А.Қожахмет
«Ң» ДЫБЫСЫН АЙТУДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР: СЕБЕПТЕРІ МЕН ШЕШУ ЖОЛДАРЫ
Қазақтың сөздік қорында «ң» дыбысы бар сөздердің саны өте көп. Қазақ тілі корпусындағы «ң» әрпінің кездесу жиілігі – 1,55 пайыз [4]. Яғни бұл дыбыс 42 әріптің ішінде жиілігі жағынан 18орында тұр.
Кілт сөздер: дыбыс, жиілік, қолданыс, артикуляция
Баланың сөйлеу әрекеті туа пайда болатын құбылыс емес, ол баланың физиологиялық, психологиялық тұрғыда дамуымен және қоршаған ортасының балаға әсерімен тікелей байланысты. Соңғы кезде балалар арасында дыбыстарды дұрыс айта алмау мәселесі көп кездесетін болған. Ғылымда бала тіліндегі бұндай кемшіліктердің өзіндік атаулары бар. С, з, ц, т, ж, г, щ әріптерін дұрыс айтпаудан сөздің бұзылуын сигматизм деп атаса, р әрпін айта алмауды сақаулық дейді. Ал лямбдацизм – л дыбысын дұрыс айтпау не басқа дыбыспен ауыстырып айту. Бала тілінің кемістігі туралы еңбектерде дауыс ырғағының бұзылуы және дыбысты дұрыс айта алмаудан сөздің түсініксіз шығуын быдықтық деп көрсеткен. Әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүрген дизартрия құбылысы – әріптерді дұрыс айта алмағаннан сөз көркемдігінің бұзылуы. Демек, дизартрия деп артикуляциялық сөйлеу мүшелерінің иннервациясының бұзылуын айтамыз. Бұл бөлімде тіл кемістігінің бір түрі осы дизартрия жайында талдау жұмыстары жасалады. Яғни қазақ тіліне тән ерекше дыбыстардың бірі «ң» дыбысын балалардың сөз қолданысында дұрыс айтылмай жүргендігі жан-жақты қарастырылады.
Ең алдымен баланың «ң» дыбысын айтудағы қиындықтарының себептерін ашып алған жөн. Тіл мүкістігінің пайда болуына көптеген себептер әсер етеді. Ең негізгі себептерінің бірі – баланың физиологиялық тұрғыда дұрыс қалыптаспауы. Баланың ауыз аппаратындағы кемістіктер (мысалы, тістің қисық шығуы, таңдайдың, тілдің жырық болып туылуы, т.б.) бала тіліндегі кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмауына себеп болады. Сонымен қатар жүйке жүйесінің зақымдануынан да сөздің бұзылуы мүмкін (мысалы, миға қан құйылу). Бала тілінің дұрыс қалыптаспауының тағы бір жағы бар. Ол — баланы дұрыс тәрбиелемеу, яғни ата-анасының не бала бақшадағы тәрбиешісінің баланың жастайынан қалай сөйлей бастағанына көңіл аудармауы. Бұл мәселенің де өзіндік қырлары бар. Бірі – ата-ана өзге тілді, көбіне орыстілді болуы, екіншіден, қазақтілді ата-ананың сөздік қоры тапшы, сөйлем құрылысы ретсіз, ойы тияқсыз болуы. Үшіншіден, ата-ананың баламен балаша қарымқатынасқа түсуі. Яғни тілі анық шықпаған баламен балаға ғана түсінікті тілмен коммуникация жасау. Ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуінен кеткен бұндай олқылықтарды логопед-дәрігерлер қалпына келтіреді немесе реттейді. Баланың физиологиялық, психологиялық жағынан дамуы әрбір ата-анаға байланысты. Ең алдымен әрбір ата-ана өз қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуі керек. Сонда ғана баланың тілі анық әрі таза болмақ. Енді осы айтылған себептерді мысалмен дәйектей түсейік.
«Ң» дыбысы бар сөздерді қолдануда балалар фонетикалық, стилистикалық, грамматикалық қателерді жіберіп жатады. Дефектологтар балалардың «н» мен «ң»-ды айта алмауының себебін фонематикалық есту-түсінуі дұрыс қалыптаспағанымен байланысты деп көрсетеді. Мысалы:
— Менін әжем жақсы. Екі әжем бар. Менін бір әжем Жұмабике әжекам, ал бір әжем Рая әжем. Олар біреуі Арқалықта, тоже Арқалықта. Бірақта менін үйімнін қасында болад. Кей- кезде мамамнын жұмыстары жоқ, үйде отырады.Ал, сосын онын жұмысы бар кезде менім әжелерім келеді. Жұмабике әжем тігінші, менім сондай болғым келеді.Ол қазақ киімін тігіп береді. Флоранын киімін тігіп береді, және басқа киімдерін тігіп береді.
Бұл — төрт жасар Адина қыздың сөздері. Бала «ң» дыбысы бар барлық сөздерге «н» дыбысын қолданған. Негізінде бала 2-5 жас аралығындағы барлық дыбыстарды толық айтып үйренуі керек. Бала ілік септігінің жалғауларын орынды қолданғанымен, тілінің мүкістігіне байланысты немесе дыбысты дұрыс қолдану білмегендігінен қателікке бой алдырған. Ал дұрыс дыбыстай алмаған жағдайда баланы мектеп логопедіне көрсеткен жөн. Дәл осындай қателік Әлинұр есімді балада да кеткен. Мысалы:
— Маманын. Менде тетя бар.
«Ң» дыбысын қате қолдану – бала тілі түгілі, ересектердің сөйлеуінен көрініс табатын үлкен мәселе. Логопедтердің пайымынша, балалардың «н» мен «ң» дыбыстарын дыбыстай алмауы бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, баланың сөйлеу мүшелерінің құрылысы дұрыс қалыптаспауы. Яғни, баланың тістерінің қисық шығуы, таңдайының биік орналасуы, жағының дұрыс жұмыс жасамауы, ернінің қалың болуы дыбыстарды дұрыс айтуға кедергі болады. Сөйлеу мүшелерінің қимылқозғалысының дұрыс болмауы екінші себеп болады. «Н» мен «ң»-ды дыбыстай алмау көбіне тілшіктің қызметіне байланысты» [1]. Егер бала қазақ тілін емін-еркін меңгерген ортада тәрбиеленіп, бірақ тілінен «ң» дыбысын дұрыс айта алмау байқалса, онда логопедтің көмегіне жүгіну керек. Ал орыстілді ортада өскен бала болса, ата-ананың баласының обалына қалып отырғаны. Себебі бала үшін қалыптасудың ең үлкен үлгісі — ата-ана. Дегенмен, бұл тілдік ауытқулар бала жасына қарай реттеліп, түзеліп кететін де кездер болады. Ал фонетикалық өзгерістердің бала тілінде болуы заңды құбылыс. Балалардың кейбір дыбыстарды айта алмауы немесе ұқсас дыбыстармен айтуы бала тілінің артикуляциялық базасының әлі толық қалыптаспағандығынан деп түсінген жөн.
Сонымен қатар бала арасында «ң» мен «м» дыбыстарын да шатастырып қолдану жиі ұшырасады. Бұндай қателіктерді жіберудің бір ғана себебі бар. Бала «ң» дыбысын айтуды қиынсынғаннан кейін «м» дыбысымен алмастырады. Негізінде балалар «м» дыбысын айтуды тез үйренетіні белгілі. Себебі бала бір жасына жетпестен мама сөзін қолданады. Сол себепті «ң» дыбысын «м» дыбысымен алмастыру оларға жеңіл болады. Мысалы:
— Менім достарымда көп нәрселер бар. Дакивася мемен дос, Яссамина гимнастика жасайд, тағы да бұрыннан бері ол бізге келген, мен жоқ болдым. Бірақ ол бізге 32-ші мерекісіне өзбекский биди билеп берді.
Дегенмен, баламен қарым-қатынасқа түскенде «м» емес, «ң» дыбысы екендігін практикалық тұрғыда, яғни сондай сөздерді жиі қолданып, ата-ана балаға түсіндіруі қажет. Бұндай фонетикалық қателер бала тілінде өте көп кездеседі. Қазақтың төл дыбысы ң-ды айта алмауы — қазақтың көптеген балаларының тілдерінде кездесетін құбылыс. Бірақ кейбір балалар «ң» дыбысын айта алғанымен, ол дыбысты бұрмалап, жасанды түрде қателіктер жасап жатады. Мысалы:
— Менім отбасымда «5» адам бар. Отбасымның мүшесі, әкем, ана, інім, және мен. Менім анам таңертен жұмысқа барады, әкемде жұмысқа таңертен барады. Ал інім балабақшаға барады, ағам болса, универсететке барады. Біз семнді және жексенбі күндері әр парыкке, саябаққа барамыз.
Бұл жерде баланың ң дыбысына тілі келмейді деуге болмайды. Себебі бала екінші сөйлемде ілік септігінің жалғауын дұрыс қолданған (отбасымның мүшесі). Демек, бала бар ынтасын салып ойын білдірмеген әрі сөйлем, қосымшаларды асығыс және орынсыз қолданған. Бұндай жағдайда үлкендер балаға асықпауды, сауатты сөйлеуді үйреткені дұрыс. Әрбір туындаған мәселенің артында оның шешімі тұрады. Демек, «ң» дыбысын айтудағы қиындықтарды жоюдың бірнеше амалы бар. Баланың «ң» дыбысын дұрыс айта алуының әлеуметтік желілерде түрлі жолдары көрсетілген:
1. Балаға «ң» дыбысын созып айтқызу керек. Осы кезде логопед немесе үйретуші (анасы, әкесі, әжесі, мұғалімі) штапельмен баланың тілін жұмсақ таңдайға шейін итереді. Солай бала «ң» дыбысын айтуды үйренеді. Бұл — осы дыбысты айтудың бір тәсілі. Жалпы «ң» дыбысы тіл артының жұмсақ таңдайға нық тиюінен жасалатын мұрын жолды дауыссыз дыбысты белгілейтін әріп. Ол дауыс қатысына қарай үнді, жасалу орнына қарай тіл арты, жасалу тәсіліне қарай шұғыл дауыссыздар тобына жатады. Сөз басында кездеспейді, ал сөздің ортасы (жаңа, кеңес) мен сөздің соңында (таң, желең) кездесе береді [2]. Сол себепті тілшікке және мұрынға тікелей қатысты болуына байланысты үйретушінің балаға «ң» дыбысын үйретудің түрлі тәсілдерін меңгергені жөн. Оның бірі — «ң» дыбысы және оның аллафондары бар сөздерді кезегімен қайталатып, «ң» дыбысын үйрету. Мысалы: күн – күң, он – оң, тон – тоң, шын – шың, мен – мең және т.б. Бұл сөздерді қайталатып қана қоймай, әрбір сөздің мән-мағынасын түсіндіру керек. Себебі 2-5 жас аралығындағы бала сорғыш сияқты келеді. Ата-ана не айтады, бала соны бойына сіңіріп алады.
2. Егер мәселе баланың физиологиялық жағынан ауытқулары болса, логопед, дәрігерге жүгініп, кеңесу керек. Қажет болған жағдайда міндетті түрде ем қабылдаған дұрыс. Сонымен қатар логопедке баланың тыныс алу мен тыныс шығарудың тереңдігін ұлғайтуға арналған жаттығулар жасату керек. Сонымен бірге дауыстың қаттылығын, ұзақтығын, модельденуін дамыту жұмыстарын жасату қажет. Баланың бет қимылының бұлшық еттеріне, ерінге, тілге массаж жасатқан жөн [3]. Егер бала бітімінде осындай қиындықтар болған жағдайда ата-анаға бұл шараларды міндетті түрде орындау керек. Себебі бұл бала тілінің тілінің дұрыс қалыптасуы бала болашағына, жалпы өміріне аса маңызды. Сондықтан немқұрайлылық танытпағанжөн,
Бала мектеп жасына келгенде «ң» дыбысының тілдің ұшы жоғарғы тістің артына тоқталатынын, «ң» дыбысының маңызы мен ерекшеліктерін түсіндіру қажет. Балаға «н» және «ң» дыбыстары екеуі екі түрлі дыбыс, екі түрлі әріп екенін талдап көрсету керек. Себебі жасалуы жағынан «ң» дыбысы «н»-ға ұқсамайды. Н — тіл ұшы дыбысы. Ал ң — тіл арты дыбысы.
3. Қазіргі таңда дыбысты жоғары деңгейде балаға түсіндірудің түрлі әдістері бар. Сол себепті бұндай ауытқулары бар балалармен мұғалім жеке жұмыс жасауы тиіс. Сонда ғана қасындағы балалармен еркін әңгіме құрып, еркін пікірлесе алады. Бала еркін ойын жеткізе алмаса, өмірде жасқаншақ немесе ынжық болып өсуі мүмкін. Әрбір ата-ана баласының болашағы жарқын болсын десе, өзінің және баласының аузынан шыққан әрбір дыбысқа баса назар аударуы қажет.
4. Баланың қоршаған ортасы баламен анық әрі тілде сөйлегені жөн. Бала «менім ойыншығым» деп айтқан жағдайда анасы я тәрбиешісі «менің ойыншығым» деп жауап қайтарғаны дұрыс. Себебі қазіргі кезде баламен нормаланған әдеби тілде сөйлемек түгілі, баламен пати, мати, сати деп отырған ата-ана қаншама. Бұл баланың тілі не болмақ? Содан кейін тілі шықпай жатыр, әлі сөйлей алмайды деп реніштерін айтып жататындары тағы бар. Баланы бала демей, ересек адаммен сөйлескендей коммуникацияға түсу керек.
5. Баланы өз ана тілінде сөйлейтін ортада тәрбиелеу керек. Балабақшада қазақ тілінде сөйлеп, үйде ата-анасы орыс тілінде сөйлейтін болса, баланың сөйлеу аппаратын да, ой-өрісін де шатастырамыз. Қазір қаланың көп отбасыларында осындай мәселе бар. 4 жасқа келген баланың тілі шықпай, ата-ана логопедке барады. Енді ересек адамды білмейтін екі тілді үйрететін курсқа жазып, екеуін бір уақытта, бір бөлмеде кезек үйретсін. Сол ересек меңгеріп шыға ма екен? Міне, біз, үлкенде, осы жөнінде ойланайықшы. Өмірдің есігін енді ашқан, аппақ қағаздай тап-таза, ешқандай ақпарат жазылмаған, сызық сызылмаған балаға таза тілімізді үйрету әрбір ата-ананың қолында ғой! Анасы қай тілде сөйлесе, баласының ана тілі сол екенін ұмытпайық.
6. Бүгінгі күннің балалары теледидардан мультфилмдерді көп көреді. Ол мультфильм көбіне көп орыс тілінде болады. Ал қазақстандық «Балапан» арнасында 2-5 жас аралығындағы баланы тартатыны аз. Енді бала үнемі орыстілді арналардан мультфильм көрсе, «ң» дыбысын қайдан үйренсін. Себебі «ң» дыбысы орыс тілінде жоқ. Қазақстанда балаларға арналған қазақтілді бір ғана арна бар. Ал орыс тілінде 6-7 арнадан тек мультфильм көрсетеді. Бұдан баланың таңдауы сол орыстілділерге түсетінін аңғаруға болады. Демек, балаға сапалы қазақ тіліндегі мультфильмдерді көрсетсек, дыбыстарды еркін меңгеруге мүмкіндік жасай аламыз.
Сонымен «ң» дыбысын дұрыс айту үшін ең алдымен бала, одан кейін ата-ана немесе тәрбиеші мен мұғалім еңбектенуі керек. Себебі қазақтың сөздік қорында «ң» дыбысы бар сөздердің саны өте көп. Қазақ тілі корпусындағы «ң» әрпінің кездесу жиілігі – 1,55 пайыз [4]. Яғни бұл дыбыс 42 әріптің ішінде жиілігі жағынан 18-орында тұр. Қазақ тілі жалғамалы тіл (аглютинативті тіл) болғандықтан, әрбір сөзімізге қосымша жалғанатыны тағы бар. Тіліміздегі септік, тәуелдік жалғауларында «ң» дыбысы міндетті түрде болады. Сол себепті «ң» дыбысын балаларға үйретуде өте мұқият болған жөн. Бұл біріншіден, қазақ тілінің төл дыбыстарының қатарында, екіншіден, дыбысты дұрыс айтпау баланың сауатты сөйлеуіне кері әсерін тигізеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. http://www.tarbie.kz/2747
2. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика. -Алматы, 1962
3. Alashainasy.kz сайты
4. Шәріпбай А. Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру мәселесі. – Астана, 2017.
Обучение правильному произношению звука ң требует больших усилий как со стороны ребенка, родителей, так и со стороны воспитатаелей, учителей. В количественном отношений в корпусе слов казахского языка частотность звука ң стоит на 18 месте.
Learning the correct pronunciation of sound ң requires a lot of effort both from the child, parents, and from the educators, teachers. In quantitative relations in the corpus of words of the Kazakh language, the frequency of sound ң stands at 18th place.