов вузов. – М., 2010. – 296 с.
6. Актуальные вопросы политической науки: Сборник статей российских и зарубежных ученых к 50-летию Российского университета дружбы народов / под. ред. Д.Е.Слизовского – М.: МАКС Пресс, 2015. – 156 с.
У.М. Есенбекова
Проблемы политической коммуникации в средствах массовой информации
Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева,
Астана, Республика Казахстан
В статье исследованы сложные функции политической коммуникации в распространении политической информации и формировании общественного мнения. Средства массовой информации могут влиять на взгляды и позиции граждан, расширять их возможности в познавательной и объективной оценке событий и явлений. Автор приходит к выводу, что система политической коммуникации имеет высокий потенциал для формирования общественного мнения.
Основная цель статьи состоит в демонстрации политической коммуникации как сложного явления в сфере общественных отношений. Автор изучает условия функционирования средств массовых информации, основанных на принципах объективности и справедливости. Анализируется влияние средств массовой информации на формирование системы политической коммуникации.
U.М. Yessenbekova
Problems of political communication in mass media
L.N. Gumilyov Eurasian National University, Astana, Republic of Kazakhstan
The article explores the complex functions of political communication in the dissemination of political information and the formation of public opinion. The mass media can influence the views and positions of citizens, expand their opportunities in cognitive and objective assessment of events and phenomena. The author comes to the conclusion that the system of political communication has a high potential for the formation of public opinion.
The main purpose of the article is to demonstrate political communication as a complex phenomenon in the sphere of social relations. The author studies the conditions for the functioning of mass media based on the principles of objectivity and justice. The influence of the mass media on the formation of the system of political communication is analyzed.