Р.М. Мүтәлиева1, Г.К. Кажибаева2
С. Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университеті1
Ш. Уәлиханов ат. Көкшетау мемлекеттік университеті2 Павлодар1, Көкшетау2, Қазақстан
Ж. АЙМАУЫТОВТЫҢ «АҚБІЛЕК» СЕНТИМЕНТАЛЬДЫ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ РОМАНЫНДАҒЫ СУРЕТКЕРЛІК ШЕБЕРЛІГІ
Мақалада «Ақбілек» сентиментальды-психологиялық романындағы жазушының суреткерлік шеберлігі жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, кейіпкер образын жасауда, характерін ашудағы шеберлік қырлары ашылды. Кейіпкердің жан әлемін ашуда қолданылған көркемдік амал-тәсілдер сараланды. Жазушы кеңестік дәуірдің қазақ даласына әкелген трагедиясын шебер суреттеуі образ талдау барысында дәлелденді. Романда психологиялық образ жасаудағы жазушының стильдік ерекшелігі көрсетілді. Романның бейнелеу құралдарының қолданысы да талдауға алынды.
Кілтті сөздер: психологиялық роман, психологизм, көркемдік деталь, жан диалектикасы, монолог, психологиялық образ, логикалық, психологиялық дәлелдер, психологиялық параллеизм.
«Ақбілек» романында азамат соғысы кезіндегі қазақ даласындағы аласапыран жағдай, әлеуметтік тартыстар, жеке адамдар тағдыры сөз болады. «Мұнда феодалдық-рушылдық ортада жікшілдік тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып, өз бақытын табуы, тең құқылы азамат болуы бейнеленеді», – дейді С. Қирабаев
[1, 14].
Ақтар қашып, қызылдар қуып, қазақ елі тыныштықтан айрылған заманда көптеген қиянат, зорлық-зомбылықтар болып жатты. Әсіресе қазақ қызының бұрын болмаған қорлыққада ұшырауы – ауыр сын. Оны жеңіп шығу үшін қайрат-жігер, төзім керек болады. Романдағы басты кейіпкер өмір ауыртпалығын осындай қасиеттері мен білім арқасында жеңіп шығады.
Негізгі кейіпкер Ақбілек – роман басында уайым-қайғысыз жүрген ерке қыз. «Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – сұлу қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, ақ көйлегін көлеңдетіп, қызыл, жасыл көрпелерін қағып үйге әкелген ед» [1, 145].
Ақбілек екі кештің арасында бақытсыздыққа ұшырайтынын қайдан білген. Тауды паналап жүрген қашқын ақтар Мұқаштың көрсетуімен Ақбілекті тауға алып кетеді.
Бірінші рет көріп тұрған өңшең орыстардың ортасында Ақбілек қара мұрт орысқа назар аударады. «Олар күліп жаңылдап отырғанда, төрде жатқан ұзын бойлы, аққұба, қара мұрт орыс оянып, қырынан жатып, Ақбілекке көз салды. Ол өзгелердей сөйлескен де, күлген де жоқ, көп күліп жатқанда, біреу сазарып отырса, оның жаны жұмбақ қой. Жұмбақ нәрсе адамды құштар қылмақ қой. Әлде өзіне бастас қылғысы келді ме, немесе одан бір жылы сөз күтті ме, болмаса әйелге біткен жеңсікқойлық мұны да жеңді ме, әйтеуір қапаста қапаланып, жалынарға жан таба алмай отырған Ақбілектің көзі еріксіз қара мұртқа түсті».
Ақбілектің қара мұртқа үмітпен қарауы одан бір көмек күткендікті білдіреді. Проф. Қ.П. Жүсіп өз дәрісінде осыны Л.Толстой айтқан «жан диалектикасы» деп түсіндірді.
Кейін өзі үшін екі орыстың жекпе-жекке шыққанын естігенде Ақбілекті мақтаныш сезімі билейді: «Алды-арты тұйық, қараңғылық, не болары белгісіз… сонда да Ақбілек тірі, Ақбілек сұлу… Ол елден асты. Қазақ тұрсыз, атағын орыс естіп, іздеп келіп, алып қашты… орыс біткен бұған бола қырқысты…» [1, 160]. Ақбілек бұл істің Мұқаштан келгендігін білмегендіктен осылай ойлады.
Ақбілек басында орыстарды құбыжық көргенімен, кейін оларға үйренісуге тура келеді. «… анасын, ауылын ойлап, аузына дәм салмай, аштан қатып, бүк түсіп көрсе де, әрі-беріден соң шыбын жаны түскір шыдатпады, мезгілсіз өле алмады. Өмір шіркін неден сонша тәтті болды екен! Адам дегеніңіз «Басқа түссе, баспақшыл» болады екен. Абақты екеш абақтыға да, зынданға да, соғысқа да жүре-жүре адамның еті үйреніп көндігіп кетеді деседі, өлім жазасына бұйырылғанын естіген адам да тамақ жеп, ұйқы ұйықтап, өмір сүруден безе алмайды деседі. Дүниеде адамнан көнгіш мақұлық бар дейсіз бе? Ақбілек те бірте-бірте тұтқынға еті өлгендей, бойы үйренгендей болды» [1, 170].
Жазушы осында жалпы адам баласының өмірдің кез келген жағдайына көндігетінін айтып отыр.
Ақбілектің көзқарасынша қара мұрттың өзіне бәйек боп, жас баладай күтуі ерсі, таңсық. Қазақ ғұрпында еркектің әйелге олай кішіреймейтінін білетін Ақбілек қара мұрттың мінезін оғаш көреді. Ұлттық ерекшелікті көреміз.
Ақбілек жас болса да ширақтығымен өзін қара мұрттың мылтығынан аман алып қалады.
– Мені өлтірме! Қасықтай қанымды қи! Мен саған тағы керек болмасымды қайдан білесің? Мен түсімде саған еріп қала барып жүр едім. Сен бұл жолдан аман-есен қайтасың, елге аман барасың…- деді [1, 173].
Ақбілектің қасқырларды көргенде ойына бірден от жағу келмейтіні нанымды берілген. Қолындағы таяғын сермеп, айналып жүргенде аяғы күлге тиіп кетіп, шоқ шашырағанда ғана есіне от түсуі жазушылық шеберлікті білдіреді.
Еліне қарай кетіп бара жатқан Ақбілектің сезімін жазушы психологиялық параллелизммен шебер жеткізеді: «Асуға шыға бергенде, артына бір қарады. Аяқ астында томардай томпиып қостар тұр. Анау тау жылғасындағы ағаш, анау көгал, анау сай-сала, анау орқаш-орқаш тас Ақбілектің адамгершілігін аяққа таптаған, абыройын төккен жер. Оларға көзі түскенде күйінген, өкінген, жиренген — әйтеуір өзегін өртеген бір жаман сезім пайда болды. Төрдегі таза төсенішті былғап кеткен күшікті желкесінен ұстап, өз тезегіне өзінің тұмсығын тигізсең, қандай жеріп, қыңсылап, кейін шегінеді. Артына қарағанда, Ақбілек те сол күшік тәрізді болды. Қарағысы келмеді, теріс айналды» [1, 177].
Осы үзінді роман жанрының психологиялық екенін айқындай түседі. Намысы тапталғаннан кейінгі қыздың қорлануын жазушы бейнелі суретпен көз алдымызға дәл келтіреді.
Ақбілектің аяғы ауыр екенін жазушы әуелі нақты айтпайды, жанамалай білдіреді. «… тағы бір өрге шыққанда аяғы қорғасын құйғандай ауырлап кеткен тәрізденді; сүйектері сынып бара жатқандай болды. Ақ сүйек ойнағанда ор қояндай орғып, бір қажымайтын аяғы түскірге не болды? [1, 177]. Қыз тәжірибесіз болғандықтан екіқабат екенін білмейді. Қыздың аяғының ауырлап кетуі – деталь. Жазушы Пушкиннің «бәрін айтпау» деген қағидасын ұстанған.
Жолда бір ауылға тоқталғанда да қыз кедейдің үйіне барғанды қалайды. Себебі көпшіліктің көзіне күйсіз қалпында түскісі келмейді, бейсауат жүрісінен де қысылады. Мұнда да қыздың байыптылығы, ақылдылығы білінеді. Аулына келе жатып Ақбілек өзөзінен жирене бастайды: «Енді бұрынғы нәрестедей уыз денесі былғанып, арамданып қалған тәрізді, бұрынғы кіршіксіз, аппақ кеудесіне енді қара құзғын ұя салып кеткен тәрізді; күнәсұмдықты білмейтін ақ жүрегі арамдықтың неше атасын біліп, бұрынғы қыз басы қатын боп қалған тәрізді: бұл былғанған дененің кірі, жанның күнәсі өмірі тазармайтын тәрізді. Өз аулының тауына, жеріне жақындаған сайын таза жерді басуға өзінен-өзі ұялып, атылып өліп кетпей, қара мұрттың мылтығына бекер-ақ жармасқан екем деген өкініш пайда болды; ит жалап кеткен ыдыстай, өзінің денесін де арам деп білді…» [1, 194].
Бұл монолог Ақбілектің ішкі арпалысын, тартысын білдіреді.
Ақбілек аулына келгенде біраз уақыт ауыл адамдары оған бәйек боп, жаны ашитындай, сыйлайтындай көрінеді. Ақбілек «жұрттың көзқарасы маған өзгермепті, менен ешкім жиренбейді екен» деген ойда болады.
Сіңлісі Сара мен інісі Қажікенді күтіп, бауырмалдығын көрсетеді.
Бірақ Ақбілекте басқа қайғы пайда болады. Әкесі бұрын қызы дегенде өліп тұратын болса, енді қарамайтын, сөйлемейтін болған. Онсыз да қорланып жүрген Ақбілекке әкенің суып кетуі ауыр тиеді. «Әкесінің қабағы қашан жадырар екен, қашан жылы қарар екен, қашан тіл қатар екен?» – деп сарылып, сарғайып күтеді. Жар дегенде жалғыз әкем мені жек көрсе, енді мен кімге сыямын?» деп қайғырды» [1, 242].
Ақбілек қанша қайғырғанмен, әкесі қарамайды, қызы да күдерін үзіп, үй шаруасымен айналысады.
Жеңгесі Ұрқия Ақбілекке жұрттың «орыстар не істеді екен, орыстан кейін не боп қалды екен?» деп ойлайтынын айтады. Ұрқияның өз ойы да осы болатын. Ақбілек жеңгесіне бастан — аяқ баяндап береді.
«Оңаша болса: жеңгесі Қарашат жайынан оны-мұны сұрап қояды. Ақбілек дүние көрген кісі боп, кейде қарамұрттың қылықтарын асыңқырап айтатын да болды. Өткен күндер бір түрлі жиренішті болса да, айта-айта жиренішті жақтары ұмытылып, сұлу жақтары көбейіп, ертегі тәрізденіп кетті» [1, 244].
Кеше ғана арын таптап жұртқа масқара қылған қарамұрт туралы Ақбілектің кексіз, тамсанып әңгімелеуі туралы Б. Майтанов былай дейді: « Ажал тырнағынан құтылғанына қуанған Ақбілектің Қарамұртты мүлде естен шығара алмауын көрсетуде көлгірсушілік жоқ»
[2, 37].
Қайткенде де Ақбілек Қарамұртқа ызаланбайды. Тіпті Бекболат келгенде де оның саусақтарын Қарамұрт саусақтарымен салыстырады. Сөйтіп жүргенде аяғы ауыр екені білінеді. Ақбілекке бұл жаңа дерт болады.
Ақбілекке өгей шешесі Өрік қатты өштеседі. Әсіресе аяғы ауыр екені білінгенде қуанғаннан жүрегі жарыла жаздайды. «Бұ хабарды естігенде, Өрік өлген байы тіріліп, екі баласы қолына тигендей қуанды. Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді» [1, 279].
Жазушы әйелдер психологиясын жетік біледі. С.Шаймерденов үнді жазушысы Тагордың «Күйреу» романын аударғанда былай депті: «Мен өзім оқыған классикалық әдебиетте әйел жанын дәл осы Тагорша терең түсініп, нәзік те, шебер суреттей білген жазушыны білмеймін», – дейді. Жүсіпбекті Тагордан кем түседі дей алмаймыз.
Ақбілек ұзақ азаптанып, Көркембай кемпірдің жаман үйінде ұл босанады. Бірақ оған қуанатын Ақбілек емес. Аналық сезімін туғанға дейін көрген азап, қорлығы тұмшалап тастағандай. Кемпірге баланың көзін жоғалт дейді.
«Ақбілек те Ескендірден (сәбиін білмей тұрып) қашқан. Ұяттан қашқан. Моральдық фактор үстемдік көрсеткен. Бәрінен бұрын өзін сүйген. Өзін аяған, әкесін, жақынын аяған. Ақбілек бейнесі сонда да тартымды. Оған себеп – жазушының ұлттық орта, психология талаптарын айқын сезіне біліп, кейіпкерін жағдай мен мінез бірлігі тұрғысынан сенімді түрде суреттеуі» [2, 38].
«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей Бекболат та «екіқабат екенің рас болса, түңілейін» деп хат жазады. Әйтпесе ол Мамырбайдың бермеймін дегеніне қарамай Ақбілекке үйленбек боп жүреді. «Бір қайғының үстіне бір қайғы жамылып, Ақбілек ең соңғы алданышынан айрылғандай, ойын қара тұман басты; кешегі баладан неге өліп кетпедім екен деген ой тағы келді. Өзін бұл дүниеге керексіз, артық адамдай көрді» [1, 283].
Бұдан кейінгі Ақбілектің өмірі бес жыл өткен мезгілден кейін шегініс арқылы Кәмиламен диалог арқылы баяндалады.
Ауылдағы жанашыры жеңгесі Ұрқия болса, қалаға оқуға келген соң туған жеңгесі Мағиша қамқоршы болады.
Ақбілек Семейде, Орынборда төрт жылдай оқиды. Басқа қыздар секілді жігітпен қыдырмайды. Жеңгесінің ақылын тыңдайды. Жеңіл жүріске салынып кетпей, білім алып шығады. Ол салмақтылық, шыдам, ерік-жігер көрсетеді..
Ақбілек әуелі Ақбала деген оқығанға көңілі кетіп, екеуі үйленбек боп жүреді. Бірақ Ақбала Ақбілектің жағдайын естігенде бас тартады. Балташ деген оқыған жігіт Ақбілектің басынан өткенін білсе де үйленеді.
«Сенің өткен күндегің маған керек емес, адамшылығың керек. Өткенге сен жазалы емессің», – дейді Балташ [1, 313]. Ақбілек Балташпен некеге тұруға барғанда баяғы Қарамұртты көреді. Ақбілек оған кештім дегендей басын изейді. Қарамұрттың да өкінген сыңайы байқалады. Ал Ақбілек Балташқа ешнәрсе сездірмейді. Сыр сақтай білетіндігі, кейбір нәрселерді айта беруге болмайтынын жас та болса байыптай алатыны аңғарылады.
Ақбілек Балташпен еліне бара жатып жолда бір ауылға түседі. Кірген үйлері Бекболаттікі боп шығады. «Бекболатпен жолыққан күндер замат көз алдына елестеп өтті. Әйтсе де өткен күнге өкінген жоқ. Бұрынғы арман қылатын тұрмыс енді аяқ астында қалғандай, өзі басқа бір жаңа, жарық дүниеге көшкендей. Бір жоғары көңіл пайда болды. Бекболат бұрынғыдай емес, сақал, мұрты да көбейіп, бет-аузы да ажымданып, бойы да аласарып, қораш боп қалғандай көрінді» [1, 319]. Жазушының Ақбілекті Қарамұртпен, Бекболатпен кездейсоқ кездестіріп отыруы Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы кейіпкерлердің бір-біріне жолығып қалып отыруларына ұқсайды. Толстой да Наташа мен Андрей Болконский, Болконский мен Анатоль Курагин, Пьер Безухов пен Долоховтарды өмірлерінің әр түрлі соқпақтарында ойламаған жерден кездестіріп отырады. Бұл тәсіл кейіпкерлердің өмірге деген көзқарастары өзгеріп, өздері не биіктеп, не төмендегендерін дәлелдеу үшін қажет болған.
Ақбілек бұрын үйінде жүргенде Бекболатқа қосылсам деп, көз алдына бақытты тұрмысты елестетуші еді. Енді уақыттың өзі оларды қайта жүздестіріп, Ақбілектің жоғарылап кеткенін, Бекболатты менсінбейтіндей халге жеткенін көрсетіп отыр.
Кезінде қорлық көріп, Ұрқиядан басқаға керек болмай кеткен Ақбілек енді оқыған, жар тапқан әйел боп келе жатыр. «Ақбілек Алтайға шыққанда, баяғы апасын өлтіретін, өзінің абұйырын алатын, өгей шешенің қорлығын шегетін, Көркембай кемпірдің көр үйшігінде жаны көзіне көрінетін, алай-түлей, қараңғы күндер барса келмеске біржола кеткендей, анау алыста, етекте біржола қарасы өшкендей боп көрінді. Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнәдан құтылып сонау жеті қат көктегі ғарышқа апарып, жүрегін алтын легенге салып жуғандай, анадан жаңа туғандай тәрізді. Оның жүрегін жуып, тазартқан леген – аяулы жаны, Қаратаудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді» [1, 320].
Бұл үзінді – роман идеясы, түйіні. Ақбілек оқудың арқасында жаңа адам боп өзгерді, көзі ашылды, жар тапты. Бұрынғы күйіктен із де қалмады.
Ескендірдің өз баласы екенін білгенде Ақбілекті аналық сезім балқытады, өлтірмей алып қалғанына Ұрқияға риза болады. Кейін өз қолына алмақ болады. «Кезінде көзін құрттыға санаған Қарамұрт пен өзінен туған баласы – Ескендірге деген махаббат – аналық ұлы мейірім шуағы. Қасірет тозағының аспанынан бақыт жұлдызы шыға ма? Әкесін сүймей, оның перзентін шаттық көру қандай ғажап! Түсініп бағыңыз. Адам жаны неліктен төзімді, неге жұмбақ? Небір қияметті көтеретін адам жүрегі қандай берік?! Қаншама қайшылық бір адамның жанына қалай сыймақ? Керемет қасіреттен кейін баянды қуаныш табыла ма? Бүгінгі қуаныш кешегі қасіретпен қайтіп үйлеспек? Ақбілек тағдыры алдымен осы тақылеттес жан жүйе болмысына тән кермек сауалдарды алға тартуымен нанымды» [2, 38].
Жазушы Ақбілек бейнесіне қатысты оқиғалардың бәрін логикалық, психологиялық дәлелдермен бере білген. Ақбілек бейнесін С.Қирабаев пікірімен қорытуға болады: «Әрине, Ақбілектің бұл күйге жетуі оңай бола салған дүние емес. Жазушы оның қайшылықты тағдырын жеңілдетпей,үлкен психологиялық образ дәрежесіне көтере білді.» [2, 15].
Автор кейбір кейіпкерлердің өзін сөйлетіп, кім екендіктерін өздеріне айтқызады. Соның бірі – Қарамұрт. Қарамұрт байдың баласы, әскер академиясын бітірген, құл-құтанға бағынбаймыз деп қашқандардың бірі. «Мал-мүлкімді талады, кісімді өлтірді, қызымды алып кетті деп, бізді бұзық адам көріп, қазақтар жазғырады-ау… аң сықылды жайылған қазақ, біздің неғып мұндай күйге түскенімізді қайдан білсін?» [1, 150].
Ол да өздерін ақтайтын дәлелдер келтіреді. Жетіскеннен тау паналап жүргеміз жоқ дейді. Өңшең еркек болғандықтан бізге де әйел керек болды дейді. Оның бір дұрыс ісі – Ақбілекті көпке ортақ етпей, өзі иемденуі, сол үшін өлімге бас тігуі. Бір оғаш ісі – кетерде Ақбілекті атып кетпек болуы. Алдыңғысы – адамшылығы болса, кейінгісі – тасжүректігі. Адам өлтіру тауық өлтіргендей болып кеткендігі. Ол өзін емес, заманды айыптайды.
Бекболат та өзі туралы өзі баяндайды. «Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін» [1, 149].
Бұрын бір байдың, осы күні орта шаруаның баласы екенін, Ақбілекті елден таңдап айттырғанын, қалыңдығына жасырын келе жатқанда Ақбілекті әкетушілердің оғы тиіп жараланғанын айтады. Ауруханада жатып Ақбілекті ойлайды. «Ол осы күнде не күйде екен? Әлде тұтқында екі көзі жаудырап, жасын бұлап жүр? Әлде орыстар өлтіріп тастады? Әлде бір сары орыспен құшақтасып отыр? Әлде бәрі жабылып … деген ойға келгенде, шауып келе жатып, биік жардың ернеуіне төніп қалған кісіше, денесі шіміркеніп, жүрегінің астыңғы жағындағы бір нәзік қыл үзіліп кете жаздағандай болды» [1, 196].
Жазушы Бекболат басындағы үрейленуді бейнелі түрде көз алдымызға елестетеді. Бекболат Ақбілекті алғаш көргенін есіне алады: «Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр еді-ау! Тал бойында бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді. Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түрегелгені, тізесімен ақ көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, дауысы күмістей сыңғырлап тәп-тәтті күлгені, … нәп-нәзік торғын қолымен қолтықтап көтеріп аттандырғаны, – бәрі-бәрі сондағыдай сайрап көз алдына келді» [1, 200].
Ақбілектің сұлулығы, сымбаттылығы, нәзіктігі, әдептілігі, ақылдылығы, Бекболаттың көз алдынан кетпейді. Таразы басына сезімі мен жұрт талқысы қатар салынады. Қандай шешім қабылдарын білмей, біраз құбылады. Бәрін сарапқа салады: «Орыстардың талқысынан қалған қызды бұл ала ма? Алмай ма? Дүйім елге әйгілі боп, абиұры кеткен қызды қалай алады. Екі сөздің бірінде құрбы-құрдас бетіне басады ғой. Бірақ құдайшылыққа келгенде Ақбілек сорлыда не жазық бар? Ел өсегінен қорқып, шынымен алмай кетпегі ме? Қой, өмірде қызық болмас. Өзге қызды алса да, оның суреті көз алдынан кетпес. Өмір бойы өкінер де жүрер» [1, 201].
Сөйтіп Бекболат қабырғасымен кеңесіп, Ақбілектің жолында бәріне көнуге тоқтайды. Мұнда Бекболаттың ішкі тартысы көрінеді.
Ақбілектің хабарын зарығып күтеді, табылғанын естігенде қуанғаннан оның орысқа масқара болғанын ұмытып кетеді, боранда адасып кетіп табылғандай болады.
Досы Ақбергенге де соңғы байламын айтады. Ақбілекпен де кездесіп қайтады. Бірақ аяғы ауыр екенін естігенде қазақшылығынан аса алмайды.
Кейін Ақбілектер жолда Бекболаттың үйіне тоқтағанда Бекболаттың Балташтан төмендігі, оқымағандығы білініп қалады.
«Ақбілек трагедияның ішкі жаны болса, Бекболат – сыртқы кескіні. Бекболат – оқиғаның дүмпуі, жаңғырығы, қасіреттің зардабы, жағдаяттың қисынсыз құрбаны. Бекболат еш нәрсеге айыпты емес. Бірақ ол кінәлі жандай абыржиды» [2, 46].
Ақбілекті орыстарға көрсетуші – Мұқаш. Ол да өзін былай таныстырады: «Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жар қабақтау, кірпі шаш, қырыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым отыз бесте. Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы, аузым асқа, ауым атқа жарыған емес» [1, 153].
Өмірі жарып көрмеген Мұқаш кейін әр түрлі кәсіп істеп, орыстармен араласып, тіл үйренеді. Кеңес өкіметі орнағанда мылтық асынып, яшейкенің жұмысын істейді. Өзіне пайда түсіріп, кегі бар кісілерден өшін алады. Болыс болмақ боп жүргенде Мамырбайдың Төлегені үстінен арыз түсіріп, сайлатпай қояды. Қашып жүрген ақтармен араласып, оларға Ақбілекті көрсетіп кегін алады. Жолда келе жатып: «Япыр-ау, мен қазақпын ба? Қазақ болсам өз қаныма неден мұнша өшіктім? Ағасы болмаса, бұ қызда не жазық бар еді? Тегі, мен өлерімді білмейтін, ақымақ шығармын. Әйтпесе, елді осынша шапқыншылыққа ұшыратып, осынша қан қақсатып, зарлатып, қарғыс алып, жексұрын болғанда, қайда сиям, қалай тіршілік етем деп ойладым екен», – деп ойлайды» [1, 161]. Істегенін таразыға салып сараптайды. Біресе мен болмасам да, басқа біреу істер еді, байларды аямау керек деп құбылады.
Осы ойлармен үйіне келгенде ұлына жақындағысы келмейді. «Күнәға батпаған періштедей сәбиге жаман қолын, арам демін, арам ернін тигізуге батылы бармады. Молдадан да, ұйықтап жатқан нәрестеден, нәресте емес өзінен ұялғаны күштірек тәрізденді» [1, 163]. Жамандық істесе де, жүрек түкпірінен ұят, өзінен жирену сезімдері қылт етіп бой көрсетіп қалады. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романында да кісі өлтірген бір кейіпкер балаларынан қысылып, былай дейді : «Оларды сүюге, оқытуға, тәрбиелеуге қалай ғана дәтім шыдайды, оларға ізгілік жайында қалай айтпақпын: мен кісі өлтірдім ғой» [3, 382].
Адамның ішкі психологиясын суреттеу жағынан Жүсіпбек пен Достоевский арасынан ұқсастық көруге болады. Достоевский өзінің шығармашылық мақсаты туралы былай деген болатын: «При полном реализме найти в человеке человека» [4, 400]. Адамның ішіндегі адамды тауып, тану үшін жазушыда ерекше қабілет болуы керек. Ондай қабілет Жүсіпбекте ерекше дамыған.
«Жалшыдан көтерілмек болған Мұқаш біресе қызыл, біресе ақ жағында жүріп, Ақбілек трагедиясына жол ашып берді. Жеке басының араздығы үшін елінің намысын таптады. Ақбілек үшін өкінуі көп талықысынан сескену ғана. Мұқаш қызмет таңдайды, әліне қарамай болыстыққа жүгіреді. Төңкеріс Мұқаш тәрізді түйсіксіз шолақ белсенділердің мансабына бола жасалып па еді? Мұқаш солай ұғынады. Талай кедей байлықтың көзі айла, аярлық тіпті ақыл-сана биіктігімен сабақтас екенін біле қойды ма екен?» [2, 41].
Сондай аласапыран кезде талай Мұқаш секілділердің мансапқа ұмтылып, ебін тауып біреуге жағынып беделді орынға ие болмаққа жанталасқандарын жазушы әдейі көрсетіп отыр. Мұқаш секілді қай бейне болмасын, бәрі де заман сырын аңғартатын типтік тұлғалар.
Сол Мұқаш ақтарды қызылдарға ұстап беріп, жақсы атты боп, болыстыққа сайланғысы келгенмен жаман істері ашылып, елге жексұрын болып, өкіметтен жақсы ат ала алмай, пұшайман болып еліне қайтады.
Балташ бейнесі көбіне Ақбаламен салыстырыла беріледі. Ақбаланың қасында ол онша көзге ілінбейді. Бірақ Бекболаттан жоғары. Романда Балташ былай суреттеледі: «… енді бірі келбетті де, киімі де қоңырлау, жүріс-тұрысы да солапаттау Балташ деген жігіт еді;» [1, 217]. Оның түсінігі таптық тұрғыда. Әбен деген бай туралы: «Бай неліктен бай болады дейсің? Елді жеумен, нашардың қанын сорумен, солардың еңбегімен бай болады. Матайдың Әбені, меніңше, елді құртқан, барып тұрған сыболыш кісі, ең зиянды элемент. Меніңше, оның көзін жою керек», – дейді [1, 221] Өзін кедейшіл етіп көрсетеді. Айтысу жағына келгенде Ақбаладан білімі кем. Балташ, Ақбала, Төлегендер саяси-әлеуметтік жағынан, жаңа өкімет талаптарына көзқарастары жағынан көбірек бейнеленеді. Қазақ оқығандары арасында үш ағым болады. Үшінші ағымның айтатыны: бізде тап жоқ, тап тартысы деген орысқа еліктегендік. Біздің кейіпкерлер бұл ағымда жоқ. Мұнда Жорғабек пен Тыпаң бар. Тыпаң сол үшін Әбен байдың елге жасаған жақсылықтарын айтып, жақтаған болатын. Балташ қолдайтын бірінші ағым: «қазаққа төңкеріс жасау керек: байдың жер-суын, мал-мүлкін, жазаласа артық қатынына шейін кедейлерге тартып әперу керек; пышақ үстінен бөліп беру керек, бай, кедей деген айырманы жойып, қолма-қол теңгеру керек» [1, 228].
Кеңес өкіметі орнаған соң осы ағым іске асырылды. Көпшілік Балташ секілді кедейшіл боп, осы ағымды жақтады. Жазушы романда қазақ ұлтының тағдыры осылайшы көкпарға тартылған серкедей болғанын алдымызға жайып салады.
Ақбілектің айтуынша: «Балташ көп сөйлемейді. Ақбаладан гөрі қоңырлау, бұйығылау, білімі де Ақбаладан төменірек пе деп ойладым» [1, 296]. «Балташ менің ойлағанымдай емес, недәуір білетін, артық желігі жоқ, сыпайы, есті жігіт көрінді» [1, 298].
Ақбаламен салыстырғанда Балташтың Ақбілекке деген махаббаты күшті боп шығады. Қыздың басынан өткерген оқиғасын естігенде Ақбала тайқып шыға келсе, Балташ Ақбілекті сүйетінін айтып:
– Сенің өткен күндегің маған керек емес, адамшылығың керек. Өткенге сен жазалы емессің. Сен тисең, мен сені аламын, – деді [1, 313].
Балташ бастапқыдай емес, бірте-бірте өсе береді. «Өйткені ол Ақмола, Семей, Орал, Бөкей губернелерінің бәрінде қызмет етіп, жалпы қазақ жайымен, әр алуан жағдайымен, оқығандарымен әбден танысып, ақыл ауданы, дүние тануы кеңейген еді. Ол өзінше әркімге сын беруге жарайтын, біреудің атағына, беделіне, сөзіне сатылмайтын, өзінше жол тұтынған жігіт еді» [1, 314].
Ақбілектің жары осындай болуға тиіс қой.
Ақбала да оқыған, үлкен қызметкер, сөйлесе жұртты аузына қаратады. Оның саяси көзқарасы екінші ағым бойынша: ондай төңкерістен мін шықпайды, онымен кедей теңелмейді дейді. Осы күнде байдың малын тала десе, бұзақылар талап кететін, кедейлер байдың малын пайдаға асыра алмай, жау малындай ішіп-жеп қоюы; сөйтіп жалпы мемлекеттің байлығы кемуі, байды кедей қыламыз деп жүріп, кедейді бай қылып алу қаупі, кедей оңай олжаға қызығып еңбекке үйренбей кетуі, кедей ақыл-ой, сана-саңылау жағынан теңелмей тұрып, жалаң малмен теңеле алмайтыны [1, 228].
Қайсы ағым болсын сол кезде қазаққа зияннан басқа пайдасы болмады. Конфискация, ашаршылық, колхоздастыру, т.б. саяси науқандар қазақ жерінің ойран-ботқасын шығарды.
Ақбаланың сипатталуы: «Бұ келген төрт жігіттің бірі: қошқар туған қозыдай келбетті, бітімді Ақбала еді» [1, 216].
Ақбілекке де Ақбаланың білімі, сөйлегені, жүріс-тұрысы ұнаған болатын. Ақбаладай жары бар кісінің арманы бар ма деп жүретін. Ақбілектің бағалауынша: «Балалар шешен, білгіш деп мақтайтын. Орта бойлы, маңдайлы, аққұба жігіт еді. Көзқарасы, сөйлесі сабырлы жігітке ұқсайды» [1, 296].
Ақбаланы Ақбілектен бас тартқаны үшін жазғыруға да болмайды. Себебі уақыт ыңғайына қарай қазақ психологиясы әлі өзгерген жоқ. Абыройы жоқ қызға үйлену ол кезде үйреніспеген нәрсе, сұмдық боп есептелінді. Ақбала үшін махаббаттан ар-намыс жоғары тұрады. Махаббат үшін құрбандыққа бармайды. «Қыз тарихын білген Ақбаланың кешірім сұрап, бастапқы райынан қайтуы – алдамшылық емес, адамшылық. Оның тарапынан кінәлау, қорлау да, табалау да жоқ» [1, 48].
Бұл пікірдің дұрыс жағы да бар, бірақ жар таптым деп, жүрегі алып-ұшып жүрген Ақбілек үшін оның бас тартуы – ауыр соққы.
Ақбілектің әкесі Мамырбай бұрын да тұйық адам болады. Ақбілекке бұрын шешесінен артық бәйек боп жүретін. Орыстардан келгелі Ақбілекке қарамайды, сөйлеспейді. Ақбілектің өзінен болса бір сәрі, кінәсыздығын біле тұра қатыгездік көрсетеді. Онсыз да қарабет боп жүрген қызының қайғысын ауырлата түседі.
Мамырбайдың салқындауының себебі: «Бұрынғы нәрестедей бала, ақ қағаздай таза көріп жүретін Ақбілегі енді күйе жаққан қағаз, бала емес қатын боп қалды. Ақсақал баласын құдай қосқан күйеуінен де қызғанатын іші тар кісі еді, баласы кірсіз, таза болғанын қалаушы еді. Енді Ақбілек баласы емес, бөтен әйел іспетті. Кімнен қалған әйел десейші! Қазақ, қазақ болса бір сәрі ғой. Ол о ма? Келген-кеткен кісінің көзі Ақбілекте болатынын алдымен әкесі сезеді. Бәрі де: «Мамырбайдың орыс талқылаған қызын қара!» деп, ақсақалды көзге шұқыған тәрізденеді. Енді Ақбілегі әкесіне масыл болды. Бала ұстаған емес, жұртқа тамашалауға маймыл ұстап отырған кісі тәрізденді. Ақбілектің қырсығынан ақсақал масқара боп абыройынан, адамдығынан айрылғандай болды» [1, 246].
Шешесі болса, бұлай теріс қарамас еді, «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөзді Мамырбай расқа шығарды. Қызын емес, өз қара басының намысын ойлап жүр. Өгей шешенің қатыгездігінен де балаларын арашалай алмайды.
Өзі екінші әйел алу үшін Бекболатты қызынан айыруға көнеді. Ақбілектің аяғы ауыр екенін естігендегі Мамырбай күйініші: «Бүйтіп масқара болғанша, неге баласын түсіріп тастамады екен? Бұл – орыстың баласы ғой. Орыс түгілі, өз күйеуінің баласын оң жақта тапқан қызды кім естіген? Одан масқара нәрсе бар ма? – деп азуын шайнады. Ақбілекті тауып әкелген кездегі жиренгені, қынжылғаны – мынаған астар болмай қалды. Япыр-ай, бұ қызды енді қайтсе екен? Көзін қайтіп жойса екен? Буындырып өлтірер ме еді… Таспен атып өлтірсе қайтер еді? Қол — аяғын байлап, суға тастап жіберсе, нетер ед?» [1, 281]. Мүмкін, Мамырбайдың осындай күйде болғандығы шынайылық, солай болуы тиіс нәрсе шығар. Бұрын естіп-біліп көрмеген масқаралықпен бетпе-бет келу кімге болсын оңай тимесі анық.
Осындай қатыгез ойларда болған Мамырбай кейін қызын басқа түрде көрем деп ойлаған жоқ еді. Ақбілек оқу оқып, жар тауып, бес жыл дегенде еліне келгенде ақсақал өз қызын өзі танымай қалады.
«Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған, әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қызығын, ісін көргенде ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті бар? Жұп-жуас, ұялшақ бала емес пе еді!» деп ойлайды. Қалайда Ақбілек жат. Енді ақсақал одан именеді. Баяғы өзінің қаталдығын ойлағанда, өзінен-өзі ұялады. Кешірім сұрасам қайтер еді деп бір ауық ойланады. Бірақ әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді» [9, 323].
Ақбілек басына іс түскенде әкесі демеу бола алмады. Сонда да қызы әкесіне кектенбейді, табысқанына қуанады.
Романда жазушы әр түрлі әйелдер бейнесін шеберлікпен жасаған. «Ж. Аймауытов сомдаған әйелдер бейнесінің нанымдылық күші жоғары. Жазушы түсінігінде әйелдер жақсылықтың да, жамандықтың да бастау-бұлағы. Жазушы негізінен қазақ жағдайындағы жаулық жамылған жандардың тіршілік-дағдысын сыйына дәріптеу орнына сыни көзбен мысқылдай, әшкерелей, сықақ ете суреттеуге бейім» [2, 39].
«Саулы Бозінген» деген әйел оқиға желісінде Ақбілек ақтардан қашып келе жатып бір ауылға тоқтағанда көрінеді. «Бозінген» бүкіл ауылды құлақтандырып барып, Ақбілекті көруге келеді. Өзінің екіқабат боп ұзатылған Айтжанымен салыстырады. «Бозінген отбасының әйелі емес, бір болыс елдегі әңгімені үйде отырып біліп отыратын, еркектердің партиясына да, дау-шарына да кірісіп кететін, сақ құлақ, еті тірі көшелі кісі ғой. Және біздің «Бозінген» еркектермен дойбы, карта, асық ойнайтын, насыбай ататын, қонаққа өлең айтқызбай жібермейтін, бозбала келсе, екі езуі жиылмайтын сері кісі ғой. … таза көрпелері салтақ-салтақ боп, төсек-орны жуырда жиналмай, қоқып, ыбырсып жатар еді» [1, 190].
Жазушы Бозінгенді мақтап отырған жоқ, кекетіп отыр. Жақсы әйел «Бозінген» атанбайды ғой. Бозінген — әйелдер арасында кездесе беретін шаруаға қыры жоқ, өсек-аяң, қыдыруды жақсы көретін, еркекке жеңілтек әйелдердің бір үлгісі.
Ал Өрік – нағыз тасбауыр өгей шешелердің жиынтығы. Оның портретінің өзі сөйлеп тұрғандай: «Ақбілек жаңа шешесіне көз қырын салды. Көзі тікшиген, жұқа қабақ, қаймақ ерін, таңқы мұрын, тымырайған, қайқаңдау, қара сұр адам екен. Үйге жылан кіріп келгендей Ақбілектің жүрегі су ете түсті» [1, 273].
Өріктің қандай адам екенін түрі айтып тұр. Ауыл әйелдері де оның шеше боп жарытпайтынын, көк долы екенін аңғарады. Өрік келе шаруаны қолға алады, бір сабақ жіп бермейтін сараңдығын көрсетеді. Балаларға мейірімсіз болады. Ара түскен Ақбілек:
– Ойбай-ау! Ұят қой! Пәленшенің қатыны дейді ғой, – деп тағы бірдеңе айтпақ болып еді, Өрік одан жаман дәуірлеп:
– Қатыны болсам, не ғыппын? Ойнас қылыппын ба? Өтірік айтыппын ба? Құдайға шүкір, оң қолым таза, аузым оймақтай? Құдай сендей абиыры кеткеннен, орыс салдақылағаннан сақтасын! – деп бастырмалатып, аузынан көбігі бұрқырап жатқанда, Ақбілек шыдай алмай, еңіреп шыға жөнеледі» [1, 277].
Өрік Ақбілек пен әкесін араздастыра түседі. Ақбілектің аяғы ауыр екенін білу үшін түймеңді салып шық деп өтірік қамқорсыған болады. Өзіне камзол пішпек боп, Ақбілекке «түймеңді салшы, қиғанын көрейін» деп аярлық істейді. Тіпті болмаған соң Ақбілек ұйықтап жатқанда ішін ұстап көреді. «Ақбілекпен өштігі әуелде өткен күнін көксеуден туса да, жүрежүре ол себеп ұмытылып, енді тек өштіктің қызығына түскендіктен өшігуші еді. Жығылғанды жұдырықтау оған өнер, мақтан есепті көрінуші еді. Үйткені адам – айуанның айуаны ғой. Кімнің басына күн туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі батпаққа батыруға құмартып тұрады: табаласа, аяғымен таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған, кірсіз адамды кірлеуге жаны өш болады. Үйткені кір көңіл адам кірсізді көре алмайды, күндейді; өзіндей қылуға тырысады» [1, 280]. Жүсіпбектің «Адам – айуанның айуаны» дегені де Достоевскийдің адамның қатыгездігі туралы айтатын тұжырымымен үндес келеді. Әйелдердің кешірімсіз болатыны туралы да Достоевский мен Жүсіпбек пікірлері бір жерден шығады: «Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді» [1, 279]. Достоевский «Ағайынды Карамазовтар» романында кейіпкеріне былай айтқызады: «Әйелге кінә менде, кешіре гөр деп кінәңды мойындап көрші: кекетіп-мұқату міне сонда басталады! Бұл сылтыңсыз жай кешіре салмайды, әбден жер-жебіріңе жетіп, болмағанды болды деп, жоқты бар деп мысыңды құртады, ештеңені де ұмытпайды, бірдеңені ойлап шығарудан да тайынбайды, сонсоң кешірсе, осыдан кейін ғана кешіреді» [3, 711].
Өрік келте ойлайтындығын, ақылы шолақтығын көрсетті. Кейін Ақбілек оқыған боп өзгеріп қайтқанда Өріктің қарауға беті болмайды. Қалай қарасын? Ақбілек жаны қысылып толғатып жатқанда Мамырбай екеуі үйлерінен қуып шықпады ма? Сонда Өрік: «Сені жайратып отыра алмаймыз, сенің қағанағыңды жуатын адам жоқ» деген болатын.
Ақбілектің жеңгесі Ұрқия – адамгершілігі мол, жүрегі таза, адал, кеңпейіл әйел. Ақбілектің шешесі қызын Ұрқияға ғана сеніп, ойынға жіберетін. Ақбілектің қиын күндегі серігі, сырласы Ұрқия ғана болады. Ақбілек үшін Ұрқия өтірік екіқабат боп, жазықсыз сәбидің көзге түрткі болмай өсуіне себеп болады. Бірақ сондай жақсы адам бір балаға зар болады. Зар болса да Мағжанның Шолпаны секілді күнә жасамайды, күйеуінің көзіне шөп салып, бала табуға ұмтылмайды. Ұрқия – баяғы замандағы жақсы, адал жеңгелердің үлгісі.
Мұқаштың әйелі Алтынай – жоқтан бар жасайтын, үнемшіл, шаруақор әйел. «Алтынай малын сауады, өргізеді, көздейді, байлайды, отынын тереді, отын жағады, суын әкеледі, күлін шығарады, тамағын істейді, киімін өзі тігеді, үйін жаяды, сыпырады, қорасын тазалайды. Жұмыстан қалт етіп қолы босаса, есік алдына шықса, ауыл-үйді қыдырса, болмаса абысын-ажындарымен әңгімелессе, қолынан ұршығы түспейді. Не дегенмен Алтынайдың қолы берекелі қатын. Жылына тістей қатып, тырнақтап жүріп, үш сиырдан үштөрт қарын май алады» [1, 165].
Тұрмысы оңды болса, Алтынайға одан басқа ешнәрсе керек емес.
Жанры жағынан роман – психологиялық шығарма. Оны жоғарыда кейіпкерлерді талдағанда көз жеткіздік.
Арасында ақ өлең үлгісімен жазған. Сюжеттің басталуы, аяқталуында, композициясында артық боп тұрған кейіпкер де, оқиға да, сөз де жоқ. Юмор, сарказмды көп қолданады.
«Романның сюжеттік құрылымы жүрдек. Ол кезекті (хроникальны)] және себепті (концентрический) сюжеттердің бірлігіне негізделген. Орама (кольцевая) композицияның белгілері бар. Тартысының шарықтау шегінен (бұл – кең көлемдегі, екінші реттегі тартыс) кейінгі шешімін күтетін сәтте «Махаббат» атты төртінші бөлім арқылы шығарма бастамасы (экспозициясы) пайда болады [2, 32].
Жазушының бейнелеу құралдары көбінесе ауыл тұрмысынан алынады. «Ықаң шылымын тұтатқанда әуелі аузын толтырып, түтінді жөдемелете будақтатып жіберді. Оны көргенде Бекболаттың көзіне кешке таман басына күл шашқан бұқа елестеді» [1, 215].
Темекі тартқанды көрмеген Бекболаттың есіне бұқа түсуі нанымды болса, оқырман үшін күлкілі, жазушы қолмен ұстағандай жанды сурет жасай қойған.
«Мұртын тазының құйрығындай ширатқан, шашын енесі жалаған бұзаудай тарап, жылтыратқан ақ киімді дәрігер де матүшкелерге орысшалап, ауру жатқан үйлерді нұсқап, бірдеңе тапсырып жүр» [1, 196].
Автор ауылда өскендігін білдіріп, қазаққа таныс көріністі шебер қолданған. Байқағыштық, ұқсатқыштық шебер жазушыға ғана тән қасиеттер. Дәрігердің қандай адам екенін білмесек те, оны да сықақтан автордың құр қалдырмағанын аңғарамыз.
«Пароход сорпа жалаған кәрі төбетше суды сылп-сылп ұрып қозғала бастады» [1, 314].
Мұнда да ауылға тән көрініс пен техниканың жанды сурет жасағанын көреміз, тіпті пароходтың жүзіп бара жатқаны естілгендей әсер береді.
Мұндай суреттер көптеп кездеседі.
«Тыпаң орған шабындының түбірі бейнелес шашын бір сипап, шылымын жілік тістеген Майлыаяқша бір езуіне ырсита қыстырды» [1, 214]. Тыпаң шашын сипаттап жазуға жазушы көп әуреленбей-ақ, бізге таныс орылған шабындының түбірін келтіре салады. Жазушы көп айтылатын «кірпі шаш» деген сөзге басқа теңеу тапқан. Темекіні езуіне қыстыруы да иттің сүйек тістегеніне ұқсатылып күлкіңді келтіреді.
«Бекболат қаңылтыр аяқтағы сылдыр сорпаны жеріген жылқыша тамсап, ұрттаған болды» [1, 200]. Ол кездегі қазақтар қаланың, аурухананың тамағын ішіп үйренбегендіктен, жылқының лай судан жерігеніне теңеуі дәл шыққан.
«Бекболат та қалақтай алақанын қырынан жапсырып жатыр» [1, 217], – деп Бекболаттың қонақтармен амандасуын жай сөзбен айта салмай, көз алдымызға суретін елестетеді. «Қалақтай» деген сөз Бекболаттың ауыл баласы екенін, қолының жалпақ екенін айқындай түседі. В. Набоковтың «Қапас құрсауы» романында осыған ұқсас мысал бар: «Кречмар, мұнда кімнің қожайын екенін аңғара алмай, қолын жуып жатқан адам құсап ысқылап тұрған Горнге қарсы жүрді. Горн қолын әлі ысқылап сабындап тұр, басын сәл ғана изеп қояды» [5, 273]. Бұл мысал ыңғайсызданып тұрған адамның қимылын нақтылай түседі.
«Өзіне дейін қазақ прозасында роман дәстүрі терең тамыр жаймағанына қарамастан, «Ақбілек» романы стильдік, композициялық тұрғыдан, сөз жүйесі бойынша іргелі көркемдік талаптарға қысылмай-қымтырылмай жауап береді» [2, 31].
Пайдаланған әдебиеттер
1 Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1996. – 1 т. – 14–313 б.
2 Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. – Алматы, 1996. – 37–46 б.
3 Достоевский Ф. Ағайынды Карамазовтар. – Астана, 2004. – 382–711 б.
4 История русской литературы ХІХ века. – М., 1987. – 400 б. 5 Набоков В. Романдары. – Алматы, 2005. – 273 б.
В статье всесторонно рассматривается мастерство писателя в сентиментальнопсихологическом романе «Ақбілек». В частности определяется мастерство писателя в создании образов персонажей и их характерологических особенностей. Проанализированы художественные приемы в расскрытии душевного мира персонажей. В ходе анализа доказано своеобразие и мастерство писателя по описанию трагических сцен во время становления советской власти в казахской степи. В статье анализированы также стилистические особенности в создании психологических образов и художественноязыковые приемы в употреблении писателя.
In the article the author’s skill in the sentimental-psychological novel «Aқbilek» is considered comprehensively. In particular, the writer’s skill in creating images of characters and their characterological features is determined. Artistic techniques in the disclosure of the soul world of characters are analyzed. In the course of the analysis, the writer’s originality and skill in describing the tragic scenes during the formation of Soviet power in the Kazakh steppe was proved. The article also analyzes stylistic features in the creation of psychological images and artistic and linguistic devices in the writer’s usage.