Қ.Т. Төлебаева
Ф.ғ.к., Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті, Семей қ., Қазақстан Республикасы
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЭПИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖӘНЕ
ҚАЛИХАН АЛТЫНБАЕВТЫҢ ТАРИХИ ПОЭМАЛАРЫ
Ұлттық әдебиеттану ғылымында поэма жанрындағы көркемдік дәстүр мәселесі аса күрделі де өзекті мәселелер қатарынан орын алады. Бұл мақалада қазақ әдебиетіндегі эпикалық туындыларға бас назар аударып, эпика жанрының көркем үлгілеріне тоқталған. Ақын Қалихан Алтынбаевтың әдеби мұрасын, оның ішінде поэма жанрына қосқан үлесін қарастырған. Ақынның «Қойбағар батыр», «Тепек батыр», «Жоқтау» поэмаларыныңтарихи сипатын айқындап, көркемдік ерекшелігін қарастырып, әдеби талдау жасалған. Мақалада қазақ әдебиетіндегі эпикалық туындыларға бас назар аударып, эпика жанрының көркем үлгілеріне тоқталған. Ұлт фольклорынан, төл әдебиет үлгілерінен, Абай дәстүрінен нәр алған Қалихан Алтынбаев дастандары ұлттық поэтика өнерінің дәстүрлі арнасын жалғастырып отыр. Ақынның әдеби мұрасы ХХ ғасыр әдебиетіндегі халық ақындары шығармашылығында өз көрінісін берген жазба үлгідегі эпикалық дастандардың қатарын толықтырар көркем туындылар ретінде әдеби қордың айтулы мұраларына айналды.
Кілт сөздер: әдебиет, жанр, эпикалық туынды, поэма, тақырып, ақын, ажарлау, құбылту, айшықтау.
КІРІСПЕ
Есімі республикасымзға кеңінен танымал, Ертіс жағалауынан, оның ішінде әйгілі Қалбатау атырабынан шыққан шалқар шабыт иесі, тума талант, айтыс додасындағы өткір шумақтары мәтел ретінде таралып, ақындық мінезімен аңызға айналған, суырып-салма ақын Қалихан Алтынбаев.
Қалихан Алтынбаев – біріншіден, суырып салма ақын, айтыс өнерінің хас шебері ретінде танылған ақын. Екіншіден, әдеби мұраны және тарихи шежірелерді жинаушы, Ертіс жағалауынан шыққан ақын-жазушылар және Семей өңірінің әдеби ортасы туралы, абайтануға қатысты зерттеу мақалалар жазған қаламгер. Үшіншіден, ақынның ғибратты шығармашылық мұрасының өзі-ақ қазақ әдебиеті тарихының көркемдік қорын толықтыра түсер сөз байлығымен ерекшеленеді.
Жалпы, әр халықтың тұрмыс қалпы, шаруашылығы, соған орай қалыптасқан көркем өнері, рухани құндылықтары болады. Халықтың ұлттық нақышын танытатын бұндай белгілер сол ұлттың, жоғары да айтқанымыздай, тұрмыс қалпы мен тіршілік көзі шаруашылық ерекшеліктеріне тікелей байлаулы болады. Мәселен, қазақ халқының ғасырлар бойғы негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан, ұлтымыздың рухани әлеміндегі өнер түрлерінің басы-поэзия болды. Табиғат ананың бауырында, кең дала төсінде еркін көшіп-қонған елдің қуанышы мен қайғысы, зейнеті мен бейнеті, ой-арманы мен мұңзары, қысқасы барлық жан әлемі поэзия тілімен өрнектеліп, кейінге мол мұра болып жетті. Сол себептен де қазақ поэзиясында, ұлт фольклорында халқымыздың көшпелі тұрмыс қалпы, соған негізделген дала мәдениеті, көшпенділер өркениеті, ұлттық руханият айқын танылады. Олай болса, халқымыздың ұлттық құндылықтарын поэтикалық көркем тілмен өрнектеген сөз зергерлеріне халқымыз кенде емес.
Сонау өткен ғасырда өмір сүрген жаужүрек жыраулардан бастап бүгінгі күнге дейінгі поэзия әлеміне көз салсақ қазақ халқының бүкіл ақыл-ойы, арман-мұраты, жеңісі мен жеңілісі ең алдымен ақын жүрегінен жарық береді.
Осындай поэтиканың эпика жанрындағы поэма түрі төл әдебиетіміздің өткен тарихында да, оның даму жолында да басқа жанрлармен бірге дамып, айрықша орын алып келе жатқандығын көруге болады. Поэманың алғашқы нұсқалары сонау ерте заманнан бой көрсете бастағаны белгілі. «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды» т.б. батырлық жырлар, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» секілді лиро-эпостық жырлар, одан бергі «Қабанбай батыр», «Шақшақұлы ер Жәнібек», «Олжабай батыр», т.б. тарихи жырлар, сондай-ақ Шығыстық үлгідегі қисса-дастандар – терең тағлымды, күрделі құрылымды эпика жанрының көркем үлгілері екендігі белгілі.
Ал, халық ақындары Жамбылдың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», Нүрпейістің «Құбағұл», Төлеудің «Ақтайлақтың толғауы», «Кешубай қиссасы», т.б. эпикалық сарындағы жыр-дастандарын да сол ауыз әдебиетіндегі қазіргі қазақ поэмаларының өзіндік бастау түрлеріне жатқызамыз. Осы тұрғыдан алғанда қазақ поэмасы ғасырлар тезінен сұрыпталып, көркемдік дәстүр құрап халықтың рухани қазынасының алтын қорына айналып отыр.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Ұлттық әдебиеттану ғылымында поэма жанрындағы көркемдік дәстүр мәселесі аса күрделі де өзекті мәселелер қатарынан орын алады. Дәстүр тұтастығы әдебиеттану ғылымында өткен ғасырдан бастап кеңінен қарастырыла бастады. М. Әуезов, Ә. Марғұлан, М. Қаратаев, З. Қабдолов, Р. Бердібай, Е. Ысмайылов, С. Қасқабасов, Р. Нұрғали, Ә. Нарымбетов, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде халық поэзиясы мен халық ақындары шығармашылығындағы дәстүр мен жаңашылдық мәселелеріне байланысты жан-жақты ғылыми талдау жасап, тұжырымды пікірлер айтылған.
Әдебиеттану ғылымында эпика жанрының бұл түріне:«Поэма – оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, кейде жыр-толғау түрінде келетін көлемді шығарма. Сюжетті оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді. Поэманың алғашқы нұсқалары деп ауыз әдебиетіндегі уақиғалы жырларды айтуға болады. Олардың баяндау тәсілі, кейіпкерлер бейнесін суреттеу өзгешелігі де ауыз әдебиеті дәстүрлерімен тығыз байланысты» [1, 286 б.], – деген анықтама берілді.
Өз бастауы халық шығармашылығынан нәр алып, кемелденіп, өсіп-өркендеген эпикалық поэма түрі өзіне дейінгі әдеби дәстүрдің ең жақсы, ең озық қасиеттерін бойына сіңірді. Сөйтіп, халық ақындары қазақ халқының ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің эпикалық дәстүрінен, төл әдебиет пен әлем әдебиетінің озық үлгілерінен нәр алып, қалыптасқаны тарихи шындық.
Солардың бірі – лирикалық өлеңдер ғана емес, көлемді көркем шығармалар да жазған эпик ақын Қ. Алтынбаев.
Ақынның эпикалық поэмалары – оның реалистік бейнелеу әдістерін, өмір құбылыстарын нақтылы, айқын көзге елестетерліктей шынайы және типтік дәрежеге көтере бейнелей алатын көркемдік шеберлігін танытады. Қалихан сомдаған образдар алуан түрлі. Оның дастандарындағы кейіпкерлер характері әр алуан. Олардың бойынан батырлық, даналық, ізгілік, адамдық, туған жеріне деген махаббат сезімі сынды қасиеттер айқын танылады. Жалпы, ақын кейіпкер характерін ашуда халық ауыз әдебиет үлгісімен оқиғаларды әрдайым шиеленіскен жағдайда қайшылықты күрес, тартыс арқылы ширыққан драмалық формада жырлай отырып, образдарды күрес үстінде жанды бейнеде суреттейді.
Ежелгі аңыз-шежілерді, эпикалық жырларды мол игерген, жастайынан ауыз әдебиетінен сусындап өскен Қ. Алтынбаев 13-тен аса поэмаларды дүниеге әкелді. Ең алғаш «Тепек батыр», «Қойбағар батыр» атты дастандарын жазады. «Екі айқас», «Мүгедек үкімі» поэмалары азамат соғысы тақырыбына, «Революция семсері», «Дала перзенті» революционер Угар Жәнібековтің бейнесін жасауға арналса, «Ақырғы айқас», «Мамай батыр» дастандары қазақ батырларының ерлігін мадақтап, дәріптесе, «Соғыс, солдат, балдақ» поэмасының сюжеті Ұлы Отан соғысының оқиғаларынан алынған. Партизандар отрядында болып, жараланып екі жанарынан айырылған қазақ солдатын орыс жұбайы жетектеп келеді. Поэманың кейіпкері – Қалиханның өз ағасы. Қос жанары сөнген батыр солдат туған жер көркін, келбетін бір сәт болса да көруді армандайды: Армысың, Қапанбұлақ, Балықты көл,
Бармысың бауырындағы халық түгел? Ей, қызыл күн, қарызға бір минутке Иненің жасауындай жарықты бер [2], –
деп қиыла сұрайды. Отаны үшін, елі үшін басын өлімге байлаған, қос жанарын болашақ
ұрпақтың бақыты үшін соғысқа берген солдат ерлігіне сүйінесің әрі қайсарлық пен қаһармандықты мұрат тұтқан тұтас бір қазақ жауынгерінің ортақ типтік тұлғасын танимыз.
«Тіл құдіреті», «Жекпе-жек», «Байғара қырғыны», «Аттестатты шопан», «Барақ шыққан бауырында», «Екі айқас» сынды – өмірінің соңғы кезеңінде жазған дастандарында тарихымыздың әлі де беймәлім тұстарынан хабар берер ел ауызында сақталған батырлардың ерлік істеріне құрылып, халық дастандары үлгісінде жазылған. Сондай-ақ, эпикалық жанрдың мол мүмкіндігін танытатын ақын туындылары жазба поэзиямыздың көкжиегін кеңітер әдеби-эстетикалық құндылығы биік кесек шығармалар ретінде ерекшеленеді.
Талай тарихи оқиғаға куә болып, кейде мейірі түсіп, ықыластана қарап, кейде мұңая күрсінген Жер-ана өзі ғана білер тарихтың айқара жамылған беймәлім көрпесінің сырын ашқан, көне құжаттардың шаң басқан беттерін дұрыс парақтаған, ауыз әдебиетінің жемісін жете меңгерген ақын ғана өткен өмірді, оның тарихын қайта жаңғыртады.
Қазақ ақындық қасиетті қастерлеген, жыраулық өнерді қадірлеген ел. Ақындық өнердің ұлтымыздың тағдырына ерекше орын алуының бір себебі осында жатса керек. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан өткерген қилы кезеңдер мен сұрапыл шайқастарды ұрпақтан-ұрпаққа қаз-қалпында жеткізіп, ұлттық рухымызды асқақтатуға, еліміз бен жерімізге сүйіспеншілікпен қарауға үндеген ақын, жырауларымыздың дастандары, жыр термелері сонысымен құнды.
Осындай ел тарихын, халық батырларын өзек еткен «Қойбағар батыр», «Тепек батыр» дастандары бұл уақытқа дейін аталып келгенмен, әзірге ешбір басылымда жарық көрмеген және зерттеу назарына алынбаған. Дастандар М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.
«Қойбағар батыр» дастанында Найман, Сыбан руларының шығу тарихы, Қойбағар батырдың ерлігі, батырлығы баяндалады. Поэма: Қойбағар ел аузында жүрген аңыз, Бір талай осы аңызда жатыр маңыз. Болғанда елі Сыбан, руы Қапан Туысы Тауасардан сұрасаңыз.
Найманға бұл жақтан болған мәлім. Көп батыр Қойекеңнен алған тәлім.
Бір жылы Байжігітке аттанбақ боп Жиылды он екі адам күзге салым [3, 1], –
деп басталып, келесі шумақтарында Тарбағатай өңірінің сұлу табиғаты, оның әсем
көрінісі, өрісінің малға жайлылығы былайша суреттеледі:
Байжігіт жалпақ жатқан қытай елі,
Бер жағы Тарбағатай асу белі
Байлығын ауыз бенен айтып болмас Көшкенде көде сайын қалар төлі [3,1].
Одан әрі ақын Қойбағар батырдың ерлікпен қаза тапқанын, батырдың бейіті осы күні сақталған, Михайловка ауылының жанында жерленгенін:
Қойекең дүние салған қырық бес жаста,
Тағдыры сонен болған әуел баста
Үстінде хан жайлаудың алып келіп,
Қойылған таза арулап сандық таста
Қасында Михайловке ескі мола
Моланың құпия сыр іші толы
Аруағы жебеп-желеп есіркер деп
Үш күндей ой қажадым ерге бола [3, 1], – деп толғайды.
Төл әдебиет дәстүрінде жазылған поэмада ақын ұлттық нақышты танытар этнографиялық көріністерді былайша суреттейді:
Басқасы ас артынан жатты тарап, Отырды Манас жалғыз жаурын қарап, Апырмай, қанжолды боп жүрмелік
«Деп айтты түйісті ғой тоғыз торап [3, 2].
«Жауырынға қарап, болашақты болжау», бұл мифтік ойлау кезеңінде болған. Ерте заманның адамдары табиғаттың қозғалыс жүйесіндегі ішкі сырды, ондағы құбылыс заңдылықтарын, әр мезгілде болып тұратын алуан түрлі өзгерістерді танып, негізгі себептерді толық түсініп кете алмады, өйткені ол адамдардың «мифтік ойлау» кезеңі еді. Сол себепті ол дәуірдің адамдары «табиғат пен адам бір» деген ұғым негізінде өздерін жаратылыс дүниесімен тең орынға қойып, мөлшерледі. Осы таным-түсінік негізінде олар өз өмірлерінің бейнесі болған түрлі мифтерді жарыққа шығарды. «Жауырынға қарап, болар күнді болжау» қазақ халқында әлі күнге дейін сақталған. Поэмада осы жай: Жігіттер бір жаман түс көрдім дейді, Түсімде қызыл жидек тердім дейді. Жетектеп бел астынан алып кетті
Соңынан ұлы атамның ердім дейді.
Оянды Мүсіркеп те қатты шошып
Тұр екен мені осы жол ажал тосып Түсімде түсі суық біреу келіп,
Айқыра қамшы менен жіберді осып.
Тағы да іле-шала Манас тұрып,
Жігіттер жоры дейді мойның бұрып
Түсімде астымдағы ерім шатынап, Тұр екен қолымдағы найза сынып [3, 2], – деп суреттелген.
Көрген түсті жору, жақсыға ырымдау архетиптік мәні бар қазақ халқының нанымсенімі ретінде көрініс табады. Ой категориясы адам психикасында үлкен таңба салғандықтан ұдайы ойлаған әр түрлі пейілдер түсте көрініс табады. Дастанда үш кейіпкер де жамандықты сезіп, соған қарай түс жориды. Дастанда қазақтың осындай ырым-сенімдері молынан ұшырасады. Сондай-ақ, ұлттық этнографиялық салттың бірі – бата беру салты «Қойбағар дастанында» екі жерде көрініс тапқан: Қалмайық жолымыздан түске нанып, деді де түрегелді оттай жанып,
«А, құдай! Жолымызды аша гөр» деп Барлығы мінді атына қайраттанып [3, 3]. Биғозы бата берді қолын жайып,
Балалар жүре көрме жолдан тайып,
Я Қапан, Я Түкі, Я Байыс
Қолдасын жеті Кәміл ерен ғайып [3, 3].
Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Бата беретіндер, көбінесе, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер даналар, дуалы ауыз билер болып келеді. Бата қысылғанда-қуат, қиналғанда-медет беріп, әрбір іс-әрекетке даңғыл жол ашып, бәлежаладан қорғайды деп есептелген. Қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани қазынасының бірі – бата сөздер. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер», «Көп тілеуі
– көл» деп ұққан қазақтар келер ұрпаққа бата беріп, ақ тілек, адал ниет білдіруді дәстүр тұтқан. Бұл жерде жорыққа шығып бара жатқан Қойбағар бастаған азаматтарға жол болсын айтып, бата беру дәстүрі суреттелген.
Дастан тілінің көркемдігі суреткердің әр сөзді орнын тауып, көркем түрде жұмсай білуінен танылады. Ақын сөзді қиыстырып, тиісті жерінде ұтымды қолданып қана қоймай, ойдың түсініктілігін, айқындылығын, дәлдігін беру үшін сөз мағынасын айшықтап, құбылтып қолданады.
Ақын сөзді ойнатып қолдану, тілдік элементтерді таңдап, тауып жұмсау, соны тіркестер, жаңа мағына туғызуда құбылту түрлері, ажарлаулар көптеп кездеседі. Мысалы: Байжігіт жалпақ жатқан қытай елі, Бер жағы Тарбағатай асу белі.
Байлығын ауызбенен айтып болмас, Көшкенде көде сайын қалар төлі [3, 1], –
деген шумақтағы «жалпақ жатқан» тіркесі қытай елінің бай, қуатты, көп ел екенін ажарлап беріп тұр. Ал елінің байлығын, малының көптігін «көшкенде көде сайын төлі қалар деп бейнелейді.
Асуға ары қонып жетіп барды Жаудырап қарашада қайтпақ қорды.
Көсіліп Тарбағатай тауы жатыр
Көлденең елестетіп шөккен нарды [3, 2], – деген бұл жолдардан Тарбағатай тауының алыптығын көлденең жатқан шөккен нарды елестете отырып, көз алдымызға әкеледі. Мұнда ажарлаудың бір түрі – теңеу сәтті қолданылып отыр. «Теңеу – суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттеу» [4, 222], – деп академик З. Қабдолов айтқандай, дастанда шәлім шәлкес жол болғандай, самсаған қол болғандай, келеді аққудайын топ-топ болып, қаз ілетін қаршығадай, жалындай жас жігіттер, тайтайдай ту биелер, сақадай боп тұр сайланып сынды теңеулер мол ұшырасады. Көңілі Қойекеңнің қоңыр күздей Күрең ат қаз мойынды құлақ біздей.
Асуға алдындағы жөнелісті
Басқасы жылқыны айдап сегіз жүздей [3, 4].
Мұнда Қойбағардың көңілі «қоңыр», аттың түсі де адамның көңілімен шектес түс, ол «күрең», ал мойыны қаздікіне ұқсас. Бұл өлең жолдары ажарлаудың бір түрі – эпитет арқылы берілген. Ал, эпитет немесе айқындау – заттың, құбылыстың айырықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз» [4, 219]. Дастанда жаман түс, қызыл жидек, ұлы атам, түсі суық, қыр мұрынды, қызыл жүзді, көп жылқы, қара мұрты, тар асу, айсыз түн, жан ашу, қанішер Қандығатай, т.б. эпитеттер мол қолданылған. Қанішер Қандығатай басында деп Тыныштықпен ішкізбеді асыңды деп.
Қойбағар – кәрі көкжал қолға түссең,
Жұлар ек бір-бір талдап шашыңды деп [3, 5], – деген шумақта Қойбағарды ақын «көкжал» дейді. Одан біз Қойбағардың өр тұлғалы, халқына қорған болатын батыр екендігін көреміз. Ақын поэмаларындағы келесі бір көріктеу тәсілі ауыстыру яки метофора мол қолданылған. Метафора (ауыстыру) – сөз мәнін өңдендіре, өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас затқа не құбылысқа балау, сөйтіп суреттеліп отырған заттың не құбылстың мағынасы үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту» [4, 224]. Поэмадағы:
Жел берген Байжігіттің қолтығына
Семейдің жерді құртқан бір ноғайы [3, 5], –
деген тармақтарда қолданылған «жерді жұтқан» деген метонимия сұм, қу адам мағынасын беріп тұр. Бұлайша сөзді алмастырып қолдану метонимия деп аталады. Бұл құбылтудың бір түрі. «Метонимия немесе алмастыру — өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану» [4, 230].
Дастанда айшықтаудың бір түрі арнау да көп кездеседі. Қойбағар батырдың Байжігіт елінде қапыда мерт болуы зарлай арнау түрінде былайша бейнеленген:
Бауырым кетті қанталап,
Аруақтар келді анталап,
Ажалдың оғын атты екен,
Қандай бір дұшпан зәнталақ [3, 6], –
Ал, «зарлай арнау – белгілі бір адам қайтыс болғанда аһ ұрып, аза тұтып айтатын өлең» [4, 239] – түрі.
Қ. Алтынбаев – халық тілі байлығын, оның мүмкіншіліктерін кеңінен пайдаланып, әдеби тіліміздің дамуына өзіндік үлес қосып, өзіндік қолтаңбасы мен өрнегін қалдырған ақын. Жекелеген суреткердің жазу мәнері мен стилін өзгелерден даралап тұратын өзіндік сөз қолданыстар десек, ақын стилі мұны толық дәлелдейді.
Ақын дастандарын оқығанда тағы бір байқайтын ерекшелігіміз сөзбен суреттелген өмір, тіршілік құбылыстары, жорықтар бір-бірімен қиюласып, тұтас бір картинадай өтіп жатады. Осы үзілмеген сюжеттер желісі ұтымды, оралымды, көркем әрі шебер қолданылған тіл нақышы арқылы көрініс береді. Мәселен, мына бір шумақта ақын сөз образын өте сәтті көрсете білген:
Аздан соң есін жиып түрегелді Сенделіп олай-былай жүре берді.
Тағы көл қып-қызыл болып ағып жатыр Шығыстан келе жатқан күнді көрді [3, 10].
Көл қанға боялып қып-қызыл болып ағып жатыр және сол көл күнді көреді. Ол күн де қызарып атып келеді. Көру, қарау адамға тән құбылыс болғандықтан, ақын бұл жерде жансызға жан бітіру арқылы баяндаған.
Ақынның келесі бір поэмасы «Тепек батыр» дастанында елін, жерін қорғаған батырдың ерлігі баяндалады. Поэмада ақын:
Жау тисе жас арыстан Тепек бар,
Тобына тайсалмастан жаңғыз енген
Мылтық жоқ айла әдіс жоқ заман ғой ол Жүйрік ат, жуан білек күшке сенген [3, 11], – дей келе, Тепектің батырлық образын ақын асқан шеберлікпен суреттейді: Тепектің нар түйедей бойы заңғар, Ортасы жауырынның жатқан аңғар. Ұрысы арқасында келсаптай ет,
Көзінде шашыраған тарам қан бар.
Бейне арғынның ақбота балуанындай.
Ойнаған бөлек-бөлек бұлшық сан бар. Емшегінен келеді елдің бойы, Кіндігінен аспайды тәштек жандар. Тақымына басқаны көк шолақ ат, Қодардың бедеуіндей жылқыдан жат.
Арбаңдап алғашында жүгіре алмас,
Бусанып бой қызған соң бітер қанат [3, 12], – деп Тепектің халық қамын ойлауын, сол жолда ерлік істер жасауын осылай бастайды да, кейіннен оны дамытып әкетеді. Дастанда ақын Тепек батырдың өз образымен қатар оның тұлпарын ақын: Тоқымына басқаны көк шолақ ат, Қодардың бесеуіндей жылқыдан жат.
Арбаңдап алғашында жүгіре алмас
Бусанып бой қызған соң бітер қанат [3, 17], –
тұрпаты Қодардың бесеуіндей, шапқанда қанат біткендей деп әсірелеу тәсілімен бейнеленген. «Әсірелеу немесе гипербола – адам өмір кешкен ортаның шындығы кейде кісі күлгендей, кейде жан шошығандай оқшау халде әдейі өсіріле не өшіріле суреттеу» [4, 235].
Ақын дастанда осындай әсірелеу жолымен Тепек батырдың күштілігін, мықтылығын, алып күш иесі екендігін былайша суреттейді:
Мынаның баласы не айтып тұрған
Деп Тепекең артына мойын бұрған
Жабысқан аш беліне Өгізбайды
Ұстай ап бір қолымен лақтырған
Бейшара қарақұс боп қалқып ұшты Құшағын жайып барып жерді құшты. Кемтар боп жығылғанда шаты шығып, Өмірлік өзегіне қайғы түсті [3, 18].
Қозғасам оқиғасын Тепек ердің
Қозады аруағы Қалба белдің
Бір жылы Тобықтының Аязбайы
Өліпті соққысынан біздің елдің [3, 18], – деп басталып, желісін бұзбай, бір оқиғадан екіншісі өрбіп, Тепек батырдың ерлік істері толық баяндалады. Осы негізде оның образы сомдалады. Сюжеттегі тартыстың басталуы Тобықты елінің Найман жұртына шабуылынан көрінеді. Қазақ халқының ұлттық нақышына тән «жершілдік», «намысшылдық» қасиеттерді ақын:
Ай туып білезіктей шалқасынан
Көрінді жұлдыздардың алқасынан
Жершілдік қазақтағы төмен емес,
Орыстың компасы мен картасынан [3, 19], – деп орыс ұлтының «компасы, картасымен» синтаксистік параллелизм жасап, бір деңгейге қоя суреттейді.
«Тепек батыр» дастанында да этнографиялық детальдар мол. Мұны дастандағы Тобықты елінің Күйісбайы мен Найманның Тепегі араларындағы бітіспес жаулықты ұмытып, құда болуға бел байласқан эпизодтан анық көруге болады. Жалпы бұл дәстүр сонау қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезеңінде екі елді бітістіру ниетінен туып, қалыптасқан. Профессор С.Қалиевтің «Құда түсу – қазақ халқы қоғамдық қарым-қатынастарды әдетғұрыптар бойынша реттеп, өздерінің достығын қыз алысып, қыз берісіп, құда болу арқылы нығайтты» [5, 140], – деген сөзі бұған дәлел. Дастанда «құн даулау», «бітімге келу» сияқты этнографиялық детальдар да кездеседі.
«Жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар, атасын айтса нанғысыз» дегендей Тепек батыр ұрпағы Ахметжан парақор, жемқор болып абақтыға отырады. Бұл жай поэма сюжетінде жарлай арнауы түрінде былайша көрініс тапқан: Көптің мүлкін қызғыштай боп қорыдым, Реті келсе қасқырдай боп торыдым.
Байқұс басым ерте білсем бүйтерін Тауықтай ғып отқа қақтап үйтерін Ең қызығы тастай қатып жемес қой.
Қайда барсаң өлтіретін өңеш қой
Жіберетін көзімді тым ақитып,
Темір тәртіп қысты бүгін соқитып [3, 20].
Ақынның сөз шеберлігі осы жолдардан анық танылады. Оның «Қызғыштай», «қасқырдай», «тауықтай», «отқа қақтап үйіту», «тастай қату» сияқты теңеулері поэмада сәтті қолданылған.
«Байғұс басым», «темір тәртіп» – эпитеттер. Осы жолдардың ішінде Ахметжанды адам ретінде азғындатып, құртқан бір деталь бар – ол «өңеш» деген сөз. Тілдің лексикалық қабатында пайда болып жатқан жаңа сөздерді, сөз тіркестерін, айшықтау-көркемдеу құралдарын суреткердің түлетіп, түрлентіп қолдануына бұл айшықты айғақ.
Негізінде, дастан шешімі трагедиямен өрілген. Дастанның құндылығы тарихи оқиғаларды эпикалық тұрғыда баяндай отырып, бүгінгі күнмен тағылымды үндестік табуында. Неліктен, олай дейміз. Себебі парақорлық, жемқорлық – бүгінгі күннің де, кезек күттірмейтін өзекті мәселесі.
Сөйтіп, ақын поэмаларында этнографиялық детальдарды тиімді қолданып, ажарлау, құбылту, айшықтау, т.б. көріктеу құралдарын, келісімді тіркестерді сұлу сөзді сюжеттер өзегіне кіріктіре отырып, поэмаларының әдеби-эстетикалық қуатын арттыра суреттеген.
Ақын Қалихан Алтынбаевтың поэма-дастандарында оқиғаның басталуы, дамуы, шиеленісуі шарықтау шегі, шешімі сияқты композициялық бүтіндік қатаң сақталып, шығарма сюжеті бірте-бірте өрби отырып дамиды. Дастандарда жеке адамның, батырдың өмірі, олардың ерлік істерімен қатар, белгілі бір тарихи кезең оқиғалары да өзара байланыста баяндалады.
Ақынның келесі дастаны – әкесі Қалиасқар дүниеден озғанда шығарған «Жоқтау» дастаны. Жоқтау – қазақ фольклорында ғасырлар бойы қалыптасқан лиро-эпикалық түр. Ел аузында жүрген жоқтаулардың кей үлгілеріне қарағанда, жоқтау белгілі бір тарихи адамның кім екені, қай жердікі, қандай рудан екеніне дейін беретін эпикалық баяндауға құрылады.
Солардың бірі Қ.Алтынбаевтың «Жоқтау» дастаны: «Бісміллә» – сөздің бұлағы, Білгенге иман шырағы. Бісмілладан бастасаң, Басылмақ көңіл мұнары. Пенденің күні фәниде, Белгілі бәрібір тынары.
Биіктен өскен дарақтың, Бір күні мағлұм сынары. Біз жоқтамай кім жоқтар, Бәйтерегім құлады.
Бақиға көшкен жақсы әке,
Бейіште болсын тұрағы [6, 1], – деп басталып, ары қарай әкесінің шыққан тегі, руы, ата-бабаларының қоныстанған
мекені, айналысқан шаруасы жайында жырланады. Алладан бұйрық осылай, Ақыры сабыр етерміз.
Жақсы әке, сірә өзіңді, Жоқтай да жоқтай өтерміз.
Қасқалдақ мойын қайырған,
Хандардың ісін айырған – Безгелдек мойын қайырған, Билердің ісін айырған –
Жақсы әке, сені жоқтамай,
Фәниде мынау нетерміз! [6, 14], – деп, фәни жалғанның өткіншілігін, адам ғұмырының өлшемі Алланың жазуында екендігін мойындайтын философиялық салмақты ой қозғайды, дүниенің бір орында тұрмайтын өткінші екенін, ажал ханға да, қараға да бірдей келетінін айта келіп, ақын:
Өмірің бізге өнеге,
Сау болып бала, немере,
Топырағың торқа боп,
Иман болып кеудеңде,
Артыңнан бірсін қайырын! [6, 14], –деп әкесінің бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгендігін айтып, әкесінің игі істері артта қалған бала, немерелеріне үлкен өнеге екендігін жырға қосады. Сол қасиеттер ұрпақтарының бойына дарып, о дүниеде әкесінің жаны жәннатта болуын тілейді.
«Жоқтау» дастанында мұңлы-шерлі, зарлы ой тебіреністерінің қайғылы тақырыптық желісінде өмірден өткен әкесінің рухани-адамгершілік тұлғасы дәріптеле суреттелген.
ҚОРЫТЫНДЫ
«Әр ғасырда өмір сүріп, әр түрлі тағдыр кешкен басқа да сандаған батырлардың қайқайсысын алсаңыз да олардың тұлғасын алдымен халық ішінен шыққан өнер иелері көркем сомдауға, әдебиет тілінде жырға қосуға ұмтылған» [7, 159]. Осы орайда айтарымыз, Қ.Алтынбаев «Қойбағар батыр», «Тепек батыр», «Ақырғы айқас», «Мамай батыр» дастандарында елін, жерін қорғаған Қойбағар, Тепек, Боранбай, Мамай батырлардың ерлігін баяндайды.
Қорыта айтқанда, ұлт фольклорынан, төл әдебиет үлгілерінен, Абай дәстүрінен нәр алған Қ. Алтынбаев дастандары ұлттық поэтика өнерінің дәстүрлі арнасын жалғастыра отырып, ХХ ғасыр әдебиетіндегі халық ақындары шығармашылығында өз көрінісін берген жазба үлгідегі эпикалық дастандардың қатарын толықтырар көркем туындылар ретінде әдеби қордың айтулы мұраларына айналды.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Әдебиеттану. Терминдер сөздігі / Құрастырған: З. Ахметов, Т. Шаңбай. –СемейНовосибриск, 2006. – 398 б.
2 Туғанбаев Қ. Жүрісіңнен жаңылма, жүйрігім: Ақын Қ. Алтынбаев 60 жаста // Семей таңы. – 1987. – 25 декабрь.
3 ҚРҰҒА. Әдебиет және өнер институты. «Қойбағар», «Тепек батыр» дастандары. 1961 жыл. 280 бума. 1-дәптер.
4 Қабдолов З. Екі томдық таңдамалы шығармалар.Сөз өнері: Монография. – Алматы: Жазушы, 1983. – 2 т. – 456 б.
5 Қалиев С., Оразаев М., Смайлова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. –Алматы:
Рауан 1994. – 152 б.
6 ҚРҰҒА. Әдебиет және өнер институты. «Жоқтау» 1961 жыл. 280 бума. 2-дәптер. 7 Әбдезұлы Қ. Тарих және тағдыр. – Алматы: Қазығұрт, 2004, — 208 б.
К.Т.Тулебаева
Эпические произведения казахской литературы и исторические поэмы Калихана
Алтынбаева
Казахский гуманитарно-юридический инновационный университет, г.Семей, Казахстан
Проблема художественной традиции в жанре поэзии в национальном литературоведении является одной из самых насущных проблем. Эта статья посвящена изучению эпических произведений казахской литературы и глубоко раскрывает некоторые художественные примеры произведений эпического жанра. В том числе в статье подробно раскрыто поэтическое наследие Калихана Алтынбаева, в частности жанр поэмы. Проведен литературный анализ исторических поэм К.Алтынбаева «Койбагар батыр», «Тепек батыр», «Жаутау», были изучены художественные особенности данных произведений.
K. T. Tulebaeva
Еpic works of kazakh literature and historical poemes of Кalikhan Аltynbaev
Kazakh Humanitarian Juridical Innovative University,
Semey city, Kazakhstan The problem of artistic tradition in the genre of poetry in national literary criticism is one of the most pressing problems. This article is devoted to the study of epic works of Kazakh literature and deeply reveals some of the artistic examples of works of the epic genre. Including in the article the poetic heritage of Kalikhan Altynbaev, in particular the genre of the poem, is revealed in detail. A literary analysis of the historical poems of K.Altynbaev «Koibagar batyr», «Tepek batyr», «Zhautau», the artistic features of these works were studied.