А.Т. Магзумова, А.А. Букаева
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті magzumova.61@mail.ru
ӨЗГЕ ТІЛДІ АУДИТОРИЯДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА ТЫҢДАЛЫМ
ӘДІСІНІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Мақалада өзге тілді аудиториясында оқитын студенттерді түсініп тыңдауға үйретудің түрлі әдістері қарастырылады. Студенттерге тыңдалымды меңгерту арқылы тілдік қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігін дамытып, тіл үйренуге деген қызығушылығын, ынтасын, белсенділігін арттыруға болады.
Мақалада түсініп тыңдауға оқыту үшін ұсынылған жаттығулар жүйесі қабылданған айтылымның психологиялық және лингвистикалық қиындықтарын жеңуге көмектеседі.
Аудиомәтінде негізгі ойды білдіретін ақпараттың болуы студенттерге түсінікті және әрбір деңгейге сұрыпталуы керек.
Тыңдалым әрекетін меңгеру кезінде студенттердің бойынан мынадай өзгерітер байқалады: ынтымақтастыққа үйренеді, жеке, жұппен, топпен жұмыс істеуге үйренеді, өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді, өзіне-өзі баға беруге, сыныптастарын бағалауға үйренеді, бір-бірін тыңдауға, талдауға, салыстыруға, сабақты қорытындылауға, қорғауға үйренеді.
Тірек сөздер: сөйлесім әрекеті, тыңдалым, түсіну, меңгерту,жаттығу.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдану – заман талабы.Білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс тәсілдерімен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді
Осыған байланысты қазір өзге ұлт өкілдеріне де қазақ тілін оқытуда жоғары оқу орындары оқытушылары ерекше ұмтылыс жасауда. Өзге тілді ортада қазақ тілін оқытуда студенттердің ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру жұмыстары өте жауапкершілікті, оқытушының жан-жақты дайындығын талап етеді. Өзге тілді үйрету әдістерінің де теориялық мәселелерін жетік игеру қажет [1]. Осы бағытта қазак тілін оқыту әдістемесіне байланысты жазылған оқу-әдістемелік еңбектерге назар аударған жөн [2]. Оқыту барысында В.Г.Коволенконың «Ойын арқылы оқыту технологиясы», Ш.А.Амоношвилидің «Білім берудің ізгілендіру педагогикасы», Р.Гроот «Тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы», Г.Корнетов «Өздігінен даму технлогиясы», М.Н.Бердуллаева, М.Н.Селевко «Ынтымақтастық педагогикасы» т.б озат әдістерді енгізген әдіскер-ғалымдар еңбектері жөнінде оқып, өз білімімді жетілдіріп отырамын.
Оқыту үрдісін оңтайландыру, соның ішінде тілді оқыту жұмыстарын жандандыру тек бір күннің ғана емес, үнемі жалғасып, дамып отыратын жұмыс. Тілді оқыту қазіргі кезде жанжақты қарыштап дамыған кезде тілді үйретуде жаңа технологияларды пайдалану маңызды болып табылады. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады.Тілді кіріктірілген бағдарлама арқылы оқытудың негізгі мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін ( айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым ) меңгерте білу. Сол себепті де тілді оқытуда тек жазба мәтіндермен шектеліп қалуға болмайды. Өйткені адам баласы өз өмірінде оқу әркетінен гөрі, тыңдау әркетінде көбірек болады.
Тыңдау – адам баласының тілдік қарым-қатынасқа түсу кезіндегі басты құралдардың бірі. Біз тыңдау арқылы қоршаған орта, ондағы болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттарды ала отырып, дүниетанымымызды, тілдік қорымызды байыта отырып, қабылданған ақпаратқа талдау жасап, өз пікірімізді білдіреміз. Сол себепті де тіл үйренушіге тыңдау арқылы тіл үйрету жолы тиімді болып табылады. Тіл үйренуші тыңдап түсіну үшін, оның белгілі бір дәрежеде тілдік білімі (сөздік қоры) болуы керек. Демек, тыңдау әркетін тіл үйретудің кезеңдеріне байланысты қолдану керек.
Сондықтан қазақ тілі сабақтарында тыңдата білу, сөйлесу үшін тыңдай білу, тыңдалған ақпаратты қолдана білуге үйрету және тыңдалған ақпараттың меңгерілу нәтижесін білу үшін бақылау жолдарын қарастыру – біздің мақаламыздың басты мақсаты. Осы аталған мақсат бойынша тыңдалым әрекетін меңгерту үшін тіл үйренушілердің дайындығына қойылатын талаптар, тыңдалынатын ақпаратты таңдау, тыңдатуға арналған құрал-жабдықтар, сонымен қатар, тіл үйренушінің тыңдалған ақпаратты қабылдауы, есте сақтауына байланысты сұрақтар туындайды.
Ғалым Ф. Оразбаеваның айтуы бойынша, түсіну – сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш. Бір адам екінші адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу мен сөйлесу жүзеге аспайды. Сөйлесім әрекетіне қатысты айту да, оқу да, жазу да, есту де, тілдесу де белгілі бір хабарланған, баяндалған ойды түсінуге негізделеді. Сондықтан «аудирование» дегенді түсіну емес, «тыңдалым» деп атайтынын, түсіну процесін осы әрекеттердің бәріне ортақ ұстаным ретінде танитынын айтады[3].
Тіл үйретуде тыңдалым әрекетінің маңызды орны бар. Әрине сөйлесім әрекетінің төрт түрінің де өзіне тән ерекшеліктері бар. Бірақ оларды тек бір- бірімен тығыз байланыста қолдану ғана белгілі бір нәтижеге жеткізетіні анық. Дегенмен, «Тыңдай білу – ұлылық», «Тыңдамаса, сөз – жетім …», «Құйма құлақ құйып алады» деп халқымыз бекер айтпаса керек.
Тыңдалым – сөйлеу әрекетінің ауызша баяндау түрі. Тыңдай отырып, өзіміздің серіктесімізден қажетті мәліметті аламыз және оның ойын, мақсатын білеміз [4].
«Тыңдалым» – «аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы түсіну». Бұл термин айтылған не техникалық аппараттарға жазылған аудиомәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну дегенді білдіреді. Бұл атаудың ең басты мәні адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыратын тілдік бірліктерді тыңдау, есту арқылы қабылдау және ұғу [3].
Тыңдалымның мақсаты студент: аудиожазбаның мазмұнын түсінуге, белгілі бір ақпаратты қабылдауға, мәтін бөліктерін түсінуге, айтылған ойды толық түсінуге, сөйлеушінің сөзін еш қиындықсыз ұғынуға, ауызекі, анық құрылмаған сөйлеу тілін өзге адамдардың көмегінсіз түсінуге, бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадиобағдарламаларды еркін, түсініп қабылдауға, таныс және бейтаныс тақырыптағы сөйлесімнің негізгі ойын түсінуге, т.б. үйрету.
Тыңдалымға арналған белсенді жұмыс түрлері: стуленттеді қоршаған ортадағы кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсінуге бейімдеу керек. Ол үшін сабақ барысында түрлі белсенді жұмыс түрлерін пайдалану көп септігін тигізеді. Студентке тыңдалым дағдысын қалыптастыру үшін белсенді жұмыс түрлері өзекті, қызықты, әр түрлі болуға тиісті. Студенттер аудиоматериалды екі рет мұқият тыңдайды (ол сюжетті мәтін,өлең,публицистикалық ақпарат болуы мүмкін).Тыңдалымнан өздеріне таныс емес сөздерді жазып алады,сөздік арқылы аударады. Аудионы тағы екі рет тыңдап, жазбаның мазмұнын толық түсінуге тырысады. Топпен ой бөліседі. Осы әдісті жүйелі қолдану – студенттердің тыңдау арқылы түсіну дағдысын қалыптастырады.
«Синонимдерді тап»: студенттерге сөздер ұсынылады.Олар тыңдалған мәтіннен осы сөздердің синонимдерін тауып, жауап парағына белгілеуі керек. Осы арқылы студенттердің тыңдау әрекеті мен сөздік қоры дамиды.
Тыңдау арқылы қабылдау, түсіну қабілеттерін дамытуға арналған фонетикалық, лексика-грамматикалық жаттығулар орындату: берілген ақпаратпен келісу- келіспеу, сұраққа жауап, түсіп қалған дыбысты, қосымшаны, сөзді анықтау, сөйлемді аяқтау,т.б.
Тыңдалым бойынша студенттерге келесі жаттығу жұмыстарын ұсынуға болады:
1. Екі үш қысқа фразаларды тыңдау, оларды бір сөйлемге біріктіру;
2. Қысқамерзімді есте сақтау көлемінен асатын фразаларды тыңдау және оқытушының (диктордың) соңынан қайталау.
3.Мәтінді тыңдау, оны қағаз бетіндегі мәтінмен салыстыру.
4.Түсініксіз сөздерді белгілеп, мәтінді қайтадан тыңдау.
ІІ. Болжай алу мүмкіндігіне арналған жаттығу жұмыстары.
1.Сурет, сұрақ, тірек сөздер, тақырып бойынша мазмұнын анықтау;
2. Мәтінді, фразаны аяқтау дағдысын дамыту;
3. Мәтіннен адам аттарын, географиялық атауларды белгілеу және студенттердің білімін түсінгенін болжауға қолдану.
Тыңдалымға арналған аудиожазбалар мәтіндері. Әр топтың деңгейіне байланысты мәтіндер алынуы керек Бастапқы деңгей үшін мәтіндер: сабақтағы сөйлесім (оқытушының нұсқауы, студенттердің сөзі, тілдік ойын барысындағы айтылым, қиын емес мәтіндер) болуы керек. Жалғастырушы деңгей үшін мәтіндер: танымдық және елтанымдық, монологтық және диалогтық сипатында болуы мүмкін. Бұл әңгімелер, өлеңдер, әндер. Мәтіндер деңгей бойынша күрделене береді.
Аталған тапсырмаларды стденттер тиіс деңгейде түсініп, орындау үшін келесі әдіс-тәсілдерді пайдаланған жөн: оқытудағы басты принцип – студенттің жеке, өзіндік мүмкіндіктерін ескеру, барлық студенттердің сабаққа белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту, өз ойын жеткізуге, өзіндік таңдау жасауына мүмкіндік тудыра отырып, студенттң танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту, проблемалық оқыту арқылы оқу материалын өмірмен байланыстыра отырып, студенттерді білімді өз бетімен меңгеруге талпындыру, сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану,
Тыңдалымды дамытатын дағдылар мен амалдар [4]
Дағдылар Амалдар
Сөздің фонетикалық құрылысын ,грамматикалық құрылысын ести отырып өабылдай білу. Түсіну мен жаттау
Естіген сөзді мағынасымен
сәйкестендіру
Мәтіндерді түсіну үшін тыңдау
Тыңдау кезінде алдына мақсат қоя білу және оны айтушы көзқарасыменбірлікте жүзеге асыруға тырысу
Жағдаяттарды шешу үшін мақсат қоя тыңдау
Студенттердің бойында тыңдалымды меңгертуге байланысты білім, білік, дағдыларын дамыту келесі әрекеттермен байланысты:
1 Тыңдалым – қазақ тілі сабақтарының ажырамас бөлігі болу керек.
2 Тіл үйренушілердің тыңдалыммен жұмыс істеу ережелерімен таныс болып, тапсырмаларды белгілі бір тәртіппен орындауынміндеттеу керек.
3 Аптасына бір рет болса да тіл үйренуші тыңдаған мәтіні бойынша үй жұмысын орындауы тиіс.
4 Оқытушы сабақты жоспарлаған кезде тыңдалым тапсырмалар оқытудың әр деңгейіне қарай іріктеліп берілуге тиіс.
5 Тіл үйренушілердің деңгейіне қарай тыңдалым әрекетіне аутентикалық мәтіндерді міндетті түрде кіргізу керек. Бұларға теле-радио хабарларын, бейнежазбалардан үзінділерді тыңдатуды жатқызуға болады.
6 Оқытушы ұсынып отырған мәтіннің тіл үйренушінің тілді білу деңгейіне қарай тақырыбын, мазмұнын дұрыс таңдап, тапсырмалардың жеңілден қиынға құрастырылуын қадағалау керек.
7 Аудиомәтінді ұсынғанда оларға арналған мақсат та бірге ұсынылады: Мазмұнды толық түсіну, ең басты ойды түсіну, ақпаратты өз қажетіне қарай нақтылап түсіну, болжам жасай білу және т.б.
8 Тыңдалымды меңгертуге арналған тиімді техникалық құралдар (аудиодискілер, бейнесюжеттер, ғаламтор мүмкіндіктерін және т.б.) мен оны өткізетін орынды, мезгілді таңдау қажет
9 Тыңдалымды жаңа материалды меңгертуде және тіл үйренушінің білімін бақылау, бағалауда да қолдану керек.
10 Тыңдалым бойынша емтихан аралық бақылау, қорытынды емтихан
жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет
Сонымен тыңдалған мәтінді тіл үйренушінің түсінгенін бағалау үшін төмендегі талаптар қойылады: а) мәтін мазмұнының толық, дәл айтылуы және түсіну тереңдігі; ә) тақырыпты (айтылған ойды) анықтауы; б) тілдесушілердің мінездерін өзінше түсінуі (әлеуметтік, психологиялық, жасына және рөліне қарай, таныстық деңгейлері және т.б.); в) аудиомәтіндегі кейіпкерлердің қатысымға түсу ниеттерін анықтау (келісу, кеңес беру, ақпарат алмасу) г) тіл үйренушінің түсінген-түсінбегенін бақылау үшін, альтернативті мәтін ұсынуға болады.
Сабақты өткізуде оқытушы келесілерді ескеруі қажет: сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтиже анық болуы тиіс, тілдік төрт дағдыны (оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым) дамыту, белсенді оқыту түрлерін қолдану арқылы оқушы уәжін арттыру, оқытушы мен студент арасындағы кері байланыс, оқу жетістігін критериалды жүйе арқылы бағалау. Жоғарыда атап өткеніміздей, тыңдалымды меңгертумен қатар оны бақылау, бағалау қатар жүріп отырғанда ғана жұмысымыздың нәтижесін көре аламыз. Тыңдалымды бақылау мен бағалауда ғалым З.Күзекованың еңбектеріне жүгіну – тыңдалымды меңгертуге байланысты жаттығулардың, тіл үйренушілердің қандай деңгейде екеніне көз жеткізеді. Ғалым қатысым ситуацияларында пайдаланылатын тілдік материалдарды екшеп, сұрыптап ала отырып, сол материалдар негізінде тілді білушінің тілді коммуникациялық мақсаттарға қолдана алуын тексеруге бағытталған коммуникативтік тест тапсырмаларын қолдану – қазақ тілін тестілеудің тиімді әдіс-тәсілдері мен ғтехникасына арналған әдістемелік көмекші құрал[5].
Тыңдалым әрекетін меңгерту, бақылау, бағалауда жақсы құрастырылған тест тапсырмалары, жаттығулар жүйесі, З. Күзекованың айтуы бойынша, тіл үйренушіге екі түрлі себеппен көмектесе алады:
Біріншіден, аудиторияда көпшілік қауымның тіл үйренуге деген ынтасын оятады. Мотивациялық тұрғыдан тиімді оқыту нәтижесіне қол жеткізу үшін оқытушылар негізінен оң ахуал қалыптастыруға тырысады. Екіншіден, тест тіл үйренушілердің тілдік білімін жетілдіруге жетелейді, көмектеседі. Тіл үйренуші тест тапсыруға дайындалудан, оны тапсырудан кейінгі нәтижесін талқылаудан тек оның пайдасын көреді [5].
Өге тілді аудиторияда оқитын студенттермен жұмыс істеу тәжірибесі көрсеткендей, есте сақтауды дамытуға арналған жаттығу жұмыстары өте нәтижелі болып табылады, яғни студенттердің мәтінді тыңдап, кейін оны қағаз бетіндегі мәтінмен салыстыруға мүмкіндіктері мол. Қажетті жағдайда қайталауға болады. Студент жаңа сөздермен танысады, жиі кездесетін сөздерді, сөз тіркестерін есте сақтап қалады және тілдік болжауларды дамытады. Тыңдауға арналған мәтіндерді таңдауда студенттерді бірден саясат, экономика, мәдениет, спорт салаларындағы халықаралық өмірдегі негізгі оқиғаларды түсінуге бағыттау керек. Қысқа ақпараттардан бастап, біртіндеп радио, телебағдарламаларды түсінуге дайындау керек.
Қорыта айтқанда, инновациялық әдістер нақты аудиторияны, ұлттық ерекшеліктерді, дайындық дәрежесін және жалпы білім деңгейін есепке ала отырып қолданылуы керек. Үйреніп жатқан тілге деген оң көзқарасты, қызығушылықты дұрыс, мұқият таңдалған, қызық елтанымдық және мәдениеттану материалдары қалыптастырады.
Ал техникалық және электрондық құралдармен жұмыс істеу тыңдалым әрекетін меңгертуде тиімділігімен қатар, тіл үйренушілердің қызығушылығы мен ынтасын, белсенділіктерін арттырады
Жоғары айтылғандарды қорытындылай келе,мынадай тұжырымдар жасауға болады :
Қазіргі уақыттағы білім берудің барлық жаңа әдіс-тәсілдерінің алдына қоятын басты мақсаты – студенттің жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін ескеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылығын қалыптастыру болып табылады.
Тыңдалым әрекетін меңгеру кезінде студенттердің бойынан мынадай өзгерітер байқалады: ынтымақтастыққа үйренеді, жеке, жұппен, топпен жұмыс істеуге үйренеді, өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді, өзіне-өзі баға беруге, сыныптастарын бағалауға үйренеді, бір-бірін тыңдауға, талдауға, салыстыруға, сабақты қорытындылауға, қорғауға үйренеді.
Қолданылған әдебиет:
1 Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязнычному говорению.– М,
1991.– 222 б.
2 Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың
әдістемесі.– Алматы: РБК,1996 . – 186 б
3 Оразбаева Ф.Ш. Тіл әлемі: мақалалар, зерттеулер.– Алматы: Ан-Арыс, 2009. – 368 б.
4 Әлметова Ә. “Сөйлеу әрекет әрекеттері түрлеріне оқыту (әдістемелік құрал). – Алматы: “Арыс” баспасы, 2007.– 114 б.
5 Күзекова З. ҚАЗАҚ ТІЛІ тестілеу теориясы мен практикасы: Көмекші құрал (З.С: Күзекова, Г.С.Пазылова, Е.Қ.Әбдірасылов). – Алматы: «Құс Жолы», 2009 – 156 б.
6 Саденова А.Е. Диалогтық дискурс: теориядан меңгеруге дейін. – Алматы: «Әрекет- Принт», 2009. – 150 б.
А.Т. Магзумова, А.А. Букаева
ИСПОЛЬЗОВАНИЕ МЕТОДА АУДИРОВАНИЯ В ОБУЧЕНИИ КАЗАХСКОМУ
ЯЗЫКУ В ИНОЯЗЫЧНОЙ АУДИТОРИИ
Данная статья посвящена изучению процесса аудирования как одного из важных аспектов в преподавании казахского языка в иноязычной аудитории.
Инновационные методы обучения по внедрению в процесс обучения требует практической реализации.
В данной статье рассматрваются различные приемы обучения аудированию и приведены виды работы с аудиотекстами. Главной целью аудирования является умение не просто слышать, но и понять чужую речь, поэтому аудирование занимает особое место в процессе речевой деятельности.
Виды упражнений для обучения аудированию, предложенные в статье помогает преодолеть психологические и лингвистические сложности воспринимаемых на слух разлчных текстов. С самого начала студентов нужно учить находить опорные слова для расскрятия основной мысли сообщения.Аудиоматералы должны быть подобраны по уровню овладения речевой подготовки.
Результатом применения метода аудирования является повышение у студентов творческого потенциала, умение анализировать,сравнивать и свободно выражать свои мысли.
A.T. Magsumava, A.A. Bukaeva
THE USE OF THE LISTENING METHOD IN THE TEACHING OF THE KAZAKH
LANGUAGE FOR A FOREIGN LANGUAGE AUDIENCE
This article is devoted to the study of the listening process as one of the important aspects in the teaching of the Kazakh language in the non-linguistic audience.
Innovative teaching methods for implementation into the learning process requires practical realization.
Various methods of teaching to the audition are considered in this article and the types of work with audio texts are listed. The main purpose of listening is the ability not only to hear, but also to understand someone else’s speech, so listening takes a special place in the process of speech activity. Types of exercises for learning to listen, suggested in the article helps to overcome the psychological and linguistic complexities of hearing various texts. From the very beginning, students need to be taught to find basic words for disclosure main message. The audio materials should be selected according to the level of mastery of speech preparation. The result of using the method of listening is to increase students’ creative potential, ability to analyze, to compare and freely express their thoughts.