КОММУНИКАЦИЯДАҒЫ БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАРДЫҢ ГЕНДЕРЛІК СИПАТЫ

Е.Е. Түйте, А.Х. Кенжебеков
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қарағанды, Қазақстан eldos_t_e@mail.ru

КОММУНИКАЦИЯДАҒЫ БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАРДЫҢ ГЕНДЕРЛІК СИПАТЫ

Мақалада коммуникация үдерісінде қолданылатын бейвербалды амалдардың гендерлік сипаты сөз болады. Ер және әйел адамдарға тән тілдік емес амалдардың ерекшеліктері сипатталады. Гендерлік лексиканың адамның биологиялық табиғатымен байланыстылығы анықталады. Ер/әйел адамдар қолданатын бейвербалды амалдар әр ұлттың мәдени, тарихи, әлеуметтік-тұрмыстық танымына байланысты әртүрлі болып келетіндігі түсіндіріледі. Тілдік емес амалдар коммуникация үдерісінде адамның психологиялық, физиологиялық және т.б. қасиеттерін айқындауға, тілдік қатынасты тиімді жүзеге асыруға ықпал ететіндігін дәлелдейді.

Кілт сөздер: бейвербалды коммуникация, гендер, тілдік қатынас, тілсіз қатынас, ымишара, ұлттық ерекшелік, кинема, коммуникант, эмоция, психологиялық жай-күй.

Гендерлік ерекшеліктер ертеден-ақ көрініс берген. Алғашқы адамдар қоғамдық жұмыстарды адамдардың биологиялық ерекшеліктеріне сай тағайындаған. Соған сәйкес ер және әйел адамдарға тән сөйлеу ерекшелігі, лексикасы қалыптасқан. Аңшылық және құрылыс лексикаларын тек қана еркектер, ал үй шаруашылығы лексикасын әйелдер білген. Сонда бүгінгі күндегі гендерлік лексиканың шығу тарихының өзі алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінен басталатынын аңғару қиын емес. Бұл адамның биологиялық табиғатымен өте тығыз байланысты. Бұған тағы бір дәлел ретінде, әйелдердің сөздігінде эмоционалдыбағалауыштық сөздер жиі ұшырасып отырған, әсіресе, еркелету-аймалау сөздері, эвфемизм немесе жіңішкертіп сөйлеу көбірек кездеседі. Ал еркектердің әңгімесі салмақтырақ, сөйлем құрылысы күрделі және интеллектуалды болып келген [1, 21].
Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап тіл білімінде гендерлік мәселелер ғылыми тұрғыда көтеріліп, зерттеле бастады. Осы орайда лингвистикада да «гендер» ұғымы қалыптасып, нәтижесінде гендерлік лингвистика саласы пайда болды. Ал, соған дейін белгілі бір тілдердегі род категориясын білдіріп келген «гендер» ұғымының мағынасы кеңейіп, жаңа термин ретінде тек лингвистикада ғана емес, сонымен қатар әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану, тарих, философия және т.б. салаларда қолданыла бастады. Жалпы «гендер» сөзі ағылшын тілінен алынған, мағынасы «жыныс» деген ұғымға жақын келеді. «Гендер» ұғымының кең таралуына феминистік теориялардың қалыптасуы мен гендерлік зерттеулердің қолға алынуы себеп болды.
Орыс тіл білімінде «гендер» ұғымына анықтама беріп, оның тілдік табиғатын алғаш танытқан ғалымдардың бірі – А.В.Кирилина. Ол – гендерлік лингвистиканың көрнекті өкілдерінің бірі. Ғалым «гендер» және «жыныс» ұғымдарының айырмашылығын айқындап, олардың өзіндік ерекшеліктерін сипаттаған еді. Оның ойынша, гендер жалпы мағынаны, ал жыныс жеке ерекшеліктерді қарастырады.
Гендерлік лингвистиканың тағы бір өкілі Е.Перехвальскаяның айтуынша, әйелдер мен ерлердің сөйлеу ерекшеліктері әр тілде әртүрлі сипатта жүзеге асады. Оған дәлел ретінде кейбір тілдердегі род категорияларының болуын алға тартады.
Ерлер мен әйелдердің сөйлеу ерекшеліктері туралы елеулі еңбек жазған зерттеуші Е.П.Ильин олардың қоғамдағы және діндегі орнын, психофизиологиялық ерекшеліктерін, жыныстық айырмашылықтарын зерттей келе, әйелдер мен ерлердің қарым-қатынасындағы ерекшеліктерге назар аударады. Зерттеуші әйелдер мен ерлердің коммуникация кезінде бірбіріне қатынасын, ұлттық ерекшеліктерін, әлеуметтік ортасын, қарым-қатынас жасау тығыздылығын, әйелдер мен ерлердің жұмыс істеу стильдерін басшылыққа алады [2].
Қазақ тіліндегі гендерлік факторлар туралы алғашқы ойлар Ш.Уәлихановтың және Ы.Алтынсаринның ғылыми, ғылыми-этнографиялық зерттеулерінде ара-кідік кездеседі. Мәселен, Ш.Уәлиханов: «Рухы бар, жоталы әйелдерді Елті деп атайды (олар өзінің сиқырлық өнерімен, адамдарды еліту, ұйыту − бар сана-сезімін билеп алушы, өзіне бағындырушы). Елті сөзінің тегі қазіргі тіліміздегі еліту, олар да – «бақсы», – деп жазады [3]. Ал, Ы.Алтынсарин болса, «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрлерінің очеркі» мен «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очерктері» атты еңбектерінде қазақ халқына тән гендерлік факторлар көптеп кездеседі [4]. Ы.Алтынсарин бұл еңбектерінде қазақтардың өлген адамдарды жерлеу дәстүрін сөз ете отырып, өлген кісінің әйелі, қызы, анасы, апақарындастарының дауыс айтып жоқтауы, бейіт тұрғызу рәсімдерін және қыз ауылында болатын «Қынаменде», «Қызқашар» ойын-сауығы, күйеу жігіт пен қалыңдықты кезіктіруде берілетін кәделерді («желі аттар», «ит ырылдатар», «кемпір өлді», «отқа салар», «қол ұстатар», «шаш сипатар», «көрпе қимылдатар» т.б.) баяндаған.
Гендерлік зерттеулердің ішінде ғалымдардың басты назарын аударып келе жатқан мәселелердің бірі – ерлер мен әйелдер қарым-қатынасындағы мәдени және әлеуметтік факторлар, жыныстардың мінез-құлық ерекшеліктері, еркекке және әйелге тән психологиялық қасиеттер. Ғасырлардан бері қалыптасқан стереотип бойынша әйел мен еркектің қоғам алдындағы міндеті, отбасындағы қызметі төмендегідей сипатталады:
— «Қатын алсаң отын ал, бір құшағын артық ал», — дейді қазақ. Үйді асырау еркектің міндеті дегенді аңғартады ол сөз. Ал ғашықтар үйленген соң, үйдің ішкі жарасымдылығы әйелге байланысты. Меніңше, махаббатпен орнаған семьяны құлатпай сақтау – ең алдымен әйелдің міндеті. Үй болған әйелге ең алдымен үйдің қамын ойлау қажет. Еркектерде кездесетін еренсіздік, атүстілік — әйелге кешірімсіз, үй ұстаған әйел ол үйді адалдығымен ғана ұстай алады. «Еркек күнәсын далаға тастап кетеді, әйел күнәсын үйге алып келеді», — дейді екен орыс халқы. Әйелден адалдық кеткен соң, адалдық үйден де кетеді. Әйел семьяның ұйытқысы болмаған жерде семья ұзақ өмір сүрмейді. Еркектен әйелдің бір артықшылығы сонда, өткінші бір қателікке бола үйдің іргесін құлатып алмаудан ең алдымен әйел сақтану керек (Б.Нұржекеев. Ерлі-зайыптылар). Демек, ерлер мен әйелдерге тән мұндай өзіндік ерекшеліктер олардың тілдік және тілсіз қарымқатынасында да кездесуі заңдылық. Біз зерттеу тақырыбымызға сай тілсіз қарым-қатынастың тек әйелдерге тән ерекшеліктеріне тереңірек тоқталамыз.
Ш. Балли өз зерттеулерінде әйелдердің бейвербалды тілінің ерлерге қарағанда ерекшеленетінін атап көрсетеді. Оның пайымдауынша, Шығыс әйелі күйеуінің кез келген тілегін, қалауын, өтінішін оның ым-ишаралары, қас-қабақ қозғалыстары, қол және басқа да кинесикалық амалдары арқылы түсінуге міндетті болған [5]. Ш.Баллидың бұл тұжырымын келесі мысалмен дәлелдеуге болады: Бопай сонда ғана бойын жинап алды. Жолаушылар өзінен тартынып отырғанын сезіп, «шыға тұрайын ба» дегендей күйеуі жаққа көз жүгіртіп еді, «қылп етпе» дегендей үнсіз тұқыртуды ұқты (Ә.Кекілбаев. Елең-алаң.).
Әйелдер мен еркектердің бейвербалды әрекеттерінің өзіндік ерекшеліктері бар екені даусыз. Ер адамдардың жиі қолданатын бейвербалды амалдар қатарына шалқайып отыру, аяғын кең ашып тұру, желкесін қасу, алақанын ысқылау, үстелдің үстін жұдырығымен ұру, өз алақанын соғу, тізесін жұдырығымен ұрғылау, кеудесіне қолын қою сияқты ишара түрлерін жатқызуға болады. Ал әйелдер ішкі күйзелісінің сыртқы көрінісін саусақтарын сыртылдату арқылы, қорқынышын көздерін алақанымен жабу, өзінің көңілі толмайтынын, табандылығын, ұялғанын көрсету мақсатын екі бүйірін таяну, алақанымен бетін көлегейлеу, қысылғанын жүзігін әрі-бері айналдыру сияқты ишаралары арқылы білдіреді. Сондай-ақ, әйелдер өздеріне сенімсіз кезде, қатты толқып, қобалжыған жағдайда – гүл шоғын, қол сөмкесін, орамал, шарф, желпуіштерін қолданады, ал ерлер дәл сонда жағдайларда галстугін, көйлек түймесін, қол сағатын, темекі тұтатқыштарын әрлі-берлі қозғап, бұрап, сырт киімдерінің түймелерін бір ағытып, бір түймелеп, темекілерін мыжып, үстелдің үстін саусақтарымен барабанша ұрғылап кетеді.
ХVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында «ерлерге тән ым-ишаралар ақыл-ой мен күштің қуатын білдірсе, әйелдерге тән ым-ишаралар әлсіздік пен сезімталдықты білдіреді» деген ұғым қалыптасты. Ал, белгілі америкалық лингвист және әйелдер құқығын қорғаушы Р.Лаков «Язык и место женщины в обществе» атты еңбегінде Солтүстік Америка әйелдерінің коммуникативтік ерекшеліктеріне сүйене отырып, әйелдер сөйлеу тіліне қарағанда бейвербалды тілі арқылы айтарлықтай зор әсер қалдыратындығын айтады. Бұл тұжырымды гендерлік лингвистиканың өкілдері, психологтар мен социологтар да қолдайды. Демек, әйелдердің ым-ишаралары ерлердікіне қарағанда айқынырақ білінеді, сондықтан әйелдердің бейвербалды амалдары үлкен әсер қалдырады. Табиғи түйсіктеріне сай, балаларды тәрбиелеудегі айрықша рөліне сәйкес әйелдерде кішігірім нәрселердің бәрін бірден байқау бейімділігі басым, сондықтан да әйелдерде бейвербалды амалдарды жақсы түсіну және оларды жеткізу қабілеттері ерлерге қарағанда жоғары. Физиолог мамандардың пайымдауынша, әйелдерде эмоцияға жауап беретін ми бөлігі ерлерге қарағанда сегіз есе артық дамыған. Әйелдерге тән жоғары сезімталдықты осымен түсіндіруге болады деп ойлаймыз. Осыған байланысты әйелдерде «қасын керу», ал ерлерде «қабағын түю, қабағын түкситу» сияқты ишарат түрі жиі кездеседі. Мысалы: Биғайшаның бетіне қызыл ойнап, қас-қабағын кере, көзін төңкере тастады… Бір кезде көзіне қуақы ұшқын ұялай қалған шал кеңкілдеп күліп жіберді… Көкейіне төтеннен сезік кіргендей ойлы пішінге көшіп, сақалын саумалады… Жайпақбай мінәжат оқитындай кенет тізерлеп отыра қалды.
– Бөке, құдай алдында да, сіздің алдыңызда да ақпын. Міне, – деп жұлым-жұлымы шыққан қырғыз қалпағын алдына тастай салды (Ж. Шаштайұлы. Жала мен нала).
Жалпы әйел атаулысына тән бейвербалды амалдар ұлттық ерекшеліктерімен де сипатталады, яғни әр ұлттың әйелдерінің өздеріне тән ым-ишара белгілері бар. Мәселен, қытай әйелі сұқ саусағымен ерінің маңдайынан нұқу арқылы «сен ақымақсың» немесе «сен қателестің» деген ұғымды білдіре алады. Мұндай мағынадағы ишара басқа ешбір ұлтта кездеспейді. Сондай-ақ, Қытайда ерлердің алыстан көрген адамына қол бұлғап амандасуына болады да, әйелдердің бұлай жасауы әдетке жат саналады, сондықтан қытай әйелдері алыстағы адаммен бас изеп амандасады [6]. Ал егер тұрмыстағы ағылшын әйелі бас бармағын төмен қаратып көрсетсе, күйеуі оның алдында әлсіз екендігін білдіреді. Ежелгі Жапонияда самурайлар уақытында әйелдердің тәртібіне байланысты арнайы кодекс болыпты. Ол бойынша жапон әйелі ерінің алдында әрдайым күліп, басын сәл иіп, қарапайым болып тұруы тиіс болатын, қарсы сөз айтуға немесе көп қимыл жасауға болмайтын еді. Бүгінгі күндегі Жапонияда әйелдердің бір-бірімен қол алысуы ұят саналып, әдепсіздікке жатуы аталмыш кодекстен қалған қағида болса керек. Жапон аралдарының ежелгі мекендеушілері – айн деген этникалық топтың ерлері өздерімен туыстас әйелдермен (анасы, апа-қарындасы т.б.) амандасқанда екі қолын бірдей алып, бірнеше секунд ұстап тұрады, кейін қолын жіберіп құшақтайды. Ал араб елдерінде әйелдердің бір-бірімен қол алысуы рұқсат етілгенімен, бөтен ерлермен қол алысуы шариғатпен тыйым салынған және оны бұзған жағдайда жаза қолданылады. Көршілес өзбек ұлтында да ер адамдар сәлемдескенде бір-бірімен қол алысады, ал өзбек әйелдері қолымен бір-бірінің иықтарын қағысады. Көне англосаксондық мәдениет бойынша көшеде әйелдер ерлерінің қолын ұстамайды, тек қолтықтасып қана жүреді. Үнді әйелдері болса ерлерімен көбіне дыбыс шығармай, ыммен ғана түсініседі. Мысалы, үнді әйелі ерінің атын атамайды, аяғын жуып береді, тек ері тамақтанғаннан кейін ғана ас ішуге отырады, қоғамдық көлікте ері тұрып тұрса әйелі отырмайды, көшеде ерімен қатар жүрмей, 1-2 қадам соңында жүреді. Міне, осындай әрекеттері арқылы еріне деген шексіз құрметі мен адалдығын танытады. Сонымен қатар үнді әйелдері қос қолының алақандарын түйістіріп, иек пен көкірек арасына қою арқылы келген қонағын қарсы алады немесе амандасады. Сондай-ақ, үнді билеріндегі әйелдердің қимылқозғалысы арқылы олардың дүниетанымын, философиялық және ұлттық көзқарастарын аңғаруға болады. Мәселен, жалпы ежелден белгілі үнді билерінде бас қозғалысының 9 түрі, бір қолдың 28 түрлі ишарасы, екі қолдың 24 түрлі ишарасы, секірудің 5 түлі, 9 түрлі жүріс, 7 түрлі бұрылыс, көз қимылының 8 түрі және мойын қозғалысының 4 түрі кездеседі. Итальян әйелдерінің де өзіндік ишара белгілері бар. Мәселен, олар бір нәрсеге өздерінің немқұрайлы қарайтындарын, яғни біздің түсінігіміздегі «маған бәрібір» ұғымын алақанның сырт жағын иекке таяп ұстау ишарасымен білдіреді. Христиандықтың алғашқы кездерінде шоқынушылар арасында айқышы (крест) бар нәрселердің бәрін сүю үрдісі қалыптасқан болатын. Уақыт өте келе осыған ұқсас грек және рим әйелдерінде шіркеу, монастырь және өзге де айқышы (крест) бар діни маңызы жоғары орындардан шығарда саусақтарының ұштарын сүйетін әдет пайда болды. Кейіннен бұл діни ишараның мағынасы кеңейіп, кең тарала түсті. Христиан дінін ұстанушылар әйелдердің осы ишарасын кейіннен діни лауазымды адамдарға, императорларға, ханзадаларға қатысты қолдана бастады. Осы ишара арқылы олар қасиетті жерлерге және қасиетті адамдарға деген сүйіспеншіліктері мен құрметтерін білдіруге тырысты.
Әр ұлттың мәдени танымы бойынша әйелдердің дене қалыптарында да (поза) ерекшеліктер бар. Мәселен, Жапонияда әйелдердің аяғын созып отырулары ұят саналады, сол себепті олар екі аяғын артқа жіберіп, жамбасын аяқтарына қойып отырады. Сондай-ақ Азия елдерінің көбінде әйелдердің тұрғанда немесе отырғанда қолдарын белден төмен ұстаулары құпталмайтын іс саналады. Батыс мәдениетінде де, шығыс мәдениетінде де әйелдердің аяқтарын айқара ашып тұрулары немесе отырулары әдепсіздікке жатады. Екі мәдениеттің екеуінде де әйелдердің бұлай тұрулары немесе отырулары «абыройынан айырылған» деп ұғынылады.
Психофизиологиялық зерттеулерге қарағанда, әйелдер ерлерге қарағанда маңайдағы болып жатқан жағдайдын бәрін байқау, кең ауқымда көру және бірнеше жұмысты қатар жүргізу мен соған байланысты тиімді қарым-қатынас жасау қабілеті жақсы дамыған. Жалпы әйел болмысына қатысты мұндай ғылыми болжамдардың қазақ әйелдеріне де тән екені тілдік деректерде кездеседі:
Жүніс келеді деген күні апам су жылытып, пышағын, сиырды жығатын арқанды даярлап көп тосты. Келмеді. Шыдамы әбден таусылған соң:
— Жүр, ұлым, өзіміз-ақ сойып аламыз, — деп, қоңыр сиырды бас жібінен жетелеп қорадан шығарды. Бұдан соң тұмсығына шалып, мүйізінен діңгекке тас қылып байлады; қыл арқанмен сиырдың аяғын іліп-іліп алды да, діңгекке бір рет орап, бар күшімен тартып қалғанда, еңгезердей қоңыр сиыр гүрс етіп құлап түсті (О.Бөкей. Апамның астауы).
Қазақ әйелдеріне тән ұлттық кинемалардың мән-мазмұнын талдап, оларды ерлерге тән кинемалардан алғаш бөліп қарастырған ғалым С.Бейсембаева екенін айта кеткен жөн [7]. Ғалымның зерттеуі бойынша, қазақ көркем мәтіндерінде жиі кездесетін әйелге тән кинемалар қатарына «бетін шымшу», «бетін басу» «шашын жаю», «шашын жұлу», «орамалын бұлғау», «екі бүйірін таяну», «ернін сылп еткізу», «ернін тістеу» т.б. жатады. Қазақ дүниетанымында әйелдерге қатысты «ернін тістеу» кинемасы екі мағынада қолданылады: бір мағынасында «үндеме» дегенді білдірсе, енді бірде әйелдер қиналғанын, қысылғанын білдірмеу үшін қолданылады:
Меңтай әппақ, жұп-жұмыр мойнын сәл солға қарай бұрыңқырап, үнсіз қалды.
— Бірақ дегенің не? — дедім мен сыбырлай үн қатып.
— Бірақ… — Меңтай ар жағын тағы да айтқысы келмегендей, ернін тістеледі де, тез босатып жіберді (Ә.Нұршайықов. Махаббат, қызық мол жылдар).
Қазақ әйелдеріне тән бейвербалды амалдардың ішінде көп тарағаны – «ернін сылп еткізу», «аузын сылп еткізу» ым-ишаралары. Бұл ишаралар арқылы көркем мәтінде әйел кейіпкерлердің таңырқау және ұнатпау секілді психологиялық жай-күйлері беріледі. Мысалы:
— Е, бақыр-ай, — деді ана ернін сылп еткізіп. — Біздің Майраның да әкесі соғыстан қайтпады.
— Білемін, апа. Майра айтқан болатын.
— Шешең бар шығар?
Мен басымды шайқадым.
— Е, бақыр-ай, — деп Майраның шешесі тағы да ернін сылп еткізді (Ә.Нұршайықов. Махаббат, қызық мол жылдар).
Жоғарыдағы мысалда көрсетілгендей, «ернін сылп еткізу» ишарасы көбіне орта жастағы немесе егде жастағы қазақ әйеліне тән, жас қызға жараспайтын бейвербалды амал екені аңғарылады. Ал енді керісінше «ернін шығару» ишарасы кез келген жастағы әйел адамға тән ишара болып табылады, көркем мәтінде «мазақтау, күлу, келемеждеу» мағыналарында қолданылады. Мысалы:
«Ей, Қаратайдың қатын-қыздары, неменеге жетісіп күлесіңдер, менің келіншегім «Еліңнің қыздары мынау ма» деп сендерге ернін шығарып отыр» — деп, сөз тауып кеткен екен марқұм (О.Бөкей. апамның астауы).
Ол арсыз бұның бәрін қалжың деп ойлайтын болу керек, күледі маған қарап. Көзін бағжитып, ернін шығарып, аузын қисайтып, келекелейді өзімді. Оның бұл қылығына менің ызам келіп, ашуым қайнап кетті (Б.Соқпақбаев. Менің атым Қожа).
Қазақ халқында қазаға байланысты қалыптасқан көне салт-дәстүрлердің бірі – жоқтау айту. Жоқтауды тек әйелдер ғана айтатыны белгілі. Әкесінен, ерінен немесе баласынан айырылып, ауыр қайғыға түскен әйелдер жоқтау айтқанда бетін жырту, бетін тырнау, шашын жаю, шашын жұлу, екі бүйірін таяну секілді бейвербалды элементтерді қолданады. Енді осыған бірнеше мысал келтірейік.
Ерте, ерте, ертеде бұлаққа ат суара барсам, бір әйел шашын жайып ағыл-тегіл жылап отыр. «Не болды?» – деп сұрасам: «Сүйікті күйеуім үш күн бұрын қайтыс болды, енді осы бұлақ суалып, әбден сарқылғанша аруағын жоқтап отырам», – дейді еңіреп (О.Бөкей. Текетірес).
Күлімбала тек қос қолдап бетін басып, жылағанды білді. Үйдегі бар зат екіге бөлініп жатты(Б.Соқпақбаев. Балалық шаққа саяхат).
Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, «Елім-ай» әнін салған он төрт-он бес жасар қара торы қыз бала көрінді (І.Есенберлин. Көшпенділер).
Күнімжан басындағы үкілі сәукелесі мен күлгін торғын мәсісін жұлып алып, қара шашын жая, екі белін таянып жоқтау айта жөнелді (І.Есенберлин. Көшпенділер).
Аза тұтқан әйелдердің ерін жоқтап, ертелі-кеш дауыс салып жылайтын әдетін жасамаса да, өз бетін өзі тырнап, жосадай қылған Әлима миғұла адам секілді (С.Жүнісов. Ақан сері).
Қазақ әйелдерінде ғана кездесетін «бет шымшу» ишарасы қазақтың ұлттық танымында ұялудың, ерсі қылықтан безінудің белгісі болып танылады. Мәселен:
— Ой-бүй! — деді жеңге, бетін шымшып. — Ата-бабаң істемеген кәсіптің керегі не? (Т.Әлімқұлов. Сырлы наз).
Сондай-ақ көркем мәтіндерде жиі қолданылатын бейвербалды амалдардың ішінде «ернін жымқырды» немесе «ернін қымқырды» ишаралары құптамауды, жақтырмауды білдіреді, «ернін шүйірді» ишарасы менсінбеуді, ұнатпауды білдіреді. Мысалы:
Біз Айшаға қараймыз. Айша бізге қабағын түйіп, астыңғы ернін жымқырады. Алмаңдар дегені (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша).
Астыңғы ернін қымқырып, үстіңгі ернін жымқырып, тебеген аттай теріс айналып тұратын кей еріндердің қасында сіздікі қайда-а, жер мен көктей ғой, жер мен көктей!(К.Әмірбек. Көнтек ерін).
Асты биік болған соң ғана мінген, жүрісі жайсыз, бұзыла беретін ескі қызыл «Нивамен» түн қатып, түс қашып, әлденеше жүздеген шақырым жол жүріп, Ақтөбеге әзер жетіп, осылай да осылай болды дегенде үйдегі шашы қысқа, ақылы ұзын бәйбіше менің шаң басқан, бос қайтқан, жол сөмкемді аяғымен ысырып: «Әркімге – ниетіне қарай» деген бар», — деп ернін шүйірді (Ж.Асан. Алтын кеніш).
Көркем мәтіндерде көп кездесе бермейтін, сол себепті қазіргі кезде де сирек айтылатын бейвербалды амалдар да жоқ емес. Оларды төмендегіше бөліп қарастыруға болады.
«Жаулықтарымен көзін сүрту» ишарасы тек әйелге тән бейвербалды амал, қайғықасіретке байланысты бұл ишара жылаудың, көз жасын төгудің белгісін береді: Дәрменсіз ел іштен тыныпты, жігіттер шарасыздықтан бармағын тістеп, арулар үнсіз егіліп, жәудір көздерінен жас төгіпті. Аналар жаулықтарымен көз жасын сүрте отырып, «ауызы түкті кәпірлерге» қарғыс айтыпты (Е.Төлеутай. Иманжүсіптің әні).
«Ақ орамалалын желпілдету» – қимастықтың, қоштасудың белгісі. Ертеде қазақ әйелдері ерлері немесе балалары алыс сапарға аттанғанда немесе өздері жырақтап бара жатқанда ақ орамалдарын желпілдетіп қоштасатын болған: Ақбілек те ақ орамалын желпілдетіп қоштасты (Ж. Аймауытов. Ақбілек).
«Емшегін көкке сауу» – ана қарғысының ең ауыр түрі. Ана өз баласынан қатты зәбір көргенде ғана осындай әрекетке барады. Мұндай іс бала үшін ең ауыр жаза, кешірілмес күнә саналады. Көркем мәтіндегі көрінісі:
Суға салып Ақынын, өртке салып Сынаса Ел, еңбегі еш кетпесі анық!
Сен күрсінсең ұлиды-ау ұлы түнде,
Көк Бөрі Ана емшегін көкке сауып! (А.Қани.Олжасқа хат).
Бірақ, біздің бұл тілегіміздің де, Аққыз әжеміздің көкке емшегін сауып жалбарынғанының да шапағаты болмады (С.Олжабай. Ала сиыр, тұлып және Аққыз әже).
Көркем мәтіндерден кездестіруге болатын төмендегідей бейвербалды амалдар да тек қазақ әйелдеріне ғана қатысты және олар қазақ халқының мәдени танымын, тұрмыстіршілігін коммуниканттың көзге елестетуіне көмектеседі. Мысалы:
Сүтін жайлап, ілегенін төгіп, күлін шығарып, ыдыс-аяғын жуып болған соң, Алтынай пештің түбіндегі шекпен жапқан қара аяққа ұн салып алып, жүресінен отырып, тоқыраңдап бауырсақ иледі (Ж.Аймауытов. Ақбілек).
Бозінген әлдебір қызық өсек айтады екен деп, кимешегін желкесіне қарай бір тартып, жампаңдап, құлағын таяй береді (Сонда).
Пеш алдында ұршығының ұшымен ортаға салынған шоқты шұқып үнсіз апам отыр (Д.Исабеков. Гауһартас).
Шешесінің қасында тұрған Ұлпанды көздерімен ғана жанап өтті. Қыз балаға одан артық көңіл аудару ерсілік болатын. Қыз да бұлардың әрқайсысына көз қиығын серпе тастап, көзімен ғана амандасты (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).
Қыз Мүсірепті көрді де тұра қалды. Еркек алдынан өтпейтін салты бар екен (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).
– Келдім ғой, әрең шықтым, — деген қыз, үнін сыбызғыдай сызылтты.
Маржан үнсіз кеп, кең етегімен тізесін қымтай отырды (С.Сматаев. Елім-ай).
Қазақ әйелдеріне тән көңіл-күй, сезім әлемі, ішкі дүниенің нәзіктігі және көбіне олардың өмірлерінің шытырманға толы, аса күрделі болуы осындай ұлттық кинемалардың қалыптасуына негіз болды. Жалпы әйелдер жаратылысы ерлерге қарағанда әлдеқайда нәзік және сезімтал. Сондықтан кейінгі кездері гендерлік зерттеулерде «әйелдік интуиция» деген ұғым қалыптасып, оларды жекелей зерттеу жолға қойылған. Сол себепті әйелдерде бейвербалды амалдардарды ұсақ-түйегіне дейін бірден байқап, жуық арада айтылатын ой мен емеурін, ишараны білетін табиғи қабілеттері ерекше дамыған.
Белгілі бір ұлттың әйелдеріне ғана тән бейвербалды амалдардың болатыны тәрізді, жалпы әйел атаулысына тән, көпшілікке ұғынықты, әмбебап сипаттағы бейвербалды элементтер де бар. Мысалы, әйелдердің көпшілігі ренішін, өкпесін, көңілі толмаушылығын қос қолын айқастырып, кеудесіне қою кинемасымен білдіреді. Сондай-ақ, табанымен жерді соғу ишарасы қарсылықты немесе қырсықтықты, шашын ұстау, сипалау майысуды, қылымсуды білдіреді және т.б.
Әйелдерге тән әмбебап сипаттағы ым мен ишаралардың кең мағынадағы қолданысын күнделікті теледидардан берілетін жарнамалардан айқын көруге болады. Әсіресе әйелдерге қатысты әшекей бұйымдардың, түрлі косметикалық заттардың, үй шаруашылығына қажетті жуу-тазалау құралдарының, азық-түліктердің жарнамаларындағы басты назарда әйелдер екенін жиі көреміз. Жарнамалық режиссурада бұл тәсіл көрермендердің ішіндегі әйелдер аудиториясынының назарын аударту арқылы, тауардың өтуіне жағдай жасау болып табылады. Көрерменге жарнамаланып жатқан тауардың дәмі, иісі, басқа да қасиеттері экран арқылы білінбейтіндіктен, оларды жарнамаға түсетін актер ым мен ишарасы арқылы барынша сенімді жеткізуге күш салады. Мысалы, «Nescafe» жарнамасында қыз бала кофені ішіп тұрып, екі көзін баяу жұмады да, дәл сондай баяу қозғалыспен көзін ашып кофені қояды. Жарнамадағы бұл баяу қозғалыс кофенің керемет дәмін көрсетуге арналған. «Timotei жемісті коктейль» жарнамасында әйел адам душқа арналған гельді иіскеп, көзін жұмып, терең тыныстайды. Осы ым-ишаралардың барлығын баяу қалыппен орындап, сол арқылы гельдің қош иісті екенін көрсетуге тырысады. Дәл осындай ишаралар «Camei», «Lenor», «Galina Blanca», «Ariel», «Принцесса Нури» сияқты жарнамаларда да байқалады.
Қас-кірпікке арналған бояулардың жарнамасында әйелдерге тән «көзбен ату» ишарасы, яғни көз алмай тік қарау кинемасы қолданылады. Ал, бұл ишараны өмірде қылымсыған қыздар жасайтыны белгілі.
«Ariel» кір жуғыш ұнтағының жарнамасында әйел адам сұқ саусағымен қарапайым ұнтақпен жуғаннан кейін қалған дақтарға нұсқайды да, екінші қолының алақанын ашып «Ariel» ұнтағымен жуылған заттың тазалығын көрсетеді. Сұқ саусақты көрсету адамдарға кері әсер етсе, ашық алақан ашықтықты, сенімділікті білдіреді.
Жалпы бейвербалды коммуникацияның гендерлік сипатына қатысты жоғарыда көрсетілген тұжырымдар мен көркем шығармалардан алынған мысалдар негізінде қорытып айтарымыз:
1.Зерттеушілердің басым бөлігі дәлелдеп көрсеткендей, жыныстар арасындағы коммуникация барысында әйелдер ерлерге қарағанда эмоционалды көрінеді.
2. Әр ұлттың мәдени, тарихи, әлеуметтік-тұрмыстық танымына байланысты сол ұлттың әйелдеріне ғана тән бейвербалды амалдар бар. Олар заман ағымына, уақыт талабына сай қолданыстан шығып немесе толықтырылып отырады.
3. Әйелдерге тән бейвербалды амалдар коммуникация барысында тілдік амалдармен қатар қолданылып, ерлер мен әйелдер, әйелдер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынасты жеңіл іске асырып, біреудің ойын екінші адамға түсінікті, жан-жақты жеткізуге ықпал етеді.
4. Жоғарыда талданған тілдік деректер арқылы әйелдерге тән бейвербалды амалдардың әлеуметтік, психологиялық, мәдени, ұлттық дәйек болып табылатыны анықталды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Түйте Е.Е. Тіл табиғаты. – Алматы: Эверо, 2016. – 111 б.
2 Ильин Е.П. Психология индивидуальных различий. – СПб.: Питер, 2004. – 602 с.
3 Валиханов Ч. Следы шаманства у киргизов // Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. – АлмаАта: Каз. сов. энциклопедия, 1985. – Т. 4. – 460 с.
4 Алтынсарин Ы. Таңдамалы педагогикалық мұралары. – Алматы: Рауан, 1991. – 144 б.
5 Балли Ш. Общая лингвистика и вопросы французского языка. – М.: Иностранная литература, 1955. – 416 c.
6 Крейдлин Г.Е. Мужчины и женщины в невербальной коммуникации. — М.: Языки славянской культуры, 2005. – 224 с.
7 Бейcембаева С. Невербальные компоненты коммуникации в казахском языке: автореферат канд. филол. наук: 10.02.02. – Алматы, 2002. – 28 с.

В статье рассматривается гендерная характеристика невербальных средств в коммуникации. Характеризуются особенности невербальных средств общения мужчинами/женщинами. Определяется связь гендерной лексики с биологической природой человека, зависимость невербальных средств, мужчин/женщин от культурных, исторических, социально-бытовых условий народа. Автор доказывает, что невербальные средства в прцессе коммуникации определяют психологические, физиологические и др. особенности человека, также способствуют эффективному языковому общению.

In article are considered the gender characteristic of nonverbal means in communication. Features of nonverbal means of communication are characterized by men/women. Communication of gender lexicon with biological human nature, dependence of nonverbal means, men/women from cultural, historical, social conditions of the people is defined. The author proves what nonverbal means in a prtsessa of communication define psychological, physiological, etc. features of the person, also promote effective language communication.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *