Б.Қ. Ақбердыева
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Ақтау, Қазақстан bakberdieva@bk.ru
СӨЗ МАҒЫНАЛАРЫНЫҢ ӨЗГЕРУ ЗАҢДАРЫ: АССОЦИАТИВТІ БАЙЛАНЫСТАР
Мақалада сөздердің арасындағы ассоциациялық байланыстар психолингвистика тұрғысынан қарастырылып, аталған семантикалық құбылыстың зерттелуіне шолу жасалып, тіл біліміндегі орны дәйектеледі.
Психолингвистика негізінен мағынаның ассоциацияларын эксперимент арқылы зерттеумен айналысып, сөздің мағыналық құрылымын айқындауды мақсат етеді. Ассоциациялар туралы жаңа көзқарастар экспериментальды зерттеулердің пайда болуына жол ашты. Мұнда адамның лексиконының ішкі құрылымын тексеру, айқындау қолға алынады. Еркін ассоциацияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын эксперимент сөздердің бір-бірімен байланысын, адам санасында орналасу тәртібін зерттейді. Оның мәні: адам оған берілген стимул сөзге есіне бірінші түскен сөзбен немесе сөз тіркесімен, нақты айтқанда, реакция сөзбен жауап беруі керек. Сол мезеттегі адам санасында болып жатқан байланыстар, құбылыстар ассоциациялық сипатқа ие болады.
Түйін сөздер: психолингвистика, ассоциациялық байланыс, семантикалық өріс, ассоциациялық өріс, сөз-стимул, сөз-ассоциат.
Психолингвистика – бұл экспериментальды ғылым, дәстүрлі лингвистика байқау әдісі арқылы дайын мәтінді тексерсе, психолингвистика сол мәтіндердің құрылымдық жағынан түзілу үдерісін тәжірибе жүргізу арқылы анықтайды. Мұнда ең бастысы, тілді адамнан бөліп қарау емес, керісінше, тілдің адамның сөйлеу қызметінде қолданылуы [1, 441].
Психолингвистика дәстүрлі тілтанымда жинақталған теориялық материалдарды жоққа шығармайды, керісінше, оны өз тәжірибесінде пайдаланады. Ол қарастыратын басты, маңызды мәселелердің бірі — адамның сөздік қорының түзілуі. Ең алдымен, адамның тілді қолданудағы психологиялық іс-әрекеттердің жұмысын қарастыру, яғни адам не себепті сөзді түсінеді, неліктен кез келген сөзді айту арқылы оған сол мезетте жауап бере алады — міне, осы сұрақтардың жауабын сөздік қордың реттелуі, тәртібі, жүйесінен іздеу керек [2, 8].
Ғасырымыздың 50-ші жылдары лингвистика мен психологияның түйісінде жаңа ғылым – психолингвистика пайда болды. Бұл бағыт сөз мағынасының психологиялық жағымен шұғылданды. Яғни қабылдау, әңгімелесу, индвидтің жеке қасиеттері т.б. толып жатқан психологиялық мәселелер мен семантикалық ара қатынасын анықтаумен айналысты. Ауызекі сөйлеу актісіндегі мағынаның құрылымдық сипаты, психологиядағы мағына рөлі т.б. мәселелер бұл ғылымның маңызы жоғары екенін көрсетті. Көбіне, психолингвистика жеке адамдар мен әр түрлі деңгейдегі адамдарға психолингвистикалық эксперименттер жасау арқылы мағына табиғатын анықтауға тырысты. Шетел писхолингвистикасының негізін салушы ғалымдар Т.Слама-Казаку, Г.Хауэс, И.Осгуд, М.Миллер, Р.Кейсли, Дж.Диз, У.Ламберт, Н.Моор, С.Ервин, Х.Поллио және т.б. Психолингвистика негізінен мағынаның ассоциацияларын эксперимент арқылы зерттеумен айналысқандағы мақсаты, сөздің мағыналық құрылымын айқындау. Бұл саладағы жұмыстар тілдерді, сол тілдердің диалектілерін өзара салыстыру, сұрақ-жауап түрінде анкета жүргізу т.б. психологиялық эксперименттер арқылы жүзеге асты. Бұл бағытта мына екі аспектіде қаралды: мағына – объективті, психикалық факт ретінде не мағына сөлеушінің санасына байланысты субъективті факт ретінде. Сөздердің мағыналық құрылымының компоненттеріне жекелей эксперименттер жүргізе отырып, олардың психологиялық ерекшеліктерін ашты. Адамның психо-физиологиялық сөйлеу тіліндегі өзгерістерін айқындады. Бұл бағыттың негізгі жұмысы синтагматикада жүзеге асуда, сол себепті оның шұғылданатын мәселесінің ауқымы қазіргі таңда өте кең көлемде екенін айтқан жөн.
Сөздік қор (лексикон) белгілі бір тәртіпке келтірілген жүйе, онда алынған ақпарат сұрыпталып, екшеліп, орын-орнымен орналасқан. Сондықтан қажетті ақпарат өте оңай алынады. Тілші-ғалым Е.С.Кубрякованың айтуына қарағанда бұл жүйенің негізінде ассоциациялар жатыр. Бірақ ассоциациялар бір сөзде әртүрлі болуы мүмкін [3, 99].
Тілдегі семантикалық үдерістерді психологиялық жағынан түсіндірудің қажеттілігіне алғашқылардың бірі болып ХІХ ғасырда көңіл аударған неміс ғалымы – В.Вундт болды. Оның негіздемесінде сөздердің мағыналарының ауысуының төрт түрлі: тарихи, логикалық, этикалық, теологиялық көзқараста қарастыру керек дейді. Ол тілдегі семантикалық құбылыстарға психологиялық тұрғыдан қарау ең дұрыс сенімді, тексерілген түрі деп есептейді [4, 78].
Сөздердің мағыналарының өзгеру заңдарын В.Вундт жалпы ассоциативті байланыстар заңы деп есептейді. Оның үш түрі бар. Біріншіден, бұл байланыс ұқсастығына, іргелестігіне (кеңістік пен уақыт) және қарама-қайшылықтығына қарай болып бөлінеді. В.Вундт семантикалық өзгерістерді регулярлық, сингулярлық (жеке) деп жіктейді. Біріншісі – жалпыпсихологиялық уәждермен шектеседі, бұған ассимилятивті өзгеру (ауысулар) жатады. Мысалы: дене мүшелерінің атауын басқа заттарға теліп айту – үстелдің аяғы, домбыраның құлағы, терезенің көзі т.б. компликативті (белгілі бір сезім органдары немесе сезімдермен байланысты сөздердің басқа сезімдік қабылдау аумағында қолданылуы) жарқын дауыстар, суық түсті бояулар т.б. яғни адам ыстық оттың жалыны қызыл, қызғылт екенін, суық мұздың түсі көкшіл, жасыл, қара көк екенін бала күнінен біледі, тіліміздегі түсі суық, өңі жылы деген тіркестердің төркіні осыған барып саяды; эмоционалды (сөз ұқсас эмоция шақыратын затқа таңылады, сондай-ақ мағынаның ассоциациялық қоюлануы) – анықтағыш өзіне өзі бірге жиі қолданылатын анықталғыш мүшенің мағынасын таңдап алады. Екінші типтегі ауысулар жеке, өзіндік себептері бар семантикалық үдерістерді қамтиды. Мысалы: белгілі бір заттардың жасалған, шыққан жерінің атауымен аталуы және т.б.
Дж.Диз, ассоциациялық байланыстарды лексиконның қалыптасуының негізі ретінде түсініп, жеке тұлғаның жеке сөйлеу тәжірибесіне сүйене отырып қарастыруды ұсынады. Ғалым ассоциациялардың пайда болу үдерісі адамның когнитивтік қызметін қамтамасыз етеді дейді [5,53б.]. Ассоциациялар туралы жаңа көзқарастар экспериментальды зерттеулердің пайда болуына әкелді. Мұнда адамның лексиконының ішкі құрылымын тексеру, айқындау қолға алынады. Еркін ассоциацияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын эксперимент сөздердің бір-бірімен байланысын, адам санасында орналасу тәртібін зерттейді. Оның мәні: адам оған берілген стимул сөзге есіне бірінші түскен сөзбен немесе сөз тіркесімен, нақты айтқанда, реакция сөзбен жауап беру керек. Сол мезеттегі адам санасында болып жатқан байланыстар, құбылыстар ассоциациялық сипатқа ие болады.
Тілдік жүйедегі сөз өзінен басқа сөздермен ассоциативтік байланыста болады. Олар тілді қолданушылардың санасында бір-бірімен тығыз байланысты элементтердің бірлігі немесе қарамақарсы мағынадағы қатынастар түрінде сақталады. Бұл бірлікке немесе тұтастыққа бір грамматикалық класқа кіретін сөздер жатады. Сөйлеушінің санасындағы сөздердің бір-бірімен қарым-қатынасының сипаты парадигматикалық ассоциациялардан анық байқалады.
Парадигматикалық қатынастарға: синонимия, антиномия, гипперонимия, гипонимия жатады.
Ф.де Соссюрдің айтуынша ассоциациялық байланыс тек қана бір-бірімен парадигматикалық байланыстағы сөздердің қатарында туады [6, 43]. Келтірілген сөздің семантикасы – оның синтагмалық, парадигматикалық байланыстарының бірлігімен анықталатындығы белгілі болды.
Парадигматикалық байланыс – тілде, ал синтагматикалық болса сөйленімде өмір сүреді. Синтагматикалық байланысқа – сөйлеу қызметінің синтаксистік заңдылықтары жатады. Сөз-стимул сөз-реакциямен синтаксистік қатынасқа түсіп, сөз тіркесін немесе сөйленімнің негізін құрайды.
Синтагматикалық ассоциацияны сөз табының категориялары бойынша бөлуге болады. Мысалы: зат есім-сын есім, зат есім-етістік т.б. дос-кездесу, дос-үш, дос-жақсы және т.б.
Сөз-ассоциат – бұл тек қана заттардың, құбылыстардың атауы ғана емес, сонымен қатар олар адамды қоршаған әлемнің бір бөлігі, адам санасында сәулеленуі арқылы олар сол халыққа ғана тән, сол халықтың мәдениетімен шектелген ерекше қасиеттерге ие бола бастайды [7, 64].
Сонымен ассоциация белгілі бір тілде сөйлеушінің рухани-танымдық игілігі болып саналады. Ол адамның сөйлеу қабілетін көрсететін тіл жүйесінің тереңінде жатқан мағыналардың байланыстарын бере алады. Сөзде екі мағына бар: біріншісі, объективті-этимологиялық жақын мағына, ол заттың белгісін көрсетеді, екіншісі, субъективті алас мағына мұнда заттың белгілері көп болады. Сөздің бірінші мағынасы ойдың біздің санамыздағы мазмұны. Егер біз субъективті мағынаны алып тастасақ, сөзде дыбысталу, сыртқы форма және этимологиялық мағына қалады, ол да форма, яғни сөздің «ішкі формасы» [8, 45]. Ол ойдың мазмұнының санаға қарым-қатынасын білдіреді, нақтырақ айтсақ, адамның өз ойының өзіне қалай елестеуін көрсетеді.
Ассоциациялық қатарлар әрбір адамда әр түрлі, яғни адамның дүниетанымы, оның тіл қолданысындағы атаулар құрылымы мен олардың арасындағы қарым-қатынастарға байланысты жеке, ерекше болады. Ассоциация сипатына сол адамның жасы, жеке басындағы ерекшеліктері, географиялық жағдайлары, мамандығы, және т.б. әсер етеді. Ал ұлттық ұжымдық сана немесе этностық санада ассоциация тұрақты болады, өйткені сөздер арасындағы байланыс ұдайы қайталанып отырады.
Тіл біліміндегі концептілік мәнге ие доминанттар ұлттық танымдық қорда орын алатын мәдени ақпараттық мазмұнға ие тілдік таңбалар жүйесі болып табылады. Олар ақиқат дүние мен бейақиқат дүние фрагменттерін адам санасында ұялатушы объективті басты тілдік құрал. Поэтикалық контекстегі концептілердің көркем бейнеленуі ұлт дүниетанымында клгнитвтік модель қалыптастыратын символдық, когнитологиялық, ассоциациялық ерекшеліктерді көрсетеді [9].
Адам ойының құдіретті күші сөздің адам санасындағы бейнелерді қозғауында емес, жандандыруында, адамның өз тарихи жадысының бай қорын пайдалануына жағдай жасауында деп есептеу керек. Осы тұрғыдан алғанда, тілдің терең құрылымдарында жатқан ассоциациялық байланыстардың негіздерін анықтап, зерделеу жұмыстарын одан әрі жалғастырып, тереңдету қажет.
Қорыта айтқанда, сөйлеуші мен тыңдаушының ойлары тек сөзде ғана тоғысады. Белгілі бір сөзді айту үстінде сөйлеушілердің ойлары бірдей болмайды, себебі олар көз алдында тұрған бір затты өз таным-түсініктерінің деңгейінде ғана қабылдайды. Адамдар бір-бірімен заттардың белгілерін жеткізу арқылы емес, бір-біріндегі түйсік, елестерді, ұғымдарды қозғау арқылы, рухани аспаптарының пернелерін дөп басу арқылы түсініседі. Соның өзінде бір нәрсе туралы әр адам әр түрлі ойлайды. Сөз тек ойлау құралы емес, адамның өзін-өзі тануының бірлігі, сондықтан ол адамдар арасында саналы байланыс орнатады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Лингвистический энциклопедический словарь. Языкознание //Под ред. В. Н. Ярцевой. – М.: Советская энциклопедия, 1990.-683с.
2 Сахарный Л.В. Введение в психолингвистику. – Л.: Изд-во Ленинградского университета, 1989. – 181с.
3 Кубрякова E.С. Человеческий фактор в языке. Язык и порождение речи. – М.: Наука, 1991.240 с. 4 Вундт В. Проблемы психологии народов. – М.: Академический проект, 2010. – 136 с.
5 Залевская А.А. Вопросы организации лексикона человека в лингвистических и психолингвистических исследованиях. – Калинин: Калинин. гос. ун-т, 1978. – 88с.
6 Соссюр Фердинанд де. Курс общей лингвистики. Пер. с французского. М.: Едиториал УРСС, 2004. (Лингвистическое наследие XX века). — 256 с.
7 Залевская А.А. Проблемы организации внутреннего лексикона человека. – Калинин:
Калинин. гос. ун-т. 1977. – 83 с.
8 Ғиздатов Ғ.Г. Тілдік және когнитивтік үлгілердің арақатынасы. ҚР ҒМ-ҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 1996. – № 4.
9 Жиренов, С.А. Тілдегі эпитеттердің лингвокогнитивтік табиғаты // Абай атындағы ҚазҰПУнің хабаршысы. Филология сериясы = Вестник КазНПУ им. Абая. Серия филологическая. – Алматы, 2011. – № 2 (36). – 16-18 б.
В статье рассматриваются ассоциативные связи между словами с пихолингвистической точки зрения, дается обзор исследований названного семантического явления, указывается его место в языкознании. Цель статьи заключается в исследовании при помощи эксперимента ассоциаций значений на основе психолингвистики, в определении семантической структуры слова. Новые взгляды на ассоциации открыли путь к образованию экспериментальных исследований. Здесь в качестве объекта исследования взяты проверка, определение внутренней структуры лексикона человека. Путем использования свободных ассоциаций и осуществления связи между собой экспериментальных слов, исследуется порядок и расположения в сознании человека. Смысл этого: человек должен ответить на данное ему слово-стимул первым пришедшим ему на ум словом или словосочетанием, а точнее, словом-реакцией. Связи, явления, которые происходят в тот момент в сознании человека, носят ассоциативный характер.
The article concerns the problem of associon of words according to psycholinguistics. Psycholinguisticsis the exsperimental way of reseach of semantic and its aim is to clearyfy semantic structure of words. New view of association opensthe to reseach. The aim of researches is to clear the internal structure of human lexics. It investigates connection of exsperiment words and situation of it in human mind. It means that one must answer which he thinks first. At that moment every events, changings in ones mind is assocional form.