Г.С. Хамзина, Б.Е. Ақмағамбетова, А.Д. Сақтағанова
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Петропавл, Қазақстан Gulzada_76@mail.ru
ҚАЗАҚ ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ЭПИТЕТТІҢ СТИЛЬДІК ҚЫЗМЕТІ
Мақала көркем әдебиетте, оның ішінде қазақ повестерінде актив қолданылатын троптардың бірі – эпитеттің стильдік қызметін қарастыруға арналады. Авторлар эпитеттің жасалу жолдарына, түрлеріне жан-жақты тоқталады. Тіл білімінде және әдебиеттануда эпитетке берілген анықтамалар келтіріледі. Көркем мәтіннен жиналған эпитеттік қолданыстар жүйеленіп талданады. Бұл мысалдар арқылы эпитеттің көркем шығарма тілінде маңызды стильдік қызметімен қатар ана тіліміздің баюына, толысуына өз үлесін қосатыны анықталады.
Кілт сөздер: эпитет, троп, эмоционалды-экспрессивті лексика, полисемия, тілдік категория, ауыспалы мағына, авторлық эпитет, сын есім, анықтауыш.
Сөзді ажарлап қана қоймай, оны мазмұн жағынан да, пішін жағынан да, құбылта құлпыртып, әрқашан «тілге жеңіл, жүрекке жылы тигізудің» тәсілдері көптен-көп. Бұл арада тіліміздегі жай сөз де, көркем сөз де – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты екені дау туғызбайды. Құбылта қолданылған тілдік құралдар көркем әдебиет тілінде жұмсалатын ертеден келе жатқан көріктеуіш тәсілдер болып табылады. Олар- тілдің көркемдік құнын көтеруде тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет. Көркем тілдік тәсілдер арқылы сөз қызықты әрі тірі құбылысқа айналады. Шығармалардағы сөздер тiзбек, тiркестер болсын, тiптi сөйлемдер болсын өз бетiмен өмiр сүрмей, кесек ойдың бөлуге келмейтiн жарқыншағы болып, көркем тәсiлдердiң барлығымен де тұтасып кетедi. Қарапайым тiлдiк элементтердiң өзi құлпырып, көркем стильдiк өзгерiске ұшырап отырады. Сол арқылы құбылыстар көбiне тура айтылмай, белгiлi көркемдiк әдiстер арқылы образбен тыңдаушы сезiмiне әсер етедi.
Шығарманың көркемдігін кемелдейтін шарттар дәлдік, ықшамдылық, қарапайымдылық, сөз сұлулығы, олар арқылы берілетін мазмұн байлығы, мағына тереңдігі болса, жазушы (ақын) өрісін танытар меже – тіл байлығы, сөз төркінін, оның барлық қырын терең де нәзік, оның өз шығармашылығында орын тауып қолдана білуі қажет. Әрбір шығарманың тілі- белгілі дәрежеде автордың суреткерлік дәрежесін, стиль ерекшелігін көрсететін фактор.
Суретті бейнелі, көркем ойлау арқылы бір нәрсенің тікелей өзін емес оған ұқсас өзге затқа не құбылысқа балап, мағынасын, мазмұнын тереңдете, әсерін күшейту дейтін болсақ, онда бұл көркемдеу құралы болған эпитетті әр түрлі етіп қиыстыру шығармада үлкен шеберлікті талап етеді.
«Сөздің немесе тілдің көркемдігі» дегенде, ең алдымен, оның әсерлілігін ұғамыз. Әсерлі сөйлеу, яғни көркем тілмен сөйлеу, өз ойын өзгеге шама-шарқынша айқын түсіндіру – тек өнер адамдарына ғана емес, мәдениеттімін деген бар қауымға міндет, әрі қажет.
Эпитеттің құрылымдық, лексика-семантикалық, структуралық ерекшеліктері тіл білімінде зерттелген. Мәселен, орыс тіл білімінде А.Зеленецкийдің, Л.Тимофеевтің, В.Сорокиннің, Д.Розентальдың, ал қазақ тіл білімінде А.Байтұрсыновтың, Қ.Жұмалиевтің,
З.Қабдоловтың, Р.Сыздықованың эпитет мәселесін зерттеген еңбектері бар.
Эпитет заттың яки құбылыстың ерекшелігін сыр-сипатын бейнелі түрде танытатын поэтикалық және стилистикалық ұғым, экспрессивті айқындаушы сөз.
З.Ахметов: «Эпитет (сипаттама) – заттың, не құбылыстың айрықша белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөз. Эпитет ұғымға, нәрсеге бейнелілік, нақтылық сипат береді. Мысалы, кеш деген сөз жалпы ұғымды, тәуліктің бір кезін, уақыт мезгілін білдіреді. Ал қысқы кеш, не қоңыр кеш десек, ол көзге елестетерліктей нақтылы бейне. Көптеген эпитеттерде ұлттық бояубедер болады» деген [1, 376].
Ал Зейнолла Қабдолов: « Айқындау, яғни эпитет – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын. Әрине, бұрын-соңды сан мәртебе қолданылып, ығыр болған эпитеттерді қайталай берудің керегі жоқ», – деген пікір айтады [2, 121].
Эпитет – заттың не құбылыстың айрықша белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөз. Эпитет ұғымға, нәрсеге бейнелілік, нақтылық сипат береді. Академик М.Серғалиев эпитет туралы: «Эпитет көркем туындыларда эстетикалық қызмет атқарады, сөздің тартымдылығын, сұлулығын, әсерін арттырып, тыңдармандар мен оқырмандардың жылы қабылдануына мүмкіндік жасайды» [3, 228] деп тұжырымдайды. Зерттеуші Г.Мұхаметқалиева эпитетке былай анықтама береді: «Эпитет дегеніміз – екі немесе одан да көп компоненттен тұратын, өзара қабыса байланысқан, көркем, бейнелі, образды сөз тіркесі» [4, 18]. Эпитет көркем шығармада кейіпкерлердің сыртқы бейнесін ашумен бірге, ішкі сезімдерін, кескін-келбетін сипаттауда ерекше қызмет атқарады. Көркем әдебиет ұлттық тілдің сөз байлығы мол қамтитындықтан жазушылардың ұлтты тіл элементтерін қалай қолданғанын қарастыру маңызды. Қаламгер ойдың барынша көрнекті, мәнерлі түрде берілуі көздеп, тілдегі көркемдеу мен әсерлеудің барлық түрін қолданады. Әсіресе образды айқындау үшін қолданылған эпитеттердің молдығы көзге түседі. Эпитеттер бір нәрсенің белгісін, қасиетін, сынын айқындайтын тілдік құрал, яғни: «…Эпитет-слова, оброзно определяющее предмет или действие, подчеркивающее характерное их свойство, так же наиболее употребитель в художественной речи, где оно выполняет эстетическую функцию» [5, 97 ]. Суреттеліп отырған құбылысты оқырманның көз алдына елестетіп, сезіміне әсер етуші ерекше қызметіне байланысты бағалауыш эпитет жиі қолданысқа түседі. Олар заттар мен құбылыстардың белгілерін анықтап көрсету арқылы бейнелілік, көркемдік қызмет атқарады. Әдетте эпитет жазушының суреттеген құбылысымен, белгілі жағдай, кезеңдермен байланысты болып отырады. Мысалы, С.Мұратбековтің біраз әңгімелеріне сұрапыл соғыстың халыққа әкелген қайғы-қасіреті, соғыстан кейінгі қазақ ауылының ауыр тұрмыс-тіршілігі мен тағдыр ауыртпалықтары арқау болған. Мәселен, «Жеңеше», «Күзгі бұралаң жол» әңгімелерін айтуымызға болады. Осы әңгімелерде қаламгер сол күндердің суретін беру үшін ауыр тірлікке лайықты қиын тұрмысты көзге елестететіндей эпитеттерді алады.
Жылауық күздің ызғарынан гөрі қайғы-қасірет қаңтардың аязынан бетер жанжарасын жұлқылап мұздатқан, тіпті қара қошқыл аспан да, қара жамылып күрсінген күрең дала да, қарқарадай қасқайып тұратын тәккаппар тау да қайғыдан езіліп, қол-аяғын бауырына алып бүрісіп, қалжырап жатқандай еді ғой (355-б.).
Жесір жүрегі лықси толып сыздаған мұңмен сағынып сарғаяды. Осыдан ширек ғасыр бұрын – кешегі сұрапыл соғыс кезінде кебенек кигізіп, майданға өз қолынан аттандырған асыл азаматын содан бері бір минут та көңілінен таса қылмай, сарғая күтіп сағынғанын айтады Қамар жеңгей (187-б.).
Сұрапыл соғыс жылдарының ұмытылмас қасіретін оқушы сезімне әсер етерліктей етіп жеткізген эпиттердің көпшілігі автордікі. Қиын кезеңді көрсететін авторлық эпитеттерге: сор соғыс, қансыраған көңіл, ыңырсып жатқан қара жер, жүдеген дала дегендерін де жатқызамыз.
Ал қуанышты, бейбіт ауыл өмірін, замандас келбетін суреттейтін әңгімелерде қолданылған эпитеттер басқаша сипатта болып келеді.
Самал жел, көк майсалы жайлау, айлы кеш, жұмсақ үн, тәтті ой, жақсы арман, маужыраған көктем күні, ерке жел, кербез таң, сүр шөп, қарақат көздер, сұлу сөз, бота көздер т.б. (С.М.). Бұлардың көпшілігі авторлық эпитеттер және құрамы жағынан екі, үш компонентті болып келеді.
Д.Әлкебаеваның еңбегінде эпитет туралы төмендегідей анықтама берілген: «Эпитет сөз алдына келіп анықтауыш болады. Анықтауыш атқаратын мүше көбінесе бейнелі сөздің қызметін атқарады» [6, 92].
Эпитет қай стильде кездессе де екі мақсатта қолданылады. Біріншісі — анықталған мүше ретінде, екіншісі, көркемдік бейнелі мағынада қолданылады. Анықталатын мүше ретінде келетін эпитет ресми құжат тілінде жиі қолданылады. Бұл сын есім немесе сын есім ретінде есімшенің орнына қолданылатын сөздер тобы болып келеді.
Д.Исабеков, О.Бөкей повестеріндегі эпитеттердің қолданысы:
… Жыртық-жыртық бұлттардың ойығынан ауық-ауық ай сығалап, қорғасын бұлттың ар жағына лып етіп қайта еніп кетеді. Мырзаның заты адам ғой, таңдырынан тек азап пен тәлкек көріп, жаны қиналған сәттерінде бұл пенде құдайына да тілін тигізіп алмаушы ма еді, етекте бөлек отыратын кедей ауылынан келген бір пұшық әйел шырқырап тұрған баланы көргенде өзін-өзі ұстай алмай «о, қу құдай, о қу құдай» деп еңіреп жіберді. Көз жастары күректегі топыраққа тамып, іштей тынып жүрген өзге де әйелдер бар екен, «дауыс салуға болмайды» деген қатал үкімді бір сәтке естен шыңарып, әлгі әйелден соң әлешала «қош, пақыр, қош!» деп бір ұн шығарып алды да, опасыз тіршіліктегі бейшара пендешілік естеріне түсіп, еріндерін тістеп-тістеп қойды. Қызын көргенде шешесі өзін-өзі ұстай алмай,ботақаным-м» – деп тұрмақ боп ұмтыла беріп еді, күйеуі оған жеп жіберердей оқты көзімен ата қарап: «отыр омалып!» дегенде зәрлі дауыс оны төбесінен басып, бөстегіне қайтадан сылқ еткізді. –Тоқтат, қара бет! – деді орнынан атып тұрып (Д.И.,363б.).
…Ендеше әкемнің басы, анау қысықтау келген өткір көз… осы көз баяғыда бір… тым ертеректе менің бала кезімде болар, жұмыла жаздап,мәңгіге жарық дүниемен қоштаса жаздап,шиеттей бала-шағасының көз жасы сақтап қалған еді ғой; осы көз ол шақта әлдеқайда отты, әлдеқайда ойлы, ұшқын атқан жастықтың, өмірге деген іңкәрлікті жалынына толы болатын.
Қысық көзі жылт-жылт етіп, қабағын көтерген сайын ғаламат жарқылды от тұтанып қалғандай болады.
Біз анамның әкеме деген ұлы сүйіспеншілігімен дүниеге келдік, әкеме арқаланып, мәресәре ғұмыр кештік, әлемдегі ең сұмдық сөз – жетім-жесір деп ешкім табаламады (О.Б., 75б.).
Бұл үзіндідегі эпитеттер – авторлық эпитеттер. Жыртық-жыртық деген эпитетті қолдануда оқырманның көз алдына аспан аясында бұлттың бір жерде шоғырланбай түйіртүйір болып әр келкі таралуы келеді, ал қорғасын деген эпитет арқылы қалың, ауыр деген мағына үстемеленіп тұр. Біздіңше, кейіпкердің ауыр ойға шомылып, ол ойлардың шашыраңқы екендігін, қыздың әкесінің бір шешімге, бір тұжырымға келе алмай қиналған сәтін суреттеу үшін қолданылған.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан эпитеттің көркем шығарма тілінде қаншалықты маңызды рөл атқаратыны анықталды. Ана тіліміздің дамуы, толысуы тіл қорымыздағы сөз санын молайтумен ғана емес, бұрыннан бар сөздердің мағынасын, мәндік иірімдерін кеңейту арқылы да байитыны белгілі. Бұл салада эпитеттің де үлесі зор. Оның өзі тілдің көркемдігін, әсерлілігін арттыра түседі.
Эпитеттің бейнелілік, суреттілік қасиетін ескерген ғалым Х.Кәрімовтің айтуынша, эпитет анықтауыштан экспрессивтік-эмоционалдық функциясы және бағалауыштық қызметімен ерекшеленеді [7, 15]. Зәрлі дауыс, авторлық эпитет екі дерексіз ұғым құбылыс атауы болып, семантикалық жағынан үйлеспейтін тіркестер мағыналық үйлесімін тауып тұр. Ащы дауыс, қатты дауыс, қоңыр дауыс деген сөздер өзінің шаблонды стандартты тіркесімен қолданысқа түскен. Автор зәрлі сөзін дауысты бейнелеп сипаттау үшін жұмсаған. Ал қара бет эпитеті ауыспалы мәнде қолданылған. Ауызекі сөйлеу стиліне жатады. Эпитетті қолдана отырып адам өмірінде қандай да бір теріс қылық жасап қойғанынан хабардар етіп отыр. Бұл диалогтің осы сөйлемін оқығаннан кейінде оқырманды соңы не болар екен, немен аяқталады деген сауалдар мазалайтыны айдан анық. Ауыспалы мағынада келіп, ерекше экспрессия, бейнелілік үстеп эпитет болып тұр. Сұмдық сөз деген эпитетте терең мағына жатыр. Сұмдық дегенді біз арамдықпен, жұртты елең еткізетін жамандықпен пара-пар дей аламыз. Сондықтан сұмдық сөз деген ұғымның болуы да жай емес. Сұмдық сөз сүйектен өтіп, жүрекке тиетін отты да қаһарлы мағынада қолданылады. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақал бұл сөздің түп мағынасын жұртшылыққа түсінікті етіп ашып береді.
Кейіпкердің мінез ерекшелігін танытуда эпитеттердің қызметі айрықша. Кететін күні шешем аңырап көп жылады, әкем міз баққан жоқ, тас түйін мінезбен бар байлығын ала сиырға артты да, алға түсті.
Иә, ол кезде мен әкемнің көзінен қазіргідей әлдеқайда мол қуат көргем; бірақ сол қуаттың өзі бүгінгідей асау мінездің саябыр тапқан, салқын тартқан шағында ұлы ақылға ұласқандай емес, әлдеқайда, әлдеқайда тәкаппар да тәртіпсіз еді…(О.Б., 65-б.). Тас, асау – дәстүрлі эпитеттің еркін пайдаланылған түрі, образдылық элемент ретінде жұмсалған. Тас түйін мінез, асау мінез адамның жан дүниесі, көркін танытуға қолданылған сөз емес, адамның бойынан табылған жағымсыз қасиеті үшін айтылған сөз. Өзінің анадан шыр етіп туып, азан шақырып қойған аты Тұңғыш болса да, былайғы жұрт оны ауыз ашпас тұйық мінезіне қарап Үндемес атап кенткен-ді (Д.И., 227-б.). Жалпы, мінез әр пендеге тән, лайық психикалық қасиеттердің жиынтығы. Яғни, тұйық мінез эпитеті арқылы автор кейіпкерінің өзіндік ішкі сезіммен бекінгендігін көрсетеді.
А.Сейдімбеков, Д.Исабеков, О.Бөкей шығармаларында ақ, қара түстерді белсенді қолданғанын байқадық. «Ақ» және «қара» атаулары халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, танымымен тығыз байланысты екенін білеміз. Халық санасында қалыптасып қалған ақ түс атауының символдық мәні мынадай: ізгі тілек пен жақсылық, қасиетті, әдемілік, махаббат, қайырымдылық. «Өмірдегі заттар мен құбылыстардың сапасы мен қасиеті қандай болса да, олардың бірқатарын ақ деп айқындау ұлттың мол мейірім, іңкәр көңілінің, үлкен үміт, телегей тілегінің, шалқар сезімінің, асыл арманның куәсі [8, 20]. Осы идея төңірегінде О.Бөкейдің «Қар қызы», «Қайдасың, қасқа құлыным» повестері желістерінің арқауында кездестіреміз: «Осы тым-тым ақ пейілділігі үшін ұлы – Аманжан талай рет ұрысты да, өкпеледі де, бәрібір қол қусырып қарап отыру қайда (А.С., 287-б.). Күлгенде шашау шықпай тізілген аппақ шағала тістері көрінеді де, екі бетінен лыпып қан жүгіріп, бармақ батырғандай пайда болған шұңқырға ұйи іркіледі (О.Б., 77-б.). Ақ пейіл, аппақ шағала тістері деген эпитеттер арқылы кейіпкерлердің асыл қасиетін, келбетін айшықтай түседі. Көзге қызығарлық, әдемі де күтілген тістер жиі кездеседі. Сол себепті осындай сөздің болуы заңды құбылыс болып табылады. Сондай-ақ А.Сейдімбековтің «Қыз ұзатқан» туындысында кейіпкердің бетбейнесін көрсету мақсатында эпитеттік теңеу арқылы ақ түстің тағы бір ерекше қасиеті, яғни ақ жүзі аршыған жұмыртқадай үлбіреуі әсем көрініс тапқан: «Ақ жүзі аршыған жұмыртқадай үлбіреп, мұң-сырға толы бота көзі қарақаттай мөлдіре, сыпайы-нәзк қимылмен бір көргенде-ақ ұнайтын» (А.С., 53-б.). Қазақ мәдениетінде ақтың антиподы ретінде қара түс қолданылып, ақ-қара бинарлық жүйесін құрайды. Сонымен бірге ақ – пәктік пен тазалық, әсемдіктің, адал ниет көңілдің белгісі болса, қара – адамның басына түскен ауыртпашылық, қиындық сәттерінің символдық белгісі. Мысалы: Басына қандай қара күн туса да ебіл-дебіл еңіреп жылаумен ғана тынған, қайғырғанмен қабырғасы қайысып, ой толғауға өресі жетпей өскен Тұңғыш дәл осы сәт өз өмірінің қор өмір екенін, тіпті, ес біліп, етек жапқалы диуанашылықпен ыстықаумет тауып келе жатқан мына диуана кемпірдің өзінен әлдеқайда бақытты екенін алғаш рет ой жіберіп, бордай үгітілді (Д.И., 260-б.). Оқырман сезімі ә дегеннен-ақ осындай эпиттеті тіркестер арқылы шығармадағы мұңды оқиға арқауына байлана түседі.
Бірақ ішкі есебінен жаңылатын Боздақ па, сөйтіп жүріп-ақ, қара бет еткен қызын тама құдасының баласынан тәуір деген жігітке қосуды ойлайды екен ғой (А.С., 47-б.). Эпитет сөздер жеке тұрғанда толық мағыналы, тура мағыналы сөздер болып келеді де, олардың эпитеттік қасиеті байқалмауы мүмкін. Эпитеттің троптық қызметі басқа сөздермен тіркесіп келгенде анық ашылады; қара бет эпитеті дәстүрлі, әрі еркін пайдаланған түрі. Бұл эпитет адамның бет пішінін, көркін танытуға қолданылған сөз емес, адамның бойынан табылған жағымсыз қылығы үшін қолданылған.
Жазушылар эпитет жасауда қоңыр сын есімін өнімді қолданған.
Үйбей-ау, неғып аңырып қалдың, үйге кір, жарығым, – деген қоңыр үнмен есімді жидым (О.Б., 77-б.). Балталыдан келе жатқан мырзалар едік, ашыңыз, – деді сырттағы адам жайдары, қоңыр дауыспен (Д.И., 375-б.). –Көр нұрлы болсын, – деген қоңыр дауыс естілді (Д.И., 229-б.). Тамағын кенеп, біздер естісін дегендей майда қоңыр дауысын көтере сөйлегенімен, қапсағай денесін кең оралыммен қозғап, бетін Нүркей ақсақалға бұрды (А.С., 40-б.).
Қоңыр үнмен, қоңыр дауыспен, майда қоңыр дауысын деген эпитет күнделікті өмірде жиі кездеседі. Адамның дауысы қарым-қатынас негізі үшін өте маңызды рөл атқарады. Үннің естілуі кейде жылылықты білдірсе, кей жағдайларда кері әсерін көрсетеді. Яғни, ол ашуланған адамның дауысын жеткізеді. Ал қоңыр үнмен, қоңыр дауыспен, майда қоңыр дауыспен сөйлеу дегеніміз байсалды да жағымды, жұртшылыққа салмақты естілетін үнмен сөйлеу болып табылады. Қоңыр үн, қоңыр дауыс тек қана жалпы тыныштықты ғана емес, рухани дүниедегі әсемдікті білдіреді
Аталмыш жазушылар қолданысындағы эпитеттер экспрессивтік сипатта қолданған және кейіпкердің ішкі жан толғанысын, мінезін, сырт тұлғасын автор эпитеттер арқылы көрсетулері жазушылардың шеберлігін дәлелдей түседі.
О.Бөкей, А.Сейдімбеков табиғат келбетін, әдемілігін эпитеттер арқылы әсерлі күйде суреттейді. Сонау түтін шыққан тау табанында мың бұралып, бүктетіліп ағар асау өзен арыны біз құлдаған сайын өктем естілсе, сол тентек өзеннің өзі телегейлі Айна көлге тоқырап жатыр (О.Б., 76-б.). Әлбетте, менің миымдағы бықыған жүздеген фамилиялар мен шығармалар тізімі, сақалы сала данышпандар бейнесі, өзгенің қайғысы, өзгенің қайыршы халі, өзгенің байлығы мен әлемді әлдилеп тұрған даңқы — бәрі-бәрі де анау сұлап жатқан сұлу табиғат, дүрия жонды көргенде, үрке қашып, өз құрлығына бас сауғалаған секілді (О.Б., 81-
б.). Асау өзен, тентек өзен деп сылдырлап аққан өзеннің жиілігін, толқындарының қаттылығын, тездігін анықтап отыр. Сұлу табиғат эпитетінің қолданылуы түрлі жағдайларда болады. Сұлулық сөзі дүниенің барлық әсемдігін білдіреді. Ал сұлу табиғат дегеніміз көрсе көз қызығарлық, барлық адамдарды таңқалдыратын табиғаттың суреттемесі. Оның ауасы да, таутастары да, сылдырлап аққан өзен-көлдері де сұлулыққа тұнып тұр.
«Жаз ортасының қоңырқай түні. Жер-дүние шырт тыныштыққа бөгіп, мүлгіп тұр. Айдың қорғалап туар мезгілі – түн. Аспан ашық, жұлдызды болғанымен түн түнегінен жеңілген. Әлсіз сәуле арқан бойынан арғыны көрсетпейді. Тек төңіректегі жал-жал төбелер, өркеш-өркеш биіктер ғана ирек жасап анабай танытады. Олар да түнек пен тыныштыққа бойсұңғандай, құр сүлдерімен меңірейе қарауытады» (А.С., 63-б.). Автор жаздың қоңырқай түнін – тыныштыққа, жанға жайлы, жағымды әсерді білдіретін эпитеттер арқылы шынайы көрсетеді және қос сөздер арқылы берілген эпитеттерді де ұтымды пайдалана білген. Міне, осындай терең мағыналы эпитеттер шығарманың мән-мағынасын жан-жақты тануға, ой қорытуға жәрдемдеседі.Сонымен эпитетсіз айтар ойды, құбылысты бейнелі түрде суреттеу мүмкін емес. Шығарманың көркемдігін арттыратын сонылығымен, ерекшелігімен танылатын тың қолданыстар болмақ. Сонда суреткер тілінде жаңа реңк көрінетіні айқын. Қаламгерлердің дәстүрлі және авторлық эпитеттері туындыларға айқын мағына берумен қатар, суретті сөздермен дәлдеп, айтар ойдың ықпалын күшейткен. Айшықты да, бейнелі эпитеттер арқылы айтылар ой оқырман қауымға шеберлікпен жеткізіледі. Авторлар шығармаларында қазақ тілінің мол байлығын жете меңгеріп, оны шығарманың көркемдік сапасын арттырудың мықты құралы еткен.
Әдебиеттер тізімі:
1 Ахметов З., Шаңбаев Т. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы, 1998. — т. 2. – 376 б.
2 Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. – Алматы, 2003. – 2 т. – 121 б.
3 Серғалиев М. Стилистика негіздері. – Алматы, 2006. – 228 б.
4 Мұхаметқалиева Г. Тұрақты эпитеттің тілдік табиғаты. Филол. ғыл. канд.
дисс.автореф. –Алматы:1995. –24 б.
5 Виноградов В. В., Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. Издательство АН СССР, –М., 1983.
6 Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы. – Алматы, 2007. – 243 б.
7 Кәрімов Х.Көркем тексті өнер туындысы ретінде зерттеудің өзекті мәселелері. //Көркем шығармалар тексін талдаудың мәселелері. — Алматы, 1993. – 18 б.
8 Канафина С. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі: филол. ғыл.
канд. … автореф. – Алматы, 2006. – 26 б.
Г.С. Хамзина, Б.Е. Акмагамбетова, А.Д. Сактаганова
СТИЛИСТИЧЕСКАЯ ФУНКЦИЯ ЭПИТЕТОВ В КАЗАХСКИХ ПОВЕСТЯХ
Статья посвящена стилистическим функциям одного из тропов – эпитеты, часто используемой в художественной литературе, в том числе в прозаических произведениях. Авторы подробно характеризуют способы образования эпитет и их виды. Приводят различные определения эпитеты в лингвистике и литературоведении. В статье систематизируются и анализируются эпитетические употребления, собранные из художественного текста. На материале художественных произведений авторы доказывают, что эпитеты выполняют важную ситилистическую функцию в языке художественного текста.
G.Khamzina, B.Akmagambetova, A.Saktaganova
STYLISTIC FUNCTION OF EPITHETS IN KAZAKH STORIES
Article is devoted to stylistic functions of one of ladders – the epithet which is often used in fiction, including in prosaic works. Authors in detail characterize ways of formation of epithets and their types. Give various definitions of a epithet in linguistics and literary criticism. In article the epithetcal uses collected from the art text are systematized and analyzed. On a material of works of art authors prove that epithetrs carry out important citylistichesky function in language of the art text.