ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЕЖЕЛГІ ӘДЕБИЕТ ДӘСТҮРІ


Н.С. Қамарова
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Ақтау, Қазақстан

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЕЖЕЛГІ ӘДЕБИЕТ ДӘСТҮРІ

Ғалым Жайлыбай – қазақ поэзиясына жаңаша жыр үлгісін әкелген ақындардың бірі. Әр өлеңі үлгі-өнегеге бай. Ғалым Жайлыбай поэзиясының ерекшелігі – бұрынғы қалыптасқан лирикалық өлеңдердің дәстүрлі шеңберін кеңейте отырып, жаңа формаларды өрбіте білген жаңашылдығының болуында.

Кілт сөздер: Қазақ поэзиясы, Ғалым Жайлыбай, ежелгі әдебиет дәстүрі, жаңашылдық, түр мен мазмұн.

Көне тарихтың куәсіндей болып, ежелгі заманнан бүгінгі күнге жеткен әдеби жәдігерліктерді жан-жақты ой зердесінен өткізу негізінде сан ғасырлар бойы халық даналығы тудырған асыл көркем мұраны тәуелсіз еліміздің игілігіне айналдыру арқылы қазіргі қазақ әдебиетімен тығыз байланыстыра зерттеу, қазіргі қазақ поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрлері туралы көркем процестің жалпы заңдылықтарын ежелгі және қазіргі заман үрдісінің дәуірнамалық айқын көріністері мен құбылыстары мысалында кезеңдік поэзиялық туындылардың жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін шығармашылық үндестік, сабақтастық тұрғысында тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап пайымдау ұлттық әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Әдебиет пен өнердің даму барысында сабақтастық пен жаңғыру, мұрагерлік пен қайта жасау, бұрынғы мен соңғының байланысы – үзілмейтін құбылыс. Ақындық – адамдардың қоршаған әлеуметтік орта мен жаратылыс құбылыстарын көркемдік-эстетикалық тұрғыға жинақтай жырлайтын шығармашылық өнер.
Қазіргі қазақ поэзиясында Ғалым Жайлыбайдың өлеңдері өзіндік орын алады. Уақыт пен кеңістік сабақтастығы жүйесіндегі тарихи шындықты көркемдік уақыт, қиял аясында жырлаған ақын шығармалары сөз өнерінің эстетикалық тағылымын аңғартады. Ақынның шығармашылығында ұлттық көңіл-күй, азаматтық-философиялық көзқарастар, махаббат, табиғат туралы лирикалық өлеңдер мол. Ғалым ақынның бұл салалардағы лирикалық өлеңдері кеңінен қарастырыла, таратыла арнайы талдауларды керек ететін көркемдік-эстетикалық, поэтикалық ерекшеліктері саралана аңғарылады. Лирикалық өлеңдердегі авторлық толғаныстардың негізі – ұлттық көңіл-күй психологиясы. Ақынның азаматтық-отаншылдық ой өрімдерімен кең-байтақ дала махаббатпен жырланды.
Лирикалық өлеңдерде қазақ ауылының ұлттық-этнографиялық болмысы дала перзентінің дүние-танымымен өрнектелген. Ғ.Жайлыбай ақынның өлеңдерінде қазақтың ежелгі замандардан бүгінге жеткен, енді болашаққа ұласатын Ұлы тарих жан-жүйедегі елжіреген әрі буырқанған азаматтық-қаһармандық айбатпен жырланды. Мысалы, «Көш қозғалды жолымен бұрынғының» атты өлеңін бүгінгі және болашақтағы қазақ ұрпақтарының ұлттық тұтастыққа негізделген мінез-құлық психологиясымен өмір сүрудің шынайы үлгісі деп атауға болады.
Ауызша және жазбаша ақындық дәстүрдің қатар өмір сүруі орта ғасырлардағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Иассауидің «Даналық кітабы», Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы», Құтыптың «Хұсрау-Шырын», Хорезмидің «Махаббатнама», Хұсам Хатибтің « Жұмжұма сұлтан», Сәйф Сарайдың «Гүлстан» сияқты шын мәнінде мәңгі өлмес поэзиялық шығармалырының тууына мүмкіндік жасады.
Орта ғасырлардағы түркі әдебиетінің даму тарихында түркілердің ислам мәдениетінің күрделі үдерісіне кірігуі маңызды рөл атқарғаны белгілі. Классикалық түркі тілдес поэзияның таңдаулы туындылары – Қожа Ахмет Иасауидің «Даналық кітабы» мен Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармаларының мұсылмандық сипатта болуы да заңды екенін айтсақ, қазіргі қазақ поззиясының ірі өкілдері де орта ғасырларда өмір сүрген түркілердің рухани жан дүниесі мен рухани байлығы терең ашылып көрсетілген, ғасырлар бойы адамзатты толғандырып келген ізгі мұраттар мен имандылық қасиеттер сөз болған көне дәуір жәдігерлерінен үлгі-өнеге алып, өз туындыларында олар жырлаған тақырыптарды өзек етті. Осы ретте ақын Ғалым Жайлыбайдың да өлеңдерінде қазіргі кездегі заманауи мәселелер – ірілік пен пендешілік, жамандық пен жақсылық, ақ пен қара түстері алма-кезек ауысқан дүниедегі, жалпы адам атаулының ой-сана әлеміндегі буырқанған бұлкыныстарды ақындық шабытпен, өр рухпен өрнектеп берді.
Бүгінгі қоғамның қиын-қыстау кезеңдері, ел-жұртты жүдеткен жоқшылық, тұрмыстың ауыр тауқыметтері арқасына аяздай батқан азамат ақын ашына айтып, ақиқат алдында арына жүгініп, жыр толғайды. Ел есеңгіреп, ертеңгі күнінің не боларын болжай алмай, күйкі тіршілік кешіп жатқан мезгілде ұлтының осы тығырықтан шығып, босағасы берік, шаңырағы биік іргелі де зайырлы мемлекеттердің қатарына қосылуын тілеп, армандап, санасы сарғайған ақынның отты өлеңдері үміт пен күдікке толы.

Ұлтым қайғы кешкенде,
Жұртым қайғы,
Сарыуайым сағаты сыртылдайды.
Ақындары алақан жайған елдің
Қатындары қол бастар ұл тумайды…[1, 46] —
деп азаматтық ойшылдықпен, үлкен толғаныспен өрілген өміршең өлең жолдарын өзіндік ақындық, өр мінезбен әрлеп, рух биіктігін танытады.
Осылайша опына отырып, ақын кемел келешекке жеткізер үкілі үмітінен күдер үзбейді. Өз өлеңдерінде өтпелі кезеңге өкпесін айта отырып, қарын тояр, көйлек көгерер, алайда ұлтымның қайсар рухы, жасын жігері жасымаса екен деген ізгі тілек қосқан Ғалым ақынға сенім артасыз. Ақ пейіл үлкен жүректі ақын қара басы емес, дүйім дүние – жалпақ ел – ұлтының ұлы армандарын айтып, осындай ойлы, осындай өрелі өлеңдер жазуға аса асық. Ақынның өлеңдеріндегі ауыр мұң, өкінішті ойлар сабақтастығы қайта серпілу арқылы жыр үрдісін лиризмнен драматизмге ұштастырады.

Келер күндер білмеймін береді не, Дүниенің кім жеткен дерегіне.
Өртенген мұң өзекте…
Өлеңдерім
Ертеңдердің жарай ма керегіне?! [1, 232] —
деп Ғалым Жайлыбай да Жүсіп Баласағұн сияқты заман, ел тағдыры жайлы талғамды
ойларын поэтикалық әсем образдармен кестелеп, тың тұжырымдар жасайды.

Ардакүрең…
Арманым, мұратымдай.
Шабытымның шудасы шұбатылғай… Жан арқауы жырларым жабыққалы,
Жанартауы жүректің жр атылмай [1, 232].

Толғамы сыршыл ойын терең толғаныспен айта білген Ғалымның бұл жыр жолдарынан өлең өнеріне адалдықты қастерлей, оны өзінің ар-иманындай сақтай білу поэзияға құлай берілген ақынның өмірлік ұстанымын байқатады.
Ғалым Жайлыбайдың қай шығармасын алсақ та, жырларының негізгі арқауы – азаматтық ар-ождан, әділеттілік, адамгершілік, отансүйгіштік, ұлтшылдық (ұлты жантәнімен сүю), яғни ұлттық рухтың биік болуы мен рухани тазалықтың салтанат құруы. Бұл имандылық мұраттары түркі әдебиетінің классиктері Ахмет Иасауи, Ахмет Иүгнеки, Жүсіп Баласағұн рухтарымен үндесіп, осы түркі даналары рухтарының мәнерінде беру арқылы сәтті шешімін тапқан. Заманымыздың беймаза тіршілігі мен барша болмыс-бітімі тура сол орта ғасыр ақындары жырлағандай қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілдерінің назарынан тыс қалмаған.

Ай астынан Ай көрдім, Күн астынан Күн көрдім.
Қараөзекке қайғы өрдім,
Шың басынан шың көрдім [2, 62], —
деген жолдардан ақынның ойы арқылы ежелгі әдебиеттерде, ертегілерде айтылатын Күн астындағы Күнікей қыз, Ай астындағы Айбарша сұлу ертегілерін еске түсіреміз. Ақынның қараөзекке қайғы өріп, шың басынан шың көруі де – өзінше бейнелеуі. Ақын өлеңдері өзінің өміршеңдігімен құнды. «Кейбіреулер қазақ жырын қаншама қырық құбылтқанымен, Құран тектес қасиетті қара өлең Қасымнан, Мұқағалидан қалған шекпенін жамылып, ұрпақтарының алдынан шығады. Қазақтың қазақы болмысы бұзылмай тұрған шақтағы қыр сұлуларының шын күмістен құйылған, сыңғыр еткен сайын жанарыңды жаулап жарқ еткеншашбау-түймелеріндей Ғалымның да өзгеше өрілген өлеңдері сол қатарда тұруы хақ» [3, 6], — деп жазған ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі ақын Фариза Оңғарсынова Ғалым Жайлыбайға шын бағасын береді.
Ғалым Жайлыбай «Сапар сазы» өлеңінде түрікмен академигі Анағұрбан Әшіровке арнаған өлеңінде:
…Иманы – нұр,
Сабыры – ұлы,
Салты – ұлы,
Жанарында найзағайдың жарқылы.
Шырағданын жағып қойған секілді,
Оғыз ханның орда тіккен алты ұлы [2, 62], – дейді.
«Оғызнаманың» түркі халықтарына ортақ эпостық дастан екенін білеміз. Оғыз ханның алты ұлы бейнесі арқылы ақын халықтың ұлылығын танытқысы келеді. «Иманы – нұр, Сабыры – ұлы, Салты – ұлы, Жанарында найзағайдың жарқылы» дей келіп, ақын өлеңдерінің түркі халықтарына ортақ ежелгі дәуір әдебиетімен сабақтастығы көрінеді. «Оғызнама» дастанындағы батыр ұйықтап жатқанда шатырына көктен нұр сәулесінің түсуі сияқты дінимифологиялық көріністің ақын өлеңдерінде бейнеленуі – сан ғасырлар бойы қалыптасқан түркі тектес халықтардың жан-жүйесінің сыры. Бұл ежелгі жырлардың ақиқат пен аңызға да қатысы бар.
Оғыз өзен – көз салғанға – көк кемер, Көк толқыны көкірегіме от берер. Ағойылдай аңқылдаған ақынның Көсегесін көгертетін көктем ел.

Өлеңіме өмір берген түрікмен, Өренінен көңіл бөлген түрікмен.
Оғызнама
Рухнама боп жаңғырып, Төрін бермес төрін берген түрікмен [2, 63].

Оғыз бен оның ұрпақтарының жорықтары туралы аңыздар Оғыз-түрікмен эпосына негізделген «Оғызнама» жырымен үндес ақын жырлары…. «Ашғабатта» өлеңінде:

Бір түйіліп…
Айбынымен Ай астын шырқ үйіріп, Ат жалында Оғыз хан рухы биік.

Жарқылына,
Баққа қорған елінің салты мына, Атқа қонған Оғыздың алты ұлы да.

Таңғалса мың…
Гөроғылыны аңсаған арман-сағым, Қобызынан Қорқыттың қалған сарын [2, 64].

Оғыз хан рухы өлеңнің өн бойына күш беріп тұр. Оғыз қағанның алты ұлы «Түрікменнің төрінде» өлеңдер циклінде ұтымды көрініс тапқан.Түркілердің оғыз ұлысынан шыққан асқан сәуегей, бақсы, күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы Қорқыт атаның қобызынан қалған сарын өлеңінің өн бойынан сезіледі.
Ежелгі дәуірлерде Ел болудың шекара сызығы әр елді басқаратын хан мен қағанның ел сүюдегі түйсігі, парасаты мен батырлығына тікелей байланысты болатын. Сондайақ елмен бірге ер тұлғасы халық арасында ерекше назарда болған. Себебі халық Ел болып тұрақты бақытқа жету үшін ел қорғаған ерлермен бірлікте болу керек екендігін тарихи тәжірибелерден сезіп, үйренді.
Біздің заманымыздан бұрынғы жазу-сызулар мен заманымыздың VІ-VІІІ ғасырларындағы тастағы жазулардан бастап, ІХ-ХІV ғасырлардағы жазба әдебиетімізде ел бірлігі және ерлік, ел қорғау мәселесі жан-жақты сөз болып келе жатқаны әдебиет тарихымыздан белгілі. Ежелгі әдебиетіміз сақ, ғұн, түрік дәуірлерінен қалыптасып, одан Алтын Орда мемлекеті тұсындағы көшпенділер мәдениетімен, тарихымен жалғасын тапты.Ежелгі және орта ғасырлардағы ежелгі жәдігерліктер мен әдебиет үлгілерін зерделей оқу нәтижесіндеел бүтіндігін сақтаудағы ата-бабаларымыздың ерлігін танып білеміз. Ұлы дала рухы ақын поэзиясының өн бойын табылады.
«Сүмбіле-өлең» жырында:
…Алақанға түссе де айдың нұры,
Жұлдыздардың жұмбағын шеше алмайды [2, 55], —
деп толғанады ақын. Айдың нұры, жұлдыздардың жұмбағы ақын өлеңдерінде сәтті қолданылған. Тағы да «Оғызнама» дастанындағы мифологиялық көріністердің өлеңде өз орайымен қолданылып тұрғанын көреміз.
Түркі жұртының мыңжылдықтар бойы қалыптасқан жолын лирикалық әсермен жырлау – Ғалым Жайлыбайдың бір ерекшелігі.
«Түрікменнің төрінде» өлеңдер циклінде түрікменнің байырғы атажұрттарының түпкі мекен негіздерін, қандас-тамырлас тұтастық шындығын меңзей жырлайды. Мәселен, «Бұлбұл» өлеңінде:

Жазираңда жалғандықтар үріккен,
Нәзираңда көз жасым бар іріккен.
Әндіәліптің қазақшасы – бұлбұл құс,
Бұтағыңа қонақтайын, түрікмен!
Оғыз-қыпшақ заманында,
Ілкіден…
Шығысымда шырай төккен бір Күн ең…
Армысыңдар, ай сынығы секілді,
Бармысыңдар, түбіміз бір түрікмен! [2, 67], —
түбі бір түркі халқын жырға қосады.
Стильдің негізгі нысаны – өмір, басты құралы – тіл екенін ескерсек, бұл екеуі де үздіксіз даму үдерісіндегі құбылыстар. Қаламгерлер стилін зерттегенде «тұтас творчествосын жинақтап бағалаудан бұрын әуелі жеке шығармаларын талдап, олардың стильдік даму жолын көрсету қажет», — дей отырып, академик М. Қаратаев стильдік компоненттер қатарында ұлттық ерекшеліктерді қарастырудың қажеттігін ескертеді [4, 23].
Суреткерлік дәрежеге көтерілген, дербес стилі бар ақын Ғалым Жайлыбай ақынның жырлары – сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың ұлттық жан-жүйесінің сыры. Ғалым ақынның осы өлеңінің тұтас құрылымындағы идеялық желі – бүгінгі қазақ жастарының атабаба тарихын толық білгісі келген ұлттық санасынан туған сұраныс тілегі. Бұл – әлемдік тарихтағы Қазақ өркениеті тұрпатының өткені мен бүгінін және болашағын сабақтастыра қарап, дербес ұлттық тұлғасымен танылғысы келетін жаңа ұрпақтың үні деп қабылдағанымыз жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер 1 Жайлыбай Ғ. Ардакүрең. – Алматы: Қайнар, 2008. – 286 б.
2 Жайлыбай Ғ. Тобылғыжарған. – Астана: Фолиант, 2011. – 280 б.
3 Оңғарсынова Ф. Даланың жақұт жырлары. // Кітапта: Жайлыбай Ғ.Тобылғыжарған.
– Астана: Фолиант, 2011. – 3-6-бб.
4 Қаратаев М. Стиль зерттеу принциптері // Стиль сыры. – Алматы, 1974. – 335 б.

Галым Жайлыбай – один из поэтов, который привнес в казахскую поэзию новый стиль написания стихотворений. Каждое из его стихотворений богато примерами. Характерной особенностью стихотворений Галыма Жайлыбая является расширение традиционного круга ранее сформировавшихся лирических произведений и создание их новых форм.

Galym Zhailybai is one of the poets who brought into Kazakh poetry the new sample of writing a poem. Each of his poems as an example. The characteristic feture of Galym Zhailybai ‘s poems is to widen the sphere of former legrical poems and to develop the newest forms.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *