С.Н.Жәмбек, Г.У. Жайлауова
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Көкшетау, Қазақстан
www.s_jambek@mail.ru, kgu_2701@mail.ru
С. ТАЛЖАНОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БЕЛЕСТЕРІ
Мақалада С.Талжановтың шығармашылық белестері қарастырылады. Қазақ әдебиетінде үлкен орны бар, аударма өнерін өрелі белестерге көтерген, көркем аударманың да хас шебері болған жазушының аудармашылық қыры назарға алынады. А.С.Пушкин, Салтыков-Щердин, М.Ф.Достоевский, В.Г.Белинский, М.Горький, Н.Добролюбов, М.Шолохов шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Ал М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин шығармаларын орыс тіліне тәржімалаудағы шеберлігі жан-жақты талданады.
Кілт сөздер: аударматану, стиль, көркемдік дәстүр, көркемдік эстетика
Қазақ көркем сөзінің тарихына бажайлап, көз жүгіртсек кейінгілер басшылыққа алар зерделі ойы мен парасат-пайымы, көркемдік тұғыры? Жазғандары оқырмандарын сүйініске бөлейтін толғамды еңбектері бар біртуар таланттардан кенде еместігімізді пайымдаймыз.
Осындай қазақ көркем сөзінің қадыр-қасиетін бір кісідей асқақтатуға елеулі үлесін қосқан саңлақ таланттарымыздың бірі – төл әдебиетімізде өзіндік өрнегі бар танымал қаламгер, ірі ғалым, белгілі аудармашы Сәйділ Омарұлы Талжанов.
Замандастары, өскен ортасы жазушы Сәйділ Талжановты абзал адам, терең ғалым, білгір аудармашы деп білді. Артық – кемі жоқ әділ баға. Ол – қазақ мәдениетінің аса көрнекті қайраткері болды. Әдебиет пен өнердің заманайы мәселелерін әлемдік өркениет биігінен, озық парадигма тұрғысынан танып-бағалаған, жаңаша пайым, зерде көзімен талдап-таразылаған концептуалдық тұлға. Ол сонысыменде ерекшеленеді.
Тағдыр ауырда да азапты құмырды бұйыртқан жазушы оған мойымайтын өр рухтың иесі еді. Зобылаң тағдырдың дегеніне көнбей қайсар мінез танытып, қажырлы қайратпен еңбек етті. Қайран ғұмырының 19 жылын Сібірде жазықсыз жапа шегіп айдаудан өткізсе де орыс әдебиеті классиктерінің еңбегін қазақ оқырмандарына танытты. А.С.Пушкин, СалтыковЩердин, М.Ф.Достоевский, В.Г.Белинский, М.Горький, Н.Добролюбов, М.Шолохов шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Ал М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин шығармаларын орыс тіліне тәржімалаған майталман аудармашы да еді.
С.Талжанов қазақ әдебиетінде үлкен орны бар, аударма өнерін өрелі белестерге көтерген, көркем аударманың да хас шебері болатын. Жазушының көп қырлы талантын сөз еткенде, оның аудармашылық қырына тоқталмай өтпеу мүмкін болмас еді. Оның аудармашылық қыры жөнінде белгілі тілші-ғалым, әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Серғалиев былай деп жазады: «Сәйділ Омарұлының аудармашылық өнерінен біраз жайды аңғаруға болады. Біріншіден, ол – қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген білгір: жастайынан зерек өскен ол бұл екі тілді еш уақытта бір-бірінен бөліп қараған емес, екеуін де екі ананың ақ сүтіндей қадірлеп, қастерлеп, ынтыға үйренумен болды. Екіншіден, аудармашы өте талғампаз; кезеңдік, дәуірлік мәні бар, көркемдік, тәрбиелік қуаты мол классикалық дүниелерді туған халқына тезірек жеткізуге тырысады. Мұның өзі, бір жағынан оның патриоттық сезімінен туындап жатсаң мұндай құбылысты, екінші жағынан, уақыттың күн тәртібіне қойып отырған талабымен санасу деп ойлаған жөн» [1].
Ол – Пушкин шығармаларын жан-тәнімен сүйуші, оны қазақ тіліне бар күш-жігерімен аударушы. Сонау Сібірде жер айдалып жүргенде, ол жергілікті тұрғындарға, оқушы балаларға Пушкинтанудан ағыл-тегіл, дәріс оқуы тегін емес болар. С.Талжанов 1937ж. Пушкиннің 100 жылдығына орай шығарылған ұлы ақынның қазақ тілінде тұңғыш жарық көрген үш томдығын бірінші томын аударуға қатынасты. Ол Пушкиннан басқа да орыс көркем сөз алыптарының шығармаларын қазақшаға тәржімалады. Сонау 30-жылдары-ақ ол орыстың көркем сөз алыптарының бірі Ф.М.Достоевскийдің «Бейшараларын» жоғары көркемдікпен ана тілінде сөйлетті. Терең қаламгерлік қарыммен, шығармашылық қуатпен тән тілімізге қатарды.
Орыс әдебиетінің тарлан өкілдерінің бірі жазушы – ғалым Ю.Тыняновтың «Уәзір Мұхтардың өлімі» деген кесек туындысын да көркем кестелеп, қазақ оқырмандарының көзайымы етті.
Бір кездері САГУ-дің (Орта Азия мемлекеттік университеті) Иран бөлімшесінің түлегі Сәйділ Талжанов шығыс әдебиетінің де ерен білгірі еді. Ол Шығыс әдебиетінің інжу-мәржаны «Кәлилә мен Дишнаны» қазақ тіліне мөлдірете аударды. Осы кітаптың алғысөзінде автор шығыстың осы жауһар туындысының шығу негізі жайында шығыс зерттеушісі Е.Э.Берелос пікірін былай келтіріпті: «Шығыс әдебиетін зерттеушілер бұл кітаптың негізі. Үндістаннан шыққанын анықтайды». «Панчатантраны» («Бес бәйітті – Бес кітапты») осы замананың 300 жылдарында Кашмирде бір брахман жазды деп жобалайды. Онда ши бәрілер: «Каратака мен Даманака болып атаныпты». Пехлеви әліппесінде «Р» мен «Л» дыбыстарының белгілері біреу болғандықтан, Әл-Мүкафұлы бұл есімдерді пехлеви жазбасынан (онда дауысты дыбыстар таңбаланбайды екен) «Калимаг пен Дамнаг» деп оқуы да ғажап емес. Үндістандық тұп нұсқада бес-ақ тарау бар. Бурзое үш тарауды әйгілі «Махабхарата» дастанының он екінші кітабынан алып енгізген. Соңғы төрт тарау, осы кезге дейін ескі Үнді әдебиетінен кездеспейді, бірақ мазмұнына қарағанда олардың Үндістаннан шыққаны айқын [2,7].
С.Талжановтың «Кәлилә мен Димнасы» аударма саласындағы оның жеке табысы ғана, қазақ аударма өнерінің тарихына ерекше бет боп қосылатын талайым үлес, елеулі құбылыс деп есептеуіміз керек.
Қарымды талант тек қазақ тілінің ғана емес, орыс әдеби тілінде өте шебер меңгерген, оның әдеби нормаларында көркемөнер иесіне тән талғаммен, нәзіктікпен түсіне алатын аса сұңғыла, білімдар жан еді.
Отызыншы жылдардың өзінде-ақ қазақ тіліндегі төл дүниелерімізді орыс ақырмандарына таныстыра бастаған болатын.
Сол кездегі қазақ қаламгерлерінің ірі өкілдері Сәкеннің «Қызыл ат» поэмасы, Бейімбеттің «Майдан» пъесасын орысша сөйлетті. Бірақ сол кездегі саяси жүйе аудармашының бұл еңбегі үшін оның маңдайынан сипай қойған жоқ болатын. Халық жаулары атанған Сәкен мен Бейімбеттің осы шығармаларын орыс тіліне аударғаны үшін ол жазықсыздан-жарықсыз Сібірге халық жауы болып сотталып кете барған болатын. Ол тарлан ақын Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешу» сиқяты дәуірлік сипаттағы мемуарында жазушы Иван Щеголихинмен бірлесе еңбек ете отырып, орыс тіліне аударып шыққан болатын. Жай аударма емес, көркем аударылған, әдемі аударма деуге негіз бар.
Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан 1959 жылы шыққан Сейфулланың Сәкені деген повесін де орысшаға өзі тәржімалады. Орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға қиналмай еркін аудара беру С.Талжановтың аударма өнеріндегі төл ерекшелігі болатын. Біздің қазақ аудармашыларының көпшілігі орыс тілінен қазақ тіліне қиналмай аудара береді де, керісінше қазақ тілінен орыс тіліне аударуға келгенде орашолақтық танытып, кібіртіктей береді. Осы олқылықты кезінде С.Талжанов таланты толтырған болатын. Осындай аудармашылық қарым, сөздің шын мәніндегі биллингвистік қабілет қазіргідей тәуелсіздік алып өз алдымызға ел болып, тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, аударма өнеріне деген сұраныс, қажеттілік тексіз ортып отырғанда, аса маңызды қасиетке ие болапы, осы мұқтаждық үлесі еселене түсері шүбәсіз.
С.Талжанов көркем аударманың ғылыми негіздері мен теориялық мәселелерін де арнайы зерттеген дарын. Оған аударманың теориясы мен тарихына қатысты зерттеулері айғақ. «Белгілі аудармашының практикалық мол тәжірибе жинақтауы оның осы саладағы теорияның жаң-жапсарымен шұғылдануына бірден-бір себепші, түрткі болғаны сөзсіз. Оның үстіне, қазақ филологиясында аударма ахуалының кешеңдеп сөз болғанын, бертінге дейін бұл саладағы жүйесі зерттеулердің көріне қоймағанын ескермеске болмайды. Енедеше, Сәкеннің бұл бағыттағы ізденістерін ғылым мен әдебиеттегі мұқтаждықты өтеу ниетінен туған маңызды іс деп бағалауға хақылымыз» — деп жазады белгілі ғалым [1].
Аударманың ғылыми-теориялық мәселелеріне байланысты көптеген конференциялар мен симпозиумдарда баяндамалар жасады. Мерзімді баспасөз бен ғылыми басылымдарда мақалалар жариялады. Оның қаламынан көркем аударманың күрделі де түйткілді мәселелеріне, оның кенеулі тұстарына арналған.
«Көркем аударма туралы» (1962), «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» (1975), «Об узловых проблемах художественного перевода», «Вопросы перевода» атты бірегей монографиялар туды. Сергек талант аударма өнерінің осындай ғылыми мәселелерін өз жұмысының негізгі бағдары етіп, ұзақ жылдар бойы үздіксіз, үзіліссіз зерттеп, қажырлы еңбек етті.
Сәйділ Талжанов қазақ әдебиетінің ғана тарихын емес, әлем әдебиетінің, оның ішінде орыс әдебиетінің тарихын да тамаша білетін, терең зерделейтін, аса білімдар тұлға болатын. «Әдебиет шежіресінен» деген еңбегінде автор орыс қоғамындағы рухани атмосфераны, әдеби тартыстарды білгірлікпен шынайы баяндайды. Мысалға ХІХ ғасырдағы әртүрлі әдеби бағыттардың басында тұрған, ортақолды дарындар, «Европа жаршымы» журналының ғалым редакторы, ординарный профессор, стат кеңесшісі және кавалер М.Т.Каченовский мен «Москва телеграфы» журналының редакторы, тарихшы Н.Карамзиннен қалыспаймын деп «Орыс халқының тарихы» атты күйкі кітап жазып, сол еңбегі үшін Россия ғылым академиясының қолдан жасалған коррекспондент мүшесі болған Н.А.Полевойдың арасындағы бәтуасыз егес, күйкі дау-дамайларды тілге тиек ете отырып, шын дарындарды өсірмейтін осындай пасық, қоғамдық-әлеуметтік психологияның да жай-жапсарынан сыр ұшықтап өтеді. Осындай кертартпа мінездердің шамшыл дау-дамайына араласам деп орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин осы топтардан өзіне жау тауып алады. Бұлардың бұлай өшігуі ұлы ақынның басында біраз шырғалаңға салған сияқты.
А.С.Пушкиннің өайтпас, қайсар принципін өзіне өнеге тұтқан әдебиетші С.Тайжанов былай деп айтып өтеді: «Өзекті ойы бар, соған сай өткір тілі бар, қайтпас қара болаттай қайсар принцип иесін білгің келсе А.С.Пушкинді оқыған жөн шығар.
Александр Сергеевичтің адалдығын айтып жеткізу қиын, оның үстіне ол негізгі принципінен таймайтын жан. Өзіне ұнамаса бетіне тура айтуды А.С.Пушкиннен үйрену керек. Көп адамда кездеспейтін мінез онда бар, ең қызықтыратын қылығы, ұлы адам екендігі, міне осында жатыр» [1,41-42].
Телегей тарихшы, әдебиет, тіл тарихы, оның теориясының аса білгірі С.Талжанов талғамы жоғары әдебиеттің кірпияз жанды сыншысы да болатын. Оның қаламынан туған «Адамның жан жүйесін тебіреткен ақын», «Мұхтар аға туралы», «Ілияс аға туралы», «Ғабиден аға туралы», «Сапар аға туралы» мақалалары белгілі тұлғалардың әдеби портреттерін тамаша самдаған, туған әдебиетіміздің келелі мәселелерін кеңінен толғаған ой-толғамдарға толы болатын.
Ол әдебиеттің теориялық мәселелерінің де жай-жапсарын, оның ұңғыл-шұңғылын да жетіп білетін сұңғыла дарын болатын. Әсіресе әдеби даму, әдеби байланыс, әдеби әсерлер жайлы толғамды ойлары теориялық тереңдігімен, зерделілігімен, байыптылығымен тәнтә етеді. Көркем әдебиеттегі әдеби әсер жайлы айта келіп, оның көршілес әдебиеттен бұрын, алдымен белгілі бір әдебиеттің ұлы тұлғасының ең алдымен өз әдебиетінің ішіндегі әсеріне тоқталады. Мысалға орыс әдебиетіндегі Гогольдік суреткерлік әсері салтыков-Щедринге, Чеховтарға көп әсер еткен. Бұлар Гоголь стиліндегі жазушылар саналады. Ал Ф.М.Достоевский, И.С.Тургенев сияқты одан стилі бөлекше жазушыларға Гоголь әсері, ықпалы зор болғандығын, Гогольдің өзіне А.С.Пушкин сатирасы ерекше рух беретіндігін айтуы оның тұжырым-пайымдауларының биік өресін айқындаса керек. Пушкин мен Байронның бір-біріне өзара ықпалы да қызықты әңгіменің өзегі іспеттес.
Гогольдің «Шинеліндегі» Акакий Акакиевич Башмашкин мен Достоевскийдің «Бишараларындағы» Макар Алексеевич Девушкиндерді салыстыра алуы да ортақ типтердің басындағы жайлар туралы терең толғамнан туған зерделі байлам.
Бұдан кейін қазақ әдебиетіндегі Гоголь әсерін жан-жақты сипаттайды. Қазақ жазушылары М.Әуезовтің стиліндегі Гоголь, Тургенев, Толстой әсері, Ғ.Мүсірепов стиліндегі Гоголь, Горький әсері, Бейімбет стиліндегі Чехов, Гоголь әсерлері теориялық тұрғыдан шынайы талданады.
Көршілес жатқан белгілі бір ұлттық әдебиеттері бір-біріне көркем аударма арқылы да немесе жай әдеби ауыс-түйіс, мәдени байланыстар арқылы да әсер етеді. Өз-ара әсер дегенде көркемдік дәстүр эволюциясын да ұмытпағанымыз жөн.
Көркемдік дәстүр эволюциясы көркем өнердегі көркемдік эстетикалық санадан туындайтын күрделі құбылыстардың қатарынан орын алады. Ол ежелгі әдеби мектептер, ағымдар, бағыттар мен өзектес жатқан арналы құбылыс. Көркемдік дәстүр дегенде өнердің жалғасы, оны бойытушы, жаңғыртушы өнердің құбылысы деп қарастырғанымыз жөн. Дәстүр табиғатын сөз еткенде оны өнердегі көркемдік өз ара әсер категориясымен де байланыстыра қараған жөн бе деп ойлаймын.
Белгілі эстетика теоретигі Ю.Борев көркемдік өз-ара әсерге ғылыми тұрғыдан келіп былайша жүйелепті:
Көркемдік өз-ара әсер – 1) аманат, 2)класс, 3) деңгей, 4) тек, 5) характер, 6) тип, 7) түр[3].
Көркемдік әсер жайындағы аталмыш жайттар нақты шығармалар арқылы алынып, талданады.
Көркемдік арнасы дәстүрлі этикалық үлгіден бастау алатын қазақ жазушыларының шығармаларындағы орыстың классикалық әдебиетінің көркемдік өз-ара әсер ықпалы нақты мысалдар арқылы алынып, қарастырылады.
Мысалға Б.Майлиннің «Шұға» повесі, «Талақ» әңгімесі, А.П.Чеховтың «Қайғы», «Мұң» әңгімелерімен, Гогольдің «Өлі жандары» мен «Ревизор», «Талтаңбайдың тәртібі» мен «Азамат Азаматычымен» Ғ.Мүсірепов пен М.Горькийдің ана туралы әңгімелері, Гогольдің «Ревизоры», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы персонаждармен стильдік-әдістік тұрғыда аналогиялық тәсілмен талданып өз-ара әсер ықпалдық терең тамырластығына тоқталады. Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романындағы мына бір эпизодға назар аудартады: «Әлденеден аса қуанышты жайын жасыра алмай ойнақтап тұрған Сикорский тез қоштасып, тез шығып кетті. Ұзамай, екі қара көктің Ақбұйрат жолына түсіп алып, құйындатып жөнелгенін терезден көріп:
— Хлестанов! – деді Ушаков ішінен (452 бетте)
Енедеше, Ғабит Гоголь кейіпкерлерін түгел біледі. Сыртқы атын былай қойғанда, ішкі маңызын да терең ұғады. Уралдан Рязанов жіберген ақымақ ревизор Сикорвский Хлестановқа айна-қатесіз дәл келеді. Ушаков та оны жиіркеніп айтып тұр. Ғабит те оған әдейі айтқызып тұр».
Және сонымен қатар: «Гоголь, Крылов, Сервантес, Шекспирлерді оқығанын автор өзі тура айтады» — деп қосады [1,57].
Қазақ жазушыларының шығармаларындағы реминисценция, контоминациялық сипаттарды да көрсетіп өтеді. Жоғарыда аталып өткен жайттар С.Талжановтың қарымды қаламгер, шебер аудармашы ғана емес, білім мен білігі мен әдебиеттанушы ғалым екендігін де айғақтайтын мәселелер.
Сәйділ Талжанов білгір ғалым болуымен қатар қазақ көркем сөзін байытып, жаңа белеске көтеруші сөз мойталманы, жазушы да еді. 1957 жылы «Сейфолланың Сәкені», 1961 жылы «Қайп қарттың әңгімесі», 1965 жылы «Адам туралы талғау», 1968 жылы «Бидай кегі» атты прозалық туындыларын жариялады. «Ақкелін» атты романы да болған.
Өз саналы ғұмырын ол көркем аудармаға арнады. Тек аударып қоюмен айналасқан жоқ. Аударма өнерінің ғылыми негіздері мен теориясын да зерттеген ғалым. Бұл оның талант қырының ерекшелігі еді. Өз кезеңінің бірегей білгір зияткері, көп қырлы талант иесі Сәйділ Талжанов қазақ мәдениеті мен руханиятында өшпес терең ізін қалдырған тұлға.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 С.Талжанов Өткен күндер сөйлейді. М., 1979.
2 С.Талжанов Кәлилә мен Димнә. Алматы., 1987.
3 Борев Юрий, Эстетика. – М., 1975.
4 С.Талжанов Сейфулланың Сәкені. – Алматы, 1959.
С.Н.Жәмбек, Г.У. Жайлауова
ТВОРЧЕСКИЕ ВЫСОТЫ С. ТАЛЖАНОВА
В статье рассматривается творчество писателя и переводчика С.Талжанова.
Анализируется мастерство в художественном переводе трудов А.С.Пушкина, СалтыковЩердина, М.Ф.Достоевского, В.Г.Белинского, М.Горького, Н.Добролюбова, М.Шолохова на казахский язык, также переводы произведении С.Сейфуллина, М.Әуезова, Б.Майлина на русский язык.
S. N. Zhambek, G.U. Zhailauova
CREATIVE HEIGHTS S. TALZHANOV
The article discusses the work of the writer and translator S.Talzhanova. We analyze the skill in the art translations of Pushkin, Saltykov-Scherdin, M.F.Dostoevskogo, V.G. Belinsky, Gorky, N.Dobrolyubov, М.Sholokhov the Kazakh language, also translated the works of S. Seifullin,
M.Auezov, B.Mailin into Russian.