ТІЛДІК САНАНЫ ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ

Л.Ә. Ибраймова1, А. Б. Шормакова2
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті1
Еуразия гуманитарлық институты2 Алматы, Қазақстан
lira.ibraymova@mail.ru1, Ashormak@mail.ru2

ТІЛДІК САНАНЫ ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ

Мақалада тілдік сананы зерттеудегі ғылымда қалыптасқан кейбір қарамақайшылықтар туралы сөз болады. Сонымен қатар оның ғылыми қолданысы мен түрлері ажыратылады. Тілдік сананы жіктеуде кейбір сұрақ тудыратын көзқарастарға талдау жасалған. Тілдік сананың негізгі тірегі – тіл. Психолингвистикалық қана емес этнолингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық феномен болып табылады. Олардың әрқайсысы өз зерттеу нысаны бойынша түрлі аспектіде қарастырады.

Тірек сөздер: тілдік сана, таным, қатысымдық сана, аялық білім, когнитивтік сана, қатысым, сөйлесім әрекеті, сөйленім.

Тіл мен ойлау, тіл мен сана арасын ажырататын көзқарастар ғылымда аз айтылмаған. Психолингвистикада тіл – ойлау – сөйлеу үштағанында қарастыруы көп зерттеулерге арқау болған. Тіл, сана ұғымдары көне заманнан бері айтылып келе жатқанымен, әлі күнге дейін сан қырлы табиғатымен өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Тілдік сана мен оны құрайтын құрамын (образ, концепт, фреймдер т.б.) зерттеу ұлттықмәдени және ділдік ерекшеліктерді қарастырумен барабар. Тілдік сана ұғымы психологияда, философияда, лингвомәдениеттануда, психолингвистика мен когнитивтік лингвистикада, мәдениетаралық қатысым салаларында қарастырылады. Бұны зерттеу антропоцентризмдік парадигмада аса өзекті болып табылады. Адамның санасындағы тілді зерттеуге, басқаша айтқанда, танымның субъектісіне басымдылық беріледі.
«Тілдік сана» ұғымын орыстың психолог, әрі педагог ғалымы П.Я.Гальперин енгізген. Психологиялық тұрғыдан тіл – сананың феномені. Шыққан тегі психология мен лингвистиканың ұштасуынан болып, психолингвистиканың негізгі зерттеу нысанының біріне айналды. Әлеуметтік лингвистика тұрғысынан тілдік сана ұлттың санасының құрамдас бөлігі болып, этностың қоршаған ортаға бейімделуі, қостілді тұлғаның тілдік санасының өзгеріске ұшырау сипаты ретінде қарастырылады. Этнолингвистика тілдік сананы ұлттық сана ұғымына байланыстырды.
Сонымен тіл мен сананы зерттеу мәселесі төмендегідей жағдайлардан туындады: — тіл мен ойлауды зерттеуге деген қызығушылықтан басталды;
— психолингвистиканың сана мен тілдік сананы ажырату мәселесін қарастыруы; — кәсіби тілдік сана мен жалпы тілдік сана туралы мәселелер; — қостілді адамның тілдік санасын анықтау маңыздылығынан.
Тілдік санадан басқа сананы қатысымдық (коммуникативтік) және когнитивтік сана деп бөледі [1].
Когнитивік сана (танымдық сана) адамның бүкіл ойлау әрекеттерін біріктіреді. Тілдік сана мен когнитивтік сана арасындағы байланыс ділдік құрылымдардың тіл арқылы объективтенетіндігімен (кейде ділдік құрылымдар вербалдана бермейді) түсіндіріледі. Д.Б.Гудков тілдік сана мен когнитивтік сананы қабылдау деңгейі мен шынайы құбылыстарды бағалау мен категориялауға қатысты ажыратады. Түрлі тілдік ұжымға жататын сөйлеушілердің тілдік санасы тіл арқылы көрінеді [2, 97]. Сөйлеушінің ішкі әлемінің барлығы санасымен өлшенеді.
Тілдік сананы «әлемнің тілдік бейнесі» ұғымымен синоним ретінде қарастыру да бар. Әлемнің тілдік бейесі – тілдік тұлғаның санасына жазылған білімнің бір түріне жатады. Сондықтан екеуін синоним ретінде қарау теріске шығарылады.
Тілдік сананың ауқымы кең. Психолингвистикалық талдау бойынша ол сөйлесім әрекеті үдерісіне жауап береді. Когнитивтік лингвистика бойынша ділдік құрылымдардың тілдік сана арқылы бейнеленуі болмақ.
Тілдік сана когнитивтік санамен бірдей емес. Когнитивтік сана ой елегінен өткізілмеген деңгейдегі, имплицитті түрде когнитивтік бірліктер мен құрылымдармен жұмыс жасайды. Когнитивтік сана эксплицитті формаға когнитивтік құрылымдар сананың айқынды жеріне шыққан кезде ғана ие болып, тілдік деңгейде кодталады. Эксплициттенген сана әлеуметтік тәжірибе, адамзат мәдениетінің айтылу формасы ретінде болады. Бірақ бұл мағына тілдік мағынамен сәйкес келмейді.
И.С.Стернин тілдік сананы «сөздің туындауы мен оны қабылдау, тілдің санада сақталуы сияқты психикалық механизмдердің жиынтығын, яғни адамның сөйлеу әрекеті үдерісін қамтамасыз етіп отыратын психикалық механизмдер» ретінде түсіну керек дейді [3, 159]. Сонымен қатар ол тілдік сананы қатысымдық сананың бір бөлшегі ретінде қарайды. «Қатысымдық (коммуникативтік) сана – бұл адамның бүкіл қатысымдық әрекеттерін қамтамасыз ететін қатысымдық білім мен қатысымдық тетіктердің жиынтығы. Бұл сананың қатысымдық мақсаттары, қатысымдық, ділдік категориялардың жиынтығы, сонымен қатар қоғамда қалыптасқан қатысымның нормалары мен ережелері» [1]. Осы тұста ол тілдік сана мен қатысымдық сананың ара-жігін ашуда, мысалы, «таңертең, түсте, кешке амандасу тілдік сананікі болса, ал кіммен қалай, қандай интонацияда амандасуды қатысымдық сананікі» дейді. Қатысымдық сананың аясы өте тар. Өйткені бұған мысал тек амандасу-қоштасу формасында ғана болып тұр. Адам өмірі қатысымнан (коммуникациядан) ғана тұрмайды. Жазу, оқу, көру сияқты ақпарат қабылдау көздері арқылы сананың жұмысын жүргізе алады. Жазу, оқу, көру, тыңдаудан қатысым болатыны рас. Бірақ әркез кері байланыс орнамайды. Қатысым орнау үшін кері байланыс болуы шарт.
И.С.Стернин бөліп көрсеткен сананың түрлері мыналар:
— ойлау әрекетінің нысаны бойынша: саяси, ғылыми, діни, экологиялық, тұрмыстық, топтық, эстетикалық, экономикалық т.б.;
— субъектіге қатысына қарай: гендерлік, жас ерекшелігі, әлеуметтік (кәсіби, гуманитарлық, техникалық), жеке, қоғамдық, топтық, т.б.;
— сананың қалыптасу деңгейіне қарай: дамыған, дамымаған;
— сананың негізіне жататын принциптер бойынша: ғаламдық, демократиялық,
консервативтік, прогрессивтік, кертартпа сана;
— санамен қамтамасыз етілетін білім-дағдысы бойынша: креативті, техникалық, эвристикалық т.б. [1].
Сананы осылай топтастыру да, біздіңше, біржақты емес. Сананың қалыптасу деңгейі мен субъектіге қатысына қарай түрлеріне келісеміз. Ал қалған түрлері адам санасында алғашқылары білім түрінде болса, соңғы екеуі санаға әсер ететін сыртқы факторлар болуы мүмкін. Білім түрлерін төмендегідей жіктеген болатынбыз:
— жалпы білім немесе энциклопедиялық білім;
— аялық білім;
— жаңа білім;
— қорытынды білім [4, 74].
Субъектіге қатысына келгенде «тілдік тұлға» ұғымын, оның құрылым-сипатын немесе деңгейін айтпай кетуге болмайды. Кейбір зерттеулер бойынша үшке бөлінеді: «вербалдысемантикалық (тілді білуі); когнитивті (ұғым, идеялар, концепттер, прагматикалық (мақсатмұраттар, уәждер, қызығушылықтар). Тілдік тұлғаның мазмұнына: 1) дүниетанымдық – өмірлік мән мен құндылықтар жүйесі; 2) мәдени – мәдениетті меңгеру деңгейі; 3) тұлғалық – әрбір адамда болатын жеке, терең құрам [5, 157]. Тілдік тұлғаның мұндай сипаттарының толысуы сананың қатысы арқылы болатыны даусыз.
Жаратылысында тіл мен сана бірінсіз бірі болмайды. Тіл ойды тікелей жарыққа шығарудың құралы болғандықтан, сана тіл арқылы көрініс табады. Сондықтан тілдік сананың шет-шегі қабылдау, сөйлеу актілерімен тығыз байланысты. Тіл мен сана статикалық сипатымен ұқсайды. И.А.Стернин ғылымда ойлау мен сананың нақты ара-жігі ашылмағандығын тілге тиек етіп, олардың кейде синоним ретінде қолданылатынын, кейде қарама-қайшы қойылатынын айтады. Осы тұста «сана құбылыстың статикалық, ойлау динамикалық аспектісін ерекшелеп көрсетеді. Сана – мидың өзіндік қасиеті, ойлау – сана арқылы берілген мидың әрекеті (яғни ойлау әрекеті)» [1].
Бірақ Т.Н.Ушакова сияқты ғалымдар оның динамикалық сипатының да болатынын айтады. Ол тілдік сананың екі түрін ажыратып, бірін динамикалық, екіншісін құрылымдық деп атайды. «Динамикалық – сананың жай-күйін вербалды түрде білдіру, санаға сөйлеу арқылы әсер ету, құрылымдық – субъектінің менталдық тәжірибесінің, сана әрекетінің нәтижесінде қалыптасатын тілдік құрылымдармен жасалады» [6, 13-23].
Тұрмыстық және ауызекі тілде «санасыз екен», «санасыздық биледі» сияқты жағымсыз мәндегі сөз, сөз тіркестер жиі кездеседі. Соған сәйкес, керісінше, «саналы ұрпақ», «саналы адам» сияқты жағымды қолданысы да бар. Бұлар қазақтың «айналайыны» сияқты аударуға келмейтін лакуна болып табылады. Осында сана «ар жағында түгі жоқ» (білімсіз, надан), «ақылсыз» немесе керісінше «ақылды» деген сияқты т.б. мәнде жұмсалған. Демек ауызекі қолданыста сана ақылмен теңестіріледі. Ал ақыл – түрлі білім ақпараттарының жиынтығынан тұрады.
Тіл арқылы санадағы ойдың немесе білімнің жарыққа шығатындығын лингвистер, психологтар, тарихшы ғалымдар т.т. дәлелдеп тастаған. Лингвистикалық тұрғыдан А.Н. Леонтьев сананы «қоғамдық тұрғыдан қалыптасқан тілдік мағына, ұғымдар арқылы санада түсінілетін ақиқаттың көрінісі» деп анықтайды [7, 232]. Е.Ф. Тарасов сана тікелей бақыланбайтындығын атап көрсетеді, ал сананы білдіру құралдары, ең алдымен, вербалдық құралдар болып табылады [8]. Е. Ф. Тарасов тілдік сананы тілдік құралдардың көмегімен – сөздердің, еркін және тұрақты сөз тіркестері, сөйлем, мәтіндер және ассоциативтік өрістердің көмегімен құралып, көрініс табатын сана бейнелерінің жиынтығы ретінде анықтайды. Өз сөзінде былай деген: «Тілдік сана – тілдік құралдармен субъектілердің өзі сөйлеу қатынасы барысында туындататын ілім ретінде және заттық іс-әрекетте сезім мүшелерінен алынған перцептивтік деректерді қайта өңдеу нәтижесінде санада пайда болатын сезімдік ілімдер ретінде жекелеген лексемалармен, сөз тіркестерімен, фразеологизмдермен, мәтіндермен, ассоциативтік өрістермен және ассоциативтік тезаурустармен бейнеленетін сана бейнелері» [9, 36]. Сананың тікелей бақыланбайтындығына толықтай қосыламыз. Тілдік сана вербалды құралдармен қатар бейвербалды амалдармен де көрінеді. Тілді зерттеуде көп жағдайда қарымқатынастың бейвербалды түрін тыс қалдырып отырамыз. Адам ойын тілсіз де жеткізе алатындығы жалпыға белгілі.
Адам белгілі бір тілде сөйлейтін ортада өмір сүріп, соның мәдениетімен тәрбиеленіп, соның әдеп нормалары мен ережелерін, стереотиптік мінез-құлқын бойына сіңіреді. Көптеген зерттеушілер санада ұлттық-мәдени ерекшелігінің ізі болатындығы туралы айтады. А.А.Леонтьев ол жайды былай дейді: «…в основе мировидения и миропонимания каждого народа лежит своя система предметных значений, социальных стереотипов, когнитивных схем. Поэтому сознание человека всегда этнически обусловлено…» [7, 20]. В.В.Красных та «сананың (тілдік сананың) феномен ретінде мәдениетпен тығыз байланысты, ұлттықмәдениетке тәуелді» деп растай түседі [10, 25].
Қ.Жаманбаева «таным мен тілдің ара қатысы, сайып келгенде, адам проблемасының өзегі – дара тұлға тұжырымдамасымен шешіледі» және оның себебі мынада дейді: «таным сыртқы дүние заттарына бағытталған тәрізді көрінгенімен, оны жүзеге асырып отырған адам болмысы тұрғысынан бағдарласақ, айтылған процестің үнемі ішке қарай (адамның ішкі дүниесіне қарай) бағытталғанын көреміз. Таным процесі адамның ішкі дүниесінің күрделі құрылымдарын тудырады және соған сәйкес сипаты да өзгеріп отырады. Осылайша, танымның жүрісін адам баласының ішкі қажеттіліктер дәрежесі (тезаурустың қалыптасуының уәждік деңгейі (тезаурус – дүниенің тілдік моделі)) белгілейді. Күрделі терең қажеттіліктердің біріне адамның өздігінен жетілуі кіреді. Өздігінен жетілу – ерекше дара қасиет» [11, 6].
Ғалым қазақтың дара тұлғаларының шығармашылығындағы мұң концептісін зерттей отырып, құндылықты қарастырады. Ол үшін «құндылық дегеніміз – ішкі бірлігі, ішкі тұтастығы бір дүниелерден, терең негізді семиотикалық жасалымдардан құралып, сол арқылы жеке адамның сана бітімін айқындайтын жүйе. Жүйені құрап тұрған семиотикалық жасалымдардың терең негіздегі құрылымы бір (айталық, олар – діни, эстетикалық, этикалық түйсік). Үшеуіне ортақ сол құрылым ендігі кезекте бұларды біріктіріп тұрған жүйенің инварианттық құрылымы болып шығады» [11, 104]. Қ.Жаманбаева күрделі құндылыққа тілдік сананы жатқызады. «Тілдік сана – үш метақұндылықтан жасалған форма. Олар: дара тұлғаның түйсік дүниесін жасайтын ішкі интенциясы, діни шығармашылыққа өткен эстетикалық форма және символға айналған атау-сөз (символ – сөздің өзінің ішкі ниетіне, энтелехияға айналуы)» [11, 105].
«Тілдік сана – жүйелі негізде шешілетін проблема. Ол терең құрылымдардан тұрады, күрделі процестерден құралады. Оның құрылымын анықтау – білім фрагменттерін табу, іріктеу, біріктіру секілді сатылардан өткен. … Процесс барысында білім фрагменттері өздігінен килігіп құрылымға енеді, сұрыпталып, трансформацияланып, форма түзеді (құрылымның бір бөлшегіне айналады). Білім фрагменттері тегі жағынан әр салаға қатысты, өз ішінде де түрлі сипатта ұйымдастырылған. Тілдік сана монадалардың (монада – жекелік болмыс қағидаларының бірі) әрекеттесуінен туатын күрделі болмыс болғандықтан, оның құрылымын түзуге білімнің сыртқы негіздері емес, соған қатысты әрбір саланың (эмоция, дара тұлға, символ, таным) өз ішінде де тосын, күрделі формалардан, терең ішкі процестерден тұратын білім фрагменттері тартылады [11, 105].
Қ. Жаманбаеваның еңбегінде тілдік сана ұғымының құрылымын анықтап, оның негізін эмоция мен символдан іздейді. Өз кезегінде тілдік сананы да символдың шеңберіне кіргізеді. «Өйткені символдың бір қызметі тілдік сана арқылы қолданыс табады немесе символдарды танып білу нәтижесінде тілдік сана қалыптасады. Сөйтіп, екі жақты үдеріс жүреді» [11, 4].
Тілдік сана – сөйлесім әрекетін басқарудың тетігі болып саналады және тіл бірліктерін сақтайды, қайтадан жаңғыртады, қалыптандырады. Тілдік таңбалардың үйлесімді, бірқалыпқа түсіріліп қолданылуын қамтамасыз етеді [4, 25]. Тілдік санаға, сөйлесім әрекеті мен сөйлесім актісіне, сөйлесімнің қарым-қатынас үдерісінің ұйымдасуына ұлттық-мәдени ықпал әсер етіп отырады [4, 73].
Тілдік санадағы бар хабарларды мүмкіншілігімен қалай жұмсалымға түсіру қажеттілігі мәселесі туғанда, аялық білім, оның пайда болуы сияқты күрделі құбылыстың мәнін ашу керек болады. Тіл, тілдік сана, аялық білім, сол сияқты жалпы тілдік құрылымдардың сипатын т.б. анықтау үшін, сол тілде сөйлейтін ұлттың ұлттық ерекшелігін танудың мәні зор [4, 76]. Тілдік сана ұлттық тілдің сөздік қорымен (сөз байлығымен) қалыптасады. Тілдік сана мен тіл байлығы халықтың дүние туралы танымы мен білімінің көрсеткіші. Санада болатын білімнің түрі көптігін жоғарыда айтып өттік. Солардың бірі аялық білім тілдік санада дайын тілдік таңба түрінде көрінбейді, көрінсе де, нақты бейнелі емес. Аялық білім санадағы тілдік емес деңгейге тән. Ол мағыналық бөлшектер мен сөз тіркестері түрінде емес, пресуппозициялар мен логикалық импликациялар түрінде беріледі. Пресуппозиция сөйленімнің шын мәніндегі нағыз компоненті болса, имплицитті дегеніміз «жасырын», «айтылмаған» дегенді білдіреді онда, «логикалық импликация» «логикалық жасырын бөлшектер» болады. Аялық білім – бұл жеке тұлғаның материалдық және рухани байлықтарды игеруінің нәтижесі. Оның шындық өмірге қатысы ой елегінен өткен, қорытылып шығарылған сөйленімдерінен көрініп, оған жанжақтылық сипатын береді [12, 31]. Осы пайымның Қ.Айтмұхамедованың пікірімен үндестігін көруге болады: «Бұл тілдік емес, пресуппозиционалдық білім, ол – сананың терең деңгейіне тәуелді, бұл сыртқы материалдық дүниенің немесе оның үзіндісінің ішкі, идеалдық моделі, оны санада ұғынып, вербалдау (сөзге айналдыру) белгілі бір дәрежеде күшке түседі» [13, 5051], – дейді. Тіпті «пресуппозицияның да аялық білімнің құрамына кіретіндігін» айтып, аялық білімнің құрылымын нақтылы дәлелмен кестелеп көрсетеді. Оларды – менталитет, когнитивтік сана, тілдік сана, дін, салт-дәстүр, тарих, тұрмыс-тіршілік, өнер, әдебиет т.б. – бәрін бір-бірімен байланыстырады. Байқағанымыздай, мұнда тілдік сананың өзі аялық білімді құрап тұр. Аялық білім мен тілдік сана екеуі екі түрлі нәрсе екендігі анық.
Тілдік қор да, аялық білім де жүре келе пайда болған, тілдік санаға жазылған дайын мағыналық бөлшектер [4, 97]. Cубъект-тіл ойдың тікелей шындығы ретінде объект-тілге айнала алады, қажет болғанда оны өзгертіп және толықтырып та тұрады. Осылайша адамдардың тәжірибелік әрекеттеріне тәуелсіз адамзат тілінің өзіндік дамуы болып жатады. Адамзат тіліне қызмет жасайтын құрылымдарды талдау тілдік сананың болуын мойындау болып саналады [14, 25].
Танымдық ғылым – адамдардың қоршаған дүниені қабылдау және танымдық қызметтерінің, пайымдау нәтижесінде белгілі 6ip жүйеге келтіріліп, біздің санамызда белгілі бip жүйеге түcipіліп жазылып, ділдік, яғни танымдық үдерістердің негізін құрайтын білім мен таным туралы ғылым. Көбінесе танымдық ғылым адамның ми қыртыстарына әр түрлі жолдармен келетін білімнің қалай жазылу жолдары мен сол ақпараттардың белгілі бip өңдеуге түсу жүйелерін зерттейді.
Тілдің мазмұндық жағы өзінің қатысымдық мәнін ашып қана қоймай, адамның танымдық әрекетімен тікелей байланысты. Ал тіл бірліктері танымдық мазмұнға ие. Ғалымдар тілді индивидтердің қоғамда білім алмастыру, сөйлесім үшін қызмет ететін когнитивті ақпараттың бір бөлігі ретінде қарастырады. Себебі тілдік білім жалпыланған бірліктерден құрылған, жүйеге келтірілген когнитивті ақпараттың ерекше түрі секілді қаралады. Тілдік ақпарат танымдық ақпаратты таңбалардың жиынтығы ретінде көрсетіледі [4, 8].
Сөйленімді адамның танымдық әрекетінің жемісі ретінде қарастырсақ, танымдық негіз арқылы адамның логикалық ойлауы қалыптасады. Таным сөйлеушінің қоршаған орта, қоғам, қала берді әлем туралы білімінің негізінде сипатталады. Осылай қалыптасқан сананы танымдық сана дейді.
Тілдік сана этнолингвистика, этнопсихолингвистика, лингвомәдениеттану мен әлеуметтік лингвистиканың негізгі зерттеу нысаны болмақ. Нақты айтқанда, В.Гумбольдттың ізімен, сананың басқа түрлеріне қарағанда тілдік сана ұлт тілімен тікелей байланысты болып табылады. Осы жерде ұлттың тілдік санасы мен жеке адамның тілдік санасының ара-жігін ашып алған дұрыс. Жеке адамның тілдік санасы ұлттың тілдік санасына тәуелді. Алайда белгілі бір уақытта өзгеріске түсіп, жеке сипаттарымен (кәсібі, білімі, рухани ой-пікірі т.т.) ерекшеленуі мүмкін.
Сананың қай түрі болсын, көрсеткіші – тіл. Жүзеге асатын жері – сөйлесім әрекеті. Сондықтан сананы тіл мен сөйлеуден тыс қарастыру мүмкін емес. Жеке адамда энциклопедиялық білім, аялық білім, жаңа білім, қорытынды білімнің негізінде тілдік сана бекиді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Стернин И.А. Коммуникативное и когнитивное сознание / С любовью к языку. – М.–
Воронеж: Изд-во ВГУ, 2002. – С. 44-51
2 Гудков Д.В. Теория и практика межкультурной коммуникации. – М.: Гнозис, 2003. – 288 с.
3 Стернин И. А. Структура концепта // Языковое бытие человека и этноса:
психолингвистический и когнитивный аспект. Вып. 10. – Барнаул, 2006. – С. 218-229.
4 Ибраймова Л.Ә. Сөйлесім синтаксисінің лингвистикалық-функционалдық табиғаты:
филол. ғылым. канд. … дисс. Алматы, 2010. – 134 б.
5 Емельянова Е. В. Языковая картина мира и языковое сознание. Международный научный журнал «Инновационная наука» №10/2015 ISSN 2410-6070

6 Ушакова Т. Н. Языковое сознание и принципы его исследования // Языковое сознание и образ мира. – М., 2000. – С. 13-23.
7 Леонтьев А. А. Основы психолингвистики. – М., 1999. – 287 с.
8 Тарасов Е.Ф. Актуальные проблемы анализа языкового сознания // Языковое сознание и образ мира / Отв. ред. Н.В. Уфимцева. – М., 2000. – С. 24-32.
9 Тарасов Е.Ф. Межкультурное общение – новая онтология анализа языкового сознания // Этнокультурная специфика языкового сознания / Отв. ред. Н.В. Уфимцева. – М., 1996. – С. 7-22.
10 Красных В. В. Этнопсихолингвистика и лингвокультурология: курс лекций. – М.: Гнозис, 2002.
11 Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана.
– Алматы: Ғылым, 1998. – 140 б.
12 Этнопсихолингвистика. Отв. ред. Ю.А.Сорокин. – М.: Наука, 1988. – 192 с.
13 Айтмұхамедова Қ. Институционалды коммуникация: дәрігер-науқас (сөз мәдениеті аспектісі): филол. ғылым. канд. … дисс.: 10.00.00. – Алматы, 2003.
14 Воркачев С. Г. Концепт счастья: понятийный и образный компоненты// Изв. РАН. Сер. лит-ры и языка. – 2001. – Т. 60. – №6. – С. 47-58.

Л.А Ибраймова, А.Б. Шормакова
НЕКОТОРЫЕ АСПЕКТЫ ИССЛЕДОВАНИЯ ЯЗЫКОВОГО СОЗНАНИЯ
В статье рассматриваются некоторые противоречия в исследовании языкового сознания, сложившиеся в науке. Наряду с этим, выяснено его научное использование и виды. Проанализированы некоторые взгляды, побуждающие различные вопросы при классификации языкового сознания. Основной опорой языкового сознания является язык. Оно является не только психолингвистическим, но и этнолингвистическим, социолингвистическим феноменом. Каждый из них рассматривает в различных аспектах в соответствии с объектом их исследования. Языковое сознание – сложное явление, рассматриваемое в различных аспектах.

L.A. Ibraymova, A. B. Shormakova
SOME ASPECTS OF THE STUDY OF LINGUISTIC CONSCIOUSNESS
The article deals with some contradictions in the study of linguistic consciousness that have developed in science. In addition, its scientific use and species are distinguished. Some views were analyzed that induce various questions in the classification of linguistic consciousness. The main support of linguistic consciousness is a language. It is not only a psycholinguistic, but also an ethnolinguistic, socio-linguistic phenomenon. Each of them is considered in various aspects in accordance with the object of their study. Language consciousness is a complex phenomenon, considered in various aspects.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *