Б.Ш. Қожекеева1, К.С. Әбдіқалық2
1филология ғылымдарының кандидаты, қауым. профессор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы, Қазақстан, Bekzada61@mail.ru
2Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы, Қазақстан, kun_ian16@mail.ru
ШОРТАНБАЙ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ МӘТІНДІК АЙЫРЫМДАР
Бұл мақалада зар заман әдебиетінің өкілі Шортанбай толғауларының текстологиялық мәселелері сөз етіледі. Ақынның әр басылымындағы нұсқаларын салыстыру үшін оның жарық көрген барлық жинақтармен қоса, қолжазба нұсқасы да қарастырылды. Шортанбай Қанайұлының бірнеше басылымындағы «Бала зары» деген көлемді толғауын жүйелі түрде салыстыра келе өлең жолдарының қалып кету мен қысқартылуы, өзгеріске ұшыраған жекелеген сөздер мен сөз тіркестері сияқты көптеген өзара айырмашылықтарға көз жеткізілді. Әр жинақта өлең жолдарының әр түрлі берілуінің қателігі баса айтылды. Ақынның «Ғаламның орта жарығы», «Жалғанның жаман тарлығы», «Жер тырнамай қор болмас», т.б. өлеңдеріндегі мәтіндік айырымдар талдауға алынды. Жинақтық нұсқаларды алғаш хатқа түскен қолжазба күйіндегі нұсқаларымен салыстыру нәтижесінде ақын шығармаларының тұрақты мәтінін жасау қажеттілігі ұсынылды.
Кілт сөздер: замана, мәтін, мәтіндік айырымдар, нұсқа, қателер, ақын, ой-толғам, жинақ, қолжазба, редакция.
КІРІСПЕ
Қазақ әдебиеті тарихында зар заман ағымының орны бөлек. Өйткені ХІХ ғасырдағы отарлау саясатының езгісінен жәбір көрген қазақ халқының шынайы тағдыры зар заман әдебиетінде ғана айқын көрініс тапқан. Ресей патшалығының отаршылдық саясаты туғызған бұл бағыт өкілдерінің мұралары бойынша кеңес дәуірінде-ақ қаншама ғалымдар өзінше топшылап, тұщымды ойлар білдірген еді. 90-жылдардан бері қарай да Қ.Мәдібай, Б.Омарұлы сынды ғалымдардың еңбектерінде де әр қырынан арнайы зерттелген. Соңғы зерттеушілердің дені зар заман әдебиеті туралы сөз еткенде ең алдымен «зар заман» деген атауды алғаш қолданысқа енгізген М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927) атты еңбегіндегі мына пікірін алға тартады: «Зар заман деген – ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгері, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман» ақындары деген ат қойдық».
Ал осы тұжырым Шортанбай Қанайұлы мұраларының да өзгеше оқшауланып тұруының сырын айқындай түседі.
Ақын толғауларының көлемі жарық көрген жинақтарда әр түрлі деңгейде басылған. С.Мұқанов «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» деген еңбегінде «Шортанбайдан сақталған жырлардың көлемі көп емес, жалпы шамасы – 1500 жолдай ғана өлең» деген дерек айтады. Олай болса, Шортанбай шығармаларының дұрыс басылу ретіне тоқталып, ондағы мәтіндік айырмашылықтарды сөз етпекпіз.
Шортанбай Қанайұлы мұрасы ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап қағаз бетіне түсіріліп, жариялана бастағаны белгілі. Ақын шығармалары алғаш В.В.Радловтың «Түркі тілдес халықтар әдебиетінің нұсқаларына» (3-том, 1870), Лютштың «Қырғыз хрестоматиясына» (1883), Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясына» (1889) еніп және де «Қисса и Шортанбай, Шортанбайдың бала зары» деген атпен 1888 жылы Қазанда жарық көрген. Одан әрі 1890, 1897,1901,1906 жылдары басылған. Ал кеңестік дәуірде 1931 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында, 1941 жылға дейін мектеп оқулығында, 1962 жылы «Қазақ ССР Ғылым Академиясының» баспасынан шыққан «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағында» енгізілген. Кейін «Жазушы» баспасынан шыққан «Бес ғасыр жырлайды» (1989), «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991), «Жалын» баспасынан шыққан «Зар заман» (1993), сондай-ақ «Жеті ғасыр жырлайды» (2004; 2008), «Он ғасыр жырлайды» (2006) жинақтарында жарияланып келеді.
Зар заман әдебиетінің өзегіне айналған Шортанбай мұралары осы уақытқа дейін жоғарыда келтірген жинақтарда жарық көрумен қатар сол мәтіннің өзге нұсқалары қолжазба күйінде де сақталған көрінеді. Соның бірі – Н.Я.Коншин қорынан табылған жырлар. Мұны ғалым М.Мағауин Шортанбай Қанайұлының мұрасына жатқыза отырып, мәтінді 2004 жылғы «Жұлдыз» журналына (№10) жариялайды.
Ақын мұраларын әр кезде ғылыми басылымға әзірлеуде зерттеушілер алдыңғы шыққан жинақтардағы өлеңдерді сол күйінде жариялауға ұсына салмай, өңдеуден өткізгені, яғни бірсыпыра текстологиялық жұмыстардың жасалғаны, әсіресе, кейінгі шыққан жинақтардағы нұсқалармен салыстырғанда анық байқалады. Десек те кейбір өлең жолдарының өзгеріске ұшырауы, кейбір сөздердің басқа сөзбен ауыстырылып берілуі сияқты түзетілген өлең мәтіні тұрақты мәтін талабына сай келе ме? Ол үшін ең алдымен ақынның жоғарыда аталған жинақтарындағы өлеңдерінің мәтіндік айырымдарына назар аударайық. «Бес ғасыр жырлайды» (1989) мен «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991) жинағында басылған ақын толғауының мәтіні сөзбе-сөз бірдей.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Шортанбай Қанайұлының «Бала зары» толғауы, яғни «Атамыз – Адам пайғамбар» деп басталатын өлеңіне талдау жүргізсек, 1962 жылғы жинақта 973 жолмен, 1989 жылғы жинақта 844 жолмен, 2006 жылғы жинақта 457 жолмен берілген. Ал 726 өлең жолынан
тұратын қолжазба нұсқасында жинақтарда бар мәтіннің 48 жолы ғана кездеседі. Сондай-ақ 1931 жылғы жинақтағы өлеңнің құрылымы да түсініксіз. Яғни, бұл жинақта «Шортанбайдың бала зары» деген тақырыптағы толғауы 188 жолмен берілгенмен, одан кейінгі «Опасыз жалған», «Осынша азды ел неден?», «Жалғаншы», «Жалғыздық – кедейлік», «Жас өмір», «Не болар?», «Еділді алды», «Азған заманда» сияқты тақырыптарға бөлінген өлеңдерінде кейінгі шыққан жинақтардағы (1962,1989,1993,т.б.) «Атамыз – Адам пайғамбар» деп басталатын көлемді толғауының мәтіні кездеседі. Осыған орай, мәтіннің (жарияланғаны бойынша) толық нұсқасын 1962 жылғы жинақтағы толғау деп тауып, оны қысқартылған нұсқаларда кездесетін өлең жолдарымен салыстыра қарастырамыз.
Ақынның осы мұрасы 1962 жылғы (1931,1989 жылғы) жинақта былай басталады:
Атамыз – Адам пайғамбар Топырақтан жаралды,
……………………………….
Сол адамнан таралды (141-бет).
Өлеңнің белгісіз үшінші жолы 1993 жылғы жинақта «Мұсылман, кәпір халық боп» (74бет), 2006 жылғы жинақта «Мұсылман, кәпір, халайық» (200-бет) деп берілген. Ал қолжазбада:
Әуелі атамыз Адам пайғамбар Топырақтан жан боп жаралды.
Орыс бірлән қазақ боп,
Сол атамыздан таралды,– деп басқаша берілген. Және де мұндағы:
Мұсылманға бұйырған
Көкірегіне халал-ды,–
деген бесінші, алтыншы жолдар басқа жинақтарда кездеспейді. Сондай-ақ барлық жинақтарда кездесетін өлеңнің «Тәркі деген тамұқтың» /«тамұқ» сөзі 1962, 1993 жылғы жинақтарда «тамық» деп қате берілген/ деген он бірінші жолындағы «тәркі» сөзі қолжазбада «тарлығы» (13-жол) деп берілген. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (2008) «тамұқ» сөзі тозақ, ауыр азап, бейнет, ал «тәрк» сөзі, яғни, «тәрк етті» дегені «дүниеден безді» деген мағынаны білдіреді. Екі сөздің де мағынасы бір-біріне жақын, мәндес боғандықтан қай сөзді қолданса да қателеспейміз.
1962 жылғы (1989,1993 жылғы) жинақта:
Жақсылықтан нәрім жоқ,
Жамандық асқан заманда,–
деген өлеңнің он алтыншы жолындағы «нәрім» сөзі 1931 жылғы жинақта «ырым», қолжазба нұсқасында «зәрем» (17-жол) делініп, «жамандық» сөзі «жаманшылық» деп берілген. Дұрысы – «зәрем» сөзі. Өйткені «нәрім» сөзінің ешқандай мағынасы жоқ. Ал «ырым» сөзінің жеке алғанда мағынасы болғанымен, тұтас ойды білдіруде қатысы аздау. Одан гөрі «зәрем» сөзінің салмағы басым, яғни, «жаманшылық асқан заманда жақсылықтан қорқу» ойға қонымдырақ.
Жинақтағы «Ғаламның орта жарығы» (1962) деген өлеңнің жиырма сегізінші жолы 1931 жылғы жинақта «Ғаламға ортақ жарығы», 1993 жылғы жинақ пен қолжазбада «Ғаламның ортақ жарығы» (162-жол), 2006 жылғы жинақта «Әлемнің ортақ жарығы» деп берілген. Негізінен «Ғаламның ортақ жарығы» деп алып, «әлем» сөзінен гөрі сол уақыттың таңбасын бедерлейтін «ғалам» сөзін қолданған орынды. 1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақтағы:
Ораза, намаз қылғанның
Көңіліңде құдай барлығы,–
деген өлеңнің 33-жолы 2006 жылғы жинақта «Ораза, намаз қаза қылмасаң», қолжазбада «Күн шықпай тұрсаң намазға» (167-жол) деп берілген. Дұрысы – алдыңғы жинақтағы нұсқасы.
Онда жалпы ораза ұстап, намаз оқығандардың көңілінде құдайдың барлығын айтқысы келеді. Ал кейінгі түзетудегі ораза мен намазды қаза қылмасаң ғана көңілінде құдайдың барлығын ескертуі тым артықтау тәрізді.
1962 жылғы (1989, 1993, 2006 жылғы) жинақтағы «Жалғанның жаман тарлығы» деген өлеңнің 36-жолындағы «жаман» сөзі 1931 жылғы жинақта «үлкен» (18-жол) деп берілген. 1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақтағы:
Ісің түссе жаманға,
Жағаңнан алар сорыңа,–
деген өлеңнің 41-жолы қолжазбада «Жанжал қылсаң жаманмен» (85-жол) деп берілген. Қолжазбадағы «жаманмен жанжал қылсаң сорыңа қарай жағаңнан алар» дегені де айтпақ ойды нақтылай түседі.
1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақтағы:
Жолдас болсаң жақсымен,
Қолың жетер Қырымға (142-бет),–
деген өлеңнің 48-жолы қолжазбада «Қолың жетер қиырға» (78-жол), 1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақтағы:
Парақорлар қызығар,
Бір қалаштық тиынға,–
деген өлеңнің 52-жолы қолжазбада «Парақорлар қарайды» (75-жол) деп берілген. Мұндағы «аз ақша болса да парақорлардың місе тұтып, қарайтындығы айтылған» ойлар да қисынырақ.
1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақтағы:
Арам пиғыл залымның,
Тату да болмас құдасы,–
деген өлеңнің 64-жолы 1931 жылғы жинақта «Жау көрінер ағасы» деп берілген. Тұтас
өзгертілген өлең жолының қайсысын қолданса да өлең мазмұнына нұсқан келмейді. Дегенмен 1931 жылғы жинақтағы өлең жолы «арам пиғыл адамның» бейнесін айқындай түседі. 1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақтағы:
Құдай деген мүһминнің,
Ауыздан кетпес тобасы,–
деген өлеңнің 65,66-жолы 2006 жылғы жинақта:
Құдай деген мүминнің, Ауыздан кетпес тәубесі,– деп өзгертіліп берілген.
1962 жылғы жинақтағы «Руза намаз панаңды» (1993 жылғы жинақта да) деген өлеңнің
109-жолындағы «руза» сөзі 1989 жылғы жинақта (2006 жылғы жинақта да) «ораза» (277бет) деп беріліп, орынды түзетілген. 1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақтағы:
Он сегізде қыз толып, Ана болар бір елге,–
деген өлеңнің 140-жолы 1989 жылғы жинақта «Апа болар бір елге» (278-бет), 1993
жылғы жинақта «Ана болар біреуге» деп берілген. Сонда дұрысы қайсы? Бір елге ана немесе апа болуға жасы сай келмейді. Ал «біреуге ана болар» деу де орынсыз. Одан да осы өлең жолын «Әйел болар біреуге» деп өзгертсек, айтылмақ ой түсініктірек болар еді.
1962 жылғы жинақтағы:
Күн шыққан соң, намаз қаза боларын Біле тұра жатасыз
деген өлеңнің 155-жолы 1993, 2006 жылғы жинақтарда:
Күн шыққан соң тұрмасаң
Намаз қаза боларын Біле тұра жатасыз,–
деп «тұрмасаң» сөзін қосып, орынды түзеткен. Сондай-ақ 1962 жылғы (1989, 1993 жылғы) жинақта берілген «Жаралып жан болып тумаса» деген өлеңнің 162-жолындағы «жаралып» сөзі 2006 жылғы жинақта «жарылып» деп берілген. Бұл, әрине, теруден кеткен қате. 1962 жылғы жинақта берілген «Бұйрықсыз бәрі – харам» деген өлеңнің 165-жолы 1993, 2006 жылғы жинақтарда «Бұйрықсыздың бәрі харам», 1989 жылғы жинақта «Бұйрықсыз бәрі харам-ды» деп берілген. Дұрысы осы соңғысы. Өйткені алдыңғы «Түйенің құты бурады» (159-жол) деген өлең жолымен үйлесіп тұр.
1962 жылғы жинақтағы деген өлеңнің 167-жолы 1989 жылғы жинақта «Жер тырнадай қор болмас» (278-бет), 1993 жылғы жинақта «Жер таянбай тұра алмас» (79бет) деп берілген. Дұрысы – соңғысы. Өйткені «Жер таянбай тұра алмас Жетекшіден айрылса» десек, онда бұл өлең жолының мағынасы түсінікті.
1962 жылғы (1989, 1993, 2006 жылғы) жинақтағы:
Құдайдан қорыққан мұсылман Қарауыл қояр сөзіне,– деген өлеңнің 184-жолы қолжазбада:
Құдайдан қорыққан бейшара
Қарауыл қояр ізіне (28-жол),–
деп берілген. Дұрысы, әрине, жинақтық нұсқалар. Өйткені мұнда ақын «мұсылман адамның әрбір сөзін аңдап, ойланып сөйлеу керектігін» айтқысы келеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Шортанбай Қанайұлының бірнеше басылымындағы «Атамыз – Адам пайғамбар» деп басталатын көлемді толғауын салыстыра келе өлең жолдарының қалып кету мен қысқартылуы, өзгеріске ұшыраған жекелеген сөздер мен сөз тіркестері сияқты көптеген өзара айырмашылықтарға көз жеткіздік. Олай болса, алдағы уақытта Шортанбай Қанайұлының барлық жарық көрген шығармаларына мәтін тарихын зерттеудегі тура және жанама мәліметтерді пайдалана отырып арнайы текстологиялық жұмыс жасалуы қажет.
Қорытындылай келгенде, мұралары ауызша жеткен зар заман ақындарымыздың, оның ішінде Шортанбай Қанайұлының жарық көрген әр кезеңдегі жинақтарын өзара салыстырып қана қоймай, алғаш хатқа түскен қолжазба күйіндегі нұсқаларымен қоса, бастапқы жинақтағы нұсқаларын қайта қарап, ақын шығармаларының тұрақты мәтінін жасау мәселесі дұрыс жолға қойылса деген ниет білдіреміз.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағы. – Алматы:
Қазақ ССР Ғылым Академиясы, 1962.
2 Бес ғасыр жырлайды.– Алматы: Жазушы, 1989.
3 Зар заман.– Алматы: Жалын, 1993.
4 Он ғасыр жырлайды.– Алматы, 2006.
Б.Ш. Кожекеева1, К.С. Абдикалык2
Текстовые разности в поэзии Шортанбая
В настоящей статье рассматриваются текстологические вопросы толгау представителя литературы Зар заман Шортанбая. Для сравнения вариантов разных изданий наряду с опубликованными сборниками были рассмотрены и варианты рукописей. В результате сравнительно-сопоставительного изучения опубликованного в ряде изданий объемного толгау Шортанбая Канайулы «Бала зары» убедились, что в них встречаются отдельные различия, как сокращение стихотворных строк, отдельные слова и словосочетания, подвергнутые изменениям. Особое значение придается разночтениям стихотворных строк в каждом сборнике. Подвергнуты анализу текстовые различия в таких стихотворениях поэта «Ғаламның орта жарығы», «Жалғанның жаман тарлығы», «Жер тырнамай қор болмас». В результате сопоставления вариантов сборника с первыми рукописными вариантами выявлена необходимость разработки устойчивых текстов произведений поэта.
B. Kozhekeyeva1, К. Abdykalyk2
Text of difference in the poetry of Shortanbay
This article discusses textual questions tolgau representative literature Zar zaman Shortanbaya. To compare different versions of publications along with the published collections have been reviewed and manuscript. As a result of comparative study published in several editions of the volume tolgau Shortanbaya Kanayuly «Bala zary» were convinced that they are individual differences, as the reduction of lines of poetry, single words or phrases which have undergone changes. Particular importance is attached to different interpretations of verse lines in each collection. To analyze the differences in the text of the poems of the poet «Galamnyn orta zharyғy», «Zhalgannyn zhaman tarlygy», «Zher tyrnamay қor bolmas». As a result, comparison of variants of the collection with the first hand-written version identified the need to develop sustainable texts of works of the poet.