ҚОСТІЛДІЛІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ

С.Ж. Баяндина
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті
Павлодар, Қазақстан bayandina2004@mail,ru

ҚОСТІЛДІЛІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ

Мақала қостілділік және мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне арналған. Автор шет ел мен отандық ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп қостілділіктің мәні, оның түрлері мен қызметіне талдау жасайды. Көптілді қоғамда екінші тілді меңгеруде маңызды болып келетін психолингвистика, когнитивтік лингвистика ғылымдар тұрғысынан қостілділіктің ерекшеліктері қарастырылады.

Түйінді сөздер: Мемлекеттік тіл, қостілділік, мемлекеттік тілді меңгеру, ана тілі, екінші тіл

Қостілділіктің сипаттамасы, сондай-ақ оның компонеттерін құрайтын тілдердің лингвистикалық мәртебесі жайында әртүрлі пікірлер бар. Қостілділік туралы ғалымдардың көзқарастары мен пікірлері туралы сыни талдау Б.Хасановтың еңбегінде берілген [1, 33-54]. О.С.Ахманова қостілділікті: «Екі тілді бірдей еркін меңгеру; қарым-қатынастың әртүрлі жағдайларында екі тілді алма-кезек қолдану, мысалы, жақын диалекті мен әдеби тілді қолдану…» ‒ деп жазады [2, 125]. М.М.Михайлов билингвизм мен диглоссияны ажыратып, «билингвизим – тілдік қарым-қатынастың екі түрлі генетикалық формаларын меңгеру» деп санайды [3, 123]. «Меңгеру» терминін пайдалану емес, қабілеттілік ретінде түсіну керек; тілді меңгеру терминінің астарында «мәтінді құру және түсіну дағдысы» деген меңзеу бар.
Қостілділік компонеттерінің бірін ‒ ана тілі, екіншісін ‒ үйренген екінші тіл болып саналатын «тілдер ғана» құрайды. «Ана тілі» ‒ әлеуметтік-этникалық немесе социолингвистикалық категория. Бірақ мұндай түсінікті барлық зерттеулерден кездестіре бермейміз. Қостілділіктің аталған компоненттерін ғалымдар әртүрлі тұрғыдан қарайды. Айталық, М.Н.Губогло ана тілін психологиялық категорияға жатқызады, өйткені ол «қанша, қашан, кіммен, не жайында, қаншалықты жиі, не себепті және адам қаншалықты ұзақ сөйлесетіні, ол қай тілде жазады, оқиды және ойлайтыны емес, тілдің көмегімен белгілі бір ұлтқа немесе халыққа жататынын көрсетеді». Сондықтан «ана тілі» ұғымының этнопсихологиялық мәнін оны екі түрлі қарауға болады: оны әрі дербес этникалық көрсеткіш ретінде, әрі этникалық сана-сезімнің құрамдас бөлігі ретінде қарау керек [4,263]. Бұл жағдайда Д.И.Маринесконың тұжырымын қабылдауға болады, егер ана тілі көп жағдайда әлеуметтікэтникалық құбылыс ретінде танылса, онда екінші тіл ‒ ол әрқашан әлеуметтік құбылыс [5, 36]. У. Вайнрайх қостілділікті «екі тілді алма-кезек қолдану тәжірибесі» ретінде анықтайды, ол оны жүзеге асыратын тұлғаларды қостілділер деп атайды [6]. Бұл анықтаманы көпшілік ғалымдар мақұлдағанмен, мұның айналасында кең ғылыми пікірталас туындады және бұл анықтама Э.М.Ахунзянов сияқты бірқатар ғалымдармен нақтыланды: «Ережеге сәйкес, сөйлеу қарым-қатынасында адам нақты жағдайларда бір кодтан басқаға ауысқанда, бір ұлттық тілден басқаға, ұлттық тілден диалектіге немесе тайпааралық (ұлтаралық, халықаралық) қарымқатынасқа ауысатыны жөнінде айтылғанына қарамастан», қостілділіктің әр кез өз орны бар [7]. В.Ю. Розенцвейгтің пікірінше, «екі тілді меңгеру және олардың екі түрлі қолданылуы қарым-қатынас жағдайына байланысты» және «қостілділіктің астарында әдетте екі тілді меңгеру және қарым-қатынас жағдайына байланысты бірінен біріне үнемі ауысып отыру түсініледі» [8, 4], [9, 9].
Осылайша, біз қостілділікті Б.Х.Хасановтың ізімен «бір этнос өкілдерінің гетерогенді социумда екі тілдің синхронды (ауыспалы немесе аралас) қолданылуы» деп түсінеміз [10, 15]. Екінші тілді үйренуде интерференция мен интеркаляция процестері байқалады.
Қазақстанда интерференция мен интеркаляция мәселелеріне А.Е.Карлинский, М.М.Копыленко, М.К.Исаев, Б.Хасанұлының және т.б. еңбектері арналған.
А.Е.Карлинскийдің ойынша, интерференция – екі тілдік жүйенің қызметі, түйістірілген тілдердің субстанционалды құрамына байланысты болатын сапа мен мөлшер. Әдетте лингвистер тілдік бірліктер мен оларды дұрыс қолдану ережелерінің арасындағы айырмашылықтарын нормадан ауытқу деп түсінеді, бірақ нақты билингвте сол қоғамда білім, Т2 саласында ептілік пен икемділікті орындайтын тілдердің әлеуметтік қызметін есепке алмайды [11, 97]. М.К.Исаевтың тұжырымынша, «жасанды (аудиториялы) жағдайларда, әсіресе табиғи жағдайларда тікелей байланыста болатын тілдерді контрастивті зерттеу теориясы және тәжірибелік жағынан едәуір орынды, перспективті болып табылады» [12,12]. Б.Хасанов интерференция мәселесін ғана емес, интеркаляция және оның көріну сипатын бөліп қарайды. Оның ойынша, «бұл екі бағытты терең зерттеу барысында бүтін бір әлеуметтік құбылыстың қосбірлікті процесінің ‒ қостілділіктің мәселесі шешілуі мүмкін» [10,47].
Э.Д.Сүлейменованың пікіріне сүйенсек, кеңес кезінде Қазақстанда қостілділіктің дамуы «көптеген жылдар бойы қостілділік кезінде ана тілін сақтау, алмастыру және жоғалту бүркемеленіп келді. Керісінше, орыс тілімен байланыста болатын тілдерді байыту міндетіне ерекше көңіл бөлінді… Қостілдіктің әлеуметтік-қызметтік талдауы көбінесе тілдік түсінік пен ұлттық сана-сезім сияқты өте маңызды факторлардың есебінсіз жүзеге асты» [13, 57].
Э.Д.Сүлейменова, Н.Ж.Шәймерденова, Ж.С.Смағұлова, Д.Х.Ақанованың «Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігінде» қостілділіктің мынадай түрлері берілген:
— жеке қостілділік – белгілі бір халықтың жеке мүшелерінің екі тілді білу әрі қолдануы және жаппай қостілділік ‒ халықтың көпшілігінің екі тілді білуі әрі қолдануы;
— аймақтық қостілділік – елдің белгілі бір аймағындағы тұрғындардың екі тілді білуі әрі қолдануы және ұлттық қостілділік – сол ел халқының екі тілді білуі әрі қолдануы;
— табиғи қостілділік – осы тілдерді қолдаушылардың тікелей өзара әрекетінің салдары ретінде екі тілді білуі әрі қолдануы және жасанды қостілділік – екінші тілді үйренуге арнайы және әдейі жасалған шарттардың салдары ретінде екі тілді білуі әрі қолдануы;
— таза немесе үйлестірілген қостілділік – екі тілдің әрқайсысы билингвте бөлек жүйе ретінде болады, аралас қостілділік – екі тіл бір жүйеде бірігеді, субординативті қостілділік – екінші тілді меңгерудің бастапқы сатысы, оның бірліктері өзінің мағыналық базасын азайтып, бірінші тілдің бірліктерімен арақатынаста болады.
— қосымша қостілділік – билингв біріншідегі тілдік құзыретті жоғалтпай, екінші тілді қолданады және орнын басатын қостілділік – билингв екінші тілді меңгергеніне қарай біріншідегі құзыретті жоғалтады;
— функционалды (мәдени) қостілділік – екі тілді бір халық қолданады, сонымен бірге біреуі – этностық тіл, басқасы – арнайы қызметтерде немесе қарым-қатынастың ерекше жағдайларында қолданылатын этнос үстіндегі тіл және этникалық қостілділік – бір социумда екі тілдің қолданылуы сол тілдерде сөйлейтін екі халықтың арақатынасымен немесе бір халықтың екі тілді қолдануымен байланысты болады [14, 64, 239, 231].
Екінші тілді, демек басқа мәдениетті меңгеру процесін зерттеу барысында мәдениаралық қарым-қатынас процестерін үйрену маңызды болып саналады. Е.Ф.Тарасов: «мәдениаралық қарым-қатынас әртүрлі мәдениет иелерінің (және әдетте түрлі тілдердің) қатынасуы ретінде түсіну орынды. Метафораның көмегімен «ұлттық мәдениет иесі» әдетте белгілі бір ұлттық мәдениетті «иемдену» барысында қалыптасқан адам санасының сапасын көрсетеді», ‒ деп тұжырымдайды. Когнитивті психологияда осы сананың сапасының аясында мынаны ескереді: 1) сезім мүшелерінен алынған естілім мәліметтерін қайта өңдеу барысында тұжырымдалған естілім білімі; 2) ойлау әрекеті үстінде қалыптасқан, естілім мәліметтеріне тікелей сүйенбейтін тұжырымдамалық білім; 3) естілім және тұжырымдамалық мәліметтерді қолданудың жүйелілігі мен әдістерін суреттейтін рәсімді білім [15, 4 ].
Қазіргі кезде мәдениетаралық байланыс жеке лингвистиканың ғана емес, маңыздысы, тұтасқан тәртіп нысаны: психолингвистиканың, социолингвистиканың, когнитивті психология мен когнитивті лингвистиканың зерттеу нысаны екеніне ғалым баса назар аударады. Мәдениетаралық байланысты зерттеудің қазіргі кезеңін лингвистиканың дәстүрлі нысанын талдаудың жаңа кезеңі негізінде қарауға болады: талдау нысанының өзі күрделеніп, өзгерді (мәдениетаралық байланыстың сан алуандылығы, қарқындылығы, көлемі өсті), зерттеу жабдығы өзгерді (коммуникативтік тәсілдеме, нейрофизиологиялық функционализм, компьютерлік метафора, адамның есте сақтауы туралы, сөйлеуді қабылдау мен қайта өңдеу процестері туралы жаңа тереңдетілген білім). Мәселен, өткен жүзжылдықтың аяғындағы лингводидактикалық зерттеулерде заттар мен құбылыстардың оларды айыратын белгілерін ұғыну нәтижесінде біртұтас тікелей сезімдік бейнелеу ретінде түсіндірілетін қабылдау жөніндегі психология мәліметтерін қатыстыру жеткілікті болды [16,53].
Қазіргі кезде екінші тілді меңгеруде когнитивті психология мен когнитивті лингивстиканың мәліметтерін қолдану өзекті болып барады. Когнитивті психологияда «қабылдау әлемді пассивті пайымдау емес, бірақ қоршаған ортамен белсенді әрі жанды арақатынас» болып белгіленген, ол «адамның ортаға бейімделуі және оның өмір сүруі, яғни қажетті ақпарат және пайдалы мағлұмат ағымынан алуға бағытталған»… Қабылдау туралы үйренудің маңызды бөлігі қабылдаудың жаңа сапаны тудыратыны жайындағы ой болып табылады, өйткені «қабылдаудың өзі басқа қызметтердің жүйесінде іске асады», яғни заманауи жетік ересек адамда зеректік құрылымы және оның барлық ұйымы сенсорлық түйсіктің санасыз классификациясының процестерімен ғана емес, әлемнің категоризация және концептуализация процестерімен тығыз байланыста болады [17]. Бұдан басқа, өзге ұлттық мәдениеттік сананы талдау барысында жат ұлттық мәдениетті қабылдау механизмі туралы кейбір болжамдардан шығатыны орынды екенін ескеру керек.
Е.Ф.Тарасов бойынша, автордың эпирикалық енгізілген бақылауы жат мәдениеттің «нормадан қабылданбаған» ретінде түсініледі, соның негізінде өз мәдениеті қалыпты болып саналады да, өз мәдениет кейпіне бөтен сананың бейнесін әкелу жолымен жат мәдениет аңғарылады [15].
А.А.Залевская тіларалық және мәдениетаралық ғылыми іздеулер теориясын дамыта отырып, лингвистикалық теориядан қажетті талаптарға жауап беретін психолингвистикалық ғылыми тәсілге ауысу қажет деп санайды. Аталмыш тәсіл жалпы білім теориясының бөлігін құрайтын жеке білімнің ерекше тұжырымына негізделу керек.
Жеке білім тұжырымдамасында: 1) сөйлеу-ойлау және басқа да әрекеттердің активті субъектінің мүлкі ретіндегі жекеше білім; 2) аса үлкен жүйелердегі психологиялық әрекет пен арақатынас заңы бойынша белгілі бір лингвомәдениет қауымдастығында қолданылатын және қалыптасқан бірлескен ұйымдық білім-уайым (знание-переживание); 3) ұжымдық білім ұғымының тек бөлігін ғана суреттейтін әртүрлі қызметтегі адамдардың өнімдерінде «тіркелген» ұжымдық білім сараланған [18].
Бұған теориялық тұрғыда жету үшін, референцияның психолингвистикалық тұжырымын жасау қажет. Тұжырымда әлемнің жеке көрінісінің қалыптасуындағы түрлі типтердің белгілерінің рөліне ерекше көңіл аударылған, оның әмбебап және ерекше мәдени сипаттамасымен бірге, сондай-ақ категоризация, метафоризация процестерінде, мәденитаралық байланыс кезінде өзара түсінушілік пен түсіну, аударма қызметінде және т.б. Сонымен қатар игеру теориясының сұрақтарын жасау және жеке тұлғаның қолданатын стратегиясы мен қызметіне сәйкес жетістікті қамтамасыз ететін немесе сол не басқа типті «жаңылуға» әкелетін тірек элементтерін үйренуге сүйенетін екінші мәдениет пен тілді пайдалану сияқты теориялық зерттеулердің маңызды бағытын ескеру керек [17].
Осылайша, когнитивистер мен психолингивистер ұсынған тіларалық байланысты үйрететін әдістер тілді үйренудің заманауи теориялық негізін байытады, демек оларды үйрену мен қорыту келешекте өзекті болып табылады.
Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйренуі қостілділіктің дамуына мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе тұтас барлық республика үшін тән. Қызметкерлер мемлекеттік тілді тек үйреніп қана қоймайды, сонымен қатар екі тілде тілдік құзыретті жетілдіретінін айта кету керек. Мәселен, 2007 жылы Алматы қаласында барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлері мен қала тұрғындарына мемлекеттік тілді үйретудің жаңа технологиясы бойынша жеделдетіп оқыту жүзеге асты. Қалалық әкімшілік пен аудан әкімі аппараттарында жаңа технология бойынша мемлекеттік тілді оқытуға арналған мультимедиялық кабинеттер ашылды. Қалалық әкімшілік пен аудан әкімі аппараттарының мәжіліс залдары ілеспе (синхронды) аудармаға арналған қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Мемлекеттік қызметкерлердің компьютерлеріне екі тілді электронды сөздік, қазақша қаріптерді өзгертетін жүйелік конвертор, қазақ тілінің орфографиясы, орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасайтын компьютерлік бағдарлама орнатылған. Астана қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша, Қазақстанда алғаш рет 50 000 сөздік қоры бар орысша-қазақша, қазақша-орысша қалталы сөздік дайындалды.
Алматы қаласындағы тілдік жағдайды сараптау мақсатында мониторинг жүргізілді. Бірінші кезектегі міндет ретінде мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру дәржесін анықтау қарастырылды.
Тестілеу қалалық әкімшілікте Қазақстанда алғаш рет енгізілген арнайы құрылғы ‒ тестілеуге арналған «MINIKOM» электронды қозғалмалы құрылғысы арқылы өткізілді.
Тестілеуге қатысқан барлық 1643 адамның 1352 мемлекеттік қызметкер, бұл барлық теске қатысушылардың 82,3% құрайды. Тестілеудің нәтижесі бойынша, олардың 33,7% мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізе алады, 35% мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге мүмкіндіктері бар, 20,3% базалық деңгейі жоқ. Тестілеудің қорытындысы негізінде Алматы қаласының жергілікті орындаушы органдар мен басқа органдардың қызметкерлерін оқытудың теңдестірілген жүйесін әзірлеу басталды. Бұл тек жалғыз ғана мысал [9, 80-81].
Пайдаланылған әдебиет:
1 Хасанов Б.Х. Казахско-русское двуязычие (социально-лингвистический аспект). – Алма-Ата: Наука, 1987.
2 Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. − М. 1966.
3 Михайлов М.М. Об изучении двуязычия // Язык и общество. − М.: Наука, 1968.
4 Губогло М.Н. Современные этноязыковые процессы в СССР. − М., 1984.
5 Маринеску Д.И. Двуязычие фактор сближения социалистических наций и
народностей . – Кишинев, 1975
6 Вайнрайх У. Языковые контакты. Состояние и проблемы исследования. − Киев:
Вища школа, 1979.
7 Ахунзянов Э.М. Двуязычие и лексико-семантическая интерференция. − Казань: Изво Казан. ин-та, 1978.
8 Розенцвейг В.Ю. Языковые контакты Лингвистическая проблематика. − М.: «Наука». Ленингр. отд-ние, 1972.
9 Розенцвейг В.Ю. Основные вопросы теории языковых контактов // Новое в лингвистике . − М.: Прогресс, 1972. – Вып. 6.
10 Хасанов Б.Х. Социально-лингвистические проблемы функционирования казахского языка в Республике Казахстан. АДД. − Алма-Ата, 1992.
11 Карлинский А.Е. Язык и сознание: речь и мышление (к вопросу о предмете когнитивной лингвистики) // Мир языка: Материалы второй международной научнотеоретической конференции, посвященной 80-летию профессора М.М.Копыленко. − Алматы: КазУМО и МЯ, 2001
12 Исаев М.К. Лингвоконтрастивное исследование речевой деятельности в условиях искусственного двуязычия. АДД. − М., 1992.
13 Сулейменова Э.Д. Казахский и русский языки: основы контрастивной лингвистики.
− Алма-Ата: Демеу, 1992.
14 Словарь социолингвистических терминов. – Издание 2-е, дополненное и переработанное / Э.Д Сулейменова, Н.Ж. Шаймерденова, Ж.С. Смагулова, Д.Х. Аканова; Отв. ред Э.Д. Сулейменова. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 330 с.
15 Тарасов Е.Ф. Межкультурное общение – новая онтология языкового сознания // Этнокультурная специфика языкового сознания. Сборник статей / Отв. ред. Н.В. Уфимцева. − М., 2003.
16 Еникеев М.И. Психологический энциклопедический словарь. − М., 2006.
17 Кубрякова Е.С., Демьянков В.З., Панкрац Ю.Г., Лузина Л.Г. Краткий словарь когнитивных терминов/ Под общей редакцией Е.Е. Кубряковой − М. МГУ, 1996.
18 Залевская А.А. Вопросы теории и практики межкультурных исследований //Этнокультурная специфика языкового сознания. Сборник статей / Отв. ред. Н.В. Уфимцева. − М., 2003.
19 Состояние и перспективы функционирования государственного языка в сферах общественной жизни г. Алматы. Б.Хасанулы, С.Ж. Баяндина, Б.Х. Исмагулова, Л. Бугенова. – Алматы: Учебно-методический центр «Тіл», 2008 . – 200 с.
С.Ж. Баяндина
ДВУЯЗЫЧИЕ И ОВЛАДЕНИЕ ГОСУДАРСТВЕННЫМ ЯЗЫКОМ
Статья посвящена проблемам двуязычия и овладения государственным языком. Автор анализирует природу двуязычия, его виды и функции, опираясь на труды зарубежных и отечественных ученых. Рассматриваются особенности двуязычия с позиции разных наук, таких как психолингвистика, когнитивная лингвистика, которые важны для овладения вторым языком в условиях полиязычного общества.

S.Zh. Bayandina
BILINGUALISM AND MASTERING OF THE STATE LANDUAGE
The article is devoted to the problems of bilingualism and the study of the state language. The author analyzes the nature of bilingualism, its types and functions, relying on the work of foreign and domestic scientists. Features of bilingualism from the point of view of various sciences, such as psycholinguistics, cognitive linguistics, which are important for mastering a second language in a multilingual society are considered.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *