Ә. Әбсаттар
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Алматы, Қазақстан
ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ ДИСКУРСЫНДАҒЫ «ТУҒАН ЖЕР» КОНЦЕПТІНІҢ БЕРІЛУІ
Мақалада «Туған жер» концепті басқа концептілермен сабақтастықта қарастырылған. «Туған жер» мәнін білдіретін қолданыстардың концептіленуі когнитивті семантика тұрғысынан сипатталады. Сол себепті ән дискурсы туған жерге деген қатынасты білдіретін көңіл күйді жинақтайтын, сақтайтын, жеткізетін құрал ретінде көрінеді.
Түйін сөздер: халық әндері, туған жер, концепт, тіл, мәдениет, дискурс, ұлттық ерекшелік, діл.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу… Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген болатын. Бұл орайда халық әндерін тереңнен тамыр алған рухани код ретінде қарастыруға әбден болады.
Бүгінгі таңда антропологиялық бағыттағы зерттеулердің жандануының нәтижесінде адамға ерекше мән беріліп, адамның тікелей қатысы бар, адам тұтынатын тіл мен мәдениет сабақтастыққа қарастырыла бастады. Ән дискурсында вербалды, бейвербалды құралдар қатысады. Онда семиотикалық код көрініс табады. Ән мәтінінің конститутивті сипаты ретінде когерентті байланыс, диалогтік сипат, модальділік, алуантүрлілік, біреуге бағытталғандық, аудиторияның ауысып отыруы сияқты белгілерді атауға болады.
Ән дискурсында адамның көңіл күйі ғана беріліп қоймайды, сонымен қатар коммуникативті қатынас та орын алады. Яғни, әнші әнді орындау барысында әннің сөзіне, әуеніне байланысты өзінің ішкі сезімін білдіріп, орындаушы мен автор жымдасып, тұтас әлемге айналады. Ән салу барысында әнші тыңдаушымен байланысқа түсіп, диалог орнатқандай болады. Қазақтың ауызша дамыған тілін арнайы зерттеген академик Р.Сыздық айтыс өнерінің ерекшелігін көрсете отырып, былай дейді: «Көркем сөздің ауызша туатын қай түрінде болсын, айтушы мен тыңдаушының арасында, философтардың пайымдауынша, «іштесу» деп аталатын (профессор Қанат Нұрланова ұсынған термин) психологиялық әрекет пайда болады. Тыңдаушы айтыста туып жатқан тапқыр ой мен әсем сөздерді өзі қоса жасасып отырғандай, іштей жақындасады. Мұны тыңдаушы дыбыспен де (Уа пәлі!, Айта түс! деген сияқты), қимылмен де (қол соғып, аяғын тарсылдатып, ұшып түрегеліп дегендей) білдіріп жатады. Бұл – іштесудің сыртқы көрінісі. Ал ішкі психологиялық қабысуда тыңдарман өзі де бүтіннің бөлшегі болып отырғанын сезеді, бірақ бұл сезім санадан тыс жүріп жатады. Айтыс барысында тыңдаушы орынды ой, әсем тіл әлеміне осылайша еніп қана қоймайды, енді өздері айтыскерлерге әсер етеді: оларды шабыттандыра түседі, арқаларын қоздыра түседі, бейнелеп айтсақ, айтыскерлер мен тыңдармандар бір-бірімен іштей табысып, бір-біріне шырақ жағып, сәуле түсіреді» [1, 82]. Ғалымның бұл пайымын ән дискурсына қатысты да айтуға болады. Әнді орындау барысында әншінің даусына сүйсінген халық «Бәрекелді!», «Шап!», «Әйт!», «Жарайсың!» т.с.с. түрінде қолпаштап, демеу білдіріп отырады. Бүгінде күй тыңдаған кезде де рақаттанған, күйге елтіген жігіттер қиқулап, жан-жақтан дауыс қосып отырады.
Техника дамып, кез келген әнді қалаған кезімізде тыңдауға мүмкіндік мол болып отырса да, халық сүйікті әншілерінің концертіне қалмай барады. Кейде билет табылмай, зал толып кетіп жатады. Сол себепті әншілер («Музарт» тобы, «Жігіттер» квартеті т.с.с.) бір күнде екі концерт те береді. Кейде теледидар, радио, магнитофоннан тыңдағаннан гөрі көзбе-көз отырып тыңдаған әлдеқайда әсерлі болатыны, теледидар, радио арқылы берілген кезде техниканың әсерінен музыканың әдемі иірімдері жұтылып кететіні туралы сөз болады. Әрине, ол жағы да бар. Сонымен қатар тағы бір сыры – әнші мен көрерменнің, орындаушы мен тыңдаушының іштесуінде, жымдасуында. Бірақ оны көпшілік ескере бермейді. Осыған байланысты профессор Р.Сыздық айтысты тамашалаушылар «сөз өнерін тудырушы тұтастықтың бір сыңарымын» дегенді саналы түрде біліп бармайтынын, «жақсы пікір, өткір сын, сөз шұрайын естимін» деп баратынын, жүрегінің түкпірінде жатқан бір рухани күшті іздеп баратынын ескерте келіп: «Қазіргі қазақ айтысы – үгіт-насихат құралы емес (мұны баспасөз бен радио, телехабарлар, әр алуан сипатта жүргізіп отыр), адам баласының бойындағы дарын түрлерін көрсететін қарекет, қазақ тілінің күш-қуатын көрсететін амал, қазақ сөзінің құдіретін күшейтуге тәрбиелейтін тәсіл, қысқасы, қалың жұртшылықты, әсіресе жастарды ақылды, білімді сөз бен әдемі, әсерлі сөзге баулитын күш деп тану керек, әрі қарай жалғастыру керек, дамыта түсу керек», – деп жазады [1, 85].
Айтыс импровизацияға құрылғандықтан, тыңдаушы айтысушылардың не дейтінін алдын ала білмейді. Айтыскер тыңдаушының ойындағысын жеткізген кезде ол қолпаштап, бір серпіліп қалады. Өзі байқамаса да, тыңдаушы да өз кезегінде бірге айтысып отырады. Сол себепті «былай деуі керек еді», «былай деп жауап беруі керек еді!» деп өз ойын білдіріп жатады. Ал әнді тыңдап отырған көрермен әннің әр сөзін жатқа білуі де, қосылып әндетіп отыруы да мүмкін. «Музарт» тобының концертіне барған көрермендер әнді бірге орындап, әншілер кейде өздері айтпай, залға кезек беретін кездері де болады. Мұндай сәттер үнемі, кез келген әншінің концертінде бола бермейді. Әнді тыңдап, еліткен, әншінің орындау шеберлігіне тәнті болған тыңдаушылар ғана әншімен іштесіп, біртұтас болып кетеді. Әйтпесе «әп-әдемі ән еді, сақау келіп бүлдірді» дегендей, қазақта әннің орындаушысына, әншіге қатаң талап қойған. Қытайда өнер көрсетіп, бүкіл әлемді тамсандырған Димаш Құдайбергеннің орындау шеберлігіне тәнті болған тыңдаушылар әнді орындап жатқан кезде қалай әсерленгенін теледидардан анық көрсетті, әншінің даусын тағы да естігісі келген тыңдаушы қауым Димаш ән салатын күндері Қазақ жеріне арнайы келгенінің де куәсі болдық. Концертте тыңдаушыға сүйсінген жұрттың қол соғып, құрметтеп, әншіні қайта-қайта шақыруы немесе ән салып жатқан кезде кетіп қалуы орын алып жатады. Бұл – әннің тыңдаушыға қаншалық өтімді болғанының, қаншалық ұнағанының көрінісі.
Бұл орайда тыңдаушы үшін әншінің даусы, орындау шеберлігі қаншалық маңызды болса, әнші үшін де тыңдаушының қаншалық қабылдағаны, әсерленгені өте маңызды. Көрермен қолдау білдіріп, қолпаштап отырса, әнші бұрынғыдан бетер шабыттанып, барын салады. Зал өз деңгейінде қабылдамай жатса, әншінің де құштарлана қоюы екіталай. Бұл жағынан да, ән мен айтыстың ортақ тұстарын байқаймыз: «Мұндай «іштесудің» мәнін, бар-жоғын әсіресе айтысып отырған ақындар жақсы сезеді. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығын Абай ауылында, Қарауылда тойлағанда ұйымдастырылған айтыс ашық аспан астында өтті. Айтысушылар Қарауылтөбенің етегінде, арнайы жасалған «сахнада», ал тыңдаушылар төбенің үстінде алыстау жерде отырып тамашалады. Осы айтыста бас бәйгені жеңіп алған Мұхамеджан Тазабеков бір сөйлегенде ол айтыста үлкен шабыт шақыра алмағанын айтты. Өйткені «тыңдаушылар өте қашық отырды, жүздерін көре алмадық, олардың біздің сөздерімізді қалай қабылдап жатқанын сезбедік», – деген еді. Демек, аса күшті «іштесу» болмапты. Іштей ұғынысудың айтыскерлер үшін мәнінің зор екенін Алматыда үлкен залда өткен бір айтыста ақындардың аузынан тағы естіп едік. Іштей табысуды жақсы сезінген Мұхамеджан:
Біздердей айтушыда арман бар ма, Сіздердей тыңдаушыға тап келгенде, – дей келіп, тыңдаушылардың реакциясына өзінің разы болғанын:
Топқа түсіп көңілім бір ашылды-ау, Тобылғының суына шомылғандай, – деп білдірген-ді [1, 75].
Әннің әсерлі болуы үшін әншінің шеберлігімен қатар әннің тақырыбы, мазмұны да өте маңызды. Өзге елде атамекенін аңсап жүрген қандастарымыз үшін туған жер туралы әндер ерекше әсерлі болады (әрине, «өз елінде жүрген қазақтар ондай әндерден әсерленбейді» деуге болмайды). Туған жер туралы әнді естіген қандастарымыздың, әсіресе егде тартқан, жасы келген қариялардың көзіне жас алып, көңілі босаған, тіпті ағыл-тегіл жылаған кездерін де көрдік. Себебі тыңдаушы әннің мазмұнына сүйсініп, әннің сөздері көңіл қылымен сәйкес келіп, қиналыс-күйзелісін дөп басқан тұста сол әнді өзі айтып жатқандай, сол сөздер өз жанынан шығып жатқандай әсерде болады.
Әннің құдіретін түсінбеген тыңдаушы үшін, көбінесе жастар үшін туған жер туралы әндер кейде әсер етпей де жатады. Мысалы:
Бозбеткейлім-ай, ендеше, бозбеткейлім, ахау, Бозбеткейден-ай, ендеше, мал кетпейді-ай.
Қоғалы-ай,
Қоңыр салқын, Малға жай.
Шөбі жұмсақ-ай шаруа, шөбі шүйгін, ахау,
Бағланы мыңғырған жер жетпейді-ай,
Қоғалы-ай,
Қоңыр салқын,
Малға жай, – деген өлең жолдарында жай ғана күнделікті күйбең тірлік қана суреттелгендей көреді. Сол көріністің авторға, әншіге қаншалық маңызды, әсерлі екенін түсінбейді. Кейде әншілер де ән мәтінінің байыбына бара бермей, әннің экспрессиясын жеткізе алмай жатады. Себебі олар әннің кодын білмейді, түсінбейді. Осыған байланысты филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қ.Ахметжанова: «Қазақ тілінің концептуалды жүйесін білмегендіктен, жастар қазақ халқының салтдәстүрін ескіліктің сарқыншағы ретінде қабылдап, теріс бағалайды. Жалпыадамзаттық, әлемдік мәдениеттің бөлшегі болып табылатын ұлттық мәдениеттің терең, философиялық мәнін жас буын өкілдері түсіне алмай жүр», – деп жазады [2, 175]. Ғалымның бұл ойын салт-дәстүрге ғана емес, халық әндеріне қатысты да айтуға болады.
Қазақтың халық әндері ұлттық кодты сақтайды. Халық әндерін лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеуде мәдени кодты айқындау мақсат етіледі. Тіл мен мәдениеттің өзара қатысын зерттеуде лингвомәдени құндылықтардың маңызды орын алады. Лингвомәдени құндылық дегеніміз – халықтың эстетикалық құндылығы көрініс табатын, мәдени коннотациясы бар тұрақты тілдік жүйе. Бұл орайда қазақтың халық әндері лингвомәдени құндылыққа жатады. Лингвомәдени құндылық ретінде тану үшін:
• онда мәдени коннотация болуы керек;
• тілдік материалда эстетикалық, жалпыадамзаттық, маңызды мәдени ұғым болуы керек; • мәдени маңызы жоғары аямен сәйкес келуі керек;
• халықтың мәдени жадында жүйелі түрде орныққан тұрақты сипаты болуы керек.
Қазақтың халық әндері бұл талаптарға толық сәйкес келеді: халық әндері қазақтың ұлттық қазынасына, мәдени қорына жатады. Кейде әннің мәтінінде басы артық сөздер қолданылғандай әсер қалдырады. Мысалы:
. Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Қара көзден мөлтілдеп жас келеді…
Айдап салдым жылқымды ошағанға,
Салсам құрық жетпейді қашағанға
Аулың шалғай кеткенде, беу қарағым, Нендей медет етейін жасағанға…
Басында биік таудың мұнары бар,
Мойнында көк бестінің тұмары бар, әпитөк. Құрбылар, бұл қалай деп сөге көрме,
Ғашықтың тарқамаған құмары бар, әпитөк…
Басынан Алатаудың арша ап жүрмін,
Аршамды көтере аямай шаршап жүрмін. Белгісі шаршағанның осы емес пе, Достарды өздеріңдей аңсап жүрмін.
Әннің мәтіндеріндегі алғашқы екі жолдары басы артық, өлең үшін мүдле қажетсіз дүние болып көрінеді. Қ.Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» деп аталатын мақаласында Шора батырдың еліне қайтқысы келгенін білдіру үшін: Арғымақ, үйірін сағынар, Сағынғанда не қылар? Тұяғын тартып қағынар…–
түрінде 30 жолдық өлеңмен келтіретінін ескерте келіп, мұнда «батырдың айтайын дегені – «ниет қылдым еліме» деген өлең жол, елін сағынғандығы, арғымақтың үйірін, сұңқардың ұясын, қараша қаздың көлін, жалпы ер жігіттің елін сағынатындығы, олардың қайсысы қалай сағынатындығы, қалай тыпырлайтындығы негізгі тақырыпқа керек те емес. Айтпақшы сөзі – ол емес. Сондықтан мұның бәрі де «басы артық қыстырма әңгіме болып шығады», – деп жазады [3, 266-267]. Ғалым мұндай «басы артық» қолданыстар тілдің көркемдік құралы, ауызша дамыған әдеби тілдің, әсіресе ауыз әдебиеті үлгілерінің тілдік сипаты екенін дәлелдейді.
Академик Р.Сыздық ХІХ ғасырдың І жартысында айтылмақ ойға қатысы шамалы «басы артық» әшекей эпитеттердің азая бергені сияқты өлең сөздердің алғашқы екі жолының айтылмақ ойға қатысы жоқ, басы артық дүниелер болып берілетін амалдың өте сирек ұшырасатынын, онда да Біржан сал, Ақан сері сияқты әрі композитор, әрі ақын өлең және ән-сазды ұластырған, үйлестірген ақындарда кездесетінін ескерте келіп: «Біржанның атақты
«Жамбас сипар» деген өлеңінің алғашқы екі жолы ақынның айтпақ ойнынан тыс артық сөздер болып келеді.
Ұшына орамалдың түйдім сусар, Көп жылқы көк алалы көлде жусар.
Бұл «мағлұматтың» кейінгі екі жолдағы: Кешегі ел қыдырған есер шақта Ән еді Біржан салған «Жамбас сипар», – деген ақынның негізгі айтпағына мағына жағынан жанаспайтын «тегін мәліметтер». Келесі бір «Көкек» деген өлеңінде бастама жолдарында «басы артық», бөлек тұрған қоспа:
Аты жоқ кұс болады көкек деген, Алдында терезенің секектеген, – деген «мәліметтің» соңғы жолдардағы: Ойымда үш ұйықтасам, бар ма менің Айрылып сені, сәулем, кетед деген, – өкініш-назына еш қатысы жоқ, «бұл өкініш-назға терезенің алдында секектеген көкектің не қатысы бар?» – деп танисың.
Әрине, мұндай «артық сөзділік» амалы көп емес, 2-3 өлеңінде ғана кездеседі. Бұл жерде басы артық өлең жолдары – Біржанның ақындығының ақаулығы емес, ауызша туып, ауызша айтылып жеткізілетін сөздің (өлеңнің) ежелден бар шартты белгісі: айтушы (ақын) сөзіне назар аудартып немесе тыңдауға дайындап алу үшін қызмет етіп тұрған қаратпа сөздер», – дейді [1, 75].
Туған жер туралы халық әндеріндегі кейде топонимикалық атаулар, жер-су атаулары кездеседі. Мысалы:
Іле деймін, ендеше, Іле деймін, жан сәулем.
Өте шықсам Іледен, міне деймін, еркемай.
Кісі жары кісіге жар болмайды, «Өз жарыңның тілеуін тіле», – деймін, еркем-ай.
Ана тау мен мына тау төтелейін-ай,
Түйе басын маған бер жетелейін, Жетіарал жерім-ай,
Сауық сайран елім-ай.
Ахау, Семей! Тіл мен көмей,
Басылмас жанған жүрек сәулем келмей.
Шөбі шүйгін төменгі көк қабақтың, Қызы сұлу болады Көксадақтың, угайай.
Өлең, даусын сағынып жүргенімде
Дауысы қайдан шығады ақ тамақтың, угай-ай.
Туған жер туралы әндерде негізінен туыпөскен жерге, атамекенге деген сағынышқа құрылған:
Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттім, Тентек ел талқысына тастап кеттім. Болсам да шұбар жылан іштен шыққан, Қарғамас деген сенім сақтап кеттім. Қарғама, жалғызыңды-ай!
Туған ел, амандасам жас-кәріңе, Бірге өскен құрбы-құрдас, дос бәріңе. Жарасқан әзіл-сауық аға-жеңге, Аласың мені не деп естеріңе! Туған жер, енді аман бол!
Ауылым көшіп барады Алмалыға,
Кім көнбейді тағдырдың салғанына. Көрмегелі көп айдың жүзі болды, Ата-анамның хабарын алмағалы.
Туған жердің сағынып топырағын, Көз алдыма келеді сол тұрағым. Ата-анамды аяулы аңсағанда, Ақ бөпемді аялап отырамын.
Туған жер туралы әндердің ортақ лейтмотиві – онда ғашық сыры шертіледі. Алғашқы екі жолда туған жер туралы сөз болғанмен, ол кейін ғашық жарға деген сағынышымен, сезімімен ұласып жатады:
Қаратаудың басынан арша ап жүрмін, Көтере алмай аршамды шаршап жүрмін. Шынар-ай, әркім бір сізге құмар-ай, Қайткенде көңілім тынар-ай.
Мал жақсы жылқы деген бағып жүрсе, Мойнына үкі-тұмар тағып жүрсе.
Ішінен бір жорғаны таңдап мініп, Ауылына Қамажайдың барып жүрсе.
Мұндай өлеңдерде туған жерге деген сағыныш пен ғашық жарға деген сүйініш қатар беріліп, параллелизм түзеді:
Арғы жағы Еділдің, бергі жағы,
Жағасында жайқалған жапырағы.
Үкілім-ай, көкем-ай,
Сағындым, сәулем, бір сені ойлап-ай.
Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес. Ақбоз үйдің сыртынан шығарып сап, Қош, ағатай, дегенің естен кетпес.
Тау басында аршасы,
Басына бұлбұл қонсашы. Оймақ ауыз, күлім көз,
Жарым сіздей болсашы.
Мұндай әндер көбінесе ақынның ішкі толғанысына құрылып, өмірдің өткіншілігі туралы философиялық ой түйеді: Өтіп дәурен бара жатыр, Сіз бен бізге білінбей-ау…
Боз жорға, жорғаңа бас, алдыңда ел жоқ, Ішетін шөлдегенде айдын көл жоқ. Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Ат ұстап, қарсы алатын бұраң бел жоқ.
Есіктің алды тал-қайың, Басыңда тұрмас жаз дәйім.
Қалқатай еске түскенде, «Сары бидай» әнін,
Сағынып сонда салғаным.
Сусамыр – елдің жайлауы, Өмірдің бар ма байлауы?!
Күнде мұндай кезіміз келе бермес, Айтып өлең кетейін өзіңе мен. Күнде мұндай мереке бола бермес, Айтып өлең кетейін осы бүгін.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай.
Ғашық жарға деген сезім, ілтипат немесе қыздың жігітке деген ықыласы бейвербалды тәсілдермен де беріледі: Дәйім менің мінгенім құла қасқа, қүла қасқа,
Таудан соқпақ салдырдым құламасқа-ай. Ауылың алыс кеткенде құрбыластар, құрбыластар,
Бет орамал беріп кет жыламасқа-ай.
Қарағым-ай,
Қырға шығып
Жолыңа қарадым-ай.
Сырттай ғана өзіңді білуші едім,
Әдейі арнап аулыңа келдік деймін.
Баянауыл басында балалы құр, Бір сөз айтам, қалқатай, мойныңды бұр. Ауылыңның тұсынан аттанғанда, Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр.
Бұлт арылмай қойды ғой бастан, шіркін, Сенсіз өмір секілді жалған, шіркін. Ат арытып алыстан келгенімде, Кер маралдай керіліп тұрсаң, шіркін.
Сонымен, туған жер туралы халық әндері көбінесе ғашық жарға деген сағыныш, өмірдің өткіншілігі, елінен, туған жерінен айырылған боздақтардың аянышты халі, атаанасынан ажырап, алысқа ұзатылған қыздың сағынышы т.с.с. сезім иірімдерімен сабақтасып, астарласып беріледі. Халық әндерінде көңіл күйді жеткізу үшін одағайлар көптеп қолданылған: Маусым-мамыр болғанда, маусыммамыр,ахау,
Мал құдықтан су ішер абыр-сабыр-ай…
Жетіарал, жерім-ай, Сауық сайран елім-ай… Жиі кездесетін одағайлардың қатарында «Әу!», «Беу!», «Ахаву!», «Ау-хау!», «Айхай!», «Шіркін!», «еу!», «ей!» т.с.с. атауға болады. Бір буыннан тұратын, түбір одағайлар омофондық қызмет атқарып, қуанышты жеткізу үшін де, іштегі зар-мұңды жеткізу үшін де қолданылған. Сонымен қатар ойпырмай, ойпырмау, апырмау, айпырмай т.с.с. функционалды қызметіне өзгеріске түсу нәтижесінде пайда болған тілдік бірліктер, функционалды деривация көңіл күйді білдіру үшін көп қолданылады. Кейде ән мәтініндегі қайталамалар да көңіл күйді білдіру үшін, тыңдаушы назарын аударту үшін жұмсалады: Аяғыма кигенім, былғары етік, сәулемай,
Табанымнан барады, ызғар өтіп, сәулемай.
Жақсы болсаң келерсің судан өтіп, сәулем-ай,
Жаман болсаң қаларсың суға кетіп, сәулем-ай.
Ана бетпен жол еді мына бетке, Сөйлеспедім өзіңмен шығып шетке, еркем-ай.
Қайсыбірін айтайын, ай-ау, сәулем. Енді кетіп барасың тұрмай сертте, еркем-ай.
Шөбі шүйгін төменгі көк қабақтың, Қызы сұлу болады Көксадақтың, угайай.
Өлең, даусын сағынып жүргенімде
Дауысы қайдан шығады ақ тамақтың, угай-ай.
Басында биік таудың мұнары бар, Мойнында көк бестінің тұмары бар, әпитөк.
Құрбылар, бұл қалай деп сөге көрме, Ғашықтың тарқамаған құмары бар, әпитөк…
Оралыңның барында ойна да күл, угай-
ай,
Өлгеннен соң адыра қалар тұлға, угайай…
Қарағым-ай,
Қырға шығып,
Жолыңа қарадым-ай…
Жирен тай ма, ақ тай ма, қызыл тай ма, Айдап салсам жатады терең сайда, сөйле, қалқам-ай. Айтар болсаң сөзіңді бүгін айтшы, Бүгіннен соң бір ауыз сөзің қайда, сөйле, қалқам-ай…
Арамызда Төлеген көп жыл өтті, ахау, Нелер келіп бұл басқа, нелер кетті, әгугай.
Арада өткен сегіз жыл сергелдеңде, ахау, Хабар айтып жіберсең нең кетеді-ай, әгугай!
Мұндай қолданыстар ән дискурсының міндетті бөлшегі іспетті. Ол әнге ырғақ пен әуезділік үстеп, көңіл күйді жеткізеді. Көңіл күйді жеткізу үшін тілдік санада дәстүрлі символ-метафоралық айшықтар мен тұрақты тіркестер қалыптасқан: Шыңында өскен асқардың сен бір шынар,
Бір өзіңе, қалқатай, болдым құмар.
Бұраң бел, көкем-ай, Қасы, көзі қиылып
Қай жерде отыр екен-ай.
Оралыңның барында ойна да күл, угай-
ай,
Өлгеннен соң адыра қалар тұлға, угайай.
Қанша ауыл қанша жер кезсем-дағы, Сұлу жанды өзіңдей көрмедім-ай.
Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда,
Биік ағаш солқылдар жел тұрғанда.
Күн мен айын басқаның мен қайтейін,
Тал шыбықтай солқылдап сен тұрғанда.
Арада өткен сегіз жыл сергелдеңде, ахау, Хабар айтып жіберсең нең кетеді-ай, әгугай!
Сары ағаш сазға біткен секілденіп, Қай жерде отыр екен бұраң белім.
Коммуникация барысында концептуалды метафоралардың қолданылуы тыңдаушылардың, орындаушылардың тілдік санасындағы когнитивтік модельдерді көрсетіп, олардың дүниетанымын, эмоцоналды концептіні осы ұлт өкілдерінің қалай қабылдайтынын, таным-түсінігін де көрсетеді. «Туған жер» эмоционалды концептіне зоонимдер, колоронимдер де арнайы мақсатта қолданылады.
Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін, Кел десең, неге аяйын аттың терін.
Сары ағаш сазға біткен секілденіп, Қай жерде отыр екен бұраң белім.
Халық әндерінің тілі эстетикалық құндылыққа толы. Сондықтан ән мәтіні көркем құндылыққа жатады. Қазақтың халық денотативті, бейнелі қолданысты тілдік бірлік көп:
Кеудесі жақсылардың – алтын сандық, Сандықты кілт болмаса кім ашады!
Барайын десем жер шалгай, Бармайым десем болмайды-ай. Адасамын, айнам-ау,
Ойларыма ормандай.
Барайын десем – жер шалғай, Бармайын десем – ел қандай. Қарайлаумен жүрсің бе,
Қан тамырдай жолдарға-ай.
Ақ көңіл ағызайын әннің майын, Жас дәурен шалқып жатқан айдындайын.
Астынан алты қырдың шыққан даусым, Жетсе екен құлағына қалқатайдың.
Шыңында өскен асқардың сен бір шынар,
Бір өзіңе, қалқатай, болдым құмар.
Бұраң бел, көкем-ай, Қасы, көзі қиылып
Қай жерде отыр екен-ай.
Бір қамшым бар-ей қолымда жез бауырдан,
Кірсем шыққым-ей келмейді қызды ауылдан, бұраң бел. Аулың алыс кеткендей-ей, қарағым-ай,
әндері мәдени коннотацияға бай, онда Жақсы көрдім-ей өзіңді бауырдан-ай, бұраң бел.
Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда,
Биік ағаш солқылдар жел тұрғанда.
Күн мен айын басқаның мен қайтейін,
Тал шыбықтай солқылдап сен тұрғанда.
Тауға шықсам сайрайды тау кекілік,
Қар жауғанда қалады жол бекіліп, сөйле, қалқам-ай.
Тісің науат болғанда, тілің – шекер,
Қабағыңнан тұрады нұр төгіліп, сөйле, қалқам-ай.
Байқап отырғанымыздай, ән мәтінінде метафора (кеудесі жақсылардың – алтын сандық; тісің науат болғанда, тілің – шекер; шыңында өскен асқардың сен бір шынар; ақ көңіл ағызайын әннің майын), теңеу (адасамын, айнам-ау, ойларыма ормандай, қан тамырдай жолдар, жас дәурен шалқып жатқан айдындайын; тал шыбықтай солқылдап сен тұрғанда), эпитет, синекдоха (бұраң бел) қолданылған. Мұндай бейнелі қолданыстар әннің мәтіндерінде көптеп кездеседі.
Қорыта айтқанда, қазақтың халық әндері бейнелі қолданысқа толы. Онда айтылатын ой астарлап жеткізіледі. Көркем айшықтар эстетикалық қызмет атқарады. Халық әндері мәдени, стильдік, бейнелі, эмоционалды-экспрессивті компонентке бай. Халық әндерін көпшілік қауым сүйсініп тыңдайды, қайта жаңғыртып, көненің көзіндей сақтап қалуға тырысады. Яғни, халық әндерін бағалау тәсілдері, оның критерийлері қоғамдық санада түпкілікті орныққан.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі. – Алматы; Дайк-Пресс, 2014. – 206 б.
2. Ахметжанова З.К. Ядерные концепты казахской культуры как основа казахской языковой картины мира // Этнос және тіл. Академик Ә.Қайдардың 85 жылдық мерейтойына арналған халықар.
конф. материалдары. – Алматы, 2009. – 175-179 б.
3. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 2010. — 266-267-б.
В статье рассмотрены связи концепта «Родина» с другими концептами. Концептуализация эмоции «Родина» характеризуется с позиций когнитивной семантики, поэтому в данной статье песенный дискурс рассматривается как средство хранения, накопления, трансляции и экспликации эмоции.
In the article the connections of the «Homeland» concept with other concepts are considered. The conceptualization of the emotion «Homeland» is characterized from the standpoint of cognitive semantics, therefore in this article song discourse is considered as a means of storing, accumulating, broadcasting and explicating emotions.