С.Қ. Омарова1, З.Т. Галымжанова2
«Тұран-Астана» университеті1
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты2 Астана1, Арқалық2, Қазақстан
omarovask@mail.ru, Zaure.galymzhanova@mail.ru
ҚАЗАҚ АНТРОПОНИМДЕРІ МЕН АППЕЛЯТИВТІК ЛЕКСИКАНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
Мақалада қазақ антропонимдері мен аппелятив есімдердің зерттелу тарихына шолу жасалған. Қазақ тіл білімінде, орыс тіл білімінде, түркі тілдері материалдарында кездесетін олардың категориялық болмысы, семантика-грамматикалық табиғаты жайлы айтылған ой-пікірлер, тілдік мәліметтер сипатталған.
Кілт сөздер: антропонимдер, аппелятивтер, ономастика, топонимика, жалпы ұғым, жеке ұғым, жинақты, жіктемелі, онимдік, трансонимдік, омонимдік, этнолингвистикалық, деонимдік деривация.
Қазіргі қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы құрамы жұп сыңарлы болып келіп, бір категориялық мазмұн көлемін құрайтын сөз, сөзтұлға, сөзформа жүйесі, қызметі ғылыми сипаттамаға онша ілікпеген мәселелердің бірі. Құрамы екі сыңарлы болып келуі және олардың бір-бірімен тығыз бірлікте жұмсалуға тиістілігі белгілі бір дәрежеде танылса да, осындай күрделі тілдік құбылыс жайын тұтастықта ғылыми пайымдау қазақ тілтануында әлі жеткіліксіз деп еспетейміз. Сол себепті мәселенің зерттеу жайын біз әрі семантикадан, әрі грамматикадан барлауды жөн көрдік. Көп қырлы осындай ұғым, түсініктерге жалпы-жалқы, жалпы-жеке сияқты ұғымдар жатқызылады. Ал оларды терең танып, категориялық болмысын сипаттау, анықтау үшін осы мәселе жайында қазақ тілтануында, түркі тілдері материалдарында баяндалған мәліметтерді, айтылған ой-пікірлерді зерделейміз.
Біз қарастырып отырған мәселе, яғни қазақ тіліндегі жалқы есімдердің синонимі ретінде тіл білімінде антропонимдер деген термин қолданылады. Ол антро+пос – «адам, оним//онима – «есім», «ат» деген сөз. Ендеше, антропоним дегеніміз – «кісі есімі», антропонимика дегеніміз – ономастиканың кісі есімдерін зерттейтін саласы болып табылады. Ал жалпы есімдердің синонимі ретінде аппелятив деген лингвистикалық термин қолданылады. Антропоним және аппелятив есімдер тіл біліміндегі зерттеулерде жұп болып қолданылады және зат есімдерге қатысты айтылған пікірлерде, зерттеу еңбектерінде көбірек кездеседі.
Мысалы, А.Байтұрсыновтың 1914 жылғы «Тіл құрал» еңбегінің морфологияға арналған бөлімінде ғалым зат есімнің мағыналық түрлеріне анықтама беріп, өзіндік пікір қалыптастырғанын байқаймыз. Мысалы: «Зат есім екі түрлі болады: біреулері – нәрсенің дербес өз басына ғана қойылған жалқы есім. Екіншілері – нәрсенің біріне емес барлық тобына қойылған жалпы есім», – дейді. Жалқы және жалпы есімге қысқаша ғана тоқталып, жалқы есімге кісі аттарын, жер атауларын жатқызады да, жалпы есімдерге бір түрлі көп заттың жалпылама атауларын білдіретін сөздерді (кісі, қала, дала, ел, жұрт, ұлт, өлке, патшалық) жатқызады [1, 199-200].
Морфологияны сөз ететін қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулықта зат есімді жалпы, жалқы есім деп бөлу, оның жекеше және көпше септелуі, оңаша, ортақ түрінде тәуелденеді деп бөлу орын алған [2, 168].
1936 жылы орталау, орта мектептерге арналған Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаевтың 5-6-7 сыныптарға арналған «Қазақ тілі грамматикасы» атты оқулықтан ғалым А.Байтұрсыновтың еңбектеріндегі («Тіл құралы») тұжырымдарға сәйкес келетін ойпікірлерді кездестіреміз [3, 58-60].
Қазақ тілінің грамматикасын ғылыми тұрғыда негіздеген ғалым Қ.Жұбановтың «Из истории порядка слов в казахском предложении» (1936) деп аталатын еңбегінде ғалым қазірде жалқы есімдер ретінде танылып жүрген кісі есімдерін арнайы зерттемесе де, сол кездің өзінде бұл мәселеге көңіл аударған, ол жайлы сөз қозғаған. Сол пікірлерін басшылыққа ала аламыз.
Қазақ тіл білімінің зерттеу көкжиегі кеңейіп, салалары дамыған сайын, зат есім де жанжақты зерттеле бастады. Бірқатар ғалымдар, мысалы, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ә.Төлеуов, С.Исаев, Н.Оралбаева, К.Бейсембаева, А.Данияров, И.Ұйықбаев т.б. зат есімге байланысты мақалалар, арнайы зерттеулер, еңбектер жазды. Жалқы есімдер ономастика және топонимика саласында да тың зерттелді. Қазан революциясынан кейінгі кезеңде Қ.Жұбановтың, С.Аманжоловтың, І.Кеңесбаевтың, С.Әлиевтің, Н.Баяндиннің Қазақстанның географиялық атаулары жөніндегі мәселелерді қарастырған жеке мақалалары мен этюдтары жарыққа шыққаны белгілі. Сонымен қатар жалқы есімнің этимологиялық түсініктемелері мен жалқы есім жайлы құнды материалдар мен мағлұматтарды С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, К.Аханов және басқа да ғалымдардың (40-50 ж.) еңбектерінен кездестіреміз.
Өткен ғасырдың 40 – жылдарынан бергі уақыттар ішінде жекелеген топонимдік атауларға байланысты С.Аманжоловтың, Н.Баяндин мен Ғ.Қоңқашбаевтың, Ғ.Мұсабаевтың т.б. мақалалары жарияланды. 1949 жылы ғалым Ғ.Қоңқашбаев «Қазақтың халықтық географиялық терминдері» деген тақырыпқа диссертация қорғады [3, 91].
Сонымен қатар Ә.Әбдірахмановтың «Қазақстан топонимикасының кейбір мәселелері» деген тақырыпта жазылған лингвистикалық зерттеуін және «Қазақстан жер-су аттары», «Топонимика және этимология», «Қазақстан этнотопонимикасы» атты үш монографиялық еңбегін айтып кетуге болады.
Халықтың тілдік қорының негізінде пайда болған географиялық атауларды зерттейтін топонимика – жалқы есімнің үлкен бір саласы екендігі белгілі. Көріп отырғанымыздай, жұп сыңардың тек бір мүшесі, жалқы есім жайлы мәлімет көбірек кездеседі.
1954 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілі» ғылыми грамматиканың алғашқы бөліміне зат есім туралы ғалым А.Ысқақовтың ізденістері енген [3, 101].
А. Ысқақовтың тұжырым, пікірлері өзінің ғылыми маңыздылығын жойған жоқ, себебі күні бүгінге дейін тілді зерттеушілер өз еңбектерінде ғалым тұжырымдарын басшылыққа алып келеді.
К. Аханов «Қазақ тілі лексикасының мәселелері» (1955) деген оқу құралында зат есімдердің жалқы, жалпы мағыналарына талдау жасаған. Мысалы, өзен, қалам деген сөздердің әрқайсысы бір ғана затқа тағылған ат еместігін, ұқсас нәрселердің барлығына бірдей айтылатын жалпылама сөздер екендігі, өзен деген сөз арқылы тек белгілі бір өзенді ғана атап қоймаймыз, жалпы өзен атаулыны атаймыз деген. Оның бер жағында ол өзен терең бе, таяз ба, ұзын ба, қысқа ма, ағысы қатты ма, баяу ма – ол жағы тәптіштелмей, әйтеуір өзен атаулының бәрін бірдей жалпылама түрде атап, сондай-ақ, қалам деген сөз тек белгілі бір ғана қалам дегенді білдіріп қоймайды, жалпы қалам атаулыны білдіреді деген қорытынды жасалған [4, 4-5].
К.Ахановтың бұл көзқарасы бүгін де өміршең. Біздің ойымызша, жалпы есімдер жалпы заттарға қойылған атау болғандықтан, белгісіз де болады. Жалпылық мағынамен қатар белгісіз мағынаға да ие, нақтылық жоқ жерде белгісіздік алға шығады.
Семантика-грамматикалық құрылысы мен тарихи көнелігі, тұрақтылығы жағынан жалпы есімдерге қарама-қарсы қойылған атауларды профессор Т.Жанұзақов «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» (1965) деген лингвистикалық зерттеуінде: «Тілдегі жалқы есімдердің асыл түбі жалпы есім сөздерден жасалған. Сондықтан да, олардың түпкі мағынасын айқындауға болады», — деп жазады [5, 4].
Зерттеуші осы еңбегінде «жалпы ұғым мен дара ұғым арасында белгілі дәрежеде айырмашылықтың барлығын диалектикалық логика айқын көрсетеді» деп, жазады. Дара ұғымды білдіретін тілдегі жалқы есімдер – белгілі, деректі заттардың атаулары болып саналатыны ескертілген. Жеке ұғымды білдіретін сөз, жалпы ұғымды білдіретін сөзге қарағанда дара заттың сапасын, белгісін, қасиетін әлдеқайда толығырақ көрсетеді деген ғалымдар көзқарасын құптайды. Көптеген кісі аттарының мағынасы жасырын, белгісіз болса, кейбіреуінің мағынасы дәлірек, белгілілеу тұрады деген. Мұндай құбылыстың, әсіресе, төл сөзімізден жасалған кісі аттары бойында көбірек екендігі, мәселен, Алтын, Азамат, Азат, Асқар, Сұрапалды, Бақыт, Құтжан, Жанар, Шолпан мысалдарымен дәлелденген. Бұлардың бастапқы мағынасы кісі атына ауысқанда жоғалғанмен, санада тез жойылмайтындығын, үйреншікті мағынаның кенет ұмытылмайтындығын сөз етеді. Жалқы есімдердің, оның ішінде кісі аттарының, өзіндік ерекшелігі бар, айрықша құрылымдық тип екендігін ескерткен [5, 90-93].
Ғалым пікірінде берілген жалқы есімдер атауыш сөздерден (алтын, азамат, бақыт, шолпан – зат есімнен; азат, асқар, құтжан – сын есімнен; сұрапалды, жанар — етістіктен) жасалғандықтан мағыналары белгілі болып тұр. Ал, керісінше, кейбір есімдер (Сәбит, Мұқтар, Әлкей, Ахмет және т.б.) мағыналары белгісіз болып, олардың мағынасын кез келген адам біле бермейтіні анық.
Т. Жанұзақовтың “Социально-бытовые мотивы в казахской антропонимии” (1970), «Қазақ ономастикасының очерктері» (1982), «Қазақ есімдерінің тарихы», «Есімдер сыры» атты еңбектеріндегі жалқы есімге қатысты мейлінше құнды ой-тұжырымдар жұп сыңардың бір мүшесіне көбірек арналған.
Ал 1967 жылы шыққан ғылыми грамматикада жалпы есімдер жайлы көбінесе абстракциялы ұғымды білдіретін зат есімдер және өзге тілдердегі сияқты қазақ тілінде де жалқы есім болатын сөздердің типтері санамалы ғана, ал жалпы есім болатын сөздер әлдеқайда мол деген пікірлер айтылған [6, 49].
«Қазақ тілінің лексикологиясы» еңбегінде (1968) жалқы мен жалпы есімдер жөнінде өз жорамалын білдірген ғалым – Ә.Болғанбаев. Ол кісі атында да азды-көпті жалпылық қасиет бар деген пікірге келген. Мысалы, Ахмет пен Иван дегендер жеке адамға меншіктеп берілген ат болса, осы есімдердің өзі өмірде біреу (жалқы) болмай, толып жатқан адамға ортақ ат болып қолданылуына қарай, кісі аттарының өзі шартты түрде алынған жалқы есім болып шығады деген. Қарағай деген сөз барлық қарағай біткен біртектес ағашқа тән ортақ атау болса, Иван деген кісі аты бір қаладағы 90 мың адамға қойылған ортақ есім, ал айырмасы қарағай деген сөзде белгілі ұғым, мағына болса, Иван дегенде ешқандай ұғым жоқ яғни жеке дара затты басқа заттардан айыру үшін қойылған бір белгі деп түсіндірген [7, 6-7].
Ғалымның кісі атында да азды-көпті жалпылық қасиет бар, жалқы есім шартты түрде алынған деген пікірі, біздің ойымызша, дәйекті емес. Себебі адамдарға ат қойылған кезде белгілі бір есімдердің жиі қойылу жағдайы адам атауларының (Әйгерім, Абай, Айгүл т.б.) жалпылығын емес, көп екендігін, жиі қойылатындығын көрсетеді.
А. Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында жалпы есімдерге тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдер, жалқы есімдерге мағына жағынан белгілі бір ұғымды білдірмейтін, тек бір жеке-дара затты басқа заттардан ажырату үшін қойылған белгі – ат ретінде жұмсалушы сөздер жатады деген анықтама берілген [8, 139].
Оқулықтың кейінгі өңделген басылымдарында да осы пікір қайталанады. Тіл білімінде бұл пікір жөнінде ғалымдар көзқарастары қарама-қайшы болып келеді. Біздің ойымызша, жалқы есім тікелей объектімен, денотатпен қатысты болғандықтан көбінесе деректі, белгілі зат атаулары болып есептелсе, жалпы есім тікелей ұғыммен қатысты болғандықтан, деректі де, дерексіз де зат атаулары бола алады. Жалпы есім жалпы мағынамен қоса белгісіз мағынаға да ие деп есептейміз.
Ф.М.Мұсабекованың «Қазақ тіліндегі зат есім стилистикасы» (1976) еңбегінде әрбір жалқы есімнің қолданылуының тілде қалыптасқан белгілі заңдылығы бар екендігі жайлы пікір айтылған [9, 13].
Ә.Төлеуовтің «Қазақ тіліндегі есім категориясы» (1963) деп аталған еңбегінде зат есімдердің жұп құрайтын кейбір мағыналық ерекшеліктеріне қатысты пікірлер бар [10, 6].
Ә.Төлеуовтің келесі «Сөз таптары» атты зерттеу еңбегінде (1982) жалпы есімдерді мағыналарына қарай жинақты, жіктемелі деп екіге бөлген. «Бірыңғай тектес заттарға жалпылама қойылатын атауларды (мал, ағаш, құс, аң) жинақты жалпы есім десек, осы жинақты зат есімдерге енетін сөздердің ішінен бөлінетін, дараланатын сөздерді жіктемелі жалпы есім деп атаймыз: сиыр, қой, жылқы, ешкі, түйе сияқты жіктемелі жалпы есімдерді жинақтап, бір сөзбен мал десек, жиде, терек, қарағай, емен, тал тағы басқаларды жинақтап, ағаш дейміз, — деген ғалым Ә.Төлеуов. [11, 10]
Ғалым еңбегінен жинақты және жіктемелі жалпы есімдер деп бөлудің бар екенін көреміз.
Е.Керімбаевтың «Атаулар сыры» (1984) еңбегінде жалқы есімдердің ішінен топонимика саласына арналған, елді-мекен, тау, жер атауларының шығу тарихына, топонимикалық атаулардың жасалуына байланысты деректер көп кездеседі [12, 22].
Ғ.Айдаров «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1986) еңбегінде зат есімдердің мағыналық және тұлғалық жақтарынан біркелкі емес, алуан түрлі болып келетіндігіне көңіл бөлген [13, 66-68].
«Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері» деп аталатын еңбекте де (1989) зат есімдердің семантикалық категорияларына байланысты деректер бар [14, 196]. Жалқы және жалпы есімдерге қысқаша анықтама 1993 жылғы «Қазақ тілі» оқулығында да берілген [15, 136].
Ж.О. Тектіғұлдың «Қ.Жұбанов және қазақ тілі тарихи грамматикасының проблемалары» атты кандидаттық диссертациясының авторефератында (1994) профессор Қ.Жұбанов еңбектеріндегі күрделі жалқы есімдердің құрамындағы есім сөздердің заттанып, кісі аттарында жиі қолданылуы, жалқы есімдердің тарихи қалпының сақталуы жайлы, сонымен бірге жалпы есімдерден жасалған тарихи сөз тіркестері туралы мәліметтер анықталған. Ғалым Қ.Жұбановтың есімнің алғашқылығы туралы тиянақты қорытындыға келуінің негіздемелерін берген [16, 11-21].
Ал қазақ тілі энциклопедиясында (1998) жалқы есімдердің пайда болуы қоғамдық өмірмен, әлеуметтік жағдаймен, ал сипаты көптеген фактормен байланысты делінген. Атап айтқанда: географиялық ортамен (топоним, астронимдерге әсері), халық мәдениетімен, дініне (антропонимдер мен топонимдерге әсер етуі), халық тарихына (барлық онимдер категориясына әсер етуі), әлеуметтік орта және оның өзгеруімен (олардың құрамының өзгеруі) және т.б. Сонымен қатар жалқы есімдер үш тәсілге ие: 1) аппелятивтің жалқы есімге ауысуы (омонимге айналуы); 2) шетел жалқы есімдерінің қабылдануы; 3) басқа бір жалқы есімнің орнына екінші бір жалқы есімнің ауысуы (трансонимдену) туралы болжамдар айтылған. Сондай-ақ жалпы есім мен жалқы есімнің өзіндік айырмашылықтары мен ерекшеліктеріне де көңіл бөлінген [17, 185 –136].
Көріп отырғанымыздай, зат есім жүйесіндегі жалқы және жалпы есімдерге қатысты зерттеулер тек оның тілге тән факті деп танудан әрі қарай жылжып, оның онимдік, трансонимдік, омонимдік, этнолингвистикалық, халық тарихы, халық мәдениеті т.б. сияқты бағыттармен ерекшеленетін жайттары да тілшілердің назарын аудара бастаған. Мысалы, М.Д. Мұсабаева «Қазақ тіліндегі антропонимиялық аталымдардың этнолингвистикалық сипаттамасы» (1995) тақырыбына диссертация қорғады.
Жалпы лексикадағы жалқы есімдердің қарама-қарсы сөз категориясына ауысу процесінің әртүрлі қырларын және атаулардың осы ауысумен байланысты құрылымы мен мазмұндағы өзгерістерін қарастыруға арналған А.Е.Бижкенованың докторлық диссертациясын (2004) айтуға болады. Бұл еңбекте жалқы есімдердің ерекше линвистикалық сипаты, олардың метатілдік әмбебаптығы, ішкі тұлғасының терең мазмұнды көлемі, тұлға өзгерімдік ерекшелігі және т.б. қарастырылған. Деонимизация тілде бар сөз таңбаларын белсендендіру жолымен қоғамға қажетті жаңа атаулардың пайда болу нәтижесінде қалыптасқандығы, генетикалық жағынан екінші құрылым болып табылатындығы, олардың негізінде түрлі дәрежеде қолданылу нәтижесінде жалпы мағынадан шығатын аппелятивтері бар екендігі жөнінде сипат берілген. Жалқы есімдердің метафора-метонимиялық транспозициясы нәтижесінде туынды лексиканың үлкен екі бөлімі пайда болатындығы жайлы: олар – бірінші бөлім Адам ұғымының концептуалды репрезентациясын және осы ұғымға қатысы бар барлық сөздіктерді біріктірсе, деонимдік сөздіктің екінші бөлімі – терминология, яғни арнаулы атауларды жасау процесінде жалқы есімдерді қолдану тәжірибесі барлық тілдерде бұрыннан бар, әрі дәстүрлі болып табылатындығы жайлы сөз қозғалған [18, 19-31].
Аталған еңбектің бірден-бір ұтымды жағы – деонимдік деривацияның қазақ тіліндегі ерекшеліктеріне де баса назар аударылуы. Жалқы есімнің жалпы есімге ауысу нәтижесінде туынды лексиканың үлкен екі бөлімге жүйеленуі, әр тілдің ұлттық ерекшелігі, тарихы мен мәдениетінің әсерімен жылдар бойы қалыптасатын, номинативті дәстүрлерге негізделе отыра қарастырған деонимдік лексика жайлы пікірлер қазақ тіл біліміне де енгізілген жаңалық деп есептейміз.
Зат атаулары жалпы және жеке де болады. Жалпы зат атаулары жалпы мағынаға ие болса, жеке зат атаулары жеке мағынаға ие. Жеке зат атауларына жалқы есімдер және зат, құбылыс, іс-қимыл, қасиеттің қайталанбайтын ерекшеліктеріне қатысты дара атаулар жатады. Мұндағы жалқы есім жекеліктің абсолютті мағынасын білдіретін, тек затты атау үшін қолданылатын, тікелей ұғыммен байланысы жоқ, денотаттық негізді есімдер.
Тіл жүйесіндегі сөздердің лексикалық мағынасының құрамына еніп, сөздерді белгілі бір топтарға жинақтап тұратын мағынаны жалпы мағына деп, ал сол топ бойындағы жеке сөздердің әрбіреуіне тән, оларды бір-бірінен айырушы мағынаны жеке мағына деп атаймыз. Жалпы мен жеке (жалқы) мағына өздерінің жинақтаушы және айырушы қасиеттері бойынша лексика-семантикалық топтың құрамындағы тематикалық, гиперо-гипонимдік және синонимдік парадигмалық байланыстардың жасалуына негіз болатын қарама-қарсы семалар. Жұп мағыналар антонимдер қатарынан да кездеседі. Жалпы мағына сөздерді лексикасемантикалық топтарға бөлуге негіз болса, жеке мағына сөздердің жеке-жеке қолданылуына негіз болады. Жұп мағыналар зат есімдер, сын есімдер, етістіктер жүйесінен көрінеді. Сөйлем ішінде де бастауыш нақты, жеке мағынаға ие болса, баяндауыш дерексіз ойды білдіріп, жалпы мағынамен сәйкестенеді. Жеке мағына жалпы мағынадан сараланса, жеке мағыналар бірлігі, жиынтығы жалпы мағыналарға ұласатын қарама-қарсылықтағы мағыналар.
Тілдегі семантика және грамматикалық белгілері бойынша полярлы, жұптасқан тілдік категориялар, ақиқат дүниедегі заттар мен құбылыстардың екі жақтылығы, яғни полярлығы, оларға тән белгілер мен қасиеттердің жалқы мен жалпы, жеке мен жалпы болып келуі шындық деп есептейміз. Бұл ұғымдар объективті заттар мен іс әрекеттерді бейнелеуші семаларына байланысты және тілде әртүрлі лексика-грамматикалық тәсілдермен жасалуына байланысты тілде де, шындықта да оппозициялы түсініктер болып табылады.
Семантика-грамматикалық негізі бар табиғаты күрделі жұп сыңарлы категориялар – өзара қарама-қарсылықта қолданылып қана, белгілі бір мәнге ие болатын тілдік құбылыстар. Аталмыш категориялардың жалпы табиғи негізі шындық болмыс заттары мен құбылыстарына сәйкестенетін, тілде семантикалық және түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы, тілдің барлық деңгейлерінен көрінетін өзара бір-бірімен тығыз байланысты жұп қолданыстағы тұтас ұғымдар.
Әдебиеттер тізімі
1 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. –Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.
2 ҚордабаевТ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. –Алматы: Рауан, 1991. –256 б.
3 Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –Алматы: Рауан, 1995. – 174 б.
4 Аханов К. Қазақ тілі лексикасының мәселелері. –Алматы: Қазақтың мемлекеттік оқупедогогика баспасы, 1995. – 90 б.
5 Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер. –Алматы: 1965. – 141 б.
6 Қазақ тілінің грамматикасы. Iт. Морфология. –Алматы: Ғылым, 1967. – 263 б. 7 Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. –Алматы: Мектеп, 1968. –146 б. 8 Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы: Ана тілі, 1991.– 384 б.
9 Мұсабекова Ф.М. Қазақ тіліндегі зат есім стилистикасы. –Алматы: Мектеп, 1976. – 102 б.
10 Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі есім категориясы. –Алматы: 1963. – 90 б.
11 Төлеуов Ә. Сөз таптары. –Алматы: Мектеп, 1982. – 126 б.
12 Керімбаев Е. Атаулар сыры. –Алматы: Қазақстан, 1984. – 119 б.
13 Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. –Алматы: Мектеп, 1986. – 119 б.
14 Қазақ тілінің тарихи көздері. –Алматы: Ғылым, 1989. – 256 б
15 Оралбаева Н, Мадина Ғ, Әбілқаев А. Қазақ тілі. –Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 336 б.
16 Тектіғұл Ж.О. Қ.Жұбанов және қазақ тілі тарихи грамматикасының проблемалары: филол. ғыл. канд. … авторефераты. –Алматы, 1994. – 22 б.
17 Қазақ тілі энциклопедиясы. –Алматы: ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі. Қазақстан даму институты, 1998. – 509 б.
18 Бижкенова А.Е. Деонимный семиозис и репрезентативность лексического и словобразовательного значений деонимов: автореф… доктора филол. наук. 10.02.19. – Алматы: КазУМОиМЯ им.Аблайхана, 2004. – 56 с.
В статье дается обзор истории исследований антропонимов и аппелятивной лексики казахского языка. А также анализируются языковые сведения, рассуждения ученыхисследователей о семантико-грамматической природе, категориальных свойствах антропонимов и аппелятивов, встречающиеся в казахском, русском языкознании и в материалах тюркских языков.
The article gives an overview of the history of studies of anthroponyms and appellative vocabulary of the Kazakh language. And also the linguistic data, the reasoning of scientistsresearchers about the semantic-grammatical nature, categorical properties of anthroponyms and appellatives, which are found in Kazakh, Russian linguistics and in the materials of Turkic languages are analyzed.