ҚАЗАҚ-ПОЛЯК ДРАМАЛАРЫНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ҚАРЫМ-
ҚАТЫНАСТАР

Г.С. Бөкен
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Көкшетау, Қазақстан asya_2309@mail.ru

ҚАЗАҚ-ПОЛЯК ДРАМАЛАРЫНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ҚАРЫМ-
ҚАТЫНАСТАР

Мақалада ХХ ғасырдың 1960-80 жылдардағы поляк драматургтері С.Мрожек, Т.Ружевич және қазақ қаламгерлері С.Адамбеков, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Хұсайыновтың драмалары жанрлық, тақырыптық тұрғыдан салғастырылады. Ондағы отбасы және оның мүшелері арасындағы қарым-қатынастарды сипаттайтын жекеленген фрагменттер зерделенеді. Екі ел қаламгерлерінің пьесадағы әрбір кейіпкерінің болмысын мәдени, адами, ұлттық менталитет тұрғысынан бағамдауы сараланады. Мұнымен қоса, нақты тұрмыстық жағдайда белгілі бір кейіпкердің іс-әрекеті, тарихи-саяси көзқарасы, қоршаған әлеуметтік ортаға деген қатынасы моральдік-этикалық, психологиялық тұрғыдан бағаланады.

Кілт сөздер: отбасы, театр, қазақ-поляк әдеби байланысы, образ, драматургия, сана, іс-әрекет.

Әр дәуірдегі кез келген жазушының шығармашылығында отбасы мен отбасыішілік қарым-қатынастар мәселесіне арналған кем дегенде бір шығарма кездеседі. Мәселен, ХІІІ-ХІҮ ғ.ғ. исланд әдебиетінде «отбасылық сага» деген арнайы термин де қолданылған болатын. Бұл орайда, зерттеуші Т.Кильмухаметов: «Мұндай драма реалистік түрде қарапайым адамның күнделікті өмірін сипаттауға мүмкіндік береді»[1],-десе, ғалым Р.Ахмадиев: «Тұрмыстық драманың даму эволюциясы белгілі тарихи оқиғалар мен жағдаяттар кезінде отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасының өрбуі мен бір-бірінің алдында жауапкершілікті сезіну мәселесіне байланысты болып келеді»[2],-деген пайымды тұжырым жасайды.
Ал Л.М.Крупчанованың редакциясымен жазылған «Әдебиеттануға кіріспе» еңбегінде: «Отбасылық мәселелерді көтеретін шығармалардағы басты қаһарман өзі туралы айта отырып, өзінің көзқарасын білдіреді, пікірталасқа түседі. Ең бастысы, әрекеттері оның мінезі мен өмірлік ұстанымдарына сәйкес келеді»[3],-дейді. Яғни аталмыш еңбекте ғалымдар драмалық бейненің спецификасын талдай отырып, ондағы бейненің өзге жанрларға қарағанда эмоционалды түрде сипатталатынын, ал автордың ондағы белгілі бір кейіпкерін айрықша салқынқанды етіп, айналасындағы қауымды басқара алу қабілетіне ие болатынын дөп басып көрсетеді. Мұны қазақ-поляк отбасылық-тұрмыстық драмаларында көп кездесетін әлеуметтік орта, тұрмыстық жағдай, моральдық-этикалық мәселелер, отбасыдағы ұлттық және менталдық белгілер, жанұядағы жас және өзіндік ерекшеліктер, отбасы мүшелері арасындағы және адам мен қоғамның қарым-қатынастар және т.б. негізінде талдауға болады. Ендеше, біз, 1960-80 жылдары қазақ-поляк әдебиетінде де отбасылық-тұрмыстық тақырыпты қаузайтын біршама драмалық шығармалардың жарық көргенін ескеріп, мұны С.Адамбековтың, Қ.Мұхамеджановтың, Ш.Хұсайыновтың және поляк драматургтері С.Мрожек пен
Т.Ружевичтің пьесалары негізінде зерделеуді жөн көрдік.
Поляк драматургі С.Мрожектің «Тангосы» тарихи-философиялық гротеск үлгісімен жазылған туынды десек, пьесаның формасына қарап, ондағы отбасылық драма жанрына тән дәстүрді де байқаймыз. Алайда бұл сырттай қабылдаған әсер болуы керек. «Танго» отбасылық драмаға жасалған пародия іспетті. Себебі, бір отбасыдағы үш ұрпақтың тыныс-тіршілігі гротеск шынысынан қаралады. Пьесаның мазмұны тұрмыстық драманың формасын бұзып, оны тарихи-философиялық трагедияға толы жиынтыққа айналдырады. Бір әулет негізінде көрсетілген адамгершілік ұстанымның құлдырауы мен зиялы ойдың таяздануы – күллі әлемдегі адами құндылықтардың жойылуын танытады. Кешегі аға буынның дәстүр, ереже мен әдет-ғұрыптарға қарсылық көрсетуінің соңы – хаос пен мәнсіз тіршілікке әкеледі. Яғни барлық ережелердің жоққа шығарылуы, моральдік-этикалық ережелерді ұстанбауы – қарапайым тіршіліктің мәнін жояды. Сондықтан аталған жағдайдан шығудың жолын Артур дәстүрлерді қайтарудан көреді. Бұл жолда ол өзінің үй ішіне ескі әдет-ғұрыптар мен ережелерді (қоқысқа толы қонақ бөлмесіне тазалық жұмыстарын жүргізеді, үйдегілерге нафталинмен иістенген киімдерді сандықтан алуға мәжбүрлейді, Аля қалыңдығымен үйлену тойын жасауды жоспарлайды, ол үшін дәстүрлі түрде әжесінен бата алу рәсімін өткізеді) қайта жаңғыртқысы келеді.
Дегенмен, Артурдың өткенді қалпына келтіру тәжірибесі жүзеге аспай қалады. Өйткені ескі қалыптағы мазмұн мен идея әлемді құтқара алмайды. Ал жаңа мазмұн мен идеяны жасау Артурдың қолынан келмейді. Артурдың өз ұстанымдарына көндіру әрекеті трагедиялық түрде тәмамдалады. Барлық күш пен билік Эдик есімді құлдың жағында болады. Бұл ретте, Эдик Артур туралы: «Ол жақсы ойлаған, бірақ тым ашушаң еді»[4],-дейді. Эдик Артурды өлтіріп, оның ғашығына ие болады. Конформист Евгений ағасын өзіне бағындырады. Жігерсіз зиялының орнына арсыздық салтанат құрады. Зорлық пен тұрақсыздық орын алады. Бұл фрагмент арқылы автор замандастарына сарабдал ойлы зиялының жігерсіздігін кез келген арсыз біреу басып ала алатынын, тіпті ол оны қорлауы, соққыға жығуы не өлтіруі де ғажап емес дейді. Және қайсыбір уақытта да сол әділетсіздікті қолдайтын адамдар табылып, оның айтқанына көніп, айдағанына жүретіндігін тілге тиек етеді.
«Танго» – Мрожек шығармашылығындағы шекаралық пьеса. Пьесада жекеленген қаһармандармен бірге, марионенткалар, дербес идеялар, психологиялық тұрғыдан тереңдетілген мінезі бар тұлғалар кездеседі. «Тангодағы» отбасы мүшелері суретке түсу үшін бір сәтке өнегелі отбасының кейпін сомдайды. Алайда Евгения әжейдің кенеттен түшкіріп: «Ештеңе жасай алмаймын. Мұның бәрі нафталиннің кесірі»[4]деуі барлығының суретке түсуге деген құлшынысын тарқатады. Сол сияқты драманың үшінші актісінде де комизм киім қайшылығынан туындайды. Яғни шығарманың басында класссикалық үлгі түгіл, талғаммен киіне алмайтын кейіпкерлер, кульминацияда түбегейлі өзгереді. Аталған пьесадағы Артур әкесіне өзінің абыройын қорғау үшін қолына тапанша беріп, анасының бөлмесіне жұмсайды. Алайда жұбайының ашынасы Эдикті өлтіруден гөрі, Стомилге карта ойнау оңайырақ түсетінін Мрожек комизм тілімен шебер бере білген. Сатирик «отбасы» деген ұғымды моральдікэтикалық және психологиялық тұрғыдан құлдыратып алған жұбайлық өмірді боямасыз бейнелейді.
Әлбетте, Мрожектің «Танго» шығармасындағы әр кейіпкердің «ішкі бостандықты» іздеуі көңіл көншітпейді. Пьесадағы кейіпкерлер идеялардың тоғысуын қоюландыру үшін екі шекке бөлінген. Ересектер: әке, ана, әже жас кездеріндегі идеялармен өмір сүре отырып, суретші-төңкерісшілер болу арқылы «бостандыққа» қол жеткізгілері келеді. Олар тұрмыстық дүниені жеккөріп, ескішіліктікті әжуа етеді. Ал екінші шектегі Артур – ежелден келе жатқан құндылықтарымызды қайтарып, қоғамда белгілі бір этикалық тәртіптің орнауын қалайды.
Мәселен, Артур мен әкесінің келесі бір диалогында:
Артур. Эдик анаммен ашына. Бұған не айтасыз?
Стомил.Қымбаттым!Сенің айтқаның шындыққа жанаса берсін.Сексуалдық бостандық бұл – адамға берілген алғашқы бостандық[4,13],- делініп үйіндегі надан қызметші Эдик пен жұбайының қатынасына қарсылық білдіріп, намыстанудың орнына, мұны «бостандыққа» балауы – абсурд. Бұл дегеніміз – ар-намыс пен абыройдың тапталып, қоғамның азғындауын танытады. Артур анархия мен тәртіпсіздіктің ортасында өскен тәртіпті идеялары бар жан. Ол ережелер мен заңдардың болуын, дәстүрлердің қалпына келтіруді армандайды. Алайда қалыңдығының да той алдында Эдикпен әуейі болуы, оның еңсесін басып, тәртіпті қоғамды жасайтын ерік-жігерін құлдыратып жібереді.
Пьесада:
Аля.Мен Эдикпен әуейі болдым.
Артур. Қашан?
Аля. Бүгін. Таңертең[4,16]… Сайып келгенде, адамзат құндылықтарының негізі адамға және табиғатқа деген адамдардың құрметі мен махаббаты. Жеке адамның өмірінде кездесетін қандай да бір жағдай болмасын, оның басты себепшісі сол адамның өзі болып табылады. Сондықтан әрбір адам әуелі сол проблеманы шешуден бұрын оның пайда болу себептерін анықтап алуы керек. Адамның сыртқы болмысты қалай түсініп, қабылдауы оның ойына, яғни ішкі жандүниесіне байланысты. Егер де ол өзінің ішкі сана-сезімінде сыртқы болмыстың жақсы жағын қабылдаса, оның ойы да жақсы болады, егер жаман жағын қабылдаса керісінше болуы мүмкін.
Осындай отбасы ішіндегі кішігірім түсініспеушіліктерді қазақ драматургі С.Адамбековтің «Аюбайдың ажалы» комедиясында кездеседі. Пьесада өз жұбайына жеңгетайлық жасап жүрген Кәлменьчтің логикаға теріс дәлелдері ұсынылады:
Зибаш.Қызғансаң кеше неге Аюбайдың көксарайына бармай қалдың? Неге мені өкілге қосып жібердің.Ей, намыссыз, сен менің байымсың ба, жоқ жігіттерден қолұстатар алатын жеңгемсің бе? Тіфу, арсыз, папасы сол…
Кәлменьч(Мүләйімсіп). Аюбайға, өзіңнің жездеңе сенбегенде кімге сенем. Екеуміздің арамыздағы дәнекер Аюбай ғой, періштем[5,48]. Яғни мұнда өзінің мансабы жолында қырық жыл отасқан жарын да құрбан етуге бар адамның әрекеті әшкереледі.
Дәл осыған ұқсас жайт аталмыш автордың «Таланған жүрек» пьесасында да кездеседі. Тұрмыстық комедияға жататын шығармада қаламгер орта жастағы Қаражанның отбасына опасыздық жасап, өзінің құдай қосқан жары мен үш ұлын алдап, әйел үстіне әйел алып, азғындауын әшкерелейді. Нәпсісінің құлына айналған Қаражан үшін мораль, ұйыған отбасы, шаңырақтың ырыс-берекесі мәселесі мазаламайды. Оны Саржанның келесі сөзінен аңғарамыз: «Жаныңдағы жарыңа жала жапқан сенен не үміт, не қайыр. Жас нәресте баладан безген әкеден мен не күтем. Сенің бетіңе халық түкірсін. Мен қазір сотқа барамын»[6,86],-дейді. Кейінгі жылдары қоғамда орын алған осынау деградациялау үдерісін сынаған сатирик отбасына тұрақсыз, ез, әйелден қорқатын, шаңырақтың киесін түсінбейтін желөкпелердің ақыры не болатынын пьесаның соңында Қаражанның монологымен аяқтайды: «А, құтырған махаббат, иттей таладың-ау ақыры. Далада қалдым-ау қаңғырып. Ал, таланған жүрек, мені молаға қарай сүйре енді»[6,87]. Мұндай сюжетті Ш.Хұсайыновтың «Құлпырма тон» пьесасынан да көреміз. Заңсыз түрде саудамен айналысатын алыпсатардан құндыз тонды сатып алған Айнашқа күйеуі Қайрақбай милицияның келе жатқанын алдын-ала хабарлайды. Мұны ести сала, Айнаш өзінің бас бостандығы үшін он бес жыл отасқан жұбайынан бас тарта салады:
Несібелді. Саудагерлердікі ұрлық, біле тұра неге алдыңыз.
Айнаш. Ибай-ау, ол иттердің қолға түсіп қалатынын мен білдім бе? Прокурор ұрланған товарларды үй қыдыртып өткізуіне жәрдем бергенсіз деп мені кінәлайды, одан да складтан жасырып сататындарға жол бермесейші(Телефон шылдырлайды. Айнаш сәл кідіріп тына қалады). Тыңдашы, мені сұраса жоқ де.
Несібелді. Тергеуші сұраса не деп өтірік айтам?
Айнаш. Үйде жоқ. Қайрақбай Әуеновтен айрылып төркініне кетіп қалған де [7,45].
Сол сияқты Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьесасында мансап қуған қалақұмар білімді де мәдениетті жас жігіт Сапардың ауылда айы-күні жетіп отырған жары Раушанды жасырып, Алматының ару бойжеткені – адал да сенгіш, ақылды да сұлу қыз Жәмиләға үйленбек болған әрекеті – арсыздық, адамдық болмыстың құлдырауы. Мұны ауылдан хатты оқып отырған, Сапардың ойынан танимыз: «…Жоқ, Сапар, өзің мықты бол!… Шынтуайтқа келгенде, сен түгіл, ортан қолдай жазушы да, артис те, айта берсең академиктердің де әйелінен ажырасып жатқандары, тіпті екі-үш қайтара үйленгендері де бар. Бақсақ ол да өмірдің заңы. Ертең аспирантура!.. Кандидат, доктор! Кім боп кетейін деп жүрмін, жаным-ау! Раушан екіқабат болмақ түгіл, төрт қабат болса да, менің қазіргі рухани дүниеме нәр бере ала ма? Мен үйленгенде колхоздың есепшісі еді ол, әлі сол күйі. Ал Сапар ше? Қой…Ендігі жерде Сапарға керегі Жәмиләдай оқыған, мәдениетті адам. Әкесі де
Алматының мықтысы, тым болмаса сол мықтының көмегімен де біраз жерге барамын ғой» [8,121]. Бұл жерде ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықтың жоқтығын, отбасы қарымқатынасының әлсіздігін, тіпті отбасы түсінігінің Сапардың ойында қалыптаспағанын көреміз.
Себебі, С.И.Ожеговтың «Орыс тілі сөздігінде»: «Отбасы бұл – бір-біріне қамқорлық жасап, топтасып тұратын туысар»[9],-деген анықтама берілсе, В. Дальдің «Түсіндірме сөздігінде»: «Отбасы дегеніміз – өзара моральдік жауапкершлік пен қамқорлықты ұстанған шағын топ»[10],-делінеді. Яғни, Сапардың өз мансабы үшін әйеліне опасыздық жасауы, олардың өзара отбасыны құраушы топтың қатарына жатпайтынын көрсетеді. Сондықтан болар, автор пьеса барысында Сапардың жұбайы түгіл, туылмаған сәбиіне жасаған әрекетін әшкерелеп, Жамалға қатысты ұйымдастырған қитұрқы жоспарын аяқсыз қалдырады.
Ақындығымен қатар, драмалық шығарма жазу шеберлігі жоғары Т.Ружевич драмаларында саяси-қоғамдық өмір, адам болмысы мен оның эмоциялық сезімдері, шындықтың берілуі терең философиямен ұштасады. Әсіресе, автордың тілдік қолданысы, сөз иірімдері философиялық тұрғыда беріледі. Сондықтан Ружевич туындыларының барлығы дерлік өмірдің мәнін түсініп, құндылығы жоқ әлемнен құндылықты іздеуге арналады. Шындықты құрайтын құндылықтардың жойылуы оның мәнін жоғалтады. Ружевич әлемінде барлық дүние өз болмысын жоғалтады. Генеология деңгейінде фрагмент, философияда – кемеліне жетпеу идеясын танытады. Уақыт пен кеңістікті қысқарта келе, поляк драматургі қайсыбір мәселені фрагмент ретінде қысқартып көрсетеді.
Славомир Мрожек айтқандай, өмірде қабылдаған шешімдердің нәтижелерін алдын-ала көрмегенімізбен, театр қойылымының немен аяқталатынын білеміз деген-ді. Театр әлемінде белгілі мәселенің салдары болмайды. Яғни жақсылық марапатталмайды, ал күнә жазаланбайды. Ешбір салдар тудырмайтын әрекет шынайы өмір болып танылмайды. Мрожекше, ол сыртқы жасанды ермек, ойын тәрізді. Алайда, Ружевичте, жағдайдың басы мен соңы бір мәндес бола бермейді. Мәселен, «Картотекада» шымылдық жабылмайды. Пьесадағы әрекет сыртқы жағдайға тәуелсіз тіршілік етеді. Олардың барлығы – бүтіннің фрагменттері. Драма эссеге, трактатқа, басы мен соңы, ортасы жоқ ашық түрге айналады.
Қаламгер «Картотека» пьесасында соғыстан кейінгі кезде өмір сүрген адамның өмірін суреттейді. Рухани өмірі мен ішкі жан дүниенің тоқырауы – қаһарманның сөзі мен ісәрекетінің сәйкезсіздігіне әкелген. «Картотеканың» бас қаһарманы кейде бас қаһарман да болмай қалады. Оның өмірі фрагметтерден, картотекалардан жасалған сияқты. Үнсіздік пен әрекетсіздікте жеке және адамзаттық трагедиялық әрі комедиялық астар бар. Тіпті басындағы трагизмді оның сөзінен емес, іс-әрекетінен көреміз. Қаһарманның соғыстан аман қалғанын сипаттағанда Ружевичтің «Аман қалған» өлеңін оқып тұрғандай әсер аламыз. Ружевич пен қаһарманы үшін қалыпты өмір мен логикаға сияқтын жағдайлар екінші әлемдік соғыста аяқталғандай, олар үшін құндылықтар тарихпен басылған. Осыдан қаһарманның ішкі жан дүниесі өзгерген. Қаһарман өз әлемін санасында сақталған естеліктерден құрайды. Қаһарман айналасындағы адамдармен қарым-қатынасқа енжар араласады. Өзінің үнемі аноним болып қалуын қалайды. Алайда аталмыш пьесала автор отбасылық қарым-қатынасты, әке мен бала, нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынасты көрсетуді де ұмытпаған.
Мәселен, пьеса барысында әртүрлі есіммен аталған қаһарманның (бұл фрагментте Стась есімінде) нағашысы келгенде әуре-сарсаңға түсіп, барынша қызмет көрсетуі – оның үлкенге сыйластығы мен нағашысына деген туыстық қарым-қатынасын көрсетеді:
Қаһарман: Нағашы!
Нағашысы: Мен шіркеуге барғам. Жолай саған соға кеткем. Қалың қалай, Стась?
Қаһарман: Қанша жыл өтті, нағашы! Аяғыңыз ауырған шығар. Аяғыңызға су дайындап, шәй қояйын (қаһарман кереуеттің астынан леген алып, оған су құяды).
Нағашысы: Қандай бауырмал едің, құлыным! Осындай құрметпен күткеніңе ризамын!
[11,67].
Немесе, қаһарманның (бұл фрагментте Тадек есімінде) бөлмесіне кірген ата-анасының баласына кеңес айтуы:
Әке: Білесің бе, Тадек, мен сенімен тұлға мен тұлға ретінде сөйлескім келеді. Уақыт зымырап барады. Сенің тебіндеп мұртың да өсе бастады. Қысқасы, бізді қуанышқа бөлеп, өзің де бақытты болуың үшін үйленуің керек[11,68],-десе, анасы: Өмірдің мәні – өмірді сақтап қалу, ол үшін оны жалғастыру керек, Тадек[11],-дейді.
Ал отбасы қарым-қатынасындағы аз-кем түсініспеушілікті Қалтай Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» пьесасындағы туысқан ағасы, әкесі және Алмастың арасындағы мамандық таңдау кезіндегі диалогтан аңғарамыз:
…Алмас. …Мен папама айтып едім, осы институт дегенді қояйық, мал бағу қолынан келген адамға аспан бағу келмей ме, ұшқыштардың мектебіне барайын деп едім ғой.
Хайдарбек (қыза шалқып). Бұл әрине, жастық, романтика. Бұлтты бауырдай тіліп, көк аспанның төсінде көсілте серуен салған жақсы. Бірақ мен өзім ұнатпаймын. Алматыға осы жерден екі жарым сағат ұшамыз, соның өзінде зерігіп, шыдамым таусылады.
Сардар (сынай). Мұныкы балалық. Ата-бабаң самолет айдамай-ақ өткен бұл дүниеден[6,23]. Дейтұрғанмен, жақсы мен жаманды айыра алатын Алмастың ащы сынынан тыс қалмаймыз:
Алмас (рюмкаларға нұсқап):Сол кісілер арақ та ішпей кетті деген қауесет бар, бірақ сіздер…(күлкі) [6,23].
Әлбетте, қайсыбір отбасыда болмасын, ата-ана әрдайым ет бауыры баласының бетінен қақпаған. Мұны автор да өз шығармасында ұстанып, кейін пьеса соңында Алмастың өзі армандаған ұшқыштар мектебіне оқуға түскенінен білеміз.
Сол сияқты С.Мрожектің «Жаяу» пьесасында соғысты көрген, әлі де санасында соғыс жүріп атқан әр түрлі әлеуметтік топтың әр жастағы кейіпкерлерінің тағдыр тартысы баяндалатын шығармасында да «қиындықтарын» арақпен бір сәт ұмытатын кейіпкердің әрекеті әшкереленеді:
Ұлы.Әке, сен енді ішпеңіз.
Әкесі.Жүр, жүр. Ұлым, әкеңнің қамқорлығын мына жұрттың бәріне айт. Сендер аш болдыңдар ма? Мектепке бардың ба?
Ұлы. Жоқ, әке. Аш болғам жоқ. Мектепке де барып жүрмін.
Әкесі (маңғазданып). Әне, ұлымды мектепке де жібердім. Сенің аш-жалаңаш жүрген күнің болды ма?
Ұлы. Әке, жетер енді!
Әкесі. Көрдіңдер ме? Міне, ұлымның жақсылығым үшін жасап жатқан қайтарымы…Міне, мені сыйлағаны…Мен отбасы үшін аяндым ба?[12,71],-деп, өмір бойы балаларын жеткізу үшін еңбектенгенін айтып мақтанады. Әлбетте, өсіріп жеткізген атаананың еңбегі зор, оны жетелі, өнегелі ұрпағы ғана түсініп, болашақта өзі де ата-ана алдындағы парызын ұмытпайтыны анық. Алғашқыда қаламгер әкенің өз еңбегін «сатуын» сынай ма деп қаламыз, әрине, қоғамға «дерттей» енген арақтың әсерін де ұмытпаймыз. Кейінірек, келесі диалогта:
Әкесі.Кеше менде тұмау болды. Басым зеңгіп тұр. Мені қоя берші, сенің жағдайың қалай?
Ұлы. Жақсы, әке!
Әкесі. Еш жерің ауырып тұрған жоқ па? (ұлының алдында кешегі әрекеті үшін қысылып).
Ұлы. Ештеңе етпейді, әке. Бәрі жақсы[12,72]. Бұл шағын фрагменттің өзінен әке жүрегінің шексіз мейірімін көреміз. Немесе, ұлының аяқ киімі қысып, ақсағанын көрген әкесі өзінікін беруі – әке қамқорлығы емес пе?
Пьесада:
Әкесі.Балам, қарашы, құйып қойғандай (ұлының тар аяқ киімін өз аяғына күшпен киеді).
Аяғыма дәл келді.
Ұлы. Әке, дегенмен, сізге тар сияқты.
Әкесі. Жоға. Дәл, жап-жаңа өзі. Аяғымды қысып тұрған жоқ, тек, сәл үлкен демесең… (аяқ киім қысып тұрғанымен). Әкесі ыңғайсыз болса да, қиралаңдап, аяқ киімнің бауларын байлай бастайды[12],-дейді.
С.Адамбеков пен С.Мрожек драмаларындағы ата-ана мен бала арасындағы отбасылық қарым-қатынастарды көрсету Т.Ружевичтің «Лаокоона тобы» пьесасында да кездеседі. Ружевичтің аталмыш пьесасына Лессингтің «Лаокоон, немесе оның поэзия мен кескіндеме шекарасы» трактатынан алынған атау негіз болған.Ондағы отбасылық өмір, вазадағы тірі гүлге ұқсас жасанды гүлдердің қайта-қайта ауыстырылып отыруы – ащы сатира, әжуа. Пьесадағы анасы өнердегі «құлдырауға» налыған, әкесі өнердің мәнін ұғуға ұмтылған, атасы сұлулыққа, гармония мен ақиқатқа сенімін жоғалтқан, ал жасөспірім ұлдың өмірдің мәнін ұға алмауы баяндалады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, отбасыішілік дау жасөспірім ұлдарының мамандық таңдау мәселесінен туындайды:
Ұлы: Мен шекаралық немесе дипломатиялық сауданың қыр-сырын меңгеру үшін жоғары мектепке оқуға түсемін. Саяхаттауды жақсы көремін.
Атасы: Бәлкім, гуманитарлық ғылымдарды оқуға бет аларсың?
Анасы: Меніңше, балам, саған медицинаға бару керек. Бәлкім, гинекологияны таңдарсың?[11],-десе, атасы келінінің сөзіне қарсы пікір білдіріп: «Балам, медицинаға барсаң, тіс дәрігері бол! Гинеколог болу саған жараспайды. Басқасын білмеймін, меніңше, біреудің аузына үңілгенің тиімдірек[11,75],-дейді. Кейін барлық отбасы мүшелері өзара кеңесе отырып, соңғы шешімді баланың өзіне қалдырады.
Ендігі бір жанұялық фрагмент Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындағы» Марфуға мен Сұңғат арасындағы конфликтіден көрінеді:
«Марфуға…Сен әуелі сондай постыларды занимать ет, потом можешь задирать нос.
Сұңғат. Маған дәреженің керегі жоқ. Адал арыммен өз мамандығымда еңбек етсем болды.
Марфуға. Ах, так. Теперь все. Женой учителя-колхозника я не буду!
Сұңғат.Солай де!
Марфуға. Подумаешь, учитель, алатының алты жүз сом, менің бір платьемнің бағасы»[8]. Эпизодтағы ерлі-зайыпты жандардың арасындағы конфликт лауазым мен ақша мәселесінен туындайды. Бұл олардың психологиялық көңіл-күйі мен құндылықтарды бағалау ұстанымдарына байланысты болып келеді. Мұнымен қоса, драмадағы тартыс шектен тыс қамқорлықтан да өрбуі мүмкін. Мрожектің «Бойня» пьесасында анасының ұлына деген қамқорлығы фанатизмге айналып, «ана» мен «ұлы» арасындағы тартысқа жалғасқан болатын.
Шығармада: Анасы.Менен артық сенің өнеріңді бағалап, тыңдайтын кім бар дейсің? Қоғам тым қатыгез. Сенің өнеріңді дәл мендей ешкім бағалай алмайды. Басқалар сені күндеп, дарыныңды жоққа шығарып, қорлайды
Скрипкашы. Мейлі… Түкіргенім бар! Мен үшін атақ пен даңқ керек! Қалғаны бос далбаса…
Анасы. Сенің дарының жоқ. Сен одан мақұрымсың.
Скрипкашы. Жоқ! Мен гениймін! Гений[8]! Мұнда жалғыз басты ананың қасіреті жатыр. Жалғыздықтан үрейленген анасы, ұлының ер жеткенін мойындамайды. Оған балаша қамқорлық жасайды. Өнерін өзі көріп, өзі бағалауды жөн көреді. Бұған ұлы наразылық білдіреді.Сондықтан ана мен бала арасында түсініспеушілік пайда болып, ол өз алдына тартысқа ұласқан.
Әдебиетші ғалым Р.Нұрғали: «Бiр семьядағы мiнез-пиғыл – арман-тiлек, бiлiм-өре, характер-сипат айырмашылықтары – ерекше шиеленiскен түйiн ретiнде, әсiресе драмалық шығармаға өмiрлiк материал» [13,21],-деген болатын. Сондықтан драмадағы отбасы және оның мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастар да нақты бір жағдайда, әрекет үстінде өрбиді. Аталмыш дүние С.Мрожек, Т.Ружевич, Қ.Мұхамеджанов, С.Адамбеков және Ш.Хұсайыновтың кейбір сатиралық драмаларында кездесетін жекеленген фрагменттерді талдау барысында зерделенді. Сонымен қатар, әрбір жанұядағы (ерлі-зайыптылар, ата мен немере, әке мен бала, ене мен келін және т.б.) қарым-қатынастар ұлттық менталитет ерекшеліктеріне сай сипатталып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларға байланысты қалыптасып дамитыны айқындалды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Кильмухаметов Т.А. Поэтика башкирской драматургии. – Уфа: Китап, 2008. – 485 с.
2 Ахмадиев Р.Б.Современная башкирская драматургия (природа конфликта и многообразие жанровых форм) . – Уфа: РИО БашГУ, 2003. – 415 с.
3 Введение в литературоведение/Под ред.Л.М.Крупчанова.– Москва: ООО
Издательство «Оникс», 2005. – 415 с
4 S.Mrozek, Utwory sceniczne, t.2, Krakow 1973, s.201
5 Адамбеков С. «Аюбайдың ажалы» драмалық шығармалар. – Алматы: Өнер, 1981. –
311 б.
6 Адамбеков С. Қожанасыр қақпасы: Әңгімелер, пьесалар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 312 б.
7 Ш.Хұсайынов Үш томдық шығармалар жинағы. І том. Пьесалар. – Алматы: Жазушы, 1986. – 215 б.
8 Мұхамеджанов Қ. Таңдамалы: Пьесалар. Әдеби сценарийлер. Өнер жайлы ойлар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 544 б.
9 Ожегов С.И. Словарь русского языка. – Москва, 1991.– 710 с.
10 Даль Д.Толковый словарь. – Москва, 1982. Т.ІҮ.С.173
11 Różewicz T. Przygotowanie do wieczoru autorskiego. – Poland, 1977.p.342 12 Mrozhek S.Testarium: Izbrannye p (Russian) Paperback – 2001.– p.832 13 Нұрғали Р. Драма өнері. – Алматы, 2001. – 121 б.

Г.С. Бөкен
СЕМЕЙНО-БЫТОВЫЕ ОТНОШЕНИЯ В КАЗАХСКО-ПОЛЬСКИХ ДРАМАХ
В статье рассматривается тематические и жанровые сопоставления в произведениях польских драматургов С.Мрожека, Т.Ружевича и казахских деятелей С.Адамбекова, К.Мухамеджанова, Ш.Хусаинова 1960-80 годы ХХ века. Исследуется отдельные фрагменты семьи и отношение их членов. При исследовании дифференцируется культурные, человеческие, национальные особенности отдельных героев в пьесах драматургов двух стран. А также, оценивается морально-этические, психологические стороны в действиях, историко-политических взглядах, отношениях к окружающей среде отдельного героя в бытовой ситуаций.

G.S. Boken
FAMILY-HOUSEHOLD RELATIONS IN KAZAKH-POLISH DRAMAS
The article considers thematic and genre comparisons in the works of polish playwrights S.
Mrozek, T. Ruzhevich and kazakh figures S.Adambekov, K. Mukhamedzhanov, Sh. Khusainov 196080 years of the twentieth century. We investigate individual fragments of the family and the attitude of their members. The study differentiates the cultural, human, national characteristics of individual characters in plays by playwrights of the two countries. And also, the moral and ethical, psychological aspects of actions, historical and political views, relations to the environment of the individual hero in everyday situations are assessed.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *