Н.М. Рахманова, К.С. Әбдіқалық
Алматы университеті
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
55rnm@mail.ru
ЕЛДІККЕ ЖЕТУ НАСИХАТЫ
Мақалада ұлттық сананы ояту мақсатында жазылған ұлт зиялыларының ойпікірлері, өлең шумақтары талданады. Абайдың ағартушылық, демократиялық ұстанымын ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым отаршылдыққа қарсы күрес идеясымен жалғастырғаны сөз болады. Ұлт зиялылары отаршылық пен Отаншылықты барлық жанрда жазған шығармаларының өзегіне айналдырғаны зерделенеді. Ел болашағы жастарға оқу-білім беру аққылы ғана көркейетінін А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сейфуллин, Н. Төреқұлов, С. Садуақасовтардың жарыса жазғаны талданады. Қазақ зиялылары таратқан саяси идеялар қоғамдағы сана сілкінісіне,ой-өріске ықпал еткені айтылады.
Кілт сөздер: ұлттық сана, ағартушылық,демократиялық бағыт, рухани тәуелділік, сөз–экспрессема–образ, жалпыадамзаттық құндылықтар.
Ұлттық тәуелсіздікке жетудің жолы ұлттық сананы ояту, ұлттық тұтастыққа, бірлікке ұмтылдыру екенін ХХ ғасыр басындағы, 20-30 жылдардағы баспасөз әдебиеттің барлық жанрында көтерді.
ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі революциялық қозғалыстардың ауанын аңдаған ұлт зиялылары тәуелсіздік пен бостандық үшін халық санасын сәулелендіру жолында күрес бастады. Бұл үрдіске қазақ халқының тағдыр-талайын қалам ұшында сөйлетіп, жоғын жоқтап, мүддесін қорғау жолында Абайдың ағартушылық, демократиялық дәстүрі отаршылдыққа қарсы күрес идеясымен ұштастырылды.
Жаңа қоғамдық қатынастарды енгізе бастаған орыс отарлаушылары «жабайы» халықты мәдениетке тартамыз деген желеумен батыс және орыс мәдениетін қазақ еліне жақындатудың жолдарын жан-жақты қарастырды. «Қай өркениеттен, кімнің мәдениетінен үйренсек?» деген сұрау ұлт зиялыларын қай заманда да ойлантты. «Орысша оқу керек, хикмат те, мал да, өнер де,ғылым да – бәрі орыста зор. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін біледі.
Сен соның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады» [1, 379].
Осылайша Абай екі жағымсыз жағдайдан сақтандырады. Біріншісі – орыстың жақсысы мен жаманын айыра білу, жақсысын үйреніп, жаманынан жирену. Ресеймен араласқан қазақ даласына талай залалды дүниелердің келгені өтірік емес. Екіншісі – орыс ғылымын, өнерін қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейін деп ниеттеніп үйренудің орнына, қазаққа қарсы қару ретінде пайдаланушылардың көбеюі. Осы екі қауіптен бойымызды аман сақтасақ, орыспен тереземіз тең болар едік, — дейді Абай.
Белгілі қоғам қайраткері, ғалым Н.Төреқұлов 1916 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Әдебиетімізге көз салу» деген мақаласында былай дейді: «Еуропаға еліктеу, меніңше, онша қорқынышты емес. Өйткені, Еуропа мәдениетінің бір асылы дух критицизм-рух сыны; бұл бізді жүре алмайтын тұйыққа, шыға алмайтын шыңырауға алып кетпес. Еліктеуіміз өлшеуден шығып бара жатса, рух сыны бізді және көзімізді ашып, қатемізді көрсетер. Абай – әдебиетіміздің атасы, бұл жолдың қорқынышсыз, біз үшін пайдалы екендігін сезіп, сол жолға бұрылды. Әйтпесе, Абай үшін араб, ғалам жолы да ашық еді…» [2, 85].
«Заманды заман билеп» жатқан тұста Абайдың «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», «Басың дауға, малың жауға кетеді» дегені қазақ даласын емін-еркін аралап кетті. Бұл кез – отарлық бұғау алаш зиялыларының заманына қарағанда әлі босаң кез.
1917 жылға дейінгі көркем шығармалардың көбінде орыстың отаршылдық пиғылы ашық әшкереленбей ишарамен берілген. 1917 жылғы төңкерістен кейін онан үлкен үміт күткен ұлт зиялылары қазақ тәуелсіздігін басыбайлы ету жолындағы діттеген мұраттарын, замандастарына деген көзқарастарын ақтарыла, жарыса айта бастады.
Бұндай еркін ой арылтудың ғұмырын Абайдың «жүрегінің басына у мен дерт жинаған» өңі айналған отаршылдық пиғыл 5-6 жылда қайтадан толықтырды, ақыры жұтып алды. «Жан бостандығы» қайтадан таразы басына тартылды. Толғану мен торығу жаңа сипат алды. Қазақ басын сұққан экономикалық, саяси, әлеуметтік, әкімшілік, ең бастысы рухани тәуелділік зиялылар санасына салмақ салды.
Бұл күйді Мағжан:
Жарқ еттің, көз ашқанша ғайып болдың,
Ашылмас қара тұман қаптады түн,-деп жырлайды.
Күннің көзін көлегейлеп, жарықты жапқан ашылмас қара тұманның түндерді қаптатуы – образ. «Қаптаған түн» діттеген мұратқа жеткізбесін, арман -үміт үзіліп, түн баласы қазақты қайтадан құшағына аларын меңзеу бар. «Түн» дәстүрлі мағынасынан кеңейіп, сөз–экспрессемадан образ дәрежесіне көтерілген. Халқының болашағын ойлаған ақын қазақ бойынан жаңа өмірдің белгісін көргісі келеді. Ойламай біздің қазақ текке жатыр, Бір іске жанаса алмай шетте жатыр.
Ақын халқым оқу-өнерге үйренсе, осы арқылы дамуда алға жылжыса, «аспан — көкке асатын», «өнер — білім кілтін» ашса деген ниетті.
Мағжан дербес елдікке жету үшін көкіректі сәулелендіру керек екенін қағида іспеттес ұсынады:
Жаның жасып кірлеген, Жаныңды,алаш, аласта!
Қазақтық сана-сезімге серпіліс берер төмендегі жолдардың отаншылдық отын алаулатуға қай кезде болсын септігі тиері сөзсіз. Сарыарқамның топырағы, Менің жанымның тұрағы.
Сәкеннің «Түс» өлеңінде Ресей бодандығындағы қазақтың жәй-күйі аллегориялық тәсілмен берілген. Ақын түсінде бар сәнінен айырылған бақшаны көреді. Жайқалған көкпеңбек боп тұрған толып, Көк шалғын сұлап жатыр қуқыл болып. Қызылды-жасылды боп желкілдеген, Гүл-шешек кеткен қурап -солып.
Өзгерген өмірге себепші не, бұл тозудың сыры неде? Ақын мұның себебін білгісі келеді, жауапты бақша шетіндегі мұңайып тұрған талдан естиді. Ынтымақсыз иеміз болғаннан соң, Жанжал қып, харап қыпты бірі-бірін. Түсіпті қараңғылық содан бізге, Хақ тәңірі аяғандай бізден нұрын.
Ақың меңзеуінде бақша – қазақ кейпі. Өлең ұлт психологиясының өзгеріп, үстемдікке толық тәуелді болған ұлт табиғаты қандай өзгеріске ұшырайтынын астарлай жеткізіп отыр. Өлең өзегінде ескі жалғанды аңсау да бар. Ақын өлең соңында ел болашағын көркейтуде жастарға сенім артатынын жасырмайды. Осындай мүшкіл халден елді құтқаратын оқу-білім, «бақшаның» қайғысын ағатушылық жолмен сейілтуге болады дегенге ден қойып, көңіл аудартады.
Сәкеннің «Қазақ сабағы» – Мағжанның «Жатыр», Сұлтанмахмұттың «Жарлау» өлеңдерімен үндес. «Қазақ сабағы» – Сәкеннің тұңғыш өлеңдер жинағына енген туындысы. 1917 жылдан кейін Сәкен бар болмысымен бүтіндей «қызыл» болып, таптық мүдде жетегінде кетіп, ұлттық сезімнен адаланды деп те айта алмаймыз. Ұлттық құндылықтарды сақтауда Сәкеннің атқарған ісі қыруар.
С. Сейфуллин «Қазақ арасындағы сауатсыздықты жою», «Барлық күш оқуға»,«Зор міндет», «Әр қазақтың жадында оқу болсын» деген мақалаларында елдікке жетудің кілті оқу жүйесін дамыту екенін қадап айтады. «Қазаққа оқу бұрын бір мәртебе керек болса, енді мың мәртебе керек. Қазақ алдындағы болашағын ойлауы керек», «Ісіңмен, күшіңмен, тіліңмен болса да оқу ісіне жәрдем қылмасаң кейінгі жас буынның қолы жағаңда» деген Сәкен нәсихаты қазақ тағдырының көкейкесті мәселелеріне дер шағында үн қатудың үлгісі.
Қазақстан үкіметінің төрағасы қызметін атқарған Сәкен қазақ тілінің мәртебесі ресмиленуін басты назарда ұстаған. 1924 жылғы «Қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы Қазақстанның губерниялық һәм уездік совет комитеттерінің төрағаларына Ашық хатында»: «Сөйлесе кетсең қызмет басқарып отырған адамдардың ешбірі қазақ тілін мекемеге кіргізбеймін дейтіні жоқ. Бірақ қазақ тілі әлі де қазақтың өз аузында. Қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл жұмылған ауыздың ішінде … Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреулері қазақ тілі туралы қатты кірісуге «біреу ұлтшыл деп айтады» деп бой тартады. Бірақ ол – қулық. Бұл – коммунистік қылық емес, жарамсақтық, жағымпаздық» деп әлеуметтік індетті ашып айтады [3, 100].
Cмағұл Садуақасұлы: «Біздің ойымызша, қазақ жастары бірі қалмай оқу керек. Ойда, қырда оқымаған жас қалмасын. Ата-бабамыздың надандығы таңдайымызға татиды. Тағы да солардай жүз жылдап, мың жылдап құлдық көреміз демесек, біз жапатармағай оқуымыз керек. Оқусыз, өнерсіз адам баласы ешбір жақсылыққа жете алмайтындығын иман қылып, шүбәсіз сену керек» деп жаңа буын, жас қауымды болашақтың рухани қазынасына жетелейді
[4, 264].
Міржақып Дулатов Бутырск түрмесінен жазған хатында былай дейді: «…Мен өзімнің құлдыққа түсіріліп, езгіге салынған бейшара халқымның осы құлдық жағдайдан шығуына көмектесуді өз борышым деп санадым. …Саяси саладағы оқиғаларды дер кезінде болжай алмадым деп санаймын, ал қазір Кеңес өкіметіне қарсы күресті деп отырғанның бәрі менің қазақ ұлтын дербес,тәуелсіз,бақытты жағдайда көргім келген тілегім ғана…» [5,85].
Алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының ұлттық және жалпыадамзаттық
құндылықтарды қорғауы мақсат етуі, азаттық алу жолындағы күрескерлігі, тіліне, діліне, дініне деген адалдығы ғылыми мақалларында да, сыни еңбектерінде де көркемдік танымбілігі бар дүниелерде де көрініс тауып, идеялық негізін қалай бастайды. Қоғамдық сана да жол айрығына тіреледі. Аңсаған тәуелсіздік идеологиясы ол тұстағы саясатпен қабыспайтыны айтылып та, жазылып та жатты. Қазақ зиялылары таратқан саяси идеялар қазақ қоғамының сана сілкінісіне, құқықтық, эстетикалық таным-талғамына, ой-өрісіне ықпал етті.
А. Байтұрсынұлы «Қазақ қайраткерлерінің жайынан» дейтін мақаласында: «Жалғыз қалам қайраткерлері емес, қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшілігін айтпай тұра алмайды. Қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеу керек. Бауырмал десін, қазақшыл десін, ұлтшыл десін, оған құлақ асып, ауыр алмаса керек. Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетіп, теңелуіне керекті ісімізді қолға алайық. Қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жұмысқа күшін, ісін сарп етеуі керек. Басқалармен мәдениеті теңеліп, жарыса, жармаса күнелтуге қазақ жеткен күні қазақты қасындағылар қаңсылатуын қояды, қазақ азаматтарының қазақ үшін айрықша қайғыруы, қан қызуының жоғырылауы, бауырмалдық сонда өзінен — өзі жоғалады. Бас өзгерді, бастық өзгерді, төбе өзгерді, төре өзгерді, басқасы әлі қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кеміген жоқ. Жеуге жеңіл тұрғанда жеу –табиғи іс. Қазақты бұрын жегендер әлі де зорлық қылып отыр. Қазақ мәдениеті орыстан кем болған соң жем болатыны сөзсіз. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» [6, 201.].
Ұлт намысын ойлаған алаш қайраткерлері әдеби — ғылыми мұраларында ғана емес, әр жағдайға байланысты жазған көсемсөздерінде де өткінші өлшемнің құрсауынан шығып, қоғамдық-әлеуметтік сананың серпілуіне ықпал еткен, оның жаңғырығы әлі де естілуде.
Пайдаланылған әдебиеттер 1 Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. –Алматы, 2005. – Т. 2.
2 Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды? – Алматы, 1993.
3 Сейфуллин С. Бес томдық шығармалар жинағы. –Алматы, 1988.5-т.
4 Садуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. –Алматы, 2003.2-т.
5 Дулатов М.Шығармалары. –Алматы, 1997. 6 Байтұрсынов А. Шығармалары. –Алматы, 1998.
В статье анализируются взгляды, мнения и стихотворения национальной интеллигенции в пробуждении национального самосознания. Просветительскую, демократическую позицию Абая в начале ХХ века продолжает интеллигенция идеей борьбы против колониализма. Исследуется, что в произведениях всех жанров национальной интеллигенции, центром является колониализм и патриотизм. Анализируется также, что А. Байтурсынов, М. Дулатов, С. Сейфуллин, Н. Торекулов, С. Садуакасов писали о том, что будущее народа заключается в образовании молодежи. Говорится о том,что политические идеи, распространенные национальной интеллигенцией, способствовали развитию сознания и мыслей в обществе.
The article analyzes the views, opinions and poems of the national intelligentsia in the awakening of national self-awareness. The educational, democratic position of Abai, in the early twentieth century, the intelligentsia continues the idea of a struggle against colonialism.It is investigated that in the works of all genres of the national intelligentsia, the center is colonialism and patriotism. It is also analyzed that A. Baitursynov, M. Dulatov, S. Seifullin, N. Torekulov, S. Saduakasov wrote the future of the people in educating the youth. It is said that the political ideas spread by the national intelligentsia contributed to the development of consciousness and thoughts in society.