Ж. Манкеева
А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты Алматы, Қазақстан
ТІЛ АРҚЫЛЫ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЭТНОМӘДЕНИ КОДТАРЫН АШУ
Мақала лингвомәдениеттің, ұлттың сана – сезімін сақтап, рухани мәдениетті ұрпақтан – ұрпаққа жалғасытырып тәрбиелеудегі рөлін көрсетеді.
Кілт сөздер: мәдени код, лингвомәдениеттану, ұлттық сана, антропоним, туыстық терминдер, коммуникативтік қызмет.
Ел тарихындағы егемендік, онымен сабақтас жаңғыру кезеңдері мен жаһандық бәсеке қоғамдық өмірдің барша салаларына соңы тыныс әкелді. Осымен байланысты қалыптасушы қоғамдық сана мен саяси-әлеуметтік өзгерістерді, кез келген мемлекеттің әлем тоғысындағы қарқынды даму әрекеттерін адам факторынан тыс қарау мүмкін емес. Себебі, адам жанының руханиәлеуметтік жаңғыруының айнасы, әрекеті мен әрекеттесуінің, ғаламдасуының тиімді құралы – тіл. Оның себебі – ұлт болмысын анықтайтын мәселелердің мазмұны мен түйін-дәйектері ұлттың мәдени кодында астарланған. Ал, мәдени кодты ашудың кілті – лингвомәдени таңбаға салынған ақпараттарды аша білу.
Осымен байланысты қазақ тіл білімінде тіл арқылы ұлт болмысын танудың ғылымиәдістемелік жолын негіздейтін лингвомәдениеттану іспетті антропоөзектік бағыт қалыптасуда. Басқаша айтқанда, ұлттық санада құрылымдалған дәстүрлі дүниетаным мен руханият жүйесі оларды таңбалаған тілдік бірліктердің (фразеологиялық, паремиологиялық, прецеденттік тіркестерде, этнолексикада т.б.) мазмұнын кешенді зерттеу негізінде жаңғырып, «кілті» ашылады.
Бұл арада тілдің тек коммуникативтік емес, кумулятивтік (мұрагерлік) қызметіне сай тұтастырушы, ұластырушы, жаңғыртушы қызметінің маңызы ерекше. Соның негізінде атабабаларымыз ғасырлар бойы ұлттық тәрбиенің мұраты ретінде дәріптеп, белгілеген, ұрпақтанұрпаққа беріліп келе жатқан, ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын қастерлі ұғымдарды белгілейтін заттық мәдениет пен рухани-мәдениеттің түрлері тілдік қазынамызда сан түрлі тілдік құралдармен айшықталған. Олардың мәніне тереңдеп, табиғатын тану қазіргі қоғамдық сана мен мәдениеттің бүгінгі деңгейіне сабақтастыруды мақсат ететін мемлекеттік рухани жаңғыру бағдарламасының ғылыми-танымдық, ғылыми-әдістемелік негізін құрайды
Осыған орай, ел боламыз деген жұрттар өзінің ұлттық болмысын, елдігін сақтау үшін осы тектес ұлттық құндылықтар дүниесін түгендеп, оның мән-мазмұнын, қадір-қасиетін бағалайтын рухани-танымдық зерттеулер мен алуан түрлі іс-шаралар жүргізуде.
Белгілі тілші — ғалым Н.Уәлидің пікірінше, жаһандану кезеңіне тән жағымсыз сипаттың бірі ретіндегі ұлттық сана сезімінен алшақтап, ұлтсызданған сана, тобырлық мәдени сана т.б. көрінісі тіл тәрбиесі осал, тілді игеру деңгейі төмен ортада қалыптасады. Осы мәселелердің өзектілігін ерекше түсініп, тіл арқылы рухани дүниені жаңғырту мәселесін жан-жақты зерттеуге атсалысып жүрген ғалымдардың ішінде Н.Уәли мен З.Ахметжанованың еңбектері жүйелілігімен, ғылыми-танымдық мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді. Олар қалыптастырған мектептің зерттеулері лингвомәдени білім жүйесіндегі рухани кодтарды ашуда мәдени танымдық құзыреттілігімен сипатталады.
Осы зерттеулердің нәтижесі тілдің тек коммуникативтік құрал емес екенін, тілде екі түрлі білімдер жүйесі бар екенін көрсетеді: 1. Тілдік білім, яғни тілдің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі мағыналар. Олар — этномәдени тілдік ұжымның санасында ғасырлар бойы қалыптасқан білімнің айрықша түрі.
2. Тілдік емес, дәстүрлі білімдер жүйесі (халықтық білім).
Білімнің бұл түрі — этностың (халық, ұлт) өмір тәжірибесінен ғасырлар бойы жинақталған, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан этнос санасындағы дәстүрлі дүниетанымы. Бұл білім тілдік емес деп аталғанымен, ол ұжымдық санада тіл арқылы сақталған. Лингвомәдениеттанушы бұл жерде тілді емес, тілдік дерек арқылы сақталған ақпаратты пайдаланады. Демек, ұлт болмысын тұтас тануда лексика-фразеологиялық бірліктердің лингвистикалық сипатын ашатын жалаң тілдік білім жеткіліксіз болып, олардың мағынасындағы мәдени танымды ашудың маңызы артады.
Мысалы, зерттеуші Н.Уәли «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» деген фразеологиялық тіркестің мәдени семантикасын былайша ашады: Бұл, біріншіден, образбен шегенделген дүниетаным. Оның тура мағынасы – экономикалық, рухани, экологиялық (табиғат балансы сақталған) заман.
Екіншіден, оның сипаттаушы мазмұны: 1. молшылық (ақтылы қой, алалы жылқы т.б.); 2.
мамыражай тыныштық; 3. дау-дамайсыз (Тәуке хан заманындағы үш би – Төле би, Қазбек би, Әйтеке би қызметі); 4.береке-бірлік.
Осы белгілердің нәтижесінде Тәуке хан заманын ғалым: «… ханы қадірлі, қарашасы ұятты, биі иманды, байы мейірлі бейіш заман», яғни «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп тұжырымдайды, түсіндіреді.
Қазақстан тіл білімінде осы тектес зерттеулердің арнасын кеңейтіп, мазмұндық-деректік сипатын жан-жақты ашудың ғылыми жүйелілік деңгейін жаңа сапаға көтеріп жүрген көшбасшы ғалымдардың бірі – профессор Зәуреш Қанашқызы Ахметжанова. Атап айтқанда, ғалымның шығармашылық-зерттеушілік қызметінің қазіргі таңдағы өзекті салаларының бірі — қазақ тіліндегі материалдық, рухани және коммуникативтік мәдениетті салғастырмалы зерттеу.
Ғалым қазақ тіліндегі антропонимдік жүйені қоғамдағы әлеуметтік-мәдени оқиғаларды сипаттайтын апеллятивтермен ықпалдаса қалыптасып, сол есімнің иесі туралы жан-жақты ақпаратпен (оның шыққан тегі, әлеуметтік мәртебесі т.б.) уәжделетін мәдени-тілдік бірлік деп санайды. Мысалы, Наурызбай, Дүйсенбек, Жұмагүл (туған айы, күні), Орал, Алтай (туған жеріне байланысты), Жантөре, Жиембет (шыққан руларының аты), Қарабай, Сарыбай, Байбөрі т.б. (әлеуметтік мәртебесіне сай), Қараман, Ақжүніс, Қаракөз, Қарашаш (түске және оның ауыспалы мағыналарына байланысты), Алтын, Маржан, (асыл тасқа теңеу), Арыстан, Ақтайлақ (жануарларға, айбатты аңдарға теңеу), Шолпан, Айман (космогонимдер культіне байланысты), Жібек, Қамқа, Торғын (қымбат мата), Қуаныш, Мұрат, Ермек, Дәулет т.б. (дерексіз үғымдар), Жанұзақ, Кенжеқара, Ізбасар (тілек, арман, үмітке қатысты), Төле би, Қаракерей Қабанбай, Баймағамбет сұлтан (титулдық, этнонимдік сипатта) т.б.
Ғалымның салыстырмалы сипаттағы зерттеулерінің нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамының күнделікті тұрмысындағы тілдің коммуникативтік қызметінің әр ұлтқа тән мәдени ерекшелігінің де тілдік көрінісі жан-жақты көрсетіліп, айқындалады.
Мысалы, күнделікті қарым-қатынастағы қазақ дәстүріне тән вокативтердің, туыстық терминдердің орыс тілімен салыстырғанда көптігі: аға, апа, ата, жеңге, отағасы, көке, қайным, келін, қарындас, жезде, нағашы т.б; эвфемизмдердің қолданысы, эмоционалды реңкті вокативтердің көптігі: шырағым, айналайын, қарағым, құлыным т.б.
Сол сияқты зерттеуші қарым-қатынастың әртүрлі ұлттық мәдениетке қатысты дауыс мәнеріне (тональность) назар аударады. Мысалы, қазақы ортада кез келген қарым-қатынастың тілі жылы, туыстық, құрмет пен сыпайылық, үлкен ~ тең ~ кіші сипатында болады. Қазақ тілді коммуниканттың сөзі астарлы сипатқа ие, теңеу мен мақал-мәтелдерді жиі қолдануымен ерекшеленеді.
Профессор З.Қ.Ахметжанова академик Ә.Қайдардың «Халық даналығы» сөздігін этномәдени кодты астарлаудың дәйекті көзі ретінде айқындап, қазақ тілінің фразеологиялық жүйесінде дәстүрлі қазақ қоғамындағы коммуникативтік қызметтің қалай айшықталғанын ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет сабақтастығында жан-жақты лингвомәдени талдау арқылы дәйектейді. Мысалы, Ағаға қарап іні өсер; Ағасы бардың жағасы бар, Інісі бардың тынысы бар; Ағайын тату болса ат көп, Абысын тату болса ас көп; Ай көрмесе, ағайын жат, Жыл көрмесе жегжат жат; Әке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер т.б.
Осы бағыттағы көркем мәтіндердің аудармаларындағы лингвокультуремалардың мәдениақпараттық, аксиологиялық мазмұндарының ашылуы да ғалымның салғастырмалы зерттеу тұжырымдарын толықтырып, жүйелі зерттеу кешенін түзуге үлес қосады.
Осындай жүйелі зерттеу жұмысының барысында профессор З.Ахметжанова шәкірттері мен өзі қалыптастырған мектебінің зерттеулерінде осы идеясын кеңінен таратып, лингвомәдениеттанудың негізгі бірлігі лингвокультуремалардың типалогиясын, тілдер мен мәдениеттердің ықпалын нақты тілдік деректер негізінде анықтап, үш топқа жіктейді. Олар: 1.Этностың заттық-деректік болмысын бейнелейтін реалии-сөздер, туыстық терминдер, топонимдер, антропонимдер, космонимдер.
2. Сөйлеу дағдысы, сөз (речь) мәдениетіне қатысты лингвокультуремалар.
3. Аксиологиялық лингвокультуремалар.
Осы зерттеулердің нәтижесі іспетті шәкірттерімен (ОңалбаеваА.Т, ӨмірзақоваЗ.А) бірлесіп шығарған еңбегіндегі ғалымның мына тұжырымы оның зерттеу бағытының қазіргі таңдағы өзектілігін, заманауи сипатын анықтап береді: «Этнический Ренессанс современных научных исследованиий проявился в повышении интереса к проблеме взаймодействия национальной культуры и языка, наиболее существенным аспектом, которой выступает рассмотрение культурного пространства этноса сквозь призму языка. Этот аспект мы обозначили как культура в зеркале языка» (Ахметжанова З.К., Оналбаева А.Т., Умирзакова З.А. Культура в зеркале языка. Алматы,2014. С.3.).
Өзін қоршаған дүниені танудағы этностық ұжымның тәжірибесін жинақтаған тілдің мәдениетпен сабақтастығын зерттейтін лингвомәдениеттанудың негізгі ұғымдарының бірі – дүниенің ұлттық тілдік бейнесі және концептілер.
Ал, қазақ тіліндегі дүниенің тілдік бейнесінің негізін ұлттық құндылықтар мен бағдарлар, адамдардың тұлғалық тәртібін белгілейтін қазақ мәдениетінің өзекті концептілері (ядерные концепты) құрайды.
Аталған еңбекте қазақ концептілік жүйесінде маңызды орны бар намыс, қанағат, туыстық, ағайын, дастархан, қонақжайлық, домбыра, тіл //сөз, көңіл, бесік, ұрпақ, бала (ұл, қыз), толеранттылық концептілері жан-жақты дәйектеліп, анықталған.
Сонымен, тілдік мұра арқылы ұлтты, ел мәдениетін барынша толық танытудың негізгі бір тетігі – ұлттық әлемнің тілдік үлгісігн жасау, ұлттық мәдениеттің кілтін ашу. Оның мәні тілдің тек коммуникативтік қана емес, мұрагерлік те, танымдық та, танытушылық та қызметімен байланысты. Себебі, әр тіл — өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе.
Олай болса, қазақ ұлтының этностық табиғатына сай мәдени-танымдық ерекшеліктерін бойына жинақтау арқылы қазақ тілі қазақы шындық болмысты құрады. Демек, тіл ақиқатты сезіну, қабылдау тәсілдерінің бірі ретінде бір ұжым мүшелерін тек тілдік жағынан ғана емес, ұлттың мәдени-танымдық коды ретінде де өзара жақындастырады.
Сондықтан қазіргі қазақ тіл біліміндегі тілді зерттеудің антропоөзектік бағытына сәйкес ұлттық ерекшеліктің барлық қырларын (әлеуметтік, мәдени, тарихи т.б.) тұтастай тек тіл арқылы танытуда мәні зор, жоғары тиімділігі дәлелденген лингвомәдениеттану саласы жаңа сапалық деңгейде дамуы тиіс. Басқаша айтқанда, тілдік қазынаның мазмұнында, «тасаланған» ұлттық құндылықтар дүниесінің мәдени семантикасын ашу белгілі бір концептідегі мәдени-тілдік кодтарды ғылыми негізде ашудың тәсілдері мен жолдарын іздестіру, табу, түптеп келгенде, зерттеушіден мәдени-тілдік құзыреттілікті талап етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, профессор З.Қ.Ахметжанова – шын мәніндегі мәдени-тілдік құзырет иесі.
Қазіргі таңдағы тәуелсіз Қазақстанның өткенін сараптап, болашағын бағдарлайтын Үшінші жаңғыруға сәйкес халықтың тарихы мен мәдениетін мәңгілікке ұластырып, жетілдіріп, кемелдендіріп отыратын төл мәдениетінің қазынасын заманнан-заманға этнотаңбалық ақпарат түрінде жеткізіп отырған рухани-мәдени мұра үлгілерінің арқауы болған сөз өнері мен айшықты тілі арқылы көркем ойлау жүйесімен танымдық деңгейін игеру аса маңызды.
Тәуелсіздік пен жаһандану тоғысқан қазіргі күрделі заманда егеменді елдің өсіп-өнген тамырын тауып, біртұтас елдігін қалыптастырып, басын біріктірген түпқазығы ретіндегі тілдің қызметін тану – ұлттық сананың заманауи даму деңгейіне сай туындап отырған рухани-әлеуметтік мүдде талабы.
В статье освещается роль лингвокультурологии в сохранении национального самосознания, в духовной преемственности поколений и их воспитании.
The article highlights the role of linguoculturology in preserving national identity, in the spiritual continuity of generations and their upbringing.