АЯЛЫҚ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ ТІЛДІК КОММУНИКАЦИЯДАҒЫ КӨРІНІСІ

Х.А. Ордабекова
Сулейман Демирел атындағы университет
Алматы, Қазақстан hafiza_1975@mail.ru

АЯЛЫҚ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ ТІЛДІК КОММУНИКАЦИЯДАҒЫ КӨРІНІСІ

Мақалада автор аялық білім жүйесінің тілдік коммуникациядағы көрінісін қарастырады. Сөйлеу әрекеті үсітнде сөйлеуші мен тыңдаушы жақтың қорашаған орта туралы, яғни аялық білім жүйесі көрініс тауып отыратыны, сол арқылы коммуниканттардың арасындағы тілдік қатынастың ойдағыдай жүзеге асатыны нақты тілдік фактілер негізінде дәйектеледі. Сондай-ақ, аялық білім жүйесі мәселесінің лингвистикалық сипатқа ие болуы, оның тілдік санада бейнелену үдерісі талданады. Тілдік білім және аялық білімнің сөйлеу ұғымымен, сөйлеу мәнімен бірігетіні айқындалады.

Кілт сөздер: аялық білім жүйесі, тілдік сана, ғаламның ұлттық тілдік бейнесі, тілдік қабілет, тілдік коммуникация

Психолингвистикада ақиқат туралы білімді санада сақтау, оны игеру күрделі процесс саналады. Тілдік ұжым мүшелерінің когнитивтік санасындағы білім жүйесі құрылымдық тұрғыдан қоршаған орта туралы білім, тілдік білім, бейвербалды білім болып бөлінеді. Мұндағы қоршаған орта туралы білім аялық білім жүйесі ұғымын береді. Аялық білім жүйесі – индивидтің материалдық және рухани құндылықтарды меңгерудің нәтижесі. Ал тілдік білім «сөйлеушінің (жазушының) тілдік құзіреті» деген ұғымға ие. Бұл туралы қазақ тілші-ғалымы Н. Уәли былай дейді: «Белгілі бір тілді тұтынушы тілдік таңбалардың мағынасын жақсы білуге, сөйлеу әрекеті үстінде тілдік бірліктерді бір-бірімен байланыстырып, санадағы ұғымдық мазмұнды жеткізе алуы тиіс. Тілдік таңбалардың мағынасы адресант-сана мен адресат-санада бірдей ұғынылуы тиіс. Бұл – тілдік коммуникацияның ойдағыдай өтуінің алғышарттарының бірі» [1, 15]. Демек, тыңдаушының коммуникативтік құзыреттілігіне тек айтылған сөздің сөйлеудегі мәнін ұғыну ғана емес, сонымен қатар сөйлеушінің интонациясын, аялық білім жүйесін, тағы басқа нәрселерді салыстыра отырып пікір алысушылардың коммуникативтік мақсатын зерделенуін де жатқызуға болады.
Тілдік коммуникация кезінде индивидтердің тілдік біліммен қатар аялық білім жүйесін меңгеру қажеттілігі қазіргі таңда «тілдік қатынастың негізі саналатын – адресат пен адресанттың ақиқат шындықты ортақ ұғымда, орайлас мағынада қабылдайтындығы» негізге алынып келеді. Осы мәселеге қатысты Э.Сепир: «Тіл ғылымымен айналысушы ғалымдар тілді тек ішкі құрылымдық жүйеде ғана емес, сонымен қатар тілден тысқары тұрған түрлі антропологиялық, әлеуметтік және психолингвистикалық мәселелермен байланыста қарастыруы керек» деген болатын [2, 87]. Тілдік коммуникацияда аялық білім жүйесін ескеру қажеттілігі туралы А.Мейе «қандай да бір тілде сөйлеуші халықтың өмір сүру жағдайларын білмей тұрып, сол халықтың тілдік жүйесін түсіну мүмкін емес» дегенді айтқан болатын [3, 8].
Әлемдік лингвистикада аялық білім жүйесі мәселесі сөздік түзу тәжірибесімен байланысты қалыптасты. Зерттеуші А.Найданың айтуынша, «сау бол» деген сөз мағынасының осы бірліктің қандай жағдайда, қандай ортада, қоштасудың қаншалықты уақытқа созылатындығы, қандай адамдарға қарата айтылатындығы, қандай ишарат түрімен сәйкесетіндігі туралы арнаулы ақпараттың болмауы салыстырмалы түрде алғанда пайдасыз екендігін алға тартады [4, 47]. Мәселен, қазақ халқының тілдік санасында ақ және қара түстері өзара бинарлық оппозиция құрайтыны белгілі. Қоршаған ортаны тану, оны қабылдау, оны санада бейнелендіру тілдік бірліктердің, атап айтқанда, лексемалармен, сөз тіркестерімен, фразеологизмдермен, мәтіндермен, ассоциативтік өрістермен және ассоциативтік тезаурустармен көмегімен жүзеге асатын сөзсіз, сол себепті сана мазмұнын бейнелендіруші бірлік ретінде психолингвистика, когнитивті лингвистика салаларында «тілдік сана» ұғымы қалыптасты.
Адресаттың айтылған сөзді ұғынуы тек тілдік құзіретпен шектелмейді. Сөйлеушінің интонациясын, пресупозициялық, аялық білімін, уақиғаны салыстыра отырып, коммуникатордың коммуникативтік діттемін зерделеуі (интерпретациялауы) коммуникативтік құзіреттілікке жатады. Адресант өз сөзінің тигізер ықпалын болжай отырып, өзінің түпкі мақсатына жету үшін тыңдарман/оқырманның қабылдауына тиімді баяндау стратегиясын ойластырады және адресаттың білім дүниелерімен санасады [1, 13].
Тілдік санада қара түсі әрі жағымды коннотациялық мәнді (атамекен, күштілік, мықтылық, әдемілік, киелілік, қасиеттілік), әрі жағымсыз коннотациялық мәнді (қараңғылық, жалғыздық, қайғы, өлім, ыза, кек, лас, кедей, бақытсыздық, сиқырлық) иеленеді. Мәселен, қара шаңырақ, қара нан, қара су, қара домбыра, қара орман (қасиетті, киелі); қара халық, қара жұрт, (қарапайымдылық, көпшілік), қара есекке теріс мінгізу (жамандық, бақытсыздық) т.б. Қара киім, қара машина дегенде қара сөзі денотативті ақпарат арқылы уәждік белгісін сақтайды, ал қара шаңырақ, қара нан, қара су дегенде денотаттық деңгейден алыстай түседі де, коннотаттық мағынасы үстемелене түседі, әрі лексикалық және грамматикалық құрылымы жағынан шектеліп, тұрақтылыққа ие болады. Осындағы коннотациялық мәнді иеленген тілдік бірліктер тек қазақ халқы, оның ішінде үлкен және орта жастағы кісілер үшін ғана түсінікті болуы мүмкін. Өйткені индивидтің жас ерекшелігі, күнделікті өмір сүру тәжірибесі, алған білімі аялық білім жүйесінің қалыптасуына ықпал етеді. Сол себепті өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін берілген тұрақты тіркестердің астарындағы мәдени ақпарат жабық болуы мүмкін. Ал орыс тілді қазақ жастары үшін оның астарындағы мәдени ақпарат не мүлде түсініксіз, не жартылай ғана түсінікті болуы мүмкін. Мәселен, дәстүрлі тілдік санасында қара нан ұғымы «қасиетті, киелі нан» деген этномәдени стереотип қалыптасқан. Ал қазіргі тілдік санада қара нан ұғымы «бидайдың кебегі араласқан ұннан пісірілген нанның бір түрі» деген түсінік сіңіп келеді, себебі қазір кебек наны адам денсаулығына пайдалы саналады. Олай болса, коммуниканттардың сөйлеу әрекетінің жүзеге асуы мен қалыптасу процесінде аялық білімнің қатысуы дәлелденген жайт. Тілдік сана – танымның бір элементі, онда белгілі бір тілдік қауымдастыққа тән қоғамдық өмір көрініс табады. Тілдік санада қалыптасқан ұлттық-мәдени субъективті әлем бейнесі жалпыхалықтық дүниетанымды құрайды.
Кеңестік тіл білімінде аялық білім жүйесін зерттеу ісі лингвоелтану саласы, аударматану ісімен байланысты зерттеліп келеді. Лингвоелтану ғылымының зерттеу пәні бойынша, сөйлеу актісіне қатысушылар ортақ әлеуметтік сипатқа ие болуы тиіс. Ал ортақ әлеуметтік сипат адамның мінез-құлық нормасын, оның дүниетаным жүйесін, ұстанатын этикалық нормаларын танытады. Осыған байланысты А.Н. Крюков теориялық әрі практикалық мәні бар төмендегідей мәселелердің шешімін табу қажеттігін алға тартады:
— индивидуалды санада аялық білім қорының сақталуы;
— аялық білім қорының «сөйлеу материалына» ұласу процесі;
— аялық білім жүйесінің лингвистикалық релевантты сипатқа ие болуы [5, 20].
А.Н. Крюков көрсеткен мәселелер аялық білім жүйесінің функционалды мәнін тануға бағытталған. Ең алдымен, аялық білім жүйесінің лингвистикалық релевантты сипатты иеленуі дегенді қалай түсінуге болады. Тілдік коммуникацияның индивидтің аялық білім жүйесі негізінде жүзеге асатыны белгілі, енді осы аялық білім жүйесінің қаншалықты дәрежеде лингвистикалық сипатқа ие екендігі лингвистер тарапынан қызығушылық танытты. Мәселен, АҚШ-та бронетанкті әскери жарғыларының бірінде былай жазылған: «Armor is an arm of speed and violence» (сөзбе-сөз аудармасы: Қару-жарақ – рақымсыздық пен шапшаңдықтың құралы). Мұны арнайы әскери білімі жоқ адамдар дәл осы мағынада қабылдауы мүмкін. Алайда айтылған ойдың нақты түсініктемесін және соған сәйкес аудармасын арнайы әскери білімі бар адамдар ғана бере алады: «Бронетанкті әскер – жоғары тактикалық маневрлар мен батыл ұрыс амалдарын жүргізетін әскер түрі». Осылайша, қоршаған орта туралы білім жүйесін минималды тілдік бірліктермен шектеуге болмайтындығын, өйткені шектеулі тілдік бірліктер максималды экстралингвистикалық контексті қабылдай алмайтындығына көз жеткіземіз. Бұл жердегі мәселе сөйлеу үзіктерімен сәйкесетін экстралингвистикалық ақпараттың көлемінде емес, сөйлеу әрекеті үстіндегі нақты сөз мағыналарының, сөз-синтагмаларының контексте құбылуында, өзгеруінде жатыр. Демек, мәтін талдауда таза филологиялық біліммен қатар, филологиялық емес білім жүйесі өте маңызды роль атқаратындығын айқындаймыз. Бұл мәтін мазмұнының дұрыс қабылдануын, оқырманның көркем шығармада берілген маңызды деген фабулаларды үстірт қана оқып шығуы сияқты факторлардың орын алмауын қамтамасыз етеді.
О.С. Ахманова мен И.В. Гюббенет «аялық білім» жүйесінің екі ұғымын ажыратып қарауды ұсынады: әлеуметтік-мәдени ақпарат және тарихи-филологиялық ақпарат. Олар әлеуметтік-мәдени ақпаратты лингвоелтану нысанына, ал тарихи-филологиялық мәнмәтінді филологияның зерттеу нысанына айналдыру керектігін айтады. Қалай болғанда да, тіл ғылымы үшін «аялық білім» мен «вертикалды контекст» ұғымын түрлі ғылым салаларының нысанына айналдыру методология тұрғысынан алғанда нәтижесіз екені айқын көрінеді.
Тілдік коммуникация процесінде В.Г. Костомаров пен Е.М. Верешагин тілдік жүйе және аялық білім жүйесін бірлікте қарастыратын рационалистік тіл теориясын ұсынды. Бұл концепцияның мәні – тілдің құрылымдық бірліктері – лексика, фразеология және тілдік афоризмдер (мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, қанатты сөздер) кумулятивті қызметке ие, әрбір лексемаға белгілі бір идея, ой, ақпарат телінгендіктен, сөз – білім қоры, білімнің негізі. Сөйтіп рационалистік теория тілдік бірлікті , яғни тілдік таңбаны білім берудің көзі ретінде тануға мүмкіндік беріп, аялық білім жүйесін лингвистиканың нысанына айналдырады. Осылайша, лингвистикалық және экстралингвистикалық құбылыс арасындағы диалектикалық қайшылық шешіледі. Тілші-ғалымдар ұсынған бұл теорияны лингвоелтану аспектісінің теориялық негіздемесі ретінде қарастыруға болады.
Лингвоелтану тұрғысынан алғанда, сөз теориясының негізгі постулаты – білім қоры, адамның әлеуметтік-мәдени тәжірибесін сақтаушы әрі лингвомәдени ақпарат беру көзі болып табылады. Егер, біз, сөздің күрделі семантикалық құрылым екендігін ескерсек, авторлар сөздің дәл қай компонентін негізге алып отырғандығын аңғару қиын. Е.М. Верешагин және В.Г. Костомаров коммуникация актісінде берілетін индивидуалды және әлеуметтік ақпарат көрсеткіші ретінде «лексикалық фон» ұғымын ұсынады. Авторлардың пайымдауынша, лексикалық фон – сөзбен таңбаланатын құбылыс пен затқа қатысты білімдер жүйесі. Олай болса, бастапқы постулат жаңа форманы иеленеді: «лексикалық фон – білім қоры, адамның өмірлік, әлеуметтік тәжірибесінің қоймасы. Білім адам санасында түрленеді, санада қайта өңдеуден өтеді және тірек сөздермен, терминдермен, номинативті және фразеологиялық тұрақты тіркестермен, тілдік бірліктермен өзара байланысып ары қарай олар игерілген ақпаратты сақтау қызметін атқарады» [6, 219]. Сонымен аялық білім жүйесін жеке-жеке лексемаларға телу методологиялық тұрғыдан алғанда негізсіз, әрі шектеулі сипатқа ие екендігін тұжырымдаймыз.
Коммуниканттар тарапынан зат не құбылыс туралы ақпараттар қайталанбас үшін, тіл бірліктерінің көмегімен кез келген ақпаратты тиімді түрде жеткізе білуіміз керек. Аялық білім тілдік сана, тілдік таңба мағынасы арқылы ғана емес, сонымен қатар адам әрекеті, мінез-құлық нормасы арқылы көрініс береді. Қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар жеке нысан ретінде алынғанда, олардың арасында ешқандай үйлесімділік байланыс жоқ сияқты. Мәселен, атқа сұлы сал деген сөйлемдегі «ат» пен «сұлы» денотаттарының өзінде бір-бірімен байланысын көрсететіндей көрнекі белгілері жоқ. Жоғарыда айтылған үйлесімділік, жүйелілік тек осы заттар мен құбылыстар қандай да бір әрекет арқылы іске асқанда өзара қатынастар жүйесі пайда болып, ары қарай олар квазиобьектілерге айналады. Осылайша ұғымдық сана индивидтің түрлі әрекет құрылымдарын меңгеру барысында қалыптасады.
Бейвербалды сана деңгейіне қарағанда, тілдік сана ұлттық тілдегі сөз мағыналары арқылы қалыптасады. Тілдік сана мен сөз мағынасы А.Н. Леонтьевтің айтуынша, ғалам туралы білімнің, адамның әлеуметтік, қоғамдық тәжірибесі мен оның санада бейнеленуінің формасы [7, 64]. Мағына жеке лексемаларға ғана емес, санаға да тән, өйткені барлық идеалды нәрселер сияқты олар субстраттан, яғни тыңдаушы және сөйлеуші жақтың санасынан тыс өмір сүре алмайды. Олай болса, сөз мағынасы Е.М.Верешагин мен В.Г.Костомаровтың айтқанындай «білім қоры» ғана емес, индивидуалды санада сол білімді сипаттау және сақтау формасы [6, 27].
Бұдан шығатын қорытынды, қоршаған орта туралы білім жүйесін, белгілі бір қауымға тән әлеуметтік-мәдени, өмірлік тәжірибесін тілдік жүйедегі тілдік бірліктер, әсіресе, сөз мағыналары, этнолингвистикалық арналар арқылы меңгеруге болады. Индивидтің аялық білім жүйесі өзінің шынайы мәнін ұғынықты айтылған сөзде, пікірлесуде, яғни сөйлесім әрекеті үстінде ғана аша түседі. Мысалы:
— Ат ұстар емес, бие сауар.
— Қырық жеті десеңші (С.Бақбергенов).
Бұл жасырын пресуппозиция түрінде берілген ішкі лексикалық тіркесімділік қазақ халқының ұлттық дәстүрін ғана білетін адресатқа ұғымы таныс болуы мүмкін. Сондай-ақ, төменде берілген мәтіндегі ер-тоқым этнофрагизмінің қолданысына назар аударайық:
˗ Не болды, келінжан? Ұлымнан жаманат естідің бе?! ˗ деп, енем мені құшақтап ойбай салды.
˗ Жоқ, ˗ дедім өксігімді баса алмай. ˗ Тыныштық. Нартай Ақанның ер-тоқымын сұрайды.
˗ Шал-ау. Шал. Нартай Ақанның күмістелген ер-тоқымын сұратыпты. Береміз бе?
˗ Атасының басы, ˗ деді атам ентігін баса алмай. – Ақметтен қалған көзді Нартайдың сасық бұтына салайын ба? Оттаған екен.
˗ Ата, ˗ дедім мен иіле төмен қарап. –Егер ер-тоқымды бермесек, бастықтың үстімізден құрық түсірмейтін сыңайы бар. Боен салық төлеңдер деп қиғылықты салды.
˗ Салықтың орнына мені алып кетсе де бермеймін, ˗ деп кесіп айтты (Бөкей О. Бәрі де майдан).
Немесе

Бикешжан бүгін түс көрді,
Түсінде жаман іс көрді,
Астындағы көк жорға ат
Ер-тоқымсыз бос көрді (Қыз Жібек).

Ер-тоқым немесе ер-тұрман – салт атқа мініп жүруге лайықталған жабдықтардың бір түрі. Ата-бабаларымыз жеті қазынаның бірі деп есептеген жылқы малын аса қадірлеген. Осы тұлпарға арнайы жасалған ат әбзелдерінің өзі қасиетті, киелі саналған. Бұл ойымызды тілде қалыптасқан «Тұлпар ерді сақтайды, Ер жерді сақтайды» деген мақал айқындай түседі. Қазақ халқы атты ер-жігіттің қанатына балап, соған сәйкес ат әбзелдерін де ешкімге беріп, не сұратып, басқа бір затпен алмастырмаған. Ер-тоқым – аттың иесіне ғана тиесілі, меншікті нәрсе.
Жоғарыда мәтіннен берілген үзіндіде Ақанның күмістелген ер-тоқымын сұраған Нартайға деген кемпір мен шалдың күйініші, келіндерінің көз жасы сияқты іс-әрекеттер соғысқа аттанған ұлдан қалған жалғыз зат болғандықтан, ер-тоқым соншалықты «қасиетті, киелі зат» саналады. Екінші мәтіндегі Төлеген мінген көк боз аттың ер-тоқымсыз бос жүруі – «өлімнің, қаралы хабардың хабаршысы» ретінде символдық мағынаны иеленген. Салт атқа қазақ баласы еш уақытта ер-тоқымсыз мінбеген, ер-тоқымсыз мінген жағдайда оны қазақ халқы жақсылыққа баламаған. Сонымен қатар, тілімізде ер-тоқымға байланысты «ертоқымды аударып қойма», «ер-тоқымды теріс салма» деген ырым-жоралғылар да бар.
Олай болса, тілдік коммуникацияда тілдік брліктер сөйлеушілердің аялық білімімен, күнделікті өмір сүру тәжірибесімен байланысты сөздер жасырын мәнді жеткізуші қызметте тұрады. Осындағы тілдік материал арқылы ашып көрсетілмеген, бірақ контекст арқылы имплицитті түрде көрініс тапқан мағынаны қазақ дүниетанымды меңгерген адам ғана тілдік бірліктердің қолданысындағы мәдени коннотацияны қабылдай алады. Сөз мағыналары өзінің шынайы мәнін сөйлеу актісінде ғана аша түседі. «Айнала қоршаған заттар», ˗ дейді Л.И. Ибраев, ˗ біз үшін белгі болып табылады, яғни олар ойша және ассоциативті түрде санада өзге заттардың бейнесін туғызады [7, 19]. Әр адамның санасында заттар мен құбылыстардың өзара қатынасы туралы білім қоры жинақталып, адамның өмірлік тәжірибесі арқылы тұрақтылыққа ие болады. Осындай тұрақты байланыстар мен қатынастар ойды, ұғымды тұспалдап, жанамалап айтуға негіз болады. Осы жерде, біз, тілдік және аялық білімнің сөйлеу ұғымымен, сөйлеу мәнімен бірігетінін байқаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер
1 Уәли Н. Фразеология және тілдік норма: оқу құралы. – Алматы, 1998. – 128 б.
2 Сепир Э. Положение лингвистики как науки // Звегинцев В.А. История языкознания ХІХ и ХХ веков в очерках и извлечениях. – М.: Просвещение, 1960. – Ч. 2.
3 Мейе А. Сравнительный метод в историческом языкознании. – М.: Издательство иностранной литературы, 1954. – 98 с.
4 Найда А. Анализ значения и составление словарей // Новое в лингвистике. – М.: Издательство иностранной литературы, 1962. – № 2. – 686 с.
5 Крюков А.Н. Фоновые знание и языковая коммуникация // Этнопсихолингвистика. – М.: Наука, 1988. – с. 19-34.
6 Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Лингвострановедческая теория слова. – М.: Русский язык, 1980. – 320 с.
7 Леонтьев А.А. Психолингвистический аспект языкового значения // Принципы и методы семантических исследований. – М.:Наука, 1976. – 377 с.
8 Ибраев Л.И. Надзнаковость языка (к проблеме отношения семантики и лингвистики) // Вопросы языкознания. – М.: Академия наук, 1981. – № 1. – 150 с.

В данной статье автор рассматривает аспект фоновых знаний в языковой коммуникации. Приводятся точные сведения о языковых фактах касательно природы речевого процесса со стороны говорящего и слущающего. Сами по себе фоновые знания могут не иметь к языкознанию никакого отношения, но лингвистику интересует то, как в той или иной лингвокультурной общности фоновые знание как невербальный компонент речевого общения вплетаются в текст речевого произведения. Языковое сознание формируется значением слов национального языка, значение слова это и есть форма презентации и актуального удержания знаний в индивидуальном сознании.

In this article the author considers the aspect of background knowledge in language communication. Accurate information about the linguistic facts concerning the nature of speech process by speaker and listener is presented. Background knowledge on its own may not have any relation to linguistics, but linguistics is interested in how in different lingua-cultural community background knowledge as a non-verbal component of verbal communication is woven into the process of speech production. Language consciousness is formed by the meaning of words of a national language; the meaning of a word is the form of presentation and actual retention of knowledge in individual consciousness.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *