«ҒАЛАМНЫҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІ» ҰҒЫМЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ МӘСЕЛЕСІ

А. Нұржанова, А. Құрманәлі СДУ, Алматы, Қазакстан
nurzhanova.aisulu@sdu.edu.kz , altynshash.kurmanali@sdu.edu.kz

«ҒАЛАМНЫҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІ» ҰҒЫМЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ МӘСЕЛЕСІ

Мақалада «Ғаламның тілдік бейнесі» ұғымының зерттелу тарихына шолу жасалып, шетелдік және отандық тілші-ғалымдардың осы ұғымға қатысты көзқарастары мен ой-пікірлері зерделенеді. Сонымен қатар, зерттеу жұмысында ғалам бейнесін лингвистикалық тұрғыдан қарастыру арқылы қазақ тіл білімінің өзге де гуманитарлық ғылым салаларымен байланысын нығайтуға, тілдің ойлаумен, таныммен, шындық болмыспен арақатынасының табиғатын зерттеуге, сондай-ақ «Адам-Табиғат-Қоғам» үштағаны аралық байланыстағы тілдің рөлін жете тануға болатындығы баяндалады.

Кілт сөздер: ғалам бейнесі, ғаламның тілдік бейнесі, этнос, ұлттық таным, тілдік сана.

«Ғалам бейнесі» – адам және оның болмысының, адамның әлеммен қарым-қатынасының, адамның өмір сүру жағдайының өзіндік ерекшеліктерін білдіретін іргелі де күрделі ұғым. Кез келген халықтың тілінде ұлттық-мәдени сипатта бекитін ғалам бейнесін антропоцентристік парадигманың фундаменталды ұғымы ретінде зерттеу – қазіргі заманғы лингвистиканың ең өзекті проблемаларының бірі. Адамның дүниені қабылдауы мен тануының, түйсінуі мен түсінуінің, дүниеге деген өзіндік көзқарасының, дүние жөніндегі жалпы түсініктерінің түп негізінде «объективті шындық болмыстың субъективті бейнесі», «ақиқат шындықтың біртұтас бейнесі» ретіндегі дүние суреті, ғалам бейнесі жатады. Адам баласының өзін қоршаған ортаның, ақиқат болмыстың мәнін түсінуінің тәсілі ретінде ғалам бейнесі мифологияда, религияда, поэзияда, фольклор мен сурет өнерінде, қолөнерде т.б. қабылдау мен ұғынуға ыңғайлы, жеңілдетілген формада белгіленеді, бейнеленеді және бекиді. Дүние-ғаламның күллі адамзат баласына ортақ болуы ғалам бейнесіне жалпы адамзаттық әмбебаптық сипат дарытады десек те, әрбір этномәдени-тарихи қауымдастықтың дүние-әлемді өзінше көруі мен тануының, қабылдауы мен елестетуінің, ұғынуы мен түсінуінің және бұл процестердің нәтижесін бейнелеуі мен бекітуінің амал-тәсілдерінің өзгешелігіне байланысты ғалам бейнесі этноәлеуметтік және этномәдени реңкті арқаламай қоймайды.
Адам санасында сәулеленетін дүние суреті объективті әлемнің екінші көрінісі болып табылады. «Адам-Әлем» арасындағы өзара қарым-қатынастың, әсер-ықпалдың нәтижесінде күллі адамзат баласына тән және «тіл-ойлау» формасында өмір сүретін ғалам бейнесі қалыптасады [1, 15.. Басқаша айтқанда, ғалам бейнесі – адам психикасындағы белгілі бір когнитивтік схемаларға лайық заттық мағыналармен белгіленген және саналы рефлексияға есептелген заттық әлем кескіні. Ғалам бейнесі ұғымы түптеп келгенде, адамның дүние туралы қордаланған білімінің жиынтығын білдіреді.
Ғалам бейнесін зерттеу мәселесі «халық рухын» тілмен байланыстырған, тілдің ұлттық сипатын айқындаған Э.Сепир, В.фон Гумбольдт зерттеулерінен бастау алып, Н.И.Толстой, А.Вежбицкая, Т.В. Цивьян, Г.В.Колшанский, В.Н.Телия т.б. ресейлік лингвистикалық мектеп өкілдерінің ғылыми еңбектерінде жалғасын тапқан.
Қазақ лингвистері ресейлік антрополингвистикалық бағыттағы мектеп өкілдерінің ізімен қазақ тіл білімінің ғылыми ұғымдық аппаратына ғаламның тілдік бейнесі, ғаламның концептуалды бейнесі, дүниенің қарапайым бейнесі, концепт терминдік қолданыстарды кеңінен еңгізді және өз зерттеулерінде В. Гумбольдт, Ф. Боас, Э. Сепир, Б.Л. Уорф, Ф. Соссюр, В. Штейнталь, Л. Вейсбергер, Ф.И. Буслаев, А.Н. Афанасьев, А.А. Потебня, Р. Якобсон, Н.И. Толстой, Н. Топоров, В.В.
Иванов, В.А. Аврорин, В.Н. Телия, В.В. Воробьев, А. Вежбицкая, Е.М. Верещагин, В.Г. Костоморов, Ю.С. Степанов, А.Д. Арутюнова, В. Маслова т.б. ғалымдардың іргелі еңбектерін, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев сияқты қазақ тіл білімінің негізін қалаған тұлғалардың, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Ә. Болғанбаев, Т. Жанұзақов т.б. қазақ лингвистикасының көшбасшыларының, Э. Сүлейменова, Б. Хасанов, К. Хұсайынов, Е. Қажыбеков, Ж. Манкеева, Е. Керімбаев, Н.Шаймерденова, Г. Смағұлова, С. Сәтенова сынды ғалымдардың тіл мен ойлау, тіл мен таным, тіл мен қоғам, тіл мен мәдениет сабақтастығына қатысты ғылыми тұжырымдарын басшылыққа алды.
Ғалам бейнесі, ғаламның тілдік бейнесі ұғымдары қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоконцептология сияқты ғылыми бағыттардың саралана дамуына байланысты ХХІ ғасыр басында бой көрсете бастады. Э.Оразалиева, Ш.К.Жарқынбекова, А.Ислам,
Г.Н.Смағұлова, Р.Авакова, Г.Сағидолда, Б.Тілеубердиев, Г.Мұратова, А.А.Сұлтангубиева, А.Қ.Сейілхан М.Т.Күштаева, Б.Нұрдаулетова, Б.Ақбердиева т.б. тілші-мамандар қазақ этносының ғалам бейнесін тілдік бірліктер астарындағы аялық білім арқылы саралап талдаудың лингвистикалық жаңа моделін қалыптастырып, оны ұлт мәдениеті контексінде, лингвогносеологиялық, лингвопраксиологиялық, лингвоэтнологиялық аспектілерде жан-жақты қарастырудың алғашқы қадамын жасады.
В.Н.Телия ғалам бейнесі жайлы: «…Картина мира возникает, когда его изображают, в часности, образы средствами языка живой метафорой» дей келе, ғалым ойын былайша сабақтай түседі: «ғаламның тілдік бейнесі-көріністері әр тілдің өзіне ғана тән ерекшеліктеріне, әр халықтың дүниеғаламның түрлі-түсін өзінше мүшелей тануына, ол фрагменттерді өзінше бейнелеп атауына байланысты тіл-тілде өзгеше болып өріледі» -деп тұжырым жасайды [2, 65-74.
Ғалам бейнесі әр этноста әртүрлі, өйткені этностың тәжірибесі, өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып танылатындығы анық. Ғалам бейнесінің, оның көріністерінің, жекежеке үзінділерінің тіл-тілде басқаша болатындығының себебін Г. Сағидолда «бірдей құбылысты қабылдаудағы, бейнелеп танудағы, образды ойлаудағы ұлттық өзгешеліктермен» түсіндіреді [3].
«Ғалам бейнесі» деген ұғым адам баласының қоршаған орта мен дүниеге деген өзіндік көзқарастарын зерттеуге негізделеді. Айнала қоршаған дүние немесе адам мен оның өмір сүретін ортасы өзара байланысты. Ғалам бейнесі оның концептуалды негізі «адам мен оның ортасы жайлы ақпараттарды өңдеудің нәтижесі» деген тұжырымдама шеңберінде топтасады. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық тұғырын «ғалам бейнесі» ұғымы негізінде сараптаған Б. Тілеубердиев: «Ғалам бейнесі – өте күрделі, үнемі қозғалыста болатын, тұрақсыз ауыспалы процесс. Онда адамдардың бір-бірімен тіл табысуын, ортақ шешімге келуін қамтамасыз ететін жалпы халықтық сипат та болады. Әлем бейнесі когнитивтік модельде айқындалады, сондай-ақ ол ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Ғаламның тілдік бейнесі негізінен адамдар санасындағы әлемнің логикалық бейнесімен сәйкес келеді. Ал дүниенің кез келген ұлттық, тілдік бейнесінің әмбебаптығының өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және концепт болып табылады»-дей келе, «Ғаламның тілдік бейнесінің ұлттық болмысы әр этноста әр түрлі болуы этностың тәжірибесі, білімімен байланысты. Өйткені тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен байланысында ғана емес, адамның өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені білімінің негізі болып табылады. Оның тілдік бейнесі, ұлттық рухани болмысы әр халықта әр түрлі» деп ғалам бейнесінің әмбебаптық және ұлттық сипатын жалпыхалықтық және этникалық мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерімен түсіндіреді [4, 14].
Г.А. Брутян, Р.И. Павиленис, Ю.Н. Караулов т.б. зерттеушілер «ғалам бейнесі» деген терминнің орнына «ғалам моделі» деген терминдік аппаратты қолдана отырып, оны: 1) ғаламның концептуалды моделі; 2) ғаламның тілдік моделі деп екіге бөліп қарастырады [5, 109.
Орыс ғалымы Ю.Н. Караулов тілдік ғалам бейнесі мен концептуалды ғалам бейнесінің ара шегін нақты дәл белгілеу мүмкін еместігі жайлы төмендегідей пікір айтады: «границы между языковой моделью мира и концептуальной моделью мира кажутся зыбкими, неопределенными» [6]. Сондай-ақ ол ғаламның тілдік моделінде – сөздің мағыналық өрісі, ғаламның концептуальдық моделінде сана константы негізгі рөл атқаратынын атап көрсетеді. Ал В.Н. Телия тіл мен ғаламның концептуалды моделі арасындағы байланыс тілдік бірліктердің мағынасына тәуелді болатынын: «тіл өзінің мағыналар жүйесі және олардың ассоциациялары арқылы ғаламның концептуалды моделіне ұлттық-мәдени реңкті дарытады» деп атап көрсетеді 2, 135.
Тіл мен ойлауды теңестіруге болмайтындығы секілді ғалам бейнесі мен ғаламның тілдік бейнесін өзара теңестіруге келмейді. Ғаламның тілдік бейнесі тілдік бірліктің ішкі формасы, сөз, сөйлем, сөздің мағыналық жағының өзгеруі, оның ауыспалы мағынада қолданылуы, эмоционолдыэкспресивтік реңктер т.б. сияқты «тілдің семантикалық сүзгісінен өткен жүйеде құрылатын болса, дүниенің концептуальдық бейнесі адам ойлауы мен танымына қатысты қарастырылады. Дүниенің заңдылықтары тек қана адамның концептуальдық таным жүйесінде танылады, бейнеленеді. Таным процесі – ойдың қызметі, ол өмірлік тәджірибе негізінде құрылған ішкі (санадағы) әлем моделіне бағытталады» 7, 15.
Халықтың дүниеге, әлемге деген көзқарасы жеке және қоғамдық тілдік сана негізінде қалыптасады. Ғаламның концептуалды бейнесі әрбір адам санасында әртүрлі дәрежеде орын алып, тілінде түрліше көрініс табады. Оны анықтаушы мәліметтер ретінде оның білімін, жас ерекшелігін, өмірлік тәжірибесін, әлеуметтік жағдайын, өмірге деген психикалық көзқарасын, өмір сүрген дәуірін және т.б. атауға болады. Этнос мүшелерінің ғаламға немесе дүниеге деген өзіндік концептуалды және логика-философиялық көзқарасының болуы – табиғи құбылыс.
Кез келген ұлттық тілде сол тілде сөйлейтін халықтың ғалам бейнесі бекиді, бекіп қана қоймай, тілдік ұжымның әр мүшесіне таңылатын, барлығына бірдей міндетті ұжымдық философия, дүниетанымдық көзқарастар жүйесі, білім жиынтығы түрінде жалғастық табады, яғни тілдік дүниенің бейнесі тіл қойнауында түзіледі.
Дүниені танудың құралы тілден бөлек ойлау болып табылады. Ойлау арқылы адам өз санасында ғалам заңдылықтарын, ақиқат болмысты бейнелейді және оларды ұғым-түсініктер түрінде ұстап қалады, яғни ғалам (дүние) бейнесі дегеніміз – адамның ойлау әрекетінің атрибуты, ал ұғымдар мен олардың өзара байланысы, қарым-қатынасы түріндегі абстракция адам санасындағы ғалам бейнесінің формасы болып табылады. Басқаша айтқанда, ойлау нәтижесінің бейнелегіштік қасиетінің нәтижесінде санада адамның өзін қоршаған ақиқат болмыс әлемінде бағыт-бағдарын межелеуіне, әлем жайлы жинақтаған білімін өз пайдасына жаратуына басшылық жасайтын ғаламның концептуалды бейнесі қалыптасады [8].
Тілдің ойлауға, танымға, объективті шындыққа қатысы философтар мен когнитолог ғалымдар назарын тым ертеден аударып келе жатқан күрделі мәселе. Тіл және ойлау арақатынасы мәселесіне арналған лингвистикалық зерттеулердің маңызы жайлы Э. Бенвенист: «Тіл табиғатына тереңдей барып, оның ойлаумен және адам әрекетімен байланысын аша отырып, … лингвистикалық зерттеулер әр түрлі ойлау операцияларындағы сананың терең қатпарларын жарыққа шығара бастады» десе [9], «тіл және ойлаудың» арақатынасы жөнінде Фердинанд де Соссюр ойлауға қатысты тілдің қызметі идеяны білдіруге қажет материалдық дыбыстық құрал жасаумен шектелмейтінін, сондай-ақ ол ойлау мен дыбыс екеуінің бірігуі бірлікті екі жақты шектейтін дәрежеге жеткізетіндей дәнекерлік қызмет те атқаратынын айтады 10.
Тіл мен таным процестерінің ара қатынасын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. «Тіл–ойлау–таным» арақатынасы адам баласының интеллектуалды өмірінде құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілейді. Құндылықтар жүйесінде тіл және таным арақатынасын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымдық сипатқа ие болады 11, 3-б.. Мәселен, уақыт пен кеңістік біртұтастығындағы тіл мен этнотанымдық тәжірибе аралық байланыстың қазақы ғалам бейнесіндегі өлшемдік жүйедегі көрінісін К.Күркебаев: «Біздің ата-бабаларымыз да қоршаған ортаның, әлем бейнесін өзінің этнотанымдық табиғатымен байланыстыра қараған. Таңның атысы мен күннің батысын, тәуліктің уақытты сағатпен, салмақты таразымен, қашықтық пен ұзындықты километр мен метр сияқты нақты өлшемдік құралдарымен өлшемесе де, соның бәрінің өлшемін өзінің күнделікті тұрмыс тіршілігіндегі өмірлік тәжірибесінен таба білген. Әлем бейнесіндегі уақыт пен кеңістіктің бір-бірімен тығыз байланыста тұратын ажырамас біртұтас құбылыс екенін де болжай алған» – деп түсіндіреді [12, 14].
Ғалам шексіз, оны тану да шексіз. Адам өзіне беймәлім жұмбақ нәрелер сырын ойлау, ойлану арқылы таниды. Адам дүниені сезім мүшелері арқылы қабылдап, санасының елегінен өткізеді, соның нәтижесінде адамның санасында дүние туралы образдар жүйесі қалыптасады. Ол ақпаратты адам ой елегінен өткізіп, тіл арқылы сөйлесімдік ұжымның өзге мүшелеріне білім ретінде жеткізеді, яғни реалдылық пен тіл арасына ойлау процесі дәнекер болады 13, 35.
Ойлау – адам баласы үшін ерекше маңызды фундаменталды психикалық қабілеттердің бірі. Когнитивтік лингвистикада ойлау адамның дүниенің танып-білуін, саналы түрде түйсінуін, жалпы танымының, соның ішінде тілдік танымының қалыптасуын қамтамасыз ететін күрделі когнитивтік процесс тұрғысынан қарастырылады.
Адамның ойлау әрекеті сезімдік таныммен тікелей байланысты болады, ал танымдық іс-әрекет түйсік пен қабылдаудан басталады. Сезім мүшелері арқылы қабылдау дүниені терең, жан-жақты тану үшін жеткіліксіз. Сезім арқылы қабылданған ғалам бейнесі сан алуан заттар мен құбылыстардың күрделі арақатынасын, олардың себеп-салдарын түсіндіре алмайды. Сондықтан адам дүние сырын тереңдеп тану үшін ойлауға жүгінеді. Сезім мүшелері арқылы тану мүмкін емес құбылыстарды адам абстрактілі ойлаумен танып-білуге талпыныс жасайды.
Ақиқат өмірдің шындығын тану процесі образдар, түсініктер, категориялар негізінде жүзеге асады. Ойлау объективті дүниенің болмысын тереңдеп тануға, оның заңдылықтарын меңгеруге мүмкіндік береді. Ойлау потенциальды мүмкіндіктерді ескеру, жоспарлау, болашақты болжау процестерін іске асырады. Пихологияда ойлауды көрнекі және вербальді ойлау деп екіге бөледі. Көрнекі ойлау бейнелер мен елестер негізінде, вербальді ойлау таңбалық құрылымдар (тіл) арқылы жүзеге асады. Біздіңше, когнитивтік құрылымдар, оның ішінде ғалам бейнесінің түзілу процесінің негізінде міндетті түрде көрнекі ойлау жатады. Көрнекі ойлаудың нәтижесінде тілдік ұжым мүшесінің санасында дүниенің концептуальды бейнесі шеңберінде белгілі бір зат, құбылыс, әрекет, заңдылықтар т.б. туралы түсініктердің суретті сипаттамасы түзіледі, білім қордаланады. Ол өз кезегінде вербальді ойлауға айналып, тіл арқылы мән-мағыналар жиынтығы, жалпы мазмұн түрінде жарыққа шығады. Ойлау процесінің нәтижесінде әр түрлі түсініктер мен ұғымдар арасында жаңа байланыстар пайда болады.
Адамның қоршаған ортасын, айналасын, әлемді тануы – өте ұзаққа созылатын, күрделі процесс. Себебі адамның танымдық аппаратының құрылымы нысанды бірден жан-жақты, түбегейлі танып білуге және оны білім етіп бірден жеткізуге қабілетсіз. Сондықтан белгілі бір зат немесе құбылыс туралы біздің біліміміз сол заттың, құбылыстың кейбір жақтарын ғана көрсете алатындықтан толық емес, шартты болмақ. Өйткені әлем шексіз, дүниедегі заттар мен құбылыстар шексіз, оларға тән қасиеттер де алуан түрлі.
Адамның жас мөлшері, әлеуметтік рөлі, өмірлік тәжірибесі, кәсібі, мамандығы, білім деңгейі, мәдени өресі, бір нәрсені қабылдауға бейімі т.б. факторларға байланысты адамның қоршаған әлемді тануының нәтижесі үнемі бір денгейде, өзгеріссіз қала бермейді. Бұл да таным процесінің тағы бір ерекшелігін көрсетеді. Адамның танымдық әрекетінің нәтижесі мида ұғымдар түрінде бекиді. Адамдардың қоғамдық-тарихи тәжірибесі және белгілі бір уақыт аралығында қордаланған білімі ұғымдарда жинақталады, сақталады, өңделеді және түйінделеді. Сөз мағынасы ол ұғымның барлық мазмұнын емес, тек тілдік ұжым мүшелеріне белгілісін ғана білдіреді.
Тілді қолдана отырып, сөздерден құралатын сөйлем арқылы адамдар әр түрлі заттар мен құбылыстардың мәнін ашады, олар туралы жинақтаған білімін жеткізеді. Таным адам арқылы жүзеге асырады, ал адамда қандай да бір себептермен теріс ұғым мен түсініктер қалыптасуы, адамдар арасында бұрыс ақпараттар алмасуы мүмкін. Осылайша әлемді тануда қателер мен адасуларда болады. Демек адам миында дүние суреті үнемі дұрыс бейнеленеді деуге болмайды. Тіптен сезімдік танымның өзі заттар мен құбылыстарға тән объективті қасиеттермен салыстырғанда жұпыны болып келеді, себебі адамның сезім мүшелерінің әрқайсысының өзіне тән атқаратын шектеулі қызметтері бар. Сондықтан олар шындықты толықтай бейнелей алмайды. Басқаша айтқанда заттар мен құбылыстардың қыр-сырын түбегейлі білуге адамның қарапайым ойлауының шамасы жете бермейді. Дегенмен қоршаған әлемді біршама дұрыс қабылдаудың, жіберілген қателіктерді жөндеудің, адамның әлемді меңгеруінің мүмкіндіктерін арттырудың, заттар мен құбылыстардың өзіндік қасиеттері мен заңдылықтарын терең танудың құралы етіп адам баласы ғылым мен жинақталған өмірлік тәжірибені таңдайды. Осыған байланысты М. Планк дүниенің бейнесін екіге бөліп қарастырады: 1) Ғаламның тілдік бейнесі – адамның қоршаған орта туралы өз тәжірибесі арқылы жинаған білімі, әлемге деген өзіндік көзқарасы; 2) Дүниенің ғылыми бейнесі – адамзаттың немесе жеке тұлғалардың ойлауына тәуелсіз болатын өмірдің шынайы, яғни реальді бейнесі [14].
Дүниенің ғылыми бейнесі — белгілі бір айқын мақсатқа бағытталып саналы түрде таңдалған құрылады, арнайы терминдерге сүйенетін ғылыми тілдің көмегімен сипатталады. Ғылыми танымдық ұстанымдарға негізделетін дүниенің ғылыми бейнесі — тілдік ұжымның ғылыми санасының нәтижесі ретінде қарастырылатын болса, белгілі бір тілдің лексика-фразеологиялық жүйесін семантикалық талдаудың негізінде сол тіл иесінің әлемге, дүниеге деген «қарабайыр» көзқарасы көрініс табатын біртұтас ұғым-түсініктер әлеміне реконструкция жасалады.
Қорыта айтқанда, ғаламның тілдік бейнесі туралы мәселенің қазіргі жай-күйін сипаттай келіп, бұл мәселе қазіргі таңда екі бағытта зерттеліп отырғанын айтуымызға болады: белгілі бір этносқа тән жекелеген концептілер (қонақжайлылық, домбыра, қымыз және т.б..), сондай-ақ бір ғана этностық шеңбермен шектелмейтін концептілердің өзгеше, өзіне ғана тән коннотациялары (мысалы,түр-түстің әртүрлі мәдениеттегі символикасы); тілде бекіген әлем туралы ғылыми емес, яғни ғылымға дейінгі білімдер жүйесін қайта жаңғыртудың жолдары қарастырылады. Мұндай зерттеулерде дүниенің аксиологиялық бейнесіне айрықша назар аударылады және ондағы ұлттық құндылықтарға аса мән беріледі.
Ғаламның тілдік бейнесі өмірлік іс-әрекет барысында, практикалық тәжірибенің жинақталуының нәтижесінде және қоршаған орта құбылыстарын барлап-бақылаудың, сараптаппайымдаудың негізінде табиғи қалыптасады. Қазақ этносының дүниетанымын, ой-өрісін, ғасырлар бойы жинақтаған практикалық іс-тәжірибесінің нәтижесін, рухани және заттық мәдениетін тіл арқылы зерттеудің антропоцентристік бағытқа сай кең өріс алуы қазақы ғалам бейнесін лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты қарастырудың өзектілігін айқындайды. Ғалам бейнесін лингвистикалық тұрғыдан зерттеу қазақ тіл білімінің өзге де гуманитарлық ғылым салаларымен байланысын нығайтып, оған пәнаралық сипат дарытып қана қоймайды, сонымен бірге тілдің ойлаумен, таныммен, шындық болмыспен арақатынасының табиғатын зерттеуге, «Адам-ТабиғатҚоғам» үштағаны аралық байланыстағы тілдің рөлін жете тануға мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Колшанский Г.В.Объективная картина мира в познании и языке. – Москва: Наука, 1990. –180 с.
2 Телия В.Н. Русская фразеология. Семантический, прагматический и лингвокультурологические аспекты. – Москва, 1996.
3 Сағидолда Г. Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны. –Алматы, 2003.
4 Тілеубердиев Б. Қазақ онамастикасының лингвоконцептологиялық негіздері. – Алматы: Арыс, 2007. –278 б. Б.14-15
5 Брутян Г.А. Язык и картина мира // Научные доклады высшей школы. Философские науки. 1973, №1.
6 Караулов Ю.Н. Словарь как компонент описания языков: Принципы описания языков мира. – Москва, 1976.
7 Нұрдәулетова Б.И. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнесі.Филол. ғыл.
докт. … авторефераты. – Алматы, 2008.
8 Сағидолда Г. Дүние-әлемді көру арқылы қабылдаудың тілдік модельдері // КазНУ
Хабаршысы. Фил.сер. № 9
9 Бенвенист Э. Общая лингвистика. – Москва, 1974.
10 Соссюр Ф.де. Заметки по общей лингвистике // Пер. с фр. Общ. ред., вступ. ст. и коммент. Н.А.Слюсаревой. – М.: Прогресс, 2000. –280 с.
11 Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері. –Алматы: Ғылым, 1998. 12 Күркебаев К. Қазақ тіліндегі өлшемдік атауларының этнолингвистикалық сипаты. – Алматы, 2003.
13 Тер-Минасова С.Г. Язык и межкультурная коммуникация. – Москва: Слово, 2000.
14 Планк М. Единство физической картины мира. – Москва, 1966.

В статье рассматривается история понятия «лингвистическая картина Мира» и рассматриваются взгляды и мнения зарубежных и отечественных ученых об этой концепции. Кроме того, в исследовании лингвистический аспект мира заключается в изучении характера взаимоотношений казахской лингвистики с другими отраслями гуманитарных наук, изучении природы отношения между языковым мышлением, познанием и реальностью, а также понимания роли языка в межличностном общении в человек — природа — общество.

The article deals with the history of the concept of «linguistic picture of the World» and examines the views and opinions of foreign and domestic scientists on this concept. Moreover, in the study, the linguistic aspect of the world consists in studying the nature of the relationship of Kazakh linguistics with other branches of the humanities, studying the nature of the relationship between linguistic thinking, cognition and reality, and understanding the role of language in interpersonal communication in human-nature-society.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *