ҚАЗАҚ ДЫБЫСТАРЫН ЛАТЫН ҚАРПІНЕ АУДАРУДАҒЫ БУЫН МӘСЕЛЕСІ

А.Ә.Жаңабекова, Б.Д. Карбозова
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Алматы қ. Қазақстан

ҚАЗАҚ ДЫБЫСТАРЫН ЛАТЫН ҚАРПІНЕ АУДАРУДАҒЫ БУЫН МӘСЕЛЕСІ

Латын қарпіне көшуде әліпби таңдау бірінші кезектегі жұмыс болса, әліпбидің бір нұсқасы таңдалғаннан кейін атқарылатын жұмыстар одан да күрделірек деуге болады. Әсіресе, кирилл қарпінің енуі кезінде қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен кейбір сөздердің дыбыстық құрамында қарамақайшы тілдік құбылыстар орын алған болатын.

А. Байтұрсынов сөйлеу мен сөйлем, сөйлем мен сөз, сөз бен буын, буын мен дыбыс желісін бірбірінен туындатып, арасын үзбей өзара байланыстырып қарайды. Сөздерді буынға бөлудің жолын қарастыра келіп, «Буыншы әріп басқалардың ортасында қамауда тұрса, ол буынға «бітеу» деп ат қойындар; буын аяғы буыншы әріпке тірелсе, ол буынға «ашық» деп ат қойыңдар; буын буыншыдан басқа әріпке тірелсе, ол буынға «тұйық» деп ат қойыңдар» деп, буын түрлерін саралап береді [1, 344-
345]. Сондағы «буыншы» әріптеріміз дауысты дыбыстар болып шығады. Буын құраудағы дауысты әріптердің мәнін «әлгі әріптер кіріспейтін буын» болмайды дейді.
Проф. Қ.Жұбанов буынның дыбыс құрамына қарай алты түрін көрсеткен [2, 361]. «Фонациялық ауаның қарқынымен кілт үзіліп шыққан бір немесе бірнеше дыбыс тобын буын дейміз. Демек, буын экспирация арқылы (өкпедегі ауаны сыртқа шығару арқылы) жасалады» дей келіп, осы үрдісті проф. І.Кеңесбаев та ұстанады, буын түрлерін ашық, тұйық және бітеу деп бөліп, олардың алты түрлі дыбыс құрамын көрсетеді [3, 260-261]. Буын сипатын, түрлерін, жігін, дыбыс құрамын кеңінен талдаған С.Мырзабеков «Буын — … ауаның кілт үзілуінің не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке (дауысты) дыбыс, не дыбыстар (дауысты, дауыссыз) тобы» деген анықтама береді[4, 103].
Буын құбылысын сингармонизммен тікелей байланыстыра отырып, проф. Ә.Жүнісбеков «Қазақ тіліндегі дыбыс түрленімі қазақ сөзінің сингармонизм заңдылығынан туындайды. Сингармонизм әуезі (жуан, жіңішке, еріндік, езулік) көрінетін тірек бірлік буын болып табылады», -деп теориялық қорытынды жасайды [5, 24-25]. Латын қарпіне әліпби ауыстыру ісінде Ә.Жүнісбектің буын мәселесіне қатысты зерттеулерінің маңызы зор.
Мысалы, ми, жи, ки, киім, жиын, тиын сияқты сөздерде и әрпі, ту, жу, бу сияқты сөздерде у әрпі дауысты дыбыс ретінде танылып, біріншіден, қазақ тілінің ережелеріне сәйкес келмей, екіншіден, буынға бөлінбейтін күйге түсіп, үшіншіден, тасымалданбай қалған болатын.
Мемлекеттік тілімізді латын қарпіне көшіру, ең алдымен, бүгінгі дамыған, жаһанданған, кемелденген кезеңде заман ағымынан қалмай, әлемдік кеңістікке шығудың бір жолы ретінде қажеттілік тудырып отырса, осы шара тұсында «Рухани жаңғыру» [6] идеясына сәйкес ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту қажеттілігін де тудырып отыр. Әліпби таңдау ісіне жалпы халық болып атсалысса, ендігі емле мәселесін жүзеге асыруда тілші мамандардың атқарар жұмысы жауапты әрі өте күрделі. Мұны екінші кезектегі үлкен шара деп санау қажет. Өйткені мемлекеттік тіл қазақ тілінің дыбыстық жүйесін әліпби ауыстыру қарсаңында қайта реформалау тіліміздің ұлттық сипатын жоғалпаудың, оның жасампаздығы мен өміршеңдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты болмақ. Бұл ретте нақты лингвистикалық шаралар мыналар:
Ең бірінші, қазақ тілінің төл құрамына қатысты реформа жасау керек. Бұл ретте қазақ тілі дыбыстарының тіркесім заңдылықтарына сәйкес келмейтін, буынға бөлінбейтін, тасымалдануы қиын сөздер құрамын жаңарту керек. Құрамына өзгеріс енгізетін мұндай сөздер көбінесе құрамында и және у дыбыстары бар сөздер. Бұл дыбыстармен келген сөздердің қазіргі дыбыс жүйесінде, оның ішінде классификация жасауда екіжақты болуы (бірде дауыссыз, бірде дауысты), буын жігін бұзуы, тасымалдауда қиындық тудыруы құрамында и, у дыбыстары бар сөздердің жазылуын қайта қарауды қажет етеді. Бұл қандай сөздер?
Солардың бірі құрамында и дыбысы бар сөздер: зат есімдер: сөз басында дауыссыздан кейін келетін сөздер: тиін, киім, киік, киіз, киіт, тиын, диірмен, жиек, қисын, қиял, тиек, жиен, ниет, жиілік, кие, шие, шикізат, шиқыл, қисын,жинақ, т.б.; сын есімдер: қиын, жиі, тиісті, биік, киелі, биязы,шикі,тиесілі т.б.; етістіктер: тие, тиіс, жиыс, жина, қина, киін, жиіркен, биікте т.б.;үстеулер: биыл.
Бұл сөздер буынға бөлінбейді, соған сәйкес тасымалданбайды. Сонымен қатар қазақ тілінің заңдылығы бойынша екі дауысты қатар келмейді. Ал жоғарыдағы сөздердегі и дыбысын дауысты деп танимыз ба, дауыссыз деп танимыз ба? Онда и дыбысын дауыссызға жатқызатын болсақ, тағы да буын ішінде дауыссыз дыбыстар тіркеспейтіні белгілі. Олай болса, и дыбысы қайдан шықты деген сұрақ туындайды. Біздіңше, бұл сөздерде и дыбысы ій/ый дыбыстарының орнына алынған. Бұл сөздерді буынға бөлгенде былай ғана бөле аламыз:
зат есімдер: сөз басында дауыссыздан кейін келетін сөздер:
тиін – тійін, киім – кійім, киік – кійік, киіз – кійіз, киіт – кійіт, тиын – тыйын, диірмен – дійірмен, жиек – жійек, қисын – қыйсын, қиял – қыйал, тиек – тійек, жиен – жійен, ниет – нійет, жиілік – жійілік, кие – кійе, шие – шійе, шикізат – шійкізат, шиқыл – шыйқыл, қисын – қыйсын,жинақ – жыйнақ, жиын – жыйын т.б.
латынмен: ti’in – tii’in, ki’iм – kii’iм, ki’ik – kii’ik, ki’iz – kii’iz, ki’it – kii’it, ti’yn – tyi’yn, di’irмen – dii’irмen, ji’ek – jii’ek, qi’syn – qyi’syn, qi’ial – qyi’al, ti’ek – tii’ek, ji’en – jii’en, ni’et – nii’et, ji’ilik – jii’ilik, ki’e – kii’e, s’i’e – s’ii’e, s’i’kizat – s’ii’kizat, s’i’qyl – s’yi’qyl, qi’syn – qyi’syn, ji’naq – jyi’naq, ji’yn – jyi’yn t.b.
сын есімдер:қиын – қыйын, жиі – жійі, тиісті – тійісті, биік – бійік, киелі – кійелі, биязы –
быйазы,шикі – шійкі,тиесілі– тійесіліт.б.;
латынмен: qi’yn – qyi’yn, ji’i – jii’i, ti’isti – tii’isti, bi’ik – bii’ik, ki’eli – kii’eli, bi’iazy – byi’azy, s’i’ki –
s’ii’ki, ti’esili – tii’esili t.b.;
етістіктер: тие – тійе, тиіс – тійіс, жиыс – жыйыс, жина – жыйна, қина – қыйна, киін –
кійін, жиіркен – жійіркен, биікте – бійікте т.б.; латынмен: ti’e – tii’e, ti’is – tii’is, ji’ys – jyi’ys, ji’na – jyi’na, qi’na – qyi’na, ki’in – kii’in, ji’irken –
jii’irken, bi’ikte – bii’ikte t.b.; үстеулер:биыл – быйыл. латынмен: bi’yl – byi’yl.
Алайда бұл сөздерді енді қаріп тани бастаған балаға буынға бөлдірсек, айтуда қосылып тұрған ы/і дыбыстарын жазуда (көзтанымда) көрмегендіктен, бұлай дыбыстамайды. Баланың дыбыстауы былай болады: ти-иін, ки-иін, ки-иік, ки-иіз, жи-иек т.б. Мұны да қиындықтардың бірі делік. Осы сияқты жоғарыда берілген үш, төрт әріптен тұратындары тасымалданбайды. Мұны екі делік. Сонымен қатар дауысты дыбыстардың қатар келуі мен дауыссыз дыбыстардың буын ішінде қатар келуі қазақ тілінің заңдылығына сәйкес келмейді екен. Олай болса, жоғарыда берілген сөздерді қалай жазамыз деген сұрақ ойлануды, талқылауды қажет ететіні даусыз.
Ал егер жоғарыдағы и дыбысымен келген сөздерді айтылым бойынша ы/і дыбыстарымен қосып жазатын болсақ, и дыбысының басқа да позияцияларын осыған сәйкестендіру керек болады. Мысалы, и дыбысы сөз соңында келетін зат есімдер: әлди, сәби, әліпби, ылди т.б. сөздерін қалай жазамыз? Ы\і дыбыстарын қосар болсақ, әлди – әлдій, сәби – сәбій, әліпби – әліпбій, ылди – ылдыйболар еді.
латынмен: a’ldi’ – a’ldii’, sa’bi’ – sa’bii’, a’lipbi’ – a’lipbii’, yldi’ – yldyi’
Бұл сөздерге енді тәуелдік жалғауын жалғасақ, тағы да и дауыстысына ы/і дыбысын жалғап, ережеге қайшы келеміз: әлдиі, сәбиі, әліпбиі. Ендеше тәуелдікпен келгенде әлдійі, сәбійі, әліпбійі деп жазу керек болады. Бұлай жазу тіл дыбыстарының ережесіне сәйкес келіп, буынға, тасымалға бөлуге де ыңғайлы болар еді. Алайда көп уақыт бойы сәби, әлди, әліпби сөздеріне і дыбысын алдынан қосып жазу (әлдійі, сәбійі, әліпбійі — a’ldii’i, sa’bii’i, a’lipbii’i) көзге жат көрінері әбден мүмкін.
И дыбысымен келген жоғарыдағы сөздерді ы/і қысаңдарды қосып жазар болсақ, мынадай сөздерді де соған сәйкес жазу керек болады.
сын есімдер: діни – діній, рухани – руханый, мәдени – мәденій, әдеби – әдебій, қазақи –
қазақый, кітаби – кітабій, адами – адамый, саяси – сайасый, әскери – әскерій т.б.; латынмен: dini’ – dinii’, ry’хani’ – ry’хanyi’, мa’deni’ – мa’denii’, a’debi’ – a’debii’, qazaqi’ – qazaqyi’,
kitabi’ – kitabii’, adaмi’ – adaмyi’, saiasi’ – sai’asyi’, a’skeri’ – a’skerii’ t.b.;
Осы сияқты и дыбысымен аяқталатын етістіктеріміз баршылық. етістіктер: теңки, мөли, мелши, кірти, күржи, көнти, көмпи, бүкши, дүңки, қылжи, бұрти,
делди, дүрди, кеки, керди, түкси, үрпи, шерми, шиди, ілми, жылми т.б. Бұл етістіктерге ып/іп көсемше тұлғалары жалғанады: теңкиіп, мөлиіп, мелшиіп, кіртиіп т.б. И дыбысы бұл сөздерде дауысты болса, п варианты жалғанған болар еді. Демек, бұл жерде дауыссыз делік, онда буын ішінде екі дауыссыз қатар тұрмауы керек еді. Тағы да қайшылық туындайды. Мұндай қайшылық буын мен тасымалда да байқалады. Ендеше оларды қысаң дауыстылармен қосып жазар болсақ: теңки – теңкій, мөли – мөлій, мелши – мелшій, кірти – кіртій, күржи – күржій, көнти – көнтій, көмпи – көмпій, бүкши – бүкшій, дүңки – дүңкій, қылжи – қылжый, бұрти – бұртый, делди – делдій, дүрди – дүрдій, кеки – кекій, керди – кердій, түкси – түксій, үрпи – үрпій, шерм – шермій, шиди – шійдій, ілми – ілмій, жылми – жылмыйт.б.
латынмен: ten’ki’ – ten’kii’, мo’li’ – мo’lii’, мels’i’ – мels’ii’, kirti’ – kirtii’, ku’rji’ – ku’rjii’, ko’nti’ – ko’ntii’, ko’мpi’ – ko’мpii’, bu’ks’i’ – bu’ks’ii’, du’n’ki’ – du’n’kii’, qylji’ – qyljyi’, burti’ – burtyi’, deldi’ – deldii’, du’rdi’ – du’rdii’, keki’ – kekii’, kerdi’ – kerdii’, tu’ksi’ – tu’ksii’, u’rpi’ – u’rpii’, s’erм – s’erмii’, s’i’di’ – s’ii’dii’, ilмi’ – ilмii’, jylмi’ – jylмyi’ t.b.
Жоғарыдағы принципті ұстанар болсақ, екі әріптен тұратын ми, би, жи, ки, қи, ти сияқты сөздер де былай жазу керек болады: мый, бій, кій, қый, тій. латынмен: мyi’, bii’, kii’, qyi’, tii’.
И дыбысы сөз басында да кездеседі. Бұл жағдайда ол тек жіңішке сөздермен ғана келеді. Бұл сөздерді айтқанда, і қысаң дыбысы естіледі. Егер жоғарыдағы талдауларымызға сүйеніп, ұзақ и дыбысы қазақ тілінде жоқ дер болсақ, бұл сөздеріне де і қысаң дыбысын қосып жазуымыз керек болады:
зат есімдер: иірім – ійірім, иіс – ійіс, иісмай – ійісмай, иін – ійін, инелік – ійнелік, иінағаш –
ійінағаш, ие – ійе, иек – ійек, иеленуші – ійеленуші, иелік – ійелік т.б.; латынмен: i’iriм – ii’iriм, i’is – ii’is, i’isмai’ – ii’isмai’, i’in – ii’in, i’nelik – ii’nelik, i’inag’as’ – ii’inag’as’, i’e – ii’e, i’ek – ii’ek, i’eleny’s’i – ii’eleny’s’i, i’elik – ii’elik t.b.;
сын есімдер: иілгіш – ійілгіш, иіссіз – ійіссіз, икемді– ійкемдіт.б.; латынмен: i’ilgis’ – ii’ilgis’, i’issiz – ii’issiz, i’keмdi – ii’keмdi t.b.; етістіктер: иіл – ійіл, иі – ійі, иір – ійір, иіске – ійіске, иелен – ійелен,иемден – ійемдент.б.
латынмен: i’il – ii’il, i’i – ii’i, i’ir – ii’ir, i’iske – ii’iske, i’elen – ii’elen, i’eмden – ii’eмden t.b.
Сөз соңындағы я және е дыбыстарының алдында и дыбысы келетін сөздер де бір жағы и, екіншіден, я дыбысының қатар келуімен күрделі.
зат есімдер: қария – қарыйа, құпия – құпыйа, дария – дарыйа,зиялы – зыйалы, зиян – зыйан, қиян – қыйан, қиянат – қыйанат, сияпат – сыйапат, дүние – дүнійе, тәрбие – тәрбійе, несие – несійе, әулие – әулійет.б.; латынмен: qari’ia – qaryi’a, qupi’ia – qupyi’a, dari’ia – daryi’a, zi’ialy – zyi’aly, zi’ian – zyi’an, qi’ian – qyi’an, qi’ianat – qyi’anat, si’iapat – syi’apat, du’ni’e – du’nii’e, ta’rbi’e – ta’rbii’e, nesi’e – nesii’e, a’y’li’e – a’y’lii’e t.b.;
Сын есімдер: жария – жарыйа т.б. латынмен: jari’ia – jaryi’a t.b.
Бұл сөздер дұрысында қысаң дыбыспен дыбысталады. Алайда жазуда қария, құпия, зиялы, сияпат т.б. болып жазылған соң, айтуда да солай қысып дыбыстап кеткенбіз.
Сондай-ақ: ниет – нійет, мәдениет – мәденійет, өсиет – өсійет, қасиет – қасійет, әдебиет – әдебійет, өркениет – өркенійет, тәжірибе – тәжірійбет.б. сөздерде қысаң і дыбысын қосып жазу да бірізділік үшін қажет.
латынмен: ni’et – nii’et, мa’deni’et – мa’denii’et, o’si’et – o’sii’et, qasi’et – qasii’et, a’debi’et – a’debii’et,
o’rkeni’et – o’rkenii’et, ta’jiri’be – ta’jirii’be
Демек, құрамында и дыбысы бар сөздер туралы айтылғандарымызды қорытындылар болсақ, біз не и дыбысын ереже қайшылығы, буын, тасымалдануына қарамай, бұрынғыша сол күйінде қалдыру керек не киім, қиын сөздерін кійім, қыйын тұлғасына өзгертіп жазар болсақ, құрамында и дыбысы бар сөздердің барлығын жоғарыдағыдай етіп жазу қажет болады.
Ендігі проблема мәтіндерді автоматты аударма жасауға да қатысты. Егер и дыбысы бар сөздерді ы/і қысаң дыбысын қосып жазар болсақ, программаға и дыбысын ый/ій-дің қайсысына ауыстыру қажеттігін белгілеп беруіміз қажет. Ол үшін құрамында и дыбысы бар сөздерді тізімдеп біртіндеп ауыстыруға болады. Не болмаса и дыбысымен келетін сөздерді жүйелеп, формальді модельге түсіріп, программаға нұсқаулық (ереже) етіп дайындайды. Олай етпесе, программа жаппай ауыстыра салады да, түсініксіз сөздер орын алады. Сондықтан, мәтіндерді автоматты аударма жасау үшін, сөздердің емлесі программа үшін аса қажет.
Бұл сөздерді осылайша жазу оларды буынға және соған сәйкес тасымалға бөлуге де мүмкіндік береді. Осындай жаңартпалар бірсыпыра. Жоғарыда айтып отырғанымыз тек төл сөздерімізге, оның ішінде «И» дыбысына ғана қатысты. Осы сияқты емледе проблема туғызатын мәселелер у, я, ю дыбыстарына қатысты сөздерді жазу.
Тіліміздің сөздік құрамы төл сөздер ғана емес, кірме сөздер, сонымен қатар сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалған қос сөздер, біріккен сөздер т.б. Бұл орайда да емле мәселесі баршылық.
Әліпби ауыстыруда ең алдымен, осындай сөздердің (жоғарыда көрсетілген) емлесін жөндеп алуымыз қажет. Бұл әсіресе, кирил қаріпті көптеген әдебиеттерді (мәтіндерді) автоматты жолмен латынға аудару үшін басты шешіп алатын мәселе. Өйткені автоматты аударма жасау, ол әріпті әріппен ауыстыра салу емес.
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.
2 Жұбанов Қ. Қазақ тілі бойынша зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966.
3 Кеңесбаев І. Мұсабаев Ғ.Қазіргі қазақ тілі. – Алматы : Ғылым, 1975. 302 б.
4 Мырзабеков С. Қазақ тілі фонетикасы.–Алматы:Қазақ университеті, 2004.– 247 б.
5 Джунисбеков А. Сингармонизм в казахском языке.– Алма-Ата:Наука,1985. –97 с.
6 Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы//Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

В статье рассматривается проблема слогов в казахском языке. Предложена орфография слов с буквой «и» при переводе с кириллицы на латинскую графику.

The article deals with the problem of syllables in the Kazakh language. A spelling of words with the letter «and» is suggested when translating from Cyrillic to Latin script.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *