АКСИОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІК ҚҰРАСТЫРУДЫҢ
МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ МЕН ҚАЖЕТТІЛІГІ

А.Б. Амирбекова
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Алматы, Қазақстан

АКСИОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІК ҚҰРАСТЫРУДЫҢ
МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ МЕН ҚАЖЕТТІЛІГІ

Мақалада қазақ аксиологиялық сөздігін жасау өзектілігі мен маңызы қарастырылады. Ұлттық рухани құндылықтарды білдіретін сөздердің мағынасы, негізінен, түсіндірме сөздікте ашылатын. Бірақ олар жеке алып қарастырылмайтын және оларға түсініктемелер берілмейтін. Фразеологиялық сөздіктерде, мақалдар мен мәтелдерде, жазушылар мен ақындардың бейнелі өрнектерінде кездесетін мән-мағынасы ашылмаған жаңартылған ұлттық тілдік құндылықтардан құралған аксиологиялық сөздікті жасау қазақ тілінің аксиологиялық бірліктерінің теориялық негіздерін зерттеуге мүмкіндік берді. Әрі бұл инновациялық құралдар көмегімен қазақ тілін салыстыра отытуға негіз болады.

Негізгі сөздер: аксиология, ұлттық код, этномаркерлер, рухани құндылықтар, ұлттық тілдік құндылықтар.

Тіл – қоғамдағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Тіл — әрбір елдің, әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын танытатын, оны сақтап қалатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ұлы қазына. Академик Ә. Қайдардың анықтамасымен айтсақ: «Мәдениет танып-білудің құралы – тіл» немесе «Кез келген этностың (бүгінгі ұлыстың, халықтың не ұлттың) тілінде оның басынан өткен бүкіл өмірінің өрнегі жатыр. Халықтың, яғни этностың шын мәніндегі болмысы мен дүниетанымы оның тілінде ғана сақталады. Әр түрлі заттың, құбылыстың аты-жөні, сыр-сипаты, қоғамдық қатынастар, әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүрлер жайлы мағлұматтардың бәрі де кейінгі буындарға тек тіл фактілері арқылы ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, аңыз-ертегілер арқылы жетіп келуі мүмкін» [1, 123-
б.]. Сондықтан бүгінгі таңда тілдің құрылымдық, коммуникациялық қызметтерінен басқа да қызметтік қасиеттерін анықтау терең зерттеуді талап етіп отыр. Осыған орай қазіргі таңда көптеген лингвистер, яғни тілші ғалымдар имманенттік тәсілдің (өз ішіндегі қызметіне қарасты) тілдік жүйеге тең келмейтінін, қоғам мен адам өміріндегі тіл табиғатының барлық әрекеті барабар келмейтінін айқындау үстінде. Осы тұрғыдан алғанда ғалым Н.Уәли: «Сөз мәдениетін коммуникативтікпрагматикалық, когнитивтік және лингвомәдениеттік, этикалық, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырудың концептуалдық негіздерін анықтау, сөздің коммуникативтік сапаларын анықтау – сөзбен өрілген қазақ мәдениетін жаңғырту ісіндегі өзекті мәселе, — деп тұжырымдайды. [2]. Демек, тілдің астарында жатқан, әлі таныс емес ұлттық құндылықтарды зерттеу, сол арқылы қазақ мәдениетін жаңғырту тіл біліміндегі жаңа бағыттардың теориялық негізін дұрыс пайдаланумен жүзеге асырылады. Қазақ тіл біліміне жаңа бағыттардың енуіне себепші болған, тілдегі ұлттықмәдени кодты ашу арқылы жаңғыртылмаған таным-түсініктерді, ұғымдарды жарыққа шығарудың тәсілдерін ұсынған, тілдің бойында сақталған ұлттық құндылықтарды танудың ғылыми жолдарын алғаш болып көрсеткен ғалым — Н. Уәлидің ғылыми тәжірибесі қазақ лингвомәдениеттану ғылымының, лингвокогнитология саласының жүйелі дамуына негіз болды. Мәселен Н.Уәлидің зерттеуінде «Қамшы» аксиологиялық бірлігі былайша танылған.
Қамшы бойы, қамшыларжақ — өлшем, бағыт-бағдар атауы. Ақиқат өмірдегі үнемі қайталанып отыратын жайттар санада орныға келіп, екінші бір реттегі аталымға (номинацияға) негіз болады. Бір нәрсені қамшымен салыстыру, атқа қамшы ұратын жақ, т.б., өлшем, бағыт-бағдар атауларының жасалуына, яғни екінші реттегі аталымға ұйытқы болған.
Қамшы сыбағасы. Аңшылық кезінде, ұрыс-соғыстарда қамшы салып, олжа түсірген қамшыгерге қамшы сыбағасы берілетін болған. Мұндай құқықтық салт – қазақтардың дәстүрлі мәдениетіндегі көмескі компоненттердің бірі. Демек, қамшыгер лексемасының мазмұнында «қамшы сайысына мықты адам» деген ұғымға қоса, қамшы иесінің ерекше әлеуметтік мәртебесін айғақтайтын символдық мәнді де аңғаруға болады.
Қамшы қазылық. Байырғы ақиқат өмірде биге жүгінуге келгендер бидің алдына қамшы тастайтын болған. Санадағы осы танымдық құрылым қамшы қазылық деген тілдік таңба арқылы көрініс тапқан. Бұл сөздің мәні (семантикасы) дау-дамайды «ұрыс-соғыссыз», биге жүгіну арқылы шешуге болады дегенді аңғартады.
Қамшытастар. Үй иесі жолаушылап кеткен үйге келген бөгде ер адам әдетте эткеттік норма бойынша қонуға басқа үйге барады, бірақ «қайта соғатынын» білдіріп, Қамшысын тастап кетеді. Үй иесі келген соң, әлгі адамның қамшысына қарап кім екенін жорамалдайды, арнайы шақырып, келген шаруасын, бұйымтайын сұрайды. Ел арасындағы әдепке байланысты бұл салтты қамшытастар деп атайды. Қыз көре келген адамның қыз әкесінің үйіне қамшысын қалдырып кетуі «құда болыссақ» деген мағынаны білдіреді [3].
Осындай зерттеулерді көпшілікке таныту үшін аксиологиялық сөздік құрастыру қажет. Ғылыми еңбектің мысалы ретінде көрініс тапқан құнды деректерді жинақтап, толықтырып көпшілікке таныту ұлттың материалдық және рухани құндылықтарын оқып-білуіне тиімді мүмкіндік деп білеміз.
Сонымен қатар қазақ тіл білімінің лингвомәдениеттану бағытын, зерттеу тәсілдерін жетілдіруге елеулі үлес қосып келе жатқан белгілі ғалым, профессор З.Қ.Ахметжанованың өзіндік мектебі қалыптасқанын да байқаймыз. Оған тілдегі ұлттық құндылықтарды лингвомәдени, лингвоаксиологиялық аспектіде зерттеудің жаңа әдістерін ұсынған еңбектері, шәкірттерінің жетістіктері, ғалым басқаратын ғылыми зертхананың келешек ұрпаққа берер ғылыми мұрасы толыққанды дәлел бола алады. Ғалым З.Қ.Ахметжанованың зерттеулерінде де аксиологиялық бірліктер көптеп талданған. Мысалы домбыра ұлттық концептологиялық бірлік ретінде құндылық деңгейінде танытылады [4].
Аксиологиялық ұғымдардың мәні санада ұзақ уақытқа тіпті мәңгілікке таңбаланады. Сондықтан олар ұмытылмай ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Тілдегі аксиологиялық таңбалар халықтың дүниетанымы мен болмысынан, рухани мәдениеті мен сол халық тіршілігінен, өмір сүрген ортасынан, менталитетінен, психологиясы мен әлеуметтік-саяси көзқарасынан мағлұмат беретін ұлттық құбылыс болып табылады. Аксиологиялық таңба – мәдениеттің феномені, ұлт мәдениетінің көрінісі ретінде зерттеліп келеді.
Ғалым Н. Уәлидің пікірінше кейбір сөздердің бойында екі таңба қатар көрініс беретін кездері болады, олар: тілдік таңба және мәдени таңба. Осы екі таңбаның түпкі мәндері тоғыса келіп, лингвомәдени таңба ретінде бір ұғымның аясына бірігіп, санада бір ғана бірлік күйінде сақталады. Демек, ол құндылыққа айналуы да мүмкін.
Әлеуметтік жағдаят пен тілдік таңба бірінсіз бірі болмайтын, бірін — бірі толықтыратын ажырамас құбылыстар деп саналады. Сондықтан тілдік таңба бойындағы семиотикалық мағына әлеуметтік ортада еш өзгеріссіз сақталады, осыдан барып этнотаңбаланған реалийлер тілдік таңбаның бірнеше рет ассиметрияланған/симметрияланған көп қырлы үрдісінен өтіп барып бейімделеді.
Сондықтан, кез келген таңба этнотаңбалық тұрақтылыққа (мәңгілік халық жадында сақталатын, ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәртебеге) жете бермейді. Этнотаңбалық қасиетке ие болатын ұғымдар ұлттың (халықтың) ортақ ассоциативті-мағыналық таным желілерінен жинақталған ерекше ұлттанытушылық мәдени концептілердің аясында шоғырланып, халықтың астырт санасында тереңінен сақталады. Нақтылап айтатын болсақ, этнотаңбалар ұлттық дүниенің тілдік бейнесінде айқын көрінеді (яғни ырым-тыйым, наным-сенімде, лингвомәдени, лингвоелтанымдық концептілер жүйесінде (ұлттық фразеологизм, метафора, теңеу) оңай байқалады.
Көп жағдайда этнотаңбалардың мәнін түсіну де қиындықтар туындап жатады. Себебі, халықтың сонау көнеден сақтап келе жатқан таңбалық ұғымдарының (бейнеленушінің) мәні, мағынасы (білдіруші мазмұны) күңгірттеніп, жоғалуға айнала бастағанынан болса керек. Мәселен, тілімізде жақсы және жаман ырымдардың бар екенін білеміз. Тіпті оны орындауға талпынамыз, бірақ тіпті оның не білдіретінін біле бермейміз.
Ырым — жеке адамның немесе қауымның жору, болжау арқылы орындауға тиісті ережелері. Бұнда болашақты болжау, жору қызметі басым. Халықтың ұғымында ырым екі түрлі болады:
1. Жақсы ырым. Мысалы: а) аттың есінеуі; ә) баланың тоңқайып жол қарауы; б) сауысқанның шықылықтауы.
2. Жаман ырым. Мысалы: а) жақ таяну; ә) қолды артқа ұстау; б) тізе құшақтау.
Жалпы, ырымды табиғат пен әлеуметтік күштер тарапынан жеке адам бұлжытпай орындау үшін хабардар етіп, сездірілетін тұтқиыл сигналдар, рәміздік әрекеттер жүйесі деуге болады. Мысалы: 1. Жұлдыз ақса, оны көрген кісі «Менің жұлдызым жоғары» деп айту керек; 2. Бала сүт тісі түссе, оны майға орап «Жасық тісімді алып, өткір тісімді бер» деп итке беруі керек; 3. Үйдің іргесіне ит сарыса, құт құйылады; 4. Ерттеулі тұрған ат сілкінсе, жын-шайтанды үркітіп жатқаны; 5. Түнде жолыңда сиыр жатса, сапарың оң болмайды; 6.Оқпақ шақырса, бие құлын тастайды; 7. Алдыңнан түлкі қашса, сапарың сәтті болады; 8. Сол құлағың шыңылдаса, біреу сені жамандап жатыр.
Осындағы «баланың жол қарауы» — индексті этнотаңба, мағынасы – көп ұзамай үйге қонақ келеді деген сөз. Этнотаңба болатын себебі, бұл ырым тек қазақ ұлтына ғана тән және оған бүгінгі күнге дейін халық сеніп, ырымдап оң қабылдайды. Ал индексті таңба болатын себебі – қонақ келу мен баланың жол қарауы арасында, яғни білдіруші мен бейнеленуші арасында ешқандай ұқсастық жоқ тек, орындалу уақытын күту кеңістігі бар. Ал бұл ырымның нақты бір ұғымды білдіруші ретінде маркерленуі халықтың дүниетанымынан, байқағыштық, танығыштық қасиетінен туындап отыр. Осындай индексті этнотаңбалар қатарына қазақ халқындағы ырым-тыйымдармен қатар, салтдәстүріндегі этикет нормаларынан туындайтын отыру, жүру орындарын белгілеген ережелерді де жатқызуға болады. Мәселен, қазақ халқында отағасының орны төр, келіннің орны есіктің маңы деп саналған. Осы индексті этнотаңба бүгінгі күнге дейін түсіндірместен ұлттың түпті санасында терең сақталуы арқасында қатаң орындалып келеді. Сондай-ақ әкесі тірі адам сый құрметпен берілетін астабақпен келген басты ұстамайды. Яғни әкесі тірі кезінде оның жолын ұстап, басқаруға болмайды деген мағына. Сол сияқты келін ата-енесінің алдынан кесе көлденең өтпеуі тиіс. Ер кісілер дастарқан басында малдас құрып отыруы тиіс деген индексальді этнотаңбалар отыру, жүру нормаларын білдіретін ұлттық салттан туындаған. Ал енді ырыммен астасып жатқан этнотаңбалардың білдірушісі де бейнеленушісі де көрініп тұрады. Мәселен, ер адам бүйірін, белін таянуға болмайды. Егер белін таянып жүрсе (У), оның еркектік күші кеткенін білдіреді (Z). Ал әйелдер бүйірін таянса (У), өлім шақырып отыр, біреуді жоқтағысы келіп отыр (Z) дегенді таңбалап түсінген. Тізеңді құшақтама (У), өмір бақи жалғыз қаласың (Z), жас бола тұрып, жастанып, жатып ас ішпе (У), қартайған, ауру кісі ғана жатып ішеді (Z), Қолыңды тарақтама, қолыңды айқастырма (У), құдай жолыңды байлайды (Z) – бұның барлығы индексальді этнотаңбалар болып саналады.
Ал енді иконды этнотаңбалар қатарына білдірушісі мен бейнеленушісі арасында ұқсастық болатын тек ұлтқа ғана тән тілдік таңбалар жатады. Мысалы, фразеологизмдер, теңеулер мен мақалмәтелдер. Абылайдың асындай (У) – ұлан-асыр, молшылық (Z). Ішкі мәнінде қазақ халқының тарихындағы Абылай ханға берілген асқа жиналған қауымның орасан көптігі мен асқа жайылған дастарқанның молшылығы халықтың түпкі санасында терең сақталып, сондағы бейнеленген ұланасыр молшылық бүгінгі күнге дейін «барын шашып төгілген, көп халық жиналған, молшылықпен өткен, көл-көсір» жиынды таңбалауда белсенді қолданыста жүр. Осындай иконды этнотаңбалардың қатарына «асан қайғыға салыну» — мұңаю, уайымға түсу, «асан қайғыңды айтпай отыр», «ақ жұмыртқа, сары уыз» (жаңа туылған нәресте), «асығы алшысынан түсу», «қара борбай», «қара қазан, сары бала қамы», «қара қамшы», «ақ түйенің қарны жарылу» жатады. Басты ескеретін жайт, бұл фразеологизмдер мен теңеулер немесе мақал-мәтелдер өзге тілдерде баламасы жоқ тек сол ұлтқа ғана тән таңбалар болуы тиіс. Демек, қазақ елінің тарихи-мәдени, әлеуметтік ұлттық құндылықтары тілде сақталған. Бірақ қазіргі тілдік қолданыста сол тіл құрамындағы құндылықтар кеңінен ашылғанымен, көпшілікке танытылмай келе жатыр. Сондықтан ғалымдарымыздың талдаған аксиологиялық бірліктерін жинақтап, жеке сөздік ретінде құрастырып халыққа ұсыну қазақ мәдениетін жетілдірудің тиімді жолы болар еді. Себебі әрбір мемлекетте құндылықтар сөздігі болуы тиіс. Бірқатар дамыған мемлекеттердің аксиологиялық сөздіктері бар.
Аксиологиялық қолданыстардың түсініктемесін беретін сөздік гуманитарлық ғылым саласында, тіпті қазақ жұртын, жалпыадамзатты ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу идеологиясында қажетті, маңызды құрал ретінде мұқтаждыққа ие.
Әлемдік тіл біліміндегі көне және қазіргі рухани лингвомәдени құндылықтардың қазақша, орысша, ағылшын тілдеріндегі баламаларын бір сөздікке құрастырып, қазақтың ұлттық дәстүрлі мәдени құндылықтарының мазмұнын ашу, екі тілге аударып насихаттау арқылы қазақ қоғамының гуманизациялануына, элиталануына ықпал жасауға болады. Ол үшін аксиологиялық бірліктің лингвистикалық нысан ретіндегі қағидаттары, талаптары мен шарттары, лингвистикалық бірлік болу критерийлері мен басқа бірліктерден айырмашылықтары айқындалуы тиіс. Өмірлік құндылықтарды танытатын аксиологиялық бірліктер, сол сияқты рухани, материалдық, діни, моральды-құқықтық, эстетикалық, мистикалық (культтегі), экзистенционалдық, логикалық, т.б. аксиологиялық бірліктердің жиынтығы тақырыпқа сай іріктелуі керек. Әлемдік өркениет құндылықтарымен қатар, көне түркі дүниесіндегі символданған аксиологиялық нысандардың тілдегі көрінісін танымдық тұрғыдан зерттеу қажет. Аксиологиялық бірліктердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне дәстүрді сақтаудағы ықпалы, қоғамның элиталық, зияткерлік дамуына тигізген әсері, мәдениаралық, тұлғааралық қарым-қатынас деңгейін арттырудағы ықпалы анықталады.
Бүгінгі күні мемлекетті дамыту үшін әрбір адамзаттың аялық білімінің кең болуы басты факторға айналды. Себебі, жалпыадамзаттық білім мен мәдениеттің жоғары көрсеткіші қоғамның элиталану, гуманизациялану үдерісін жетілдіреді. Сондықтан Қазақстан мемлекетінде әрбір тұлғаның мәдени-рухани әлеуетін дамытатын әлемдік аксиологиялық құндылықтарды үш тілде түсіндіре көрсететін, оны мектеп жасындағы балалардан бастап, зиялы қауым арасында оқыту және танымдық үдерістерінде (оқулықтар мен баспасөз құралдарында жариялауда) қолжетімді болу жолдарын қамтамасыз ететін қазақша-орысша-ағылшынша аксиологиялық сөздік қазақ қоғамының мәдени аялық білімін тереңдетуге елеулі септігін тигізеді.
Қазақша-орысша-ағылшынша аксиологиялық сөздікті құрастыру барысында қандай жұмыстар орындалады? Ең алдымен, аксиологиялық лингвистикалық бірліктердің теориялық негіздемесі (зерттеу нысаны, тілдік бірлік ретіндегі критерийлері, басқа тілдік бірліктерден айырмашылықтарын анықтайтын қағидаттары, аксиологиялық бірліктердің типологиясы мен аксиологиялық бірлік ретінде тұрақталу тәсілдері) зерттеледі. Екіншіден, аксиологиялық бірліктің құрамдас бөліктері: лингвомәдени концептілер (аксиологиялық афоризмдер, қанатты сөздер, перифраздар, паремиологиялық тіркестер) және мәдени кодтық таңбалар (метафоралар, теңеулер, символдар мен тілдік эталондар) әлемдік құндылықтар типологиясына сай жіктеледі. Үшіншіден, түркі дүниесіне ортақ көне аксиологиялық бірліктердің тілдік жүйеде сақталу заңдылықтары мен олардың түпкі этимологиялық мәні зерттеледі. Бүгінгі күнге дейін жаңғыртылмаған мифологемалар, лакуналар, реалийлер, культтік бірліктер, прецеденттер ежелгі жазба ескерткіштерінен жинақталып, олардың танымдық мазмұнына сипаттама беріледі, қазіргі әлемдік әдеби мұралардағы қолданысы лингвокогнитивтік әдістермен талданады. Төртіншіден, қазақтың ұлттық болмысындағы көне кәде, жора, жоралғы, ырым-тыйымдардың көркем шығармалардағы, ұран сөздердегі, түрлі институционалды дискурс құрамындағы қолданысы мен қызметтің рөлін прагмалингвистикалық тәсілдері арқылы зерттеледі. Бесіншіден, аксиологиялық лингвистиканың теориялық негізіне сүйене отырып, түркі дүниесіндегі және батыс еуропа әдебиетіндегі классикалық мәдени құндылықтардың құрамынан жинақталған аксиологиялық бірліктердің қазақша-орысша-ағылшынша балама нұсқалары жасалады, сондай-ақ эквиваленті жоқ аксиологиялық құндылықтарға үш тілде танымдық түсініктеме беріледі.
Сөздік құрастыру үшін Ресейлік «Аксиологиялық лингвистика» ғылыми-зерттеу зертханасының (зертхана меңгерушісі В.И. Карасик) еңбектері, 2002-2014 жылдардағы орыс ғалымдары Ю.Д.Апресянның, Н.Д.Арутюнованың «Аксиологиялық лингвистика» атты монографиялары мен оқулықтары, Н.А.Красовскийдің, Г.Тер-Минасованың аксиологиялық парадигмадағы зерттеулері, Е.Березовичтің «Славян аксиологиялық сөздігі», Л.К.Байрамованың «Орыс тіліндегі аксиологиялық фразеологиялық сөздігі негізге алынғаны абзал. Аксиологиялық сөздік қазақтың өсіп келе жатқан келешек ұрпағы үшін құнды мәдени мұрасы болып қалады. Себебі, бұл сөздікте жинақталған әлемдік классик жазушылар мен ғұламалардың пәлсафалық өмірлік түйіндері болашақ жастардың зиялы сана-сезімін жетілдіріп, логикалық пайымдау өрісін кеңейтуде маңыздылығы жоғары. Сондай-ақ қазақ қоғамы сөздікке жинақталған қазақтың ұлттық төл мәдени құндылықтарын танып қана қоймай, сол құндылықтардың орыс, ағылшын тіліндегі эквиваленттерімен немесе балама, ұқсас аналогтарымен танысуға мүмкіндік алады.
Аксиологиялық сөздік біріншіден, қазақ жастарының зиялы әлеуметтенуіне, парасатты ойлап, рухани дамуына, әлемдік құндылықтардың мәні мен маңызын түсініп, құрметпен қарауға, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің қазақ ұлтына деген құрметі мен ілтипатын арттыруға тәрбиелейді. Демек, қоғамның рухани, мәдени зиялы түрде өркендеуіне оң әсер етеді. Екіншіден, қазақ тіл ғылымында жаңа саланың (аксиологиялық лингвистиканың) қалыптасуына, одан әрі зерттелуіне негіз болады. Үшіншіден, тіл біліміндегі аксиологиялық бірліктерді үш тілде салыстырмалысалғастырмалы әдістер, эквиваленттілік қағидаттар бойынша зерттеудің тәжірибесі қалыптасады. Пайдаланылған әдебиеттер
1 Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы, 1998. – С. 123.
2 Уәли Н.Тiл экологиясы // Ана тiлi.- 2009.- 26 ақпан (№ 8).- 5 б.
3 Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайынд. дисс. автореф-ты, — Алматы, 2007
4 Ахметжанова З. Домбыра — лингвокультурологический анализ // Профессор Қ.Қ. Жұбанов және қазiргi тiл бiлiмi, әдебиеттану және әдiстеме саласындағы ғылыми-әдiснамалық зерттеулер: халықаралық ғыл.-практ. конф. материалдары (26 ақпан 2015 ж.).- Алматы, 2015. – С. 433-437

В статье рассматривается актуальность и значимость создания казахского аксиологического словаря. Значения слов, обозначающие национальные духовные ценности, раскрывались, в основном, в толковом словаре. Но отдельно не рассматривались и им не давались объяснения. Создание аксиологического словаря, содержащее обновленные национальные языковые ценности, встречающиеся в фразеологических словарях, в пословицах- поговорках, образных выражениях писателей и поэтов, значение которых не раскрыты, дало возможность исследовать теоретические основы аксиологических единиц казахского языка. И это послужит основой для сравнительного обучения казахскому языку с помощью инновационных средств.

The article considers the relevance and significance of the creation of the Kazakh axiological vocabulary. The meanings of words denoting national spiritual values were revealed, basically, in the explanatory dictionary. But they were not considered separately and they were not given an explanation. Creation of an axiological dictionary containing updated national language values found in phraseological dictionaries, proverbs-sayings, figurative expressions of writers and poets


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *