АҚПАРАТТЫҚ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЭВОЛЮЦИЯ:
САЯСИ КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ БАҒЫТ РЕТІНДЕ
ҚАЛЫПТАСУЫ

Ұ.М. Есенбекова
филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры м.а., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті, Астана, Қазақстан, электронды пошта: ultmudde@mail.ru

АҚПАРАТТЫҚ-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЭВОЛЮЦИЯ:
САЯСИ КОММУНИКАЦИЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ БАҒЫТ РЕТІНДЕ
ҚАЛЫПТАСУЫ

Мақалада ақпараттық дәуірдегі технологиялық дамуға байланысты саяси коммуникация мәселелері қаралды. Жаңа медиа мен дәстүрлі бұқаралық коммуникация құралдарының мүмкіндіктері мен технологиялары зерттелді. Сондай-ақ, автор қоғамдық пікірді қалыптастыру құралы ретінде Интернеттің одан әрі дамуы туралы тұжырымдар жасайды.
Бұл мақалада саяси коммуникация мәселелерін түсіну және талдауға көңіл бөлінген. Автор саяси коммуникацияның жеке ғылыми бағыт болып қалыптасуына қандай факторлар әсер етті деген сұрақтарды зерттеген. Ақпараттық технологиялардың саяси коммуникация жүйесіне әсері талданған.

Түйінді сөздер: ақпараттық дәуір, коммуникация, жаңа медиа, саяси коммуникация, ақпараттық технологиялардың әсері, теориялық коммуникация.

КІРІСПЕ
Саяси коммуникацияның теориялық негізі 2-ші дүниежүзілік соғыстан кейін қалана бастады. Сол кезеңдерде америкалық, еуропалық саясаттанушы, әлеуметтанушы, футуролог ғалымдар постиндустриалды немесе ақпаратты қоғам, ақпараттық технологиялардың дамуына назар сала бастады. Оларды қызықтырған басты тақырып – бұқаралық коммуникацияның, ақпараттық технология саласындағы революциялық өзгерістердің адам мен қоғам, азамат пен мемлекет арасындағы ықпалдастыққа қандай әсер етуі мүмкін деген мәселелер болды.
Міне, осындай жағдайда саясаттану, әлеуметтану мен коммуникацияның теориясын зерттейтін ғылыми бағыттардың қатарына саяси коммуникация қосылды. Саяси коммуникация ғылымның пәнаралық салаларын толық қамтыған ғылыми бағыт ретінде қалыптаса бастады. Мысалы, саяси әлеуметтану, қоғамтану мен саяси антропология сияқты бірнеше ғылымдарды қамтитын бағыттар саяси коммуникацияны теориялық зерттеу үшін аса қажетті деп саналады. Сондықтан да, саяси коммуникацияның теориялық негізін жасаудағы қиындық саяси коммуникацияның өзінің анықтамасын табудың күрделі екендігіне байланысты.
Саясаттану ғылымының алатын орны ежелден маңызды болып келді. Біздің бұл мақаламызда мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы, геосаясаттағы саяси коммуникация мәселелерін түсіну және талдауға көңіл бөлінген. Саяси коммуникация қашан қалыптасты, оның жеке ғылыми бағыт болып қалыптасуына қандай факторлар әсер етті деген сұрақтар осы мақалада зерттелді. Ақпараттық технологиялардың саяси коммуникация жүйесіндегі әсерін білу үшін алдымен терминдерге тоқталамыз. Күнде естіп, жиі қолданып жүрген коммуникация деген термин нені білдіреді? Коммуникация – (латынша – communicatio) латын тілінен аударғанда хабар, мәлімдеме, байланыс дегенді білдіреді. Қарапайым тілмен айтсақ, коммуникация дегеніміз хабарды бір жерден екінші жерге, бір адамнан екінші адамға жеткізу [1, 23].
Ежелгі тас дәуірінің адамдары үңгірлердің қабырғаларына суреттер салғанын білеміз. Осындай суреттер біздің заманымызға дейін жеткен. Сол суреттер арқылы ойлай алатын алғашқы адамдар «homo sapiens» қандай да бір ақпаратты өздерінен кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырған. Саналы түрде ме, жоқ па бұл екінші сұрақ. Бірақ, біз сол үңгірлердегі суреттер арқылы олардың тұрмысы мен ойлау қабілетін, қоршаған ортасын қалай қабылдағанын білеміз.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Адамдар ежелден бері қарым-қатынасқа тәуелді болды. Ғасырлар өте келе бұл байланыс түрлері трансформацияланды, дамыды, өзгерді. Саясат, саясаттану дегеніміз билік пен қоғамның, адам мен биліктің, адам мен қоғамның арасындағы қарым-қатынастарды зерттейтін ғылым. Саяси саладағы процестер мен құбылыстар, саяси қатынастардағы заңдылықтар, олардың ерекшеліктері, оларды басқару жүйесі де саясаттану ғылымы зерттейтін мәселелер.
Ежелгі грек тілінде «полис» қала, мемлекет деген мағына берсе, «политикос» көп мүдделер деген де мағына береді. Жалпы алғанда, мемлекеттік немесе қоғамдық қызмет, мемлекетті басқару ғылымы деген мағыналарды береді. Ежелгі дәуірдегі грек ойшылы Аристотель «саясат дегеніміз – мемлекетті басқару өнері» деген қысқа және нақты анықтама берген.
Жоғарыда айтып кеткен «саясат» және «коммуникация» ұғымдарына берілген түрлі дефинициялар сияқты америкалық және еуропалық ғылыми ортада да «саяси коммуникацияға» берілетін анықтамалар бір-бірінен дараланып тұрады. Саясикоммуникативтік процестерді зерттеуші белгілі ғалым, француз саясаттанушысы Р.Ж.Шварценберг «саяси коммуникацияны» бір саяси жүйеден екіншісіне немесе түрлі саяси, әлеуметтік жүйелердің арасында айналып жүретін саяси ақпарат тарату мен тасымалдау процесі деп анықтаған [2, 56].
Бұл жерде француз ғалымы түрлі деңгейдегі жеке тұлғалар мен топтардың арасындағы ақпарат тарату процесінің үздіксіз болатынын атап өтеді. Ал, аталған саяси процестің мақсаты – басқарушылар мен бағынушылар арасындағы келісімге қол жеткізу екенін баса айтады. Америкалық саясаттанушы Ричард Перлофф өз кезегінде «саяси коммуникацияны» ұлттық лидерлер, медиа мен азаматтардың мемлекеттік саясатты жүргізуде өз пікірлерін жариялау, «messages» мағынасы мен мәнін талқылау процесі деп түсіндіреді. Ресейлік саясаттанушы М.Н.Грачевтің беретін анықтамасы мынандай: «Саяси коммуникация» – саяси акторлардың бір-біріне және әлеуметтік ортаға, қоғамға ықпалын зерттейтін коммуникацияның ерекше, дербес түрі». Саяси коммуникация саяси қызметтің ажырамас атрибуты. Саяси коммуникациясыз саяси қызмет мүмкін емес, онсыз елестетуге, ойлауға да болмайды.
Осы үш анықтаманың өзінен «саяси коммуникацияның» да әртүрлі түсінігі бар екенін көреміз. Бірақ, олар бірін-бірі толықтырып тұр. Саяси коммуникация саяси акторлардың қызметіндегі процестердегі коммуникацияның барлық түрлерін қамтиды. Саяси актор дегеніміз – саяси шешім қабылдауға және оны іске асыруға күшті ықпал жасай алатын тұлға немесе қоғамдық топ [3, 103].
Қазіргі қоғамдардағы саясаттың рөлінің күшеюі негізінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізіледі. Азаматтық қоғамдарда әлеуметтік өсудің стратегиясы мен тактикасы қоғамдағы барлық күштердің диалогына байланысты деген түсінік қалыптасты. Сондықтан да, бүгінгі кез-келген қоғамдағы саяси партиялар мен қозғалыстар билікке талас жолында өз электоратын көбейту үшін тұрақты коммуникациялық арналардың қызметіне тәуелді. Бүгінгі демократиялық жүйелердің басты принципі де сөз бостандығы мен еркін ақпарат таратуға құрылған.
Ақпараттық-технологиялық эволюцияның әсерімен адамның өмірі мен әлемдік құбылыстар түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Гуманитарлық ғылымдарға да коммуникативтік жаңарудың ықпалы аз емес. Ғалымдар коммуникацияның әлеуметтік және саяси аспектілерін зерттейтін ғылымдағы жаңа бағытты «коммуникацияны зерттеу», «коммуникациялық ғылым» (сommunication study, сommunication science) деп атап жүр.
Теориялық коммуникация парадигмасының негізін қалаушы ғалымдардың қатарында коммуникацияны зерттеудің «торонтолық мектебінің» өкілі Гарольд Адамс Иннисті атауға болады. «Канаданың экономика тарихының атасы» атанған канадалық экономист Гарольд Иннис мәдениет пен бұқаралық коммуникацияны да терең зерттеген ғалымдардың қатарында. 1894 жылы туып, 1952 жылы өмірден озған ғалым 46 жасынан бастап коммуникация саласын зерттей бастайды. Оның ғылыми жұмыстарының басты тақырыбы – мемлекеттердің тұрақтылығы мен ұзақ дамуы үшін ондағы қоғамдық қатынастардың әсерін зерттеу болды.
Гарольд Иннистің 1950-ші жазған «Империя және коммуникация», 1951 жылы аяқтаған «Коммуникациядағы біржақтылық» атты жұмыстары кейіннен Эрик Хэлвок, Маршалл Маклюэн, Уолтер Онг сияқты бұқаралық медианы зерттеген басқа теоретиктерге өз ықпалын тигізді. Гарольд Иннис бұқаралық коммуникацияны зерттеуші ғалымдардың алғашқысы болып ақпараттық технологиялар мен коммуникациялық тәсілдердің мемлекет пен қоғамдардың дамуына әсерін бөлек ғылыми мәселе деп қарастырды. Бұл жерде Иннистің еңбектерінен, мемлекеттер мен қоғамдардың әлеуметтік-саяси құрылымдары әлемде жоғары қарқынмен дамып отырған ақпараттық-коммуникациялық технологияларға тәуелді болуы ықтимал деген гипотеза туындайды. Қазіргі кезде бұл мәселе тек коммуникацияны зерттеудің теориялық жүйесін жасаумен айналысатын ғалымдардың ғана емес, әлемдегі барлық саясаткерлер жауап іздейтін маңызды сұрақтарға айналды [4, 76].
Адамзат тарихын қысқаша ой елегінен өткізер болсақ, онда эволюциялық жолмен дамыған империялар да, мемлекеттер мен қоғамдар да сол тарихи кезеңдегі ең озық коммуникациялық технологияларды қолданғанын көреміз. Соның көмегімен ғана олар өздерінің ықпалын күшейтті, әлеуетін арттырды. Бұл тұжырымды «Мәңгілік Ел» боламын деген қазақ ұлты, әсіресе, елдің болашағы – жастар қауымы ешуақытта естен шығармауы тиіс.
Біздің ұлтымыз да өз тарихының бастауында алдымен ауызша коммуникацияға сүйенді. Мыңжылдарды артқа тастап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып бүгінгі күнге дейін жеткен қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері әлемдегі саны жағынан көп, сапалық әлеуеті де биік кейбір ұлттардың әдеби мұрасынан ілгері тұратынын өзіміз енді ғана түйсініп келеміз. Қазақ ұлты сапалық жағынан да, саналық жағынан да өркениеттің көш басында тұрғанын басқаларға мойындату да «Мәңгілік ел» идеясының басты тренді болуы тиіс. Күлтегін ескерткіші көшірмесінің ежелгі Түркі мемлекетінің жерінен Еуразиялық ұлттық университетінің төріне қойылуын тарихи әділеттің орнығуы деп түсінуіміз қажет. Бұл – түркі әлемінің белді өкілі: қазақ ұлтының жазбаша коммуникациялық мәдениетінің, жазбаша коммуникациялық технологиясының қаншалықты бай, танымды екенін көрсететін ғылыми дәлел.
Бүгінгі заманымыздағы Қазақ елін қоршаған мемлекеттер мен қоғамдардың үлгісінде де ақпараттық технологиялардың дамуының арқасында әлемнің алпауыт державаларының даму әлеуетін байқаймыз. Геосаяси тұрғыдан қарағанда жаңа дәуірдегі «империялардың» (АҚШ, Қытай, Ұлыбритания мен Германия, Франция, Жапония) ықпалы ақпарат таратуға бейімделген технологиялар, Интернет жүйесі мен жаңа медиалардың арқасында бүкіл әлемге таралып отыр.
Ғаламдық басымдыққа ие болу үшін олардың әрқайсысы да қазіргі коммуникациялық технологияларға сүйенудің маңызын жақсы түсінеді. Алпауыт АҚШ, Қытай, Ресей мен Жапония, кішкентай Оңтүстік Корея мен Малайзия, Сингапур болсын өздерінің ақпараттықкоммуникациялық технологияларын дамытып, ақпараттық жүйелерінің қауіпсіз болуына күш салып, басқалардан тәуелсіз болуға ұмтылуда. Бұл – бүкіл әлем мойындаған тренд. Міне, саяси коммуникация ғылымының бастаулары мемлекет, билік, қоғам, адам арасындағы байланыстарды зерттеуге, оның дамуы заңдылықтарын анықтауға арналған. Саясат пен коммуникацияның тоғысуы саясаттану, әлеуметтану, ақпараттық технологиялар мен бұқаралық коммуникацияларды зерттейтін ғылымдармен іргелес ғылыми бағыт ретінде пайда болды.

ҚОРЫТЫНДЫ
Коммуникацияның адам өмірінің маңызды бөлшегі ретінде қарасақ, онда коммуникациялық технологиялардың дамуы мемлекеттегі биліктің өзгеруінде маңызды рөл атқаруы әбден мүмкін. Сондықтан, барлық мемлекеттерде билік жүргізіп отырған күштердің бұқаралық коммуникация құралдарын уысында ұстап, өзіне бағындырғысы келетіні, олардың бақылаудан шығып кететінінен қауіптенетіні шындық. Бұл – барлық мемлекеттер мен қоғамдарға тән сипат [5, 214].
Қазірдің өзінде ғалымдар Интернет пен ақпараттық коммуникациялық технологиялардың эволюциясы болашақтағы қоғамдарда бүгінгідей сайлау формалары мен дәстүрлерін өзгертуінің ықтималдығы жоғары құбылыс екенін мойындауда. Ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін қолдану арқылы халық сайлау арқылы ғана, яғни, өздері сайлаған өкілдер арқылы ғана билікке ықпал етпейтін болады. Коммуникативтік технологиялардың көмегімен әрбір азамат мемлекет органдары қабылдайтын шешімдерге тікелей араласып, өз пікірін білдіріп, тиісті шешім шығаруға интерактивті түрде қатысатын болады.
Енді 10-15 жылдан кейін Президент пен Парламент сайлауына үйде отырып қатысып, қалаған кандидатыңызға дауысыңызды он-лайн режимінде бересіз, нәтижесін де қадағалап отырасыз. Бұл да жүздеген жылдық тарихы бар демократиялық принциптерді түбегейлі өзгерте алатын «ақпараттық революцияның» әсерін көрсететін құбылыс. Саяси коммуникацияның өз алдына ғылыми бағыт ретінде қалыптасуы адам мен қоғамның арасындағы байланыстың қарқынды эволюциясынан туындаған. Саяси коммуникация қалай пайда болды, оның пайда болу себебі қандай деген сұрақтың жауабын осы тұжырымдарды негізге алып, іздеу қажет.
Билік пен азамат арасындағы байланыстың өзі соңғы 20-30 жылда түбегейлі трансформацияға ұшырады. Ақпараттық коммуникацияның осындай екпінмен дамуы болашақта «билік-қоғам» деген формуланың саяси плюрализм формасына ауысып, әрбір азамат өзінің тағдырына қатысты қоғамдағы және мемлекеттік билік органдары қабылдайтын шешімдерге шынайы ықпал жасай алатын жүйеге алып келуі әбден мүмкін. Бүгінгі төтенше жылдамдықпен жүріп жатқан урбанизация мен ғаламдану процесі, цифрлық технологиялардың дамуы осы гипотезаның айқын дәлелі болуы әбден мүмкін.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Маклюэн М. Война и мир в глобальной деревне/пер. с англ. И.Литберга. – М.: АСТ; Астрель, 2006. – 241 с.
2. Шварценберг Р.-Ж. Политическая социология/пер. с франц. – М.: ч.2. – 1998. – 282 с.
3. Назаров М.М. Массовая коммуникация в современном мире: методология анализа и практика исследований. – М., 2006. – 164 с.
4. Y.Masuda. The Information Society as Post-Industrial Society. Washington, 2003. – 315 с.
5. Политическая коммуникативистика: теория, методология и практика / Под ред.
Л.Н. Тимофеевой. – М.: Российская ассоциация политической науки (РАПН); Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН), 2012. – 322 с.






У.М. Есенбекова
Информационно-технологическая эволюция: формирование политической коммуникации
Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева,
Астана, Республика Казахстан

В статье исследованы вопросы, касающиеся политической коммуникации в контексте развития информационных технологий. Рассмотрены возможности и технологии новых медиа и традиционных средств массовых коммуникаций. Также автор выделяет дальнейшее развитие Интернета как инструмент формирования общественного мнения.
Статья посвящена пониманию и анализу вопросов политической коммуникации. Автор обращает внимание на факторы, которые повлияли на формирование политической коммуникации как отдельного научного направления. Анализируется влияние информационных технологий на систему политической коммуникации.

U.М. Yessenbekova
Information and technological evolution: formation of political communication
L.N. Gumilyov Eurasian National University, Astana, Republic of Kazakhstan

The article explores issues related to political communication in the context of information technology development. The possibilities and technologies of new media and traditional means of mass communications are considered. The author also highlights the further development of the Internet as a tool for shaping public opinion.
The article is devoted to understanding and analysis of issues of political communication. The author draws attention to the factors that influenced the formation of political communication as a separate scientific direction. The influence of information technologies on the system of political communication is analyzed.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *