М. ӘУЕЗОВ ДРАМАЛАРЫНДАҒЫ «ЕР» КОНЦЕПТІСІНІҢ НОМИНАТИВТІ ӨРІСІ

А.С. Кушкимбаева
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Ақтөбе қаласы, Қазақстан
Alitok@mail.ru

М. ӘУЕЗОВ ДРАМАЛАРЫНДАҒЫ «ЕР» КОНЦЕПТІСІНІҢ НОМИНАТИВТІ ӨРІСІ

Мақалада М. Әуезов драмаларындағы “ер” концептісінің номинативті және когнитивті өрісі талданады. М. Әуезовтің қолданысында «Ер» концептісі қанатты сөздер арқылы да, мақал-мәтелдер арқылы да қолданыс тауып отырады. Бір ғана драмада «ер» лексемасы 20 рет қолданылады, ал жалпы драмаларында 385 рет қолданылған. «Ер» концептісі – халқымыздың өзіндік мәдени келбетіне орай ұлттық негізгі тұғырлы концепті.
Драмалық шығармаларда жиі кездесетін контраст концептілер өмір шындығын қарамақарсы ұғымда суреттеп беру үшін қолданылады. Мақалада контраст концептілерге жататын ер – ез концептілерінің суреткер қолданысындағы ерекшеліктері талданады. “Ер” концептісінің ер – жігіт, ер – қорған, ер – намыс, ер – қайрат, ер – сүйген жар, ер – адамгершілік, ер – ұлт болашағы түрінде танымдық-тілдік құрылымы анықталады. Жазушы драмаларындағы «ер» концептісіне қатысты астарлы сөздер, яғни ойды астарлап жеткізетін символдар да автордың тіл байлығының аса терең екенін дәлелдей түседі. Мақалада символдарға нақты мысалдар келтіріле отырып дәлелденеді.

Тірек сөздер. концепт, метафора, семантикалық өріс, периферия, когнитивтік модель.

М. Әуезовтің драмаларында ең көп қолданылған лингвомәдени бірліктің бірі – «Ер» концептісі. Оны сараламас бұрын түсіндірме сөздікте берілген мағыналарына назар аударайық:
1. Ер жеткен, кәмелетке толған ер азамат, бозбала. «Жігіт» сөзінің ертедегі, алғашқы мағынасы өзгешерек болған. Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі Күлтегін немесе Тоныкөк жазуларына көңіл аударсақ, ігід сөзін оқып, «қолдау, көтермелеу» деген түсінік аламыз. Ал Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу біліг» атты еңбегінде ігід – «тәрбиелеу, дағдыландыру, өнеге беру» мағыналарына ие [1]. Осы деректерге қарағанда, қазіргі қолданылып жүрген жігіт деген сөзіміздің алғашқы мағынасы – «қолдау, көтермелеу», одан бері келе «өнеге беру, тәрбиелеу» мағынасында ұғынылып, қазіргі кезде өнеге көрген, тәрбие алған, ой-өрісі қалыптаса бастаған адамға айтылатындығын көріп отырмыз.
«Ер адам» концептісі барша халыққа ортақ концепт болғанымен, әр халықтың менталитетіне, дүниетанымына, болмысына қарай оның концептосферасы айқындалып отырады. Еркек атаулыны сипаттауда оның жас ерекшелігі, отбасындағы орны, әлеуметтік орны, туыстық байланысына қарай атаулары да әртүрлі лексемалармен беріледі. Мысалы, «ер адам» тезаурсын түзетін ұл, ер бала, бозбала, жігіт, ер, еркек, күйеу жігіт, азамат, сойыл соғар, отағасы, әке, ата, баба, ақсақал, шал сөздері мақал-мәтелдерде «еркек – ұл», «еркек – жігіт», «еркек – ер», «еркек – күйеу жігіт», «еркек – әке», «еркек – ата», «еркек – баба», «еркек – ақсақал» когнитивтік модельдерін құрайды. Аталмыш ұйытқы сөздер қатысқан мақал-мәтелдерден «Ер адам» концептісіне байланысты этностық дүниетаным мен халықтың ұлттық-мәдени ерекшелігін аңғаруға болады. Ер адамға тән қасиеттерді халық аса бағалап, қастерлеген. Ер адамға тән ақылдылық, батырлық, өткірлік, білімділік, пысықтық т.б. қасиеттер ұлт мәдениеті шеңберіндегі «Ер адам» концептісін қалыптастырады [2].
«Қазақ отбасында ер баланы ерекше қадірлеген, тіпті оның алғаш атқа мінгенін де, бір жаққа жолаушы жүргенін де, алғаш рет шаруашылыққа араласуын да шашу шашып, қуанышпен атап өтетін, «тоқымқағар», «тырнақалдысы» деп жақын-туыстары мен көршіқолаңды шақырып, кішігірім той-томалағын жасайтын» [3].
М. Әуезовтің қолданысында «Ер» концептісі қанатты сөздер арқылы да, мақалмәтелдер арқылы да қолданыс тауып отырады. Бір ғана драмада «ер» лексемасы 20 рет қолданылады, ал жалпы драмаларында 385 рет қолданылған. «Ер» концептісі – халқымыздың өзіндік мәдени келбетіне орай ұлттық негізгі тұғырлы концепті. «Ер»макроконцептісін жігіт, еркек, күйеу, әке, аға, бала, батыр, қорған, намыс, қайрат, адамгершілік микроконцептілері құрайды.
«Ер» концептісі Матайқолын бастап келе жатқан өңшең ығай мен сығай, көкжал бөрі, жортуыл басы т.б. фреймдер арқылыобразды түрде сипатталады. «Ер» концептісінің эмоционалды-бағалауыштық қабатының жағымды мәнін бақ талай баршындай, көктемнің көркі, мамырдың бір нұр шуағы, адал жолды, мерейі асқан, асыл ұлдар, талапты ер т.б. сияқты ұғымдар құрайды. Жағымсыз мәнін белге шықпай ойда ойнақшыр бейпіл, ауыл үйдің тентегі, төңірегін торыған жатты көрмей, жағаласар жауы жақыны, жарқын жүзді жақсы жоқ, асылымның бәрі бор, тажал сияқты ұғымдар қатары құрайды.
М. Әуезов тезаурусындағы «Ер» концептісінің ядросына жігіт, азамат, ұл, аға, бала сөздері шоғырландырылды. «Ер» концептісінің жақын аймағына тентек,ақ жүрек, бауыр, оқыған, жар, әскер, қол, сойылсоғар; «ер» концептісінің шеткері перифериясына қорған, намыс, қайрат, адамгершілік, ұлт болашағы, адал ниет, бөрі сөздері жатады.
«Ер» концептісінің танымдық-тілдік құрылымы
1. Ер – жігіт:я ұл атанып, ел табам», «ер тумаса ел болар ма?», «ел жігітін бермейді. Бұл жерде ер адамның жынысы нақтыланып тұр, яғни ер лексемасы – еркек кіндіктіге тән лексема.
2. Ер – қорған: Елің, ерің аман ба? Осы бір амандық сұрасуда ер аман болса, елін қорғайтыныавтордың ұлттық дүниетанымын көрсететін тіркестер арқылы ердің ел қорғаны екенін адресантқа эксплицитті де, имплицитті түрде де жеткізіліп тұр:«жау қырам деп қыра алмай, ерлер отыр ұялмай», «бар еді ғой ер егесі, ұл таптым деп қалжа жеді ғой айналайын анамыз», « ұзақ ерлік сапары», «ұл туса, анадан сендей болып тусын, өлімің өкіндірсе, ерлігің сүйсіндіре бастасын тағы ерлікке», «ерлік айнымаса, анық ер жалқы болса, жарамас, артынан өзіндей ер халқы жүрсе жарасар»; «елі үшін ері қаны тұрсын жанын да қиятын», «Бірақ мен ұстадым ел кегін» т.б. Сондай-ақ ер концептісі «Бекет» пьесасындағыерінің соңынан Сібірге іздеп барған Зеренің репликасында: «Ерім ердің сойы еді.
Қатарға қосар елімді
Сахараны сарғайған
Сан қайғыдан арылтар» деп ер жігітке елдің қорғаны болуы міндет екенін репрезенттейді [4].
3. Ер – намыс. Намыс – қашаннан халқымыздың айрықша қастерлеген ұғымы. Ар, намыс жолында талай ерлер құрбан болған. Халық дүниетанымындағы ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді деген түсінік авторда Есен батырдың Кебекпен жауласып, ақыр соңында ағасының кегі мен Еңліктей жесірінен айырылып қалған намыс жолында қаза табуымен нақтылана түседі.
Драмалық шығармаларда жиі кездесетін контраст концептілер өмір шындығын қарамақарсы ұғымда суреттеп беру үшін қолданылады. Контраст концептілерге жататын ер – ез суреткер қолданысында «осы кесір асудан ер кім болады, ез кім болады», «ез мың өлгенде, ердің бір-ақ өлетіндігін жеткізіп көріңдерші» түрінде бағаланады. Ердің намысын қайрайтын қатал сындар ер намысын жанысын деу арқылы қасиетін, белгісін танытса, «намыс ері кеміместей кек емес», «ер өктесе, ер шығарлық өр де осы, езді көмер көр де осы», деген үйлескен сөз тізбектері концептіні санада тұрақтандырып тұр.
4. Ер – қайрат. Халқымыз ежелден-ақ қайратты ерлерді қадір тұтқан. Қайраты болмаса, ол ер саналмаған. Алайда кейде «батырға аса қайрат абырой бермес» деп қайратты орынды жеріне пайдалану керектігін де ескертеді. Ер күш, қайратын қайда жұмсауы керек деген сұраққа Абыз аузынан шыққан «Қай ер қандай қамқор қайрат көрсетті?» деген сөздің астарында ол ер қайратты ғана болмай қамқор да болуы керек деген ойды түсінеміз. Сонымен қатар халық танымындағы ел мен елді табыстыратын да, жауластыратын да – елші деген түсінік автор дүниетанымында ел мен елді еміренте табыстыратын ер түрінде өзгертілген. Кебектің қайраты туралы Көбейдің аузына салады: Матайдың алғашқы екпінін су сепкендей басқан да сол Кебектің бір өзінің қайраты ғой. Матай қолын бастап келе жатқан өңшең ығай мен сығай, көкжал бөрі дәл жортуыл басы он бес батырға жалғыз өзі майдан берген. Қандай қып берген десеңші! Қиын шақта жапа-жалғыз соқтығып, жетеуін бірдей бірінің үстіне бірін ұмар-жұмар түсіріп, сегізін түре қуып кеткен…Бар батырын бір батырға байлатқан қол енді қайтып ес жисын? Автор нағыз қайратты ер қандай болатыны туралы танымдық ақпарат береді.
Суреткер халыққа белгілі мақал-мәтелдерді өз дүниетанымы мен идеясын беру құралына айналдыра отырып: Қасқырдан қайрат кеткенде ешкіні «апа» депті» (текені «жезде», ешкіні «апа» деп күн көру); «уайым серік емес ер жігітке, қайрат серік» (ер серігі  қайрат) т.б. оның мағынасын сақтап, орын тәртібін өзгертіп қолданған.
5. Ер – сүйген жар. Ұлттық дүниетанымдағы «жеті қазына» ұғымында ер жігіттің бір қазынасы – сұлу әйелі екені белгілі. Міне, сол сұлу әйелге жар болатын ер қандай болуы керек? Жігіттің өз жарын сүйіп қана қоюы аз, сол жігітті сүйікті де қалаулы ететін сұлу қызға лайық серік бола білуді меңзейді. М.Әуезов драмаларындағы жігіттерді «Міне, сүйген жар деген осындай болуы керек» деп сүйсіне отырып тамашалайсыз. Мысалы, Еңліктің Кебегі, «Қарагөздегі» Сырым да, Нарша да – сүюге лайық жандар, Нұрлан-Назым, АжарАйдар, Әбіш-Мағыш, Ақан-Зайра т.б. М.Әуезов драмаларындағы «Жар сүюге лайық болуы үшін ер қандай қасиеттерге ие болуы керек?» деген сұраққа жауап табуға болады. Бұл жерде Абыздың Есенге айтқан сөзінен (Батыр десем,белге шықпай, ойда ойнақшыр бейпіл ме ең?! Азамат десем, ауыл үйдің тентегі ме ең?!)немесе Кебекке айтқан сөзінен (Жат айтпассың, жақсы айтарсың. Ажарыңнан аңғарам.)ер жігіттің көңілінде ешкімге ашу, кек дегеннің болмауы керек екенін және жар таңдауда албырттық пен сабырсыздық, алып-ұшпа көңілмен ыссылай соқтықпау керектігін ескертеді.
6. Ер – адамгершілік моделін жазушы драмаларының өн бойынан көруге болады. Жеке өз басының күйін күйттемей, яғни асық боп асықтықтан есі ауып кетпей, қазақ қызының басындағы ауыр халге ортақтасып, жаны ашып, қолынан келгенінше араша түседі: Өңшең қыршын жас – қор болған қыз көз жасы… Бұл ауылда қызды «қырық жылқы» деп атайды. Менің көзіме де, көңіліме де сол он қос жылқыда күңіреніп кеткен көп қыздың қайғықасіреті шұрқырап, шер күңірентіп жүргендей. Қысқасы, осындай сан жайдан өртендім де өшіктім. Өсер мүлкіне… Сендерге адал, бұл дүние, ала беріңдер! Көңілің соқса – көлік ет, қарның ашса – азық ет, түге! деген Сырым, Нарша, Кебек, тіпті пьесада жағымсыз кейіпкер атанып жүрген Есеннің бойынан да адамгершілік қасиет қылаң беріп қалады. Кебекті іздеп келіп, нағыз ерлерше жекпе-жекте мерт болуы оның адамгершілігі деуге болмай ма? Есен: «Мен сені іздеп кеп тұрмын. Найман тобымен бірге келсем олар мені жекпе-жекте алыстырмас деп ұрланып әдейі кеп тұрмын», – десе, Кебектің оған: «Олай болса – нағыз ер екенсің», – деп баға беруі осы сөзімізді нақтылай түседі. Бұл пікірімізді Ы. Дүйсенбаевтың мына пікірі де дәлелдейді: «Ол – Кебекке үнемі қарсы шығып, бақ таластырғанымен, қалтарысты іздеп, қапыда тап беретін қаныпезер емес, батырлықтың жол-жөнін сақтайтын жігіт» [5.
7. Ер – ұлт болашағы. Адам баласының таным әлеміндегі, оның ішінде ұлттық танымымызда ер бала «ұл туғанға күн туды» деп, яғни қара шаңырақтың иегері, ұрпақты жалғастырушы ретінде бағаланады. Бұл көзқарас М.Әуезов драмаларында да өріс тауып отырады. Ер – ел амандығын, ұлттың болашағын сақтап қалушы. Ата-бабадан келе жатқан ел қорғау, жер қорғау идеясы «ер еліңнің ата қаны мұздамаған сенің тамырыңда», «ер ұлдарын тудыра білген», «ел бетін ер болып көруге серт беру», «қасиетті еліңнің ер туының аты болсын», «ерлік айнымаса, анықер жалқы болса, жарамас, артынан өзіндей ер халқы жүрсе жарасар»т.б.тілдік оралымдар ақылы беріліп отырады.
Автордың ұлттық дүниетанымын көрсететін тіркестер: «жау қырам деп қыра алмай, ерлер отыр ұялмай, «қасиетті еліңнің ер туының аты болсын, ұзақ ерлік сапары, ер еліңнің ата қаны мұздамаған сенің тамырыңда,өлімің өкіндірсе, ерлігің сүйсіндіре бастасын тағы ерлікке». Дәстүрлі танымдағы мақал-мәтелдерді өзіндік бағалағыштық, құндылық көзқарастарын бейнелеу үшін контекстке сай қолдануы драматург тұлғасының даралық қырын ашады. Суреткер халыққа белгілі мақал-мәтелдерді өз дүниетанымы мен идеясынберудің құралына айналдыра отырып, оның мағынасын сақтап, тұлғасын өзгертіп қолданған: «елі үшін ері қаны тұрсын жанын да қиятын», «уайым серік емес ер жігітке, қайрат серік», «ез мың өлгенде, ердіңбір-ақ өлетіндігін жеткізіп көріңдерші», «осы кесір асудан ер кім болады, ез кім болады», «еңіреген ер», «қорқақтың орнын ер басады»,«ел бетін ер болып көруге серт беру», «қатал сындар ер намысын жанысын», «ер болсаң, сабырлы бол» т.б.
Жазушы драмаларындағы «ер» концептісіне қатысты астарлы сөздер, яғни ойды астарлап жеткізетін символдар да автордың тіл байлығының аса терең екенін дәлелдей түседі. Символ – метафора сияқты тілдік тұлғаның тіліндегі ұлттық мәдениеттің көрсеткіші.
Символдық мәнді халқымыздың дәстүрлі ұғымдарын білдіретін сөздерден іздеуіміз керек. Мысалы, құстың, жан-жануарлардың атаулары – халқымыздың бұрыннан келе жатқан тіліміздегі символдары. Қазақ тіл біліміндегі символдардың орны мен маңызы туралы жанжақты зерттеген Қ. Қайырбаева «Символ архетипі» деген ғылыми мақаласында: «Тұжырымдардың тоқайласар тұсы – символға тән образдылық, уәжділік, архетиптілік. …Демек, символ архетиптілігі адамзат дамуының балалық кезеңіне, көне дүниетаным қабаттарына, мифтік ойлауға жетелейді», – деп, символдың күрделілігін өзге де ғалымдардың айтқан анықтамалары негізінде көрсетеді [6]. Осы айтылған тұжырымдама бойынша, «ер» концептісіне қатысты мақал-мәтелдердің астарындағы сөз-символдарға тоқталып көрейік: «Батырың қане, ол не дейді? Бар ма бағлан?», «Аспанда қалқып келе жатқан қас қыран…». Мұндағыбағлан, қыран сөздеріне қазақ халқының ұғым-түсінігін сыйғызған. Бағлан – ерте туған семіз қозы. Бағланның еті жұмсақ әрі тәтті болатындықтан, оны көбіне сыйлы қонаққа сояды. Бағлан сөзі «семіз» дегенді білдірген. Заман өте келе бағлан қозы тіркесі ықшамдалып, бағланға айналған. Батырлық жырлардакездесетін бал татыған бағлантіркесі – осының айғағы. Автор бұл жерде бағлан сөзін жағымды бағалауыштық коннотация ретінде қолданып тұр. Ал екінші тіркестегі қас қыран лексемасын Еңліктің ізінен қалмай аңдып жүрген Есеннің өзін қыранға балағанын әжуалау мақсатында жұмсап тұр. Кебек пен Еңліктің өмірлерінің соңғы сәтін Жапалдың сөзімен Сүйеніскен егіз маралға теңеу арқылы автор қорғансыз жастардың ажал сағаты тақап қалғанына ымдайды. Ер азаматтың әлгі бір сөзінде жалын тұр ғой, елдік тұр деген тіркес тілдік тұлғаныел қамын ойлаған, елін алға сүйрегеннағыз азамат ретінде танытады.

Әдебиеттер тізімі
1 Тымболова А.О., Кушкимбаева А.С. Пьесалар тілінің поэтикалық ерекшелігі. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің хабаршысы. – Орал, 2014. – №1. – Б. 215-223.
2 Қайырбаева Қ. Символ архетипі // Тілтаным. – Алматы, 2003. – №2. – Б. 82-86.
3 Karşılaştırmalı Türk Lehçeleri Sözlüğü. Kültür Bakanlığı Yayınları. 1371 Kaynak Eserler Dizisi. – Ankara, 1992. – B. 54. – 1183 s.
4 Osmanlıca – Türkçe Ansiklopedik Lügat. Aydın Kitabevi Yayınları. – Ankara, 1993. — 1195 s. 5 Türkçe Sözlük. Türk Tarihi Kurumu Basım Evi. – Ankara, 1998. – 2523 s.
6 Есенова Қ.Ө. Қазіргі қазақ медиамәтінінің прагматикасы (қазақ баспасөз материалдарының негізінде). – Алматы, 2007. – 450 б.
7 Әуезов М. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек
жолы», 2014. – Т. 3. — 424 б. – Б.35,30,32,60

В статье анализируется номинативный и когнитивное поле концепта «воин» в драмах М. Ауезова. М. Ауезов использует концепт «ер- воин» и через меткие крылатые слова, способные вдохнуть в произведение жизнь, а также с помощью пословиц и поговорок.
В одной только драме лексема «ер-воин» используется 20 раз, а в общих драмах 385 раз. Концепция «ер-воин» — согласно своеобразному культурному образу является национальной особенной (своеобразной) концепцией. Контрастные концепции, которые часто встречаются в драмах, используются для описания жизненных реалии в противоположных, но в то же время дополняющим друг друга понятиях. В статье анализируются особенности мастерски использованного художником контрастных концепции ер-ез. (воин-трус). Определяется познавательно-языковая структура концепции воин: воин- мужчина, воин-надежная защита (оплот),воин-честь (гордость, достоинство), воин-мощь, воин- любимый муж, воин-благородство, воин-будущее нации. Завуалированные слова, имеющие отношение к концепции «воин» в драмах М. Ауэзова, т.е символы, посредством которых, между строками угадываются мысли героев, подчеркивают всю глубину богатства эмоционального языка автора. В статье символы расскрываются конкретными примерами.

The article analyzes the nominative and cognitive field of the concept “warrior” in M. Auezov’s dramatic works. Auezov uses the concept “ер-воин-warrior”.
In one of the dramatic works this concept is used for 20 times, in general dramatic works the same concept is used for 385 times. This concept according to the cultural image is a special national concept. Contrast concepts which are common in dramatic works are used for describing life realities and for compliment. The article considers the features of contrast concepts “ер-ез” (warrior-coward). The educational and language structure of the concept is considered: warrior – man, warrior – reliable protection (stronghold), warrior – honor (pride, dignity), warrior – power, warrior – beloved husband, warrior – nobility, warrior – future of the nation. Words which are linked with the concept “warrior” can be named as symbols and help us to read the thoughts of characters. This stresses M. Auezov’s wealth of emotional language. In the article symbols are shown by concrete examples.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *