Б.Т. Бораш филология ғылымдарының докторы, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ақтөбе қ., Қазақстан
ОРХОН ЕСКЕРТКІШТЕРІНДЕГІ ҚЫТАЙ ЖАЗБАЛАРЫ: ЗЕРТТЕЛУІ, АУДАРМАЛАРЫ, МАҢЫЗЫ
Мақалада Орхон ескерткіштері және олардағы қытай иеороглифтерінің зерттелуі кезеңдерге бөліп қарастырылады. Әсіресе қытай жазбаларының шетел тілдеріне аударылуы, соның ішінде ағылшын тіліндегі нұсқасымен жұмыс істеген шетел ғалымдарының, орыс тіліндегі тәржімасын пайдаланған Ресей және жергілікті өз ориенталистеріміздің (Ғ.Айдаров, Қ.Сартқожаұлы) зерттеулеріне едәуір көңіл бөлінген. Орхон ескерткіштері түркілік болғандықтан ондағы қытай жазуының қазақшаға аударылуының ерекшеліктері негізгі зерттеу нысаны етілген. Зерттеудің екінші бөлімі қытай тілінен тікелей аударма жасап барып, ол жазуларды зерттеген Қытайдағы қандасымыз Т.Әбенайұлының еңбектеріне көбірек орын бөлінген. Оның зерттеуіндегі «Күлтегін» ескеткішіндегі қытай мәтінінің мақсаты, оның үндеу-гимн түріндегі жанрлық ерекшелігі және түркілер мен табғаштарды жақындастыру мақсатының болғандығының түркі дәуірінде де қазіргі заманда да маңыздылығына мән беріледі.
Кілт сөздері: Күлтегін, Білге қаған, қытай иеороглифтері, Айдаров, мәтін, аударма, Сартқожаұлы, Әбенайұлы, үндеу-гимн.
КІРІСПЕ
Орхон ескерткіштерін игеруде шетел ориенталистері тарапынан да, отандық тарихшылар мен әдебиетшілердің ғылыми ізденістері жағынан болсын біраз жұмыстардың істелгені белгілі. Солардың ішінен осы жәдігерліктерге байланысты бұрынғы зерттелгендерді жинақтап, біразын қайта қарап, жаңадан құрастырылған 360 беттік «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» атты фолиантты айтсақ та жеткілікті (дайындағандар М. Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы, 2005, Астана). Дегенмен бұл салада атқарылатын жұмыстар, шешілмеген мәселелер әлі де жеткілікті. Сондай мәселелердің бірі – Орхон ескерткіштеріндегі қытай жазбалары.
Көне түркі заманындағы тарихтан Түрік қағанаты мен Табғаш елі (Қытай) арасындағы әртүрлі жағдайлардың орын алғаны белгілі. Сенімсіздікке, жаугершілікке толы көне заман ағымына сай күрделі, көбіне келеңсіз жағдайлармен қатар, ел билеушілердің ақыл-парасат деңгейіне қарай, ал кейбірінің тұсында тіпті келісімге келу жағы басым болған сияқты. Сондай жағдайлардың бірі біз қарастырып отырған қытай жазбаларында аталатын қытай императоры мен түрік қағаны арасындағы ымыраға келу жақтары, екі елді жақындастыратын, елдестіретін тұстары болған. Сондықтан бұл ескерткіштерді зерттеудің қазіргі мемлекеттер арасындағы түсіністікке келу азайып, жаппай қарулану мен текетірес күшейіп, әлем тыныштығын бұзатын қанды қақтығыстар көбейген заманда үлкен саяси салмағы болары сөзсіз.
Ескерткіштер және олардағы қытай иеороглифтері табылғаннан бастап, осы күндерге дейін ғасырдан астам уақытқа созылған бұл құжаттардың зерттелуін бірнеше кезеңге бөліп қарастырсақ болады.
Біз мұның басталу кезеңін ХҮІІ ғасырдың аяғы – ХҮІІІ ғасырдың басы аралығындағы түркі жазуларының бастапқы ашылу уақытымен және ХІХ ғасырдың аяғына таман қытайша жазуы бар ескерткіштер туралы мәліметтердің түсе бастауы мезгілімен байланыстырамыз. «Түркологиялық әдебиеттерде көне түркі жазулары жөнінде ең алғаш хабар берген кісі – Амстердам қаласының бургомистрі Н.Видзен» екендігі туралы Ғ.Айдаров мәліметі (12, 12). «Тастың үш жағы бірдей руна жазуымен толған, ал батысқа қараған бетінде қытай жазуы алып жатыр» деген Н.М.Ядринцевтің сипаттамасындағы құлпытастың едәуір бөлігін алып жатқан мамандарға белгілі қытай жазуының (иероглифтерінің) болуы ғалымдарды құпия жазудан кем сұрақтар тудырмаған болуы керек. Ескерткішке қытай жазуын енгізудің мақсаты, себептері ол кезде белгісіздеу болды.
Бұл кездегі зерттеулерде қытай жазуына жалпы сипаттамалар берумен қатар кейбір құнды ғылыми мәліметтер, болжам да берудің белгілері де жоқ емес. Ғылыми-зерттеу еңбектері, негізінен, түркі жазба ескерткіштерін зерделеуге арнаған Ғ.Айдаровтың «Күлтегін ескерткіші» деп аталатын еңбегінде «Ескерткіш бетіндегі қытай жазуы 732 жылы қытай императоры Хиен Цунг тарапынан бедерленген. Мұнда қытайша ескерткіштің қысқаша мәні айтылған. Жазулардың үстінде қытайша бір сөйлем бар, онда «Марқұм Күлтегін жазуы» делінген. Ғалым мәтіннің мәні мен мағынасы және оны оқу жұртшылыққа түсінікті болу үшін әр бағандағы жазуды санмен нөмірлеп шыққан, бірақ ол аудармаған. Бұл жөнінде оның «Күлтегін ескерткішіндегі қытай сөздері қазақ тіліне аударылып, әлі зерттелген емес» [1, 9] деген мәліметінен аңғарылады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
ХІХ ғасырдың аяғындағы ескерткіштің алғашқы сырын ашу жолындағы атақты дат ғалымы Вильгельм Томсеннің ізденістері кезіндегі қытай жазуының үлкен көмегімен байланыстырып, оны қытай иероглифтерінің не мақсатпен жазылуын танудың екінші кезеңі немесе зерттеу жұмысымыздың басты мәселелерінің ашылатын негізгі бөлімінің бастауы деп алсақ болады. Бұл туралы М.Жолдасбековтің «Асыл арналар» еңбегінде мынадай мәліметтер бар. Орхон ескерткіштерінің «кілтін» табуда жазудың бағытын (оңнан солға қарай), 38 таңба барын, дауыссыз-дауысты дыбыстардың баламасын табуда бұлжымас дәлел болған қытай тіліндегі мәтіндегі кісі аттарына сүйенгендігі туралы айтылады. «Өйткені бұл уақытта ескерткіштің қытай тілінде жазылған мәтіні оқылып, сол мәтіннен ескерткішті жасаған халықтың, оны басқарған бектердің аты белгілі болатын» [1, 30]. Біздің байқауымызша қытай жазуы сол кезде оқылғанмен мәтіннің толық ғылыми аудармасы болмаған.
Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасын игерудің үшінші кезеңіне біз сол жазулардың шетел тілдеріне аударылуын жатқызамыз. Алдымен мұндай зерттудің аса қажеттігін, маңызын еске алған жөн. Зерттеушілер Т.Еңсегенұлы мен С.Тоқболаттың мақаласындағы: «Күлтегінге арналған ескерткіштің бір бетіне түсірілген қытай жазуы – сол мемлекеттің атынан айтылған ресми сөз, тарихи маңызы бар жазба болып есептеледі. Сондықтан бұл мәтінге назар аудармау, оның қандай ниет, мүддемен жазылғанын анықтамау, елемеу, екі ел өміріне тигізер маңызын ұқпау және көрші елдің көне жазба мәдениетінің куәсі болатын бұл мәтінді бағаламау орны толмас кемшілік болып табылады. Осы таратып айтылған нысанаға жетуде Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазуын оқып, түсініп, ой таразысына салып қорытынды жасау керек» [3, 218] ой ұсынылады. Мұндай жеріне жеткізіліп айтылған сөздерден кейін қытай жазуының аударылуының қаншама маңызды екендігі әбден түсінікті болады. Енді біз қолдағы бар мәліметтерге сүйеніп қытай иероглифтерінің алдымен қазақ тілінен басқа тілдерге аударылуының тарихына шолу жасап көрейік. Бұл арада осы мәселе жөніндегі тағы да Ғ.Айдаровтың «Қытай жазуы алғаш орысша, французша, содан кейін неміс, ағылшын және кейінгі кездері түрік тілдеріне аударылды» [1, 9] деген сөзін басшылыққа алып, осы ізбен аудармалар тарихын қарастыралық.
Вильгельм Томсен ашқан алфавитті қолданып, академик В.В.Радлов 1894 жылы түңғыш рет орыс тіліне аударып, мәтіннің нұсқасын латын әліппесімен береді. Ал Томсен болса өз аудармасын тек 1895 жылы ғана жариялайды. Бертінде бұл ескерткішті академик
С.Е. Малов аударып бастырды. Бұл аудармалар негізінен көне түрік жазуына қатысты болғанмен, негізгі мәтінді аударғанда ара тұра қажеттілікке байланысты аудармалар қытай текстерінің қажетті кейбір бөліктеріне қатысты да жүргізіліп отырған. Мысалы В.Томсен көне түрік жазбасының сырын ашуда кісі аттарының қай текстіде де жиі кездесетінін және ол үзіндінің бас жағында келіп отыруға тиістілігін ескеріп, зерттеуде аудармашылар қызметіне сүйенгені күман туғызбайды [2, 31].
Қытай тіліндегі жазбалардың дүние жүзі тідерінің ең кең тарағаны және әлем қабылдаған ғылым тілі болып саналатын ағылшын тіліне аударылуы өте маңызды уақиға болды. Мұндай жұмыс шығыс тілінің маманы М.Е.Х.Паркердің үлесіне тиді. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында Орхон жазбаларын түрік тіліне аударып, арнайы жинақ етіп шығару тұсында ағылшын тілінің маманы Хадис Ертүркан әлгі М.Е.Х.Паркер аударған Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасын түрік тіліне тәржімалады. М.Е.Х.Паркер аудармасының ерекшелігі – қытай жазбасын сөзбе-сөз транскрипциясын емес, еркін мағынасын сақтап аударған [3, 218].
Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасы мәтінінің қолдағы көшірмесіне үңіле қарасақ, онда қытай таңбасының кейбірі түспей қалғаны анық байқалып тұр. Бұл жәйт атқарылатын істің айқын, нақтылығына – Күлтегін ескерткішіндегі қытай иероглифтерінің аудармасына ептеп кедергісін келтіретіндей болса, ал Білге қаған жәдігерлігіндегі қытай жазуына, оны түсінуге орасан нұқсан келтіретіні сезіледі (бұл туралы сол жазуды талдаған тұста толығырақ айтылатын болады). Тағы да қосымша деректер, материалдар жинастырылды.
Орхон ескерткіштеріндегі қытай жазбаларын танудың соңғы шешуші кезеңі ретінде мәтіннің түп нұсқасында, яғни қытай тілінде зерттелуі және қазақ тіліне аударылуы деп алдық.
Жоғарыда Ғ.Айдаров көрсеткендей Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасы – бүгінгі кезге дейін қазақ тіліне толық аударылып, арнайы зерттелініп бағасы берілмеген, сыры жұмбақ жазбалардың бірі. Орхон жазбаларын зерттеген түркітанушы ғалымдардың барлығы сол қабырға тастағы көне түркі руна жазбасы жөнінде сөз қозғайды да, Күлтегін ескерткішінің екінші жалпақ бетіне түгел түсірілген қытай жазбасы жөнінде анықтама беруге бара бермеген. Шығыстанушы ғалымдардың бәрі дерлік Орхондағы Күлтегін, Білге қаған ескерткіштеріндегі қытайша жазбаны аударып, соның мән-мағынасын ашып, тиянақты ой білдіруге барған емес [1, 9].
Алғашқы болып бұл мәселеде сеңді бұзған Моңғолияда көп жылдары көне түркі ескерткіштерін зерттеумен айналысқан, соның ішінде қытай жазуларын да қарастырған, кейін Қазақстанға қоныс аударып, сол істі жалғастырған Қ.Сартқожаұлы болды.
Күлтегін ескерткішінің қытай мәтініне арналған тарауында ескетркіштің көне қытай тілінде жазылғанын және құжаттардың жоғарыдан төмен тік жолмен оңнан солға қарай жазылғанын ескертеді. Қ.Сартқожаұлы мәтіннің астыңғы жағындағы оңнан солға қарай берілген сандар әр жолдың ретін, ал сол жақта үстінен астына қарай берілген цифрлар әр жолдағы иероглифтердің рет номерін бейнелейтінін еске салады [8, 200]. Мұндай тәсілді ең бірінші қолданған Ғарифолла Айдаров болатын.
Мәтіндегі Қ.Сартқожаұлы аудармасындағы кейбір қытайша жазу жолдарын келтіріп, оларға түсінік беріп көрейік. Мысалы, ІІ жолдың 9-16 иероглифтері «Тәңір мен адам өзара тіл табысса ғана байтақ жерде Ұлы бірлік болады» деп аударылады. Мұндағы түркілік түсініктегі Тәңір қытайларға да жат емес Аспан (Қытай еліне қатысты айтылатын «Аспан асты елі» тіркесін еске түсіріңіз) Тәңір мағынасына жақын, сондықтан сөйлем мағынасы діни сенім мен оған адам сенімі тоғысқан уақытта жерде бірлік, тыныштық болатынын меңзеп тұр.
Осы жолдағы 17-22 қытай таңбалары «Олардың чи-і (күші, демі, құбылыстары) арқылы инь мен ян бөлінеді» түрінде тәржімаланған. Табғаштардың ежелден қалыптасқан дәстүрі бойынша, табиғат заңдылығындай, өмір сүру барысы да бір-біріне кереғар, қарама-қарсы қайшылықтардан тұрады. Мысалға, қытайлықтардың ежелгі замандағы наным-сенімі жазылған алғашқы еңбек – «Ицзин» атты даналық кітабында жақсылықты жарыққы, жаманшылықты қараңғылыққа теңеп, күнді «Ян», айды – «Инь» деп символдық түрде көрсеткен, яғни, жақсылық әкелушіні – «Ян», оған қарсы кері тартуды –«Инь» деп атаған. Бұл айтылған тұжырымның айқындылығын Ф.С.Быковтың «Согласно древнейшему словарю «Шовэнь», найболее раннее значение иероглифов «ин» и «ян» – темный и светлый склон горы, мрак и свет. Дуализм связей «ян» и «ин» выражает взаймодействия неба и земли, солнца и луны, жары и холода, света и тьма, мужского и женского начал и т.д.» [9, 102] деген байлымы бекемдей түседі.
Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазуына олардың көне наным-сенімі өзек болып, сол жазбада айтпақ болған кейбір ойлар табғаштардың дәстүріндегі қалыптасқан қағида бойынша берілген. Соған сәйкес кейбір сөздер тура мағынасында емес, символдық меңзеу арқылы берілген. Әрине, бұл қытайдың ежелгі ойшылдары жасаған философиясы, сол елдің кемеңгерлері бұл даналық тұжырымдарын табиғат құбылысына, өмір сүруде көрініс берген қажеттіліктерге сүйене отырып қалыптастырған. Көне түркі философиясы да осы халықтың философиясымен үндес келеді. Мұны еліктеп көшіру демей, әр халық даналарының табиғат заңдылығын түсіне отырып, тіршілік етуде қалыптасқан тәжірибеге сүйеніп туындатқан философиялық ой тұжырымдары деуге келеді.
Қытай билеушісінің икемді саясатының белгісі есебінде 626 жылы 23-қыркүйекте Кат Елхан жүз мың қолды бастап Чань-анға бет алғанда император қалың әскерді өзі бастап Вэй өзеніне жақындап барып, қарсы жақ ханын жекпе-жекке шақырады және шабуыл жасамау жөніндегі бұрынғы уәдені бұзғанын айтып, «Бұл шайқаста жеңіске жетуің қиын» [3, 5-6] деп оның екпінін айламен басып, ақыры соғыспауға келіседі. Бұл оқиғаның айқындылығын Лев Гумилевтің «Көне түріктер» еңбегінің «Шығыс қағанаты» атты XIY тарауында «Тап сол күні олар өзара бітім жасайды, соның құрметіне көпір үстіне апарылып ақбоз ат құрбандыққа шалынады. Сосын түріктер қоныстарына қайта оралады да, императордың өтініші бойынша, қолға түскен тұтқындардың бәрін қайтарып береді» деп жазған дерегі бекемдей түседі» [3, 5-
6].
Ескерткіштің қытай жазуымен толтырылған беттің ҮІ-ҮІІІ жолдары Құтлығ қағанның ұлдарының – марқұм Күлтегін мен осы күнгі қаған Білгенің отбасылық қаситтерін: әкешешеге, досқа қайырымдылығы мадақталады. Қалған ІХ-ХІҮ жолдарда Күлтегіннің Таң патшалығымен тату өткені, қысқа ғұмырында алыс армандарың, игі мақсатарының орындалуына үлгере алмай қалғанына өкініш білдіріп, марқұмға деген әкелік мейірімінің белгісі ретінде осы ұстынды жасатып, тұрғызып, осы ұстын біздің Таңмен болашақ бауырластықтың белгісі болсын деп тілек білдіреді [8, 200].
Қ.Сартқожаұлы Күлтегіндегі қытай жазуынан кейін қолға алғаны Орхон ескерткіштері құрамындағы көлемі мен маңызы жағынан үшінші болып келетін Білге қағандағы жазулар болды.
Білге қаған – көне түркі жазба ескерткіштеріндегі аты жиі аталатын Құтлығ / Ілтеріс қағанның үлкен ұлы, даңқы дүние жүзіне әйгілі түркі әскер қолбасшысы Күлтегіннің ағасы. Кейбір тарихи деректерде ол Могилян деп те аталады. Білге қаған 683 жылдың аяғында дүниеге келіп, 734 жылдың аяғында не 735 жылдың басында қайтыс болған.
Ескерткішті алғаш рет 1889 жылы тауып, оны жұртшылыққа таныстырған қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың ең жақын досы, орыстың белгілі ақыны әрі ғалымы Н.М.Ядринцев болды.
Білге қаған ескерткішінің кейбір ерекшеліктері туралы Ғ.Айдаров былай дейді: «Ескерткіштегі баяндалатын оқиға, оның мәні, көркемдік жағы Күлтегіндегі айтылатын оқиғаларға жақын, бірақ бұған қарап екі ескерткішті бір ғана мұра деп қарауға мүлде болмайды, екеуі екі басқа жәдігерлік.
Ескерткіштің жан-жағы түгелдей дерлік көне түркі жазуларымен безендірілген. Оның бір бүйіріндегі жазу уақыттың өтуімен, табиғат құбылыстарының көп жылдар ішіндегі әсерінен көнерген, азып-тозған, өте нашар сақталған. Бұл жазу түркологиялық әдебиеттерде ХС деп аталады. Мұнда жазу онша көп емес, небәрі 78 таңбадан құралған 20 ғана сөз бар.
Сол жазудың қасында табғаш жазуы бар. Табғаш жазуында Білге қаған ескерткішінің қысқаша тарихи мәні, ескерткіштің қай кезде қойылғаны көрсетілген.
Білге қаған ескерткішіндегі қытай жазуы иеороглифтері 26 бағаннан тұратын 39 жолға орналасқан. Бұларда мыңға жуық сөз (иеороглиф) болу керек еді, соның төрттен үші, немесе 75 пайыздайы сынған, өшірілген бүгінгі күнге жеткені 281 ғана, яғни 25 пайызы сақталған. Сондықтан бүкіл мәтінді біршама мағынасын толық сақтап оқып шығу өте қиын. Тек кейбір 5-10 сөздері сақталған бағандардан аз-кем мағына табуға болады. Біраз белгілері сынған, өшірілген танымастай өзгеріске ұшыраудан қалған жазудың бұл үзік-үзік жоғарыда келірілген сөз тізбектерінен құрастырып, жалпы мазмұн сұлбасын шығарып көрейік. Ол мынаған саяды: Білге қағанның өліміне байланысты Таң патшалығының билігі қайғырып көңіл айтады. Білге қағанның ақылық пен талант қасиеттерін атап, оның билігі кезінде барша жұрт тыныштанып, байлыққа қол жеткізгеніне, Қытаймен сыйластықта болғанын бағалап, жылнамашыларға (құлыптасқа қосып жазуға) «мына азанаманы бұйырады» [8, 268].
Күлтегін жазба ескерткішіне қытай жазбасы неге түсірілген? Оны жаздырған, жазған кім? Кез келген нәрсенің туындауына, іске асуына бір немесе бірнеше себеп болады. Ендеше, Күлтегін ескерткішіне қытай жазбасы қандай мақсатта жазылған, онда не айтылған, қандай мәселе көтерілген? Сол жазба қашан тасқа түсірілген, жанры қандай? 2003-2004 жылдары «Қазақстан-Заман» апталығында Күлтегін басына қойылған тастағы табғаш (көне қытай) жазуының аудармасын жасаған Қытайда тұратын қазақ ғалымы Тілеуберді Әбенайұлының екі мақаласындағы әлгіндей сұрақтарға жауап беруге тырысқан және ондай сауалдардың туындауына түрткі болған жағдайларға ой жүгірткен қызылордалық ғалымдар (Т.Еңсегенұлы, С.Тоқболат) олардың (қытайша жазылған мәтіннің мақсаттары туралы) төрт жағдайын топшылайды, (біз оны толық келтіріп отырмыз):
«Біріншіден, дәу қабырға тасқа арнайы түсірілген, ерекше назар аудартатын көне жазба ерікккеннен істелмейді. Солай жасауға уақыт ағымы, заман өктемдігі итермелейді.
Екіншіден, әлемде тұңғыш рет түркі империясын орнатуда даңқы шыққан қолбасшы, батыр Күлтегінге орнатылған ескерткіштің бір бетіне қытайша жаздыру түркілік рухы мықты, азаттығы үшін сол елмен шайқасып, жеңіске жеткен түркілердің намысына сын болары сөзсіз.
Үшіншіден, қытай империясына елу жыл бағынышты болған түркілерді азаптан құтқарып, айырылған жеріне қайта қоныстандыруда Күлтегін үстем елге қарсы талай жорық жасап, елеулі жеңістерге жетті. Соның бәрі батырға арналған тастың бірінші жалпақ бетіне түсірілген. Білге қаған баяндауынша, Күлтегін болмаса түркі халқы қанауда қалып жойылып кетуі мүмкін еді.
Төртіншіден, Күлтегінге арналған ескерткіштің бір бетіне түсірілген қытай жазуы – сол мемлекеттің атынан айтылған ресми сөз, тарихи маңызы бар жазба болып есептеледі. Сондықтан бұл мәтінге назар аудармау, оның қандай ниет, мүддемен жазылғанын анықтамау, елемеу, екі ел өміріне тигізер маңызын ұқпау және көрші елдің көне жазба мәдениетінің куәсі болатын бұл мәтінді бағаламау орны толмас кемшілік болар еді. [3, 118].
Тілеуберді Әбенайұлының аудармасы Бұл жұмбақ жазбаны оқуға жол ашқан елеулі еңбек болды. Автор әр бағандағы жазудың тұсына қазіргі қытайша жазумен түсініктеме беріп, соған жалғастырып қазақша оқылуы мен аудармасын орналастырған. Осылайша автор Күлтегін ескерткішінің екінші бетіндегі мәтіннің қытайша-қазақша сөздігін жасапты. Бұл – ұзақ ізденіп, тынымсыз еңбектенуден туған маңызды жұмыс.
Т.Әбенайұлы «Күлтегін жазба ескерткішіне жаңаша көзқарас» деген мақаласында сол ескерткіштегі қытай жазуын аударуда мағынасын түсіну оңайға түспейтін таңба, сөздер жайлы ой қозғай келіп: «Ішінара әріптердің бір мағынасы жақсылықты бейнелесе, екінші бір мағынасы оған мүлде керағар түрде жамандықты, не болмаса, анайылықты бейнелейтін кезі болады» [14, 4] деп жазып, ондай сөздердің мағынасын айқындау қиынға соғатынын білдіреді. Қытай жазуындағы осындай жұмбақ сөздердің шешуін табуға тағы да сол халықтың көне наным сенімінің қағидалары көмекке келеді.
Аудармашы Т.Әбенайұлының қытай жазбасындағы кейбір тырнақшаға алынып көрсетілген сөздердің төркінін өзінше ой елегінен өткізіп білдірген болжамы да біршама көңілге қонады. Кезінде үстемдік жасап қалған көне қытай империясы сол екпінін баса қоймағаны Күлтегін кешенін орнатуға көмек көрсеткенін және ескерткіш тастың бір бетіне өз жазбасын еркінсіп түсіруінен ақ танылып тұрғанын жасырмайды. Солай десек те, мына құбылмалы сөздердің негізгі шешімі мынау: ежелгі дәуірде қытайлар бірнеше рет көне түркілердің жойқын шабуылына ұшырап жапа шеккен, бұл жәйт тарихи деректерден белгілі. Сондай жеңілісте қапаланып күйінген табғаштар көне түркілерді «Варвар», «Жабайы» деп атаған. Сол кемсіту сөзге ауызы үйреніп кеткендіктен болар, табғаштар ертеректе көне түркілерге өздерінше «жабайы» деген атау жапсырыпты.
Соған орай түркілерді «жабайы» деп атау табғаштар арасында қалыптасқан әдетке айналған. Бұған Лев Гумилевтің қытайлар мен көне түріктер арасындағы жағдайды баяндай келіп: «618 жылы тек қытай үшін ғана емес, бүкіл Азия үшін шұғыл бетбұрыс датасы болды. Ұлы қолбасшы Ли Ши-минь «өркениетті» қытайды жабайы көшпелілерге қарсы қоятын ежелгі түсінікті тығыз ынтымақтасып бірлесу ұғымымен алмастырып, осынау мәдениеттерді туыстырғысы келді. Империялық саясатқа оң қабағымен қараған Бо Цзюй-и бәрі де орынорынына келіп, көрші жабайылармен бейбіт өмір қалпына түсетініне кәміл сенді» деп жазғаны айқын дәлел. Табғаштар ауызы үйренген сол мұқату сөзді Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасына да қосып жібергені байқалады.
Қытай жазбасының үшінші жігінде, яғни, 14-желіде Күлтегін көңіл айтуға арналған жазбадағы уақыт мерзімі «Ірі Таң патшалығы Кай Юан жылнамасының 20 жылы, қой жылының шығысы, мешіннің кірісі, 10-ай. Желдінің жеті жаңасында, бесін кезінде байыды» деп мәлімденген. Осыдан көрсетілген уақытты білдіретін атаулардың мәнісін аудармашылар (Қ.Сартқожаұлы, Т.Әбенайұлы) «Бұл қазіргі жылнаманың 732 жылынан басталады» деп түсіндірді. Бұл көрсетілген уақыт шындыққа, тарихи дерекке сәйкес келеді. Күлтегін 685 жылы дүниеге келіп, 731 жылы қайтыс болған. Оған арналған ескерткіш кешені келер жылы біткені жайлы мәліметтер бар. Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасы да 732 жылы тасқа түсіріліп болған. Өйткені қытайдың ел билеушісінің төл арнауында «Міне, баянсыз уақыттың құшағында қала бермек» деп көрсетілген. Демек, қытай жазуын тасқа түсірген адам Күлтегін ескерткішінің құрылысы толық біткенін көріп тұрып, сол мәтінді тасқа
ойып жазған.
Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасында Түрік қағанаты билеушілерінің отбасы туралы «Марқұм төре, Құтлығ қағанның екінші ұлы, қазіргі Білге қағанның ардақты інісі болатын. Олардың бауырмалдық сүйіспеншілігі төңірекке тез тарап, айбаттары жұрттан асып еді. Бүгінге күнде бұлай болар деп кім ойлаған?» деп жазғандары екі автор (Қ.Сартқожаұлы, Т.Әбенайұлы) аудармаларында үйлесімін тапқан.
Орхон ескерткішіндегі көне қытай жазбасының жанры қандай? Қ.Сартқожаұлының Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерінің аудармалары мен Т.Әбенайұлының мәтіндерін оқып, талдау жасап, сыр-сипатын ұққаннан кейін мұны қандай жанр қатарына жатқызға болатынын ойланғанда, осы Күлтегін ескерткішінің бірінші бетіндегі көне түркі руна алфавитімен Білге қаған атынан айтылып, түркі халқына арнап қабырға тас бетіне түсірілген үндеу-гимн жазбасы бірден еске түседі. Түйіп айтқанда, көне қытай жазбасы тек көңіл айту, қазаға ортақтасу үшін ғана емес патшаның төл арнауы – дипломатия. Бірталай зерттеушілер «көңіл айту» деп ұйғарым жасайды. Мәселен, Қаржаубай Сартқожа «Императордың атынан Білге қағанға көңіл айту хатын беріп жіберді» деп жазса, Нәпіл Базылхан «Екінші бетінде қытайша көңіл айту мәтіні жазылған» деп баяндайды. Әрине, бұл білместік емес, сол қытай жазбсының бүгінгі күнге дейін қазақшаға аударылмағандықтан, сол жазба жайлы толық мағлұматтың жетімсіздігінен, арнайы зерттеп, ғылыми тұжырымы берілмегендіктен болып тұрған жағдай.
Көне қытай жазбасы да Күлтегін ескерткішіндегі түркі тілінде түркі алфавитімен жазылған үндеу-гимн сияқты сол ел тілінде, көне қытай таңба жазуымен тасқа түсірілген, түркі халқына арнап жазылған аза-үндеу. Осы жасаған байламымыздың дұрыстығын қытай жазбасының жоғары жағына көрнекті етіп ойып түсірген «Патшаның төл арнауы» деген атауы да айғақтай түседі. Қытай императоры көңіл айтқан желеуді сылтау етіп: «Біз әкелібалалы болуға ант байласып едік» деп Білге қағанның өзімен солай бітім жасасқанын, сол міндеттің орындалуын, тиімді нәтижесін баса айтып, сол мақсат пен келісілген талаптар өзгеріссіз жалғаса беретінін қолдап, Күлтегін ескерткішінің жалпақ қырына арнайы ойып жаздырды. Қытай империясы осылай үстемдік пиғылын жасырмады. Жазбада империя патшасы Білге қағанның билік құрған тұқымдарының есімдерін риза көңілмен атайды. Ал Тоныкөк есімін ауызға алмайды, бұл да саясат. Көне қытай жазбасындағы аз сөзге көп мағына сыйғызылған, айтпақ мақсатты сұлу сөзге, көркем ойға орап берген, кейбір күрделі мәселелер түйінін символмен көңілге жұмсартып, жылы жеткізгенғ соның бәрін көңіл айту лебізімен сұлулап жеткізген, сөйтіп, саясатпен астарланған аза-үндеу жазбасы деген дұрыс.
Осы орайда арнайы айтар мәселе мынау. Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасы сол империяның қай патшасының төл арнауы? Бұл сұраққа нақты жауап қайтару әзірге қиындау болды. Күлтегін қайтыс болған кезде қытай империясының патшасы кім? Қытай жазбасының Күлтегін ескерткішіне түсірілуі сол патша есімімен тығыз байланысты. Зерттеушілердің Бұл бағытта келтірген мәліметтері кейде бір-біріне сәйкес келмей жатады. Мысалға, Ғ.Айдаров «Ескерткіш бетіндегі қытай жазуы 732 жылы қытай императоры Хиуен-Цунг тарпынан бедерленген» деп жазған. Белғілі түркітанушы Қ.Сартқожаұлы осы саланы зерттей келе: «Тан империясының императоры Сюань Цзун Күлтегіннің түркі қағанатының лауазым орынына сай Тан империясының армия қолбасшысының бірі Люсяньды қосшы етіп және Орда шеберлерінен алты адамды қосып, императордың атынан Білге қағанға көңіл айтқан хатын беріп жіберді» деп мәлімдейді. Мұнда да император есімі өзгешелеу. Қытай жазбасын көп зерттеген Т.Әбенайұлы «Ескерткіштегі арнау сөздің мәтінін жазған қытайдың сол кездегі патшасы Таң Шуан зоң» деп дәлелдейді. Осылай тізе берсе әр түрлі пікірлер жалғаса береді. Салыстырып қарағанда, Лев Гумилев келтірген деректер Т.Әбенайұлының айтқан мәліметімен сәйкестік табады. Осы мәселені зерттеу барысында біз соңғы мәліметті нақтылау деп есептеп пайдаландық. Бұл тарихи деректі анықтауда арнаулы мамандар өз тұжырымын айтары анық.
ҚОРЫТЫНДЫ
Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасын зертеп талдау жасағанда туындаған ғылыми тұжырымдардың негізгілерін түйіндеп білдірсек мынадай: Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасының әр тілге аударылуы, сол аудармалар сапасы, бұл жазбаны тәржімалаудың қазақ халқы үшін маңызы, яғни, көршімен қарым-қатынгасқа тигізер әсері, аударма жасау тәсілдері, сол бағыттағы жетістік пен кемшілік сияқты мәселелер аудармаларды бір-бірімен салыстырып талдау жасау арқылы ғылыми тұрғыда негіздеуге талпыныс жасалды. Сондай ақ ежелгі жазба мұраларға аударма жасағанда сол жұрттың мәдени жетістіктерін, тарихын, кәсібін, өзге елдермен қарым-қатынас деңгейін білмей толыққанды тәржіма жасау мүмкін еместігін нақты дәлелдермен көрсетіліп, жинақталған тұжырым жасалынды. Сонымен бірге Күлтегін ескерткішініне табғаш жазбасын орналастырудағы көзделген мақсаттар мен міндеттер, солай жасауға қандай тарихи және саяси жағдай себеп болғаны айқындалды.
Көне қытай жазбасында түркілердің өз мемлекетін құрудағы қаһармандық жорықтары емес, керісінше, түркі қағандығы құлаған тұста екі жақта тыныштық орнап, бейбіт өмір сүруге жол ашылды. Табғаш патшасының төл арнауында түркілердің империяға бағынышты болғанын қалайтыны, сонда тыныш, бірлікте тіршілік құруға мүмкіндік туатыны көңіл айту сылтаумен білдірілген. Зерттеуде сол мәселелердің сыры ғылыми түйіндеулермен көрсетілген. Көне қытай жазбасында түркілердің қытайға қайта бағынышты болған кезі бейбіт өмір сүрудің үлгісі есебінде түсіндіріледі. Зерттеуде алғашқы түркі қағандығының құлауына сол тұстағы империя билеушісінің ортақ тіл тапқыш саясаты: түркілерді жібек мата, әсем бұйымдарымен қызықтыруы және түркі бектері, хандары, халқы арасындағ алауыздық тікелей себеп болғаны дәлелденіп тұжырымдалды. Сонымен, Күлтегін ескерткішінің бірінші бетіне түркі қағандығының өз халқына арналған үндеу-гимні жазылған болса, сол ескерткіштің қарсы бетіне қытай империясы патшасының көңіл айтуды желеу етіп, түркі халқына арнаған үндеуі жазылған.
Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасы сол империяның қай патшасының төл арнауы деген сұрақ маңызды. Көршімен ымыраға келу идеясы, оны қытай жазуына сыналап енгізуге ықпал жасаған қай билеуші. Бірақ бұған нақты жауап қайтару әзірге қиындау. Зерттеушілердің бұл бағытта келтірген мәліметтері кейде бір-біріне сәйкес келмей жатады. Әртүрлі мәлімет-деректерді салыстыра келіп, біз қытай жазбасын көп зерттеген Т.Әбенайұлының «Ескерткіштегі арнау сөздің мәтінін жазған қытайдың сол кездегі патшасы Таң Шуан зоң» деген дәлелінің Лев Гумилев келтірген деректермен сәйкестік табатынына басымдық бердік.
Ең соңында айтарымыз: қазіргі уақытта еліміздің Еуразия одағында болуымыздың Елбасының қайта-қайта астын сызып айтуы бойынша бұл саяси одақ емес негізінен экономикалық одақ. Сондықтан Батыс пен де Шығыс пен де қатынасымыз көпвекторлық саясатқа негізделген. Олай болса Орхон ескерткіштеріндегі Қ.Сартқожаұлы мен Т.Әбенайұлының біздің талдауымыздан аңғарылатын қытай жазуының аудармаларындағы қытай билеушлері тарапынан түркілерге деген оң көзқарастары Ұлы дала елі мен Аспан асты елдерін жақындастыруға үлкен септігі тиер құжат деп бағалауға болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1 Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. – Алматы: «Ана тілі», 1995. – 232 бет.
2 Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы: «Жазушы», 1990. – 352 б.
3 Еңсегенұлы Т.Тоқболат С. Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазбасының маңызы. «Қазақ тілі мен әдебиеті». – 2012. – № 5. – Б. 116-133. – № 6. – Б. 3-18.
4 Т.Еңсегенұлы. Көне туркі руна жазба поэзиясы. Екінші кітап. – А.: «Білім», 2008. – 409 б.
5 H.N.Orkun. Eski turk vazitlari. – Ankara, 1994, 571-б.
6 Parker M.E.X. Linscription chinoise du monument. // MSFOu vol. V.1896, pp 212-216.
7 М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожаұлы. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. – Астана, 2005. – 360 б.
8 Ф.С.Быков. Зарождение общественно-политической и философской мысли в Китае.
– М.: «Наука», 1960. – 240-б.
9 Ч.Өмүралыуулу. Теңирчилик. – Бішкек, «Крон», 1994, 286 б.
10 Л.Н.Гумилев. Көне түріктер. – Алматы, «Білім» , 1994, 502 б.
11 Айдаров Ғ. Орхон ескерткіштерінің тексі. – Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1990, 220 бет.
12 Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. І кітап. – Астана, «Күлтегін», 2003, 392-б.
13 Әбенайұлы Т. Күлтегін ескерткішіндегі қытай жазуы «Қазақстан- Заман» № 29, 18.07.2003, 14 б.
14 Әбенайұлы Т. Күлтегін жазба ескерткішіне жаңаша көзқарас. «Қазақстан- Заман» № 9, 27.02.2004, 4-5 бб.
Б.Т. Бораш
Китайские надписи на орхонских памятниках: исследование, переводы, значение
Актюбинский региональный государственный университет имени К.Жубанова, г. Актобе, Казахстан
В статье история исследования китайских иеороглифов в Орхонских памятниках рассматриваются, подразделяя на 4 периода. Определенное время уделяется на третий период, где речь идет о переводах китайских надписей. Значительная работа проводилась зарубежными ориенталистами с китайским текстом в переводе с английского и советскими, затем казахских учеными (Ғ.Айдаров, Қ.Сартқожаұлы) с русским переводом, но с английского. Было бы гораздо точнее и плодотворнее работать прямо с текстом на китайском или еще лучше с табгашском, то есть китайским языком ҮІІІ века. И то, и другое сделал в начале 2000 г. казахский ученый-китаевед из КНР Т.Әбенайұлы; кроме того, он еще перевел китайский текст с «Культегина» на казахский. В его исследованиях раскрывается цель внедрения китайского текста в тюркский памятник – сближение, нахождение консенсуса между часто сталкивавшимися народами, о близости жанров двух текстов – это призыв к взаимопониманию, что является актуальным и в наше время.
B.T. Bоrаsh
Chinese writings on orkhon memorials: research, translations, meaning
K. Zhubanov Aktobe Regional State University, Aktobe In given article the research history of the Chinese hieroglyphs in Orkhon memorials is being considered subdivided into 4 periods. Definite time is given for the third period where there were mentioned translations of the Chinese writings. The significant work was conducted by foreign orientalists with Chinese text in translation from English and by Soviet, then by Kazakh scientists (G. Aidarov, K. Sartkozhauly) with the Russian translation, but from English. It would be much more accurate and productive to work directly with the text in Chinese, or better with Taugast, i.e. the Chinese language of VIII century. Both was made by Kazakh scientist-sinologist from China T. Abenayuly in the beginning of 2000; moreover, he has translated the Chinese text from “Kultegin” into Kazakh. In his research the aim of integration of the Chinese text into Turkic monument is revealed – approach, location consensus between often collided nations, about genres closeness of two texts – call to mutual understanding, which is actual nowadays.