Т. АХТАНОВ ДРАМАТУРГИЯЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ СҰРАУЛЫ
СӨЙЛЕМДЕРДІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ-ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Г.Е. Абылова
филология ғылымдарының кандидаты, қазақ және орыс филологиясы кафедрасы
доценті, Еуразия гуманитарлық институты, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы

Т. АХТАНОВ ДРАМАТУРГИЯЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ СҰРАУЛЫ
СӨЙЛЕМДЕРДІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ-ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазіргі қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдердің мағыналық-функционалды түрлері, жасалу жолдары белгілі бір дәрежеде жақсы зерттелген. Дегенмен қазақ тіл білімінде, қазіргі қазақ тілінің жай сөйлем синтаксисінде, драмалық шығармалардың денін құрайтын, кең тараған сөйлемнің коммуникативті түрі – сұраулы сөйлемдердің мағыналықфункционалды түрлері, құрылымдық ерекшеліктері жете қарастырылмаған деуге болады.
Әсіресе, Т.Ахтанов драмматург жазушылардың туындыларының материалы негізінде сұраулы сөйлемдерге тілдік талдау жасау қолға алынбаған. Бұл мақалада Т.Ахтановтің драмалық шығармалары негізінде сұраулы сөйлемдерді семантикалық түрлерін жіктеп, статистикалық мәліметтер негізінде кешенді тілдік талдау жасалды.

Тірек сөздер: сұраулы сөйлем, Т. Ахтанов драматургиясы, диалог, риторикалық сұрақ, альтернативті сұрақ.

КІРІСПЕ
Қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлемдердің зерттелуі сұраулы сөйлемдердің тұлғалық ерекшелігі және қызметіне байланысты сөйлемнің құрылымын зерттеуге бағытталған. Қазақ тіл білімінде сөйлемді айтылу мақсатына қарай жіктеп, терминдік атау берген тұңғыш лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынов салған ізбен басқа ғалымдар бұл тілдік құрылымды әртүрлі қырынан қарастырған болатын. Сонымен сұраулы сөйлемдер бойынша зерттеу жүргізген қазақ тілші ғалымдарының еңбектерін қарастыра отырып, келесі аспектілерді айқындауға болады: қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлемдердің теориялық негіздерін қалыптастыру (А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов); сұраулы сөйлемдерді семантикалық аспектіден қарастыру (М. Балақаев, Т. Сайрамбаев); сұраулы сөйлемдерді функционалды-семантикалық аспектіде қарастыру (Р. Әміров, Ж. Әмірова); қарсы сұрақтың құрылымдық-семантикалық ерекшеліктері (Е. Есіркепова); сұраулы сөйлемдердің интонациялық ерекшелігіне орай фонетикалық аспектіде зерттеу (Ә.Жүнісбек, З.М. Базарбаева, Н.У. Туркенбаев, И.А. Баймұратова); сұраулы сөйлемдердің стилистикалық ерекшеліктерін қарастыру (Ш.Қ. Джусанов); сұраулы сөйлемдердің грамматикалық табиғатын зерттеу (Б.А. Омарова); сұраулы сөйлемдерді полемикадағы коммуникативтік рөлі (С.Ғ.Қайдауылова) т.б.
Жоғарыда аталғандарға сәйкес қазақ тілі синтаксисінде ең жақсы зерттелген салалардың бірі сұраулы сөйлемдер деп айтуымызға болады. Дегенмен қазақ тіл білімінде драмалық шығармалар мәтініндегі (Т.Ахтановтың) сұраулы сөйлемдердің семантикалыққұрылымдық ерекшеліктері арнайы зерттеу нысаны болған емес. Сонымен қатар драмалық шығармалардағы сұраулы сөйлемдердің спецификалық ерекшеліктері толық айқындалған емес және бұл мәтіндердегі сұраулы сөйлемдердің қалыптасу шарттары мен критерийлері де қарастырылған емес.
Сұраулы сөйлемдердің қалыптасу шарттарын құрылымын зерттеу позициясы тұрғысынан да, семантикалық ерекшеліктерін зерттеу позициясы тұрғысынан да қарастыруға болады. Егер сұраулы сөйлемдерді құрылымдық позициясы тұрғысына қарастырсақ, онда соңында сұраулық белгі қойылатын сөйлем болады. Әрине, сұраулық белгісін қою үшін сұраулы сөздер (1) (есімдіктер, үстеулер) немесе сұраулық шылаулар (2) немесе интонация (3) қажет. Бұл құрылым позициясы тұрғысынан сұраулы сөйлемдер жеткілікті түрде қарапайым және біртектес болады.
Алайда сұраулы сөйлемдер функционалдылық және семантика позициясы тұрғысынан сұраулы сөйлемдердің көптеген түрлері айқындалады. Бұл мақалада сұраулы сөйлемдердің құрылымдық негізін, функционалдылық және семантикалық позициясы тұрғысынан қарастырылады. Сұраулы сөйлемдердің қалыптасу шартын айқындап, сұраулы сөйлемдердің функционалды-семантикалық типтерін қарастырамыз.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ тілі синтаксисінде функционалды-семантикалық тұрғыдан сұраулы сөйлемдердің жіктеуін проф. Р.Әміров ұсынған.
М. Балақаев және Р. Әміровтердің сұраулы сөйлемдердің жіктеулеріне сүйене отырып, Т. Ахтанов шығармаларындағы сұраулы сөйлемдердің семантикалық, құрылымдық ерекшеліктеріне талдау жасаймыз.
Қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлемдерді жіктеуде ортақ пікір жоқ екені белгілі, айталық М. Балақаев, Т. Сайрамбаев сұраулы сөйлемдерді жіктеуі мен Р.Әміровтің классификациясында айырмашылықтар да бар, ортақ болатын тұстары да бар. М.Балақаев пен Т. Сайранбаевтың «Қазіргі қазақ тілі» атты оқулығында сұраулы сөйлемдерге мынадай анықтама береді: «Басқадан (кейде өзінен) жауап күту мақсатымен айтылған сөйлемді сұраулы сөйлем дейміз» [1, 17 б.].
Профессо Р. Әміров сұраулы сөйлемдердің диалогтің, сөйлеудің әр кезеңіне сай түрліше құрылып жұмсалатының айтып, сұраулы сөйлемдерді қызметі жағынан үш топқа бөледі: 1. Негізгі сұрақты білдіретін сөйлемдер; 2. Жетек сұрақты білдіретін сөйлемдер; 3. Анықтаушы сұрақты білдіретін сөйлемдер [2, 60-61 б.]. Сонымен қатар профессор Р.Әміров сұраулы сөйлемдердің коммуникация үстінде түрлі өң алатының ескеріп, сұраулы сөйлемдерді мағынасына қарай төрт топқа бөледі: 1. Ашық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер; 2.Альтернативтік сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер; 3. Риторикалық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер; 4.Түрткі сұрақты білдіретін сөйлемдер [2, 62-63 б.].
Сұраулы сөйлемдердің интонациялық ерекшеліктері монографиялық тұрғыдан З. Базарбаева тарапынан зерттелді. Ал мақалаларда С.Ғ. Қайдауылова қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлемдердің мәнімен байланысты мәселелердің сұраулы сөйлемдердің функционалды-коммуникативті сипатына талдау жасады. Сонымен бірге зерттеуші даулы сөздерде сұраулы сөйлемдердің коммуникативтік жағдайға қатысты атқаратын семантикалық қызметін қарастырады.
Сұраулы сөйлемдер мынадай элементтерден тұрады: 1) қарапайым сұрақ; 2) талап ету; 3) растау; 4) күмәндану; 5) болжау; 6) қайталау; 7) эмоционалды фон; 8) өкіну; 9) акценттеу.
Драмалық шығармалардың стиліне орай сұраулы сөйлемдер молынан кездеседі. Драмалық мәтін авторлық және оқырманның дискусивті-диалогтік қызметінің өнімі ретінде барлық сөйлеу құрылымының диалогтік құрылысына енеді. Драмалық диалог ерекшелігі (оған жақындау ауызекі диалогпен салыстырғанда) келесі қасиеттерімен беріледі: 1) кейіпкерлердің репликаларының монологизациясымен; 2) тақырыптық кенет ауысулардың аздығымен; 3) драмалық диалогтың кенеттен болу сипатымен;
Драмалық шығармада кейіпкерлер әрекет үстінде беріледі, сипаттау тек ремарка және кейіпкерлердің сөздерінде кездеспесе, мүлдем жоқ. Баяндау да драма болмайды, оқиғалардың реттілігін қатысушылардың монолог және диалогтарында және автор ремаркасында байқауға болады. Драмалық шығармалардың мәтініндегі негізгі ерекшелік кейіпкердердің өзара диалогында сұраулы сөйлемдер болып табылады. Драмалық мәтіннің негізі – қатынасушы адамдардың (кейіпкерлердің) өздерінің диалогтік сөздерінің және монологтардының тізбегі. Сондықтан да сұраулы сөйлемдердің драмалық шығармалардың синтаксистік бір ерекшелігі болып табылады.
Негізі сұраулы сөйлемдер жиі диалогтік сөйлеу формасында қолданылады, себебі қарым-қатынас жасау, коммуникацияны жүзеге асырудың басты шарты болып табылады, ал жазбаша тілде ол мәтінтүзушілік қызмет атқарады.
Ал сұраулы сөйлемдердің драмалық мәтіндегі рөлін айқындау үшін драмалық шығармалар ұғымына тоқталып кетелік. Драмада баяндау жоқ, оқиғалардың реттілігі қатысушы кейіпкерлердің монолог пен диалогтарындағы репликаларының негізінде құралады, сондай-ақ автордың ремаркасы.
Драма – көрермендер алдында қақтығыстар мен диалог формасы арқылы көрсетілетін іс-әрекеттерден тұратын әдебиет бір тегі [3, 58 б.].
Драманың тақырыбы және ондағы іс-әрекеттің өту орын мен уақыты, кейіпкерлердің тізімі, кейде олардың қысқаша мінездемесі, сондай-ақ кейіпкерлердің жеке репликаларына түсініктеме ретіндегі ремаркалар драмалық шығарманың жанама мәтінін құрайды. Негізгі мәтін – қатысушы кейіпкердердің диалог және монологтік репликалардың тізбегі.
Сұраулы сөйлемдер негізінен драмалық шығармалардағы диалогтің негізін құрайды. Сондықтан арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырамыз. Драмалық шығармаларда диалогизацияның синтаксистік құралдары қолданылады: сұрақ-жауап кешендері, риторикалық сұрақтар, оқырманға қаратпаның түрлі формалары т.б.
Сұраулы сөйлемдердің зерттеуші ғалымдардың ізімен мәтінтүзушілік қызметін айқындаймыз: 1) сұрақ-жауап (жұптық) бірлікті ұйымдастыруына қатысушы сұраулы сөйлемдер; 2) күрделі синтаксистік тұтастық тақырыбын ұсынатын сұраулы сөйлемдер; 3) күрделі синтаксистік тұтастықтың ішкі құрылымын ұйымдастыратын сұраулы сөйлемдер; 4) бірнеше күрделі синтаксистік тұтастық немесе аяқталған мәтіннің семантикалық құрылымын анықтайтын сұраулы сөйлемдер [4, 178-192 б.].
Драматургия – әлем өркениетінің ежелгі дәуірлерінен біздің заманымызға дейін ұласқан классикалық өнер саласы. Тахауи Ахтановтың трагедиялық, драмалық, комедиялық пьесалары классикалық өнер дәстүрінің қазақ топырағындағы мәдени-эстетикалық даму деңгейінің көрсеткіштері [5 б.].
Негізі Т. Ахтановтың драмалық шығармаларында сұраулы сөйлемдер көбінесе сұрақжауапты бірлік құрылымына қатысады. Олар күрделі синтаксистік тұтастықтың құрылымына еніп, басқы бөлігінде, негізгі және соңғы бөліктерінде орын алады.
Сұраулы сөйлемдердің семантикалық түрлерінің Т. Ахтановтың драмалық шығармалардағы көрінісіне талдау жасау арқылы олардың әрбір драмадағы қолданыс жиілігін анықтаймыз және олардың қолданыс себептерін анықтауға тырысамыз.
Ескерте кететін жайт, Тахауи Ахтанов драмалық шығармаларында қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтерген. Ашық және қарсы, таңырқаулы, күмәнді сұрақтардың негізгі қолданыс сферасы «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу», «Әке мен бала», «Боран», «Сәуле» атты драмалары, «Күшік күйеу», «Арыстанның сыбағасы» комедияларына кейіпкерлердің күнделікті тұрмыстағы ауызекі өзара қарым-қатынасында болып табылады, ал негізгі қызметі – диалог құру.
Сұраулы сөйлемдердің негізгі міндеті – сөйлесушіден қажетті ақпаратты алу. Бұларда сөйлеушіге жағдаят және оның компоненттерінің белгілі немесе белгісіз болуына қарай сұрақ жасалады. Негізгі сұрақты білдіретін сұраулы сөйлем драмалық шығармада диалог құру құралы болып табылады.
Алдымен, Т. Ахтановтың драмматургиясы бойынша тілдік материалдағы сұраулы сөйлемдерді семантикалық түрлерін жіктеп, статистикалық талдау жасадық. Бұл талдауымыздың нәтижесін кесте бойынша ұсындық (1-кесте).
1-кесте. Сұраулы сөйлемдердің семантикалық түрлерінің сандық көрсеткіші

Сұраулы түрлері
Ашық сұрақ 16 32 14 8 12 8 22 20 132
Қарсы сұрақ 11 14 13 3 8 12 14 21 96
Күмәнды сұрақ — 2 2 1 — 1 — 4 10
Таңырқаулы сұрақ 6 6 15 12 13 8 3 6 69
Риторикалық сұрақ 41 10 13 6 8 5 18 14 115
Альтернативті сұрақ — 4 3 6 1 2 3 5 24
Барлығы: 74 68 60 36 42 36 60 70 446

Сұраулы сөйлемдердің семантикалық типтерінің әр түрінің драмада берілген санының мұндай арақатынасына келетін болсақ, кейіпкерлердің өзара диалогын құрастырудың құралы болып отыр, яғни мәтін тұрғысынан мәтінтүзушілік негізгі қызметі болып табылады.
Риторикалық сұрақтардың басым орын алуын, «Ант» драмасының көтерген мәселесіне, мазмұнына байланысты түсіндіруге болады. Жас зерттеуші Елтай Кемалдың тұжырымдауынша, «Ант» үш бөлімнен тұрады. Ақ өлеңмен жазылған бұл шығарма елдік пен бірлік тақырыбын ту етіп, қазақ халқының ат үстінен түспеген екі жүз жылдық тарихының ең бір шеменді де шешуші кезендерін қамтиды.
Атап айтқанда, бірінші бөлім, негізінен, қазақ тарихына қасіретпен жазылған «Ақтабан шұбырынды» кезеңіне арналады. Екіншісі – ойраттарды ойсырата жеңген Аңырақай шайқасы. Үшіншісі бөлім Қазақ елінің Ресейге «өз еркімен» қосылу хикаясын қамтиды. Әр бөлімнің келесі бөліммен жалғасатын тараушалары бар [5, 21 б.]. Демек, драманың бас кейіпкері Әбілқайыр хан және оның көмекшісі Сауран сұлтанның диалогтағы және монологтағы қазақ халқының тағдырын ойлаған толғаныстарының риторикалық сұраулы сөйлем формасында берілуі заңды құбылыс болып табылатыны белгілі. Мысалы: Сауран сұлтан. Тұтасып біткен бәйтеректің қос бұтағы Қай ерінен жарылды? Қос құшаққа ажырамастан айқасқан, Қай жерінен жылан кірді сыналап. Әбілхайыр ханыңның жолында Аз құрбандық шалдым ба? Мал-жанымды айтып қайтейін, Тосқан жоқ па ем жолына Иманым мен арымды [6, 9-10 б.]. Сауран сұлтан. Бас азаттығы дегенді Қайдан алдың, Бәтима?! Сен де, мен де, анамыздан туғанда – Ноқта менен қамытты Қабат киіп туғанбыз. Оңай деп пе ең ел билігінің өтеуі? [7, 21 б.].
Т.Ахтанов шығармаларында риторикалық сұрақтар мол қолданылады. Қазіргі синтаксис ғылымында риторикалық сұрақты түрліше қарастырады. Айталық, Ф.Ивановтың пікірінше, «риторикалық сұрақ сұраулы сөйлемдердің арасында ерекше орын алады. Риторикалық сұрақ жауап талап етпейді. Оған жауап сұрақтың өзінен алынады, жауап бұған қоса әбден белгілі» [8, 200 б.].
Риторикалық сұрақ көркем шығармаларда екі негізгі құрылымдық қызмет атқарады:
күрделі синтаксистік тұтастықтың экспрессивті бастамасы немесе осы бірліктің соңғы сөйлемі формасында жүзеге асады, мұнда ол қорытынды мағынасына ие.
Р.Әмір риторикалық сұраулы сөйлемдердің негізгі ерекшелігі ретінде баяндауыш сөздердің кері мағынада жұмсалуы арқылы құрылуын айтады: болымды формадағы баяндауыш сөз болымсыз мағынада, болымсыз формадағы баяндауыш сөз болымды мағынаға ие болатынын атап көрсетеді [2, 70 б.]. Жалпы таңырқаулы не күмәнді, түрткі, риторикалық сұрақтар таза сұраулы сұрақтар деуге болмайды, себебі сұрақтың негізгі қызметі – жауап алу, яғни қажетті ақпаратты білу бірінші орында тұрған жоқ.
Берілген сұраулы сөйлемдердің синтаксистік қызметі ерекшеліктері: қысқа эмоционалды реңкті, кідіріс, пауза – басқа детальдармен қатар, кейіпкердің толқуын артуын, аяушылық және шаттанушылықты білдіреді.
Риторикалық сұрақтың қызметі – назарды өзіне аударту, әсерді күшейту, эмоционалдық реңкті арттыру. Жауаптың өзі айтылып тұр, риторикалық сұрақ тек оқырманды / көрерменді кейіпркедің толғанысына не күйзелісіне тарту, оны белсенді ету, өзіне қорытынды жасауға мәжбүрлеу болып табылады. Риторикалық сұраулы сөйлемдер кейіпкердің эмоциялық жай-күйінен хабар береді. Болымды риторикалық сұраулы сөйлем болымсыз хабарды айтады да, керісінше болымсыз формасы болымды байымдауды жеткізеді. Мысалы: «Әке мен бала» драмасындағы риторикалық сұрақтардың болымсыз формасы: Асқар. Санжар аға, түймедей қиянат елеусіз қалса, түйедей зұлымдық қоздайды дейтін өзіңіз емес пе едіңіз? [6, 35 б.]. Ораз. Бірақ енді әр нәрсенің реті бар емес пе? [6, 89 б.] «Әке мен бала» драмасындағы риторикалық сұрақтардың болымды формасы: Сания. Сонда немене, әйелдер бақ құмар дегіңіз келе ме? [6, 41 б.] Санжар. Көп ақылдының ішінде бір ақымақ жүрмесе өмірдің сәні бола ма? [6, 93 б.].
Драма кейіпкерлері үшін диалог мақсаты – белгілі бір жағдай, оқиға, мән-жайын, басқа да қырларын сұрап білу, не пікірімен бөлісу екені белгілі. Кейіпкерлердің кейбір реприкаларында ақпаратты сұрау функциясы қандай да бір деңгейдегі күмәнділікпен сұрау қызметімен қатар қолданылады. Әсіресе, соңғысы басым түсіп жатқаны да молынан ұшырасады. Бұл сұрақ түрінде күмән немесе болжам мағыналық реңктері де кездеседі.
Осыдан күмәнді сұрақтар түрінде сөйлеушіден болымды не болымсыз жауапты талап ететін сұрақ түрлері келіп шығады. Бұл пікірімізді дәлелдеу үшін «Сәуле» драмасынан келесі диалогтарды ұсыналық: Құдайберген. Апырай, біз де келе қалып едік… Ыңғайсыз болмас па екен? [6, 8 б.]. Сырдақ. Қалай? Сонда ықыласы шын құлаған ба екен? [6, 22 б.]. Сырдақ. Соны бір қиратқалы тұрсыз-ау, ә? [6, 32 б.]. Сырдақ. Ішіңізге бүгіп тұрсыз-ау ә? [6, 44 б.]. Сырдақ. Сыртқа сөз тарамасын дейтін шығармыз. Оныңыз дұрыс. Бірақ жасырам деп жүріп асқындырып алсаңыз қайтесіз, а? [6, 65 б.]. Қоспан. Неге тым-тырыс бола қалды екен бұлар? Қоспан. Ел-жұртты көретін күн болар ма екен? («Боран» драмасы) [7, 52 б.].
Драма кейіпкерлерінің хабардар болуы деңгейіне қарай Т.Ахтанов драмаларындағы сұраулы сөйлемдер мағынасында ашық сұрақ, қарсы сұрақ, күмәнді, таңырқаулы сұрақтар жұмысалады.
Ашық сұрақтың кейіпкерлердің диалогында басым қолданылуы сөйлеушіге белгісіз ақпаратты сұрауымен түсіндіріледі. Жазушының «Күтпеген кездесу» драмасында ашық сұрақ түрі саны жағынан көп қолданылады, әсіресе Ғалия (ана) мен Ғайни (қызы) арасында диалогтар орын алған: – Ғайни. Менде барсам қайтер екен? – Ғалия.Әрине, барасың, мама. Осындай қуанышты күні сені тастап… – Ғалия. Мама, папам сені жақсы көрді ме? – Ғайни. Қайдан білейін, қарағым. – Ғалия. Ендеше папама неге күйеуге шықтың? – Ғайни. Ау, Мырзаштың өзі сөз салды ғой. – Ғалия. Айтшы, мама. – Ғайни. Жақсы көрген шығар. Жек көрсе мені алып несі бар. Осы елде қыз құрып па? Мырзаш сөз салса, ханның қызы болса да шыдап тұра алар ма. Бері келші, қолтық астын сәл қымқыру керек пе, қалай? – Ғалия (анасының қасына келеді) [6, 20-23 б.].
Сұраулы сөйлемдердегі қарсы сұрақ жазушының туындыларында қолданыс жиілігі жағынан үшінші орынды алады. «Әке мен бала» драмасында кездесетін қарсы сұрақтар: – Асқар. Біздің мойнымызда Санжар ағайдың қарызы кеткен жоқ па? Біз артта қалғандар, соның алдында айыпты емес пе екенбіз? Ораз. Не дейсің?… Ол саған бір нәрсе деп пе еді? [6, 15 б.]. – Әлия. Профессор болды ма? Асқар. Айтып тұрғаның мына профессор ма? [6, 19 б.]. – Асқар. Жұрт сізді еңбегіңізге сай, әділ ұсынған жоқ па еді? Ораз. Немене, Күмәнің бар ма?
[6, 50 б.].
Негізі ашық сұрақтар да, қарсы сұрақтар да драмалық мәтіндерде диалог түзуде үлкен рөл атқарады. Сұраулы сөйлемдер мұнда коммуникативті-прагматикалық қызмет атқарады – ақпарат сұрайды, ма//ме… екен, екен-ау және ә деген сөздердің арқасында берілген сөйлемдер сұраулы болып құрылады және сұраққа қосымша сенімсіздік болжам және эмоционалды-экспрессивті реңк үстейді.
Айталық, «Арыстанның сыбағасы» драмасындағы таңырқаулы сұрақтарға көңіл бөлелік: Есдәулет. Апырмай нең кетеді?! Ақмарал. Енді зоопарктың директорлығын да көпсіне ме, бұл жұрт?! [6, 14 б.]. Ақмарал. Ақмарал жеңгең мен Білеубай ағаңның ықыласын таптап кетпексің бе, сонда? Ақмарал. Мәссаған, сен оны бүгін ғана білдің бе?! Қартаң әйел. Ойбай-ау, қайда жүрсіңдер? [6, 34 б.]. Ақмарал. Әй, есің дұрыс па, сенің?! [6, 36 б.].
Жоғарыда берілген таңырқаулы сұраулы сөйлемдер кейіпкердің сұрақ қоя отырып, таңдануын да білдіретін әрі сұраулы, әрі лепті сөйлем болады. Т.Ахтановтың барлық драмалық шығармаларында кездесетін сұраулы сөйлемдері таңырқауды білдіретін одағайлар (апыр-ау, ойпырмай, құдай-ай, ойбай-ай, пәлі т.б.) арқылы, қарсыласының айтқан репликасын тағы да нақтылау мақсатында таңдана отырып, қайта сұрау (анықтаушы сұрақ – Р.Әміров) арқылы (мысалы, Жаңыл. Қонайын деп?! т.б.) жасалады. Сонымен қатар, сұраулы есімдіктер не сұраулы шылаулар формасында таңдану беріледі (мысалы, Сауран сұлтан. Тыңдап болмай уәжімді Басымды қалай алмақсың?! Сәуле. Сенің де сондайын бар ма еді?
Нияз. Асқан сұлу да емес, осы қыздың не сиқыры бар сонша?! Гүлжамал. Қарағым-ау, таң атпай қайда кеттің? т.б.).
Альтернативті сұраулы сөйлемді қазақ тіл білімінде алғаш қарастырған проф. Р.Әміров болды. Ғалым тұжырымдауынша, «альтернативті сұрақта іздеуге із болып альтернатив сапа, іс аталады. Ол сапа, іс атаулы сөздер арқылы көрінеді де, олардың сұраулық мағынала айтылып тұрғанын шылау ма, ме, (ба, бе, па, пе) білдіреді. – Осы сөзге сен тоқтайсың ба, тоқтамайсың ба? Қыр соңынан қалмай жүрген қыздар ма, қырсық па? (Әбішев). Жауап осы альтернатив сапа, істі негізге алып құрылады. Негізге алып, ескеріп құрылады дегеніміз – жауап сұрақта айтылған альтернативтің аясында ғана қалып қоймайды. Жауап, сұрақ берушінің білгенінен, жорамалынан шет болуы мүмкін. Альтернатив сұрақ тек сұрақ қоюшы жақтың білімін, жорамалынан шет болуы мүмкін. Альтернатив сұрақ тек сұрақ қоюшы жақтың білімін, жорамалын танытады» [9, 119 б.].
Альтернативті сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер Т.Ахтановтың драмалық шығармаларында қолданыс жиілігі жағынан ең соңғы орын алған. Мысалы, «Ант» тарихи драмасында бұл сұраулы сөйлем түрлері жоқтың қасы. Айталық, «Арыстанның сыбағасы» драмасында бір ғана альтернативті сұрақ кездеседі: Есдәулет. … сен оны қабылдайсың ба, жоқ па… [6, 11-12 б.]
Ал «Боран» драмасында бұл сұраулы сөйлем үшеу ғана қолданылған:
– Жаңыл. Қоспанның іздегені сол ма еді? Менің іздегенім сол ма еді? [7, 56 б.]. – Жаңыл. Сонда немене, сені жатырқай ма, олар? Сенбей ме саған? [7, 58 б.]. – Жаңыл. Қасеке, несіне таңырқайсыз, әлде мен үндемегенге тілі жоқ деп пе едіңіз? [7, 63 б.]. Бұл драмада альтернативті сұраулы сөйлемнің синтаксистік құрылыстарында өзіндік ерекшеліктер бар. Мұны драма кейіпкерлерінің ауызекі стиліне байланыстырған дұрыс. Алғашқы сөйлемде альтернативті сұрақ қатарынан екі жай сөйлеммен берілген (Қоспанның іздегені сол ма еді? Менің іздегенім сол ма еді?). Келесі альтернативті сұраулы сөйлемнің де құрылысы осындай. Сол соңғы сұраулы құрылым «әлде» деген жалғаулық шылау арқылы жасалған.
Альтернативті сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдердің бір ерекшелігі сол – бұл сұраққа берілетін жауабында. Жауап берушінің ұсынылған варианттардың біреуін таңдау ғана беріледі. «Иә» және «жоқ» деген жауап бұл сұраулы сөйлемнің мағынасына қарай жосықсыз. Альтернатитві сұрақ сөйлемдегі кез келген сөйлем мүшесіне қойыла алады. Альтернативті сұраулы сөйлемнің интонациясына келетін болсақ, алғашқы бөлігін көтеріледі, әлде шылауынан кейін төмен түседі.
ҚОРЫТЫНДЫ
Негізі, ескерте кететін жайт, Р.Әміровтің сұраулы сөйлемдердің функционалдыкоммуникативті сипатына қарай негізгі сұрақ пен жетек сұрақтар Т.Ахтановтың драмалық шығармаларында диалог дамытушылық қызмет атқаруда өзара тығыз байланысты құрылым түрлері болғандықтан, сондай-ақ өзара ажырау шектері айқын көрініп тұрғандықтан, бұл зерттеу жұмысымызда нақты шегін көрсету негізгі мақсат етпедік, қайталаушылықты тудырады. Ал сұраулы сөйлемдердің семантикалық түрлерін ажыратуда талдау жасадық.
Қорыта айтқанда, Т.Ахтановтың аталған драмалық шығармаларында сұраулы сөйлемдер келесі қызметтерді атқарады: 1) коммуникативті-прагматикалық, 2) байланыс орнатушылық, 3) эмоционалды-экспрессивті және стилистикалық, 4) сипаттамалық, 5) баяндауды диалогизациялау, 6) мәтінтүзушілік.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі: сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі.
– Алматы, Санат, 1997. – 240 б.
2 Әміров Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Мектеп, 1996. – 154 б.
3 Аникст А.А. Теория драмы в России от Пушкина до Чехова. – М., 1972.
4 Сыров И.А. Способы реализации категории связности в художественном тексте. – М., 2005. – 275 с.
5 Кемал Е. Аманатқа адалдық // Ақтөбе. – 2011. – 31 наурыз
6 Ахтанов Т. Көп томдық шығармалар жинағы. Пьесалар. – 2013. – Т. 4. – 408 с.
7 Ахтанов Т. Көп томдық шығармалар жинағы. Боран. – 2013. – Т. 1. – 384 с.
8 Мухтаруллина А.Р. Когнитивно-сопоставительное описание категории модальности в английских и башкирских текстах. – Уфа, 2004. – 276 с.
9 Қазақ тілінің грамматикасы. ІІ Синтаксис бөлімі. – Алматы: «Ғылым» баспасы, 1967 ж. – 236 б.
Г.Е. Абылова
Структурно-семантические особенности вопросительных предложений в драматургических произведениях Т. Ахтанова
Евразийский гуманитаный институт, город Астана, Республика Казахстан
В данной статье анализируются семантические особенности и виды вопросительных предложений, а также частотность их использования в драматургии Т. Ахтанова. Автором статьи подробно описываются шесть видов вопросительных предложений: открытый вопрос, встречный вопрос, неопределенный вопрос, вопрос-удивление, риторический вопрос и альтернативный вопрос.

G.Y. Abylova
Structural and semantic features of interrogative sentences in the dramatic works of T.Akhtanov
Eurasian Humanities Institute,
Astana, Republice of Kazakhstan Resume. This article analyzes the semantic features and types of interrogative sentences, as well as the frequency of their use in T. akhtanov’s dramaturgy. The author of the article describes in detail six types of interrogative sentences: an open question, a counter question, an uncertain question, a question-surprise, a rhetorical question and an alternative question.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *