П.С. Усипбаева
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Астана, Қазақстан peri_us@mail.ru
ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚАҺАРМАНДЫҚ ДАСТАНДАРЫНДАҒЫ
ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ БЕЙНЕСІ
Мақалада Түркі халықтарының қаһармандық дастандарындағы қалыңдықтың бейнесі және олардың болмысы туралы жазылады. Халықтың батырлар жырында суреттелетін әйелдер көбінесе батырдың сүйікті жар-жолдасы, сенімді серігі, ақылшы досы ретінде суреттелетіні жайлы, әйелдер жөніндегі әділетті, турашыл көзқарасын ауыз әдебиетіне енгізгенде ақылды, білгір, дана адамдар әйелдер арасынан да шығатындығы көрсетіледі.
Осындай әйелдерді ерлермен қатар қойып, жырға қосып, олардың жағымды образдары туралы айтылады.
Кілт сөздер: эпос, түркі халықтары, Алпамыс батыр, қалыңдық, батыр, батырлық жыр, Оғыз қаған
Көпшілігі көшпенді және жартылай көшпенді өмір кешкен түркі тайпалары мен рулары Еуразияның ұлы даласын шарлап жүрген замандарда түбі бірге туыс халықтардың әр өңірде, түрлі өлкелерде қоныстанып, қалып қалғандары мәлім. Бұдан екі жарым мың жыл бұрынғы ғұндар дәуірінде қазіргі түрік халықтарының аталары Орталық Европадағы елдерге дейін өз билігін жүргізген. Түрік қағанатына бірлескен ұлыстар мен тайпалардың да кейіннен жер дүниеге тарап кеткені ақиқат. Қазіргі кезде жалпы саны отызға жуықтайтын түркі ұлттары мен ұлыстары – ұлы даланың төсінде ойдым-ойдым шашырай қоныстанған ежелгі түрктердің ұрпағы.
Эпостық жырлар сандаған ғасырлардан тамыр тартқан оқиғалар іздерінің мифтік, аңыздық, шежірелік әігімелерде сақтала келе, олардың тұтастана шоғырлануы, бас қаһарманның айналасына топтастырылуы нәтижесінде өмірге келеді. Түркі халықтарының мәдени құнды дүниелерінің бірі – эпостық жырлар. Эпостық жырлар – түркі халқтарының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы болып табылады. Түркі халықтары арасында фольклортану ғылымының тарихында эпос кеңінен қарастырылып, зерттеліп келеді.
Адамның көңіл-күйінен туатын лирика мен қимыл-әрекетіне негізделетін драмадан эпостың айырмасы – мұнда шындық кең көлемдегі баяндалу, әңгімелеу арқылы жинақталады. Сонда эпикалық шығармадағы авторлық суреттеу мен қаһармандардың диалог – монологтары – эпостық баяндауды жүзеге асыру жолдары, амалдары мен тәсілдері ғана.
Қазақ фольклортану ғылымында эпостық туындыларды үш салаға бөліп қарастырып келеді. Олар батырлық эпос, лиро-эпос және тарихи эпос. Қазақ эпосының түрлері фольклортану ғылымының тарихындағы зерттеулер мен теориялық – методологиялық мәселелермен байланысты. Атақты ғалым, ф.ғ.д., профессор Ш.Ибраевтың зерттеулерінде қазақ эпосының зерттелу жолдарын қарастырудың екі түрлі айрықша маңызы бар; біріншіден, ғылымның осы саладағы ізденістерін жинақтау эпостану мәселесін жаңа сатыға көтеруге, жетістіктерін білумен қатар, әлсіз жақтарын анықтауға көмектессе, екіншіден, эпостың теориялық – методологиялық проблемаларымен кеңірек танысуға, сөйтіп, қазіргі көптеген зерттеу әдістерінің ішінен жол табуға септігін тигізеді [1, 10].
Танымал түрік ғалымы Мехмет Каплан өзінің «Қорқыт Ата кітабындағы әйелдер» атты зерттеу жұмысында әйел бейнесін өмір сүрген өркениет кезеңдеріне қарай:
1. Мұсылмандықтан бұрынғы көшпенділік кезеңіндегі ержүрек әйел бейнесі.
2. Отырықшы мәдениетке, Ислами мәдениетке кіргеннен кейін ержүректілік қасиетін жоғалтып, ынтызарлық пен махаббаттың желісіне айналған әйел бейнесі.
3. Батыс өркениетінің әсерімен алдымен әдебиетте, кейіннен тұрмыста адами құқықтары қорғалып, толығымен ер адамдармен тең дәрежеге жеткен әйел бейнесі [2, 40-54] деп үш топқа бөліп қарастырған екен. Мақалада аталған еңбекте осы үш топқа мұсылмандықтан бұрынғы көшпенділік кезеңіндегі ержүрек әйел бейнесі қарастырылады.
Адамның көңіл-күйінен туатын лирика мен қимыл-әрекетіне негізделетін драмадан эпостың айырмасы – мұнда шындық кең көлемдегі баяндалу, әңгімелеу арқылы жинақталады. Сонда эпикалық шығармадағы авторлық суреттеу мен қаһармандардың диалог – монологтары – эпостық баяндауды жүзеге асыру жолдары, амалдары мен тәсілдері ғана. Белинский эпикалық шығарманың тағы бір ерекшелігі ретінде, мәселен, драмадағы басты нәрсе – адам болса, эпостағы басты нәрсе – оқиға екенін ескертеді. Эпикалық шығармада адамның өмір жолы кеңінен баяндалады, оның басынан кешкен тағдыр мен тіршілік толық жинақталады, ол қатысқан оқиғалар молынан суреттеледі, ол жасаған іс-әрекеттер тұтас бейнеленеді, қысқасы адамдар арасындағы қарым-қатынастар әр қырынан айқын көрсетіледі.
Түркі халықтары фольклорының, соның ішінде эпостың типологиясын зерттеу аса маңызды, көкейкесті тақырып. Академик В.М.Жирмунскийдің «Дәде Қорқыт кітабы», «Алпамыс», «Манас», «Едіге батыр» жырларына арнаған монографиясы бірталай мәселелерге анықтық енгізген зерттеу.
Батырлық жырлар байырғы көне эпостың жалғасы ретінде дами отырып, қоғамдық қарым-қатынастың, саяси-әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне, бұрынғы жекелеген рулар мен тайпалардың біртіндеп халық болып құрала бастауына сәйкес қалыптасты. Осыған байланысты бұрынғы мифтік түсініктердің іргетасы сөгілді. Қайшылық, күрес идеясының түпқазығы болып бұрынғы кездегідей дию-перілер емес, енді адамдар дүниесіндегі (басқа діндегі, тілдегі, мемлекеттегі) қайшылықтар тақырыбы алынды. Мифтік дәуірден бері қалыптасып келе жатқан батырға қаһармандық дәуірде жеке отбасы, үй-іші, қалыңдық үшін күреске шығу секілді әрекеттер жеткіліксіз еді. Енді оның ерлігі біртіндеп халықтың бостандығы, елдің бірлігі, көптің тілегі мен мүддесі үшін қызмет етуі керек болды. Мұның бәрі байырғы миф пен көне эпостың жанрлық белгілерін өзгертіп, мүлдем жаңа жанрдың — Батырлық жырлардың қалыптасуына жағдай жасады. Дегенмен, байырғы көне эпостың дәстүрі негізінде пайда болған батырлық жырлар бірқатар архаикалық белгілерін сақтап та қалды. Солардың бірі — батырдың болашақ жарын іздеп шығуы және осы сапарда кейбір қиыншылықтарды жеңуі. Мәселен, «Қобыланды», «Алпамыс» жырларындағы батырдың алғашқы жорықтары осымен байланысты. Алайда, бұл жорықтың мәні біршама бәсеңдеп, жырдың түпқазығы батырдың елі-жұртын азат етуге аттанған сапарларына ауысқан. Мысалы, «Қобыланды» жырындағы Құртқа — батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Қарлыға Қобыландымен бірдей дәрежеде ерлік көрсетіп, батырлардан асып түспесе, кем түспейді. Әйтсе де, әйелеркі (матриархат) дәуірімен байланысты орын алған белсенді әйел қаһармандардың қызметі кейінгі Батырлық жырларда біршама шектелген. Әйелдер отбасы, үй-ішінің ғана көркі болып қалған. Қолына қару алып, ерлермен бірге жүретін, болмаса аға-інілерін үйлендіріп, олардың орнына өзі кек алатын әйел қаһармандар мұнда жоққа тән. Батырлардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, тұлғасын әсірелеп, ұлғайтып көрсету батырлық жырларда маңызды орын алады. Аттың сөйлеуі, биік таулар мен қамал-қорғандардан ұшып өтуі, қысылғанда батырға ақыл-кеңес беріп, қиындықтан құтқаруы сияқты байырғы түсініктерге тән белгілер Батырлық жырларда үлкен орын алады. Алайда бұл да біртіндеп шындыққа, реалды өмірге жақындай бастаған.
Халықтың батырлар жырында суреттелетін әйелдер көбінесе батырдың сүйікті жаржолдасы, сенімді серігі, ақылшы досы ретінде алынады. Халық әйелдер жөніндегі әділетті, турашыл көзқарасын ауыз әдебиетіне енгізгенде ақылды, білгір, дана адамдар әйелдер арасынан да шығатындығын көрсетеді. Мұндай әйелдерді ерлермен қатар қойып, жырына қосады, олардың жағымды образдарын жасайды.
Түркі халықтарында кең тараған «Алпамыс батыр» жырын қазақ, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, алтай халықтары да жырлайды. Жалпы түркі өркениетінде Көроғлұ дастанынан кейін кеңінен таралған екінші дастан Алпамыс батыр жыры болып табылады. Тұлғамыздың бүгінгі қазақ тіліндегі аты мен атағы – Алпамыс батыр. Ал басқа түркі тілдеріндегі аты былай келеді: өзбекше Алпамыш, башқұртша Алпамыша, татарша Алпамша, батыс Сібірде Алып Мәмшән, Алтайда Алып Манас, ал Түркияда Алп Бамсы. Бұл дастанның Түркі әлемінің түкпір-түкпіріне тарағанына қарап, оның ең көне жыр-дастандардың бірі екендігіне көз жеткіземіз. «Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, жақсы жер, жайлы қоныс, алтын тақ» – деп жайдан-жай айтылмаса керек. Қайсыбір дастанды алып қарасаңыз да, батырдың ақылшысы, қамқоршысы, қиналғанда демеу болар сүйген жары әрдайым парасат-пайымымен көзге түсіп, ерекше суреттеледі. «Алпамыс батыр» жырының жағымды кейіпкерінің бірі, батырдың сүйген жары – Гүлбаршын. Ондағы көптеген әңгімелер Гүлбаршынға байланысты өрбіп отырады. Байбөрі мен Байсарының құда болысуы, Тайша мен Қаражанның таласы секілді күрделі оқиғалардың негізгі түйіні – Гүлбаршын. Жырдағы сюжет құрылысында осындай айрықша орын алған оның образын жасауға жыршылар үлкен мән берген. Гүлбаршын асқан көркемдік, сұлулықтың бейнесі ғана емес, сонымен қатар ел арқа сүйеген батырға кіршіксіз таза жар, асқан ақылды, әдіс-айласы мол, жарына сенімді серік, адал ару бейнесінде көзге түседі. Ол досының алдында болсын, мейлі дұшпандарының алдында болсын өзінің де, Алпамыстың да абыройын түсірмей, бойындағы сабырлылық қасиетінің жоғары екенін танытады. Мәселен, жырда Тайша хан мен Қаражан қызға таласа түскен кезде, сөз салмағы, таңдау кезегі Гүлбаршынға берілген еді. Осы бір кезде Байсара мен Алтыншаш қатты сасады. Олар Тайша мен Қаражаннан да қорқады. Бірақ бұл жағдайдан ата-анасын да, өзін де аман алып шыққан Гүлбаршын еді. Қандай қиын жағдайда тұрса да ол Алпамыстан күдер үзбейді, қайта оған деген махаббаты арта береді. Сондықтан ол қалмақтың ханын да, батырын да менсінбей, оларды айламен билейді. Сонымен қатар, басқа жырларда да батырға керекті қару-жарақ пен тұлпарды дайындап беруші – батырдың сүйген жары болатын. Мұндай адамгершілік қасиет Гүлбаршынның бойынан да табылады.
Ноғайлы дәуірінде Қырым хандығын қалмақтардан азат еткен батыр – Ер-Тарғын. Тарихи оқиғаларды кеңінен бейнелейтін бұл жырдағы Ақжүніс Ақшаханның кызы Тарғынға ғашық болады. Осы уакытта Ақжүністі айттырып, Kөршi хандықтан жаушы (құда түсуге) келеді. Ақжүніс Тарғынды шақыртып алып: «Meнi бip ханның баласына айттыруга жаушы келіп жатыр екен мені сол ханның баласына бермекші болып, рұқсат сұрады, маған кici жібермекші. Мен ондай хан баласына таңсык eмeспін, өзім де хан баласымын, сұлуға тансық емеспін, өзім де сұлумын. Мен кімнің ақылы мен epлігі озса, соған барамын. Мені әлдекімге қор қылғанша, егерде батыр екенің рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тиемін. Сенен басқа ешкімге тимеймін, көңілім саған ауды. Егерде маған келмесең, мен шыдап тұра алмай, ceнің кайғыңнан өлемін!»-дейді. Тарғын Ақжүністі алып кашады. Ақжүніс – тәкәппар қыз. Ол айттыру салтын мойындамайды, оны жоққа шығарады. Қалыңмал заңына қарсы болады. Үйленудің еріктілігі мен бостандығын іздейді. Махаббат пен сүйіспеншілікті ханның сәнді сарайынан, алтын-күміс байлығынан жоғары қояды.
Атақты Қобыланды жырындағы ақылды, білгір, дана Құртқаның бейнесін айтар болсақ, жырда Құртқаның аса ақылды, білгір адам екендігі оның Қобыландыға көрсеткен қамқор істерімен суреттеледі. Құртқаның осындай ақылды, білгір адам екендігі Қобыландыға керекті тұлпарды, қару-жарақты даярлап беруінен басталады. Мұны ол батырдың даңқын көтеру үшін емес, ел қамын ойлағандықтан жасайды. Ол қысылған жерде жол табатын, ақылға салып іс қылатын, жағдайды шолып, болашақты болжайтын білгір адам бейнесінде жырға қосылады. Қарман келіп Қобыландының Қазанға қарсы аттануын өтінеді. Қобыландының: бұл сапарға барар-бармасымды үйдегі Құртқам біледі, — деген сөзін естіген Қараман оған тіл тигізеді. Қарамнның бұл сөзіне қатты ызаланған Қобыланды Құртқаның басын алмақ болып, ауылына шаба жөнеледі. Осы бір қысылшаң шақта Құртқа ақылмен ойлап жол табады; батырдың алдынан бүкіл қару жарағын және Тайбурылды алып шығады. Сөйтіп батырдың ашуын тарқатады.
Қазақтың лиро-эпос жырларына көш басшы болған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырынан кейiнгi тiлi көркем, көлемдi сюжеттi жыры – «Қыз Жiбек» жыры болып саналады. Ел арасына ауызша да, жазбаша да кең тараған жыр. Төлеген Базарбайдың еркiнен тыс сүйiспеншiлiк iздейдi. Жiбекке ғашық болады. Жiбек сияқты сұлуға ғашық тек Төлеген ғана емес. Сол елдiң атқа мiнер азаматтарының бiразының қолы жетпей жүрген аруды, сырттан келген Төлегенге жетектетiп жiбермейтiнi белгiлi. Жырдың суреттеуi бойынша батырдың сүйген жары елден асқан сұлу, ұзын бойлы, талдырмаш, сүмбiл қара шаш, қасы қияқтай, оймақ ауыз, күлiм көз, айқабақ, алтын кiрпiк, қызыл ерiн, алма мойын, аршын төс болып келедi. Оның өзi түгiлi басына таққан үкiсiн, зерлi бешпентiн, алтын жүзiгiн, қызыл түймесiн, әсем қылықтарын жырға қосады. Онымен бiрге болған күндер дүниенiң бар қызығына татиды. Ғашықтық сезiмнiң барлығы бiрдей ойын-күлкi, назды қылық, қызықты дәуренмен өте бермей, сүюдiң азабын да тартады. Кiшкенеден бiрге өскен ғашық жарынан қапелiмде айырылып қалып, зарығып, оның көшiне iлесiп, соңғы рет жолығып, сақинасын алып қоштасады.
Түркі халықтары эпосының идеологиялық негізін Тәңірілік дін құрайтынын байқау қиын емес. Түркі халықтарның ежелгі шежіресін генеалогиялық аңыздар негізінде баяндайтын эпостық дастан – Оғызнаманы алатын болсақ, ол жердегі Оғыздың дүниеге келуі мен жар таңдап сүюінде де Тәңірілік сипат басым, ғашық болған жарлары да тылсыммен тығыз байланысты.
Оғыздың бірінші әйеліне үйлену тарихы былай беріледі: «Күндерде бір күн Оғуз қаған бір жерде Тәңіріге жалбарынып отыр еді. Қараңғы болды. Көктен бір жарық (сәуле) түсті. Күннен аян, айдан құқылырақ еді. Оған қаған (көк жарыққа қарай) жүрді, көрді. Көрсе әлгі жарықтың арасында бір қыз бар екен, жалғыз отыр екен. Артықша көрікті бір қыз екен. Ол қыздың маңдайында оттай сәуле шашқан бір меңі бар екен. Алтынқазықтай екен. Осы қыз сондай көрікті еді: күлсе Көк Тәңірі (нің) өзі күлетіндей, жыласа Көк Тәңірі (нің) өзі жылайтындай еді» [3, 12].
Сондай-ақ «Оғыз-наме» ескерткішінде Оғыз қағанның өзі ғана емес, оның үйленуі, Ай, Күн, Жұлдыз, Тау, Көк, Теңіз деген балаларының тууындакосмогониялық мифтердің көркемдік мәні зор. Түркі халықтарының ең көне дүниетанымында ай мен күн культі маңызды рөл атқарған, мысалы кейіпкерлердің күн нұрынан туу мотиві.
Оғыз қағанның алғашқы жарын Тәңіріден тілеуі және екіншісінің ағаш қуысында отырған керемет сұлу қыз болуын сипаттайтын тұстарда түрлі фольклорлық наным-түсініктер тоғысқан. Осындағы ағаш қуысындағы сұлу қыз көзінің көктен де көгірек, шашының теңіз толқынындай (ол да көк) болуы – тәңірілік нанымның көріністері. Оғыз қағанның бірінші әйелі «көктен түскен көк жарық» ішінде отырса, екіншісі «көл арасындағы ағаштың қуысында» отырады: бірі – Көк перзенті де, бірі – Жер перзенті. Оғыз екі қызға да көрісімен ғашық болады, үйленеді бала сүйеді. Екі әйелінен туған ұлдарына ат шешелерінің тегіне байланыты қойылған: Көк қызынан туған ұлдарына Күн, Ай, Жұлдыз деп ат қояды да Жер қызынан туған ұлдарына Көк, Тау, Теңіз деп ат қояды. Мұндағы Оғыз қалыңдықтарының тылсыммен байланыстылығы, үйлену оқиғаларының ерекшелігі, балаларға қойылатын есімдердің анаға телінуінде де көне ана еркі заманының, Тәңірілік діннің елесі басым екендігі туралы тұжырым жасауға болады.
Қай жырда болмасын, батырға серік болған жұбайы болады. Бірақ олардың табиғаты бірдей емес. Қалмақ торынан құтылған Гүлбаршын көбіне отбасының көлемінде көрінеді. Ақжүніс жеке басының мүддесі үшін әкесесінен безеді. Көп жырлардың негізгі оқиғасы сұлу жар үшін күрестен басталады.
Қазақтың жазба әдебиетiндегi алғашқы поэмалардың ХIХ ғасырдың екiншi жартысында пайда бола бастағанын айта келiп, ғалым Ә.Нарымбетов: «Революцияға дейiнгi қазақ әдебиетiнде шығыс немесе халықтың аңыз әңгiмесi негiзiнде жазылған поэмалар болды. Қиссашыл ақындардың «Мұңлық-Зарлық», «Шәкiр-Шәкiрат», «Алтын балық» сияқты дастандарын былай қойғанда, Абайдың немесе оның дәстүрiндегi ақындардың жазған «Масғұт», «Ескендiр», «Дағыстан», «Еңiлiк-Кебек» сияқты поэмалар т.б. – бәрi де жаңа европалық поэзияның үлгiсiне толық көшiп болмаған едi, негiзi шығыстың дастандық поэзияларының үлгiсiнде жатыр. Демек, шын мәнiндегi, яғни орыстың және дүние жүзiлiк классикалық поэзияның үлгiсiндегi сюжеттi поэмалар жасау қазақ совет ақындарының творчестволық тәжiрибесiнде шешiлдi» — дейдi [4, 4-5-б.].
Эпостық жырлардағы қалындық таңдау салтының жоғарыда сөз болғандай тұстары көбіне әйелдер басындағы бас бостандықтың жоқтығының салдарынан және ескішілік салтдәстүрлердің кейбір көлеңкелік жақтарының басым болғандығының арқасында көптеп кездесіп отырған. Мұндай екі жас арасындағы сүйіспеншілік, махаббат ceзiмдepiнe кepi әсерін тигізген жағдайларды жeңiп шыққан жырлардағы басты образдағы кейіпкерлердің мінезқұлыктары, iшкі жан дүниесінің пәктігі аркылы бүгінгі күндегі болашақ ұрпаққтың үйлену, отбасын кұру жолындағы әрекетіне игі ықпалды тигізу тәрбиенің тipeгi болатындығына күмәніміз жок. Жалпы эпостық жырлардың өзіне тән epeкшеліктері бүтіндей тәрбиеге негізделген десек те артық айтқан болмаймыз. Ондағы ұнамды кейіпкерлер арқылы өскелең жастардың отанға, туған елге, отбасына, сүйген жарына деген ыстық сезімдерін дұрыс бағытта дамыта аламыз деуімізге болады.
Қолданылған әдебиеттер:
1 Ибраев Ш. Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы. – Алматы: Ғылым, 1993.
2 Türk Edebiyatı Üzerinde Araştırmalar I. İstanbul: Dergah yayınları, 1976.
3 Сарбасов Б.С. «Оғыз-наме» — кітаби эпос есерткіші автореферат. – Алматы, 2010. 4 Ысмағұлов Ж. Абай: ақындық тағылымы. – Алматы, 1994. – 280 б.
П.С. Усипбаева
ОБРАЗ НЕВЕСТЫ В ГЕРОИЧЕСКИХ ЭПОСАХ ТЮРКСКИХ НАРОДОВ
В статье рассматривается образ невесты в героических эпосах тюркских народов. Образ невесты батыра как бы дополняет его образ: если у батыра по молодости лет мало опыта, то жена его является воплощением опыта и разума; если у батыра недостаточно развито чувство чести и достоинства, жена входит в поэму как воплощение чести. Богатырские поэмы в эпическом наследии тюркских народов занимают центральное место и составляют наибольшую группу. Изображение в основном происходит через описание портрета и через описание ее действий, из которых вырисовывается ее отношение к главному герою-богатырю, который является средоточием идей, выражаемых и декларируемых эпосом.
P.S.Usipbayeva
THE IMAGE OF THE BRIDE IN THE HEROIC EPICS OF THE TURKIC PEOPLES
The article discusses the image of the bride in the heroic epics of the Turkic peoples. The image of the bride of the warrior as it complements his image: if the warrior in my youth, a little experience, his wife is the epitome of experience and reason; if the warrior is not enough developed sense of honor and dignity, the wife enters the poem as the embodiment of honor. Heroic poem in the epic legacy of the Turkic peoples occupy a Central place and make up the largest group. The picture occurs mainly through the description of the portrait and through the description of her actions, of which emerges her relationship to the protagonist-the hero who is the focus of the ideas expressed and declared by the epic.