Р.М. Мүтәлиева1, Г.К. Кажибаева2
С. Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университеті1
Ш. Уәлиханов ат. Көкшетау мемлекеттік университеті2 Павлодар1, Көкшетау2, Қазақстан
raushan_mutalieva@mail.ru, guldenkgk@mail.ru
Б. МАЙЛИННІҢ «ҚАРА ШЕЛЕК» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ ПСИХОЛОГИЗМ
Б. Майлиннің «Қара шелек» әңгімесіне психологиялық талдау жасалып, жазушының әңгіме шебері екендігі дәлелденді. Жазушының кейіпкер характерін ашудағы даралығы қарастырылды. Әңгімеде заман шындығын шынайы суреттеу ерекшелігі талданды. Сюжет құрудағы жазушының таланты, стиль өзгешелігі дараланды. Әңгімеде көркемдік детальды қолдану шеберлігі қарастырылды. Кейіпкер психологиясын суреттеу шеберлігі ашылды.
Кілтті сөздер: әңгіме жанрының шебері, кейіпкер психологиясы, логикалық дәлел, дәлдік, ықшамдылық.
Бейімбет Майлиннің әңгіме жанрының шебері екендігі туралы кеңес дәуіріндегі ғалымдар жеткілікті айтқан болатын. Т.Нұртазин:«Қазақ әңгімесі» дегенде алдымен Бейімбет Майлин есімі тілге оралады. Бұл қаламгер әңгімені сан жағынан да, сапа жағынан да жазушыларымыздың бәрінен көп жазды, келістіріп жазды. Бұл пікірді басты жазушымыз, көркемсөз шебері, әдеби теорияға жетік М.Әуезов сан рет пысықтап айтып жүрді» [1, 46].
М. Қаратаев «Шеберлік шыңына» атты еңбегінде былай дейді: «Бейімбет Майлин прозасының қалыптасқан белгі, сипаттары мыналар: оқиғалары мен фактыларының нақтылығы, ақиқаттығы, шын тұрмыстан алынатындығы, образдарының айқындылығы, стилінің қарапайымдығы, суреттерінің шағын да болса шығарма көлеміне шақ, өрнектілігі, байырғылығы, сөйлемдерінің келте, қысқа болғанымен оралымдылығы, диалогтарының мағыналылығы, әңгімелеу сарынында сезімталдық пен әзілшеңдіктің басымдығы» [2, 242].
«Қара шелек» әңгімесі былай басталады: «Әңгіме қара шелектен басталды. Айшаның атасының басындай сақтап жүрген шелегі ғой. Үшінші жыл болып барады, Айша шелексіз қалып, шелек сұраймын деп абысын-ажынға жексұрын көрініп, ақырында Бірмағамбетті бүріп, Кәстеңкенің дүкенінен алдырған шелек еді. Айшаның жинақылығы, күтімділігі, бірін мыңға балап ұстайтындығы бүкіл ауылға мәлім. Салақ қатындар Айшаны жаратпағанда, Айшаға мін таққысы келгенде:
– Көріне бірге алып кетсе көрерміз; әйтпесе кімнен қалмаған дүние,– деп бұрқылдасады [3, 365].
Бұл жерде бірден Айшаның пысық, шаруақорлығы ашылады.
«Сол қара шелек бүгін майып болыпты. Қожағұлдың қара тоқалы біреуден нәрсе сұрамай, алған нәрсесін бүлдіріп бермей жүре ме, бүгін келіп қара шелекті сұрай қойды.
Айша шелек сұраушыны жайшылықта маңына жүргізбейтін:
– Менен кедей емессіңдер ғой, керек болса, сатып алыңдар,- дейтін [3, 365].
Айшаның оңайлықпен біреуге шелегін бермейтіні көрінеді. Енді келіп салақ қара тоқалға шелекті қалай беріп қойған себебі мынау: «Бүгін сонысын айта алмай ќалды. Айта алмай қалған себебі болды: бүгін айға толды, Бірмағамбет жоқ! «Аудан жұмсапты, науқанға өкіл қылыпты, 5- ауылдың байларын Бірмағамбет протоколдап ауданға айдап жіберіпті.»– деген сияқты хабар еміс-еміс естіледі. Науқаны несі? Байларда не жұмысы бар? Айлап қаңғырғандай, ай толғанша үй бетін бір көрмегендей не болды? Бұл не сұмдық? Қатынбаласынан безген адам бола ма екен?– деп бірер күннен бері Айша үздіксіз ойлаумен жүр. Күл шығарса да, от жақса да, жалғыз ала сиырды қақпалап суатқа апарып суғарса да есі — дерті Бірмағамбет болады да жүреді» [3, 367]. Айша осындай қалың оймен Бірмағамбетті уайымдап жүріп, оның үстіне жиылыста біреу коллективке қатысты:
– Әйелдерді де ортаға салатын болсақ екен,– дейді-ау. Шынымен солай болса, әйелдер де ортаға салынса… Айшаның ойына Бірмағамбеттің мінезі түсе қалды: қызғаншақ, күйгелек, томырық… «Сені жанымдай көремін, саған біреу тікелеп қараса, ішім күйіп кетеді…» дейтін Бірмағамбет кейде.
Бейімбеттің кейіпкері ой үстінде жүргенде іс-әрекетте суреттеледі. Жоғарыдағы мысалда Айша күл шығарып, от жағады, сиырын суатқа апарады. Осындай үй жұмыстарын атқарып жүріп, Бірмағамбетті ойлаумен болады. Бұндай тәсіл Чехов әңгімелерінде де кездеседі. Оның «Святкиде» әңгімесінде қызын ойлап жүрген кемпір былай суреттелетін: «Кемпір сорлы таңертең ерте тұрып сиыр сауып жүрсе де, пешке от жақса да, түнде ұйқылыояужатса да: Ефимьям не болды екен, аман-есен жүрме екен деп қызын ғана ойлайтын» [4, 331].
Коллектив туралы осындай алып-қашпа сөздерді ойлап отырғанда шелек сұрап қара тоқал келеді. Айша таза әйел болса, ол керісінше салақ: «Жаулығы салтақ-салтақ кір. Аяғындағы кебісі бір жамбастап қисайып кеткен. Жау қуып келгеннен жаман ентігіп, қотыр малдай пешке сүйене тұрды да:
–Апырым-ай, Құдайдың күніне не болып кетті, түбі түсіп кеткен шығар, күнде боран, есті тандыратын болды ғой. Осы боранда ерігіп, жиылысқа келіп жүргендерін айтам-ау, «Шоққайыңның» 4-5 адамы үйге келіп, әкемдей болып сіресіп отырып алды. Соларға шай қойып беріп құтылайын деп едім, екі шелекпен бармасам, боранда қайта-қайта барып жүру қиын, шелегіңді бересің бе, келін?– деді.
Қара тоқалдың не айтып, не қойғанын Айша ұғынған жоқ, сөзіне құлақ та салған жоқ. Жалғыз-ақ «шелек» дегенін ұғынып қалды. Шелекті бермесе қара тоқал мылжыңдап мазасын ала беретін сияқты болды. Содан құтылғанша асықты. Өзі үйде оңаша қалып, істеген ісін тағы бір ойлап шықпақшы болды.
–Ана жақта тұрған шығар, ал!– дей салды.
Қара шелек қолынан осылай шығып кетіп еді [3, 372].
Бейімбет – шағын әңгімеге барлық мәселені сыйғызып жіберетін шебер жазушы. Айшаның ойы арқылы коллективтендірудің қалай өтіп жатқанын, өзінің артель бастығы болып сайланғаны, мал ортақ болады дегенде әзер дегенде жинаған 2-3 малын уайымдағаны, әсіресе бір шелек сүт беретін ала сиырын уайымдағаны – бәрі бізге мәлім болады. Осындай нәрселерді ойлап отырып, шелекке мән бермеуі –логикалық дәлел.
Ал, қара тоқалдың шелек сұрап келуіне де себепкер – жиналысқа келген адамдар.
Қара тоқалдың салақ екені де айтылып қалады. Жалпы, Бейімбет әңгімелерінде әйелдердің салақтығы не көкдолылығы немесе тағы басқа мінездері қағыс қалмайды. Бірақ таза әйелдерден гөрі салақ әйелдер көбірек сыналады.
Бір ғана қара шелек арқылы сол кездегі жұрттың колхоздастыруға қатысты түсініктері, заманның астан-кестеңі шыққанын айқын көреміз. Шелек оқиғасы сюжетте байланыс қызметін де атқарып тұр.
«Кеш болып, үй-іші қара көлеңке тартқан соң, суға барайын десе, шелегі жоқ. Шелегін қара тоқалдың алып кеткені Айшаның есіне сонда түсті. Жаны шығып кете жаздады, өйткені, қара тоқалдың қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес: кесе алса, екі бөліп қайтарады, ќұманша алса, шүмегін сындырып қайтарады, шелек алса… [3, 372].
Айша шыдай алмай үйден шыға жүгірді. Екі үйдің арасына жалданып тұрған қарға тізесінен батып малтықты, оған да тоқтаған жоқ, қара тоқалдың үйіне жеткенше, қара шелекті көргенше асықты» [3, 372].
Айшаның қарға малтығып жүгіруі – көркемдік деталь. Өйткені, тоқалдың ыдысты сау қайтармайтынын біледі. Уақытты кетірмей тез жету керек. Айша қара тоқалдың үйіне барса: «Шашы обырап, күлді бұрқыратып қара тоқал пештің алдында отыр еді. Есіктен кірген Айшаны көрді де, ашуланған пішінмен шымшуырмен отты көсеп-көсеп қалды. Күл бұрқырап пештің аузынан көлбеп ұша берді.
–Шелекке келіп едім, – деді Айша әлденеден қорыққандай.
–Әлгі қағынғыр бала… өзінің де сыйын бердім…– деп қара тоқал отпен бола берді.
Айша шошынып, сезіктеніп, қара тоқалға төне түсті. Тоқал қаймыққан түрмен қарап:
–Неге төндің? Үлкенді сыйлап именсе қайтеді екен бұлар? Әне, жатыр шелегің, – деді.
Айша босағаға қараса, екі бүктетіліп, түбі аламайымен сөгіліп, қара шелек жатыр! Жаны шығып кете жаздады. Жалма-жан шелекті алып, қара тоқалға жіберіп ұрды. Ызаланып көзінен жасы ыршып-ыршып кетті.
–Ойбай, өлтірді мына иттің баласы!–деп қара тоқал шаңқылдап, үйді басына көтерді»
[3, 372].
Қара тоқалдың екінші рет салақтығы көрінеді: шашы қобырап кетуі, күлді бұрқыратып алуы. Айшаны көргенде бүлінген шелек есіне түсіп, соған өзі де ызаланып, бір жағынан Айшаның да құр кетпейтінін алдын-ала сезгендей – осының бәрі бір-ақ қимыл арқылы, шымшуырмен отты салып қалуынан байқалады. Ашуланып қимылдағаны соншалық, күлді бұрқыратып жібереді.
Айша шелектің «қазасын» естуге қорқып, күдіктеніп сұрағанда даусының да қалай шығатыны белгілі.
Тоқал бір-екі сөзбен ғана болған жайды аңдатады. Шелекті бүлдірген бала екенін, өзінің де таяқ жегенін аңғарамыз.
Айша шелектің бүлінгеніне көз жеткізу үшін тоқалдың жанына жетіп барады. Қара шелек жай майыса салмаған, жарамастай боп бүлінген. Сондықтан Айшаның жаны шығып кете жаздайды. Шелектің бүлінгені қатты батқаны соншалық, тоқалды шелекпен ұрады. Ызаланғанынан көзінен жас шыққаны – шелекке қолы әрең жетіп еді, ол кезде ыдыс қымбат тұрады, алу оңай емес.
Жазушы көлемі шағын диалог пен баяндаудан екі әйелдің образын, психологиясын өте дәл, ықшам, шебер түрде жеткізген. Қабдолов айтатын дәлдік пен ықшамдылық бар. Бір сөздің өзі кейіпкердің ішкі жағдайын ашып береді. Ауыл әйелдерінің мінез-құлқы айнақатесіз нақты беріледі. Әйелдердің қандай жағдайда қалай сөйлейтіндіктерін жетік меңгерген.
«Шам жаға Қожағұл келді. Бет-аузына жабысқан қар еріп, сақалынан тамшылап тұр» [3, 372]. Екі үйдің арасы әжептәуір алыс екені, қар борап тұрғаны білінетін деталь.
–Келін шырағым, біздің әйелге қол тигізбей-ақ қойсаң болмай ма?– деп күрсінді. [3, 372]. (тоқалының кінәсін біліп тұр).
– Сындырмасын, бүлдірмесін біреудің нәрсесін!
– Сындырмасын дегеніңіз дұрыс қой, бірақ «біреудікі» дегенді қойса да болады ғой. Мана өзіңіз бар емес пе едіңіз, не деп еді өкіл? «Керекті құралды ортақ пайдаланасыңдар» демеп пе еді? Сол құралдың бірі шелек қой. Бастық адам ұрмас болар, «бастығымыз осылай қылды, ұрды» деп арыз берсек, «потсот» кететініңізді білесіз бе?». [3, 373].
Мұнда адамдардың «ортақ мүлік» дегенді қалай ұғатындары байқалады.
Айша өзін тентекке санады. «Шынында, солай екен: ортақ мүлік, алып пайдаланды. Сындырса да еркі бар емес пе?», –деп ойлады. Ойлап еді, көз алдына жапырылған қара шелек елестегендей болды, шашы жалбырап, пеш алдында албасты құсапотырған қара тоқал елестеген сияқтанды» [3, 373].Айша колхоз заңына бағынса да, қара тоқалдың ісін мақұлдай алмайды. Кейіпкердің ішкі психологиясы көрінеді.
Бірмағамбет келгенде Айша болған жайды айтады. Қожағұлдың сотқа берем дегенін де айтады.
–Туу, содан қорқып жүргенің бе? Қожағұл сотқа беруші ме еді? Қожағұлдың кім екенін білесің бе? Ол–саудагер, ол–молда. Берікболдың жаназасын шығарып, қызыл бұзауды алғаны биыл күз емес пе еді? Ортақ мүлікке шелек қосылушы ма еді? [3, 374].
Солкездегі саясат бойынша қайтыс болған адамға жаназа шығаруға тыйым салына бастағанын аңғарамыз. Атеизм қағидасы тұрғысынан мұндай істер кеңес өкіметіне жат боп саналды. Ол кезде саудамен айналысқан адамды алыпсатар деп айыптайтын.
Қорыта айтқанда Бейімбет Майлинді қазақтың Чеховы деп айтуға болады. Оның әңгімелерінде ауыл адамдарының психологиясы, әсіресе, әйел адамдардың психологиясы шебер ашылады. Кеңес өкіметі кезіндегі саяси науқандар туралы әңгімелерінде шындықты юмормен береді. Кейіпкер мінезін ашуда диалог, детальдарды сәтті қолданады.
Пайдаланған әдебиеттер 1 Нұртазин. Т. Б. Майлин творчествосы. – Алматы, 1958. – 195 б.
2 Қаратаев М. Шеберлік шыңына. – Алматы, 1963. – 242 б.
3 Майлин Б. Көп томдық шығармалар жинағы.1-т. – Алматы, 2004. 4 Чехов А. Жуан мен жіңішке. Әңгімелер. – Астана, 2011. – 331 б.
В статье проводится психологический анализ по рассказу «Қара шелек» Б.Майлина, который является тонким наблюдателем реальной жизни казахского аула и рисуя мелкие детали, штрихи, мастерски передает характерные черты простого человека, которые отличаются от других писателей. А также анализируется своеобразие писателя в развитии сюжета произведения, его мастерство в расскрытии психологических черт персонажей.
In the article, a psychological analysis is conducted on the story «Qara Shelek» by B.Maylin, who is a subtle observer of the real life of the Kazakh aul and drawing small details, strokes, masterfully conveys the characteristic features of a common man, which differ from other writers. And also analyzed the originality of the writer in the development of the plot of the work, his skill in uncovering the psychological features of the characters.