АҚЫН Б. ЫСҚАҚОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ «ТУҒАН ЖЕР» КОНЦЕПТІСІ

К.М. Шакирова
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты Арқалық, Қазақстан katira_1971@mail.ru

АҚЫН Б. ЫСҚАҚОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ «ТУҒАН ЖЕР» КОНЦЕПТІСІ

Тілдің халық танымын танытатын қызметі тіл білімінің жаңа бағыттағы саласы когнитивтік лингвистикада айқындалатындығы қарастырылады. Тіл ғылымында когнитивтік бағытта жазылған ғалымдар еңбектері сараланады. Адамның таным әрекетімен, мәдени ақпаратымен ұштасатын «концепт» терминінің поэзия тіліндегі түрлі қызметін, танымдық сипатын анықтауда ақын Бақыткерей Ысқақовтың туындылары талдау негізіне алынады. Ақынның қоршаған ортаны, дүниені тануы, түсінуі, қабылдауы түрлі құрылымдық үлгілер арқылы бейнеленгендігі талданады.
Қаламгердің тілдік қолданысындағы туған жер лексемасының концептілік жүйе түзуі автор дүниетанымының ұлттық таным дүниесімен сабақтастығынан туындағандығы анықталады.

Түйін сөз. Таным теориясы, тілтаным, концепт, танымдық сипат, дүниетаным.

Тіл ұлттың мәдени құндылықтарын, тарихи даму жолын, өзіндік танымына тән дүниетанымдық әлемін, салт-санасын бейнелейді. Осыдан тілдің тек қатынас құралы ғана емес, халықтың танымын танытатын, танымдық деңгейінің көрсеткіші ретінде қызмет атқаратындығы айқындала түседі.
Қазіргі тіл біліміндегі зерттеудің басты мақсаты тұлғаны тануға негізделгендігі зерттеу еңбектерде кеңінен қарастырылған. Осы ойымызды зерттеуші Ж. Сұлтанның пікірі бекіте түседі: «ХХ ғасырдан бастап нормативті грамматикалармен қатар, тілге жаңа қырына зер салу, оның ішкі идеялық философиясына назар аудару, антропоцентристік сипатын талдап қарастыру қазақ тіл ғылымында лингвистикалық мәселелердің өзектелуіне әсер етті. Қазіргі кездегі лингвистиканың (мейлі жеке, мейлі жалпы тіл білімі болсын) басты мақсаты – тілді тіл үшін зерттеу емес, адамды тануға негізделген.
Осыған орай, тілтаным іліміндегі антропологиялық парадигманың пайда болуы нәтижесінде – тілдің барлық мүмкіншілігін сан-салалы қырынан айқындау арқылы сол тілді тұтынушы субъектінің, яғни жоғары деңгейлі сана –сезім мен қоғамдық –тарихи, мәдени тіршіліктің иесі – адамның рухани болмысын тереңірек тануға жол ашылды» [1, 3].
Адам болмысының аса құнды қасиеттерінің бәрі оның танымының кеңдігі болып саналатындығына тоқталып, таным теориясына қатысты ғылыми еңбектерді саралай келе, зерттеуші М.А. Иманқұлова: «Демек, тіл біліміндегі таным теориясы – адамның айналадағы заттар мен құбылыстарды, дүниені тану, түсіну, ол туралы ұғымдарды санада тіл арқылы қалыптастыру әрекеттерін, оның ұстанатын ұғымдарын, ерекшеліктерін, әдістерін зерттейтін ғылым саласы», — деп тұжырымдайды [2, 15].
Қазіргі кезде таным теориясының басқа ғылым салаларымен байланысынан жаңа ғылыми бағыттар пайда болуда. Таным мен тілдің арасындағы байланысты, қарым – қатынасты, сәйкестікті білдіретін ғылым ретінде функционалды парадигманың алдыңғы қатардағы бағыты когнитивтік лингвистиканың тілді таным құралы тұрғысында зерттейтіндігі осы бағыттағы еңбектерде жан – жақты қарастырылған.
Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың қалыптасуында этнолингвистикалық зерттеулер ерекше мәнге ие. Академик Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова т.б. ғалымдардың зерттеулері тек этнолингвистика үшін ғана емес, когнитивтік зерттеулер үшін де құнды. Г.Гиздатов, Э.Сүлейменова, Б.Хасанов, Қ.Жаманбаева, А.Ислам,
С.Жапақов, М.Күштаева, Э.Н. Оразалиева, А.Б. Әмірбекова, Ғ.Е. Утебалиева, Г.Снасапова, Ж.Сұлтан, А.Байғұт, Н.Аитова т.б. еңбектерінен таза когнитивтік бағыттағы ізденістерді көруге болады.
Когнитивтік лингвистиканың қажеттілігінен туындаған «концепт» термині адамның таным әрекетімен, мәдени ақпаратымен ұштасады.
Когнитивтік лингвистиканың басты бірлігі болып саналатын концептінің түрлі зерттеу бағытына және түрлі мектептерге қатысына қарай бірнеше түрі кездеседі. «Ұғым, мағына» терминдерімен «концепт» термині бірдей мағынада қолданылатындығы зерттеу еңбектерде қарастырылған. «Концепт» пен «ұғым» терминдері ішкі формасына қарай бірдей: концепт латынның «сonceptus — ұғым» сөзінің калькалық аудармасы» [3, 49], — деп атап көрсетеді В.А. Маслова. Зерттеуші Ғ.Қ. Хасанов: «Бірақ бұл ұғымдардың мағынасы бірдей емес. Егер ұғым танылатын объектінің мәнді, мазмұнды қасиеттерінің жиынтығы болса, ал концепт – ұлттық болмысқа негізделген ментальді білім жиынтығы» [4], — дейді. Ғалым А. Ислам: «Концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталатын, белгілі бір ұлттың ұрпақтан ұрпаққа берілетін ықшам, әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым. Концептінің басты қызметі – дүниенің тілдік суретінің басты элементтерін атау» [5, 56], — деп анықтама береді.
Зерттеуші А. Әмірбекованың концептілердің поэтикалық мәтіндегі ерекшелігі жайындағы ғылыми еңбегінде: «Концепт дүние құндылықтарын танытады; санадағы ұғымды бейнелейді, тіл арқылы объективтенеді; санада концептілік құрылымдар көмегімен репрезентацияланады; тұлғаның біліми деңгейін танытады; ұлттың мәдени болмысы мен менталитетін көрсетеді; әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын береді; тұлғаның танымдық стилін айқындайды»[6, 101] — деген тұжырымын негізге ала отырып, қазақ халқы үшн ерекше құнды дүние болып саналатын «Туған жер» концептісінің танымдық сипатын ақын Б.Ысқақов поэзиясы негізінде анықтауды мақсат тұттық.
«Туған жер» концептісі – ұлттық сипатқа ие конспектінің бірі.
«Туған жер» концептісі – ата-бабаңның және өзіңнің туып-өскен, өсіп-өнген мекенің. «Туған жер» ақын тілінде «алтын бесік», «ұшқан ұя» ұғымдарымен сипатталады.

Қалтаға сап,
Құрт, ірімшік, майыңды,
Жалаңаяқ кездім қыр мен сайыңды.
Туған жерім,
Бектам, аман бармысың, Ұшқан ұям, алтын бесік Қайыңды [7, 114].

Екіншіден, «туған жер»- тыныс-тіршілік белгісі, қорек көзі.
Тамырда соққан қанымсың,
Тамызда атқан таңымсың,
Дір ете қалса бір бұтаң Солқ ете қалар жанымсың.
Туған жер!
Қайран туған жер! —
Басыма біткен бағымсың! [7, 116]

Ақын танымында «туған жер» концептісін тіршілік нәрімен қоректендіруші, тамырда соққан қан, жер жүзін алтын арайымен нұрландырар атқан таң, басқа қонар бақ бейнесінде метафора арқылы суреттеген.
Үшіншіден, «туған жер» концептісінің ақын туындысында бірнеше когнитивті аспектілерін кездестіруге болады.
«Туған жер» — бақ концептісі
«Туған жер» — құт концептісі, құт, құтты мекен
«Туған жер» — құтты мекен
(қоныс) – бақыт орнаған тұрақ, жайлы мекен.
Бақ сөзі – қазақ әдеби тілінің сөздігі мен қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде иран сөзі деп нақты берілген [8, 617], сондай – ақ Л.Рүстемовтің түсіндірме сөздігінде бақ – парсы сөзі деп беріліп, әр түрлі мағынада қолданылатындығы айтылады. Осы бақ сөзімен қосарланған бақ-дәулет – ақпараттың бірлігі – араб сөзі және бақыт, байлық мағынасында жұмсалады [9, 49].
Қазіргі кезде бақ және бақыт концептілері бақыт/бақыт құсы қонды (бақ дарыды, бақытқа бөленді, жақсылыққа кенелді) деген тұрақты тіркеспен қатар бақ қонды (бақ дарыды, бақытты болды) немесе (бақ құсы басына қонды) (бақытқа, дәулетке кенелді) тіркестері қатар қолданылады [10, 49].
Жоғарыдағы тұжырымдарға сүйене келе, ақынның Туған жер! Қайран туған жер! Басыма біткен бағымсың жолдарындағы тұрақты тіркес басына бақ қонды тіркесі басыма біткен бағымсың түрінде, яғни қонды етістігі біткен сөзімен ауыстырылғанымен, өлеңнің мазмұнына нұқсан келтірмегендігі, көркемдік бояуы қоюлана түскендігі аңғарылады. Автор танымында туған жер – баға жетпес байлық, бақ қонып, құт дарыған мекен. Туған жері арқылы ақын өзін бақытты сезінетіндігін ерекше сезіммен жырлаған.
«Туған жер» — тіршілік тірегі, алтын қазық, киелі тұғыр моделі

Кеттім қуып
Бұлдыраған сайыңды.
Жолдас етіп
Күнің менен Айыңды.
Темірқазық секілді алда тұрсың сен
Тұғыр болған
Туған жерім Қайыңды!!! [7, 115]

Отан – Ана, туған жер, кең дала, асқар тау, атамекен, құтты қоныс ұғымында өлеңге өзек етпеген ақын кемде-кем. Кеудесінде жұдырықтай жүрегі бар адам үшін туған жерден асқан байлықтың, бақтың керегі жоқ екендігін біледі.
Бақ та, құт та, береке де, бірлік те туған жерден бастау алатындығын тамсана жырлайды.
«Туған жер» – сағыныш концептісі
Ақын туған жері туралы терең толғанады, туған перзентінің өзегіндегі туған жерге деген шексіз сағыныш пен құрмет, ыстық ықылас, ынтық көңіл, сарқылмас сағыныш сырға толы өлең жолдарымен өріледі.

Туған жер, менің жастық шағымсың ба?
Нұрсың ба, тұмансың ба, сағымсың ба?
Білмеймін баса алмаймын құмарымды,
Тап-таза мөлдіреген сағымсың ба? [7, 119]
Туған жерге деген сағынышын жеткізу арқылы ақын қайта оралмас жастық шағын, өткен күндерін аңсайтынын аңғартып, сағынышқа толы сәбилік сәлемін риторикалық сұраулар негізінде әсерлі суреттейді. Сағыныш сезімі өткен күндерді аңсаумен астасып жатады.
Ақынның осы өлең жолдарында сағыныш концептісінің мәні, дүниені жаңа қырынан танытудағы қызметі табиғаты тың, мазмұны терең кестелермен көркемделеді.

«Туған жер» – сұлулық концептісі
Сен жаңа сәуле шашқан таңғы арайсың, Ашпаған ешкім әлі жан сарайсың.
Осынау биігінде кең даланың
Қайыңды, Қайыңдай боп жарқырайсың [7, 119].

Ақын танымында «туған жер» концептісі жастық шақ, көгілдір тұман, тап-таза мөлдір ағын, кіршіксіз таңғы арай бейнесінде көрініс тапқан.
Туған жерге қатысты ақын тіліндегі когнитивтік бірліктердің бейнелік сипаты туған жердің ішкі және сыртқы кескін-келбетін, географиялық орны мен табиғат сұлулығы көркем кестемен көмкерілген көріністерден аңғарылады. «Туған жер» – Ана концептісі
Қазақтың ұлттық санасында Туған жер – Ана – Табиғат – ажырамас біртұтас ұғым. Ақын қазақ дүниетанымындағы Туған жер – Ана бірлігін, ішкі байланысын былайша өрнектейді:

Қайыңды…
Мамыр айы – жасылданып,
Қыр төсі қызғалдақтан жатыр жанып. Майысып самал желмен тербеледі, Тал терек саусағына асыл тағып.

Тобылғы түйнек тастап бүрін ашқан, Сарғалдақ сүйірленіп гүлін шашқан. Ақ шуақ жұпар сеуіп кең далаға Құстардың клавищ қып тілін басқан.

Мөлдіреп Айдарбұлақ жатыр әні,
Жазылып қара жазық атырабы,
Туған жер
Күзде ұшырған балапанын Көктемде құшағына шақырады [7, 115].

Ұлттық ұғымымызда құшаққа алу, бауырға басу – ананың табиғатына тән қасиет. Ақын туған жердің кеңдігін, сұлу табиғатын мейірімге толы Ана бейнесінде әсерлі, шебер суреттеген.
Ақын шығармаларындағы қоршаған орта, туған жерге деген баға елді, жерді сүю тұрғысынан берілетіні байқалады, ақын тіліндегі ұлттық бояу қай жерде де қоюланып көрінеді.
Ақын дүниетанымының халық дүниетанымымен тығыз сабақтастық мәні «Туған жер» концептісін алтын бесік, ұшқан ұя, арайлап атқан таң, алтын қазық, киелі тұғыр сынды күрделі ұғымдармен қатар Ана, бақ, сағыныш, сұлулық т.б. лингвомәдени бірліктерді қолдану арқылы өрнектеуінен аңғарылады.
Алтын бесік, ұшқан ұя — ұлттық баспана атауына ие лингвомәдени бірлік. Ұлт тіліндегі алтын бесік, ұшқан ұя арайлап атқан таң, алтын қазық, киелі тұғыр — ұлт тұрмысынан, тұрмысынан хабар берер лингвокультуремалар.
Ғаламның тілдік бейнесінің әр тілде әр түрлі сипатқа ие болуы әрбір жеке тұлғаның өз тілінің семантикалық базасында тілді меңгеруіне байланысты. Сөздердің мәні арқылы тілдегі мәдени құндылықтар ұлттық мінез бен ұлттық менталитетті қалыптастыруға негіз болады. Тілші ғалым Г.Смағұлова: «Тіл бір адамның меншігі емес десек те, сол тілде сөйлейтін жеке адам өз ұлтының бүкіл бітім болмысы, өмірлік тәжірибесін, дәстүрлерін меңгеру, сіңіру арқылы ол да аз тарапынан ұжымдық мәдениетке үлесін қосады. Осындай ерекшеліктер арқылы тұлға ретінде ұлт өкілі боп сақталады» [11, 145] – деген пікіріне сүйене келе, туған жер ұғымын өзіндік стилімен, өзіне тән өлең өру үлгісімен жырлаған ақын Бақыткерей Ысқақовтың қолданысындағы концептілік құрылымдардың ақынның ұлттық таным деңгейін көрсететудегі маңызына, қазақ халқының дүниетанымдық кеңістігінде алатын орны айрықша екендігіне көз жеткіздік.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Сұлтан Ж. И. Тілтанымдағы антропологиялық парадигманың Қ.Жұбанов мұраларындағы көрінісі.//: автореферат дис. / — Алматы : Қазақ университеті, 2007. — 30 с.
2 Иманқұлова М.А. Қазақ тіл біліміндегі таным теориясының ғылыми-әдістемелік негіздері (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов зерттеулері бойынша): философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы,2016. – 156.
3 Маслова В.А. Введение в когнитивную лингвистику. – Москва: Флинта: Наука, 2007.
4 http://go.mail.ru/redir?q Хасанов Ғ.Қ. Махамбет концептосферасындағы «Ерлік» концептісінің фреймдері
5 Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті (салыстырмалы – салғастырмалы лингвомәдени сараптама): филол. ғыл. докт. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2004. – 47б.
6 Әмірбекова А.Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша): филол. ғыл. канд. … дисс. – Алматы, 2006. — 107б.
7 Ысқақов Б. Бұлттағы бұлақ. – Алматы: Жазушы, 1992. – 256б.
8 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. ІІ том А-Б. – Алматы: Арыс, 2006. – 617649бб.
9 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 6 том, Қ. Жалпы редакциясын басқарған А.Ысқақов. – Алматы: Ғылым, 1982. – 969б.
10 Бияздықова Ә.Ә Қазақ тіліндегі «Бақыт» концептісінің танымдық сипаты мен қызметі философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2014.
11 Смағұлова Г.Н. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. – Алматы: Ғылым, 1998. – 292б.

В статье рассматривается взаимосцепление категории термина «концепт» когнитивной лингвистики как одного из новых направлений современного языкознания, познавательной деятельности и культурной информации. На основе анализа поэзии Б. Искакова определяется познавательная характеристика понятия концепта в поэтическом тексте. Через посредство концепта «Родная земля» в языке поэта анализируются национально-культурная сущность и менталитет казахского народа, содержание познавательных знаков, глубокий смысл родной земли в понимании поэта. Видение концепта «Родная земля» в произведении поэта показано в нескольких когнитивных аспектах. Роль концептных структур в формировании общей языковой картины мира, в их значение в мировоззренческом пространстве казахского народа уясняется в процессе анализа произведений поэта.

The article deals with the modern direction of cognitive linguistics such as the category of term “concept”. Its connection with the people`s cognitive activities and cultural education. The article based on the analys of poetry B.Iskakov. It defines the cognitive characteristics of the term “concept” in the poetic texts. Through the concept «Native Land» in the language of the poet analysis national-cultural identity and mentality of the Kazakh people, the content of informative characters, the deep meaning of native land within the meaning of the poet. It was shown some cognitive aspects of the concept «Native land» in the work of the poet. The role of conceptual structures in shaping the overall linguistic picture of the world, their importance in the ideological space of the Kazakh people clarifies the process of analysis of the poet’s works.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *