ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДЕРИВАТИВТІК ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ
ФУНКЦИЯЛЫҚ СИПАТЫ ЖАЙЫНДА

Ж.К.Отарбекова, Ғ.Б. Шойбекова
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Алматы, Қазақстан shoibekova_gaziza@mail.ru

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДЕРИВАТИВТІК ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ
ФУНКЦИЯЛЫҚ СИПАТЫ ЖАЙЫНДА

Мақалада қазақ тіліндегі сөзжасам қосымшалары қатарында қарастырылып жүрген функциялық қосымшалардың семантикалық сипаты мен басқа қосымшалардан айырмашылықтары қарастырылады. Функциялық қосымшалардың шығу тегі мен түркі тілдеріндегі мағыналық ерекшеліктері салыстырылады. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші жұрнақтарды ажыратудың өлшем межелері айқындалып, соның негізінде функциялық жұрнақтардың басты белгілері көрсетіледі.

Тірек сөздер: сөзжасам, сөз тудырушы жұрнақтар, форма тудырушы қосымшалар, функциялық жұрнақтар, семантика, контекст.

Түркі тілдерінің сөзжасам мәселелері әрдайым ғалымдар назарын аударып, диахронды тұрғыдан да, синхронды тұрғыдан да зерттеліп келе жатқанына қарамастан, арнайы зерттеуді қажет ететін тұстары жоқ емес. Солардың бірі – сөзжасам қосымшалары мен форма тудырушы қосымшалардың ара жігін ажырату, қосымшаларды жіктеудің ортақ ұстанымдарын айқындау қажеттігі. Тілімізде әрі сөзжасамның, әрі морфологияның зерттеу нысаны болып жүрген қоымшалардың ара жігін ажырату үшін көне түркі тілі деректерін, қазіргі түркі тілдерінің грамматикасын салыстыра зерттеу қажет.
Дәстүрлі грамматикада қосымшалар сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалар ретінде топтастырылып қарастырылып жүр. Сөз тудырушы қосымшалар тілдің морфология саласынан бөліп алынып, сөзжасам нысанына айналса, форма тудырушы жұрнақтар мен жалғаулар морфологияның зерттеу нысаны ретінде морфологияда қарастырылуы қажет. Алайда, тіл үздіксіз дамып отыратын қоғамдық құбылыс әрі сөйлеу процесінің нәтижесі болғандықтан, қосымшалардың барлығын бірдей осы үлгіде жіктеп, бөліп тастау оңай емес. Себебі, қазақ тіл білімінде де, жалпы түркологияда да кейбір қосымшалардың сөз тудыру мен сөздің грамматикалық формасын тудыруға қатысы толық шешімін таппаған даулы мәселе. Оның себебі тіл білімінде көптеген қосымшалар формалды түрде сөз таптарына жатқызылады да, олардың белгілі бір қолданыстағы семантикасы, яғни сөзге қандай мағына үстейтіндігі ашылмай қалады. Соның салдарынан тіл білімінде сөзжасам мен морфологияның ара жігі ашылмай, сөз таптарының көрсеткіштері болып табылатын реңдік мән беретін грамматикалық тұлғалар сөзжасам қосымшаларының қатарында қарастырылуда. Сондай-ақ, белгілі бір контексте сөз тудыру қабілетіне ие функциялық сипаттағы қосымшалар да семантикалық тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.
Сөз тудыратын қосымшалар мен форма тудыратын қосымшалардың ара жігін ажырату – грамматика үшін ғана емес, лексикографиялық жұмыстар үшін өте қажет. Сөздердің тілдік бірлік ретінде сөзтізбеде орын алуы мен сөздің грамматикалық формасы болып сөйлеу процесінде қолданылу ерекшеліктерін білмейінше, сөздіктерді ұтымды құрастыру мүмкін емес. Олай болса, қосымшалардың мағыналарын айқындау лексика, сөзжасам, морфология, лексикография ғылымдары үшін де маңызды.
Түркі тілдерінде, оның ішінде, қазақ тілі грамматикаларында – лық/лік, -дық/дік, тық/тік, -дай/дей, -тай/тей, -ша/ше, -сыз/сіз,-ғы/гі, -қы/кі, -шы/ші сөз тудырушы қосымшалар қатарында қаралып келді. Бірақ бұл қосымшалардың сөздерге жалғану өресі, жалғанған ұйтқы сөздердің мағынасын өзгерту дәрежесі сөз тудырушы қосымшаларға берілген анықтамаларға барлық жағынан толық сай келе бермейді. Көптеген тюркологтардың осы аталған қосымшаларға арнайы көңіл бөліп, пікір айтулары да бұлардың басқа сөз тудырушы жұрнақтардан өзгеше грамматикалық сипаттары бар екендігін білдіреді.
П.М. Мелиоранский -дай/дей қосымшасын септік формаларының қатарында сравнительный падеж деп түсіндіреді [1]. Н.К. Дмитриев башкир тілі грамматикасында – дай/дей қосымшасын сөз тудырушы қосымшаға жатқызады да, құмық тілі грамматикасында мұны ескірген септік формасы деп анықтайды [2]. Н.А. Баскаков –дай/дей қосымшасын ноғай тілінде сын есім тудырушы қосымша десе, қарақалпақ тілінде мұны форма тудырушы (формально-граматический аффикс) қосымшаға жатқызады [3].
Түркі тілдері грамматикаларының көпшілігінде –сыз/сіз,-ша/ше, -дай/дей, -лық/лік, ғы/гі, -шы/ші қосымшаларын сөз тудырушы қосымша деп түсіндіреді.
Бірақ аталған қосымшалардың барлық жағдайда сөз тудырушы қосымшаларға қойылатын талаптарға толық сай келе бермейтіндігі көрінеді.
Сөз тудырушы қосымша жалғанған сөз белгілі бір сөз табына тән лексикалық бүтін болып қалыптасады да, сөздік құрамға енеді. Мәселен, жатыс септігінің үстіне – ғы/ гі қосымшасы жалғанған сөздерді туынды түбірге жатқызу – тілдік фактіге үйлеспейді. Мысалы, үйдегі, қаладағы, мендегі сөздерін туынды түбір сын есімге жатқызу ешқандай қисынға келмейді. Сонымен бірге бұлар сөздік құрамға енетін лексикалық бүтінге де жатпайды.
Қазақ тілі грамматикаларында жатыс септігінде-ғы/гі қосымшасы жалғанған сөздердің туынды түбір сөз емес, анықтауыш қызметінде жұмсалатын грамматикалық форма екендігін мынадай сөздерді салыстыру арқылы да байқауға болады: қысқы- қыстағы, жазғы-жаздағы, түнгі-түндегі, төменгі-төмендегі т.б. Мұнда алдыңғылары қатыстық сын есім де, соңғылары жатыс септігіне функциялық қызмет үстейтін грамматикалық формалар.
Қазақ тілінде –шы/ші қосымшасы да түбір сөздермен ғана шектелмейді. Ол етістіктің кейбір грамматикалық формаларына да жаппай жалғанады. Қимыл есімі формасына (бару,келу) –шы/ші қосымшасы жалғанып, іс-әрекеттің, қимылдың иесін білдіретін етістіктің грамматикалық формасын тудырады. Мысалы, барушы, айтушы, тыңдаушы сөздерінің құрамындағы –шы/ші қосымша жаңа жаңа сөз тудырып тұрған жоқ. Өйткені бұлар сөздік құрамға енетін қалыпты даяр туынды түбір сөз емес, олар тек сөйлемде қолданылатын грамматикалық форма. Қимыл иесі формасы енді көмекші етістігімен тіркескенде, -шы/ші қосымшасының форма тудырушылық қызметі анық көрінеді. Тілімізде тергеуші, оқушы, оқытушы, жазушы, сатушы тәрізді зат есімге айналған сөздер бар. Бұлар сөздік құрамға енетін лексикалық бүтіндер. Бірақ мұндай сөздер –шы/ші қосымшасының сөз тудыру қызметінен пайда болған сөздер емес, олар белгілі бір ұғымда ұдайы қолданылу нәтежиесінде қимыл иесі формасынан семантикалық тәсілмен зат есімге айналған сөздер.
Сөйтіп, -ғы/ гі, — қы/ кі, — шы/ ші екі түрлі қызмет атқарады. Түбір сөздерге жалғанғанда, сөз тудыру қызметін атқарып, сөздік құрамға енетін туынды түбір сөздер жасайды. Ал грамматикалық формаларға жалғанғанда, форма тудыру қызметінде жұмсалып, жалғанған сөзіне екінші бір грамматикалық мағына үстейді.
Осы аталған – ғы/ гі, қы/ кі, — шы/ ші қосымшаларынан басқа да түркі тілдерінде өте көп қолданылатын – лық/ лік, — дық/ дік, тық/ тік, — дай/ дей, — тай/ тей, -ша/ ше, — сыз/ сіз тәрізді бір топ қосымшалар бар. Қазақ тілі грамматикаларында бұларды сөз тудырушы өнімді жұрнақтар деп атайды. Қазақ тілінің тілдік фактілеріне қарағанда, бұл қосымшалар сөз тудырушы қосымшаларға қойылатын негізгі шарттарға толық үйлеспейді. Сондықтан да болу керек, бұл қосымшалар туралы түркологтардың көзқарасы әртүрлі.
А.Н. Кононов өзбек тілінде –сыз/сіз жоқтық мағына білдіретін сын есім тудырушы, ал – ча/че және –дәй үстеу тудыратын қосымша дейді [4].
Н.А Баскаков –сыз/сіз зат есімнің атрибут-анықтауыштық формасын тудыратын қосымша деп атайды. Ал –дай/дей қосымшасы жалғану арқылы жасалған сөздерді синтаксистік қызметіне қарай, екі топқа бөліп, бір тобын атрибут-пысықтауыш формасы деп түсіндіреді. Автор –ша/ше қосымшасын да зат есімнің атрибут-пысықтауыштық формасын тудырушы морфема деп қарайды. Н.А.Баскаков –лық/лік қосымшасы жалғанған сөздерді де мағынасына және синтаксистік қызметіне қарай атрибут-анықтауыштық форма және зат есімнің субстантив формасы деп екі топқа бөледі [3].
Қазақ тілінде –шы/ші және -ғы/гі,-қы/кі қосымшаларының қандай сөздерге жалғанғанда сөз тудырушылық, қандай сөздерге жалғанғанда форма тудырушылық қызмет атқаратындығы белгілі. Ал –лық/лік,-дық/дік,-тық/тік,-сыз/сіз,-дай/дей,-тай/тей,-ша/ше қосымшаларының сөз тудырушылық және форма тудырушылық қызметтерінің шегін айыру қиын.
Түркі тілдерінде, оның ішінде, қазақ тілінде -лық/лік, -дық/дік,-тық/тік қосымшасы ең өнімді қосымшадан саналады. Бұл зат есімдерге, сын есімдерге, етістіктің есімше формаларына, сонымен бірге жер-су, қала, адам аттарын білдіретін жалқы есімдерге де түгелдей жалғанады. Мұның жаңа сөз тудыру қабілеті қазіргі дәуірде де өте зор. Мысалы, космостық, химиялық, физикалық, фонетикалық тағы осы тәрізді көптеген жаңа ұғымдардың атауын білдіруде –лық/лік қосымшасы үлкен орын алады. Бірақ –лық/лік қосымшасы жалғанған зат есімдердің барлығы түгелдей тілдің сөздік құрамына енетін туыны түбір сөз бола бермейді. Олардың көпшілігі тек сөйлеу кезінде уақытша қолданылатын сөздік формаға жатады.
Зат есімге –лық/лік қосымшасы жалғанған сөздің лексикалық бүтін болып қалыптасқан туынды түбір сөз, немесе тек сөйлеу кезінде сөйлем ішінде қолданылатын уақытша сөз екендігіне зат есімге тән септік, тәуелдік, иелік формалармен түрлендіру арқылы айыруға болады. Егер –лық/лік қосымшасы жалғанған сөз лексикалық бүтін болып қалыптасқан туынды түбір зат есім болса, ол кезде зат есімге тән грамматикалық формалармен түрленеді. Ал туынды түбір болып қалыптаспай, тек сөйлемде уақытша қолданылатын болса, ол кезде зат есімнің грамматикалық формаларымен түрленбейді. Мысалы, едендік, үйлік, құрықтық сөздері септік, тәуелдік көптік және иелік формаларымен түрленбейді. Сонымен бірге, мұндай сөздер әрқашан тек анықтауыш қызметінде жұмсалады. -лық/лік қосымшасы жалғанып уақытша қолданылатын сөздер азғана сөзбен шектелмейді, бұл барлық деректі зат есімдерді түгел қамтиды. Сондықтан –лық/лік формантты зат есімдерді уақытша сөз деп қарамай, функциялық форма деп таныған дұрыс болар. -лық/лік қосымшасы сын есімге, сан есімге және өткен шақ есімше формаларына (-ған,-атын) түгелдей жалғанады. Қазақ тілі грамматикаларында –лық/лік қосымшасын сын есімнен зат есім тудырушы жұрнақ деп түсіндіреді де, оның білдіретін әртүрлі мағыналық ерекшеліктері мен сан есімге және есімше формаларына да жалғанатындығы туралы сөз етілмейді.
Қорытып айтқанда, -лық/лік, -дық/дік, -тық/тік, қосымшасы зат есім, сын есім, сан есім және өткен шақ есімше формасына түгелдей талғаусыз жалғанады. Бір сөз табын, немесе бірнеше сөз табын толық қамту грамматикалық форма тудырушы морфемаға тән қасиет. Олай болса, -лық/лік қосымшасының о бастағы негізгі қызметі форма тудырушы екендігі, келе-келе бұл формадағы кейбір сөздердің белгілі бір ұғымда ұдайы қолданылу нәтижесінде, мағыналары нақтыланып, туынды түбір сөзге айналуы заңды құбылыс.
Түркі тілдерінде сыры толық ашылмаған, әлі де жан-жақты зерттеуді керек ететін – сыз/сіз, -дай/дей, -тай/тей, -ша/ше қосымшалары. Бұлардың басқа қосымшалардан ерекшелігі –барлық зат есім түбірлеріне, жалқы есімдерге, жіктеу, сілтеу есімдіктеріне, көптік, тәуелдік және есімше формаларына түгелдей жалғанып, жалғанған сөздеріне болымсыздық, жоқтық, салыстыру, ұқсату мағыналарын үстейді. Тілдік деректерге қарағанда, осы аталған қосымшалар о баста грамматикалық форма тудыру қызметін атқарып, соңынан біртіндеп сөз тудыру қызметіне ауыса бастағандығы байқалады.
Бұл қосымшалардың сөзге жалғану өресі өте кең және жалғанған сөздеріне үстейтін мағыналары да әр түрлі болғандықтан, тюркологтардың бұл қосымшалар жөнінде көзқарастары, анықтаулары бірдей емес. Қазақ тілі грамматикасын жазушы авторлардың бір тобы -дай/дей қосымшасын сын есім тудырушы жұрнақ деп үйретсе, енді бір тобы мұны сын есім, әрі үстеу тудырушы жұрнақ деп түсіндіреді. Сайып келгенде, тюркологиялық еңбектердің көпшілігінде, оның ішінде мектеп грамматикаларында –сыз/сіз,-дай/дей, -тай/тей қосымшаларын зат есімнен сын есім тудыратын, ал -ша/ше қосымшасын зат есімнен үстеу тудыратын жұрнақтар деп түсіндіреді. Түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің материалдары –сыз/сіз, -дай/дей, -тай/тей, -ша/ше, қосымшалары, негізінен, зат есімнің функциялық формаларын тудыратын грамматикалық көрсеткіш екендігін аңғартады. Сөз тудырушы қосымша әрқашан белгілі бір сөз табына тән туынды түбір сөз жасайды. Ондай туынды сөздер лексикалық бүтін болып қалыптасып, сол күйінде тілдің сөздік құрамына енеді. Ал сөздің грамматикалық формасы лексикалық бүтін емес, сол күйінде ол сөздік құрамға енбейді және туынды түбір сөз болып саналмайды. Сөздің грамматикалық формасы сөйлемде, сөз тіркесінде ғана қолданылады.
Сонымен, жоғарыдағы қосымшаларға қатысты талдаулар қосымшалардың лексикалық және грамматикалық форма тудыруға қатысы, яғни сөз тудыру мен сөзді түрлендіруі олардың лексикалық, грамматикалық мағаналарымен байланысты екендігін көрсетеді.
Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші қосымшалардың белгі-қасиеттерін, ара-жігін айқындау — морфологияның өзекті бір мәселесі. Бұл міндетті шешу үшін төмендегідей критерийлер басшылыққа алынады:
-жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгерту-өзгертпеуі;
-ұйтқы сөздерге талғап жалғануы немесе грамматикалық абстракция жасай алуы;
-сөз тудырушы қосымшанның жалғанған сөзімен бірге өзі енетін сөз табының түрлену жүйесімен құбылуы;
-сөйлемдегі сөз байланыстырушы қызметі;
-тілдік бірлік болып сөйлемге даяр күйінде енуі немесе сөйлеу процесінде қолданылуы; -сөздіктерге ену-енбеуі;
-сөйтіп барып сөздік құрамды байытуы немесе тек грамматикалық қатынастың
элементі болуы т.с. [5, 8-9]
Осы тұрғыдан келгенде, тілде екі жақты қызмет атқаратын, толық лексикалық бірлік ретінде көріне бермейтін жоғарыда талданған қосымшалар арқылы жасалған туындылар сөзжасам қосымшаларының ішінде жеке топ ретінде қарастырылып, функционалдысемантикалық сипаты ашылуы тиіс. Ж. Тектіғұл былай дейді: «Қосымшалардың мағынасын олардың сөз құрамындағы қызметінен бөліп қарастыруға болмайды. Егер де мағына аталған морфеманың қызметіне ықпал ететін болса, оның қызметі де өз кезегінде мағынаның белгілі дәрежеде өзгеруіне алып келеді. … Аталған өтпелі процестердің негізінде қосымшалардың мағыналық эволюциясы, олардың қолдану шеңберінің кеңеюі, сөз тұлғаларының қандай да бір қосымшамен лексикалануы, кейде ауыспалы мағынаның пайда болуы процестері жатыр. Бұл жерде қосымшалардың бір сападан екінші сапаға синкретті тұлғалар арқылы өту жолын ерекше атап өтуге болады [6, 37].
Жоғарыдағы талдауларға сүйене отырып, функциялық қосымшаларға тән басты белгілер ретінде төмендегі критерийлерді ұстануға болады деп есептейміз:
— жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертуі, бірақ сөздіктің реестрлік қатарын құрайтын лексема жасай алмауы;
— жасалған сөзінің контекстік сипатта болуы;
— сөзжасамдық өрісінің кеңдігі;
— сөйлеу процесінде пайда болуы;
— форма тудырушы қосымшалардан кейін жалғануы;
— қосымшалардың көпқызметтілігі мен көпмағыналығының нәтижесі болып табылатындығы.
Сөзжасамдық қосымшалардың көп мағыналылығын, есім-етістік негізді болуын олардың сөйлем құрамындағы қызметінен бөліп қарастыруға болмайды. Функциялық қосымшалардың ең басты белгісі де, басқа сөзжасамдық қосымшалардан ерекшелігі де осында болса керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казах-киргизского языка. – СПб., 1982. – Ч.І.
2 Дмитриев Н.К. Грамматика башкирского языка. – М.,1948.
3 Баскаков Н.А. Каракалпакский язык. Фонетика и морфология. – М.: Изд. АнСССР, 1952. – Ч.ІІ.
4 Кононов А.Н. Грамматика современного узбекского литературного языка. – М.-Л., 1960.
5 Жаңабекова А.Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері. – Алматы, КДА. 2001. 6 Тектіғұл Ж. Қазақ тіліндегі түркі негізді аффикстердің эволюциясы. – А., 2002.

Ж.К. Отарбекова, Ғ.Б. Шойбекова
ФУНКЦИОНАЛЬНЫЙ ХАРАКТЕР ДЕРИВАЦИОННЫХ АФФИКСОВ
КАЗАХСКОГО ЯЗЫКА
Авторы статьи «Функциональный характер деривационных аффиксов казахского языка» Ж.К. Отарбекова и Г.Б. Шойбекова рассматривают семантику и функцию некоторых словообразовательных аффиксов казахского языка. В результате исследования авторы статьи определяют критерии разграничения словообразовательных и словоизменительных аффиксов. Также выделяют основные критерии определения функциональных аффиксов: -образуются слова с новыми лексическими значениеми, но эти слова не входят в реестр словаря, значит не являются новыми лексемами; -образованное слово имеет контексный характер; -словообразовательный потенциал шире чем словообразовательные суффиксы; — создаются в процессе речи; -могут присоединяться после формообразующих аффиксов -являются результатами многофункциональности и многозначности аффиксов.

Zh.K. Otarbekova, Ph.D., Ғ.B.Shoybekova, Ph.D.
FUNCTIONAL CHARACTER OF DERIVATIONAL AFFIXES OF THE KAZAKH LANGUAGE
The authors of the article «Functional character of derivational affixes of the Kazakh language» Zh.K. Otarbekov and GB Shoybekova consider the semantics and function of some derivational affixes of the Kazakh language. As a result of the study, the authors of the article determine the criteria for distinguishing between word-formative and inflectional affixes. Also, the main criteria for determining functional affixes are: — words with new lexical meanings are formed, but these words are not included in the dictionary register, so they are not new lexemes; -formed word has a contex character; — the linguistic potential is broader than the word-building suffixes; — are created in the process of speech; can be joined after form-building affixes. -are the results of multifunctionality and multivalence of affixes.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *